Егемен Қазақстан.- 2013. - № 1287 – 17 мамыр
Бейбіт ТӨЛЕУБАЙҰЛЫ,
С.Сейфуллин атындағы ҚАТУ доценті,
техника ғылымдарының кандидаты,
Сайт ЗАХАНҰЛЫ,
С.Сейфуллин атындағы ҚАТУ доценті,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты.
Cапа саласының сұранысы
Қазақстанның әлемдегі бәсекелестікке қабілетті алдыңғы 30 елдің қатарына кіру мақсатын жүзеге асыруда ауылшаруашылық өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жоғарғы деңгейіне қол жеткізудің маңыздылығы зор. Қазіргі кезеңде әсіресе тамақ өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету дүние жүзі көлемінде аса маңызды мәселелердің бірі болып отыр. Ауылшаруашылық өнімдері саудасының әлемдік cипат алуы, гендік түрлендірілген өнімдердің пайда болуы, қоршаған ортаның техногендік ластануы, тамақ өнімдеріне жалған (жасанды) қоспалардың көптеп қолданылуы, содан өнім құрамының күрделене түсуі, сонымен қатар өнім сапасын бақылау, қадағалау жүйесінің әлі де болса толық жетіле қоймауы ауылшаруашылық өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігі мәселесін халықаралық деңгейге көтеруде.
Сондай-ақ, қазіргі Кеден одағы жағдайында еліміздің кәсіпорындары үшін өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, өзіндік құнын төмендету арқылы бәсекелестікке қабілеттілікті арттыру негізгі мақсат болып табылады.
Қазіргі кезде елімізде тамақ өнімдері және басқадай тауарлар мен қызметтерді стандарттау, сертификаттау жөнінен көптеген орталықтар жұмыс істеуде. Олардың негізгі міндеті өнімнің қауіпсіздігі мен сапа көрсеткіштерін анықтау, бағалау болып табылады.
Қазірде Қазақстанда 500-ден астам ірі және орта тамақ өнімдерін өңдеу кәсіпорындары, 10 мыңнан астам шағын өндіріс орындары жұмыс істейді. Алайда, олардың күнделікті шығарып жатқан өнімдерінің қауіпсіздігі мен сапасына қойылатын бақылау, қадағалау жүйесі жоғары деңгейде деп айту қиын. Себебі, 2007 жылы қабылданған «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының заңы, сондай-ақ 2008 жылы қабылданған ет, сүт, астық, жеміс-көкөніс өнімдерінің қауіпсіздігіне қойылатын талаптар жөніндегі бірқатар техникалық регламенттер өз күшінде болса да, олардың әрекет ету механизмдері әлі де жеткіліксіз күйде қалып отыр.
Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметтің алдына 2014 жылға қарай ішкі рыноктағы азық-түлік тауарларының 80%-дан астамын отандық өнімдердің үлесінде болдыруды міндет етіп қойды. Осы міндетті жүзеге асыру үшін стандарттау, сертификаттау жөніндегі заң актілері мен нормативтік құжаттарды жетілдіру, халықаралық стандарттарды тікелей қолдану немесе отандық стандарттармен үйлестіру, өнімді каталогтау, штрих код жүйелерін дамыту, мемлекеттік бақылау, қадағалау, сертификаттау жүйелерін жоғары деңгейге көтеру, еліміздің өнім өндіруші, қызмет көрсетуші кәсіпорындарына сапа менеджменті жүйелерін енгізу үрдісін жеделдете отырып, олардың тиімділігін арттыру сияқты іс-шараларды атқару қажет.
Нарықтық экономика жағдайында тұтынушыға сертификатталған өнімді ұсыну кәсіпорын үшін көптеген артықшылықтар әкеледі. Мәселен, сыртқы және ішкі тұтынушылардың өнім сапасына деген сенімін қамтамасыз етеді, тұтынушылардың өзіне қажетті өнімді таңдауын жеңілдетеді, тұтынушыны өнім сапасы туралы шынайы ақпаратпен қамтамасыз етеді, ұқсас өнімдер импортын азайтады, сапасы нашар өнімді импорттаудың алдын алады, нормативтік-техникалық кұжаттар талаптарын жоғары деңгейге көтеру арқылы өнім сапасын жақсартуды ынталандырады, өндірістің ұйымдастыру-техникалық деңгейін жоғарылату, сапа басқару жүйесін жетілдіруге ықпал етеді, ғылыми-техникалық дамуды жеделдетеді.
Еліміздің экономикалық бәсекелестікке қабілеттілігін арттырудағы өнім сапасы мәселесінің айрықша рөлін ескере отырып, Астана қаласы С.Сейфуллин атындағы ҚАТУ-де 2004 жылдан бері «Стандарттау, метрология және сертификаттау» кафедрасы жұмыс істеп келеді. Осы кафедра өткен жылдары аталмыш мамандық бойынша 700 маман даярлап шығарды. Қазіргі кезеңде бакалаврмен қатар магистратура бөлімін оқып бітірушілердің саны жыл сайын арта түсуде. Оған себеп, елімізде осы маманға деген қажеттіліктің артуынан туындап отыр. Сондықтан да аталмыш сала бойынша маманданған түлектер еліміздің ауылшаруашылық өнімдерін өндіруші кәсіпорындарында көптеп қызмет атқаруда. Алдағы уақытта кафедрада осы мамандық бойынша бакалавр, магистр дайындау көлемін ұлғайтумен қатар, докторантура ашу мәселесін күн тәртібіне қойып отыр.
Жоғарыда келтірілген маңыздылығы мен қажеттілігіне байланысты еліміздің кәсіпорындарында әрі қарай да стандарттау, сертификаттау саласының маманына деген қажеттілік арта берері сөзсіз.
Достарыңызбен бөлісу: |