ЛИНГВОФОЛЬКЛОРТАНУ ТУРАЛЫ ЖАЛПЫ ТҮСІНІК
1.1 ОРАҚ-МАМАЙ ЖЫРЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУ ЖАЙЫ
Біз дипломдық жұмысымызда «Орақ-Мамай» жырының тілдік табиғатын зерттемекпіз. Онда қолданылған сөздердің мағынасына, сөздердің құрылымына, сөйлем жүйесіне назар аударатын боламыз. Әрине, осы уақытқа дейін «Орақ-Мамай» жырын әдеби тұрғыдан зерттегендер көп болды. Оның нұсқаларын жинау, ортақ мотив, сюжеттерін анықтау, жырдың жанрлық табиғатын айқындау, кейіпкерлер жүйесін сипаттау секілді әдебиеттану, фольклортану тұрғысынан біраз еңбектер атқарылды. Олардың басында фольклортанушы ғалымдарымыз тұр. Алайда, «Орақ-Мамай» жыры тілдік аспектіде, лингвистика саласында зерттелген жоқ. Жалпы лингвистикада прозалық шығармалар зерттелгенімен, поэзиялық туындыларды тілдік тұрғыдан зерттеу еңбектері аз. Көркем мәтінге (поэзия) линвистикалық талдау жасалған зерттеулерге Р.Сыздықтың «Абайдың сөз өрнегі», Қ.Өмірәлиевтің «Махамбет поэзиясының тілі», «Қазақ поэзиясының жанры мен стилі», Ж.Байзақовтың «Алпамыс батыр жырының тілі», Б.Момынованың «Шәкәрім шығармаларының тілі», Г.Ә. Мұратованың «Абайдың тілдік тұлғасы» т.б. еңбектерді жатқызамыз.
Қазақ тiл бiлiмiнде эпос тілі жайында алғашқылардың бiрi болып қалам тартқан және жоғары ғылыми-теориялық деңгейде пiкiр айтқан, белгiлi ғалым Е.Жұбанов болды. Оның 1963 жылы жарық көрген «Эпостың тілін зерттеудің кейбір мәселелері және «Қозы Көрпеш –Баян сұлу» жырының лексикасы», 1977 жылғы «Ауызекі поэзия тілін зерттеудің лингвистикалық аспектілері», 1981 жылғы «Қазақ ауыз әдебиеті және әдеби тіл» сынды мақалаларында, сондай-ақ, 1978 жылғы «Эпос тілінің өрнектері» арнайы зерттеу еңбегінде эпос тілінің табиғатын жан-жақты зерттеп қарастырды. Одан өзге 1964 жылы жарық көрген Т. Қордабаевтың «Тарихи синтаксис мәселелері», Қ. Өмірәлиевтің 1988 жылы «Ғылым» баспасынан шыққан «Оғыз қаған эпосының тілі», 1993 жылы жарияланған Р. Сыздықтың «Қазақ әдеби тілінің тарихы», т. б. еңбектерінде де эпос тілі турасында құнды пікірлер айтылады. Бұл зерттеу еңбектерінде эпостық жырларда сақталған көне грамматикалық тұлғалар, өлең ырғағын жасаушы сөздердің тобы мен түрлі синтаксистік амалдар, тілдің лексикалық топтары, фразеологизмдер мен қос сөздердің қолданыс ерекшеліктері талданады.
«Орақ-Мамай» жыры жөнінде алғаш пікір айтқан тұңғыш қазақ ғалымы – Ш.Уәлиханов. 1854-1855 жылдар шамасында Ш.Уәлиханов ел арасынан «Орақ-Мамай» жырының үзіндісін жазып алған. Сол «Орақтың жырлағаны» деп аталатын мәтін орысша аудармасымен ғалыымның бес томдық шығармалар жинағының 1-томында жарық көрген. 1861 жылы араб әліппесіндегі Шоқан қолжазбасы ғалымның орыс тіліндегі өз аудармасымен қоса баспа бетінде жарық көреді. «Орақ-Мамай» жырының бір варианты 1903 жылы Қазан қаласында жеке кітап болып басылды. Кітапта ешқандай жыршының аты немесе жинаушының есімі көрсетілмеген. Осы нұсқа аталған баспадан 1908 жылы қайта басылып шықты. Одан кейін «Орақ-Мамай» жырының үзіндісі Орынбор қаласында Ғабдолла Мұштақ (Ғұмар Қараш) бастырып шығарған жинақта жарық көрді.
1945-1950 жылдарға дейін А.Байтұрсынұлы, С.Сейфуллин, М.Әуезов, Қ.Жұмалиев, т.б. ғалымдарымыз «Орақ-Мамайды» тарихи жыр ретінде қарастырса, Ә.Қоңыратбаев, Р.Бердібай қаһармандық эпос ретінде қарастырған. 1974 жылы Ташкент қаласында басылған «Мұрат ақынның сөздері» атты Халел Досмұхамедұлы құрастырған жинақта «Қарасай-Қази» атымен Мұрат нұсқасы жарық көрді. 1926 жылы Мәскеуде А.Байтұрсынұлы жинастырып, бастырған «Жиырма үш жоқтау» жинағында «Қара Үлектің Мамайды жоқтауы» жарияланды. 1928 жылы Нұртуған нұсқасы, 1936 жылы Васильев нұсқасы, 1941 жылы Айса Байтабынов, Жұмағазин Әміреш нұсқалары, 1942 жылы Мұрын жырау нұсқасы Қолжазба қорларына түсті. 1945 жылы Н.Байғанин нұсқасы жарияланды.
Алайда, осы кезеңдерде құрастырылып, жарияланған батырлық жырларының жинағына «Орақ-Мамай» жыры енбеген. Жырдың жанрлық табиғатын алғаш анықтаған ғалым – А. Байтұрсынұлы. Ол өзінің «Әдебиет танытқыш» еңбегінде батырлық жырлар мен тарихи жырлардың ерекшеліктеріне тоқтала келіп, былай дейді: «Халықтың есінен кетпеген, қазақ басынан кешірген оқиғалары толып жатыр. Солар туралы өлең етіп шығарған сөздер болса, солар тарихи жыр болады. Мәселен, «Орақ-Мамай», «Абылай», «Кенесары-Наурызбай», «Ерназар», «Бекет» өлеңдері – тарихи жырлар» [1,28]. Одан кейін 1928 жылы Халел Досмұхамедұлы эпостық жырларды жанры бойынша жіктегенде, А.Байтұрсынұлының пікірінен өзгеше шығып, бұл жырды батырлық жырлар қатарына жатқызды. Ғалым бұлай жіктеуде Мұрат ақын жырлаған «Қарасай-Қази» эпосынан келтірілген біраз мәліметтерге сүйенеді.
1925 жылы Орақ батырдың тарихи тұлғасын анықтаған, генеологиялық кестесін құрған М.Тынышбаевтің «Едіге бидің тұқымы» атты мақаласы жарық көрді. Ол өзінің Ташкентте басылып шыққан «Терме» атты жинағына енген болатын. Қазақтың эпостық жырларын типологиялық жағынан қарастырып, жүйелеген ғалымдар қатарында Сәкен Сейфуллин де бар. 1932 жылы шыққан «Қазақ әдебиеті» деп аталатын еңбегінде ноғайлы дәуіріндегі жырлардың түгендей келіп, солардың қатарында «Орақ-Мамай» жырын да атайды.
1939 жылы Мұхатр Әуезовтің Леонид Соболевпен бірлесе жазған «Қазақ халқының эпосы мен фольклоры» атты еңбегінде «Орақ-Мамай» жырының ерекшеліктерін атай келіп, жырдың он мың жолдан тұратынын көрсетіп өтеді. «Орақ-Мамай» жырын жан-жақты зерттеген ғалымдар қатарынан Қажым Жұмалиевті ерекше айтуға болады. 1943 жылы 8-сыныпқа арналған оқулығында «Орақ-Мамай» жырының мәтінін беріп, оның көркемдік ерекшелігі мен кейіпкерлер жүйесіне талдау жасайды. Сонымен қатар ғалым бұл жырды қазақ әдебиетінің үлкен байлықтарының бірі деп көрсетеді [2,11].
1943 жылы «Орақ-Мамай» жырының үзіндісі 8-сыныпқа арналған «Қазақ әдебиеті» атты оқулықта және «Қарасай-Қази» деген атпен жеке кітап болып жарияланды. 1943 жығы басылымнан кейін көптеген қазақ фольклорының тарихи туындыларымен қатар «Орақ-Мамай» эпосын да жариялауға тыйым салынды. Тек өткен ғасырдың 80-жылдарының соңынан бастап «Орақ-Мамайға» оралудың сәті түсті. 1989 жылы аталған жырдың Мұрын жыраудан жазылып алынған нұсқасы 1942 жылы «Батырлар жыры» көптомдығының 5-томында жарқы көрді. «Орақ-Мамай» жырының Нұртуған жырлаған нұсқасының үзіндісі әдебиетші-журналист Ә.Оспанов құрастырған ақын шығармаларының жинағында жарияланды. Қарақалпақстандағы Қоңырат қаласының тұрғыны жыршы Мәмбетұлы Атаубайдан жазылып алынған «Орақ-Мамай» жырының мәтіні «Қарасай-Қази» деген атпен 1992 жылы «Қазақтың батырлық эпосы» деген жинақта, 2006 жылы «Қазақтың ерлік эпостары» атты жинақты жарияланды.
Қазір ҚР Білім және ғылым министрлігі Орталық ғылыми кітапханасы мен М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар қорында жырдың оннан астам нұсқасы сақталған. Оның ішінде Б.Жақыпбаев, Е.Хасенов, А.Байтабынов, Ғұмар Қараш, Нұртуған жырау, В.Васильев, Ә.Жұмағазиев, Мұрын жырау, Ж.Байшолақов, Ә.Мәмбетұлы, О.Оңғарбайұлы, т.б. нұсқалары бар. Осы айтылған нұсқалардың ішіндегі көлемдісі, ең көркем түрлерінің бірі – Нұртуған нұсқасы болып саналады.
«Орақ-Мамай» жыры жайында бірқатар ғылыми мақалалар мен зерттеу еңбектері жазылды. Бұл орайда Ш.Уәлиханов, Ғ.Қараш, Х.Досмұхамедұлы, М.Әуезов, Ә.Марғұлан, Қ.Жұмалиев, Ә.Қоңыратбаев, Р.Бердібай, В.Жирмунский, Г.Короглы, М.Ғабдуллин, С.Қасқабасов, Ш.Ыбыраев, А.Тұрғанбаев сынды ғалымдардың ғылыми еңбектерінде құнды ой-пікірлер келтірілген [3,459-461].
«Орақ-Мамай» жыры туралы алғашқы, әрі жүйелі зерттеудің бірі –В.Жирмунскийдің 1974 жылы жарық көрген «Тюркский героический эпос» еңбегі. Онда ғалым бұл жырды Ноғайлы дәуіріне жататын ең көлемді эпостар қатарында атайды. «Ноғай жырлары циклінде орталық орынды Мұса ханның балалары Орақ, Мамай және Ысмайыл туралы және Мұса хан өлгеннен кейінгі қанды оқиғалар айтылатын эпостық шығармалар жатады» [4,400]. Ғалым «Орақ-Мамай» жырының сюжеттік желісі мен кейіпкерлер жүйесіне тоқталып өтеді. Жырдың мазмұнын беріп, әр нұсқадағы эпизодтарының өзгешеліктері мен байланыстарын сөз етеді. Фольклортанушы, эпостық шығармаларды арнайы зерттеген ғалым Р.Бердібай өз еңбегінде: «Қарасай-Қази» төлегей төнген үкім болмаса да, ол да халыққа жат эпостардың дүрмегіне қосылып кете барған. Енді бір топ жыр («Орақ-Мамай», т.б.) шежіре бойынша Едігеден тарайтын ұрпақ болғаны үшін жабық тақырып санатына қосылған. Байыптап тексеріп қараса, бұлардың ешқайсысы да аса қорқынышты емес екенін ұзақ үзілістен кейін енді-енді ғана әңгімелеп отырмыз [5,193] – дейді. Бұдан байқағанымыздай, «Орақ-Мамай» жырына ұзақ уақыт бойы тыйым салынған. Бұл жырдың өз дәрежесінде зерттелмей келгені де сондықтан да болар.
«Орақ-Мамай» жыры туралы көлемді зерттеу – А.Тұрғанбаевтың 2009 жылы жазылған «Қазақтың қаһармандық жыры – Орақ-Мамай» атты монографиясы. Бұл еңбек жырдың нұсқалары мен сюжеті әдеби тұрғыдан талданған бірден-бір зерттеу болып тұр. «Байтақ эпикалық мұраларымыздың көрнекті нұсқаларының бірі – «Орақ-Мамай» қаһармандық жыры. Ноғайлы дәуірі циклды жырларының ішінде «Аңшыбай батыр және оның ұрпақтары» тұтастанған жырлар тобына кіретін «Орақ-Мамай» - көп вариантты, көлемді, көпқабатты (полистадиялы) жырлардың қатарынан саналады» [2,3] – дейді ғалым. Мұнда жырдың әр нұсқасына қатысты ортақ мотивтер мен эпизодтарындағы айырым тұстары, әдеби кейіпкерлер жүйесі мен қаһармандық образдар анықталған. Бұл зерттеу монографиясы үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде жырдың тарихи негіздері, жекелеген эпизодтардғы тарихи оқиғалар басты нысанға алына отырып зерттелген. Екінші бөлім жырдың бірнеше нұсқалары арасында сюжеттік желілердің ұқсастығы мен ортақ мотивтерін анықтауға арналған. Ал үшінші бөлімде жырдың сюжеттік-композициялық құрылымы, кейіпкерлер жүйесі, көркемдік ерекшелігі талданған.
Әдебиетші ғалымдар тарапынан зерттеулер осындай болды. Ендігі кезек – тілші ғалымдарда. Жырдың тілдік табиғатына үңіліп, сөз маржандарын теретін кез келді. Біз зерттеу барысында 1989 жылы жазылған «Қазақ әдеби тілінің тарихи көздері» атты еңбектен «Орақ-Мамай» жырының тіліне қатысты азын-аулақ зерттеуге кезіктік. Екі бөлімнен тұратын монографияның «Ауызекі деректер көзі» деп аталатын бірінші бөлімінде «Орақ-Мамай» жырының тіліндегі ерекшеліктерге тоқталып өткен. «Орақ-Мамай» жыры біз үшін, біріншіден, өзінің ерлік-жауынгерлік лексиконымен, екіншіден құр-бекер төкпелемей, мағыналық дәлдікпен жұмсауда анық көрінетін поэтикасымен бағалы» [6,46] – дейді жинақты құрастырушылар. Сонымен қатар, жырда қару-жарақ атаулары мен қайталаулардың жиі ұшырасатынына көңіл бөлінген. Бұдан өзге «Орақ-Мамай» жырының тілінің зерттелуі туралы деректер көзге түспеді.
Достарыңызбен бөлісу: |