Ф.ғ.к., доцент Өмірзақов С.
Ғұмырнамалық романдардың жанрлық ерекшелігі...........................................27
Жалпы, қазақ әдебиетінің тарихында шығармаларымен оқырмандар ықыласына бөленген, өзіндік дара тұлғасымен, суреткерлік стилімен есте қалған қаламгерлер аз емес.
1920-1930 жылдар әдебиетіндегі Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, т.б. сынды сөз зергерлерінің жазған көркем дүниелері ұлтымыздың рухани құндылықтары санатында әдебиетіміздің алтын қорын құрайды.
Осындай көркем дүниелер келтірген орта мен дәстүр кейінгі әдеби процеске де өз әсерін тигізді. Әсіресе, тарихи кезеңдер шындығын, өнер адамдары мен тарихи тұлғалардың өмір жолын, өнер, мәдениет, салт-сана тақырыбын және бүгінгі замандастардың тыныс тіршілігін, ішкі дүниесін арқау еткен шығармалар оқырман назарына көбірек ілікті.
Бүгінгі әдеби процестегі мәселенің бірі тарихи тұлғалардың ғұмырының көркемдігі әдеби шығармаларда бейнелену жолдарын меңгерудің тәсілдерін қарастыру болып табылады. Жеке адам концепциясы - өзекті, басты, ешқашан сарқылмайтын проблема. Адамның жан дүниесін танытудың қазіргі әдебиетте түрлі жолдары көркемдікпен игерілуде. Жазушыларымыздың адамның жан дүниесін диалектикалык қайшылықтарымен жеткізудің соны тәсілдерін табуға ұмтылуының сыры осында.
Ғұмырнамалық жанр қазіргі қазақ әдебиетінде өз алдына бір жүйе болып қатар түзе бастады. Әрбір дамыған халықтың көркем әдебиет саласында ғұмырнамалық роман жанры бұрыннан қалыптасқан, методологиясы мен теориясы жетілген. Ал, қазіргі кемелденген қазақ әдебиетінде бұл жанр кештеу дамыды. Дей тұрғанмен, еліміз егемендік алғаннан кейінгі кезеңде сөз еркіндігі, ой бостандығы күшейгеннен кейін жазушылар қалам мен өнердің еркіндігін барынша пайдаланып, өмірлік дерек негізінде ғұмырнамалық жанрда шығармалар сомдады. Олардың көтерген тақырыптары, айтар идеялары, ұстанар концепциялары әр түрлі болғанымен, шығармаларын жазатын жанры біреу ғана - ғұмырнама. Әсіресе, қазақ ғұмырнамалық романдарының ішінде әрі көлемді, әрі көркемдігі мен шынайылығы тұрғысынан ерекше деп танылатын Ә.Тәжібаевтың «Жылдар ойлар», «Есімдегілер», М.Мағауиннің «Мені», Қ.Жұмаділовтың
«Таңғажайып дүние» романдарындағы өмірлік жолдың қоғам, әдеби орта және тарихи кезең ақиқатын бейнелеудегі шеберлік қырлары ерекше. Оқырман қауымға бұрын соңды аса жақын таныс емес суреткерлік ғұмырдың болмысын танытатын бұл туындылар әдебиет ғылымы үшін ғана емес, жалпы адамзаттық мәселелерді қозғаумен де құнды дүниелер болып табылады. Міне, сол себепті де бұл жазушылардың ғұмырнамалық шығармаларындағы өмірлік деректің көркемдік шешімін зерттеу әдебиетімізде көркемдік таным мәселелерінің оң шешімін табуына зор септігін тигізеді.
Диплом жұмысының мақсаты мен міндеттері: Жұмыстың мақсаты - Ә.Тәжібаев, М.Мағауин, Қ.Жұмаділовтердің ғұмырнамалық романдарына арқау болған тақырыптар мен идеяларды, характерлерді талдай отырып, заман шындығы мен көркем шындығының арақатынасын таразылау және осы авторлардың шығармашылық лабораториясында өмірге келген тың көркемдік ізденістердің табиғатын ашып көрсету. Осы мақсатқа жету үшін алға мынадай міндеттер қойылды: ғұмырнамалық романдардағы авторлар ұстанған шығармашылық концепциялардың ара қатынасына талдау жүргізу; авторлардың суреткерлік қолтаңбаларының әрқайсысының өзіне тән көркемдік
ерекшеліктерін айқындау; жазушылар шығармаларындағы тарихи тұлға мен тарихи кезеңнің өмірлік шындық пен көркемдік шындыққа қатысын көрсету; өмірлік деректі көркемдік әдіс-тәсіл арқылы көркем шығармаға айналдыру процесін автордың қалай жүзеге асырғанын талдап көрсету; ғұмырнамалық шығарма жазуға дейінгі уақыттағы авторлардың шығармашылық жолдарына, тәжірибелеріне теориялық талдаулар жасау; шығармалардағы өмірлік шындықтың негізгі кезеңдерін сұрыптап берудегі суреткерлік шеберліктерді көркемдік таным тұрғысынан бағамдау.
Диплом жұмысының құрылымы: Диплом жұмысы кіріспеден, екі тараудан және қорытынды мен пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.
І тарау
ҒҰМЫРНАМАЛЫҚ РОМАНДАРДАҒЫ ӨМІРЛІК ДЕРЕК ЖӘНЕ КӨРКЕМДІК ШЕШІМ
Тарихы терең, көркемдігі талғамды, негізгі бастау арнасы ХХ ғасырдың басында пайда болып, қалыптасқан ұлттық проза бұл күнде өркендеу үстінде.
Қазіргі таңда Қазақ әдебиетінің көтерілген көркемдік биігін барша қауым түгел мойындады. Оның барлық жанрындағы идеялық- көркемдік табыстары ұлан – теңіз. Тоталитарлық жүйенің тұсында әдебиеттің кездескен кедергі, бөгесіндері де аз емес. Әдебиеттің көптеген алыптары репрессияға ұшыраудың үстінде жекелеген аса ірі көркем туындылардың көрген қиянаттары да аз болған жоқ. Осыған қарамастан қазақ әдебиеті өсіп - өркендеу үстінде болғаны - ақиқат.
Әлемдік әдебиетте орны ерекше саналатын Еуропалық шығармалардың арасында роман жанрының толып жатқан түрлері бар, мәселен: әлеуметтік роман, серілік роман, бұзақылық роман, этнографиялық роман, саясаттық, қылмыстық, әдет, фантазиялық, философиялық, өндірістік, психологиялық, махаббаттық, өмірбаяндық романдар т.б. болып келеді.
Осылардың ішінде қазақ әдебиетінде еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі уақытта ерекше қарқынмен жазылғаны ғұмырнамалық романдар екені дау туғызбаса керек.
Көлемі ауқымды, эпикалық арнасы кең, хронотоптық бейнесі шексіз болып келетін роман жанры ХХ ғасырдың 60-80 –інші жылдарында түрі жағынан әр түрлі формаларда жазылып, өркендей түсті. Әдеби – теориялық тұрғыдан келер болсақ, роман – ауқымы үлкен, эпикалық кеңістігі өте кең, тақырыбы мен идеясын паш етуде мүмкіндігі мол жанр. Романның өзі іштей алуан түрлі болып келетінін ескерсек, біз қарастырып отырған кезең романдары әдебиетіміздің жанрлық мүмкіндіктерінің мол екенін көрсетіп, жанрлық жағынан ғана байытып қойған жоқ, сонымен бірге ұлтымыздың сана – сезімінің де рухани жағынан қаншалықты өскендігін көрсетті. Ғұмырнамалық романдардың негізгі нысаны - өмір шындығының көркемдік шешімін табудағы жазушылардың суреткерлік шеберлігінің эстетикалық әлемі мен сөз өнерінің құпиялары және дүниетанымындағы тереңдіктерін танып білу. Егер нысанға осы тұрғыдан келер болсақ, жалпы роман жанрының ерекшелігі мен тарихи бастауларына теоирялық тұрғыдан тоқталып, оның ішінде ғұмырнамалық роман жанрының әдістанымдық ерекшеліктеріне жан – жақты зер салуды қажет деп таптық.
Романды жанр ретінде қарастырған еңбектердің барлығында дерлік романның сөз өнерінің биік шыңы ретінде дамуы сонау көне дәуірлерден бастау алатындығы жетесіне жеткізіле айтылған.
Бастау – бұлағын көне дәуірден алған роман жанрына:
«Роман – күрделі және дамыған сюжетті, көбінесе қара сөзбен, кейде өлеңмен жазылған кесек тұлғалы эпикалық әдеби шығарманың бір түрі. Роман басқа эпостық жанрларға қарағанда өмірді, оның әр алуан құбылыстарын, адамдар арасындағы қарым – қатынастарды кең қамтып, терең суреттейді. Романның құрамы, құрылысы күрделі, онда лирика мен драма жанрларының сипаттары да кірігіп отырады. Роман қаһармандардың жеке өмірін, олардың арасындағы байланыстар мен қарым –қатынастар тарихын суреттеу арқылы дәуір мен қоғамның, салт пен сананың кең суретін жасайды» - деп анықтама береді ғалым М.Атымов [22,507].
Қазақ әдебиетінде өркен жайған роман жанрының қазіргі заман әдебиетінде түрлі типтері қалыптасқан.
Жалпы, ХХ ғасырдың екінші ширегінде жазылған қазақ романдарына тән қасиеттерді даралап айтар болсақ, әдебиетіміздің жетекші, кемел жанрына айналуы, жанр байлығы, философиялығы, философиялық тереңдікке ұмтылу талпынысы, психологизм тәсілінің жаңа да сапалы деңгейден көрінуі, қаһарман деңгейден көрінуі, қаһармандардың сезім күйінің, ішкі және сыртқы бейнелерінің жан – жақты кескінделуі, т.б.
Шартты түрде бөліп қарастырар болсақ, 60-80 –інші жылдардағы қазақ романшыларының ішінде аса өнімді еңбек еткен қаламгерлер қатарында шоқтығы ерекше биік көрінетіні - І.Есенберлин. Оның қаламынан туған 6 тарихи роман – осы ойымыздың жарқын дәлелі. Жазушының романдары, әсіресе, «тарихи зарттеулердің бар екендігі мәлім. Әрине, көркемөнердің, оның үлкен бір саласы – көркем әдебиет өнердің ордасы, ол бәрінен бұрын, сөз өнеріне қойылатын идеялық – эстетикалық талаптарға жауап беруі қажет. Аталған мәселелерге қатысты біз роман жанрының іштей ерекшеліктеріне тоқталып өтіп, тарата талдауды жөн деп таптық.
Жазушы өмірдің қатпар – қатпар күрделі құбылыстарын романдағы кейіпкерлердің іс - әрекеті, мінез –құлқы таным – түйсігі, пиғыл – мінезі, дүниетанымы арқылы береді. 60-80 жылдар прозасының ерекшелігі сол әдебиетіміздің тарихи романдармен, оның ішінде басым бөлшегін құрайтын өнер иелері жазылған туындылармен толықты. Қазақ қаламгерлерінің революцияға дейін өмір сүген қазақтың өнерпаз жандарына осындай өз туындыларын арнау себебі - сол өнер иелерінің өз шығармашылығына демократтық халықтық сарынды арқау етуі, өздері өмір сүрген қоғамдағы әділетсіздікті, үстемдікті, озбырлықты сынауы, әділетсіздікке отты тілін қару етіп, қарсы шығуы болса керек.
«Қай дәуір туралы қалам сілтемесін, жазушы қашанда - тарихшы. Әдебиеттің басты парызы - адамзат естелігінің үзік – үзік болмауына күш салу. Шежіре арқауы талданбаған жерде, адамзат санасынан ғасырлар ғайып болып, тіпті мыңжылдық жеңістер мен жеңілістер трагедиясы ұмыт қалады. Ал, жазушы – адамзат зердесінің бірден – бір жақтаушысы болғандықтан да, тарихтың әлгідей жақтарын романмен, поэмамен жамайды» (Сүлейменов О. Сөзстан. А., Жазушы, 1987, 134 бет) Аталы сөзге сүйенер болсақ, жаратылыс әлемінде ең күшті де, құдіретті – адам бойында сонау қасқырлар заманында адамгершілік пен қатыгездікті алмасып, қатар өмір сүруі де табиғи нәрсе, әйткенмен, адам - қашан да Адам.
Адамзаттың ақын – ойының, талғам – сезімінің рухани қымбат қазыналарының бірі – сөз өнері. Қайсібір халық, елдерді алмайық, оның кемелдену дәрежесі, мәдени деңгейі сөз өнерімен тығыз байланысты.
Міне, қадірлі де қасиетті осы өнердің ұлттық топырақтағы өркендеуі, алдағы асулары зерделі жазушы қауымды аз толғандырмаса керек. Шынын айту керек, егер сан жағынан келетін болсақ, көңіл қуантарлық түзілістер мен тапқыр шешімдер мұнда да аз емес, әрине.
Өткен жолымызға қарасақ, біздің ұлттық прозаның мақтан етуге тұратын тағылымды тарихы, игі дәстүрі, өзіндік даму жүйесі мен мәнері ойды орайды. Халық құрметіне бөленген белгілі классик дәрежесіне көтерілген жазушылар да аз емес. Бұл ретте қазақ әдебиетінің іргесін қалаған М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, С.Мұқановтардан бастап бұл күнгі әдебиеттің алдыңғы толқын ағалары саналатын И.Аханов, Х.Есенжанов, Ә.Нұрпейісов, Ә.Тәжібаев, Ш.Мұртаза, Ә.Кекілбаев, С.Жүнісов, М.Мағауин, Қ.Жұмаділов, Д.Исабеков, Ә. Тарази т.б. ұзақ-сонар тізбесін атауға болады.
Әлемдік классикалық әдебиеттің көрнекті өкілі Жюль Верннің «Дүниедегі ұлылықтың барлығы творчестволық арманнан туған» деген сөзін «жазушы» деп аталған сөз өнерінің иелерінің шығармагерлік ғымырларының лейтмотиві етіп қойса, еш артықтық етпейтіндей. Көркем сөз өнерінің басты артықшылығы сол, саясатпен емес, өзіндік сапасымен анықталмақ. Әдебиет ерекшелігі тілге ғана қатысты емес, ол көркемдік тәсілдер бейнелейтін халықтың тұрмыс – тәжірибесінен, өмір сүру бейнесінен аңғарылатын құбылыс. Әдебиеттің ерекшелігі халық болмысындағы ерекшеліктерді бейнелеуден туады. Қысқаша айтқанда, әдебиеттің қайнар бұлағы ұлт тағдыры.
Көркем әдебиет қоғамдық сананың ерекше формаларының бірі. Сондықтан еліміз тәуелсіздігін жариялаған тұстан бергі уақыттарда әдебиетіміздің жеткен тұстан бергі уақыттарда әдебиетіміздің жеткен жетістіктері мен кем-кетіктерінің орнын толтыру үшін жазылған шығармаларды талдап, толғамдаудың мән–маңызы айрықша болып табылады.
Қазақтың әдебиет туралы ғылымында ғұмырнамалық проза жанры бірден және бір адамның шығармашылығымен қалыптасты десек, ағат айтқан болар едік.
Өткен ғасырдың 20 жылдарынан бастау алған ғұмырнамалық проза жанры өзінің терең тарихында қалыптастырып үлгерді, көлемді ғылыми мақалалар, зерттеу еңбектері де жазылды. Ғұмырнамалық жанрды зерттеу бүгінгі таңда жаңа деңгейге шықты деп айтуға әбден болады. Енді қаламгерлердің суреткерлік шеберліктерінің алуан түрлі мәселелерін жеке – дара алып, салыстыра қарап, теориялық талдаулар жасап, авторлық әлемнің құпия қалтарыстарын жіті зерттегенде барып жанрдың өзіндік қасиеті танылмақ. Ол заман көші ілгері жылжыған сайын көзге тартатын көркем құбылыс ретінде де ерекшелене түспек. Зерттеуімізге негізгі арқау болып отырған Ә.Тәжібаев, М.Мағауин, Қ.Жұмаділов шығармашылықтары – қазақ әдебиетіміздің алтын қорына енген құнды дүниелер. Олар - ХХ ғасырдағы ұлы көркемсөз шеберлері қатарынан лайықты орын алған суреткерлер. Қаламгерлер шығармалары ұлттық әдебиеттің классикалық деңгейіне айтарлықтай үлес қосқандықтан, Ә.Тәжібаев, М.Мағауин, Қ.Жұмаділов есімдерінің, кім екенін әлем халықтарына жан – жақты, ғылыми негізде түсіндіру – қазіргі қазақ әдебиеттануының алдында тұрған басты міндеттердің бірі. Жазушылардың «Жылдар, ойлар», «Есілдегілер», «Мен», «Таңғажайып дүние» ғұмырнамалық романдарының өзге де ғұмырнамалық тақырыптардан орасан зор айырмашылықтары бар екенін атап айту ләзім. Ә. Тәжібаев, М.Мағауин, Қ.Жұмаділовтардың ғұмырнамалық шығармаларының басты кейіпкерлері авторлардың өздері болып табылады. Романдардың басты көркем – идеялық құндылықтары да сол шығарманы жазушы авторлар – бастан кешкен талай қиындықтар мен жайларды тікелей өз көздерімен көргендері, сол уақиғаның ортасында жүріп куәгер болғандарын ғана баян етеді. Алайда қазақ әдебиетінде жеке жазушылар ғұмырнамасынан жазылған туындылар арасында С.Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуі», С.Мұқановтың «Өмір мектебі». С.Көбеевтің «Орындалған арманына» қатысты біраз зерттеулер жазылды. Бірақ, бұрынғы социалистік қоғам кезінде жазылған бұл еңбектерінің көбісі бүгінгі уақыт талабы тұрғысынан қайта қарауды қажет етеді. Алайда, Ә.Тәжібаевтың ғылыми еңбектері, поэзиялық және драмалық дүниелері туралы айтылып, жазылғанымен прозалық шығармасы қолға алынбағанын, М.Мағауин мен Қ.Жұмаділовтің ғұмырнамалық шығармаларының да зерттеу нысанасына айналмағандығын және бір ескерткіміз келеді.
Жазушы үшін шағын жанр болсын, мейлі күрделі, көлемді жанр болсын жазушылық өнер оңай игерілетін кәсіп емес екендігіне көзіміз жеткендей. Жазушы өткен өмірдің белестеріне көз жіберу арқылы болашақтың болмысын бағамдайды. Шығармашылық иесі мейлі ол ақын, мейлі жазушы тіпті актер болса да, ол да пенде. Кез келген өмір иесі секілді жазушы да өмірдің алуан бұлтарыс қалтарысын басынан өткерері сөзсіз. Адам баласының жүріп өтке жолы тақтайдай түзу бола бермейтіндей, адасу, табысу, өкіну, қуану, өшу, жану секілді парадокстердің қайталануы пенде өмірде қызықты болмақ. Жаратылыстың кез – келген мүшесі үшін қоғамның, тарих, саясат, идеологияның атқарар маңызы зор. Бұлар жалпы адам үшін негізгі ықпал етуші факторлар болса, көркем шығарма үшін адам бейнесінің көркем кеңістігі мен уақытының да тікелей өлшемі болып табылады.
Ұлы жазушының айтқан ойы қаламгерлер Ә.Тәжібаев, М.Мағауин, Қ.Жұмаділов сияқты көп қырлы суреткерлер шығармашылықтарындағы автобиографизмнің үлкен орны барын аңғартатындай. Отбасы, жеке өмір, алдыңғы ұрпақ, келер ұрпақ тарихнамасы өмірдің шежірелік келбетін ерекше толғамдармен толықтырады. Адам өмірі халқымен қоғамдық ортасымен бағамдалады. «Жылдар, ойлар», «Есімдегілер», «Мен», «Таңғажайып дүние романдары арқылы қаламгерлердің шығармашылық өмірінен көп мағлұмат аламыз. Жазушы, ең алдымен, өзі өмір сүрген кезеңнің перзенті. Сондықтан да кез келген қаламгер өзі өмір сүрген кезеңнің, ортаның шежіресін жасайды. Сол ортамен біте қайнасып жатады.
Ал шығармалары шыншыл жазушының өз өмірбаяны да болып шығады. Ә.Тәжібаев, М.Мағауин, Қ.Жұмаділов романдарынан бұл жазушылардың өмірбаяны екендігін ұға түсеміз. Өмірбаяны болғанда да, көркем сөзге, әдеби шығармаға айналған өмірбаян.
Қазақ елінің өз алдына дербестік, тәуелсіздік алып, егемен ел болуына көп уақыт өткен жоқ. Қазақ деген халықтың тағдырының талайына тереңірек көз жіберсеңіз, күні кешегі Кеңестік империя салтанат құрып тұрған шақта талай асылымызды жоғалтыппыз, көкейге келген шындықты қорғалап, айта алмаппыз.
Дегенмен, бұрынғының бәріне «ақ» немесе «қара» деп үзілді – кесілді баға беруден аулақпыз, өзіміз сынап жүрген қоғамның, сол кешегі Социалистік қоғамның, кеңестік империяның да Қазақстанның даму салдарына, мейлі, ол материалдық сала болсын, мейлі рухани сала болсын саясаттың зұлымдық сипаттары басым болды. Қалай болғанда да уақыт, замана талабы қаншама қатаң тосқауыл қойғанымен, 60-80-інші жылдары төл әдебиетімізге араласқан қазақ қаламгерлері шындықты қорғалап айта алмаса да, тұспалдап жеткізген екен. Ал, бұның өзі, тұтастай алғанда, ұлтымыздың қоғамдық сана, ақыл – ойының кемелденуіне, біршама биік деңгейге жетуіне ықпал еткені ақиқат. Сондықтан да 80-ші жылдардың орта шенінде басталып, бүгіндері жаңа даму жолына түсуімізге әсер еткен жаңаша ойлау, кешегі күні жариялықтың тез орнауына негізгі түрткі болған, оның қанат жайып, өрістеуіне, тарихи қажеттілікке айналуына ат салысқан, өз туындыларымен үлес қосқан қаламгерлердің дені осы 60-80 –інші жылдардың үлесіне тиеді. Бұл – ақиқат шындық ешқандай дау тудырмаса керек.
Өткен дәуірдің тарихына көз жіберсек, жіті пайымдасақ, кез келген ұлттың, халықтың рухани игіліктерінің, оның ішінде әдебиетінің даму деңгейін анықтап айқындайтын үш түрлі жағдайат көзге түседі: Олар – қоғамдық ақыл – ой, көркемдік тәсілдер жүйесі, көркемдік таланттың даралығы. Міне, осынау үш түрлі жайтты пайымдай отырсақ, 60-80-інші жылдардағы төл әдебиетімізден, әсіресе, оның роман жанрынан табатынымыз анық. Алдыңғы жолдарда айтып өткеніміздей, көркем әдебиеттегі негізгі нысан – адам ғұмыры. Алдыңғы тарауда талдап, зерделегеніміз де бұл ғұмырнамалық романдар – адам ғұмырының кәдімгі көркем шығармалардағы кейіпкерлерден айырмашылығы айтарлықтай. Бұл шығармалардың авторлары проза жанрының оңтайлылығын сәтті пайдалану арқылы өз өмірлерін романға арқау етті. Ғұмырнамалық романдағы жеке тұлғаның тағдыры да барша адамға тән өмірдің иесі. Жер бетіндегі ең асыл құндылық – адам. 60-80-інші жылдары әдебиет майданына араласқан жазушылар тұтастай алғанда, көркем шығарманың жанрлық көкжиегін кеңейтті, стильдік даралық туғызды, небір көркемдік ізденістің, көркемдік тәсілдердің тамаша үлгілерін көрсетті, аса зәру қоғамдық - әлеуметтік проблемаларды көтерді, сайып келгенде, осының барлығы Адамды суреттеу, адам жанына үңілу арқылы жүзеге асырылған екен.
Былайша қарағанда, бәлендей қиын емес болып көрінгенімен шын мәнінде әрқайсысы атан түйеге жүк боларлық «Адам. Ол кім? Оның өзге тіршілік иесінен айырмашылығы неде?», «Адам өмірінің мән – маңызы неде?», «Адам – дүиедегі ең құдіретті тіршілік иесі болса, екінші жағынан, ол -әрі әлсіз, әрі қорғансыз да емес пе?», «Неліктен адам – символикалық хайуан деген пікірлер бар?» деген сұрақтарға жауап іздеуімен де бұл қаламгерлер ерекшелене түседі. Жалпы алғанда, әдебиеттегі басты тұлға адам образына жоғарыдағы көрсетілген сұрақтар тұрғысынан келсек, 60-80-інші жылдардағы Қазақ романының әлеуметтік жүгін, эстетикалық қуатын, философиялық сипатын жан – тәнімізбен сезіне аламыз. Біз қарастырып отырған кезеңдегі үлкенді – кішілі шығармаларымен көзге түскен Қазақ қаламгерлері, бәрінен бұрын, жоғарыда айтқанымыздай, тіршіліктің аса құдіретті иесі – адамды зерттеп, оған жаңаша тұрғыдан зерттеуге тырысып, өмір шындығын терең зерделеуімен ерекшеленеді. Бұл - өмірдегі өнердің негізгі заңы, бұлтартпайтын шындығы.
«Көркем шығарма өмір шындығынан туады. Бірақ тіршілік бетінде шашырап жатқан құбылыс өздігінен тізіліп, бас құрамайды. Әдебиеттің қадірлі мүлкі саналатын туындылар өмір байланыстарын жан-жақты зерттеудің, жеке адамдар тағдырын үлкен қоғамдық даму заңдылықтарымен ұштастырудың нәтижесінде ғана пайда болады.
Бұл мәселенің сыртқы, объективтік жағы болса, болмыстың факторларын біріктіріп, оларға қан жүргізетін, ерекше қуаттандыратын нәрсе – суреткердің өз басын қатты толқытқан аңсар, идея. Көркем туынды суреткер белгілі бір идеяларымен жалындап, көкірегінде ұялаған сырын айтпауға болмайтындай халге жеткенде ғана жазылуға тиіс» - деп жазған еді М.Горький.
Өнер өмірден туады. Ал, өмір күрделі, өмір құбылыстары әр алуан. Қоғам, адам алдында тұтқиылдан мың сауал қойылған бүгінгі күн күллі жұрттың, соның ішінде шығармашылықты кәсіп еткен қалам иелерінің өткен жолына, өзінің азаматтық суреткерлік бағыт – бағдарына терең ой жіберуін қажет етеді. Бұл өңірге теріс пиғылда келіп қалған бейсәубет біреулерді кім білген, ал сөз өнеріне тағдырын түбегейлі теліген шынайы қаламгер үшін бұл аса бір шетін, толғақты кезең. Өзінің ақыл – парасаты жетсе, не түгелдей мансұқ ететін, не құбылысының дұрыстығына тағы бір көз жеткізіп алып, жаңа тыныспен құлшына еңбекке кірісетін сәт. Нақ сондықтан да мүмкіндік қарымы мол жазушылардың шығармашылық қоржынына үңіле зер салып, жақсы мен жасықты айыра танып, басқалардың да тануына септік жасағанымыз жөн нәрсе.
Өмір сүрген қоғамда болып жатқан оқиғалардың баршасы жазушы жүрегі арқылы өтеді десек, көркем сөздегі алғашқы қадамын осы кезеңмен, яғни 60-80-інші жылдармен бірге бастап, толысуы да осы уақытқа сәйкес келген қаламгерлердің қандай қиямет ой кешуінен өткенін түсінген абзал.
Біз талдап, көркемдік жүйенің ерекшелігі мен құрылымына зерделеу жасамақ болып отырған үш романда қамтылатын уақиғалардың көлемі үлкен, дәуірі де кең. Мәселен Ә.Тәжібаевтың «Жылдар, ойлары» революциядан кейінгі кезеңді қамтыса, «Есімдегілері» ХХ ғасырдың екінші жартысын бейнелейді. Ал, еліміз егемендік алғаннан кейінгі уақытта жазылған М.Мағауиннің «Мен» романы қазақ халқының екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдарындағы тыныс тіршіліктен бүгінгі күнге дейінгі аралықты қамтыса, Қ.Жұмаділовтің «Таңғажайып дүние» романының эпикалық кеңістігі Қытай жерінен бастау алған өмірлік жағдаяттардың Қазақ жеріндегі тыныс – тіршілігімен қоса өріліп, кестеленеді. Үш романдағы басты кейіпкерлер бейнесі - өткен өмірдің, кешкен ғұмырдың өз иелері яғни автор – қаламгерлер.
Ғұмырнамалық роман аты айтып тұрғандай өмірдегі болған тарихи кезеңнің негізін қамтиды. Яғни, ғұмырнамалық шығармалардың да тарихи сипаты айқын.
В.Г.Белинский тарихи романның авторы жақсы тарихшы бола білуі керек екенін айтқан болатын.
Ә.Тәжібаев та М.Мағауин де, Қ.Жұмаділов те өз ғұмырын халықтың өмірімен қатар бейнелеп, шындыққа лайық тарихи процеспен, ел өмірімен тығыз байланыста алып, қаламгерлік өмірдің шындығын суреттеуге тырысқан. Реализмнің ежелден келе жатқан дәстүрі де осыны талап етеді.
Академик Мұхтар Әуезов: «Шынайы күрделі, қиын қақтығыстар тұсында ғана адам сезімінің, талайының, талабының, мінездерінің, тағдырдың, барының түгел ашылып, тартыс қатал айқасқа айналады. Осындай ғана қақтығыстар барлық повесть, роман, драма атаулының ең сенімді қаңқасын, арқа сүйер тұлғасын тұрғызады – деп жазады [20,398].
Ендеше, ең үздік, шебер жасалған адам образын алдымен қою тартысқа құрылған қалың оқиғадан іздеуіміз абзал. Осыдан келіп, сюжет пен характердің өзара байланысы туады.
Әсіресе, қалың оқиға, шиеленіскен үлкен тартыс, тағдыр жайы – эпикалық көлемді романға тән сипат. Роман ішіндегі әлеуметтік қайшылықтар сол оқиғаның негізінде туып, өрбіп отырса, әрбір үлкен қалың оқиғаға байланысты кейіпкердің іс - әрекет, характері де қалыптасып, толыса түседі.
Тарихи роман авторы әрбір кейіпкердің сипатына, мінез – құлқына, психологиясына тән типтік оқиғаларды оңтайлы талдап ала білуі шарт, яғни сол өзің ойлап (жатқан) тапқан шытырман оқиғаның миллионнан бірін екшеп алудың өзі өзінше ауыр жұмыс екенін ескерсек, Ә.Тәжібаев, М.Мағауин, Қ.Жұмаділов кейіпкерлерінің көтерер жүгі де ауқымды болуы қажет.
Көркем ғұмырнамалық романның басты нысанасы авторлардың өз өмірінен бейнеленетін ғұмырнамалық оқиғалар тізбегі болатындықтан, оның жеке тұлғасы, кейіпкер мәселесі - зерттелетін прозалық шығармалардағы басты нысана.
Ұлттық әдебиеттегі шынайы өмірдің өзінен алынған және жеке өз тағдырларын бейнелей көркем шығарма жазған авторлардың характер сомдауы мен өмірде болған жандардың психологиялық болмыс-бітімін берудегі шығармашылық ізденістеріндегі ееркшеліктерді баса зерттеу де еңбегіміздің басты нысаны болып табылады.
Зерттеулер әділ түрде атап көрсеткендей: кез – келген ғұмырнамалық роман ешбір ерекшеліктеріне қарамастан, құжаттық негізден тұрады деген ой айтады.
Солай болғанның өзінде ол дайын характер жасай салмайды, ол оны жасауына, қалпын келтіруіне тура келеді. Егер көркем шығармада кейіпкер бейнесі жан – жақты сомдалған күннің өзінде, ол көркемдік мәнге ие болуы үшін, көркем қиял мен болжамға да өзге роман, повестердегі секілді орын беріледі.
Көркем – ғұмырнамалық шығарма көркем мәтінге ие болуы үшін автордың адам тағдырындағы «табиғи құрылымның» өзіне ғана тән ерекшеліктерін жан – жақты ескеруі керек екендігіне де ғалымдар назар аудартады. Бұл көркем бейне мен құжаттың әдеби және әдеби қиялға қатысты анықталуын Л.Гинзбург былайша пайымдайды:
Көркем – ғұмырнамалық романның типизациялық тәсілдерінің бірі шығармадағы басты кейіпкер көркем шығармадағы сомдалатын оқиғаларды өзі таңдап, толғам жасайды. Ал, біздің талдағалы отырған еңбегімізде бұл мәселелер – басты кейіпкер өмірінің деректері және автордың оны ашудағы психологиялық жай-күйді бейнелеудегі ерекшеліктерімен қатар қарастыру болады.
Қазіргі қазақ әдебиетіндегі ғұмырнамалық тақырыпта роман жазу революциядан кейінгі жылдары қолға алынғаны және олардың саны 1990 жылдарға дейін санаулы болғаны әдебиет тарихын білетін жандар үшін жасырын емес. Зерттеу еңбегімізде қарастырылатын үш туындының біріншісі Ә.Тәжібаевтың «Жылдар, ойлары» 1981 жылы жазылса, «Есімдегілері» 1993 жылы жарыққа көрді. М.Мағауиннің «Мен» романы 1998 жылы жарияланса, Қ.Жұмаділовтің «Таңғажайып дүние» ғұмырнамасы 1999 жылы жарыққа шықты. Авторлардың ғұмырнамалық роман жазудағы мақсаттарында ортақ ой, ұстанымдар анық танылады. Ә.Тәжібаев ғұмырнамалық шығармаға қалам тартуын «Жылдар, ойлар» романында баян етеді.
«Осының бәрі менің өмірімнің толық өзі емес, схемасы сияқты. Кейбір кезеңнің кейбір шоқысы ғана қамтылып, бірер елесі ғана беріледі. Бірақ осы мезгілдің ішінде қанша бастың шашы ағарды, қанша нұрлы бетті әжім торлап, тозаң басты.
... мен өз замандастарым туралы әлім жеткенше жаза беремін, жаза беремін. Ойымда барды айта беремін, жаза беремін. Ойымда барды айта беремін, айта беремін. Менің сырымның бұл бөлімде жоғын кейінгі бөлімнен іздеңіздер. Бірінде жоқты, екіншісінен табуыңыз мүмкін ғой? Әрине!
Жазушы М.Мағауин ғұмырнама жазудағы түпкілікті мақсатын алғашқы тарауда ақ алға тартады. «Сүрлеу – соқпақ немесе жазушының жан азабы» деп тақырып қойған алғашқы бөлім ғұмырнамалы романның болмыс – бітімін анық байқатады.
«Ғұмырбаяндық сипаттағы осы кітапты жазудағы негізгі мақсат та өткенді қайта тірілту емес, өзімді мақтау емес, ақталу, тәңірі берген талаптың тасқа кетілгенін айта отырып, тағдырым–талайым арқалатқан уәжін – парыздың біразы өтелмей қалғанына себеп–сылтау табу, Алла – тағалам бұдан ары азды –көпті ғұмыр сыйласа, қаламымды қатқыл, санамды ашық қылсын деген тілек нәтижесі. Адам алдындағы емес, аруақ, құдай алдындағы есеп».
Өмірін екі елдің шенінде өткізген Қ.Жұмаділов ғұмырының халқына айтары тереңде болса керек. Бұл турасында жазушы «Таңғажайып дүние» романының соңғы беттерінің бірінде: «Түбінде ғұмырнамалық шығарма жазу жоспарда бар болатын. Бірақ, оны сәл кейінірек, асықпай жазармын деп жүруші едім. Сөйтсем, оным жаңсақтық екен. Кейін деген осы емес пе?
Жасың алпысқа толғанда жазбаған мемуарды енді қашан жазасың Мемуарды басқадан бұрын мен жазуым керек. Өмір дегенің мынау – шекараның екі жағасында қақ бөлініп жатқан. Бастауы онда, жалғасы мұнда. Тағдырдың айдауымен осы сызықтың өзін ары – бері сан рет кесіп өтіппін. Кейін кім зерттейді сол шомылып жатқан ғұмырды? Мен басқан жолдармен кім жүріп өтеді? Жарайды, менің сары ізіме түсіп зерттейтін бір фанатик табылсын –ақ дейік. Бірақ, мен бастан кешкен, мен ғана сезінген жайларды оған кім айтып береді? Әрине, өзімнен басқа ешкім айта алмайды. Бұдан кейін басқа шығарма жазармын, жазбаспын ал бір кітапты міндетті түрде жазуым керек. Оның аты – ғұмырнамалық роман» - деп, ізгі мақсаттың түпкі мүддесін аңғартады.
Шығармалардың жанры айқын - проза, түрі анық – ғұмырнамалық роман, тақырыбы әркелкі қойылғанымен, айтылатын идеялары ортақ – жазушылық өнердің құдірет құпиясы, ұзақ сонар ғұмыры. Прозаның бұл жанрына көпті көрген, көп жасаған зиялы қауымның ден қоюында және бір ерекшелік орыстың ұлы жазушысы Л.Толстойдың «ХХІ ғасыр әдебиет әлемінде ғұмырнамалық шығармалардың көптігімен еркшеленеді. Бұған таң қалатындай ештеңе де жоқ. Себебі «ХХІ ғасыр адамын ойдан шығарылған шындық емес, өмірде болған, негізгі бар ақиқат шындық қана қызықтыра алады» деген төрелі ойы аңғартса керек.
Ұлттық әдебиетімізде қазіргі уақытқа дейін жазушы келген өімірлік дерекке негізделген романдар түрін іштей бөліп қарар болсақ:
-
Тарихи роман (жеке тұлға ғұмырынан)
-
Мемуар.
-
Деректі проза
-
Эссе.
-
Ғұмырбаяндық.
Ал, ғұмырнамалық романның жазылу формасының тұрпатына қарай екіге бөліп қарауға болады.
-
Белгілі тарихи тұлғалар ғұмырынан құжаттық деректер негізінде жазылған шығармалар.
-
Ұлттық әдебиетке еңбегі сіңген, жеке жазушылардың өз өмірінен жазған туындылар.
Біз талдап отырған Ә.Тәжібаевтың «Жылдар, ойлары», «Есімдегілері», М.Мағауиннің «Мені», Қ.Жұмаділовтің «Таңғажайып дүниесі» осы екінші топтағы романдар тізбегіне қосылады. Жалпы, жазушылар үшін өзге жанның ғұмырынан жазылған шығармаларды жазудан гөрі өз өмірлерінен шығарма жазудың айтарлықтай қиындығы мен күрделелігі болатынын төл шағырмаларында айтқан сөздерінен көру қиын емес. Қазіргі Италия әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы Наталия Гинзбург өз өмірінің таза шындығын бейнелейтін «Семейные беседы» атты романында ғұмырнамалық шығарма жазудың өзіндік қиындықтарын:
Мен осы көрген – білгендерін адал айтушылар қатарына қосылуды ғана армандаймын.
Ешкімнің ішкі өміріне араласпаймын, ешкімнің ой, сезімін қазбақтамаймын. Жабық палсапалар мен құпия лирикаларда менің жұмысым қанша! Мен өзіммен кездескен, сырласқандар, менің алдымда азды – көпті оймен ашылғандар туралы ғана айтамын». (50 бет).
Жазушы М.Мағауин тек көркем әдебиет әлемінде ғана емес, ғалымдық дүниетанымы тұрғысынан да замандастарынан өн бойы озық болған жан. Өмірінің көбі өтіп, азы қалған шақта ғұмырнамалық баянға бел шеше кірісуін романның алғашқы беттерінен –ақ танытады:
«Өте ұзақ ғұмыр кешіппін. Өмірдің көбі өткен, азы емес, әлденедей бір бөлшегі ғана қалған. Абай атам айтқандай, келер заманың – көк тұман. Сәуле - көмескі, үміт - буалдыр. Сен... сенің кесімің әуел бастан белгілі. Тозаңнан жаратылдың, топыраққа айналасың. Ештеңе өзгермейді... Бірақ, ұрпағың бар емес пе! Бүкіл ұлысың, ұлттың алдыңдағы тар кешу немен тынбақ? Азаматыңды қажытып, жеткізіңнің жігерін құм қылып, бәсіре байлығыңды талапайға салып, жұртыңды біржола тоздырып бара жатқан заманға қарсы тұрар қайла барма? Сен білмейсің. Білсең де жүзеге асыра алмайсың. Сенің білгенің, қолыңнан келер жазу ғана еді. Сонымен қанағат таптың. Сонымен өміріңді ұзарттың. Кеудеңді басқан кер заманда қасірет, зардың өзі күш беріпті. «Мен сияқты ерлерді – Жаратты ма екен құдайым – Қайғыдан шіріп өлерге, - Кейінгі туған бала үшін!...». Бұл – Қазтуған – Мұрат. Сен малдандың, бірақ осы деңге жеткенше, яғни, қайғыдан шіріп өлмес бұрын бар запыраныңды ақтарып кетпек едің»...
Тағдыры қилы, талабы зор, арманы асқақ Қ.Жұмаділовтің сыр – сипатын төмендегі жолдардан көреміз.
«Өмір бойы өзгелер туралы да кітап жаздық қой.Өзіміз жөніндегі әңгіме жеңіл болар деп ойлағанбыз. Онымыз күпіршілік екен. Сонау бір заманда, қаймағы бұзылмаған көшпенділер арасында дүниеге келіп, әлденеше өкіметті бастан өткермек, бір емес, екі бірдей империяның тепкісін көрген, содан көненің көзіндей болып бүгінгі күнге жеткен адамның өмір жолын баяндау оңай шаруа болмай шықты. Әсілі, бұл кітапты өмірбаян дегеннен гөрі, адам мен қоғам туралы, замана туралы толғау деген дұрыс болар».
Шығармагерлердің қайсысының өмірлік шығарма жазудағы мақсат – мүдделері, авторлық ұстанымдары, жанрға баса назар аударулары ортақ екендігі атап айту ләзім.
Өткен өмірдің болашақ ұрпақтың қажетіне жарар, рухани сананы серпілтуге қажет, кез келген адам танып біле бермейтін, тек бір ортаға ғана тән оқиғалардың бүкіл бір ұлттың болмысын таныту үшін, қаншалықты қымбат екенін де осы жолдардан сезінеміз. Ә.Тәжібаев түпкі мақсат, ұстанымын шығармасының бастапқы тарауында берсе, М.Мағауин ғұмырнаманың ең әуелгі бетінде, яғни алғашқы жолдарында айтса, Қ.Жұмаділовтің ізгілікті мүддесі туралы негізгі ой романның соңғы беттерінде айтылған. Бұлайша қаламгерлік ұстанымның берілуі әр жазушының өзіне тән баяндау ерекшелігі десек, оған қоса суреткерлердің шығармаларында толғанысқа түсірген өмірлік жолдардың әр қилылығына тән болып келсе керек. Әр автордың әр түрлі бағытпен бір жанрда қалам түзулері әлемдік әдебиетте бар тәжірибе. Солай бола тұрғанның өзінде, үш жазушының тақырыптарындағы қалам алыс қадамдарында мол сәйкестіктер кездеседі: Мәселен, Ә.Тәжібаев проза жазуға әбден мау тартып, ақсақал болған тұста келсе, Қ.Жұмаділов пен М.Мағауин алпыс жастың табалдырығын аттаған тұста жетті. Шығармашылықтың сан тарау соқпақтарын бастарынан кешірген кез – келген жазушы үшін ғұмырнамалық проза оңай игеріле салатын өнер емес. Егер аталған жазушылар өзге тұлғаның өмірінен ғұмырнамалық шығармалар жазбақ болса, ол үшін қарттық шаққа жету міндетті емес болса керек. Ал өз жеке ғұмырдан үлкен бір туындыны өмірге әкелу үшін әрине, жазушы көп жасаған, көпті көрген, тәжірибелі, салиқалы, кемеңгер жан болуы тиіс екені өзінен - өзі түсінікті болса керек.
Алдарына асқақ мүдде, асыл мақсат қойған көреген жазушылардың ғұмырнамалық романдары жанр талабы жауап бере ала ма? Көркемдігі мен танымдық тағылымы қандай дәрежеде? Авторлық ұстаным шығарма жанрымен үндескен бе? Деген сұрақтар біздің зерттеу еңбегіміздің басты нысаны болмақ.
Ең әуелі ғұмырнамалық романдарда жазушы авторлардың прозаның ғұмырнама жанрын жазу үшін алған деректі материал көздері қандай деген мәселелерге тоқталсақ. Ең біріншіден, жазушылар үшін басты дерегі материал болған олардың суреткерлік санасы болғанын атар едік. Себебі: Ә.Тәжібаев шығармасын жазу үшін өткен өмірдің жарқын тұстарының санада сақталған бейнесіне сүйенеді.
«Өз тұстарыңмен кейінгі қатынастарыңды баяндау үшін олармен бұрынырақ қандай болғаныңа көз салу керек.
Арғысын айтпай, бергісін түсіндіру қиын... Ал, әріге қараймын десек, әлдеқашанғы өткен алыстарымызға ораламыз; онда талай көнерген жолдарды қайта аралаймыз; онда талай көнерген қағаздардың беттерін қайта парақтаймыз. Сонда ғана өткеннің үндерін қайта естіп, сондағы көп суреттерді күңгірт те, болса қайта көретін боламыз, өзімізбен-өзіміз беттесеміз» - деп білдірсе, Қ.Жұмаділовтің ғұмырнамалық шығармасын жазуға сүйемел болған қаламгердің өз санасы екенін де көреміз.
«Мемуарда болған нәрсені бүкпей айту – басты шарт десек, оған кеңестік дәуірде екінің бірі тәуекел ете алған жоқ. Күнделік жазу, жазысқан хаттардың түбіртегін сақтау да салтқа енбепті. Негізінен, зердеге сүйенуге тура келді. Адам жадынан артық сүзгі жоқ. Қажеттісі есте қалды, қажетсіз ұсақ – түйегі ұмытылады. Демек, бұл шығарманы естен кетпес сәттердің жиынтығы десе де болады. Өмір жолында қайырымды, жақсы адамдарды көп ұшыратыппыз. Жақсылардың шарапаты тиіпті.
Кесел – кесапаты тиген кісілерде аз болмапты. Солардың барлығы да қағазға түсті» - деп ағынан жарылған жазушы дерек ретінде өз зердесіне сүйенетінін келтіреді.
Ал, жазушы М.Мағауиннің қаламы алдыңғы екі жазушыға қарағанда мүлде басқаша.
«Жобаның аты – «Алтын дәптер» еді. Яғни, жазу жазылған, жазу жазылатын дәптер. Алтын емес, кәдімгі тор көз, қарапайым қағаз. Мұқабасы да әшекей, өрнексіз – жұқа қара дермантин. Әуел баста, мұқабадан кейінгі сыртқы бетіне «Шимайлар» деп жазылған екен. Яғни ойға келген әр түрлі шығармалардың сұлбасын таңбалауға арналған. Уақыт оза келе әуелгі атауын тарта сызып, үстіне байыппен, қалың әріптермен «Алтын дәптер» деп жазыппын.
Бұл тор көз, қалың қара дәптердің бүгінгі ғұмыр – жасы – отыз бес болса керек. Студент кезде басталған. Бірінші беті «Сюжеттер» - «1960-1961» деген тақырыппен ашылыпты. Ең соңғы таңба – «1996», 49-бетте. Яғни, мен әдебиетке алғаш рет нық қадам басқаннан бергі отыз жеті жыл бойы жазуға жобаланған, жазылған және жазылып үлгермеген барлық шығармалардың сұлбасы осында».
Әр жазушының шығармаға да келу жолы әр қилы десек, алдыңғы екі жазушы үшін табиғи сананың қызметі басым болса, соңғы жазушы үшін қолда бар күнделіктің деректік маңызы айқын болып тұр. Тақырыптарын тапқан жазушылар үшін екінші дерек көздері қызмет атқарған еңбек ордасы, әріптестік орталарының да ықпалы аса мол болғанын көреміз.
Ә.Тәжібаевтың «Қырық жыл жолдас болып жүріп, бір рет жүрегімен ашылмаған замандастар да табылады. Олармен де «сіз-біз» деп жүреміз, бірақ арада қырық жылдық қашықтық жатыр. Әрине, олар туралы сөйлеу қиын.
Мен көргенім мен білгенімді ғана айтамын дедім. Кейде сезгенім де шет қалмаса керек. Сондықтан жеке басымның түйсігі мен топшылауларында артық – кем болуы әбден мүмкін. Ондай міндеріме кешірім сұраймын.
Қабдеш Жұмаділовтің де айтпақ ойы осы тұстан табылады:
«Бастан кешкен жайларды сараптай келгенде, көзім жеткен бір нәрсе: бұл өмірді жақсы деп мақтауға да, жаман деп даттауға да болмайды екен. Өмір – сенің ырқыңа көнбейтін, ащысы мен тұщысы аралас, бас – аяғы жоқ, шетсіз – шексіз; таңғажайып бір дүние. Сен оған соғып өтер қонақсың» -деп толғанады.
М.Мағауиннің ғұмырнамасының бастапқы беттерінде жазылған мына жолдардан да шығармашылыққа арқау болған тағдыр – талайдың жүйесін көреміз.
«Мен Абай атам мегзегендей онша күрделі жұмбақ емеспін, бірақ біз арғы заманмен өлшегенде, соқтықпасы әлдеқайда көп, соқпағының бәрі теріс, қиғаш, айрықша бұлыңғыр кезеңде жасадық, рас, алдыңғы ағаларым – Ақаң, Мағжан, Мадияр, Мұқаңмен салыстырғанда біршама тыныш дәуірде күн кешіппін, бірақ менің де шырғалаңға түсіп, ышқынған, қиналған күндерім, ай, жылдарым болды. Бұл сөз - өнер жолында, ождан азабы, рухани қысымға да қатыссыз, оның бәрі – таңдап алған талқы, табиғи сыбағаң; менің айтып отырғаным – кәмелетке толған он сегіз, жиырмадан бұрынғы, тіпті мектеп бітірген он жетіден бұрынғы, менің он бір жасым мен он бес жасымның аралығындағы өмір кезеңі..» (15-16).
Енді жазушылар үшін дерек болған үшінші нәрсе – түрлі тарихи негізі бар қызмет, мәжіліс, туындылар, қоғамдық - әлеуметтік орталар болып табылады. Алғаш шығармашылық жолдың баспалдақтары қалай басталды, кімдер және қандай факторлар қаламгерлердің шығармагерлік өнеріне ықпалы, әсері болған деген сауалдардың барлығына жауапты, төл туындылардың өз іштерінен табамыз.
Жас балаң ақын, жоғары білімді Әбділда Тәжібаевтың әдебиетті сүюіне алғаш анасы Айманкүлдің ықпалы мол болса, мектеп барғаннан кейінгі тұста үлкен ұстаздық өнеге көрсеткен Сәтбеков Әбілқайырды ерекше еске алса, өмірінің өзге де өзекті тұстарын «Апам туралы әңгімелер», «Шахмет хикаялары», «Палуан аға», «Кіші Мұхтар», «Есею жолында» деген тарауларында қазақтың талай даңқты қайраткерлері мен тарихи тұлғалары туралы өткен өмірдің деректі шындықтарын жазады. Әдебиеттің есігін қалай ашқанын:
«Ал өзімнің марқаю жолымның кедір – бұдыры, қиын –жеңілі, ыстық – суығы толып жатыр. Оның бәрін айту үшін үлкен кітап жазу керек сияқты. Әрине, бұл жолы олар түгел қамтылмайды. Мен 1927 жылы Шымкент қаласындағы (ол кезде Сырдария губерниясының, қазіргі Оңтүстік Қазақстан өлкесінің орталығы) Қазақтың жеті жылдық мектебін бітіріп шықтым.
Адам өмірі туралы шығармалардың, әсіресе, автор өз тағдырын бейнелейтін туындыларда жанұя тарихы, аға ұрпақ тарихының бүгінгі бейнесі, бұрын болған оқиғалардың сан жылдаған жылнамасы мен толықтырылуымен әрлі әрі нәрлі болып келеді. Қоғам мүшесі болып табылатын адамның өмірі халқымен бір жасаған да ғана ұнамды болмақ десек, біз талдап отырған «Жылдар, Ойлар», «Есімдегілер», «Мен», «Таңғажайып дүние» романдары соның бір айғағы іспеттес.
Осы тұрғыдан салыстыра қарар болсақ, ғұмырнамалар жазушылардың әдеби шығармашылық жолының қалыптасуы мен дамуының табиғи бейнесін сомдауға деген тұңғыш талпыныстары екендігіне көз жеткіземіз. Қырғыздың даңқты жазушысы Шыңғыс Айтматов ғұмырнамалық шығарма туралы мына бір пікірі алдыңғы ойымызды одан әрі аша түсетіндей.
Жазушылық өнердің құпия сырларына дендеп ену үшін, бізге ең әуелі қаламгердің шығармашылық психологиясының тереңіне үңілу парыз. Шығармашылық психологияның ғылыми таным тұрғысындағы дәлелді ой-толғамдардың ең маңыздыларына тоқталып, зерттеп отырған шығармаларымызға қажетті пікірлерді теріп алып, қажетке жарата білу еңбегіміз үшін аса маңызды мәселе. Орыстың ғалымы Б.Мейлах шығармашылық психологияның болмысын былайша тұжырымдайды:
Ендігі тұста, ғұмырнамалық туынды авторларының шығармашылық лабораториясына ену, оны пайымдап, зерттеу, зерделеу ғылым үшін оңай атқарылар еңбек емес.
Шығармагерлердің туындылары, суреткерлік жолдары қалай басталды, қалай жалғасады, қалай түйінделеді, соның бәрі қалай жүзеге асады деген сұрақтарға толық, ашық жауап табу қиын екендігі дау туғызбас. Аталған мәселелерге ең бір нақты, дәлме – дәл деген ғылымның өзі де дәл жауап бере алуының өзі не ғайбыл. Дегенмен, жазушының шығармашылық лабораториясында ешкімнің көзіне көрінбей тұнып жатқан құпия сырлардың бірқатары әдеби және ғылыми мәселе деңгейінде зерттеу объектісі бола алады. Мұндай мәселелерді зерттеп, зерделеу ақынның шығармашылық еңбегінің басты сатыларын, олардың ерекшеліктерін анықтауға, сөйтіп оның шығармашылық лабораториясының басты ерекшеліктерін екшеп білуге мүмкіншілік береді. Сөйте тұра, жазушының шығармашылық лабораториясын тану мүмкіншілігін жоққа шығаруға да болмайды.
Шындығында қаламгердің шығармашылық лабораториясы, қаламгердің шығармашылық еңбегінің сатылары, кезеңдері көзбен көруге болмайтын, көңілмен тануға келмейтін тылсым құбылыс емес.
Суреткердің шығармашылық еңбегі күрделі де қиын, оның бұралаңы да, асқар – асуы да көп. Әр жазушының шығармашылық ойлауы әр басқа. Соған орай қаламгердің шығармашылық лабораториясы да түрліше. Тіпті бір жазушының әр шығармасының өз шығармашылық тарихы барын да жоққа шығаруға болмайды. Шығармашылық процесс үстінде жазушының көңіл күйі мың құбылып тұратыны да бар. Сондықтан да жазушының шығармашылық лаборатоиясын зерттеу әр ғалым әдебиетшінің, әр зерттеуші мен сыншылардың батылы жетіп бара бермейтін қиын да күрделі еңбек. Бұл жөнінде Сәбиттанушы, ғалым, сыншы Қ.Ергөбек өз ойын арыдан қозғайды:
«Белгілі бір шығарманың шығармашылық тарихын қарастыру – біткен, аяқталған процесті емес, сол қаламгерлік істің басталуынан тәмамдалуына дейін қалай жүргенін бақылау. Бұл, әрине, тақырыптан басталмақ. Өйткені тақырып – қандай да бір көркем шығарманың алтын қазығы».
Әдебиет тізгінін ұстаған жандар үшін әуелден, өзі қалаған шығармасының тақырыптық таңдауының үдесінен шығу басты парыз екенін зерттеуші орынды еске салып отыр. Тақырып іздеу мәселесі де осы жазушылық табиғатқа тікелей байланысты деп білеміз. Қарастырып отырғанымыз ғұмырнамалық шығарма болғандықтан, лабораториялық құпиялардың сырларын, шешімін дайын туындылардың өздерінен іздеуге тура келеді.
Жазушылар өздерінің шығармашылық лабораториясының кейбір сырларын романың әр бөлімдерінде ашып, анық баян етеді.
«Бірде лирика, бірде монолог арқылы өзіңнің жаныңды тоқытқан сырыңды айтасың. Әлдекімді жерлегің, әлдекімдерді дәріптегің келеді. Бір көңіл бар, сәбидің туғанына, гүлдің ашылғанына, көңілдің ұшқырлығына, өмірдің мәңгі жастығына қуанады. Енді бір көңіл қуаныштың қарама – қарсы жақтарынан түйсік табады.
Ондайда еріксіз көнесің. Осының бәрін бүркемей, боямай жырлағың келеді...» - деп ақын Әбділда Тәжібаев өлең өрімдерінің санадағы сәуледей қалыптасуынан сыр шертеді.
Әбділда Тәжібаев табиғатында ақын болып туған жан. Жаратушы онык маңдайына ақындықты бұйыртты. Ол жастайынан халық өлеңін, жыр–толғауларын жаттап, әпсана, ертегі, хикаяттарды жадына сақтап өсті. Әбділда Тәжібаев бала күнінен жыр оқып, ертегі айтудан жеке бала ақын дәрежесіне дейін көтерілді. Өзі «Жылдар, ойларында» баян еткендей, шығыстың «Салсал», «Зарқұм», «Саяр Шәріп», «Орақ пен Күлше», «Зафун», «Балғын бағұр» т.б. сол сияқты қазақшаға аударылған поэмаларды оқудан жатқа айтуға дейін машықтанғанын жазады.
«...алғашқыда оқығым келмей далада күткен балаларға тұра қашқым кеп тұрса да, кейін мақтау сөздерді естіген соң («Әбділданың даусы жақсы екен, шешесінен де жақсы оқиды екен» деседі) барлық ынта, ықыласыммен оқимын, шешемнен айнытпай оқимын. Жер астындағы жылан патшалығы, төрт дәруіштің кезектесіп айтқан қызықты әңгімелері, батыр қыздың соғысы, Мұхаммед пайғамбардың мұғжазалары мені еріксіз еліктіреді. Көп ұзамай осы қызықты, оқиғалы кітаптарды жатқа айтатын болдым» - деп еске алады, Әйтсе де бойдағы дарын жас баланың болашағына даңғыл жолды 1922 жылы сол кездегі Ақмешіттегі (қазіргі Қызылорда қаласы) Ленин атындағы жетім балалар үйінде тәрбиеленіп жүрген кездегі ұстазы Сәтбеков Әбілқайырдың ашып бергенін де сүйсіне еске алады.
«Әдебиетті сүю, әдебиетші болу жолына мені қолма – қол жетектеп әкеп салған тәрбиешіміз Сәтбеков Әбілқайыр»... десе, тұңғыш өлеңінің шығу тарихын былайша сөз етеді: «Жетісінде бір шығатын «Лениншіл Жас», «Жұмысшы» газеттерінің корректоры, республикалық орталық газет «Еңбекші Қазақтың» көшірушісі болдым, кейде ертемен тұрып көшеде, базарда газет те сататынмын. Қолым босаса-ақ отыра қалып өлең жазамын. Солардың бірі газетке басылса, ұшпаққа шығатындай көремін. Сол кезде жақсы ақын атана бастаған Асқар Тоқмағамбетов, Қалмақан Әбдіқадыровтар талай жазғандарыма сын айтты, мінін көрсетті. Талай рет қайта жаздырды. Ақыры менің бірінші өлеңім («Жұмысшының гудогы» дейтін үш шумақ өлеңім) «Жұмысшы» газетінде күз айында басылды. Мен қуанғандықтан қайда барарымды, қайда сиарымды білмедім»...
Ақынның шығармашылық өсуінің алғашқы баспалдақтары осылайша басталады. Қатардағы корректорлықтан кәнігі журналист қызметінен бастау алған шығармашылық өсу сатылары Әбділда Тәжібаевты заманындағы дарынды ақындар санатына дейін жеткізіп, соңына мол мұра қалдыртты.
Шығармашылық жолын ақындықпен бастаған Әбділда Тәжібаев ақындық өнердің толысуына, халық қажетіне жарауы, өлеңнің үні өшпейтін мәңгі болуы үшін қандай әрекеттер қажет екеніне де оқырман көңілін аудартады.
«Әрине, үйрену, зор әлемдік мағыналы тақырыпқа қайта жазып, жарысқа түсу бар да, көргенін көрген қалпынша өз тіліне шалажансар аударып, өз атын қоя салу бар. Екеуі – екі нәрсе. Біріншісі: ұлы жүйріктердің жарысы, олар айқын – озат идеяны ту қылып бірге көтереді де, жарықтың зораюына, жылылықтың молаюына бір-бірлесе күш салады. Ондайда Шекспир, Байрон, Гете, Шиллер, Пушкин, Лермонтов болып өңшең таулар біріне–бірі жалғасып жатады. Бұлар бүкіл адамзатқа ортақ биік мұраттар туын көтергенде өз ұлттарының қуаныш күлкісі мен қайғы–қасіреттерін қоса көтереді. Ал екіншісі: еліктеушілер мен солықтаушылар.
Мұндайлардың өз халқына сай сипаты жоқ, сондықтан айқын үміт, мұраты да жоқ.
Аламан заманда өмірге келген Әбділда Тәжібаевтың алғаш қызмет еткен жылдарында арнайы мамандықтың базалық білімін алуға мүмкіндіктері бола бермейді. Ақын біраз жыл өз бетінше ізденіп оқудың арқасында қажетті білім нәрін алуына қол жеткізеді. 1928-1929 жылдары Абай атындағы педагогикалық институттан түбегейлі білім алудың сәті түспей-ақ қояды. Мақсат пен мүддеге берік асыл ақын өнерлік зейінді өсіру үшін, жалықпай ізденіске түседі.
Өзі білмейтін нәрселерін білетіндерден сұрап, зердені нұрландыруға күш салады.
Белгілі бір қоғамда өмір сүретін өнер иесіне сол ортаның ықпалы зор болатынын алдыңғы тарауларда атап көрсеттік. Сол секілді ақын Әбділда Тәжібаевтың да шығармашылық ғұмырындағы әсер етуші негізгі факторлардың да атқарған рөлі зор болды. Жазушы қандай қоғамда өмір сүрсе де, өзінің суреткерлік әлемін қалыптастырып, алдын-ала айнала тіршілік дүние жаратылысқа сол әлем билігінен көз тастайды. Ә.Тәжібаев кеңестік кезеңде өмір сүргені үшін кінәлі емес. Адам өзін жаратушы табиғаттың алдында қашан да тәуелді. Бұл күнде шығармашылығының басым бөлігі кеңес дәуіріндегі жалаң романтикаға бағындырыла жазылды деп кейде айыптағандай, кейде кінәләғандай айтылып, бағаланып жатыр.
Әбділда ақынның шығармашылығындағы саяси көзқарастардың өзін зерттеп, зерделеу әдебиет ғылымы үшін өзіндік ерекшелігі бар ой талғамдарға жетелейді. Әбілда Тәжібаев кеңестік қоғамда қалыптасаты, өмір сүрді, шығармашылықпен шұғылданды. Сол себепті де ақынның шығаршашылығындағы саяси концепциялардың астарынан кінә іздеу орынсыз. Ғалым Бахтиннің тілімен айтсақ, «жазушы өзі өмір сүрген қоғам, өзі тіршілік еткен уақыт тұтқыны». Міне, сол себепті де біз Әбділда Тәжібаевтың шығармашылық лабороториясын қарастырғанда, ақындық өнер мен әдебиет әлеміне аяқ басқан қаламгердің алғашқы шығармаларның жасалу жолдарының процесін де қоса қарастырамыз. Қазіргі уақытта айтылып жүрген кейбір көзқарастарда Әбділда Тәжібаевтың саясаттың бір жағына ағып, қызмет еткені туралы да айтылады. Бұл орынды нәрсе. Егер мәселенің тереңіне бойлар болсақ, астарын аңғарсақ, оның түбіне жете үңілгендей боламыз. Бір қоғамда өмір сүрген қаламгерлердің әдебиеті бір бағыт, бір ағымда болу шарт емес. Керісінше бір қоғамда, бір кезеңде әр түрлі бағыт-бағдар ұстаған қаламгер қауымы болуға, олар әр алуан әдебиет жасауға тиісті. Социолизмнің де, социалистік реализмнің де қателігі қоғамды, әдебиетті біртектілендіріп жіберетіндігінде. Қазақ қоғамында Алаш Орданың, алашшыл әдебиеттің болуы қандай табиғи болса, кеңесшіл идеологияның, кеңес әдебиетінің болуы сондай табиғи құбылыс. Ал, өзара көзқарастарды үйлеспейтін дүниетаным, әр бөлек жандардың арасында айтыс-тартыс жүруі заңды.
Екіншіден, қоғамда болып өткен құбылысты әркім өз көзқарас – дүниетаным тұрғысынан бейнелейді. Қаламгер ғұмырының алғашқы баспалдақтары ең бір тынымсыз уақытқа тура келген Әбілда Тәжібаев өнердің ең әуелгі қиыншылықтарын да еске алады.
4. Адамды осылай бас білдіретін, өз күндерінің жұмыстарын орындататын уақыт – ешкімнің де тоқтап, қалуына мұрша бермейді. Қоғам қозғалған арнада өз сүрлеуіңді табасың, қозала берсең. Мен де өз қауымымен бірге қозғала бердім. Ұзын жолға шыққан соң жөн сұрасқандар барар бағдар, өнер кәсібіне қарай топтасады екен, мен де «жазушылар» деген топтың, яғни Сәкен, Бейімбет, Сәбит, Ғабит, Қалмақан, Жақан, Асқар, Тайыр деген ағалар мен құрбылар қатарына жетіп қосылдым. Тым жастаумын талабым зор. Өз бетіммен тауып айта алмасам да, өзгелерге қызығамын, соларға ұқсауға тырысамын...
Кетті от арбам, кетті зымырап, дүрілдеп,
Жұртты аяқтап тәтті ұйқыдан гүрілдеп,
Белдер асып,
Шөлдір асып,
Көлдер асып,
Өтіп барад тауды – тасты тілімдеп,- деп жазамын.
Бұл менің Сәкенге ұқсауға тырысқаным
Е, болатын ба, қалай?
Еретін бе шалай?
Ауылнай қоймақ еді ғой
Бір туысын Қанай,-
деймін. Бұл менің Бейімбетке ұқсауға тырысқаным. Ақын өзінің алғашқы шығармашылық жолындағы жастық, қызбалық, сезімге берілгіш болған кезеңдік өзгерістерді ашып айтып, анық көрсетіп береді. Кеңес дәуірінде социалистік идеологияның ықпал, әсері зор болып, таптық тұрғыдан жыр жырлаған Сәбит, Қалмақандарға еліктеуім, Асқар, Тайырға үн қостым деген сөздерді ағынан жарыла баяндайды. Кеңес үкіметі алаш арнаған жылдары Ұлы Абай Құнанбайұлының шығармашылығы барынша керісінше түсіндіріліп,теріс көзқарастар белең алған кездегі әсері туралы да толғана тоқталады.
«Бірақ мен хат танығаннан бастап алғашқы басыма жастанған ақыным – Абай өлеңдеріне қайта соқпадым. Оныма ол кезде өкінген де жоқпын».
-
Абай кім?
-
Ол қай таптың ақыны?
-
Феодализімнің ақыны
Әңгіменің «тоқ етері» осы.Сондықтан оны шын, адалөзімізге қарсы таптың тобына қосамыз, «Абайша жазбау керек!» деген ұран тастауға дейін «әзірміз».
«Я, құдай бере көр
Тілеген тілекті.
Қорықпай орнықтыр
Шошынған жүректі» - депті Абай. Осындай өлеңнен үйренуге бола ма?
- Жоқ, дейміз, барлық сенімімен дауыстап, міне, ақынның албырт кезеңдегі бір кезде өзі пір тұтқан ұлы Абайдың өлеңдеріне деген асыл ойларының ауытқуына қоғамдық идеологияның ықпалы зор болғанын көреміз. Мұнан ары қарай ақын Абай шығармаларына үрке қарап, сенімсіздік күй кешкенін де жасырмайды. Шығармашылық жолда түрлі қилы қалтарыстар болғанын да толық түсіндіре сөз етеді. Мектеп баспалдақтарынан – ақ жас өспірім санасына сіңірген тапшылдық, интерноциналдық, ұлы орыстың ұғымдардың өсе келе жас ақынның нәзік жүрегіне құныға, еніп, еліттіріп әкеткенін де жазады.
Ал, шаруашылық майданындағы таптық шайқас бәрінен де күшті жер бөлуге, жалшы мен әйел теңдігін беруге ауылды советтендіруге қарсылық құйындай үйіріледі, бандиттық, басмашылық, қарулы қарсылық тағы бар. Осының бәрі ол кезде бірге жақында жанған өрттей, іргеде тасыған топан судай сезіледі. Біз сол құбылыстардың әрбір күні, әрбір сағатына жауап берерлік жыр жазу жолын іздейміз. Оны өткеннен таппаймыз, өз жанымыздың қоршаймыз», - деп әжуалап еске алады. Әсіресе кеңес өкіметінің символикалық реңі болып табылатын «Қызыл түсін келсін, келмесін барлық заттың эпитеті етіп алуды да үрдіске айналдырғанын, бұл әдісті Сәкен, Маяковский сынды ақындардан сүйренгенін де бір мысқыл зілді кекесінмен еске алады. Идеология қалай дегенде де дауылпаз, жас ақынға мол әсер, күшті ықпал еткеніне дау жоқ. Шығармашылық зертханасының алғашқы аяқ асып, осылай басталған Әбділда үшін үйрену мен толысу шақ әлі де алда болады.
«Менің оқуымның аздығы (барлығы қазақша жеті класс бітірген) поэзия, өнер ғылымынан хабарсыздығым, эстетика мәселелерінің әлі түсіме де кіріп көрмегені бұл шақта тіпті мін емес сияқты, поэзияның суреткерлігі, музыкалық үнділігі, образдылығы, көркем мағыналылығы біздің арамызда сөз бөліп көрген емес. Мұндай нәзіктік әңгімелерін қозғағысы келгендерге құлақ асқанымыз жоқ. Қайта ондайларға күдікпен қарайтынбыз»,- деп еске алады. Поэзияның алғашқы бастау бұлағы осындай үлкен, жасыратыны жоқ бір жақты, әсіресе, қызыл ұраншыл болғандықтан адамзаттың бар баласына ортақ ұлы сезімдер жырланатын махаббат, табиғат, сезім лирикаларын адам санасын ұлғайтып, жарамсыз өнерлер деп, негізгі идея – қоғам мәселесіне аудартқанын да айтып, ақындық таным мен өренің ақыт пен заманға бағындырылған тұстарын алуын еске алады, және де қоғамдық сананың бұлай болуы, оның негізгі мүшелеріні сауатсыз, жұмысшылар мен кедей – кепшіктер болатын да өз біліктерінің көлемінде сөйлеуді тілейді.
«Біз өлеңмен партияны түсіндірдік, Совет өкіметі еңбекші халық өкіметі екенін ұғындырдық».
Халықтар достығын мадақтау – біздің платформаларымыздың ең іргелі міндеттері болып саналады. Сондықтан ақынның кім екендігі оның саяси бағытымен бағаланады.
«Бесіктен – ақ маған тап белгі таққан,
Тапты шаққан бесікте мені шаққан.
Сап – сары ала, сап-сасық, жөргекте де
«Іңгә» орнына уілдеп «тап» деп жатқан».
Сәбиттің бұл өлеңі ол кезде ақынның паспортындай қабылданды. Біз оған осы қасиеті үшін бас идік. Сондықтан болу керек, біз үшін Мырқымбай Бейімбеттің өзіндей сезілетін.
Демек, біз алдымен ақынның анкетасына қарадық. Тегің кім?- деген сұраққа берілген жауапқа көбірек көңіл бөлдік.
Осындай кезеңде өткен жастық шақ маған бүгін де қызық сияқты, бүгін де ыстық көрінеді – деп еске алады. Ақынның қилы-қилы тағдыры осылайша басталып, шығармашылық жолы өсіп өрлеуге ұласады. Жас, толысу үстіндегі жолында Әбділда Тәжібаев ендігі тұста шығармашылығын тек өлең оқып, жазумен ғана емес, сол кездегі қоғамдық жауапты істерге араласа жүріп, сыншылық, зерттеушілік ғасырына да ден қояды. Бала күнінде халық ауыз әдебиетінен нәр алған ақынның қаламгерлік өнері уақыт өте келе журалистік қызметке де ден қояды. Кеңес өкіметі жылдарындағы жаңалық атаулының барлығына үн қосуды парыз санаған ақын аға буын ақындардың поэзияларындағы жаңалық пен идеялық ізденістерді тап басып тауып социалистік тұрғыдан талдап, көлемді мақалалар жазады. Мәселен: «Мен жиырмаға жете бергенде Сәкен Сейфуллинді Нәзір Төреқұловтың сынынан қорғап, көлемді мақала жазыппын». Оны «Еңбекші қазақтың» 1929 жылғы сентябрь айындағы бір санында бастырыппын («Тар жол таиғақ кешу мен Нәзірдің сыны туралы» деген мақала). Мақала былай басталады:
«Сәкеннің «Тар жол тайғақ кешу» деген кітабына әркім өзінше баға беріп жүр. Өткен жылы «Еңбекші қазақ» бетінде Нәзір жолдастың да сыны басылды. Бірақ Нәзірдің сыны көпшілікті қанағаттандырарлықтай болған жоқ. Ол екі көзін тарс жұмып, кітап оқуға жарамайды, үлгі - өнеге бермейді. Жаңа жұртшылыққа пайдасы жоқ. Сәкен өзін- өзі мақтаған деп қара аспанды суалдырды да қойды» - деп еске ала келіп, С.Сейфулиннің мемуарына жасаған әдеби-сыни мақаласының жазылу нұсқасын көрсетеді, және де мақаласындағы кемшілікті де атап көрсетеді.
Дегенмен, ақын өзінің осы мақаласының Сәкендей ақын шығармасын қорғауға ықпал болғанын мақтан ететінін де айтады.
Одан әрі ақын алғашқы сын еңбегінің (мақаланың) жазылу жүйесін еске алады: «Кітаптың суреттілік жағы күшті, тілге де бай. Ал, Нәзір сыны – толық сын емес, қыңыр, бір жақты бет тырнау. Нәзірдің «Қызыл сұңқарларға» берген сыны да осындай құр күйелеу болатын. Мынаусы да сол бетпен жазылған деп аяқтаппын. Әрине, мақала мінсіз емес. Бірақ сол балдырған шақта Сәкен сияқты ағаларды қорғамақ болғанымды бүгін де мақтан етемін. Революцияға, оның әрбір ұрандарына үн қосып жату, мезгілмен бірге қозғалу замандастарға жәрдемдасу- бақыт емес пе!
Шала қаттау, ұйқас, ырғағы дөкірлеу өлеңдеріміздің де жоғарғы жақтан көрініп, мағынасы тереңге бойлатып жатқан жоқ–ты. Бірақ бетпе-бет отырған еңбек адамдарының құлағына сыбырлап жетпей, дүбірлеп жеттік. Тыңдаушы қошемет көрсетті. Біз соған қуандық».