С.Ақымбек
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
доценті, филол. ғ. к.
ДАУЫСТЫ ДЫБЫСТАРДЫҢ ТІРКЕСІ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
Мақалада қазақ тіліндегі дауысты дыбыстардың бір сөз бойында жауан-жіңішке, еріндік–езулік, ашық–қысаң болып үндесуі сөз болады. Егер дауысты дыбысты буын құраушы негізгі тілдік бірлік ретінде алатын болсақ, онда дауысты дыбыстардың тіркесі дегеніміз буын тіркесі болып шығатыны рас.
Дауысты дыбыстар тіркесінің заңдылықтарын ашу қазақ тіліндегі сөз просодикасын тануға септігін тигізеді. Дауысты дыбыстардың тіркесін зерттеу болашақ сөз жасау, сөз тұлғалау өзіндік пайдасын тиігізетіні рас.
Түйін сөздер: айтылым үлгісі, буындардың сәйкестігі, буын саны.
Сөз тіркесі болу үшін ең кемі екі толық мағыналы сөз қажет және олар бір-бірімен логикалық жағынан толық үйлесімді болуы керек. Сол секілді дыбыстар тіркесі де қатаң заңдылықтарға сүйеніп құралады. Дыбыстардың тіркесі дегеніміз олардың артикуляциялық, сондай-ақ акустикалық жағынан үйлесуі болып шығады. Сонда қазақ тіліндегі дыбыс тіркесі күрделі артикуляциялық құбылыстардың бірі болып табылады. Қазақ тіліндегі дыбыс тіркестерін зерттеуге көп еңбек сіңіріп, арнайы еңбектер жазған проф. С.Мырзабеков дыбыс тіркесіне «Дыбыстар тіркесі - тілдегі дыбыстардың бірімен-бірінің қатар тұру мүмкіндігі, тарихи қалыптасқан орны. Бұл - халықтың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жетілген, жүйеленген сөйлеу өнерінің (қаруының) жемісі, нәтижесі» [1, 11 б.] деп анықтама береді. Ғалым берген анықтаманың болашақ зерттеулерге нұсқау болатын екі тұсына арнайы тоқтауға тура келеді. «Дыбыстардың бірімен-бірі қатар тұру мүмкіндігі» - біздің зерттеу нысанымыз тұрғысынан қатар тұрған екі дыбыстың артикуляциялық үйлестігі. Егер екі дыбыстың арасында артикуляциялық үйлесім болмаса, онда ол дыбыстар тіркес құрай алмайды. Ендеше, дыбыс тіркестері тілдегі буын, сөз, сөз тіркесі тәрізді тұрақтаған, оны бұзуға болмайтын қалпы бар айтылым үлгі болып табылады.
Дыбыс тіркесінің артикуляциясы жалпы фонетика тұрғысынан да қаралады: проф. Л.Р.Зиндер: «Наличие соответствующего приспособления, адаптации, звуков в одном языке и отсутствие его в другом, относительное постоянство особенностей каждого языка в этом отношении... находит себе объяснение в устойчивости артикуляционной базы, в передаче фонетических особенностей от поколения к поколению» [2, 234 б.] дейді. Дыбыс тіркестері жайлы орыс және өзге тілдер лингвистикасының тәжірибесін барласақ, бұл мәселенің жан-жақты және молынан қаралғанын көреміз. Проф. Р.И.Аванесов өзінің «Русское литературное произношение» деген еңбегінде орыс тіліндегі дыбыс тіркесіне көп орын берген [3, 128-152 б.]. Аталған еңбектердегі пікірлердің барлығы дерлік дауыссыз – дауыссыз, дауысты – дауыссыз, дауыссыз – дауысты дыбыстардың тіркесіне баса мән берумен шектелген. Ал біз сөз еткелі отырған мәселе тек дауысты мен дауыстының тіркесу мәселесі болып отыр.
Қазақ тілінде, әдетте, дауысты дыбыстар бір-бірімен тіркеспейді. Мектептен таныс аюы, оюы деген сөзіміздің айтылуы айұуұ, ойұуұ екені қазіргі фонетикада дәлелдеуді қажет етпейді. Ал орта білім беру бағдарламасы бойынша бұл дауысты дыбыстардан тұратын сөз болып әлі күнге дейін жүр. Тіпті сөз ішінде ғана емес, сөз аралығында да екі дауысты дыбыс қатар тұра алмайды. Айтқанда сарағаш, жетарал, әлөкпө, ал жазғанда сары ағаш, жеті арал, ала өкпе болып кете береді. Сонда дауысты дыбыстар бір-бірімен қалай тіркес құрайды деген сұрақ туындайды.
Біздің ойымызша дауысты дыбыстарды тіркестіруде екі түрлі негіз бар. Оның біріншісі өлең тармақтарындағы буын санына байланысты. Қара өлең өлшеміндегі буын санын толтыру үшін бунақ ішінде қатар келген екі сөз жапсарындағы дауыстылардың біреуі түсетін немесе түспейтін жағдай кездеседі. Мысалы:
Бұрынғы ескі биді тұрсам барлап,
Мақалдап айтады екен,сөз қосарлап.
Айтылуы:
Бұрұңғұ3 // ескібійді4 // тұрсамбарлап4,
Мақалдап3 / айтадекен4 // сөзғосарлап4. Абай
Бұл өлеңнің тармағының екінші бунағында қатар келген екі дауыстының алдыңғысы түсіп буын санына сыйып тұр. Ал мына өлең тармағында басқаша жайтты байқауға болады.
Ақыл – тон, аңлағанға тозбайтұғын,
Ғалым – кен, күнде өніп қоздайтұғын.
Айтылуы:
Ақылтон3 // аңлағаңға4 // тозбайтұғұн4,
Ғалымкен3 // күндөөнүп4 // қоздайтұғұн4. Ізтілеуұлы Т.
Бұл өлеңнің екінші тармағының екінші бунағында екі дауысты дыбыстың қатар тұрмасқа амалы жоқ. Ғалым С.Мырзабек қайткенде де мұны дауыстылардың тіркесі бола алмайды деп көрсетеді [4:92]. Біздің ойымызша өлеңдегі буын санын толтыру үшін екі дауыстыны қатар айтылуы қажет. Тек осы бунақты интонациялық тұрғыдан дұрыс тиянақтай білуіміз керек.
Екіншіден, дыбыстың өмір сүру ортасы – буын. Яғни дыбыстың тыныс-тіршілігі‚ бар болмысымен көрінетін‚ танылатын жері – буын және буындар аралығы. Ал буынның негізін құрайтын дауысты дыбыстар екенін ескерсек, дауыстылардың тіркесі буындардың тіркесі болып шығады да‚ буындар үндесі өз алдына қарастырылады. Мұның өзінде көрші буындардағы дауыстылардың сап түзеуінде қалыптасқан тәртіп‚ жүйе болады екен. Түрколог П.М.Мелиоранский де бұған арнайы тоқтап былай көрсеткен [5:27]:
Жұрнақтардағы дауыстыларды дұрыс сәйкестендіру үшін, келесі кестеге назар аудару қажет:
-
1)
|
{
|
Дауысты «а» және «ы»-дан кейін қысаңнан «ы» келеді
»» «ә», «е» және «і» »» »» «і»
»» «о», «ұ» »» »» »» «ұ»
»» «ө», «ү» »» »» »» «ү»
|
2)
|
{
|
Дауысты «а» және «ы»-дан кейін ашықтан «а» келеді
»» «ә», «е» және «і» »» »» «е»
»» «о», «ұ» »» »» »» «а»
»» «ө», «ү» »» »» »» «ө»
|
Ғалымның көрсетіп отырған кестесін дауыстылардың жақ жағынан синтагмалық қатысы деп қарасақ болады. Бұл сөздің бойында дауысты дыбыстардың белгілі тәртіппен кезектесіп байланысатынын дәлелдейтін бірден-бір кесте болып шығады. Кесте бойынша қазақ тіліне өлөңдөтүп (өлеңдетіп), күмүстөлгөн (күмістелген) деген сөздер мүлдем жат емес.
Осы айтылған пікірді дамыта түскен С.Мырзабек 9 түрлі ерекшелікті ашып береді [4: 94].
1. Бас (бірінші) буында а дыбысы келсе‚ келесі буында:
а) негізінен а‚ ы жеке-жеке не аралас-құралас қолданылады: ала‚ бала‚ айтқан‚ ақын‚ ақыл‚ балаларымыз;
ә) ұ дыбысы дауыссыз у-мен қосақтасып‚ ұу‚ уұ түрде ұшырайды: алұу‚ қарұу‚ арұу‚ ауұл‚ ауұз‚ бауұр‚ дауұл‚ қауұн‚ жауұ‚ жауұ‚ тауұ‚ бауұ‚ ауұ‚ сауұқ;
б) ұ (кірме сөздерде): мақұл‚ бақұл‚ мазмұн‚ мақрұм‚ мақлұқ‚ нақұрыс‚ абұрой (абырой).
2. ә дыбысынан соң: а) негізінен е‚ і: әбден‚ әдеп‚ әкім‚ әлек‚ әні‚ әбігер‚ бәле‚ бәлі‚ шәкірт‚ әріп;
ә) ә: әзәзіл‚ мәрмәр‚ мәмпәси‚ нәмәрт‚ зәмзәм‚ тәбәрік‚ тәнәпіс (кіт.);
б) уү: сәуүр‚ тәуүр‚ әуүт‚ әуүр б) ү (кірме сөздерде): мәжбүр‚ мәңгүрт‚ әңгүдік‚ мәулүт‚ әулүк‚ сәкүн‚ кәуүр г) үу: Әбүу.
3. е-ден соң: а) негізінен е‚ і: бекер‚ екі‚келсе‚ егер‚ ене‚ ерік‚ серік‚ берік‚ шеке;
ә) үу‚ уү: ерүу‚ берүу‚ жерүу‚ кесүу‚ тесүу‚ теуүп‚ сеуүп‚ деуү‚ жеуү‚ кеуүл (өс).
4. о-дан соң ұ‚ а: оқұ‚ осұ‚ ойұн‚ отұр‚ отан‚ обұр‚ соқұр‚ шотұр‚ ора‚ орақ‚ қора‚ қосақ‚ қонақ‚ қойан‚ торұ‚ оран‚ ошақ‚ обал.
5. ө-ден соң ө‚ ү: өлөң‚ өзөн‚ өкпө‚ бөкөн‚ бөлөк‚ жөкөн‚ сөрө‚ төрө‚ өзү‚ мөлдүр‚ көзү‚ бөлүк‚ көлүк‚ көрүк‚ төзүм‚ өрүк.
6. ұ-дан соң ұ және а: бұрұн‚ мұрұн‚ құлұн‚ үзұн‚ ұғұм‚ құйұн‚ құлақ‚ құрақ‚ сұрақ‚ ұзақ‚ тұзақ‚ шұжұқ‚ шұрай.
7. ү-ден соң а) ү ө: бүкүл‚ бүлүк‚ жүрөк‚ жүзүк‚ күлкү‚ күлшө‚ мүлүк‚ мүлдө‚ сүйөк‚ сүлүк‚ түлкү‚ түйө‚ түрүк.‚ түтүк‚ шүйкө.
ә) ә (кірме сөзде) күуә‚ күнә‚ іңкәр‚ жүбә‚ үуәде‚ үуәлі‚ мүсәпір‚ дүдәмал‚ күмән.
8. ы-дан соң: а) ы және а: күмән‚ быйыл‚ былық‚ жыбыр‚ жыра‚ жырақ‚ зыйан‚ қыран‚ қылық‚ қызық‚ қылау‚ қызар‚ сызық‚ сызат;
ә) ұу: сызұу‚ қызұу‚ қырұу‚ жырүу‚ тыйұу‚ сыйұу‚ сығұу‚ шығұу‚ сынұу‚ қырұу‚ ызұу.
9. і-ден соң: а) і‚ е: ішік‚ білім‚ бійік‚ жійі‚ жібек‚ білек‚ кілем‚ кісен‚ кійім‚ міндет‚ міне‚ сіңір‚ сімір‚ тілек‚ тірек‚ іре‚ ійе‚ ішік;
ә) үу: ілүу‚ білүу‚ бітүу‚ кірүу‚ сіңүу‚ шірүу‚ ірүу‚ ісүу‚ ішүу.
б) ә: сірә‚ тіпә‚ іңгә‚ ірә‚ ілдә‚ пірәдар‚ мінәйі‚ кісәпір‚ ійә (ия)‚ ійәкій (яки).
Бұл үлгіден байқайтынымыз кезінде П.М.Мелиоранский ұсынған ашық және қысаң дыбыстар кестесі қазіргі кезде әмбебап бола алмайтыны. Себебі қазіргі қазақ тіліндегі кірме сөздердің өзіндік табиғаты тұрақты кесте жүйесін жасауға мүмкіндік бермейді.
С.Мырзабек дауыстылар тіркесін талқылай келе мынадай қорытынды жасайды:
1) Жуан дауыстылар жуан дауыстылармен‚ жіңішке дауыстылар тек жіңішке дауыстылармен ғана тіркеседі. Жуан-жіңішке жіңішке-жуан тіркестер – жазудың жемісі;
2) езулік дауыстылардан соң дауыссыз у-дың көмегінсіз еріндіктер жеке-дара тұрмайды. Тек кірме сөздерде ғана кездесуі мүмкін;
3) жіңішке еріндіктерден соң жіңішке‚ қысаң езуліктер әсте тіркеспейді.
Аталған тұжырымға қосатынымыз – дауыстылардың тіркесі өлең бунақтарында да іске асатындығы, тек оларды әуен, ырғақ тарапынан ыңғайластыру қажеттігі бар екендігі. Сонда ғана дыбыстық жүйені кешенді түрде зерттеудің мол нәтижеге қол жеткізеді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Мырзабеков С. Қазақ тіліндегі дыбыстар тіркесі. – Алматы: Қазақ университеті, 2002. – 248 б.
2. Зиндер Л.Р. Общая фонетика. – М.: Высшая школа, 1979. – 313 с.
3. Аванесов Р.И. Русское литературное произношение. – М.: Просвещение, 1972. – 415 с.
4. Мырзабектен С. Қазақ тілі фонетикасы: Оқу құралы. –Алматы: Қазақ университеті, 2004. –277 б.
5. Мелиоранский П.М. Краткая грамматика казак-киргизского языка. 1894. ч.І. СПб.
Резюме
В статье рассматриваются вопросы сочетания гласных звуков казахского языка. Описывается его характеристика, предлагается закономерности и квалификация.
Resume
In article questions of a combination of vowel sounds of the Kazakh language are considered. Its characteristic is described, it is offered laws and qualification.
Достарыңызбен бөлісу: |