Нұртуған Кенжеғұлұлы жыраулар поэзиясының дәстүрін жалғастырушы Ержанов Алмат Ергешбайұлы



Дата17.07.2016
өлшемі86.43 Kb.
#205424


Нұртуған Кенжеғұлұлы жыраулар поэзиясының дәстүрін жалғастырушы
Ержанов Алмат Ергешбайұлы,

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік

педагогикалық институтының

магистр-оқытушысы.


Аңдатпа: Бұл мақалада Нұртуған Кенжеғұлұлы өлеңдеріндегі диалект сөздердегі фонетикалық, лексикалық , тілдік көркемдеуіш құралдар мен троп түрлері сөз болады.
Өткен ғасырда сыр бойын мекендеген шайырлардың ішінде шоқтығы биігі, Арал-Қазалы өңіріндегі жыршылық мектептің негізін салушы жырау – Нұртуған Кенжеғұлұлы. Нұртуған ақындығымен қатар, жыршылықтың да керемет үлгісін көрсете білген. Жыраудың қаламынан туған «Қобыланды батыр», «Мәулімнияз-Едіге», «Ақ кете Шернияз» сынды тарихи дастандар мен жауаптасу хаттарында, тәлімдік терме-жырларында өзі өскен ортадағы жергілікті халық тілінің сөздері сақталып отырған. Мәселен, олар жергілікті халық тіліне тән дыбыстық ерекшеліктер түрінде көрінеді. Сөз құрамындағы дыбыстың түсіріліп айтылуы, эпентезалық құбылыстар кездеседі. Мысалы, «Кәнеки, тілім, сөйлеші» деп аталатын жинағына енген өлеңінде «Бағыңа Абай туған таланың бар», «Сырт беріп салып кетер бір аламат», «Үрметтеп алты Алашқа ас беріліп» деген өлең жолдарындағы талан, аламат, Үрмет сөздерінде т, ғ, қ дыбыстарының түсіріліп айтылуы; «Дүния мекен болдың сен кімдерге?», «Кемітіп ардақтаған тәрбиясын», «Көтерер болмаған бақ-даражасын» деген жолдардағы дүния, тәрбия, даража сөздерінде әдеби тілмен салыстырғанда е/а дыбыстарының алмасуы т.б. дыбыстық ерекшеліктер; Шарбақ (аула), жұрат (ұрпақ), тағай (нағашы), ләмлі (ақыр, астау). шақа (ағаштың бұтағы), кеуек (тау үңгірі), бүк (орман-тоғай) зат есімге; Шалпы (шайпау), қайым (жарасымды, қонымды), лайқат ( лайықты) сияқты сын есімге; Жану (үйкеу, жазу), кеселеу (кесу, жол кесу), қайбырту (жасқану) т.б. етістікке байланысты лексикалық ерекшеліктер кездеседі.

Нұртуған поэзиясында араб-парсы (саһуа – тыныштық, мехнат – азап, бейнет, т.б.); орыс (сүрік – срок, уақыт, мезгіл, сом – ақша, теңге) тілдерінен енген кірме сөздер, көршілес түркі тілдерінен енген жүдә (өзбекше жуда) - аса, тым, мүлде; рауа (өзбекше) – жөн, Һәммә (өзбекше) – барлығы; тегерме (татар тілінде тәгәрмәш) – дөңгелек, тежегіш т.б. сөздер аз емес. Сол сияқты халық тілінде кездесетін архаизмдер, тарихи сөздер де орнымен қолданылған: диуана, уәзір, бай, бек, хан, тақ, жасауыл, орда, алмас қылыш, дәнден, қызылбас, ақшұбар, алмас балдақ, көк сүңгі, қорамсақ, жебе, садақ, саржа т.б.

Нұртуған шығармаларының құндылығы онда көркемдеуші құралдарының қалай қолданылғанынан көрінеді. Сол себепті оған толығырақ тоқтаймыз.

Қайталама ұйқас – қазақ поэзиясында жиі кездесетін ұйқаста бір сөзді сан рет қайталап қолдану тәсілі. Көбінесе құрылысы жағынан ұқсас сөйлемдерді тізбектеу негізінде жасалады. Шығыс поэзиясында көп тараған редиф үлгісінен айырмашылығы, ол ұйқасқа қосарланып келсе, бұл ұйқастың ажырамас бөлшегі ретінде алынады. Мысалы,

...Төсеген омырауын оққа қарсы,

Жігітті сескенбейтін ер етеді.

Жаманды арашалап отқа түспе,

Сыртыңнан сатып кетіп, жер етеді.

Кейбіреу жүгін бөліп көтерісіп,

Жығылса жұдырықтап қор етеді...

...Жарығы есті адамның күндізгідей,



Әлемді жылуымен күн етеді.

Ұйқаста үнемі қайталанып отырған “етеді” сөзі өлеңдегі басты тақырыпты – “есті адамның әлемді жылуымен күн ететінін” айтпақ үшін, яғни, адамгершілік туралы ойды ширату үшін, адамның бойындағы түрлі мінез-құлықты жеткізіп айтуға қолданылып отыр. Нұртуғанның “Адамгершілік туралы” атты осы өлеңінде қырық шақты тармақты қамтитын өлеңнің аяғына дейін осылай “етеді” сөзі қайталанып келеді. Ұйқастың бұл түрі ақынның шешендік өнегесін, өлең-жырларда сөйлемді өрнектеу шеберлігін таныта алады.



Қара өлең ұйқасы – қазақ халқының поэзиясындағы баяғы жанрлардың бірі. Ол он бір буынды, төрт тармақты болып келеді де, ааба түрінде ұйқасады және міндетті түрде белгілі бір әуенмен айтылады. Қара өлең өлшемі Нұртуған поэзиясының құрылымында өте жиі ұшырасатын өлшем. Мысалы,

...Соқпақтан жолды салса Абай тыңы,

Білімдар, шайыр кісі білер мұны.

Қазақта сөз асылын арқалаған,

Ұлы Абай – бір ғасырдың биік шыңы....

Кейіптеу (олицетворение)әр түрлі табиғат құбылыстарына, жансыз нәрселерді адам кепіне келтіріп немесе қалайда жан бітіргендей етіп суреттейтін көркемдік тәсіл.

Қазақ халқының эпостық жырларында, аңыз-ертегілерінде, орыс әдебиетінің мысал өлеңдерінде жануарлар адам кейпіне түсіп, адамша ойлап, сезінетін етіп көрсету кездеседі. Кейіптеудің жаңа үлгілері жазба әдебиетте мол ұшырасады. Мысалы,



Тіршілік біткен еркелеп,

Ілгері көзін тігеді...

...Тұмса бұлақ қаршадай,

Сылдырап қана күледі....

...Қыс көрпесін сыпырып,

Құланиек таң атты.

Оянып бүкіл тіршілік,

Аймалап жатыр шуақты.

Нұртуғанның “Көктемдегі қоңыр леп” өлеңінде көрпесін сыпырған қыс, жүрек қылын шерткен көктемнің лебі, ұйқыдан оянған қайың мен қарағай, сылдырап күлген бұлақтар, ілгеріге көзін тігіп, еркелеп тұрған тіршілік – бәрі де адам бойындағы мінез-құлықтармен іштей үндесіп жатыр.



Теңеу – құбылысты басқа нәрсемен салыстыру арқылы сипаттау тәсілі. Әр нәрсені салыстыру негізінде жасалатын бейнелі сөздер, туынды мағыналы сөздер, құбылту түрлері аз емес. Олардан теңеудің айырмасы – мұнда салыстыру тура, айқын көрінеді. Нені немен, кімді кіммен салыстырып тұрғаны айқын көрінеді. Мысалы,

...Молда Бәйім өтіпті,

Мылтықтан шапшаң сөз айтып,

Қайырып құлақ кезенген...

...Елінің бағылан жорғасы,

Секілді құлын тел емген.

Назардар шыққан Есенқұл –

Мұзбалақ тоғыз түленген...

Шөменде Базар, Жорабай,

Сөз сөйлеген көңілден.

Шын тұлпардай емініп,

Сулығын шайнап кемірген... немесе,

...Ол кезде Сырдарияның сыбызғыдай,

Арнасы көрінбейді қалың бүктен....

...Сәуірдің қара бұлтындай,

Айтар сөзге түнерген.

Нұртуған поэзиясында теңеудің үлкен суреткерлік шеберлікті танытатын, ақынның ойлау, сөйлеу мәнеріне, стиліне сәйкес туатын келісті үлгілері де аз кездеспейді.



