Жазудың жалпы даму тарихына шолу
Рахышова Мадина Маратбековна
Жазудың тарихына қатысты шетелдік тіл білімінде біраз еңбектер аз емес. Атап өтсек, В.А.Истриннің «Возникновение и развитие письма» (Москва, 1965), «Развитие письма» (Москва, 1961); Д.Дирингердің «Алфавит» (Москва, 1963), И.Фридрихтің «История письма» (Москва, 1979),; И.Е.Гельбтің «Опыт изучения письма» (Москва, 1982) сынды еңбектер.
Жоғарыда аталып өткен еңбектерге сүйене отырып, жазудың даму тарихын эволюциясын тануға тырысайық. Қазақ тіліндегі еңбектерде сирек кездесетіндіктен әдістанымдық негіз ретінде жазу тарихына шолу жасаудың қажеттілігі бар деп білемін.
Қоғамдағы адамның мәні өз ойын сыртқа шығару қабілеті мен өзгелермен қарым-қатынас жасай алу қабілеті арқылы ерекшеленеді. Біріншісі, жеке-дара қасиеті болса, екіншісі, әлеуметтік қасиет. Адам өз сезімін ән айту, өлең шығару, сурет салу, мүсін жасау сияқты қоғамдық шартты құбылыстар арқылы білдіреді. Тарихқа көз жүгіртсек адам қоғамсыз өмір сүре алмағын. Сондықтан қоғам болып бірлесіп қабылданған бейнелер арқылы өз ойын, сезімін сыртқа шығарудың жолдары көбейе түсті.
Жазу сурет өнерінен бөлініп шықты. Ол қоғамдық ортақ келісімнен шыққан жасанды қарым-қатынас құралы болды. Айнала қоршаған ортадан көрген-білгенін, бастан кешкен оқиғаларын, сезіміне әсер еткен заттар мен құбылыстарды тұрмыс құралдарына қашап, кертіп салды (towrite – «жазу», көнескандинавиялық rita – «керту», «тырнау» деген мағына береді)
Алғашқыда адам тек өз басындағы ой, сезімді табиғат құралдарына белгілеп, сыртқа шығарды. Уақыт өте келе бұл туындыларды өзгелер де қарап, оқиға, құбылыстарды түсініп, қабылдай алатын болды. Жазудың қоғамдық сипаты сол дәуірлерден ақындала түскен. Бұның басты себебі, өз ойын сыртқа көркемдеп жеткізе білетін әрі қолынан сурет салу келетін қасиет адамдар санаулы болды да, ол «құдай жіберген» адам түсінігінде қабылданды. Бұл пиктографиялық жазу түрі еді. Тек бұл жазу түрін зерттеушілер жазу тарихынан гөрі өнер, магия тарихына апарады. Д.Дрингердің айтуы бойынша: «Полеолит дәуіріндегі суреттер біреуге бірдеме хабарлау мақсатынан тумаған сияқты, олар тек өз сезімдерін сыртқа шығару үшін ғана керек болды». Адамзат сөйлеуінің сатыларына сәйкес жазу типтері пайда болады. Ауызша тілдің сөйлем мүшелеріне бөлінбей, синкретті қолдану себебінен ең алғашқы жазулар сурет, идеограмма, логограмма болған. Сөздің дыбыстық элементтерге бөлінгенінен бастап дербес жазу шықты.
Адамзат өркениетінің ғұмыры жазу кезеңдерінің ғұмырынің өлшегіші. Жазудың пайда болуы, оның типтерінің, түрлерінің пайда болуы өндірістің, экономиканың дамуы мен қоғамдық, экономикалық қатынастардың жетілуіне қатысты болды. Дыбыс жазудың шығуы, біріншіден, адамзат санасының жетілуіне байланысты болса, екіншіден, жазудың қоғамдық қажеттіліктерді орындай алуында байланысты болды. Сөздің буынға, буынның дауысты және дауыссыз дыбыстарға бөлінуін байқау адамзат санасының өте жоғары дәрежесін қажет етті.
Ғалымдар жазу түрлері мен типтері туралы әртүрлі пікір айтады. И.Е.Гельб, Л.В.Зиндер сурет жазуын жазу емес, логографиялық жаудың алдындағы саты деп нақтылайды. Бұған Египет пен Грецияда жазу мен суреттің бір болуы, шумер логограммаларына қарағанда египет логограммаларында бейнелі-символикалық таңбалардың көп болуы да себеп болды.
И.Е.Гельб «жазу» ұғымына фонографиялық жазуды сәйкестендіреді. Оның топтастыруынша, фонографиялық жазу сөз бен буын жазуын, (шумер, египет, хэтт,қытай), буын жазуын (финикий, жапон) және әріп жазуын (грек, арамей, латын) қамтыды.
В.А.Истрин фразограммамен бірге алғашқы жазу типіне пиктографиялық жазуды жатқызып, одан кейін логограмма, морфеграмма, силлабограмма, фонограмма бірліктері жазу типтеріне сәйкес келеді дейді.
Америка үндістері, Қиыр солтүстік халықтарында, ертедегі Египет, Месопотамия, Финики, Крит, Испания, Оңтүстік Франция, Шумер, Қытай жерлерінде, Ацтек, Гватемалла, Пасха аралдарында алғашқы сурет жазу түрлері пайда болды. Қазақстан жерінде Алматы облысы Таңбалы сай (б.э.д. 7ғ), Талдықорған облысы, Ақсу,Қапал жерінен, Дауылбай тауынан, теректі сайы, Алакөл, Талас ойпатынан, Қарағанды облысы, Қаратаудан, семей, Дегрес, Балқаш, Ұлытаудан табылды.
Идеографиялық жазудың алғашқы үлгілері Солтүстік Америка мен Оңтүстік Америка тайпалары жерінен, Австралия, Полинезия, солтүстік-шығыс Сібір юкагирлерінен, Пасха аралдарынан табылды.
Логографиялық жазуды ең алғаш қолданған шумерлер (б.э.д. IV-III мыңж.) болды, кейінгі ежелгі эгипет, ежелгі үнді жазуларында дамыды. Ф.Гоммель, Х.Иенсен, Дж.Болли, И.Гельб сынды ғалымдардығ айтуынша басқа жазу түрлерінің барлығы шумер жазуынан бастау алған. Логограмманың пайда болуына сол елдердегі мемлекетті жазу арқылы жүйелеу қажеттілігінің әсері болды. Енді бір себебі жеке тілдердің сөз ағынына оңай бөлінуі, грамматикалық жағынан тұрақтылығы болды. Қытай тілінің түбір, шумер тілінің жалғамалы сипаты логограммалардың жасалуын жеңілдетті. Бірінші болып логограмманы шумерліктер ойлап тапқанмен, оны дамыту жағынан Египет пен Қытайкөш алда болды. Қытай иероглифі логография түрінен сақталды да, ал басқа жазулар ілгерілей берді. Сөздердің бір буыннан тұруы, жаңа сөздердің түбір қосындыларынан тұруы, ұқсас морфемалардың көп болуы, диалектінің көптігі, бір таңбаның әртүрлі оқылуынан қытай тілінің түбір сипаты пайда болды. Иероглиф жазу иератикалық жазуға, кейін демотикалық жазуға көшті. Логограммалар шумер тілінің жалғамалы сипатына сай келгенмен, кісі есімдерін, жауланған жер, халық атауларын жазуда қиындықтарға келіп тірелді. Сөйтіп, шумерліктер тағы да буын жазуын алғашқы болып жасады (б.э.д. III мыңж.). Оған бір буынмен тілдегі ортақ аффиксті беру оңтайлылығы, бір буыннан тұратын омонимдер көптігі әсер етті. IV мыңжылдықта шумер логограммасы 1500-ден артылса, III мыңжылдықта 600-ге қысқарды. Шумер жазу түрінде дауыссыз дыбыс қатары мүлде болмады. Логограммаларда деректі таңбалардың қосындысы көп болды.
Ең алғашқы жазу Тигр мен Ефрат өзендерінің аралығында Месопотомия өлкесінде, шумерліктерде б.э.д. 3100 ж. пайда болды.
Шумер мен аккад мәдениетін пайдаланып вавилондақтар дамыды. Вавилондықтардың кансонантты жүйесіне, ішкі флексия сипатына, қос дауыссыздардың қатар келуіне, сөз аяғында ұяң, қатаң дыбыстарды айыру сипатына шумердің буын жазуы сай келмеді. Бөтен жазуды қолданудан вавилон жазуына қиындық алып келді.
Буын жазудан кейін тарих сахнасына келген жазу бір тыбысқа бір таңба сәйкескен дербес жазу деп аталды. Оны кейде әріптік-дербес жазу деп те атайды. Дербес жазудың екі түрі белгілі: консонантты, вокалды. Алғашқысы таза консонантты (египет, батыс семит жазуы) және жартылай консонантты (жол үсті, асты дауысты дыбыс белгілері бар) деп бөлінеді. Консонантты жазу б.э.д I мыңж. жатады.
Дауыстыларды белгілуіне қарай алфавит үш типке бөлінеді: I тип – грек, латын алфавиті (дауыстылар белгіленеді), II тип – арамей, еврей, араб әліпбиі (дауыстылар диакритикалық таңбамен беріледі), III тип – үнді әліпбиі (дауыстылар диакритикалық белгілермен немесе таңбалардың ішкі модификацияларымен берілді).
Консонантты жазу ең алғаш египет жазуында пайда болды. Бұның себебі, В.А.Истриннің айтуынша: «Ежелгі египет тілінің семит тілдерімен (ассиро-вавилон, финикий, арамей) ортақ белгілері болуында, яғни дауыссыз дыбыс ерекше грамматикалық мағынаға ие болды да, дауысты көмекші функцияда жұмсалды». Египет тіліндегі 3300 түбірдің 2200-і үш дауыссыздан, 600-і алты дауыммыздан, 400-і екі дауыссыздан тұрған. Сонда египетжазуының 26 әрпінің 4-еуі (а, е,j, w) кейде ғана дауыстының таңбасын берді. И.Гельб пен Дьяковтың пайымдауынша, кез келген консонантты жазу дауыссыз бен қандай да бір дауыстының тіркесін береді. И.Фидрих «Бір дауыссыз дыбыс әрпі дауысты мен дауыссыз дыбыс тіркесін берді, Минерва сөзі MNRVA деп жазылған» дейді этрус жазуларында l,m,n,s,f әріптері силлабема ретінде қаралды: c-ке, k-ка, q-ку деп аталды. Сондықтан екі дыбысқа бір таңба арналды. Дауысты дыбыс таңбасы болса, ол тек туынды сөздің грамматикалық формаларын берді. Мысалы, ktl – «өлтіру», KeTol – тұйық етістік, KoTel – «жан алғыш», KaTuh – «өлген» д.с.
Консонантты жазу египеттіктерде алғашқы жазу болып табылғанмен онда логограммалар, морфемограммалар да кездеседі. Ал финикий мен батыс семит халықтары (б.э.д. II мыңж) таза дербес жазу жүйесін алып келді. Финикийлер – б.э.д. III мыңж дейін Жерорта теңізінің шығыс жағалауын мекендеген, ірі сауда шахары болған халық. Олардың жазуындағы 22 әріптің бәрі дауыссызды, жартылай дауыстыны таңбалады. 22 таңба – алеф, бет, гимел, далет, хе, вав, зайн, хет, тет, йод, каф, ламед, мем, нун, самеһ, айин, пе, цаде, коф, реш, шин, тов. Әріп атауы реалий атауының алғашқы дыбысымен сәйкес келеді. Жазудың ұтымдылығы алфавиттік реттің болуы, сөздің алғашқы дыбысына әріптің сәйкес келуі, таңба сөздің денотатына ұқсас болуы, жазу процесінің оңнан солға көлбеу бағытта жүруі жатады. И.Фидрих батыс семит халықтарының жазуының маңызы туралы былай дейді: «Егер біз қателеспесек, дауыссыздарды таңбалаған әлемде жалғыз жазу болды, ол кейін гректің толық жазуына айналған батыс-семит халқының жазуы»
Ғалымдар финикий әліпбиінің консонанттылығы туралы әртүрлі болжам айтады. Бір екеуін мысалға келтірсек: Морис Дюнан әліпбидің тез таралу үшін семит халқы саналы түрде дауыстыларды белгілемеді дейді. Финикий әліпбиінде дауысты дыбыстардың болмауы дамымағандығынан емес, әліпбидің ұтымды жағы болуында. «Дауысты дыбыс таңбасының бүгінде (әсіресе ағылшын жазуында) көпмәнді болып кеткені соншалық алғашында ол таңбаға қандай мән жүктелгені белгісіз болып қалды».
Бір ғана ұғымды беріп келген сурет, логографиялық жазу қалай ғана дербес жазуға айналды.
Суретжазу мен дыбысжазу аралығында сөзжазу, ребус жазуы болғанын, ал сөзжазу жалпы ұғымнан гөрі, ауызша айтылғандығы сөзбе-сөз түсіріпиотырғанын білсек, оның бержағында дыбыстық ребустың да өмір сүргенін аңдасақ, алфавиттік жазуға эволюциялық кезеңдерді бастан өткізіп барып жеткен.
Тарих сахнасындағы мынандай жеті жазу жүйесі адамзат мәдениетінің өркендеуіне түрткі болды: шумер жазуы (Месопотомия, Тигр, Ефрат өзендері аралығында б.э.д. 3100 ж. – б.э. 75 ж.); ежелгі элам жазуы (Эламда б.э.д. 3000ж. – б.э.); ежелгі үнді жазуы (Үндістанда, б.э.д. 2200 ж.); қытай жазуы (Қытайда б.э.д. 1300 ж.); египет жазуы жазуы (Египетте б.э.д. 3000 ж.); крит жазуы (Крит, Греция жерінде б.э.д. 2000 – 1200жж.); хетт жазуы (Анаатол, Сирияда б.э.д. 1500 – 1700 жж.).
Жазу тарихына шолу жасағанда тоқтала кететін тағы бір жазу жүйесі ол араб графикасы. АГнҚЖ - ның қадим жүйесінде 34 таңба бар. Араб әліпбиіне сәйкесі - 28, парсы әліпбиінен алынғаны - 4, түркіден - 1, енді бірі ауған жазуының әрпі екені анықталды. Араб жазуында қазақ тілінің дауысты дыбыстардың жүйесі 3 таңбамен берілді. Ал топтасырылғанда: фонемалардың ашық, қысаң және дифтонг белгілеріне байланысты. Яғни, <а> , <ә> , <е>, <ы>; <й>, <ы>, <і> , <е>; <у>, <ө>, <ұ>, <ү> [3, 67 б.].
<е> фонемасының ашық - қысаңдығы араб гафикасында айырылмайды. Сол себептен, <а>, <ә>, <е> фонемалары төрт түрлі позициялық әріп- вариантта қолданылады. Бірақ бұл фонемалар бір графемаға ұйымдасқан. Оларды графема-әріп қатынасында көрсетсек, мысалы, 3 фонема: 1 графема; 1 графема: 4 әріптен тұрады. Дауыстылардың өзіндік таңбаланатын жүйесі болады. Бұл пікірді Г. Мамырбекова өз зерттеуінде айтып өтеді. Сөз басында <е> фонемасы міндетті түрде /иа/ -мен берілген, ал сөз ортасы мен аяғында <а>, <ә> - лермен бірге /һа/ арқылы таңбаланған. Мұндағы сөз басындағы <е> -нің дифтонг реңкі жазуда ескерілген. Кейде дауысты дыбыстардың бір инвариант таңбасының қойылмай кетуі де кездеседі. Ол жазудың кодтық қасиетін көрсетеді.
Қысқа дауыстылардың харакаттармен, созылыңқы дауыстылардың мадда белгісімен белгілену тәртібіне байланысты, қазақ жазуында дыбыстық мәні бар әріпке мадда белгісі қойылса, дыбыстық мәні жоқ әріпке мадда белгісі қойылмайды.
Ал араб жазуында қалай? Бұл жазуда мағынасына қарай дауысты дыбыстарды қалпына келтіріп оқитын логикалық әдіске негізделген. Сөзді тұтас көріп отырады. Мұнда мәтін буын не әріп арқылы жасалмайды. Сондықтан алғашқы буындағы дауыстылардың редукциялануы, әсіресе қысаң езуліктердің фонемалық мәнге ие болмағанда таңбалануы тұрақты нормаға айналды.
Ор, өр, ұр, үр сияқты бір буынды сөздердің мағынасын ажыратуда қиындық туды. Ал дауыстылар жүйесінің графема – фонема қатынасы 3:9 болып шықты.
Араб тілінің графикасы түпнұсқа қалпында жүйесі бөлек қазақ тілінің ЖТ – нде пайдаланылды. АТ – дан өзгеше, АГнҚЖ өзіндік деңгейі мен жүйесі болған, оған параллель жатқан жүйе болды. Сонымен қатар халықтық тілден едәуір айырмашылығы бар кітаби тілдің тұрпат межесін белгілеген графикалық жүйе болды дейді,- Н.Уәли.
20 дауыссыздар жүйесін құрайтын таңбалардың 3 әрпі шеттен енген сөздерді таңбалады: х, ф, ч: хазірет, хабар хош. Түркістан уәләяты газетінде, яғни бұл араб жазуының демократиялана бастаған жәдид жазу жүйесі кезінде бұл қатардың кейбіреуі қ әрпіне ауыса бастады: қабар, қан. Ал <ц> тс пен, <в> - у мен берілді. <Ң> - /нк/ әріп тіркесімен беріліп, сөз мағынасы дауыссыздардың жуан – жіңішке нұсқасымен айрылып отырды. Парсы әліпбиінен алынған таңбалар жүйесіне: [п ], [ғ], [ч] жатқызамыз.
Сөз аяғы [п] - мен аяқталмайтынын, <п> фонемасының сөз басында парсылық /пе/ - мен, сөз аяғында арабша /ба/ - мен сөз ортасында бірде /ба/, бірде /пе/ берілу жүйесінен байқауға болады. Сонымен қатар, <б> фонемасының сөз ортасында /ба/ - мен, бірге /ве/ - мен да берілуін интервокал позициядағы босаң <б> вариациясын білдіруі деп түсінуге болады. Бұл Г.Мамырбекованың зерттеуі бойынша .
<п> дыбысының әрпі өзге әліпбиден, яғни парсы әліпбиінен алынса да, толық өз функциясында жұмсала алмаған. Бұл <п> дыбысы араб әліпбиінің түпнұсқасында болмаған.
Басқа тілден енген акроном, дәркер емке, крек сөздерінде <г> - к әрпімен таңбаланып отыр. Араб әліпбиінде <г> фонемасының таңбасы болмағандықтан кейде орнына ғ әрпі пайдаланылған. Бұл Б. Әбілқасымовтың зерттеуі бойынша.
Ч, ш екі әріп таңбалары бірінің орнына бірі қолданыла берген. Ч әрпі өзге графикадан алынғандықтан, ш графемасынан дифференцияланбайды. Ч әрпі қатаңмен де, үндімен де іргелес келгенде таңбаланған кездері болады: айтчы, елчі. Орыс тіліндегі <в> фонемасы 3 түрлі дыбысталады. Олар: у, б, ф әріптерімен беріледі. Мысалы: чинобник, бистафка, Жапаноф, Ибаноф т.б.
Ерін үндесімінің басым берілуі, тіпті қосымшаларының да таңбалануы, араб жазуының емлесіндегі ең бір ерекшелігі болып табылады. Мысалы: болұс, мүйүз, тұрғұн, ұзұнлұқ, үстүнен. Барұб, келүб сөздерінде оғыз – қарлұқ архаикалық элементінің дәстүрін сақтағанын байқаймыз.
Қ.Жалайырдың еңбегінде қосымшалардың еріндік нұсқасының мүлдем кездеспейтінін, ал лабиалды үндесім тұрақты таңбаланбайтынын профессор Р.Сыздықтың еңбегінде айтылған.
Бұл қазақ тілінің өз емле нормасы, орта түркі шағатай тілінің орфографиялық нормасынан бөлініп шыға бастағанын көрсетеді.
Көптік жалғауының қазақ АТ - да 9 нұсқасы бар. 9 <лар, лер, дар, дер>, / <лар>. Мұнда қосымшалардың мазмұн межесі бір тұрпат межесіне сай келген қосымшаның таңбалық сипатын көрсетті.
Араб жазу дәстүрінен қазақ тілінің өзіне тән жазу жүйесі түзіліп келе жатқанын мына белгілерден байқауға болады. Мысалы, орнына, халқыңыз, көңлүме сияқты сөздерде ұысаң езуліктердің айтылуы бойынша түсіріліп жазылуынан, йақшы, йарханыб, ахыры, ахшар сөздерінен, интервокал позициядағы <қ> фонемасының /х/ әрпімен берілуі, әріптердің жуан дауыстылармен іргелес жазылуынан білуге болады.
Г.Мамырбекованың XVIII- XIXғғ. араб жазулы ескерткіштердің әліпбиі мен орфографиясына арнайы зерттеуінде, АГнҚЖ-ның жалпы сипаты мен маңызын көрсетті.
Пайдаланылған әдебиет тізімі
Күдеринова Қ. Қазақ жазуының теориялық негіздері. Алматы 2010
Н.Уәлиев. А.Байтұрсынұлы және қазақ жазуының онтогенездік дамуы // ұлттық рухтың ұлы тілі. Алматы: Ғылым, 1999. -155б.
Мамырбекова Г. XVIIV – XIX ғғ. Араб жазулы қазақ жазбаларының графикалық-орфографиялықерекшеліктері: фил. ғыл. канд...автореф. / Г.Мамырбекова. – Алматы, 2006.- 25 б.
Г. Мамырбекова Қазақ тілі мдауыстылар жүйесінің XVIII-XIX ғ. араб жазулы ескерткіштерде таңбалану ескерткіштері // Тілтаным. 2001. №3
Р.Сыздыкова ЯзыкЖами ат-тауарих Жалаири. Алматы, 1989. -248с.
Әбілқасымов Б. Алғашқы қазақ газеттерінің тілі. Алматы: Ғылым, 1971. -272б.
Достарыңызбен бөлісу: |