2.4 ЖЫРДЫҢ КӨРКЕМДІК-БЕЙНЕЛЕУ ҚҰРАЛДАРЫ (ҚҰБЫЛТУ)
Кез келген шығарманың көркемдік ерекшелігі болады. Сөздерді белгілі бір поэтикалық мақсатта жұмсау әрбір шығармаға тән, тіпті фольклорлық туындыға да. Бұлай болатын себебі – бір затты екінші бір затпен алмастырып, ауыстырып немесе балай отырып, теңей келе сол заттың парқын танытып, адамның соның артық, не кемшін тұстарын көрсету ұтымдырақ болады. Осы тұста З.Ахметов поэзия өмірдегі құбылыстарды, оның көркемдігі мен әдемілігін белгілі бір нәрселермен ғана ұштастырып, тар мағынада түсіндіруден аулақ болып, оқушыға бейнелі сөздерді қолдану арқылы эстетикалық әсер етуді мақсат ететіндігін айтады [26,17]. Сол секілді «Орақ-Мамай» жырында бейнелі сөздердің қатарына енетін қалыптасқан эпитет, теңеу, метафоралар бар.
Жырда кездесетін метафоралардың көбі жан-жануар, аң-құс атауларына (айдаһар, бөрі, құзғын, тұйғын, арыстан, қарға, сауысқан, қозы, шаңдақ боз, шошқа, марал, жолбарыс, ақсұңқар, құмай, т.б.) байланысты болып келген. Яғни белгілі бір затты сипаттауда осы ұғымдарға сәйкестендіріп, негізгі ерекшеліктерін басты назарға ала отырып, ауыстыру жасалған.
Аң-құс атауларын метафораландыру өзге де батырлық-эпостық жырларға тән. Метафора негізінен бір заттың, не құбылыстың ерекше белгісін алып, екінші соған ұқсас затқа, не құбылысқа балаудан туындайды. Бұл негізінен шығарушының ерекше аңғарымпаздығын, көрегендігін аңғартады. Ал біздің фольклорлық туындыларда осындай ұқсату, балау көптеп кездеседі. Енді жырға назар аударалық. Орақ батырдың алып бейнесін, өр тұлғасын беру үшін оны «айдаһарға» ұқсата жырлайды:
Орақ бір тауда жатқан айдаһар
Құйрығын барып баспаңыз [3,64].
Мифология бойынша қазақ халқы өзін көк бөріден тарағанбыз деп есептейді. Бөріге ұқсата, балай жырлау сонау әріден басталады. «Орақ-Мамай» жырында да батыр тұлғасын «тарлан бөріге», «аш бөріге» сәйкестендіру бар. Мысалы,
Дүниенің жүзінде
Таудағы тарлан бөрі едім [3,31].
***
Мен аңсыраған аш бөрі,
Қойдың көрген қарасын [3,99]
***
Біз жорытқан бөріміз
Несібені көрейін [3,91].
Бұл келтірілген үш мысалда да «бөрі едім», «мен – аш бөрі», «бөріміз» деп сөзді 1-жақта жұмсаған. Бұдан шығатыны – қазақ халқы өзін «бөріге» балағандығы. Метафоралардың жасалу жолында аса бер ерекшелік жоқ. «Еді» көмекші етістігінің тіркесуі мен жіктік жалғауының жалғануы арқылы жүзеге асқан. «Дүниенің жүзінде Таудағы тарлан бөрі едім» тармақтары XIX ғасырда Махамбет жырында былайша өріледі:
Исатайдың барында
Екі тарлан бөрі едім [20,30].
Байқап тұрғанымыздай,. Екі шығарманың бірінші тармақтарындағы сөз тіркесінің байланысу тәсілдері (ілік септігіндегі сөз+тәуелденген жатыс септігіндегі сөз) бірдей. Бірақ сөздері ауысқан (Дүниенің жүзінде – Исатайдың барында). Ал екінші жолдағы «таудағы» сөзі «екі» сан есіміне өзгерген.
Келесі өнімді қолданылған метафоралардың бірі – «арыстан» сөзі. Аң патшасы арыстан сондай айбарлы, сұсты жануар екені белгілі. Бұл сөз метафора ретінде жау алдырмас батырды суреттегенде балай қолданылған. Жырда «арыстан» метафоралы сөзі алдында айшықты, эпиттеті сөздермен (айбар арыстан; қайраты артық арыстан) тіркесіп те атау тұлғасындағы сөз ретінде де, қаратпалы сөз болып та келген. Жырға зер салайық.
Екі айбар арыстан
Өз-өзінен жынданды-ай [3,111].
***
Ақкөңіл туған арыстан,
Кем-кемінен келед суып-ай [3,129].
***
Менің айтқан ақылым,
Арыстаным, абайла! [3,251].
***
Қайраты артық арыстан
Ақылы кәміл данышпан [3,257].
***
Өлді арыстан абайсыз,
Жалғыз жаудан қайтпаған [3,290].
Сонымен қатар, «Орақ-Мамай» жырында метафораларды қолданғанда салыстыра балау бар. Мысалы,
Сендер – құзғын, мен –тұйғын
Атаңа нәлет қалмақты
Кез келтір, - деп жүр едім [3,31].
***
Сіздер – нәһан, халық – теңіз
Қайрылып жаттың алты жыл,
Бауырыңды төсеп қайрандай [3,130].
Құзғын – не болса, сонымен қоректенетін, тағам талғамайтын, түсі қара болып келетін сұрықсыз құс [27,319]. Сондықтан да халық арасында «қарға-құзғынға жем болды» деп деген сөз бар. Көбіне құзғын сөзін жағымсыз, сұмпайы адамдарға қарата айтады. Ал тұйғын - ең қырағы, ұшқыр, әрі шалымды, дене-бітімі де келісті құс [27,474]. Қалмақтың сондай жауыз, қара ниетті екенін беру үшін оны құзғынға баласа, өзін тұйғынға ұқсатады. Бұдан өзге жырда басқа да құс, жануар атауларын метафора ретінде жұмсаған тұстары кездеседі.
Қарға менен сауысқан
Қайтіп ойнап күледі [3,10].
***
Едігедей құмайдың
Аты мағлұм білінді [3,197].
***
Ақсұңқарсың сен текті,
Қонатұғын қияға-ай [3,133].
***
Қойда бағылан қозы екен,
Жылқыда шаңдақ боз екен
Айжан деген бір сұлу [3,36].
***
Кез келіп жарлылық деген мықты бөгет
Бұл екі маралдарың арандады-ай [3,136].
***
Шайтан залым азғырып,
Көңілі шошқа бүлінген [3,147].
***
Байға түрін, жолбарысым,
Абайла, батыр, абайла,
Өзіңе жазым болмасын [3,154].
Метафора ретінде күнделікті өмірде, майданда қолданатын «болат», «шынжыр», «шеге» сынды сөздер де алынған. Олар да жай таңдала салмаған, өзінің ерекшелігіне байланысты, өзгеше қасиетін саралай келе алынған.
Душар қылма Орақты,
Өзінен басым болатқа [3,90].
***
Ауыздарың бір болса,
Бұл халыққа шегесің [3,45].
***
Келе жатқан шынжырсың,
Айтпайтын ақыл әйел-ай [3,251].
Теңеу мен метафораның арасы тым жақын. Алайда айырым белгілері де болады. Оларды жалғанған қосымшалары мен грамматикалық формалары арқылы ажыратуға болады. Біреуі ұқсатса, екіншісі сол нәрсеге теңей суреттейді. Метафорада бірінші «өзден» екінші «өз» жасалса, теңеуде сол бір зат, не құбылысқа теңеп қана бейнелейді. Сөзімізге дәлел ретінде Қ.Өмірәлиевтің мына пікірін келтіруге болады: «Метафорада заттың, құбылыстың өзі ұқсатпа балама ретінде алынса, теңеуде сол зат пен құбылыстың өзі ұқсатпа теңеме болады; яғни бірінде екі зат теңдікте алынса, бірінде екі заттың әрекет-қимылдары теңдікте алынады» [28,233]. Теңеулер табиғатын жан-жақты зерттеген Т.Қоңыров қазақ тіліндегі теңеулердің жасалуының мынадай жолдарын көрсетеді: «1) –дай, дей, -тай, -тей, -дайын, -дейін, -тайын, -тейін жұрнақтарының көмегімен; 2) –ша, -ше жүрнағының көмегімен; 3) шығыс септігі жалғауының көмегімен; 4) секілді, сияқты, тәрізді, іспетті сөздерінің көмегімен; 5) бейне сөзінің көмегімен; 6) тең сөзінің көмегімен; 7) ұқсас сөзінің көмегімен; 8) параллелизм тәсілі көмегімен; 9) аралас тәсілдің (бейне және –дай, -дей) көмегімен; 10) қосалқы тәсілдер көмегімен» [29,12]. Жырда осы секілді жолдармен жасалған теңеулер көптеп ұшырасады. Мұнда метафорадағы қолданыстар секілді аң-құс, жан-жануар атауларына теңеу көптеп кездеседі. Лашын құстай түйіліп; Маралдай ерегесіп екпіндеген; Секіреді лақтай; Көпірген иттей; Көкіректегі шыбындай; Қарлығаштиай қалың халық қаптаған; Көлден шыққан жыландай, Көтерілген арыстандай, Қаршығадай қайқиды; Тұрымтайдай тоңқиды; Қырандай қасты; т.б. Мұндағы теңеулердің барлығы -тай, -тей, -дай, -дей жұрнағы арқылы жасалған. Осы секілді құрылымда өзге де құбылыс, заттарға теңеу кездеседі. Бұлақтай болып иіді; Қас төредей айбатты; Алақандай ойылған; Беті болды жосадай; Алмадай мойнын бұрады; Қорғасындай басың-ай; Желсе де сынаптай; Шамшырақтай жанып тұр; Байлап қойған асаудай; Бесатардың оғындай; Оттай лаулап жанады, т.б. Бұдан өзге «сынды», «секілді», «сияқты» сөздерімен тіркесіп келген күрделі теңеулер де ұшырасады. Мысалы, Кем бір жатқан су секілді; Не деген мойын көз еді, Піскен алма сияқты-ай; Арыстан сынды ер Орақ, т.б. Жырда теңеулердің түйдек-түйдегімен келетін тұстары да аңғарылады.
Екі көзі жайнап тұр
Түнде жанған шырақтай!
Достарыңызбен бөлісу: |