Түйдек (триада)қазақ поэзиясында жырда қолданылатын тармақтарды топтастырудың еркін түрі. Егер шумақты өлеңдерде тармақтар белгілі тәртіппен, өзіндік ретімен топтасатын болса, жырда олар еркін, әр мөлшерде алына береді. Мұнда тармақтар түйдек-түйдегімен түсіп, әр көлемде топтасып, ұзынды-қысқалы синтаксистік оралымдардың ыңғайымен әр түрлі топтаса береді. Кейде жырды шұбыртпалы деп атайтындығы да сондықтан. Алайда жыр созылып, шұбатыла бермейді. Әр жерден бір қайырылып, тармақтар тобы синтаксистік оралым (период) көлемінде тиянақталып, одан әрі басқаша топталып отырады. Түйдек көлемінде көптеген тармақтарды біркелкі үйлестіретін желілі ұйқас қолданылады. Ал, қатар тұрған, жақын тармақтар қосымша, жанама ұйқас арқылы өзара үйлеседі. Түйдек үлгісі бір ұйқасты көп рет қайталап, бір ойды ұзақ дамытып, сөйлемдерді тізбектеп созып әкетуге ерекше лайық. Сондықтан оны өлеңді ағыл-тегіл айтатын салма ақындар көп қолданған. Нұртуған өлеңдерінің басым бөлігінде түйдектетіп (шұбыртпалы ету) жазу үлгісін көп қолданған. Мысалы,

Өмірге өкінбейік етсек талап,

Тынбайық тіршілікте босқа қарап.

Өлеңге әркімнің де таласы бар,

Көрінсек, сыйлағаны халқың қалап.

Ойынан тыңдаушының шыға алмасақ,

Кім бізге жүрер дейсің шайыр санап....

...Ажалы ондай жанның қырағы көз,

Салып өт сөз найзасын тек туралап.

немесе,


Дүния мекен болдың сен кімдерге?

Өмір шат еңбек етсең білгендерге.

Келген соң дүнияға ауа жұтып,

Болады әркім құмар әр өнерге....

...Кемеңгер адам болсаң сыпайы бол,

Адамның зіл тұрмасын мінезінде.

Жырау келтірген мысалдарда да, түйдектету үлгісімен жазған басқа өлеңдерінде де жырды басынан аяғына дейін бір ұйқаспен түйдектетіп жазған. Нұртуған ұйқас қоры мол ақын. Ол турасында белгілі ғалым Әуелбек Қоңыратбаев “Тарихшылдық пен өсиетшілдіктен басқа Нұртуғанның ақындық тілінде өзгеше бір халықтық сипат бар. Оның толғаулары мың жол болса да бір ұйқаспен бітеді,”- деген пікір айтқан.



Кекесін (ирония) (гректің eronieia – жорта ойлау, алдау) – сөзді тура мағынасында айтылғандай қолдана отырып, бірақ оған қарама-қайшы мағына беру, сүйтіп ойды жеңіл әзіл-қалжыңмен, зілсіз кекесінмен айту тәсілі. Қай сөздердің осылай астарлы мағынада, керісінше қолданылып отырғаны олардың айтылу қалпына, ой желісінен, сөйлеу интонациясынан ап-айқын сезіліп отырады. Кекесін тәсілін қолданудың әсерлілігі жағымды, жылы сөздермен айта отырып,жағымсыз мінез, іс-әрекетті көрсететін тапқырлықты, қарама-қайшы жайларды жасырын түрде жеткізе білетін көркемдік шеберлікте. Мысалы,

Өз атаңды айтыпсың

Берді,-деп, - жоққа қайырды”.



Ұлсыздарға ұл берген,

Шөлдегенге су берген,

Атаң болса қайырлы.

Неге алады, жиенім,

Сенің мінген тайыңды?!

Сөздің қымбат-арзанын

Өзіңдей жігіт айырды...

Нұртуғанның Бегалымен жауаптасуында “Әй, жиенім! - Әбілов, Біліпсің менің жайымды”,-деп, Бегалыға арнап сөз бастап,

Ұлсыздарға ұл берген,

Шөлдегенге су берген,

Атаң болса қайырлы”...деп атасын мақтаған Бегалының сөзін қайталап, “астыңдағы тайыңды неге алады”,-деп сұрау салып, өз сөзін өзі жоққа шығарып тұрғандығын астарлап, зілсіз кекесінмен жеткізеді.

Антоним (грек. Anti –қарсы, onoma – атау)бір-біріне қарама-қарсы сөздер. Мысалы:

Құдірет жаратыпты жер мен көкті,

Көгертіп жер жүзіне түрлі шөпті...

...Бұлардың біреуі артық, біреуі кем,

Нашары мықтысынан қорқып-бұқты.
...Өмірде жақсы да бар, жаман да бар,

Жұғымсыз жоғалады кей шерменде...
...Сөздің де естісі бар, есері бар,

Қысыр сөз кес болады кетсе жанап...

Келтірілген мысалдардағы антонимдер ақынның айтар ойын нақ түйіп, тұжырымдап, байлауын айқындап, өлең әсерін күшейтумен қатар оқырман мен авторды бір ұғымға ортақтастырып тұр. Контраст, яғни антонимдік параллеь арқылы ақын көкейтесті сырын оқырман санасына шегелеп отыр.



Ассонанс (латын. Assonо – үйлесім) - өлең сөзде дауысты дыбыстардың үндесе қайталануы. Мұның өзі суреткердің шеберлігіне тығыз байланысты. Орнымен үндескен сөздер әдеби тілдің өрнек-кестесіне әдемі ажар, айшық қосады. Мысалы:

...Ойласаңдар білімнің,

Орын алған төрінен.

Ондай болған жан қайда,

Ол жаралған жан еді...

...Емен желке ер жігіт,

Ердің есін кетірер.

Есек жалды сұрғылт бұлт,

Елдің есін кетірер....

...Орақ аңқау батыр ғой,

Ойына бұндай келмейді.

Ойланар Мамай, бірақ-та,

Орақ та үлкен, мен де үлкен,

Оған рет тимейді...

Аллитерация (латын. Ad-littera – дыбыстас) – шығармаларда бірыңғай дауыссыз дыбыстардың қайталануы. Бүкіл әлемдік поэзияда ертеден қалыптасып келе жатқан стилисткалық айшық (фигура). Әдеби тілді ажарлап, сөздің реңін келтіре түсетін көркемдік тәсіл. Мысалы:

...Жөн сұраймын шық бермен,

Жау екен деп ығыспа!

Жолаушымын жөніңді айт,

Жау өтті ме осыдан?...

...Аттың басын жөндеді,

Жылқының жүрген жеріне.

Жылқышы мінген торышақ,

Жарамады еруге,

Жылқыға жақын келіп ед...

Жанама ұйқас – жырда негізгі желілі ұйқасқа қосарланып, ара-арасында келетін қатар тармақтардың үйлесімі. Желілі ұйқас түйдек-түйдегімен топтасатын көптеген тармақтарды қамтиды да, арасында қалып отырған кейбір тармақтар өзара ұйқасады. Мысалы:

...Кетеден шайыр көп шықты,

Үлгі көріп сол ерден.

Өзі ақын болғасын,

Қолына қалам алғасын,

Шораяқтың Омары

Көлдейбекұлына тең келген...

...Өз атаңды айтыпсың

Берді,-деп, - жоққа қайырды”.



Ұлсыздарға ұл берген,

Шөлдегенге су берген,

Атаң болса қайырлы.

Неге алады, жиенім,

Сенің мінген тайыңды?!...

Қорыта айтқанда, Нұртуған Кенжеғұлұлы өзіндік тілдік ерекшелігі бар даңғайыр ақындардың бірі. Оған себеп, мекен еткен жеріне тән тілдік ерекшеліктер мен көркемдік құралдарды меңгеріп, сөздік, образдық, бейнелеу құралдарына, өлшем-өрнектеріне сүйене отырып, өзіндік қолтаңбасын салған шайыр. Поэзиялық ажарлы образдар, көркем бейнелеуіш сөздер, келісті, нақышты теңеулер бір-бірімен жарасым тауып, ақынның алғырлық, зеректік, қабілетін көрсетеді. Нұртуғанның жырлары бірен-саран кездесетін кірме сөздер болмаса, жалпы халыққа түсінікті, қазақи тілмен жазылған. Нұртуған тек Арал-Сыр өңірінің емес, сонымен қатар, ХХ ғасырдың басындағы көпке мәлім толғау ақындарының көрнектісі.


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:


1. Нұртуған Кенжеғұлұлы “Кәнеки, тілім, сөйлеші”

Алматы, Ғылым, 1992 ж.

2. Р.Сыздықова «Қазақ әдеби тілінің тарихы»

Алматы, Ана тілі, 1993 ж (319 б).

2. Ғ.Қалиев, Ш.Сарыбаев “Қазақ диалектологиясы”,

Алматы, Мектеп, 1979 ж.

3. Ғ.Қалиев, Ә.Болғанбаев “Қазақ тілінің лексикалогиясы мен

фразеологиясы», Алматы, Сөздік, 2006 ж.

3. С.Негимов “Ақын-жыраулар поэзиясының бейнелілігі”,

Алматы, Ғылым, 1991 ж.

4. “Әдебиеттану терминдер сөздігі” үшінші басылым,

Семей-Новосибирск, Талер-Пресс, 2006 ж.

5. Диалектологиялық сөздік,

Алматы, Арыс, 2007 ж.

6. Тәңірберген Дәрменов “Мырзастан шықты шайырлар”

Қызылорда, Тұмар, 2002 ж.






Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет