ТИЗАНИЕЗИОЗ
Ірі қараның, сондай-ақ қой-ешкінің Тһуsаnіеzіа giardi құрты тудыратын гельмиятозы. Онымен көбінесе ересек мал ауырады. Ауру қоздырғышының ұзындығы 5 метр. Тизаниезия бірнеше жүз бунақтан тұрады. Басында төрт сорғыш органы бар, бірақ хитинделген ілмешектері жоқ. Бунақтың ені ұзындығынан екі есе артық. Ересек тизаниезия бунағында 20 мыңдай жұмыртқа бар. Жұмыртқа сырты арнаулы капсуламен қапталған. Жыныс тесіктері бунақтың бір жағынан алма-кезек ашылады. Құрттың жатыры жұмыртқаға толған, бунақта көлденеңінен орналасқан.
Дамуы. Тизаниезия биологиясы зерттеліп біткен жоқ. Кейбір ғалымдар құрттың аралық иесі орибатей кенесі деп жорамалдайды. Бірақ Қазақстанда жүргізілген зерттеулер мұны теріске шығарды.
Эпизоотологиясы. Тизапиезиоз Қазақстанның барлық облыстарында кездеседі. Онымен көбінесе ересек мал ауырады. Тизаниезиоз мал арасында күзде шығып, қыс ортасында өршиді де, жазғасалым өзінен-өзі жойылып кетеді.
Ауру бегілері. Ауру мал жабығады. Іші біресе өтіп, біресе кеуіп, малдың асқазанында ас қорыту сарыны бұзылады. Мал арықтап, оның көздерінің аузы мен танауларының кілегейлі қабықтары бозарып кетеді. Жүздеген тизаннезия құрттары ішек қуысын бітеп тастап қоректік заттардың бойға, сіңуіне кедергі жасайды. Ащы ішекте быжынап жатқан құрттар айналасына уытын таратады. Құрт уы денесіне сіңіп мал уланады. Мал діріл қағып, қалтырайды, оның аузынан сілекейі шұбатылады.
Өлекседегі өзгсрістер. Малды сойысымен оның ащы ішегін тіліп жібергенде тизаниезия құрттары табылады. Ащы ішектің кілегейлі қабығы қабынған, қапталаған. Сондай-ақ өкпе, бауыр, жүрек-талақ т.б. органдар да қанталаған. Ауруды анықтау үшін эпизоотологиялық деректер мен ауру белгілері пайдаланылады.
Емі. Тизаниезия құрттарынан арылту үшін малға екі рет, яғни бірінші рет күзде, екінші рет қыс басында тиісті дәрілермен дегельминтизация жасалады. Қолданылатын дәрілер мен олардың мөлшері мониезиоз кезін-дегідей.
Гемонхоз - малды қансыратып, арықтататын, көптеген жағдайда оны өлтіретін. Нaemonchus соntortus құрты тудыратын ішқұрт ауруы. Мал оған әсіресе қыстыгүні немесе жазғытұрым шалдығады.
Морфологиясы мен дамуы. Жұмыр құрт. Гемонх қыл сияқты жіп-жіңішке, оның ұзындығы 2-3 см. Микроскоп арқылы қарап оның басындағы хитинделген кішкене ауыз қуысы капсуласын көруге болады. Капсуланың ішінде жіп-жіңішке жалғыз тісі бар. Еркегінің құйрық жағында жалпақ келген жыныс бурсасы орналасқан. Жыныс бурсасы көптеген хитии қабырғаларымен керілген. Еркек құрттың артқы жағы жіңішке, алдыңғы жағы жуан болып келген екі спикуласы бар. Ұрғашы гемонхтың алды да, арты да бірдей сүйірленген. Жыныс тесігі құрттың арт жағынан ашылады. Гемонх мойнының екі жағында шотаяққа ұқсаған қос бүртігі бар. Оны тек микроскоп арқылы көруге болады. Гемонхтар ұлтабардың ішінде күнелтеді, Еркегімен шағылысқаннан кейін ұрғашы құрт көптеген жұмыртқа сала бастайды. Жұмыртқа өте кішкентай, микроскоп арқылы ғана үлкейтін көруге болады. Ол сопақ болып келген, оның іші ұрыққа толы. Мыңдаған жұмыртқалар азыққа ілесіп ұлтабардан ішекке ауысады да, нәжіспен бірге сыртқа шығады. Ауа райы қолайлы болса (22°С), бір тәулік өтісімен жұмыртқаның ішінде микроскоп арқылы ғана көрінетін көптеген кішкентай личинкалар пайда болады. Пішіні жыланға ұқсаған личинка қолайлы жардайға душар болса бір апта ішінде екі рет түлеп бірінші, екінші және үшінші сатылардан өтеді. Сөйтіп ауру тудыру қабілеті бар инвазиялық личинкаға айналады. Мұндай личинканың сыртында табиғаттың қолайсыз жағдайларынан (құрғақшылық, ыстық-суық) қорғайтын екі қабат қабығы болады. Инвазиялық личинка үш айға дейін, тіпті бір жылға дейін өлмейді. Ылғалды жерге түссе, олар 50°С ыстықты да көтере береді.
Эпизоотологиясы. Гемонхозбен күйіс қайыратын мал түліктері түгелдей ауырады. Ауру қыстың екінші жартысында шығады да, көктемде мал арасына кеңінен тарап кетеді. Гемонхоз Қазақстанның орталық облыстарында, әсіресе, оңтүстік және оңтүстік-шығыс облыстарында жиі кездеседі. Солтүстік облыстарда құрт личинкалары қыстыгүні аязға шыдай алмай, көбінесе қырылып қалады. Олар суда балықша жүзеді, бұлтты, жауынды күндері өрмелеп шөптің басына шырын кетеді. Сәскеге дейін, сондай-ақ қараңғы түсісімен, тіпті түні бойы личинкалар шөптің сабағын бойлай әрлі-берлі кезіп жүреді. Әсіресе олар шөп басында құжынап кетеді, ал ашық ыстық күндері ыстыққа шыдай алмай шөптің түбін, топырақ арасын паналайды. Кейбір деректерге қарағанда, гемонхозбен көбінесе жас мал ауырады. Ірі малдар да ауырады, бірақ оларға бұл ауру емдесе онша қауіпті емес.
Патогенезі. Гемонх ұлтабардың кілегейлі қабығына жабысып оны, аузындағы жалғыз тісімен жарақаттайды да, сорғалап аққан қанмен қоректенеді. Бара-бара ұлтабардың іші қанға толып кетеді. Көп кешікпей қан ұлтабардан ащы ішекке ауысып нәжіске араласып сыртқа шығады. Кей жылдары ауру малдың көбі қансырап өле бастайды. Өлген малдың ұлтабарын жарып жібергенде, оның кілегейлі қабығына сүлікше қадалған гемонх құрттарын көруге болады. Құрт он мыңдап саналады. Жай көзбен қарағанда олар ұлтабарда киіз секілді ұйысып жатады. Кейде ұлтабардың ішкі беті шұрқ-шұрқ болып тесіледі. Ауру малдың қаны азаяды (анемия). Эритроцит саны күрт азайып, РОЭ, тұну реакциясы жеделдейді. Лимфоциттер мен эоззинофиль, лейкоциттер саны бірнеше есе көбейеді. Сайып келгенде ішек-қарында ас қорыту, сіңіру процестері бұзылады. Гемонх құрты уытын шығарып, мал денесін уландырады.
Ауру белгілері. Ауру мал арықтайды. Ұлтабар мен ішекте ас қорыту, қоректі заттарды сіңіру қызметі нашарлайды. Кейде малдың нәжісіне қан араласады. Оның тыныс алуы, тамыр сорысы жеделдейді. Мал әбден арық-тап, екі-үш айдан кейін қансырап өледі.
Өлекседегі өзгерістер. Өлексе тым арық, сырттай қарағанда оның қабырғалары ырсиып тұрады. Еттері боп-боз, онда қан-сөл жоқ. Ұлтабарды тіліп жібергенде ішінен киіз сияқты ұйысып жатқан мыңдаған гемонх табылады.Ми мен жұлын ісінген, қабынған. Ішек-қарын, бауыр, бүйрек солып семген.
Диагноз. Ауруды анықтауда эпизоотологиялық деректер мен ауру белгілерін ескере отырып, гемонхозды бірден-бір дәл анықтау үшін мынадай әдістер қолданылады: 1) овоскопия, ол үшін тұздың қаныққан ерітіндісін - Дарлинг әдісін, сондай-ақ тең мөлшерде алынған глицерин мен тұздың қаныққан ерітіндісін - Дарлинг әдісін пайдалана отырып, гемонх жұмыртқа-ларын іздейді. Бұл ерітінділердің сыбағалы салмағы гемонх жұмыртқасынан әлдеқайда ауыр, сондықтан жұмыртқа олардың бетіне қалқып шығады; 2) инвазиялық личинка өсіру. Малдың нәжісін жайпақ шыны ыдысқа салып үстіне су бүркеді де, термостатқа қояды (22-26° С жылылықта). Бір апта бойы күн сайын ертеңгілікте оған су бүркіп, дымқылдап отырады. Осы уақыттың ішінде жұмыртқа личинкаға айналады, личинка екі рет түлеп, екі қабат қабықпен қапталады. Гемонх личинкасын басқа құрт личинкаларынан ажырату үшін оны инвазиялық сатыға жеткізеді. Инвазиялық личинка 16 ішек клеткасынан тұрады, оның пішіні ромба секілді. Жіп-жіңішке болып, соңғы екі клетка қатарласа орналасқан. Гемонхозды личииканың осы белгілеріне қарап анықтайды; 3) өлген малдың ұлтабарын зерттеу сенімді әдіс. Ұлтабарды тіліп жібергенде, оның кілегейлі қабырына қадалған, пішіні қыл сияқты мыңдаған гемонхтар көрінеді. Жаңа ғана сойылған немесе өлген бойда ішін жарған малдың ұлтабарындағы гемонхтар қызыл жіп сияқты шұбатылады. Гемонх - қан сорғыш құрт.
Емі. Бірден-бір әсерлі дәрі фенотиазин. Өзіндік иісі мен дәмі бар, суда ерімейтін, май мен спиртте түгелдей еритін ақшыл сары ұнтақ. Құрамы таза емес фенотиазин көкшіл немесе ашық жасыл түсті болады. Таза фенотиазин басқаша тиодифениламин деп аталады. Фенотиазин күн көзінде және ылғалды жерде көп жатып қалса тотығады да, өзінің дәрілік қасиетінен айырыла бастайды. Суда ерімейтін болғандықтан фенотиазин балшыққа, бентонитке, желатинға, крахмалға, тұзға немесе сабын ерітіндісіне араластырып беріледі. Малды алдын ала ашықтырудың қажеті жоқ. Дәрі ішкеті малдың зәрі қып-қызыл болып кетеді. Фенотиазин бұзауға суға араластырылған суспензия ретінде беріледі. Суспензияны бірнеше рет шайқап жібереді де резина шланг арқылы малдың аузына құяды. Ересек малға берілетін фенотиазин 30-40 грамнан аспауға тиіс, бұдан көп болса мал уланып қалуы мүмкін, мұндай жағдайда кейде өліп те кетеді.
Сақтық шаралары. Ең алдымен гемонхоздың кең етек алуына тежеу салу керек: аурудың қашан, қайда шыққанын, өршіген, басылған кезеңдерін ескере отырып, гемонхозға шалдыққан малды емдейді. Сөйтіп, оны тоқтатуға тырысады. Жалпы мал дәрігерлік-санитарлық шараларды уақытында қолдана отырып, оны шөбі-шүйгін. Суы мол жайылымда бағады. Жазда жайылым ауыстыру жұмысына ерекше мән беріледі. Гемонх личинкаларының өсу сатыларын (5-4 күнде инвазиялық сатыға жетуін) ескеріп апта сайын мал жаңа жайылымға көшіріліп отырады. Алғашқы жайылым участогіне мал 3-4 айдан кейін ғана оралуға тиіс. Малды батпақты, сазды жерге баруға, суаруға болмайды. Жыл сайын гемонхоз шығып жүрген шаруашылықта малға жылына екі рет (көктем және күзде) дегельминтизация жасайды (тиісті мөлшерде фенотиазии ішкізеді).
Нематодироз - малдың, әсіресе бұзау-тайыншаның ұлтабары мен ішегін зақымдап, қанын азайтатын, оны улап шығынға ұшырататын Nеmatodierus тудыратын ауру.
Құрттың морфологиясы мен дамуы. Жіп сияқты жіңішке гельминт-нематодирдің ұзындығы 7 мм, Қазақстанда оның 13 түрі бар. Құрттың артқы жағы бас жағынан сәл жуандау. Алдыңғы жағы біртіндеп жіңішкереді де, қыл сияқты болып аяқталады. Ауыз қуысы кішкентай. Оның айналасында алты бүртігі, жалғыз тісі бар. Тұмсығында шоқпардың басындай жуан дөңес везикула орналасқан. Везикула көлденең сызықтармен тілінген, мойнының екі жағы теп-тегіс, гемонхтікіндей қос бүртігі жоқ. Еркек нематодирдің жыныс бурсасы жалпақ, екі қалақшаға бөлінеді. Ұзынша келген қос сникуласы құрттың құйрық жағында жіңішке жіп сияқты шұбатылып шығып жатады. Ұрғашы құрттың құйрығы сүйірленген. Жыныс тесігі төмен жағынан ашылады. Құйрығында шошайған істік бүртігі бар.
Нематодирлер малдың ұлтабары мен шегінде күнелтіп, олардың ішіне көптеген жұмыртқа салады. Жұмыртқа нәжіске араласып сыртқа шығады. Жайылымда ол ауа райына қарай 15-26 күн өтісімен личинкаға айналады. Личинка екі рет түлеп ауру тудыру қабілеті бар инвазиялық сатыға жетеді. Инвазиялық личинка ыстыққа, суыққа өте төзімді: 34-35 градус жылылықта 2 айдай, 45-46 градус жылылықта бір айдан астам, ал 4-8 градус жылылықта үш айдан аса тіршілік етеді. Ол құрғақшылықта алты ай бойы өлмеген. Жайылымда личинка шөп басына өрмелеп шығып, әрлі-берлі оның сабағын кезіп жүреді. Мал осы личинкаларды шөппен немесе сумен бірге жұтып жіберсе, нематодирозға шалдығады. Ішке барып түскен соң олар ішектің кілегейлі қабырына қадалады да, оның астына кіріп алып үш аптада екі рет түллейді, содан кейін ішек қуысына қайтып оралып, ересек құртқа айналады.
Эпизоотологиясы. Нематодироз (Қарағанды, Жезқазған, Ақтөбе, Орал, Гурьев облыстарында) республикамызға кең тараған. Жоғарыда айтылғандай онымен көбінесе бұзау, торпақ, тайыншалар ауырады.
Нематодир жұмыртқалары мен личинкалары табиғаттың қолайсыз жағдайларына өте төзімді: қардың астында қыстап шыға береді. Жайылымда инвазиялық личинкалар бір жылға дейін өлмеуі мүмкін. Ауа райына қарай құрт жұмыртқаларының инвазиялық ауру жұқтыра алатын сатыға жетуі ұзарып немесе қысқарып отырады. Мәселен, жұмыртқа жайылымға апрель айында түссе, оның инвазиялық личинкаға айналуы үшін 43 күн, май айында түссе 13, июньде түссе 19, июльде түссе 14, августа түссе 15, сентябрьде- түссе 20 күн уақыт керек. Көктем мен күзде бұл мезгіл ұзағырақ болуы мүмкін. Шыжыған жаздық ыстық күндері личинка екі аптаға жетпей-ақ инвазиялық сатыға жетеді. Ақтөбе, Орал, Гурьев облыстарында нематодироз жаз айында басталады да, күзге қарай өрши бастайды. Кейбір малда құрттың саны 30 мың-нан асып кетеді. Республикамыздың солтүстігінде жаз ортасында, ал таулы аудандарда күзге қарай мал өле бастайды.
Патогенезі. Асқазанға келіп түскен нематодир личинкалары ішектің кілегейлі қабығын тесіп жарақаттайды, одан әрі тереңдеп, сол қабықтың арасына кіріп орналасады. Жарақаттанған жер қабынады. Өсіп жетілген нематодирлер қайтадан ішек қуысына оралады да ішек қабырғасына қадалып алып, малдың қанын сора бастайды. Быжынаған құрттар ұлтабар мен ішекті жаппай жарақаттап, мұнда ас қорыту қабілетін бұзады. Кейде ішек бітеліп қалады.
Ауру белгілері. Аурудың алғашқы белгілері мал денесіне инвазиялық личинка енісімен 11-14 күн өткен соң білінеді. Тағы да 4 күннен кейін мал өле бастайды. Ауру мал нашарлайды, оның өкпесі қысылып, тынысы тарылады, біресе іші өтіп, біресе қатады. Ол арықтайды.
Өлекседегі өзгерістер. Өлген мал тым арық ішек жуандаған. Оның кілегейлі қабығы тесіліп қанталаған, қабынған. Қанның жалпы мөлшері азайған. Нервтер, сөл бездері, жүрек еті, ішек түгелімен қабынған.
Диагнозы. Осы мақсатпен малдың нәжісі Фюллеборн әдісімен зерттеліп, одан құрт жұмыртқалары ізделеді. Нематодир жұмыртқасының басқа құрт жұмыртқаларынан бірқатар айырмашылығы бар. Ол басқалардан 1,5-2 есе ірі. Сопақша болып келген. Оның қақ ортасында 6-8 дөңгелек бластомер бар, бірақ екі жақ шеті бос. Ауруды нематодир личинкасын инвазиялық сатыға дейін өсу арқылы да ажыратура болады. Ол үшін малдың нәжісін 10-15 күн термостатта жылы жерде ұстайды да, өсіп шыққан личинкаларды сүзіп алып, арнаулы таблица бойынша олардың түрін анықтайды. Инвазиялық личинканың ішек клеткалары бес бұрышты трапецияға ұқсайды. Жалпы клетка саны 8. Клеткалар бір-біріне жалғасып жатады. Личинканың құйрығында тарамдалған үш шошағы бар. Өлген малдың ауруын анықтау онша қиын емес ащы ішекті тіліп жібергенде ішінен қыл сияқты мыңдаған нематодир табылады. Қара ыдысқа салып сумен шайса, құжынаған құрттар айқын көрінеді.
Емі. Сынаудан өткен дәрілердің ішінде хлорофос пен нафтамон тиімдірек. Жас малға хлорофостың 1,5 проценттік ерітіндісі (мал салмағының әр килограмына 10 мл) екі рет ішкізіледі. Оның ересек құртқа да әсері күшті. Бірақ хлорофоспен емдеген күні малға сүрлем беруге болмайды. Екі күннен кейін малдың күйі жақсарып жемшөпке тәбеті тартады, іші өтуі тыйылады. Мал арасында өлім-жітім тоқтайды. Хлорофос малға қыс аяғында немесе көктем басында берілетін болса, алдымен оныц уыттылығы тексеріледі: 10-15 малға ішкізіп, дәрі мөлшері анықталады. Бұлардың бірде-бірі өлмесе, хлорофосты барлық малға қорықпай қолдана беруге болады. Бірер мал улана қалса, оларға атропин беріп хлорофосты тез айдап шығады. Нематодирозға қарсы нафтамон (мал салмағының әр килограмына 0,3г) қолданылған. Мұнымен емделінген 100 бас малдың 94 жазылған. Дәрі 0,5 г қолданылса мал түгелдей ауруынан айыққан. Аталған ғалым хлорофоспен нафтамонды араластырып та қолданған. Нафтамонның (мал салмағының әр килограмына 0,1 г) 10 проценттік эмульсиясын ішкізген соң хлорофостың (мал салмағының әр килограмына - 25 миллиграмм) 1 проценттік ерітіндісін берген. Шетелдерде нематодирозға шалдыққан мал метиридин, тиабендазол және пилверм деген дәрілермен емделіп жүр. Мөлшері (мал салмағының әр килограмына); метиридин - 0,2 г, тиабендазол -70-80 мг, нилверм - 10 мг. Әсіресе құртқа нилверм күшті әсер етеді.
Сақтық шаралары. Бұрын «жазғы тышқан» деп аталатын бұл ауру соңғы 5-10 жыл тұсында ғана анықтала бастады. Нематодирозға қарсы қолданылатын басты шаралар: төлді жазда қорада ұстау немесе ауыл маңы-на орнатылған базда, лагерьде бағу. Малға витаминге бай көк шөп шауып әкеліп береді. Жыл сайын нематодироз шығып жүрген шаруашылықта малға фенотиазин тұз қоспасын (1:14) астауға салып беруге болады. Қоспа әзірлеу үшін 9 бөлік ұсанылған тұзға бір бөлік фенотиазин қосады да, мұқият араластырады.
Буностомоз — малдың қанын сорып, оны арықтатып, көбінесе өлімге ұшырататын Вunostomum ріеbоtоmum дейтін жұмыр, құрт тудыратын ішқұрт ауруы.
Морфологиясы мен биологиясы. Еркек құрттың ұзындығы 1 см, ұрғашысынікі - 2 см. Еркегінің жыныс бурсасы воронкаға ұқсайды, екі қалақшадан тұрады. Бұлардың біреуі ұзынырақ, екіншісі қысқарақ. Басы бір жағына қисайған. Тұмсығында воронкаға ұқсас ауыз қуысы (капсула), ал оның түбінде бір тісі, ұзын аузының ашылатын жерінде кішкене екі тісі бар. Өңеші басталатын жерде мойын бүртігі бар. Буностом құрты ішекте күнелтеді. Ішектің ішіне ұрғашы құрт мыңдап жұмыртқа салады. Жұмыртқа нәжіске араласып сыртқа шығады. Сырттағы температура үш градустан төмен немесс 35° С-тан жоғары болса, жұмыртқа ішіндегі личинка өліп қалады. Ауаның жылылығы 10° С шамасында болса буностома личинкалары 12-30 тәулікте, 16° С болса 11 тәулікте, ал 21° С болса бір аптада инвазиялық сатыға жетеді. Инвазиялық личинкалар ыстық-суыққа онша төзімді емес: 50 минут кептірсе, 10-15 тәулік аязда ұстаса олар түгелдей қырылып қалады. Буностом личинкалары шапшаң өсуі үшін 2-10° С жылылық, 70-76 процент ылғалдылық керек. Мұндай жағдайда инвазиялық личинкалар екі жарым-үш ай бойы тіршілік өте алады. Мал инвазиялық личинка түскен шөп жеп, су ішсе буностомозға шалдырады. Сондай-ақ олар мал терісін тесіп оның ішіне кіруі мүмкін. Мал денесінде инвазиялық личинкалар қан тамырына енеді де, қан ағынымен өкпеге барып, бір-екі күн кідіреді. Мұнда түлеп, одан әрі личинка қақырыққа ілесіп кеңірдекке, кеңірдектен ауызға түседі. Содан кейін мал оны екінші рет жұтып жібереді. Ішекке келіп түскен личинка бір жарым — екі жарым айда ересек буностомға айналады. Ф.С.Сарымсақов деректеріне қарағанда буностом мал денесінде 10-15 ай тіршілік етеді.
Эпизоотологиясы. Буностомоз республика көлемінде кең тараған ауру. Алайда ауру қоздырғышымен мал денесіне қалай ееетіні жөнінде қайшы, тіпті қарама-қарсы пікірлер бар. Мәселен, кейбір ғалымдар (Демидов пен Сарымсақов, 1958) буностом личинкалары мал денесіне оның терісі арқылы, ал шетелдік ғалымдар жемшөп пен су арқылы жұғады деген шешімге келеді. Қазақстанның солтүстік және орталық облыстарында олар августа не бары 9-14 күн өтісімен, ал апрельде екі айда инвазиялық сатыға жетеді. Осыған қарағанда малға буностомоз жаппай жаз айларында жұғады. Буностом личинкалары шөп басына, әсіресе, оның сабары дымқыл болса өрмелеп оп-оңай шығады. Жауынды күндері олар шөптің басында быжынап жүреді. Демек, малға буностомоз бұлтты, жауын-шашынды күндері жаппай жұғады. Ауаның температурасына қарай инвазиялық личинканың тіршілік мерзімі өзгеріп отырады. Айталық, 27° С жылылықта ол 16 күн тіршілік етеді.
20° С жылылықта бір айдың ішінде личинкалардың 90 проценті қырылады. Сақа мал денесінде буностом құрты жылдың қай мерзімінде де аздап кездесе береді. Ұдайы қорада тұрған малға да буностомоз жұғуы мүмкін. Ауру белгілері. Буностомозға шалдыққан мал қажиды, кілегей қабықтары бозарып арықтайды. Оның ыстығы көтеріледі, қаны азаяды, денесін шектен тыс су жайлайды. Мал жүре алмай жатып қалады, іші өтіп әл-сірейді. Арық малдың 60-80 проценті өлуі ықтимал. Азықка деген тәбеті жойылмаса да мал күннен-күнге арықтай түседі.
Өлекседегі өзгерістер. Өлген мал өте арық. Өкпенің іші-сырты бірдей қанталаған. Бауырындағы өт жолы, ішектің кілегейлі қабыры мен еті қанталап қабынған. Олардың кейбір жеріне ірің мен қан аралас жалқаяқ жиналған. Буностом қадалған жер жараға айналған. Кейде өт жолы бітеліп қалған.
Диагнозы. Буностомоз белгілері басқа гельминтоздардікіне ұқсас, сондықтан оларға қарап ауруды анықтау қиын. Осы мақсатпен алдымен өлекседегі өзгерістер ескеріледі. Ауруды инвазиялық личинкаға өсіру әдісімен де анықтауға болады. Ол үшін ауырған малдың нәжісін шыны ыдысқа салады да, үстіне жылы су құйып бір апта термостатта ұстайды. Нәжіс кеуіп кетпес үшін күн сайын оның үстіне су бүркіп отырады. Бір апта өтісімен нәжістен осы жетілген личинкаларды Берман әдісімен шыны ыдысқа жинап алады да микроскоп арқылы зерттеп, Поляков таблицасы бойынша құрттың түрін анықтайды.
Емі. Ауру малға фенотиазин, төртхлорлы көміртегі және хлорофос беріледі. Ф.С.Сарымсақов ауру малға фенотиаззин (салмағының әр килограмына 1,5 г) ішкізіп, оның 72 процентін құрттан арылтқан. Таза төрт-хлорлы көміртегі мал басына 3-5 мл мөлшерінде ішкізілді. Хлорофостың 10 проценттік ерітіндісін (мал салмағының әр килограмына 3 мл) ішкізіп ауру малдың 80 процентін құрттан арылтуға болады.
Сақтық шаралары. Жыл сайын бутостомоз болып тұратын шаруашылықта малды жауынды күндері қорада (қоршауда) ұзақ уақыт ұстауға болмайды. Қораны жиі-жиі нәжістен тазартып отырады. Төлге арналған жаздық лагерьді құрнаққа, дөңес жерге салу керек.
Буностомоз өршитін маусымға 10-15 күн қалғанда малды түгелдей жоғарыдағы көрсетілген дәрілердің біреуімен емдеу қажет.
Диктиокаулез – малдың өкпесі мен кеңірдек, бронхтарын зақымдап, оның денсаулығына үлкен зиян тигізетін, Dictyocaulus viviparus құрты тудыратын ауру. Диктиокаулез Павлодар, Гурьев, Маңғышлақ облыстарында жиі, ал Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Алматы облыстарында сирек кездеседі. Э.И.Прядко (1960) оны Алматы облысының таулы аудандарынан тапты. Онымен күйіс қайыратын мал, әсіресе бұзау, торпақ, тайыншалар ауырады. Оның ішінде бұзаулардың арасында өлім-жітім жиі кездеседі. Ауырған бұзаулардың бойы өспей қалады. Малдың өнімі (май, ет) азаяды, терісінің сапасы төмендейді. Басқа ауруларға төтеп беру қабілеті нашарлайды. Өкпесі құрт жеген жас мал тұқым өсіру ісіне жарамай қалады. Ауруға шалдыққан мал бракқа шығарылады да етке тапсырылады.
Морфологиясы мен дамуы. Dictyocaulus viviparus – иірілген жіп сияқты ақшыл сары құрт. Еркек құрттың ұзындығы – 1,5-4,5 см. Оның құйрық жағында жыныс бурсасы, қоңыр түсті жуан әрі қысқа екі спикуласы бар. Тұмсығында кіп-кішкентай ауыз қуысы тас төбесінен ашылады. Ұрғашы құрттың алдыңғы және артқы жақтары өзара бірдей сүйірленген. Оның жыныс тесігі денесінің арт жағынан ашылады. Жатыры миллиондаған жұмыртқаға толған. Ақшыл қара көк жұмыртқа сопақша болып келген. Ересек құрт малдың өкпесі мен кеңірдегін мекендейді. Еркегімен шағылысқан соң ұрғашы құрт көптеген жұмыртқа салады. Жаңа ғана салынған жұмыртқаны микроскоп арқылы қарағанда, оның ішінен жетіліп қалған жас личинкаларды көруге болады. Мал жөтелген кезде осы жұмыртқалар қақырыққа араласып оның аузынан келіп түседі. Мал оны қайтадан жұтып жібереді. Ішек-қарында босап шыққан личинкалар малдың нәжісіне араласып сыртқа шығады. Мұнда қолайлы жағдай тапса, олар екі түлеп инвазиялық сатыға жетеді. Мұндай личинка екі қабат қабықпен қоршалған, ыстыққа, суыққа өте төзімді келеді. 24-27 градус жылылықта ол үш күнде немесе бір аптада инвазиялық сатыға жетеді. Күн суыта бастаса личинкалардың сыртта өсіп жетілуі едәуір ұзарады. Кейбір мәліметтерге қарағанда ауа температурасы 30 градустан асса немесе 10 градустан төмен болса личинкалар өспей қырылып қалады. Мал жайылымда жүргенде инвазиялық личинкаларды жұтып қояды да диктиокаулезге шалдығады. Ішекке барып түскен личинкалар сөл мен ферменттердің әсерінен сыртқы қабығынан айыфрылады да, одан әрі лимфа торабына енеді. Ақыры қан ағынымен өкпеге барып жетеді. Өкпеде личинка екі рет түлеп 1-2 ай ішінде ересек диктиокаул құртына айналады. Мал қоңды болса, оның өкпесіндегі құрт өте баяу өседі: бұған 1-2 айдың орнына 5-6 ай керек. Жетілген құрт малдың ішінбде екі жылға дейін өмір сүреді.
Эпизоотологиясы. Диктиокаулез мал арасына сақа сиырлар мен тайыншалар арқылы тарайды. Бұзауға ол жазғы және күзгі жайылымда жүргенде жұғады. Диктиокаул құрты күн суытып қыс түскендемалдың өкпесінде қыстайды. Бірақ ұрғашы құрт бір жерге екі рет жұмыртқа салмайды. Жұмыртқаны олар көктемде сала бастайды. Солтүстік және солтүстік шығыс облыстарында диктиокаул малға көктем мен күзде жұғады. Диктиокаулдер малда 4-5 айдан бір жылға дейін өмір сүруі мүмкін.
Диктиокаул личинкалары ыстыққа, суыққа алғашқы екі сатыда төзімсіз, ал үшінші сатысында төзімді келеді. 12-14 градус жылылықта үш ай бойы өлмеуі мүмкін. Кептіру, құрғақшылықта ұстау әсерінен олар көп кешікпей қырыда бастайды, ал биік шөптің арасында екі ай бойы тіршілік етеді. Өсуінің бірінші сатысында личинкалар 12 градус жылылықта екі тәулік өтісімен, ал 20 градус жылылықтан асса 15 минуттан кейін қырылып қалады. Қар астында қалған инвазиялық личинкалар келесі жылғы көктемге дейін өлмеген. Тікелей түскен күн сәулесі диктиокаул личинкаларын тез арада қырып тастайды.
Патогенезі. Жемшөппен немесе сумен бірге келіп түскен диктиокаул личинкалары малдың ішек-қарнын жарақаттап, осы арада лимфа торабына емеді. Одан әрі қан тамырына ауысады да қан ағынымен бір тәуліктен кейін өкпеге жетеді. Өкпеде капиллярларды тесіп альвеолаларға, олардан бронхиолалар мен бронхтарға ауысады, жол бойы оларды жарақаттайды.құрт тым көп болса бір-бірінің өсуіне кедергі жасап, ересек құртқа айналу мерзімін ұзартып жібереді. Жетіле бастаған құрттар тұмсықтарымен бронхтың кілегейлі қабығын тітіркендіріп, мал денесіне уытын таратады. Зақымданған жерлердегі бронхиола бездері көп етіп шырын шығарады да, маңайын суға толтырады, шырынға қан араласады. Бронхтың кілегейлі қабығы тесіледі. Шырынға және көбікке араласқан құрт личинкалары бронхтармен бронхиолаларды бітеп тастайды. Мұның салдарынан малдың тынысы тартылады, бара-бара ол ауа жетіспей тұншыға бастайды.
Ауру белгілері. Инвазиялық личинкаларды жұтқан соң бір-екі күн өтісімен малдың тәбеті төмендейді, іші өтеді. Ол күйзеліп жабығады. Үш күннен кейін личинкалар өкпеге жетеді. Осы кезден бастап мал жөтеле бастайды, қырылдайды. Біраз уақыт өткен соң бұл белгілері жоғалады. Тағы бір айдан кейін жөтел қайта басталады. Енді мал жөтелген сайын ауырсынады. Тыңдаған кезде оның өкпесінен сырыл естіледі. Ауру бұзау арықтай бастайды, оның жүні табиғи жылтырақ түсінен айырылып, сүреңсізденеді, ұйысып қалады. Малдың қызуы көтеріледі, іші өтеді. Тынысы тарылып, ентігеді. Танауынан кілегейлі зат ағады. Ауыз бен көздің, танаудың ішкі беттері көгеріп кетеді. Мал ауа жетіспей тұншыға бастайды. Аузынан салақтап тілі шығып кетеді. Өкпесінің, әр жерінен сырыл естіледі, 8,9-қабырғаларының тұсынан дәрігерлік балғамен қаққанда одан әдеттегідей ашық дыбыс естілмейді, керісінше, дыбыс көмескіленеді.
Диагнозы. Алдымен ауру белгілеріне, танаудан шұбырған кілегейлі су, ұйпаланып үрпиген, сүреңсізденген жүн т.б. назар аударылады. Алайда диктиокаулезді бірден-бір дәл анықтау үшін лабораторияда Берман және Вайда әдістерімен ауру малдың нәжісі зерттеледі: одан құрт личинкалары ізделеді. Басқа протостронгилид личинкаларына қарағанда диктиокаул личинкалары ірі келеді, олардың құйрық жағы жуан да қысқа болады: тұмсығы доғалданған, ішіндегі ішек клеткалары бидай дәні секілді болып денесінің қақ ортасын алып жатады, бас жағы менг құйрық тұсында ондай клеткалар болмайды.
Диктиокаул личинкалары басқа протостронгилид личинкларынан ажырату үшін П.А.Буланов мынандай әдіс қолданады. Шыны ыдысқа салынған нәжістің үстіне 0,1 процент метилен көгін тамызып араластырады да, бұдан пайда болған қойыртпақты тұндыруға қояды. Тұнбаны микроскоп арқылы қарағанда диктиокаул личинкалары мүлде боялмай сол түрінде қалады.
Өлген малдың ауруын анықтау қиын емес. Оның кеңірдегін пышақпен жоғарыдан төмен қарай тіліп жібереді де, бронхтарды қақ айырып, олардың ішін сумен шаяды. Мал диктиокаулезден анық көрінеді. Олар бронхтың ішкі бетіне жабысып жатады.
Емі. Мал денесін диктиокаул құртынан арылту үшін екі түрлі әдіс қолданылады, преимагналдық және имагиналдық дегельминтизация жасалады. Бастапқы әдісті қолдану нәтижесінде жаңа өсіп келе жатқан жас құрттар ересек құртқа айналып үлгерместен түгелдей өледі, сондықтан оны басқаша сақтық дегельминтизация деп те атайды. Екінші, яғни имагиналдық дегельминтизация ересек құрттарды өлтіруге бағытталған. Осы мақсатпен йодтың судағы ерітіндісі мен дитразин деген дәрі қолданылады. Йод ерітіндісі шприцке жалғасқан жіңішке ине арқылы малдың кеңірдегіне жіберіледі. Бұзауды емдеу үшін оны бір жақ жамбасына жантайтып, үлкен астауға шалқасынан жатқызады. Бұзаудың бас жағы бөксесінен 30-40 градус жоғары болуға тиіс. Содан кейін ерітінді даярлайды. Ол үшін 1 литр суға 1,5 г йодтық калий, 1 г йод кристалын салып ерітеді. Ерітінің түсі қою шайдың түсіне ұқсайды. Оның температурасы малға жіберерде 37 градустан төмен болуы шарт. Салмағының әр килограмына 0,6 мл осы ерітіндіні шприцпен кеңірдекке жібереді. Йод ерітіндісін екінші рет енгізу үшін малды аударып салып, екінші бүйіріне жатқызады.
Соңғы кезде диктиокаулезге қарсы дитразин деген дәрі (мал салмағының әр килограмына 0,1 г) пайдаланыла бастады. Оның 20-30 проценттік ерітіндісі терінің арасына немесе бұлшық етке 2 рет жіберіледі.
Венгрияда протостронгилез және диктиокаулез ауруына қарсы локсуран деген дәрі қолданылады. Оның 20 немесе 40 проценттік ерітіндісі (мал салмағының әр килограмына 0,25 мл) терінің арасына немесе бұлшық етке жіберіледі. Сақтық шаралары. Жас мал (бұзау, торпақ, тайынша) сақа малдан бөлек бағылады. Биылғы туған бұзаулардың құрты жоқ, құрғақ жайылымға шығарады. Суат (құдық, өзен, көл) маңайын таза ұстайды. Көктем мен күзде малға жаппай дегелментизация жасайды. Мал жайылымын көктемнен бастап әрбір алты күн сайын ауыстырып отырады. Алғашқы рет бағылған жерге мал тек келесі жылы ғана келуі шарт. Жайылым жетпесе малды ол жерге 3 айдан кейін жаяды.
Достарыңызбен бөлісу: |