2.2. Қылмыс объектілерінің түрлері
Қылмыстық құқық теориясында қылмыс объектісінің рөлі мен маңызына терең талдау жасау үшін, қылмыс объектілерін, әдетте, жалпы тектік және тікелей деп ажырату қалыптасқан.
Қылмыстық жалпы объектісі ретінде қылмысты қол сұғушылықтан қылмыстық заң арқылы қорғалатын мүдделер жиынтығы айтылады. ҚР Қылмыстық кодексінің 2-ші бабы 1-ші белігіне сәйкес бұл адам мен азаматтық құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері, меншік, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделері, қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіп, қоршаған орта, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысы мен аумақтық тұтастығы және бейбітшілік пен адамзат қауіпсіздігі бұл объектілердің ерекшелігі сол, кез келген қылмыс, бір жағынан, тек осы объектілерге қиянат көрсетуі мүмкін, ал екінші жағынан - қылмыстың кез келгені бұл объектілердің біреуіне ғана қиянат керсете алады, себебі, жалпы объект дегеніміздің өзі қылмыстық заңмен қорғалатын объектілердің жиынтығы.
Объектіге қол сұғушылықты одан әрі айқындау қылмыстардың тектік және тікелей объектілері бойынша іске асырылады.
Тектік объект - бұл жалпы объектінің бөлігі. Ол бірыңғай қылмыстардың тобы қиянат жасайтын бір текті мүдделердің тобын қүрайды. Тектік объект қылмыстық кодекстің Ерекше бөлімінің жүйесін құрастыруда маңызы зор. ҚР ҚК Ерекще бөлімінің құрылыс жүйесі негізіне қылмыстардың тектік объектісі қойылған. ҚР ҚК Ерекше бөлімінің әрбір тарауында өзінің тектік объектісі бар. Айталық, ҚР ҚК 1-ші тарауына біріктіріліп, баптарында қарастырылған қылмыстардың тектік объектісі адамның жеке басы болып табылады.
Заңның өзі кейбір жағдайларда қылмыстардың бір тектес объектілерін атап көрсетеді. Мысалы, ҚР Қылмыстық кодексінің 366 -бабында әскери қылмыстың анықтамасы мен жалпы ұғымын бере келе бұл қылмыстың тектік объектісін "Әскери қызмет атқарушы, әскери қызметшілердің, сондай-ақ запастағы азаматтардың жиындардан өту кезінде әскери қызмет атқарудың белгіленген тәртібіне қарсы қылмыстар", - деп атап көрсеткен.
Тектік объектілер бірқатар тараулардың атауларында да көрсетіледі (мысалы, ҚР ҚК 14-тарауы Басқару тәртібіне қарсы қылмыстар).
Кейбір жағдайларда тектік объект ҚР ҚК Ерекше бөлімінің тарауына енгізілген нақты қылмыс құрамына талдау жасау арқылы анықталады.
Қылмыстардың тектік объектісін анықтаудың қылмыстарға, әсіресе сырттай ұқсас қылмыс құрамдарына байланысты қылмыстық іс-әрекетті саралауда тәжірибелік маңызы үлкен. Мұндай жағдайлар адамның жеке басына қарсы қылмыстар мен бұзақылық арасында кездеседі (біріншісінің объектісі адамның жеке басы болса, соңғысының объектісі -қоғамдық тәртіп).
Тікелей объект - бұл тектік объектінің бөлімі, яғни қылмыстық заңмен қорғалатын бір немесе бірнеше қиянат бағытталған нақты бір мүдде, я болмаса нақты бір қылмыстың салдарынан зиян шегуші нақгы игілік. Ерекше бөлімнің 1-ші тарауындағы баптарға сәйкес қылмыстардың тікелей объектілері болып табылатын адам өмірі мен денсаулығы жеке басқа түгелдей қатысты болғанымен, тектік объектінінің бөлігі ретінде қарастырылады. Тікелей объектінің қылмыстық тәртіпті анықтаудағы тәжірибелік маңызы зор, себебі ол кейбір жағдайларда қылмысты осы тектес басқа қылмыстардан ажыратып алуға мүмкіндік береді. Тікелей объект кейбір реттерде әртүрлі қылмыс құрамында бірдей болуы мүмкін. Мысалы, ҚР ҚК -тің 96-бабының 1, 2-бөліктері, 97, 98, 99-баптар. Аталған қылмыстар тікелей объектіге қарап ажыратылмайды, қылмыс құрамының басқа элементтерінің белгілеріне қарап ажыратылады.
Әдетте, әр қылмыстың өзінің тікелей бір объектісі болады. Алайда бір мезгілде екі тікелей объектіге қиянат көрсететін қылмыс түрлері де кездеседі (қос объектілі қылмыс). Бұл жағдайларда объектілердің біреуі басты (негізгі), ал екіншісі -қосымша болып есептеледі. Ал тікелей объектінің қайсысы -негізгі, қайсысы - қосымша екендігі туралы сұрақ құқықтық тұрғыдан қорғалушы игіліктің өз маңыздығына емес, оның тектік объектімен байланысына қарай шешіледі. Мысалы, сот төрелігін жүзеге асыруға немесе алдын-ала тергеу жургізуге байланысты қорқыту немесе күш көрсету әрекеттері (341-6.) сияқты қылмыстардың тікелей объектісі сот төрелігінің мүддесі, әрі жеке басы болып табылады. Бұлардың алғашқысы негізгі объект, ал соңғысы бұл арада қосымша объект болып қарастырылады.
Негізгі объект - ол басты тікелей объект. Қылмыстық-құқық нормасы, ең алдымен, оны қорғау үшін шығарылады. Демек, негізгі объект -қылмысты ҚК-тің белгілі бір тарауына қосу үшін негіз болатын басты объект.
Негізгі объектіге қарсы қиянат жасау барысында "жол-жөнекей" түсетін зардапқа төзетін (немесе осындай зардап түсу қаупі бар) объект, қосымша объект болып табылады1. Мысалы, шабуыл жасап тонауда негізгі объект - меншік, қосымша объект нақты адамның денсаулығы.
Факультативті объект - қылмыс жасау барысында белгілі бір зиян тигізілуі де, тигізілмеуі де мүмкін қатынас (мүдде). Мысалы, бұзақылық жасау барысында негізгі объект қоғамдық тәртіп, ал жеке адамның мүддесі бұзылуы да, бұзылмауы да мүмкін.
Қылмыстың негізгі объектісін анықтау іс-әрекетке әлеуметтік - саяси сипаттама беруге, оның қоғам үшін қауіптілік деңгейін бағалауға және ҚК-тің бөлімінің қай бабын қолдану мәселесін шешуге, яғни болған іс-әрекетті қалай саралау керектігін оңайлатып береді.
2.3. Қылмыстың заты
Қылмыс объектісінен қылмыстың затын ажырата білу керек. Қылмыс затына қылмыскер тиісті объектіге қылмысты қол сұғу ксзінде осы қылмыскердің тікелей әсеріне үшыраған, сыртқы ортадағы материалдық заттар жатады. Бөтеннің мүлкін ұрлау кезінде (мысалы, автомобиль делік) қылмыстың заты тікелей автомобильдің өзі болса, ал объектісі оған байланысты меншік құқығы.
Материалдық заттарға - қылмыскер қандайда бір белгілі қылмыстық іс-әрекетті жасаған уақытта өзінің "ізін" қалдырған бұйым жатады. Қылмыстың заты мен қол сұғылған объект тығыз байланыста болғанымен оларды бір-бірімен шатастырмау керек.
Қылмыстың объектісі қылмыстық заңмен қорғалатын мүдделер, қоғамдық қарым-қатынас болса, қылмыстың заты - материалдық дүние, алғы шарттар, қоғамдық қарым-қатынастардың өмір сүру, даму шарты. Қылмыскер материалдық бұйымдарға, заттарға тікелей ықпал жасай отырып, қылмыстық зат қорғайтын белгілі бір қоғамдық қарым-қатынасты және мүдделерді бұзады. Демек, қылмыстың объектісі қылмыскер ықпал жасаған заттар емес, заң қорғайтын белгілі бір қоғамдық қатынас пен мүдделер болып табылады.
Қылмыстың заты және оның заттық қасиеті қылмыстарды дұрыс саралауда, аралас құрамдарды және қылмыстық әрекеттерді қылмыстық емес әрекеттен ажыратуда үлкен маңызы бар. Мысалы, атылатын қаруды ұрлау қоғамдық қауіпсіздікке қол сүғу болса, ал аңшы мылтығын ұрлау - меншікке қарсы қылмыс. Контрабандалық заттар болып ҚР кендендік шекарасынан заңсыз түрде өткізілетін белгілі бір заттар ғана болып табылады.
Заттың сипаты мен қасиеті жаза қолдануға да әсер етеді. Мысалы, ұрлап алынған мүліктің мөлшері қылмысқа баға беруге және жазаның мөлшерін белгілеуге әсер етеді.
Қылмыстық қол сүғу кезінде зат, әдетте, зиян шегуі де, шекпеуі де мүмкін. Мысалы, ұрланған зат өзінің алғашқы формасын өзгертпеуі де мүмкін (ақша оның жеке басының есеп-қисабы бойынша сақталып қалуы мүмкін). Басқа жағдайларда тағамдар толығымен өзгеріп, құртылуы мүмкін.
Бірақта қылмыстың заты жасалынатын қылмыстардың барлығында кездесе бермейді. Ол жоғарыда айтылғандай, қылмыс обьектісіне жасалынатын қол сұғушылық сыртқы ортаның материалдық заттарына әсер ету арқылы жасалған қылмыстарда кездеседі. Мысалы, әйел зорлау, қорлау, дизертирлік сияқты қылмыстардың заты жоқ.
Қылмыс затының қылмыс жасау құралдарынан, яғни қылмыскердің қылмыс жасау кезінде пайдаланған заттарды ажырата білу керек (мысалы, кісі өлтіру мен шабуыл жасап тонау кезінде қолданылған атылатын қару мен пәтер тонау кезінде қолданылған кілт, аталған заттар қылмыс заты емес, қылмыс құралы болып табылады. Кейде бір ғана зат кейбір қылмыстардан қылмыс затының рөлін атқарса, басқа қылмыстар кезінде - қылмыс жасау құралы мен тәсілі болуы мүмкін. Мысалы, ұрланған пистолет - қылмыстың заты, ал оны шабуыл жасап тонау кезінде пайдаланған болса, ол - қылмыс құралына айналады.
Кейбір қылмыстардың жасалу барысында кінәлі адам екінші бір адамның жеке басына (рухани, мүліктік немесе денесін жарақаттау) зиян келтіреді. Адамды қылмыстың заты деп тануға болмайды. Қылмыстың салдарынан зиян шеккен адам жәбірленуші деп аталады. Қылмыстан зардап тартқан адамның жеке басын зерттеумен криминологияның виктимология деп аталатын саласы айналысады. Көптеген қылмыстарда жәбірленушінің жеке басы да, қылмыстың заты сияқты қылмыстық-құқықтық мәнге ие. Мысалы, жасы кәмелетке толмаған немесе жасы он төртке толмаған қызды зорлағаны үшін қылмыскердің жауаптылығы күшейе түседі. Сондай-ақ қылмысқа жәбірленуінің заңсыз қылығы себепкер болса, жәбірленушінің заңсыз қылығы жаза тағайындау кезінде жеңілдететін мән жайлар деп қаралуы мүмкін.
2.4. Қылмыстың объективтік жагына байланысты түсінік және
оның маңызы
Қылмыс құрамының объективтік жағы дегеніміз - қылмыстық заңда көрсетілген қылмыстын іс-әрекетінің сыртқы көрінісінің жиынтығы. Олардың қатарына мыналар жатады: қоғамға қауіпті іс-әрекет (әрекет немесе әрекетсіздік), қоғамға қауіпті салдар (қылмыстық нәтиже), қоғамға қауіпті іс-әрекет пен қоғамға қауіпті салдар арасындағы себепті байланыс, қылмысты жасаудың әдісі, орны, уақыты, жағдайы, қаруы және құралы.
Қылмыстың объективтік жағы - қылмыстық жауаптылықтың маңызды алғы шарты. ҚР Қылмыстық кодексі қылмыс деп адамның жүзеге асырылған күнде жеке басқа, қоғамға және мемлекетке қауіп төндіретін ойын немесе пікірін емес, оның тек қылмыстық-құқықтық нормаларды бұзушы қоғамдық қауіпті іс-әрекетті ғана мойындайды (ҚР ҚК 3, 9-баптары).
Қылмыстың объективтік жағы - қылмыстық жауаптылықтың негізін қалаушы болып саналады, онсыз жауаптылықтың болуы мүлдем мүмкін емес. Адамның жауаптылығы үшін іс-әрекеттің объективті жағының айырықша мағынасын өткен ғасырдың 40-шы жылдарында К. Маркс өзінің жас кезінде былай деп түжырымдаған: "Негізгі белгі ретінде істің өзін емес, әрекеттенушінің ойларының түрін алға шығарушы заңдар - заңсыздықтың жағымды жазалау шараларынан басқа түк те емес... Мен өзімді көрсете білгендіктен ғана, шын болмыспен бетпе-бет келгенімде ғана - заң шығарушыға бағынышты ортаға енемін. Заң үшін менің әрекеттерімнен басқа өз басым, тіпті де жоқ нәрсемнің, мен тіпті де оның объектісі емес екенмін".
Сондықтан, қылмыстың объективтік жағы қылмыскердің ойы мен мақсатын бағалауға негізгі белгі болып табылады. Осыған байланысты қылмыстық істі алдын-ала тергеу немесе сотта қарау кезінде, ең алдымен қылмыстың объективтік жағы анықталып алып, оның негізінде субъективтік жағы белгілі болады, қылмыстың заң жүзінде тыйым салуына қарамастан қоғамдық қауіпті әрекет жасаушының мақсаты, себебі және ниеті туралы шешім шығарылады. Объективтік жақтың белгілерінсіз субъективтік жақтың мәселелері қозғалмайды да, себебі соңғысы алғашқымен байланыссыз іске аса алмайды.
Қылмыстың объективті жағының маңыздылығын, қылмыс құрамының дәл осы буыны қылмыстық жауаптылық пен қылмыс құрамының түгел құрылымының іргетасы екендігін, ҚР Қылмыстық кодексі Ерекше бөлімі баптарының диспозицияларында заң шығарушы қылмыстың объективті жағының белгілерін жиі атайтындығынан да көруге болады. Мысалы, қылмыстық заңда ылғи қоғамға қауіпті іс-әрекеттердің белгілері аталады, оларсыз Ерекше бөлім баптарының бірде-бір диспозициясы мүмкін болмай қалады, қылмыстық заңда объективтік жақтың басқа да белгісі жиі көрсетіліп отырады. Атап өтетін бір жай - олардың барлығы да қылмыстық-құқықтық маңызға бірдей дәрежеде ие бола алмайды. Қылмыстардың барлық құрамына міндетті нәрсе - қоғамдық қауіпті іс-әрекет (әрекет немесе әрекстсіздік). Объективтік жақтың басқа белгілері факультативті, атап айтқанда, олар кейбір қылмыстардың құрамы үшін олардың объективтік жағының белгілері болып саналса, басқа біреулері үшін - олай саналмайды. Мысалы, адам өлтіру, зорлау (ҚР ҚК 96, 120-баптар) қылмыс құрамдары үшін қылмыстың істелген орны еш рөл атқармайды және қылмыстық жауаптылық бұл қылмыстардың қай жерде істелгеніне қарамастан тағайындалады. Алайда, дәл осы белгі (орын), мысалы, су жануарлары мен өсімдіктерін заңсыз алу (ҚР ҚК 287-6.) қылмысының құрамын анықтау үшін міндетті болып табылады.
Объективті жақтың факультативті белгілері - тіпті қылмыстың тиісті құрамының белгілері болмағандықтан оның бағалауына әсер етпеген күнде де, жаза белгілеуге айтарлықтай әсер ететіндіктен үлкен материалдық-құқықтық маңызға ие. Кейбір жағдайларда олар жаза белгілеу кезінде кінәлінің жауаптылығын жеңілдетуші немесе ауырлатушы жағдай болып табылады. Мысалы, ҚР ҚК-нің 54-бабына сәйкес қылмыстық жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар болып объективтік жақтың төмендегідей белгілері саналады: қоғамдық қауіпті салдар ("қылмыс арқылы ауыр зардаптар келтіру"), қылмыстың жасалу әдісі ("аса қатыгездікпен, садизммен, қорлаумен, сондай-ақ жәбірленушіні қинап қылмыс жасау"), қылмыстың жасалу жағдайы ("қылмысты төтенше жағдайда жасау") және т.б.
Объективті жақтың факультативті белгілерінің қылмыстық іс бойынша әр қашан маңызды дәлелдік мағынасы бар екендігін ескерген жөн. Олардың барлығы да кез келген қылмыстық қажетті сипаттамасы болып табылады. Егер, мысалы, істелген қылмыстың уақыты мен орны анықталмаса, қылмысты ашылды деп санауға болмайды (тіпті кейбір құрамда олардың қылмысты бағалауда маңызы болмаса да. Сондықтан, қылмыстың объективті жағынан барлық белгілері өзінің "міндеті" немесе "факультативті" болуына қарамастан кез келген қылмыстық іс бойынша қылмыстық-құқықтық мағынада дәлелдеу затына жатады.
ҚР Қылмыстық Кодексінің Ерекше белімінің бір тарауы көлемінде текті (арнайы) объект бойынша топтастырылған қылмыстар көбінесе объективті жағының белгілері бойынша ажыратылады. Себебі, қылмысқа сәйкес қоғамдық қауіптілікке тән дәл осы белгілерді ажырату кезінде байқалады. Адамның және азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандығына қарсы жасалған қылмыстардың көпшілігі бір-бірінен қылмыстың объективті жағының белгілері бойынша, яғни қоғамдық қауіпті іс-әрекеттің сипатына қарай ажыратылады. Мысалы, сайлау құқығын жүзеге асыруға немесе сайлау комиссиясының жұмысына кедергі жасау (ҚР ҚК 146-6.), азаматтардың тең құқылығын бұзу (ҚР ҚК 141-6.), сайлау құжаттарын, референдум құжаттарын бұрмалау немесе дауыстарды қате есептеу (ҚР ҚК 147-6.), түрғын үйге қол сұғылмаушылықты бұзу (ҚР ҚК 145-6.) және т.б.
Қылмыстың объективті жағының белгілері тек қылмыстық істерді бір-бірінен ажыратудың негізі болып қоймай, кейбір жағдайларда қылмыстарды жіктеуге де негіз болады - бір жағынан әкімшілік, тәртіптік, екінші жағынан - басқа құқық бұзушылық. Мысалы, ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу (ҚР ҚК 291-6.), қылмыс ретінде дәл осындай әкімшілік құқық бұзушылықтан объективті жақтың белгісімен ажыратылады, ол - құқық бұзушылық салдарынан тартылған залалдың мөлшері. Қызмет өкілеттілігін теріс пайдалану (ҚР ҚК 307-6.) осыған ұқсас тәртіптік теріс қылықтан келтірілген зиян мөлшері бойынша ажыратылады. Егер қызмет өкілеттілігін теріс пайдалану кезінде азаматтар мен ұйымдардың құқықтарына немесе заңды мүдделеріне немесе қоғамның не мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне айтарлықтай зиян келтірілген болса, ондай теріс пайдаланушылық, қылмысты деп танылады. Егер келтірілген зиян мөлшері онша көп болмаса, бұл іс тәртіптік жауаптылыққа тартылуы керек.
Қылмыстық іс-әрекетті саралауда қылмыстың объективті жагының маңызы зор. Мысалы, Қазақстан Республикасының күші бар қылмыстың заңдары бөтеннің мүлкін талан-таражға салуға байланысты қылмыстық жауаптылықты, олардың жасалу нысанына қарай анықтайды (ҚР ҚК 175-179-баптар). Бұл қылмыстардың барлығы (ұрлық, сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін ысырап ету немесе иеленіп алу, алаяқтық, шабуыл жасап тонау, тонау) тікелей қасақаналықпен жасалынып, бірдей объектіге қол сұғады. Сондықтан аталған қылмыстарды тек қана объективтік белгілеріне байланысты дұрыс -саралай аламыз, яғни мүлікті алу тәсіліне қарап (ұрлық - жасырын алу, тонау - ашықтан-ашық алу және т.б.).
ІІІ – ТАРАУ. ҚЫЛМЫСТЫҢ СУБЪЕКТІСІ
3.1 Қылмыс субъектісі туралы түсінік
Қылмыс деп істелінетін іс-әрекетті істеген адамды қылмыстық жауапқа тарту үшін (ондай адамды қылмыстық субъектісі деп атайды) ол адамның белгілі қасиеті болу керек. Қылмыстық заң бойынша белгіленген қасиет қоғамға қауіпті іс-әрекет істеген адамда болмаса ол адамды қылмыстық жауапқа тартуға болмайды.
Қылмыстық заң арқылы тыйым салынған іс-әрекет (әрекет немесе әрекетсіздік) жасаған және ол ісі үшін қылмысты жауап беруге қабілеті жететін тұлға қылмыстық құқық бойынша қылмыстың субъсктісі деп танылады1.
Демек, қылмыстық жауапқа тек есі дұрыс және заңның қойған талабы бойынша белгілі жасқа толған жеке тұлғаны ғана қылмыстық жауапқа тартуға болады.
Қылмыс субъектісінің белгілері қандай? Егер қылмыс жасаған жеке тұлғаның бойында, есі дұрыстың, қылмыстық заң тағайындаған жаска жету сияқты белгілер болса, ол өзінің жасағаны үшін қылмыстық жауап беруге қабілетті. Қылмыстың субъектісі тек жеке тұлға ғана бола алатындығы жөніндегі ереже қылмыстық кодекстің бірнеше баптарынан туындайды. Мысалы, ҚР ҚК-нің 6, 7, 14-баптарында Қазақстан Республикасының азаматтары, шет ел азаматтары және азаматтығы жоқ тұлғалар, қылмыстың және қылмысты жауаптылықтың субъектілері болу мүмкіндігі туралы айтылған. Қылмыстың ықтимал субъектілері туралы жеке тұлғалармен шектелуі, заңды тұлғалардың, яғни кәсіпорындардың, мекемелердің, ұйымдардың, партиялардың қылмыс субъектісі бола алмайтындығын білдіреді. Бұл мәселе заңдылық деңгейде отандық қылмыстық құқыққа тән үлгіде шешілген. Алайда, теориялық тұрғыдан заңды тұлғалардың қылмыстық құқықтағы жауаптылығы туралы мәселелер әлі күнге дейін пікір-талас тугызуда.
Уақыт өткен сайын дами түсетін ғылыми-техникалық және әлеуметтік прогресс бізді көптеген үйреншікті көзқарастарымыздан бас тартқызады. Осы себепті біздің алдымыздан күтпеген сұрақтардың, бас көтеруі жиі ұшырасады және қаншалықты қиын болғанына қарамастан, оларға жауап беру қажет. Қылмыстық құқық аясындағы осындай күрделі сұрақтардың бірі - заңды тұлғалардың қылмысты жауаптылығы. Аталып өткеніндей, кінәлінің жеке өзінің, яғни қылмыстық заңмен тыйым салынған қылмыстық іс-әрекетті жасаушы ақыл-есі дұрыс, көрсетілген жасқа толған жеке тұлғаның ғана жауаптылығы қылмыстық құқықтық дәстүрлі қағидасы болып табылады. Бұл қағида - адамзаттық өрлеу, прогресс және демократия жолындағы ең маңызды жеңістерінің бірі екендігі сөзсіз. Ол XVIII ғасырдың аяғында Ұлы француз революциясы кезінде орнатылған еді. Бұл қағида, бұган дейін қылмыстық жауаптылық туралы - ол кінәлі қылмысты жасау ғана емес, кез келген қауіпті және зиянды зардап шектіру деп феодалдық қоғамға қалыптасып келген, жалпылама көзқарасты ығыстырып шығарды. Ал, қауіптілікті немесе зияндылықты есі дұрыс емес те, жануарлар да, тіпті заңсыз заттар да келтіруі мүмкін деген ұғым болды. Қылмыстық жауаптылықты мұндай түрғыдан түсінудің шеңберінде заңды тұлғалардың жауаптылығы да табиғи үйлесімділігін табатын.
Ақыры, бертін келе заңды тұлғалардың жауаптылығы, мысалы, американ қылмыстық құқығында, қайтадан қолға алынды. Бастапқы кезде (өткен ғасыр мен қазіргі ғасырдың торабында) ол шаруашылық қылмыстық құқықтың аясында тресттер мен синдикаттардың қылмыстық қызметіне қарсы жолға қойылды. Кінәлі болып табылған тиісті корпорациялардың бостандығы, әрине, шектелмейтін, оларға тек айып салынатын. Осыған орай, кейінгі кезде АҚШ-тың қылмыстық заңында қоғамдық ұйымдарды қылмыстық іс жүргізу көлемінде айыппен жазалайтын қылмыстық жауаптылық қарастырылады. Біздің құқықтық теориямыз бұл сияқты қылмыстық-құқықтық тұжырымдамаларға "буржуазиялық заңдылықтардың тоқырауынан туындаған, демократияға қарсы" деген бұлжымас баға берген. Алайда, бұл идеологиялық таласқа біздің елде әр түрлі экологиялық мәселелер араласа бастағаннан кейін шың көңіл қойыла бастады.
Батыс Европа елдері экологиялық мәселелерді тұтас түсінуден болсын, оларға құқықтық тұрғыдан ықпал жасау жолдарын пайдалануда болсын бізден әлде қайда озық тұрды. Қылмыстық бұл түріне қарсы қолданылатын қылмыстық - құқықтық санкциялар, эколологияға зиян келтіретін өндіріс пен айналасуды осы кәсіпорын қожайындары мен басқарушы қызметкерлері үшін ғана емес, онда істейтін барлық жұмысшылар үшін экономикалақ жағынан тиімсіз қалатындай болуы тиіс еді. Заңды тұлғаға қарсы қолданылатын айып санкциялары бұл ойды жүзеге асыра алса, жеке тұлғаларға қарсы қолданылатын айыптың ондай мүмкіндігі болмайды (мөлшері елеулі айырмашылығына байланысты). Европа елдері бұл мәселе төңірегінде 70 - ші жылдардан бастап ойлана бастады. Сонымен, 1978 жылы Европа Кеңесі қолындағы Европалық қылмыс мәселелері жөніндегі комитет Европа елдерінің заң шығарушыларына заңды, тұлғаларды экологиялық қылмыс үшін қылмыстық жауаптылық субъектілері деп тану жағына шығаруды ұсынған. Мұндай ұсыныс біраз Европа елдерінде (мысалы, Англия, Франция) заң жүзіне асырылды.
Ал біздің елімізде қылмыстық құқық саласыңда заңды тұлғалардың жауаптылығы жөніндегі мәселе әлі күнге дейін шешімін таппауда. Заңды тұлғаны қылмыстың субъектісі ретінде тану туралы ұсыныстар қылмыстық құқық теориясында 1990 жылдан бері қарай шындап талқыға түсе бастады. ҚР қылмыстық кодексінің жобасының көптеген авторлары заңды тұлғалардың жауаптылығы жөнінде ұсыныстар енгізгенімен, мұндай ұсыныстар өтпей, жаңа қылмыстық кодекс бұл мәселе бойынша бұрынғы пікірінде қалды.
Қылмыстың субъектісі міндетті түрде есі дұрыс, яғни өзінің әрекетін (әрекетсіздігін) басқара алатын, оның шын мәніндегі сипаты мен қоғамға келтіретін қауіптілігін түсінуге қабілеті жететін жеке тұлға болуы керек. Ал психикасының бұзылуына байланысты мұндай қабілеттен айырылған есі дұрыс емес (ҚР ҚК 16 - б.) тұлғалар қылмыстық субъектілері бола алмайды. Тіпті психикасы сау адамның да жоғарыда айтылғандай сана мен еркінің қабілеті белгілі бір жасқа толғанында ғана пісіп жетіледі. Осыған байланысты - қылмыстық заң қылмыс жасаған тұлганы қылмыстық жауаптылыққа тартуға болатын жас мөлшерін тағайындаған (ҚР ҚК 15-6.).
Бұл көрсетілген үш белгі қылмыс субъектісінің ортақ заңды белгілері болып табылады. Олар қылмыстың кез келген құрамының міндетті белгілері болып табылады және бұлардың біреуінің болмауы іс-әрекетте қылмыс құрамының жоқтығын білдіреді.
Сонымен қатар, ҚР ҚК-нің Ерекше белімінде кейбір жағдайларда тиісті қылмыстың субъектісін сипаттайтын жалпы ғана емес, қосымша да белгілері бар тұлғалардың жауаптылығы қарастырылады. Мысалы, әскери қызметке қарсы қылмыстардың субъектісі болып әскерге шақырылып, міндетін өтеп жүрген немесе Қазақстан Рсспубликасы Қарулы Күштерінің, басқа әскерлердің және әскери құрамалардың қатарында келісім шартпен жүрген әскери қызметкерлер ғана, сол сияқты запастағы азаматтар әскери жиында жүрген кездерінде және де кейбір басқа тұлғалар табылады. Бұл қосымша белгілер - тиісті тұлғаны қылмыстың арнайы субъектісіне айналдырады. Қылмыстың субъектісі туралы түсініктен қылмыскердің жеке басы туралы түсінікті ажырата білу керек. Бұл екі түсініктің де бір тұлғаға - қылмысты жасаган тұлғаға қатысы бар. Алайда, бұл түсініктердің мазмүны – және ең бастысы -олардың заңдық (қылмыстық-құқықтық) мағынасы сәйкес келмейді. Бұған дейін айтылғанындай, қылмыстың субъектісі - бұл белгілердің жиынтығы - ал белгілерсіз қылмыстың ешқандай құрамы (жалпы белгілер) немесе қылмыстың арнайы құрамы да (қылмыс субъектісінің арнайы белгілері) болмайды, әрі болуы мүмкін емес. Бұл белгілердің кез келген біреуінің болмауы мұндай жағдайда қылмыс құрамының болмайтынын, бұған орай, тұлғаның қылмыстық жауаптылыққа тартылмайтынын білдіреді.
Мұнымен салыстырғанда, қылмыскердің жеке басының белгілері қылмыс құрамының белгілеріне тірелмейді. Мысалы, қылмыс жасаған тұлғаның әлеуметтік - психологиялық және биологиялық белгілері қылмыс құрамының құрылуына қамтылмайды. Криминология саласы әлеуметтік құбылыстарды зерттейтін неше түрлі ғылымдармен қатар, жаратылыс ғылымдарының да (медицина, биология, соның ішінде генетика және т.б.) тәсілдері мен әдістерін қолдана отырып, қылмыскердің жеке басының мәселесін зерттейді. Криминологияда жеке бастың белгілері негізгі үш құрамға топтастырылады:
1. Жеке бастың әлеуметтік бейнесі (статусы), ол жеке бастың белгілі бір әлеуметтік топқа (сыныпқа) жататындығын, әлеуметтік демографиялық сипатын (жасы, жынысы, білімі, отбасылық жағдайы және т,б.) зерттеумен анықталады.
2. Жеке бастың әлеуметтік орны (рөлі), бұл жеке тұлғаның отбасының, еңбек ұжымының мүшелігінен, қоғамдық қатынастар жүйесіндегі азаматтылығынан тұратын қызметінің жиынтығы.
3. Жеке бастың адамгершілік психологиялық сипаты (мінездемесі), ол оның әлеуметтік құндылықтар мен атқарылатын әлеуметтік міндеттеріне қатынасын білдіреді (мысалы, кездейсоқ қылмыскерлер, құныққан маман қылмыскерлер және т.б.) қылмыскердің жеке басының белгілерінің қылмыстық - құқықтық маңызы, кей жағдайларда жазаның жеке басқа қарай ықшамдалып берілуіне, немесе одан мүлде босатылуына ықпал жасауы мүмкін. Жазаның түрі мен мөлшерін анықтау, жазаны жеңілдетуші немесе ауырлатушы мән - жайлар ретінде, шартты жазаға соттау мәселесін шешуде кінәлінің жеке басы есепке алынады. Алайда жеке бастың белгілерінің (қылмыстық субъектісінің белгілерінен айырмашылығы) қылмыстық - құқықтық мағынасы болмауы да мүмкін. Көптеген қылмыстарда кінәлінің жынысы, оның кәмелеттік жасқа толу - толмауы, білімі мен айналысатын қызметі, тіпті де, әсері етпейді. Бұл белгілер, әдетте, қылмыстық жауаптылық пен жазаға да ықпалды емес. Ал қылмыстарды, сонымен қатар, оны жасаушы тұлғаларды криминологиялық тұрғыдан сипаттау үшін бұл белгілердің маңызы өте зор. Осы белгілер ескеріле отырып, мысалы, тиісті қылмыстардың алдын-алу шаралары анықталуы мүмкін.
Достарыңызбен бөлісу: |