Дәріс №2 Қазақ әдеби тілінің өзекті мәселелері Жоспар



Дата09.05.2023
өлшемі17.64 Kb.
#473443
Қаз.әдеб.тіл №2 дәріс


Дәріс № 2
Қазақ әдеби тілінің өзекті мәселелері
Жоспар

    1. Жазба әдеби тіл

    2. Әдеби тілдің анықтамалары

    3. Әдеби тілдің бастау көздері



Жазба әдеби тіл. Функционалдық стильдердің сан алуандығы жазба әдеби тілге тән. Ал функционалдық стильдердің біртіндеп пайда болуына, тілдік қызметін бастауына қандай құбылыс негіз болды, каңдай формалар ықпал етті? Бұл сауалдардың жауабын алу үшін жоғарыда айтылған функционалдық стратификацияның басты мәселелеріне толығырақ тоқталуға тура келеді.
"Жазба әдеби тіл жарлық я хат ыңғайындағы шағым я жолдама түріндегі ресми жазбалардан емес, әуелі әдеби шығармалар негізінде қалыптасқан болу керек", - дейді Е.Жанпейісов ("Қазақ прозасының тілі"). Бұл пікірді, бір жағынан, құптау керек. Бірақ әдеби тілдің барлық функционалдық стильдеріне бұл айтылған пікір тура келе бермейді. Пікір, негізінен, көркем әдеби стиліне сай айтылған, ал өзге стиль түрлерінің қалыптасуының басқа да әлеуметтік себептері мен тарихи алғышарттары бар.
Әдеби тілдің стильдік тармақтарының саны әр кезең, әр дәуірде әр түрлі болуы занды. Өйткені, өркениет бір кұнде пайда болып, қауырт дамып кете алмайды, өркениетпен сабақтастықта дамитын әдеби тілдің стильдік тармақтары да біртіңдеп, бірінің әсерінен бірі туындап отырады. Бірақ қазақ әдеби тілі тарихында ауызша әдеби тілдің (ХҮІ-ХҮІІІ ғғ. аралығында өмір сүрген) бір ғана стильдік тармағы болды деген пікір қазақ тіл білімінде қалыптасып кеткен. Ал проф. Б.Әбілқасымов тізбелеп кеткен ғасырларда жазба әдеби тіл болғанын, оны "қазақтың көне жазба әдеби тілі" деп атау қажеттігін айтады. Шындығында, бір ғана көркем әдебиет стилі, оның ішінде поэзия ғана қоғамдық қатынастардың барлық тұріне қызмет жасап, қамтамасыз етті деу артық. Өйткені, түрлі дәрежедегі іс-қағаздары, эпистолярлық әдебиет сол замандағы жазба әдеби тіл арқылы жүзеге асырылды. Олар кай тілде жазылғанына қарамастан (аралас, шұбарланған, қоспа) қоғамның қажетін өтегенін жоққа шығару дұрыс болмайды. Сондықтан түрлі функционалдық стильдердің қалыптасуына, кейіннен XIX ғасырдың II жартысынан бастап орнығуына көне жазбалардың, шежірелердің, хаттардың, бір сөзбен айтканда, кітаби тілді мұралардың әсері болған. Түрлі көзқарастардың өмір сүруіне қарамастан, кітаби тіл деген атаумен қалыптаскан тілдің казақ әдеби тілі тарихыңда өзіңдік орны мен рөлі бар. Яғни, қазақ әдеби тілі өзінің бастапқы қалыптасу кезеңдерінде жалпыхалықтық тіл мен кітаби тілдің бір-бірімен тұтаса қызмет етуі, конвергенциялануы нәтижесінде қалыптасты деуге негіз бар.
Әдеби тіл деген сөздің мазмұны, сипаты жөнінде тек қазақ тіл білімінде ғана емес, жалпы отандық лингвистикада анық, айқын үзілді-кесілді пікір жоқ екені айтылып келеді. Бірқатар ғалымдар әдеби тіл дегеніміз жалпы халықтық тілдің өңделіп, қырланған түрі деп таныса, енді бірсыпырасы жалпы хатқа түскен туындылардың тілі әдеби тіл деп табады.
«Әдеби тіл дегеніміз – жалпыхалықтық тілдің хатқа түскен, белгілі бір дәрежеде өңделген ерекше түрі» (Будагов Р.А. Проблемы изучения романских литературных языков. М., 1961, стр. 24 ).
«Әдеби тілдің тарихы – жазба ескерткіштердің тарихы» (Левин В.Л. История русского литературного языка. М., 1957, с.213).
«Жазу - әдеби тілдің ең маңызды және қайткенде де болуға тиісті белгісі» (Филин Ф.П. О свойствах и границах литературного языка. 1975, с.12).
Зерттеушілердің көпшілігі әдеби тіл ұғымы тарихи жағынан құбылмалы деп таниды. Қазақ тіл біліміндегі «әдеби тіл» деген ұғымға тиянақты бір аныықтама берілмей келеді. М.Балақаев: «Әдеби тіл – жазба тіл. Жазба әдебиет арқылы тіл байлықтары, оның құрылысы сымбатты қалыпқа түсіп, екшеледі. Жазуы болмаған халықтың тілі әдеби тіл дәрежесіне көтеріле алмайды» («Қазақ тілі мәдениетінің мәселелері») –дейді. Ғ.Мұсабаев та дәл осы тұжырымды ұстанады: «Әдеби тіл ең әуелі-ақ жазуға сүйенеді. Ол жазу стилінсіз әдеби тіл болмақ емес»,-деген.
Белгілі бір халықтың әдеби тілінің қалыптасып дамуы сол халықтың әлеуметтік тарихымен тығыз байланысты. Осы күнгі ұлт болып қалыптасқан халықтардың тілдерін ұ л т т ы қ к е з е ң г е д е й і н г і және ұ л т т ы қ әдеби тілі деп ббөліп зерттеу дұрыс деп танылып жүр. Бұл екі кезеңнің аралық тұсы - өткен ғасырдың ІІ жартысы, яғни қазақтың ұлттық әдеби тілі ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан бастап қалыптасты деп танимыз.
Әдеби тілдің ең басты белгісі 1-шіден, оның өңделген, сұрыпталған, нормаланған тіл болуы ; 2-шіден, қызметі жағынан сол халықтың өмірінде ұйымдастырушы, қоғам мүшелерінің басын қосушы сипаты, яғни жалпыға ортақтық қасиеті болуға тиіс.


Әдебиеттер:

  1. Әбілқасымов Б. ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдеби тілі. Алматы, 1982.

  2. Балақаев М., Жанпейісов Е. Томанов М. Қазақ әдеби тілі мәселелері. Алматы, 1961.

  3. Исаев С. Қазақ әдеби тілінің тарихы. Алматы, 1996.

  4. Сыздықова Р. ХҮІІІ-ХІХ ғасырдағы қазақ әдеби тілінің тарихы. Алматы, 1984.

  5. Сыздықова Р. Қазақ әдеби тілінің тарихы. Алматы, 2005.

  6. Момынова Б. Қазақ әдеби тілінің тарихы. Алматы, 2006.


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет