Дидактикалық материал Шақан-шері



бет1/2
Дата23.12.2023
өлшемі19.2 Kb.
#487794
  1   2
3 Дидактикалық материал


Дидактикалық материал
Шақан-шері
(үзінді)

Тек бір жолы ғана тірі шөнжікке ұшырасты. Су жағасында, тал түбінде бұратылып жатыр екен. Шақан кәміл таныды. Қара жолағы аз, өте енсіз, қызыл сарыдан қоңыр күреңге бейім, өзгеше тұрпатты шөнжік. Сақина белдеулі шұп-шұбар құйрығы осыдан он шақты күн бұрын кесіліп еді. Қызыл шөнжік басын әрең көтеріп, сүйретіле қашпақ болды. Қолға алғанда қоқақтап аузын ашып, тістеуге, тыпырлай бұлқынып, тырнауға әрекеттенді. Шақан осының алдында ғана ұрып алған қырғауылдың ішін жарып, бауыр, жүрегін алып беріп еді. Ертеңіне тастап кетуге қимады. Мойнына жіп тағып, жетектеп алған. Апта бойы қасына ертіп жүрді. Әбден тойғызды. Бірақ өлтіре салуға қолы батпаған. Асырап алсам ба деген ой келіп еді. Тез жеріді. Жетекте жүрсе де жұғысар емес. Тамақты қолдан жемейді. Әліне қарамай, алыса кетуге бейім. Жарайды, үйренсін. Сонда қайтеді мұны? Жүгірген ит емес. Мінетін ат емес. Босатып қоя берген. Бірақ жетім шөнжік соңынан қалмады. Ерген де отырған. Күн емес. Апта емес. Ай бойы. Із қуып арттан жүреді. Баспалап алыста жатады. Орағытып алдан шығады. Қайткенде тым тақау келмейді. Ұзап та кетпейді. Шақан өткен жолына, ерулеген, қонған жеріне жем тастауды әдетке айналдырды. Ал күзге жақын Іле жағасындағы бітеу қамыс ішінен дөкей қабан атып берді. Бұл – қоштасқаны еді. Шөнжік мол етке еріксіз аялдамақ. Өзінің анасын өлтірген, енді амалсыз асыраушыға айналған Шақаннан көз жазбақ. Ар жағы... әрине, аштық, өлім.


Екі-үш күн бойы бүйрек-бауыры шымырлап, ұйқысы бұзылды. Қызыл шөнжік көз алдынан кетпей қойған. Тағы бір жыртқыштың көзін жойған жаңа айқастан соң ғана тыншыды.
Бірақ ұмытпапты. Арада... қаншама заман өткен соң, желтоқсандағы алғашқы сонарда із кесті. Бедерлі, салмақты, дөп-дөңгелек. Толысқан арлан ізі. Көп ұзамай қуып жеткен. Тарғылы жоққа тән, тайдай қызыл шері. Жұқа, күпсек қар үстінде керіле басып, салпаңдай аяңдап барады... Арлан қалт тоқтады. Көлденеңдей бере, созылып тұра қалған. Сол кезде көрді. Құйрығы шолақ екен. Шақан... Қорбаңдай ұмтылып, ашыққа шықты. Шолақ жолбарыс кеудеге ұрғандай шегіншектей бере шабынып, ар ете түскен. Сабау құйрығы шолтаңдап, бүйірін қамшылап, қар шаша етпеттеген. Адамнан ығар түрі көрінбейді. Аралық жақын болса, бөгелмей атылатындай. Қазір де тұра ұмтылуға шақ жатыр.
Шақан тағы бірнеше қадам басты. Қызыл шері жылмия арылдаған қалпы орнынан көтеріле берген. Дәл осы сәтте жойқын мылтық та тарс атылды. Қарсы алдындағы көбік қар бұрқ еткен, жолбарыс секіре тұрып, ытқи қашты. Көздегені қате кетпеген Шақан өмірінде бірінші рет мүлт басыпты. Бірақ өкінген жоқ. Қуанған да жоқ. Таңырқаған. Өзінің мүлт ұрғанына емес. Баяғы жетім шөнжіктің тірі қалғанына. Әлде тәңірі асырады. Әлде ұялас үйір тапты. Қайткенде де, кешегі дәрменсіз, добал шөнжік бүгін қайратты, келбетті жыртқышқа айналған. Әккі, қу. Бәлкім, ағайындарының бәрінен қатерлі.
Шақан қызыл шолақ шеріні бұдан соң ұшыратпады. Тек осы жолы... құмға бет бұрған кезінде бір түйткіл тапқан. Ізіне түскен жолбарысы жатып, тыныстаған жерде құм бетінен доға сызық көріп еді. Шолақ құйрық таңбасы. Көре, біле тұра нық сенбеді. Қалай сенсін. Одан бері қаншама заман. Тіпті, қыстың қыраулы күндерінің бірінде шолақ шерімен кездейсоқ ұшырасқан суреттің өзі күңгірт. Еміс елеске, бұлдыр ертегіге айналған.
Енді, міне... бар екен. Рас екен. Әуелі енесінен айырған. Содан соң шолтитып құйрығын кескен. Кейін ақ қарда қақ басынан көздеп атқан. Кеше құмда ізіне түскен. Жаңа ғана бетпе-бет келді. Қызыл жолбарыстың, тоғайдағы, қамыстағы, құмдағы бар шерінің есесі түгенделетін сәт туды. Бір-ақ тарпитын еді. Оп-оңай боршалайтын еді. Тарпымады. Боршаламады. Таныды...
Таныды... Есіне түсті... Көп қиянаты емес, аз ғана жақсылығы. Дәмнен аттамады. Дәті бармады. Дұшпандығын біле тұра кеңшілік жасады. Жығылған жаудың кеудесінен түсті де жүре берді... Әлде... адам емес, аруақ екенін көрді ме...



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет