№2 дәріс, 2 апта, 1 сағат
Қазақ әңгіме жанрының өзіндік ерекшеліктері, бағыт-бағдары
Мақсаты: Әңгіме жанрының даму арналары, ерекшеліктері, бағыт-бағдары жөнінде түсіндіру.
Құзіреттілігі: Қазақ ақын-жазушыларының әңгіме-повестерімен танысу, мәтіннің идеялық мазмұнын талдау негізінде теориялық білімдерін көрсете білу;
Халықтан халыққа жетіп отыратын сөз өнері адамзаттың рухани қажетіне сай қалып алып, рухани өмірді мазмұнына сыйдырады. Руханият мәселесі адамзат баласы алғаш өмірге келген кезеңнен бері бірге жасасып келе жатқан күрделі мәселе.
Прозалық кіші жанрдың айрықша дамуын суреткерлердің өз туындыларында әлеуметтік терең талдауға баруы мен тақырыптың сонылығынан, өзекті де көкейтесті заманауи мәселелерді адам баласының ортақ мұраттарына орайлас қарауға деген талпынысынан, өткен тарихи кезеңдер мен қазіргі уақытты қабыстыра отырып, күрделі қоғамда өмір сүріп отырған адамның рухани бейнесін тереңнен тануға бағытталған тенденциялардың белең алуынан көруге болады.
Қаламгерлер әңгімелерінде тоқырау жылдарындағы ұлт тағдыры, елде болып жатқан саяси-әлеуметтік жағдайлар мен өтпелі кезең қиыншылығы тұсындағы адам табиғатының құбылуы, оның ішкі жан дүниесінің арпалысы мен қоршаған ортамен қабыса алмай, айналадағы адамдармен тіл табыса алмай жадағай тартуы, адам мен қоғам арасындағы қайшылықтар мәселесі тереңнен қозғалды. Әңгіме жанрында қалам тартқан қаламгерлер шеберлігі шығармаларының көркемдігі тұрғысынан ғана емес, стильдік жағынан, тұтас ойлау жүйесінен, образ сомдау мен идея айқындығынан, оқырманға ұсынар ойын әсемдеп, әдіптеп бүркемелей келе, оң бағыт-бағдар бере білуінен де байқалды.
Қазақ әдебиетінің биік белесі, жемісті даму кезеңі болып есептелетін кейінгі жылдар прозасындағы, соның ішінде, әңгіме жанры саласындағы әдеби бейне жасаудың ерекшеліктерін жүйелі түрде саралау, қаламгерлердің шығармашылық, көркемдік ізденістерінің кейбір тұстарын, тіл көркемдігінің стильдік ерекшеліктері мен байланысын, авторлық идеяның жүзеге асу жолдарын, характер жасаудағы әдіс-тәсілдерді, бейнелеу құралдарының қолданылу принциптерін, бағыт-бағдарын зерделеу, кейіпкер бейнесін, замана тынысын, қоғам келбетін жасаудағы жаңашыл көркемдік ізденістерін ашу да негізгі мақсаты болып табылады.
Сондай-ақ, жазушының көркемдік эстетикалық ізденістеріне, шығармашылық табыстарына баға беру, характер жасаудағы әдіс-тәсілдері мен бейнелеу құралдарының қолдану принциптеріне талдау жасау, қазіргі қазақ әңгімелеріндегі кейіпкер бейнесін, замана тынысын, қоғам келбетін жасаудағы жаңашыл көркемдік ізденістері жайлы ұғындыру өзекті мәселесі болып табылады.
Қазақ әдебиетінің қазіргі кезеңі түрлі әлеуметтік-қоғамдық мәселелерді, мәдени-рухани құндылықтарды, өмір, болмыс, тағдыр жайында, адамның қоршаған ортаға, табиғатқа, қоғамдық өмірге көзқарастары жайлы жазылған көптеген табыстарға жетіп келеді.
Қазақ прозасы, соның ішінде әңгіме жанры мазмұн, түр (форма), пішін жағынан үлкен белеске көтерілді. Көтеретін проблемалары батыл да өткір, ашық та нақты қойылуымен ерекшеленеді. Жалаң өндірістік мәселелер ысырылып, адамның өмірдегі орны, ісі мен табиғатына үңілуге бетбұрыс жасалды. Осының нәтижесінде лиризм мен психологизм күшейе бастады. Нақтылыққа, аз сөзділікке, дәлдікке бет бұруда көркем деталь мен штрихқа көп көңіл бөліне бастады. Бүгінгі таңдағы әңгіме жанрындағы негізгі ерекшеліктер символдық, лирикалық, проблемалық, әлеуметтік талдаумен көрінді. Қаламгерлер әлеуметтік талдаудың негізінде ұлттық характерді ашуға, адам табиғатын психологиялық тұрғыда танытуға ұмтылды. Қазақ халқының тарихынан орын алған өмір шындығы шағын жанрда шынайы да шымыр бейнеленді.
Әдебиетте уақыт-тұлға-әлеуметтік-қоғамдық ортаның өзара байланысы тереңдей түсіп, кейіпкердің рухани жан дүниесінің терең психологиялық тұрғыда берілуі заңды құбылысқа айналды. Әңгіме жанрының шеберлері Ә. Кекілбаев, М. Мағауин, С. Мұратбеков, Т. Әбдіков, Д. Исабеков, С. Елубаев, Т. Нұрмағамбетов, А. Алтай, Т. Ахметжан, Р. Мұқанова, Д. Амантай, Д. Рамазан және т.б. шығармаларында өмір шындығы терең көрініс тапты.
Аталған қаламгерлер проза жанрындағы тамаша туындыларының сырына үңіліп, шеберлік тәсілдерінен үлгі алды, сөйтіп, өздері де жаңа стильдік ізденістерімен көрінді. Демек, әрбір көрнекті сөз зергерінің қалдырған әдеби мұрасы мен игі дәстүрі кейінгі әдеби ісімізге өз ықпалын, әсерін тигізіп отыруы әдебиет дамуының заңды құбылысы дей аламыз. Жоғарыда аталған 60-80 жылдары әдебиетке келген топтың шығармалары өмір шындығын көркем бедерлеген, сыршыл әрі авторлардың дара қаламгерлік қолтаңбасын айқын танытқан туындылар болды. Аталған жазушылар әдебиеттің ішкі даму заңдылығын пайдалана отырып, халық күткен, олардың көкейінде жүрген кейбір мәселелерді алға тартты. Идеологияға күштеп таңылған жасанды идеялардан қашып, соны стильдік ағымдарға бет бұрды. Өз туындыларында замандас бейнесін жасай отырып, кейіпкерлерінің ішкі жан дүниесін, психологиясын, көңіл күй, рухани әлемін терең ашып көрсетуді мақсат етті. Өмірдегі үздіксіз күрес үстіндегі адамның жеке тұлғасына ерекше мән беріп, оның ішкі әлеміне бойлай отырып, адамгершілік асыл қасиеттерін, азаматтық позициясын оқырманға үлгі етіп ұсынды. Осылайша кейіпкердің адамгершілік және моральдық болмысын бейнелеуге алдыңғы кезекте баса назар аударылды.
Тәуелсіздік жылдары – туған әдебиетіміздің ілгері қарай қадам жасаған сәтті кезеңі. Сол себепті қазіргі қазақ әдебиеті аясында әңгіме жанрында өзіндік дара қолтаңбасымен ерекшеленген жазушылардың шығармашылық жолындағы көркемдік ізденістерін танып, таразылап, оларға терең бойлап, ғылыми-зерттеу еңбектері тұрғысында баға беру б.гінгі заман талабы екені даусыз.
Қазіргі қазақ әңгімесінің дәуірдің қоғамдық-әлеуметтік өзгерістері мен құбылыстарын бейнелеуде, соған лайық алуан қырлы адам характерін жасауда үлкен табыстарға жетуі. Қазіргі қазақ әңгімесінің адамның жан әлеміне үңілуімен, адамның ішкі дүниесінің нәзік иірімдерін сөз етуімен, адам болмысына назар аударуымен ерекшеленуі. Қазақ қаламгерлерінің адам бойындағы мінез-құлық адамгершілік қасиеттерді терең ашуды мақсат ете отырып, шығармашылық тың ізденістерге баруы. Қазақ әңгімесінің дамып, өсуіне, көркемдік, идеялық-эстетикалық тұрғыдан өрістеуіне қазақ қара сөз өнерінің бастау бұлағы болған М. Әуезов, Ж. Аймауытов, Б. Майлин және т.б. шығармашылығы, сондай-ақ, дүниежүзілік әдебиетте болып жатқан жаңалықтардың, көркемдік ізденістердің тигізген әсер-ықпалы. Ғылымның дамуы мен техниканың өрістеуінің адам өміріне тигізген әсері жазушылар шығармаларына негіз болып, әдебиет айдынына жаңа кейіпкерлердің келуі. Қазіргі қазақ әңгімесінің әдебиет әлеміне қосқан өзіндің үлесі.
Достарыңызбен бөлісу: |