Үстел үстінде ойналатын дидактикалық ойындар
Үстел үстінде ойналатын дидактикалық ойындар – балаларға арналған қызық сабақ. Түрлері бойынша олар әртүрлі: сыңар суреттер, лото, домино. Ойындарды ойнаған кезде шешілетін тапсырмалар да әртүрлі.
Суреттер сыңарын табу ойындары. Мұндай ойындағы ең қарапайым тапсырма – алуан түрлі суреттерден бірдей сыңарларын: түстері, үлгілері және т. б. бірдейлерін табу. Содан соң тапсырма күрделенеді: бала суреттерді тек қана сыртқы белгілерімен ғана емес, сонымен бірге мағынасы бойынша да біріктіреді, мысалы: барлық суреттердің ішінен екі ұшақты табу. Суретте бейнеленген ұшақтар, түсі, пішіні бойынша әртүрлі болуы мүмкін, бірақ оларды ұқсатып заттардың бір түріне жатқызып, біріктіреді.
Жалпы белгісі бойынша суреттерді таңдау ойындары. Мұнда кейбір жалпылау, заттардың арасындағы байланысты белгілеу талап етіледі. Мысалы, «Бақта (орманда, қалада) не өседі?» ойынында суреттердегі бейнеленген өсімдіктерге сәйкес, олардың өсетін жерлеріне қатысты, суреттердің бір белгісі бойынша біріктіріп, таңдайды. Немесе «Сосын не болды?» ойынында, балалар қандай да бір ертегі сюжетінің реттілігіне сәйкес, иллюстрацияларды таңдайды. Суреттердің құрамын, санын, орналасуын есте сақтау ойындары. Мысалы, «Тапшы,қандай суретті жасырдық?» ойынында балалар суреттердің мазмұнын есте сақтауы керек, ал содан соң қай суреттің жоқ екенін анықтау керек. Мұндай ойындардың дидактикалық тапсырмалары: балаларда заттардың санын және реттілік есебі туралы, үстел үстіндегі суреттердің кеңістікте орналасуы туралы, суреттермен болған өзгерістерге байланысты айта білу, олардың мазмұндары туралы білімін бекіту болып табылады.
Ересектер топтарында тапсырмалардың шешілуі күрделірек: кейбір балалар суреттегі салынған қимылдарды бейнелейді, басқалары суретте кім салынғанын, онда адамдардың не істейтінін, мысалы өрт сөндірушілер отты сөндіреді, теңізшілер теңізде жүзеді, құрылысшылар үй салады және т.б. табады.
Мұндай ойындарда жеке тұлғаның осындай құнды қасиеттері: қайта түрленуге қабілеттілігі, қажетті бейнені жасаудағы шығармашылық ізденушілігі қалыптасады.
Сөздік ойындар
Сөздік ойындар ойнаушылардың сөздері мен әрекетінен тұрады. Мұндай ойындарда балалар заттар туралы түсініктеріне сүйеніп, олар туралы білімдерін тереңдетіп үйренеді. Балалар өздігінен түрлі ойлау тапсырмаларын шешеді: олардың сипаттамалық қасиеттерін бөліп, заттарды суреттейді; суреттеу бойынша табады; ұқсастық және айырмашылық белгілерін табады; әртүрлі қасиеттері, белгілері бойынша заттарды топтайды. Бұл дидактикалық ойындар барлық жастағы топтарда өткізіледі, әсіресе балаларды мектепке дайындауға мүмкіндік беретін, мектепке дейінгі ересек жастағы балаларды тәрбиелеу мен оқытуда ерекше маңызды: педагогты мұқият тыңдай білуді дамытады, қойылған сұраққа жылдам жауап табады, өз ойын дәл және анық тұжырымдайды, қойылған тапсырмаға сәйкес білімді қолданады.
Сөздік ойындарды педагогикалық үдерісте қолдануға қолайлы болу үшін төрт топқа біріктіруге болады.Олардың біріншісіне заттар мен құбылыстардың маңызды белгілерін бөліп қалыптастыра білуде көмектесетін ойындар : «Тапшы?», «Дүкен», «Иә – жоқ» және басқалар кіреді. Екінші топты балалардың салыстыру, беттестіру, дұрыс ақыл қорытындысын жасауын дамытуда қолданылатын: «Ұқсайды – ұқсамайды», «Кім өтірікті көбірек аңғарады?» және т. б. ойындар құрайды. Үшінші топқа әртүрлі белгілері бойынша заттарды жалпылау және топтастыра білуді дамытатын « Кімге не керек?», «Үш затты ата», «Бір сөзбен ата» және басқа ойындар біріктірілген. Ерекше төртінші топқа зейінді, аңғарымпаздықты, ой ұшқырлығын, байсалдылықты, әзіл оспақты түсіне білуін дамытатын: «Бұзылған телефон», «Түстер», «Ұшады – ұшпайды» және басқа ойындар жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |