1.3 Шет мемлекеттерде сот билігін ұйымдастырудың жалпы сипаттамасы.
Сот билігі барлық өркениетті мемлекеттерде тұтас сот органдарына жүктелген белгілі, олардың әрқайсысы жүйедегі орнына қарамастан нақты істерді дербес шешеді.
Демократиялық қоғамда сот билігінің әлеуметтік ролі түрлі заң тартыстарда құқық үстемдігін қамтамасыз етуде көрінеді. АҚШ-тың француз зерттеушісі Алексиса де Токвила “Демократия в Америке” кітабында әлеуметтік ролін өте дәл келтірген: “Сот төрелігінің ұлы мақсаты зорлық мұратын құқық мұратына өзгертуден, үкімет пен олар пайдаланатын күш арасында құқықтық бөгет орнатудан тұрады”.1 Сот төрелігі мемлекеттік зорлықты өркениет шеңберіне шығарып қана қоймай, құқық негізінде жеке субьектілер арасындағы тартыстарды да шешеді. Осылайша, сот билігі қоғамдық қарым-қатынасқа әсер ететін пәрменді құрал болып табылады. Қоғамның құқық танымы деңгейі жоғары батыс мемлекеттер үшін сот шешімінің орындалмауына жол беру мүмкін емес әрі кешірілмейді.
Шет мемлекеттердің басым көпшілігінің сот жүйесі неғұрлым кең тараған екі модельдің біреуіне жатады: англосаксондық( англо-американ) немесе роман-германдық( еуропа континенті). Соңғы кездері екі модельдің жақындасу үрдісі байқалғанын атап өткен жөн. Англосаксондық елдерінде құқық барған сайын сот құрылысы мен сот ісін жүргізуді заңнамалық реттеуге айналуда, ал континентальды жүйедегі елдерде судьяларға қоғамдық қатынастарды заңнамалық реттеудегі проблемаларды өз шешімдерімен толықтыру құқығы беріледі, яғни соттарға кейбір шамада құқық шығару функциясы берілгенін білдіреді.
Әлемдегі барлық елдердің дерлік Конституциясы сот жүйесінің немесе соттардың түрлерін белгілейді, қандай арнайы соттар жалпы заң құзырындағы соттармен қатар құрыла алатыны көрсетеді.
Сот билігі басшылыққа алатын басты ұйымдастыру қағидаты барлық жерде бірдей тек заңға бағынатын судьялардың тәуелсіздігі, оның кепілдіктерінен ажырамас тұтастығында; қызмет атқарған уақытында ауыстырылмайтындығы, иммунитеті, көтермелеудің азаймайтындығы болып табылады.
Бірқатар елдердің Конституциясы халықтың ең алдымен, алқа биі ретінде сот төрелігін атқаруға қатысуын көздейді.
Сот төрелігін атқаруды сапалы ұйымдастыру үшін сот шешімдеріне шағым беру құқығы түрінде көрінетін сатылық қағидатының маңызы зор.
Төтенше соттарға тыйым сала отырып, заңды түрде белгіленген соттардың ғана сот төрелігін атқаруының конституциялық қағидаты кең таралған.
Сот процесінің негізгі қағидаты ретінде сот жүйесі қызметі қағидатын бөліп көрсеткен жөн. Сот процесінің кең таралған конституциялық қағидатын жариялылық болып табылады. Бұл қағидат АҚШ, Жапония, Италия, Испания сияқты көптеген демократиялық мемлекеттердің констиуцияларында бекітілген. Судьялардың тек заңмен байланыстылық қағидаты өте кең таралған. Осы қағида судьяның істі шешу кезінде кімнен болсын ешқандай нұсқау алуға тиіс еместігін білдіреді, заңға қатысы бойынша төменгі тұрған нормативтік актілердің қаншалықты заңға сәйкес келгенінше маңызы бар.
Сот билігінің континентальды үлгісінің негізгі белгілері: соттарды ұйымдастыру мен оның қызметін айқындайтын күшті дамыған заңнамалық база; құқық көзі ретінде сот прецендентін шартты түрде мойындамау. Сот шешімдеріне шағым берудің аппеляциялық нысанымен қатар кассациялық және телидарлық нысандарын пайдалану; процесте судьяның белсенді ролі; алқа билері мен әлемдік судьялар институттарының аз таралуы; төмен деңгейдегі кәсіпқой судьяларды ерекше тағайындау; кадрлық функциялар мен өкілеттіктермен бірге толық немесе ішінара судьялық өзін-өзі басқару органдарын құру болып табылады.
Белгілі Ресей ғалымы В.Е.Чиркин шет елдердегі сот органдарының мынадай түрлерін бөліп көрсетеді.
-
Сотқа дейін іс қарау органы, мысалы Франциядағы, Италиядағы медиаторлар, консилиаторлар( делдалдар,бітімшілер). Оларды әдетте муниципалитет-жергілікті өзін-өзі басқару органдары отставкадағы мемлекеттік қызметшілердің ішінен құқық негіздерін білетін және көршілер арасындағы ұсақ дауларды, құқық бұзушылықтарды қарайтын жолдастық соттар қолданылған. Тараптар келіспеген кезде осы соттардың шешімдері бірінші сатыдағы сот бекіткеннен кейін ғана күшіне ие болады. Жолдастық соттардың шешімдеріне сотқа шағым беруге болады.
Мәнісі бойынша, әсіресе беделді әрі өкілеттіктері жоғары қоғамдық соттардың ролін АҚШ-та мекемелердегі әкімшілік соттар, ал Ұлыбританияда - әкімшілік трибуналдар орындайды. Екеуі де әдетте әкімшілік әділетке жатады, бірақ, мысалы Францияда немесе Италияда әкімшілік әділеттің біріңғай жүйесін құрамайды. Сонымен қатар, олар тек таза әкімшілік істерді ғана емес, басқа да мәселелерді қарайды (Ұлыбританияда – еңбек, салық даулары, пәтерақы туралы даулар, денсаулық сақтауға байланысты мәселелер және т.б.). Қоғам қайраткерлері, заңгерлер трибунал мүшелері болып табылады, ал мемлекеттік қызметшілер бола алмайды. Осы санаттағылардан АҚШ-та көбінесе әкімшілік судьялар іріктеледі, бірақ соңғылары әдетте осы мекеменің қызметшілері болып табылады. Әкімшілік судьялар мен трибуналдардың шешімдеріне сотқа шағым берілуі, ал АҚШ-та мекеме бастығымен күші жойылуы мүмкін.
-
Қылмыстық істерді, азаматтық және еңбек дауларын және т.б. қарайтын жалпы құзырлы соттар. Әкімшілік соттар жоқ кейбір постсоциалистік елдерде олар әкімшілік әділеттің кейбір функцияларын орындайды. Жалпы соттар жүйесі жоғарыды төменгі дейінгі соттардың түрлі буындарын қамтиды, бірақ оларды құру тәсілдері әртүрлі. Жалпы соттар төрт үлгі бойынша топтастырылуы мүмкін: англо-американдық, романо-германдық, әлеуметтік және мұсылмандық.
Англосаксондық үлгіде әдетте жоғары соттардың басқаруымен біріңғай сот жүйесі қолданылады. Бұл үлгіде сот преценденті кеңінен пайдаланылады, осыдан заң шығару ролі едәуір төмендейді. Судья сот процесінде бәсең, ол тек отырысты жүргізеді және қылмыстық істерде судья мен алқа заседательдерінің өкілеттігі бөлінгендіктен, кінәлілігі туралы мәселені шешеді.
Романо-германдық үлгіде әдетте сотта бір жүйе жоқ, ол – жартылай жүйе. Мамандырылған әртүрлі сот жүйесінде өздерінің жоғары органдары болады. Сондықтан олар толығымен алғанда ғана “жалпы соттарды” білдіреді. Мысалы, Германияда – бес жоғары федерация соты, Бразилияда да жоғары федералды соттар бірнеше. Бұл орайда сот қызметінің жүйесі кең дамыған заңнамамен айқындалады, сот преценденті жиі қолданылады; аппеляциямен қатар кассациялық және ревизиялық шағым беру тәртібі қолданылады, англосаксондық үлгіде ол жоқ; процесте судья белсенді, ол баға беріп қоймай, дәлелдемелерді өзі де жинайды; “халықтан шыққан судьялар”, “кәсіпқой емес судьялар” судьямен бірге жазаны белгілеуге қатысады.
Әлеуметтік үлгіде: барлық судьялар мен халық заседательдерін таңдау; судьялар мен халық заседательдері құқықтарының теңдігі; әкімшілік-аумақтық бөліністер мен сот округтері шекараларының сәйкес келуі тән. Жергілікті кеңес сайлаған сот оның аумағында әреке етеді, осы аумақтық шекараларында тиісті коммунистік партия органы да әрекет етеді.
Мұсылмандық үлгі дербес сипатқа ие: мұсылмандық сотқа тек діндес немесе осындай сотқа келіскен адамдар жатады; халық заседательдері, ассистер, алқа билері болмайды; азаматтық, қылмыстық құқықта да процесс жауапкершіліктің өзгеше нысандарымен шариғат ережелері бойынша жүзеге асырылады. Кейбір мұсылман елдерінде сот шешімдеріне шағым беру рәсімі болмайды, тек имамға – қосымша монарх болып табылатын жоғары дін иесіне жүгінеді, мысалы Нигерияда жоғары тұрған мұсылман соттары болады.
-
Арнайы соттар: әскери (әскери қызметшілер үшін), жасөспірімдер, еңбек, жер және су даулары, наразылық, коммерциялық және т.б. істері жөніндегі соттар. Осы соттардағы судьялардың кейде заңгерлікпен қатар, басқа да білімдері болады (мысалы, жасөспірімдер істер жөніндегі соттарда педагогикалық), еңбек даулары бойынша соттарда судьялар көбінесе кәсіподақ қайраткерлері болып табылады. Осындай соттарда істер кәсіпқой судьялардың алқасында заседательдерсіз қаралады, процесс жеделдетілген, оларда әдетте жоғарыда тұрған ұқсас соттар жүйесі жоқ, кейде жалпы соттар жанындағы бөлімшілер болып табылады. Алайда кейбір елдерде арнайы соттар жүйесі сатылық құрылымда болып келеді(мысалы Германияда).
-
Азаматтардың құқықтары бұзылуына байланысты басқару мәселелері бойынша азаматтың мемлекет шенеуніктері мен органдарымен дауларын қарайтын өкімшілік соттар (ерекше арнайы соттар). Бұл соттар кейде министрліктердің, басқару органдары жанынан құрылады, бірақ олар әдетте тұтас жүйені құрайды: Францияда, Швецияда, басқа елдерде жоғарғы әкімшілік соттар (Францияда – Мемлекеттік кеңес), ірі аумақтық округтердің әкімшілік соттары, төменгі әкімшілік соттар. Әкімшілік соттарға, егер шенеунік заңды бұзбаса, шағым беруге болмайды, өйткені нақты істерді шешу кезінде шенеунік өз қарауынша қарайды және заң шегінде дербес әрекет етуге құқығы бар(дискрециялық өкілеттіктер).
-
Кәдімгі құқық соттары – көсемдер, ақсақалдар қатысатын тайпа соттары. Олар көршілер арасындағы дауларды, жерді орманды, жайылымдарды пайдалану туралы дауларды, тайпа дәстүрінің негізінде кейбір отбасылық құқық мәселелерін қарайды. Қылмыстық істерді мұндай соттар қарай алмайды. Егер олар заңға қайшы келсе, олардың шешімдері танылмайды. Тайпа соттарының шешімдеріне жалпы құзырлы соттарға шағым беруге болады.
-
Конституциялық соттар, сондай-ақ жоғары лауазымды адамдардың конституциялық жауапкершілігі мәселелерін қарайтын соттар ерекше орын алады( мысалы, Франциядағы Жоғары сот төрелігі соты, Польшада Мемлекеттік трибунал).
-
Кебір елдерде шіркеу қызметкерлерінің ісін қарайтын шіркеу соттары әрекет етеді, бірақ келушілерді жазалай алады.
-
Конституцияда төтенше соттарды, яғни конституцияда және заңдарда белгіленгеннен өзгеше тәртіппен құрылатын, сот рәсімдері ережелерінен тыс әрекет ететін, кейде қылмыстық кодексте көзделмеген жаза қолданатындарды құруға тыйым салынады. Алайда әскери режим жағдайында мұндай соттар әдетте құрылады.1
-
Қазақстан Республикасындағы судьяның құқықтық мәртебесі.
Сот құрылысында барлық деңгейдегі судьялар айрықша орын алады, өйткені судья – бұл Қазақстан Республикасындағы сот билігінің өкілі. Ол конституциялық тәртіппен сот төрелігін жүзеге асыру және өзінің міндеттерін кәсіби негізде орындау өкілеттіктеріне ие. Обьективті және байыпты сот ісін жүргізуді қамтамасыз ету мақсатында судьяларға белгілі бір талаптар қойылады:
Ол талаптар төмендегідей:
-
Қазақстан Республикасының Конституциясы және заңдарын бұлжытпай сақтау;
-
Сот төрелігін іске асыру жөніндегі өзінің Конституциялық міндетін орындаған кезде, сондай-ақ қызметтен тыс қарым-қатынаста судья әдебі талаптарын сақтауға және судьяның беделі мен қадір-қасиетін түсіретін немесе оның әділдігі мен алаламаушылығына күмән туғызатын барлық нәрседен аулақ болу;
-
Сот төрелігін іске асыру жөніндегі қызметке заңсыз араласудың кез келген әрекеттеріне қарсы тұру;
-
Судьялар кеңесінің құпиясын сақтау;
Судьяның лауазымы депутаттық мандатпен, оқытушылық, ғылыми немесе өзге шығармашылық қызметтерді қоспағанда, өзге де ақы төленетін жұмысты атқарумен, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырумен, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кірумен сайыспайды.
Судьялар партияларға, кәсіптік одақтарға кіре алмайды, қандай да бір саяси партияны қолдап немесе оған қарсы сөз сөйлеуіне болмайды.
Осы көрсетілген аса жоғары талаптарға байланысты, Алматы облыстық және аудандық соттар тәжірибесінен төмендегі мысалды келтіруге болады.
1999 жылы Алматы облысының аудандық( қалалық) соттарында шешім шығару жолымен барлығы 10804 азаматтық іс қаралған.
Ал облыстық сотқа кассациялық сатыда қарау үшін 536 іс келіп түсіп, істерді қараудың нәтижесінде 152 сот шешімдері бұзылып, 44 сот шешімі өзгерген( тиісінше 28,35 және 8,2).
Азаматтық істерді бақылау тәртібімен қараған кезде 236 сот шешімі бұзылып, 119 сот шешімі өзгерген.
Сот шешімдерінің бұзылуы мен өзгеруіне судьялардың теориялық дайындықтарының төмен болғандығы, тәжірибелерінің аздығы, материалды және ісжүргізу заңдырының талаптарын сақтамау сияқты жағдайлар себеп болды.
Қазақстан Республикасы Конституциясына сәйкес судьялар Сот төрелігін жүргізген кезде ешкімнің де алдында есеп бермейді. Олар қаралған немесе өндірісте жатқан істер жөнінде қандай да түсініктер беруге, заңда көзделген жағдайлар мен тәртіп ретінде болмаса, ол істерді танысу үшін әлдекімдерге беруге міндетті емес. Егер судья сауатты және аса тәжірибелі болса, онда Конституцияның бұл ережесінің іске пайдасы тиеді, яғни сот қызметіне араласуға болмайды. Егер судьяның білімі жеткіліксіз болса, онда сот процесінің нәтижесі күткендегідей болмайды.
Орыстың осы заманғы көрнекті ойшылдарының бірі судьяның қызметін тарихшының қызметімен салыстарған болатын. Тарихшыға да ірі қорытындылар мен тұжырымдар жасау үшін салмақты да сындарлы фактілер қажет, судьяға да шешім шығару үшін айғақты, күмәнсіз фактілер керек. Судья мен тарихшы арасындағы айырмашылық мақсаттарында (ақиқаиқа көз жеткізуде), құралдарында да (фактілер мен логикалық ойлауларында) емес – айырмашылық сендіру нәтижелерінде ғана. Тарихшы қателесті делік, ол өзінің, негізсіз айыптауларымен немесе масқара жаласымен ұлы адамның атына кір келтіреді, мұның зардабы сонша ауыр болмаса керек-ті. Мұндай үкімнің дұрыс еместігі туралы барлық кезде келешек ұрпаққа шағымдануға жол беріледі: сөйтіп, екінші бір тарихшы деректерден ғасыр шаңын қайта қағып, қателікті түзетіп, шындықты қалпына келтіреді. Ал сот үкіміне сотталушының ар-ожданы, бостандығы мен өмірі тікелей байланысты. Судьяның қателігін асығыс ойламай жасаған шешімінің зардабын күнәсіз жан көз жасымен, қайғы-қасіретімен, төгілген қанымен өтейтін болады.1
Нәтижесінде кінәсіз адамдар зардап шегуі немесе керісінше, қылмыскер ақталып кетуі мүмкін, сот қателіктеріне жол бермеу мақсатында кезінде сот қызметкерлеріне аттестация да жүргізілген болатын, бұл судьялардың заңдарды білуін қаматамасыз етуге және олардың сапалық жағынан жаңа сот құрылысын қалыптастыру ісіне қолдануына, соның негізінде сот төрелігінің шынайы құндылығын жүзеге асыруға мүмкіндік берді.
Судьялар, олардың отбасы мүшелері мен мүлкі мемлекеттің қорғауында болады, тиісті органдар судьялар мен отбасы мүшелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, оларға тиесілі мүлікті сақтауға, судьядан немесе оның отбасы мүшелерінен тиісті өтініш түскен жағдайда, дер кезінде және барлық шараларды қолдануға міндетті. Судьяға және оның мүлкіне, кәсіптік қызметіне байланысты келтірілген зиян республикалық бюджеттің қаражаты есебінен өтеледі.
Судьяны, қылмыс үстінде ұсталған немесе ауыр қылмыс жасаған жағдайларды қоспағанда, тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, оған сот тәртібімен белгіленетін әкімшілік жазалау шараларын қолдануға, Жоғарғы Сот Кеңесінің қорытындысына негізделген Қазақстан Республикасының Президентінің келісіміесіз, ал Конституцияның 55-бабыныңт 3) тармақшасында белгіленген жағдайда, Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының келісімінсіз қылмыстық жауапқа тартуға болмайды. Судьяларға қатысты қылмыстық істі Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры ғана қозғай алады.
Судьяға Қазақстан Республикасының Президенті белгілеген тәртіппен куәлік береді.
Заң адал, өз ісіне қалтықсыз берілген, заңдылықты сақтаудың озық үлгісін көрсеткен судьяларды қорғау жағдайларын, ал өз қызмет бабына салақ, немқұрайлы қарайтын, судьялар әдебі кодексін, заң талаптарын бұзуға жол берген судьяларды қызметтен босатудың себептерін қарастырған.
Судьяны қызметтен босату және оның өкілеттігін тоқтатудың негіздері мына жағдайларда орын алады:
-
орнына түскенде немесе өз тілегі бойынша судья қызметінен босағанда;
-
медициналық қорытындыға сәйкес кәсіптік міндеттерін одан әрі атқаруға кедергі болатын денсаулық жағдайы бойынша;
-
судьяны іс-әрекетке қабілетсіз немесе іс-әрекетте қабілеті шектеулі деп тану не оған медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы сот шешімі заңды күшіне енгенде;
-
судьяға қатысты айыптау үкімі заңды күшіне енгенде;
-
Қазақстан Республикасының азаматтағынан айырылғанда;
-
Судья қайтыс болған немесе соттың оны қайтыс болды деп тану туралы шешімі заңды күшіне енген жағдайда;
-
Судья басқа лауазымға тағайындалған, сайланған және басқа жұмысқа ауысқан жағдайда;
-
Егер судья басқа соттағы бос қызмет орнына орналасуға келісімін бермесе, сот таратылған немесе оның өкілеттік мерзімі өткен жағдайда.
Судьяны қызметтен босату туралы шешім:
-
Жоғары Соттың Төрағасы, алқа төрағалары мен судьяларына қатысты Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуы бойынша - Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатының қаулысымен;
-
Облыстық соттың төрағасы, алқа төрағалары мен судьялары, аудандық соттың төрағасы мен судьясына қатысты - Қазақстан Республикасының Президентінің жарлығымен қабылданады.
Республиканың сот құрылысы ұдайы жетілу үстінде. 1994 жылы-ақ елде құқықтық реформа басталды. 1999 жылғы тамызда реформаның екінші кезеңін жүзеге асыруға байланысты бағдарламалар талқыланды. Оның мақсаты – қол жеткенді баянды етіп, Қазақстан Республикасында сот құрылысын одан әрі жетілдірі. Бұл, сөзсіз, демократиялық мемлекеттегі басты Конституциялық кепілдік – сот немесе нақты сот төрелігі деп тұжырым жасайтын жалпы жұрт таныған ережелерден туындайды. Сот мемлекеттік орган ретінде әрекет ете отырып, жеке тұлғаның құқықтары мен бостандықтарының сақталуына әлеуметтік бақылау жасау, өмірдің кез келген саласында қоғам мүшелері мен мемлекет арасындағы дауларды шешу сияқты өзіндік ерекшілігі бар функцияларды жүзеге асырады.
2-тарау. Қазақстан Республикасындағы Сот билігінің жүйесі.
Әлеуметтік тәжірибенің салалық жағынан жаңа жағдайларына біршама бейімделе бастаған сот жүйесі өзінің адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, қоғам мен жеке адамға қатысты мемлекеттік құқық қорғау міндетін жүзеге асыру жөніндегі қызметінде барған сайын елеулі маңызға ие болады.
Қарастырылудағы мәселе шеңберінде, ең алдымен, мына жайт назар аударуға тұрады: қазіргі кезде Қазақстан Республикасының сот құрылысы республиканың бұрынғы сот жүйесінің оңды жақтарын сақтай отырып, елеулі өзгерістер жасады. Бұған қысқа мерзім ішінде Республикамызда сот құрылысы мен сот органдары қызметін жетілдіруге бағытталған жоғары мемлекеттік деңгейде бірқатар шаралар қабылданғанын қосу керек.
Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Республиканың Жоғарғы Соты және Республиканың жергілікті соттары Республиканың соттары болып табылады. Сот Қазақстан Республикасында со төрелігін жүзеге асыратын бірден-бір орган.
Жоғарыда келтірілген бұл ереже, ең алдымен, сот төрелігін жүзеге асыруға өкілетті сот органдары нендей бір істі шешуге қабылдай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциясы баянды еткен адам мен азаматтың құқықтарының, бостандықтарының, міндеттерінің нақтылығын қамтамасыз ететінін айқын көрсетеді.
Мемлекеттік сипаттағы заңды ұйымдастыру кепілдіктерін ең алдымен мемлекет белгілейді деп санаймыз. Бұған “Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы” 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы айғақ бола алады. Заң жергілікті соттардың қарауына жататын азаматтық, қылмыстық және өзге де істер жөнінде және заңда көзделген іс жүргізу нысанында жергілікті соттардың қызметін қадағалайтын Республикадағы Жоғарғы сот органы Жоғарғы Сот болып табылады деп көрсетті. Осы заң шеңберінде Республикада қандай соттардың болуына жол берілетін көрсетілген. Соттар жүйесін Жоғарғы соттан басқа жергілікті соттар құрайды, яғни:
- облыстық және оларға теңестірілген соттар (Республика астанасының қалалық соты, республикалық маңызы бар қалалардың қалалық соттар, мамандырылған сот - Қазақстан Республикасы Әскерлерінің Әскери соты және басқалар);
- аудандық және оларға теңестірілген соттар(қалалық, ауданаралық, мамандырылған сот – гарнизонның әскери соты және басқалар);
Қазақстан Республикасында мамандырылған (әскери, экономикалық, әкімшілік, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі және басқа) соттар қызмет етеді.
Қандай да болмасын атаумен арнаулы және төтенше соттар құруға жол берілмейді.
Аталған соттардың бәрі заңмен құрылады және ешбір өзге органның, лауазымды адамның нмесе өзге тұлғаның сот функцияларын өзіне алуға хақы жоқ.
Қаралып отырған мәселе тұрғысынан қарағанда билік тармақтарының бөліну жүйесін орнықтырған осы заманғы шетелдік мемлекеттердің тәжірибесі сөзсіз қызуғышылық туғызады. Салыстыру мақсатында кейбір дамыған елдердің сот құрылысының жүйесін қарастырайық. Бұл державаларда мемлекеттік билік жүйесінде сот билігі, заң шығарушы және атқарушы биліктің іс-қимылын құқықтық арнаға тиімді бағыттап отыруға мүмкіндік беретін басты теңестіруші механизм ретінде әрекет етеді.
Кімді болмасың 1958 жылы Париждің Рено алаңында айтылған генерал де Голльдің: “Сот билігі тәуелсіз, әр азаматтың бостандығының кепілі болып қалсын. Бұл мемлекеттің біліктілігін қадір-қасиетін және парасаттылығын қамтамасыз етудің ең таңдаулы әдісі”1 деген сөзі қаралып отырған мәселе тұрғысынан аса айшықтылығымен және көкейтестілігімен тәнті етеді.
Бүкіл сот жүйесін жоғарғы сот органдары басқарады, олар көпшілік елдерде бір мезгілде конституциялық соттың функциясын орындайды. Кейбір елдерде Конституциялық соттар жалпы өкілетті соттар жүйесіне кірмейді. Конституциялық соттың мүшелерін бір елдерде парламент сайласа, басқаларында президент тағайындайды. Бірқатар мемлекеттерде Конституциялық соттың мүшелері президентпен, парламентпен және басқа билік, әділет органдарымен бір мезгілде сайланады. Мұндай елдерде конституциялық соттың конституциялық қадағалаумен қатар конституцияны түсіндіруге де құқығы бар.
Мысалы, АҚШ-тың сот жүйесіне федералдық соттар, штаттардың соттары және жергілікті соттары кіреді. Федералдық жүйе аудандық, округтік(апелляциялық) соттардан және АҚШ-тың Жоғарғы сотынан тұрады. Бұл жүйенің барлық судьяларын Сенаттың келісімі және мақұлдауымен президент дербес тағайындайды. АҚШ-тың Жоғарғы Соты бірінші инстанция соты болып табылады және мейлінше маңызды істермен айналысады, төменгі соттардың қызметін қадағалайды. АҚШ-тың Жоғарғы Соты сондай-ақ бір мезгілде конституциялық соттың да функциясын атқарады.
Италия сот жүйесіне Жоғарғы кассациялық сот, азаматтық істер жөніндегі соттар, қылмыстық істер жөніндегі, апелляциялық соттар кіреді. Италияда мемлекетті басқару ісінде Конституциялық сот ерекшк орын алады. Оның құрамына Президент, парламент палаталарының бірлескен мәжілісі және құрамына сот ведомствосының жоғарғы лауазым иелері кіретін Жоғарғы жалпы және әкімшілік магистратура тағайындайтын 15 судья кіреді.
Англияда барлық судьяларды монарх тағайындайды. Басқа елдерде сот органдарын қалыптастырудың өзге ережелері қолданылады. Алайда, осы жүйелердің арасында мына ереже басымдаққа ие: бұл ережеге сәйкес, судьялар сайланбайды, өмірлікке тағайындалады. Бұл сот төрелігінің тұрақтылығын арттыруды және сот органдарының басқа билік органдарынан тәуелсіз болуына кепілдік береді.1
Сот құрылысы мәселесінде Ресейдің үш буынды сот жүйесі қызығушылық туғызады. Ресейдің Жоғарғы сот органдары мыналар болып табылады:
- РФ Конституциялық Соты Ресей федерациясында барлық мемлекеттік органдарға бақылауды жүзеге асырады, нормативтік актілердің,халықаралық шарттардың Конституцияға сәйкестігі туралы мәселені шешеді.
- РФ жоғарғы Соты және жалпы өкілетті соттар соңғы соттарға қатысты заңда көзделген іс жүргізу нысандарында сот қадағалауын жүзеге асырады және сот тәжірибесі жөнінде оындалуы міндетті түсіндірмелер береді және азаматтық, қылмыстық, әкімшілік және өзге де істер жөніндегі жоғарғы сот органы болып табылады.
- РФ Жоғарғы Төрелік Соты мен барлық төрелік соттарға соңғы соттарға қатысты сот қадағалауын жүзеге асыруға және төрелік сотта қаралатын экономикалық дауларды және өзге де істерді шешу мәселесі бойынша түсініктер беру өкілеттіктері жүктелген.2
Аталған пікірлер, қоғамдық дамудың демократиялық принциптеріне толығымен сай келетін, уақыт талабынан туындаған, көпшілік қолдауына ие болған, обьективті көзқарас болатын. Осы айтылған мәселелер жөнінде айтылып жүрген пікілер ақыр аяғында өз заңды шешімін тапты.
Қазақстан Республикасының сот жүйесінің бірлігі:
-
Конституцияда, Конституциялық заңда, іс жүргізу және өзге де заңдарда белгіленген барлық соттар мен судьялар үшін ортақ және біріңғай сот төрелігі принциптерімен;
-
Сот билігін барлық соттар үшін сот ісін жүргізудің заңдарда белгіленген біріңғай нысандары арқылы жүзеге асырумен;
-
Қазақстан Республикасының барлық соттарының қолданыстағы құқықты қолданумен;
-
Заңдарда судьялардың біріңғай мәртебесін баянды етумен;
-
Заңды күшіне енген сот актілерін Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында орындаудың міндеттілігімен;
-
Барлық соттарды тек қана республикалық бюджет есебінен қаржыландырумен қамтамасыз етіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |