Дәріс тақырыбы: М.Әуезовтің «Абай жолы» романындағы әйел-ана образдары. Жазушы Мұхтар Әуезов «Абай жолы»



Дата18.05.2022
өлшемі24.08 Kb.
#456935
дәріс


Дәріс тақырыбы: М.Әуезовтің «Абай жолы» романындағы әйел-ана образдары.
Жазушы Мұхтар Әуезов «Абай жолы» романының эпопеялық сипатын ғажап мол бір галлерея болып тұтасқан әйел бейнелері де айқын таныта алады. Романды оқыған сайын біздің көз алдымыздан біріне бірі ұқсамайтын, бірін-бірі қайталамайтын, әр қайсысы өз қалпымен, кескін-кейпімен, ерекше ішкі сырымен соны, тың туынды болып көрінетін көптеген әйел кейіпкерлері өтіп жатады. Бұлардың ішінен көп көрініп, кеңейіп, толысып отыратын, өрістей, өсе келе кесек образға айналатын Зере, Ұлжан, Әйгерім, Ділдә, Айғыз. Бірнеше көрініп, сюжет құрылысының дамуына байланысты іріленген, көзге түсерлік кейіпкерлер қатарына: Нұрғаным, Салтанат, Керімбала, Мағрипа, Кәмшат, Иіс кемпірді жатқызуға болады. Әрине, бір-екі ғана көрінсе де, жарқ етіп, күшті әсер қалдыратын Қамқа, Салиқаны атап айтуымызға болады. Әр жерде шоғырланып жүрген қыз-келіншек, әйелдер тобын қоспағанда шығармада ірілі-ұсақты жүз шамалы әйел кейіпкерлер бар. Шығарманың ең басты, негізгі кейіпкері Абай болғандықтан басқа кейіпкерлер Абайдың айналасына топтастырылған. Жоғарыда аталған бейнелердің қай-қайсысының болсын өзіндік мәні бар екені сөзсіз, онсыз олар шынайы өмірлік шиеленістерді ашып көрсете алатын кейіпкер бола алмас еді.
Әйел образдарының басым көпшілігінің прототипі бар. Жазушы басты кейіпкерлердің ішінен Ділдәні, Әйгерімді көрген. Мұхтар Әуезов бұларды өте ұлғайған кездерінде көрсе де, осы прототиптер автордың шығармашылық ой-қиялына, олардың жас шағын, ерте кезін елестетуге, сөздеріне қарап, қыз кезіне, келіншек кезіне көз жіберуге мүмкіндік бергені, ой туғызуға себепші нақтылы материал болғаны сөзсіз.
Әйел кейіпкерлердің ішінде әр түрлі топтың адамдары бар. Бәйбішелер де, тоқалдар да, қыз-келіншектер де, бай, ауқатты адамдардың, кедей жатақтардың әйелдері де кездеседі. Бұлар кескін-кейпі, ой-санасы, мінез-әдеті жағынан сан түрлі, әр алуан. Атап өтсек, кәрі, мейірімді, ақылды әже - Зере, байсалды, сабырлы, ойлы ана – Ұлжан, ызғармен, ұрысса сөйлейтін, іші тар, сұлу тоқал – Айғыз, шолпысы сылдырап жүретін, сыпайы қозғалып қимылдайтын, аппақ жүзді көркем қыз – Тоғжан, әні-сәні-бәрі де Тоғжандай келген Абайдың жақсы жары, сезімтал Әйгерім, асқақ, өрескелдеу мінезді, еркек үнді Ділдә, сері қыз Салтанат, ауыр еңбек, өнімсіз бейнеттің адамы кәрі кемпір – Иіс, жайдары-жарқын ақкөңіл қыз – Керімбала-бұлар ең бастылары ғана. Осы кейіпкерлер өткендегі өмірдің талай сырын ақтарып, талай тарихи шындықтың бетін ашып береді. Қазақ әйелінің қоғам өміріндегі орны, өмірдегі жағдайы, тұрмыс салты мол көрініп, көркем бейнесін тапқан. Сонымен қатар, Қамқа сияқты жазықсыз жандардың іште кеткен кегі, қарындасы Кәмшаттың кісі қолында аянышты өлімі, сүймеген Ділдаға әке ырқымен жастай үйленуі де мұның бәрі әйел бейнесін ашуда шебер сомдалған бейнелер.
Балаларды тәрбиелеу ісі әйелдердің мойнында, бірақ олардың тағдырын шешесі, анасы шеше алмайды. Ол шығармада Камшатты Бөжейге беру сияқты істі ру басылары шешеді немесе өр, өктем шеше – Зере де, ойлы, саналы әйел – Ұлжан да Тәкежанның қалыңдығын түсіруде, Абайға Алшынбайдың қызын айттыруда, Оспанға Байтас қызы Еркежанды айттыруда – бәрін Құнанбайдың өзі сөйлесіп, өзі шешеді, ал олар шетте қалып қояды.
«Абай жолы» роман-эпопеядасында Зерені жазушы шығарманың еш жерінде сырттай суреттеп оқушыға таныстырмайды. Кәрі әже Зеренің жас кезі, бұрынғы өмірі туралы да ештеме айтылмайды. Оның шығармада алғаш көрінуі Абайдың Семейден, оқудан қайтқан кезі. Немересін тосқан кәрі әжесі Зере бәйбіше таяғына сүйеніп ұрсып тұрады.
«Жаман неме, маған бұрын келмей, әкеңе кеттің, жаман неме!»-дей беріп, қасына, құшағына немересі барғанда, «жаман неменің» артынан ілезде: Қарашығым, қоңыр қозым... Абай жаным... – деп кемсеңдеп, жылауға айналып кетті. Бұдан кәрі әженің немересін зарығып, сағынғаны, күтіп тұрып шыдамы таусылып тұрғаны, ашумен емес, еркелетіп өзімсініп ұрсып тұрғаны, немересін көргенде, бауырына басқанда қуаныш бойын билеген әженің кәрі жүрегі елжіреп, көзіне жас келгенін көреміз.
Енді бірде Зередей ананың: «... Ердің сыны-шабуыл мен шаптығыста емес, кішіпейіл мейірде»-деген даналық сөзін де ескеруге болады [1].
Романда Ұлжанның да жас кезі суреттелмейді, тіпті мүлде сөз де болмайды. Соның өзінде Ұлжанның байсалды, парасаттылығы шығармада бірден-ақ байқалады. Мысалы, оқудан Семейден келген баласы сағынып кеп шешесіне ұмтылғанда, Ұлжан анадай жерде тұрып:
- Әй, шырағым балам, әуелі ар жағыңда әкең тұр... Сәлем бер!- деп бұрып жібереді. Одан соң да қайта келген баласын көп ұстамай, үй алдында таяғын сүйеніп, тосып тұрған кәрі әжесіне жібереді.
- Баласы атқа қонып, жүруге ыңғайланып, тізесін қымтай бергенде, Ұлжан өзінің үлкен ақ саусақтарын жирен аттың жалына салып тұрып: - балам, үлкендер бірде тату, бірде араз бола беретін. «Күндестің күлі-күндес» дегенді сен білмей-ақ қой. Бөжекеңді көрген жерде сәлеміңді түзу бер. Бір кезде жақсы жақының еді. Кім тентек, кім мақұл? Қайдан білдің? Әкең дұшпан десе, сен әділ бол! Жамандыққа кім табылмайды дейсің, жан ашырдан айырылма!-деді. Осы тұста да анасы Ұлжанның ақылға, сабырлылыққа салыну керектігін, таразы басын тең ұстап ойлана білуге баласын шақырады [1].
Ұлжанның: - Жастықта адамға төсек те, үй де, тіпті дүние де тар екен. Ал, егде тартып, зауал шағыңа бейімделген сайын дүние кеңейі береді екен. Кінәң азайып, кешірімің көбейіп, суына бастайды екенсің,-дегені өз басынан кешірген тәжірибесі. Осы диалогта, алыстан ойлаған құнарлы ақыл қорытуы болса, сонымен бірге сабыр мен салмағы тең, байсалды анаға лайық, Құнанбай сияқты еріне түсінік айтқандай болады.
Шығармада Зере мен Ұлжан көбіне қатар алынады, теңей салыстырылып суреттеледі. Ал Ұлжан мен Айғыз қарама-қарсы қойылып бейнеленеді. Адуын Айғыз: «... Ән салғаны кеудемізді басқандай тиеді, шаңыраққа қарасын! Үн шықпасын мұнан былай қарай!» - деп бұйырады. Мұның бәрінде кедей деп қорлау айтылса, Абайдың өзіне тура айтылған кекесін де бар.
Жазушының салыстыра суреттеген кейіпкерлерінің бірі – Тоғжан, Ділдә, Әйгерім, Салтанат. Тоғжан толықша келген, аппақ жүзді, қырлы мұрын, қара көз қыздың жіп-жіңішке қасы да айдай боп қайырылып тұр. Қарлығаш қанатының ұшындай үп-үшкір боп, самайға қарай тартылған қас, жүрекке шабар жендеттің жебесіндей. Қандай суреттеу десеңші! Абай көпке шейін Тоғжан жүзінен көзін ала алмай, телміре қарап қалады. Жас жүрегінде махаббат сезімін оятқан, жігіт жүрегін тебіренте толқытқан Тоғжанның сыйпаты, кескін-кейпі Абайдың көңілінде берік орын тебеді. Лап етіп от алған махаббаттың жалыны Тоғжан қолжетпес арман болып алыстай берген сайын лаулап, өрши түседі, күшейе береді. Тулаған жүрек ешбір тыныс таба алмай, жас жігіт үзілмеген үміттің артын күткендей, күдерін үзіп кете алмай жүреді. Абайдың ынтықтық сезімі, жарқ етіп бір көрініп, қалың бұлтқа қайта кіріп жоғалған айдай болып алыстап кеткен Тоғжанды зарыға сағынады. Тоғжанды көру Абайға мәңгі естен кетпес әсер қалдырады. Ойын, бойын билеген махаббатты толқындыра түседі. Шығармада Абай Тоғжанмен тағы бір-екі рет кездесіп, жолығысады. Бірақ, Абайдың да, Тоғжанның да арманы айықпайды, қаяу түскен көңілдері оңалмайды. Ұзатылып кеткен, енді келіншек болып отырған Тоғжан соңғы кездесу кезінде Абайға:
Ділдә, Әйгерім, Салтанат бейнелері Тоғжанға байланысты, жалғастырыла суреттелген. Абайдың ділдәмен қарым-қатынасындағы салқынды, шынайы, терең махаббат сезімнің жоқтығынан туған суықтық өте-мөте Тоғжан арқылы айқындала түседі.
Ділдә-әр жақты көрсетілген күрделі образ. Ол Абайға сырттай сүйкімді, сұлу көрінгенмен оның жүрегін елжіретіп, ерітіп әкетпейді. Ділдәнің әрекеті, қимылы арада оның махаббат сезімі болмаған соң дөрекілік сияқты жігіт жүрегіне түрпідей тиеді.
Мысалы, жуан атадан шыққан, жуан ауылдың «бәйбішесі» өркеуде, топас Ділдәнің сөзінен, нәзік сезімді Әйгерімнің диалогтерінен, сыпсыңдаған сөзуар Жәникенің өсекші, әзәзіл сөзінен де айқын аңғарылады. Мысалы, Ділдә: «Сіңірі шыққан кедейдің қызы босағамды көруге тең бе еді? Енді міне, желек астында желігін жасыра алмай, төбеме ойнап отыр!» [2] - дейді.
Енді бірде, оның аналық мейірімі шығармады былай көрсетіледі: «Ділдә болса, Әбіштің науқасына Мағаш науқасы ұқсап барады, деген жандардың уайымын естіп,ертеңді-кеш қатты уайыммен зар айтып жылай береді».
Жазушының сюжет құру, сюжет желісін шиеленістіріп әкетуге шеберлігі Тоғжан мен Әйгерім образын нанымды, қисынды етіп байланыстырғанынан анық байқалады. Бірінші рет үнін естіп, түрін жаңа көрген Шөкімән-Әйгерімді Абайдың өзі жүрегіне берік ұялаған Тоғжанды еске ала, Тоғжанмен салыстыра қарауы шындыққа сай, сыйымды. Абай Әйгерімді сүйгенде Тоғжанға балап, Тоғжандай көріп сүйді. Орны толмай өкініш болып жүрген арманынан арылып, көңілі тыныс тауып, рахаттанғандай сезім пайда болады да, Абай Әйгеріммен бұрыннан жақын, сырлас адаммен табысқандай болып қосылады. Әрине осы сырттай ұқсастықта ғана емес, бұл-іштей ұқсастықтың болуында. Сезімтал Әйгерім Абайдың сөз өнерінің, зор еңбегінің мәнін жақсы ұғатын, содан нәр алып, үйрене алатын жақсы дос болып көрінеді. Әйгерім өзінің Абайға қандай іштей жақындығын үлкен бақыт көреді, осы жақындығынан зор қуаныш табады. Ән салса да, кесте тіксе де, еңбек сүйгіш Әйгерім, Абай құптап, ұнатса, көңілі жай тауып, рахаттанғандай болады.
Әйел ана, жар-жұбай ма, бұла-бойжеткен бе... әйтеуір қияпаты бөлек қазақ қызының мінез-құлқын жазушы шебер бейнелеген. Әр бейненің тастан қашалғандай бедер табатыны сондай, әрқайсысы-бір адам ғана емес, бір топ адамның жиынтық бейнесі боп оқырманның көз алдында тұрады да, есінде қалады. Сонда әр кейіпкер-тип. Сонда бар ожданы тап-таза иманнан құйылғандай мейірім-шапағатқа толы Зере-әжелердің үлгісі, салқын қанды, сарабдал, сабырлы ақыл иесі Ұлжан- аналардың үлгісі, «сылдырлаған шолпысы әлдеқандай былдырлаған тілмен» бар сыры мен назын Абайға ғана құпия баян ететін, «ақ еті атқан таңдай аппақ» ару Тоғжан –алыстан арайлайтын қол жетпес арман секілді махаббат таңының үлгісі, әні сәніне, сәні әніне астасқан асыл, аяулы Әйгерім-жас жігіттің нақ сүйер сұлу жарының үлгісі... Жағымды әйел образдары көбіне көрікті, сұлу, сымбатты, ішкі сезім дүниесі сәнді, келісті жандар болып келеді.
Қазақтың сөз өнерінде «Әуезов әйелдері» деп атауға болатын айрықша әсем образдар галереясы ұлы эпопеяның жан тебірентер ғажайып жаңа бейнелерімен толықты да молықты.

Пайдаланылған әдебиеттер:


1. М.Әуезов «Абай жолы» романы, І том, 276-бет
2. З.Ахметов Мұхтар Әуезовтың «Абай» эпопеясындағы әйел образдары.
3. Қазақтың тұңғыш эпопеясы, Алматы баспасы.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет