Бауыр май алмасуы үрдісіне тікелей қатысатын ағза болғандықтан бұл жерде гистохимиялық реакциялар арқылы әрдайым май тамшыларын табуға болады. Сондықтан, бауырдың майлы дистрофиясы дегенде біз осы жердегі май мөлшерінің әдеттегіден көбейіп кетуін немесе химиялық құрамы басқаша болған майлардың жиналып қалуын түсінеміз. Жасуша ішіндегі үш глицеридтер бауырдан шығып кетуі үшін апопротеин молекуласымен қосылып, липопротеин түзеді. Бауырдың майлы дистрофиясы улы заттар әсерінде, алкоголизмде, қантты диабетте, семіздікте, белоктық заттардың жетіспушілігіне байланысты дамиды.
Жүректің майлы дистрофиясы
Жүректің майлы дистрофиясы кардиомиоциттерге май қышқылдары көбірек тасылып келгенде, жасуша ішіндегі май белок кешендері ыдырағанда келіп шығады. Электрондық микроскопта зерттегенде май тамшылары цитоплазманы бүтіндей жайлап алады, митохондрилер ыдырап, кардиомиоциттердің көлденең жолақтары жойылады. Май тамшылары жиналған жерлер, эндокард жағынан қарағанда ақшыл-сары түстегі жолақшалар түрінде көрінеді. Бұл көрініс «жолбарыс терісіне ұқсас жүрек» деген ат алған. Жалпы жүрек үлкейіп, қуыстары кеңіп, босап қалады. Кесіп қарағанда миокард көмескі, сарғыш-қоңыр түсте көрінеді. Бүйректер майлы дистрофияға байланысты үлкейіп, божырап қалады. бүйректің қыртысты қабаты қалыңдап, көмескіленіп, арасында сары түсті ұсақ бедерлер пайда болады.