Он төртінші тарау
Руфь шын ғашығы болғанымен оның сөзін сыйлап, Мартин латын тілін
оқыған жоқ. Бұл Олнидің кеңесіне құлақ асуынан да емес. Мартин үшін
уақыт ақшамен бір есеп, ал оның аңсары латыннан гөрі маңызы зорырақ
басқа ғылымдарға ауып кеткен. Бір жағынан, жазуын тоқтатуға тағы
болмайды. Ақша таппақ керек. Əттең, əлі күнге жазғандарын ешкім басып
шығарған емес. Қолжазбалары редакцияларды аралап, көңілсіз сапар
шегумен жүр. Өзге жазушылардың жазғанын қалай басады екен бұлар?
Мартин осының сырын білмекке оқу үйінде сарылып көп отырды,
жазушылардың шығармасын оқыды, бəрін де сын көзімен, елтифат қойып
қарап шықты, өзінің жазғандарымен салыстырды. Сөйтіп, олардың
туындыларын бастыруына көмектесіп жүрген құпиясын ашқысы келді.
Баспасөз бетінде шыққан дүниенің көпшілігі əншейін ойдан шығарып,
жаза салған нəрселер екен. Мартин бұған таң қалды. Оқыған əңгімелерінен
ешбір жарқын нұр, не бір тəуір бояу тапқан емес. Ешқайсысынан өмір
тынысы сезілмейді. Сонда да əр сөзіне екі центтен, əрбір мың сөзіне
жиырма доллардан қалам ақы төленген болу керек — газеттен қиып алған
мақалада солай депті. Сансыз көп əңгімені ол таңырқай отырып, оқып
шыққан еді, қайта-қайта оқыған еді,— тілі жеңіл, оқиғасы қызық келетіні
рас (мұны мойындауына тура келді), бірақ бəрі де өмір мақсатынан аулақ
жатады. Өмірдің өзі таңғажайып қызық дүние ғой. Өмірде орындалмаған
өкінішті мақсат, мұрат, арман, қаһарман қимыл көп. Ал мына əңгімелер
өмірдің дағдылы, күнделікті күйбеңінен ұзап кете алмаған. Мартин өмірдің
алып күші мен ұлылығын, қызуы мен қимылын байқаушы еді, оның тыным
таппайтын өршіл рухын сезуші еді — міне, жазатын тақырып осы!
Мартиннің арманы — хауіп пен қатерге қарсы шапқан жау жүрек ерлерді
жырлау, ғашығы үшін пəруəна болған жастарды, неше түрлі сұмдық пен
азапқа бой бермей арпалысып өткен ұлы тұлғаларды, ерен күшті екпінімен
өмірдің өзін еңсеріп əкететін алыптарды мадақтау. Ал журналдағы
əңгімелер мистер Бэтлер ұсқынды жандарды, доллардың қызығына еріп
кеткен өңшең сорлыларды қолпаштайды, ұсақ, бишара адамдардың
ғашықтық əуресін əлдеқандай қылады. «Əлде редакторлардың өзі ұсақшыл
біреулер ме?—деді ол.— Немесе сол редактор, жазушы, оқушы
дегендеріміздің бəрі өмірден қорқа ма»?
Мартин бір қысылатыны əлі күнге редакторлармен де, жазушылармен
де таныс емес. Бірде-бір жазушыны, тіпті, өмірінде жазуға талпынған
ешбір адамды танымайды. Сырласатын, ақыл-қеңес айтатын, жөн сілтейтін
ешкімі жоқ. Айта берсеңіз, ол редактордың əуелі тірі адам екеніне сенер-
сенбесін білмейді. Мартинге соңғы уақытта олар машинаның винті немесе
тұтқасы сияқты көріне бастаған. Иə, иə, бұл рас. Оның байқауынша,
жазушы жан сырының нəзік қылын шертіп, əңгіме, очерк, поэма жазса,
ақыры соның бəрі салдырлаған машинаның талқысына түседі екен.
Расында да, ойлап қараңыз. Ол əдетте қолжазбасын жауап қайтаратын
маркасымен бірге, үлкен конвертке салып, почта жəшігіне апарып салар
еді. Біраз күн бүкіл континентті аралап жүріп, ақыры ол өзіне оралар еді.
Сонда қолжазбасын қолына алып қараса, əлдебіреу оны басқа конвертке
салып, конверттің ішіндегі марканы сыртына желімдеп, қайтарып жіберген
болып шығады. Тіпті, осыған қарағанда, редактор деген адам болмауға да
тиіс. Оның орнына редакцияда жалаңдаған бір бес аспап механизм тұратын
болса керек. Ол епті тетігімен қолжазбаны қысып алып, бір конверттен
екінші конвертке ауыстырып, жіберген маркаларды сыртына жапсырып,
тесігінен дереу ытқытып жататын болуы керек. Кəдімгі автомат секілді де.
Сызатына сылдыр еткізіп, тиын-тебен түсіріп жіберсеңіз, ар жағынан сопаң
етіп шəйір-резинка немесе шоколад шыға келеді. Майда ақшаны бір
тесігіне салсаңыз — резинка аласыз, екіншісіне салсаңыз — шоколад
аласыз. Міне, қолжазбаның жағдайы да осыған ұсайды. Оны бір тесікке
тастап жіберіп едіңіз — қаламақыға чек келді, екіншісіне тастап едіңіз —
баса алмаймыз деген бір жапырақ қағаз келді. Тəрізі бұған дейін Мартин
осындай автоматтың үнемі екінші тесігіне душар бола берген ғой.
Жазған хаттар да осындай бір машинаны еске түсіреді. Себебі, хат
дегеніміз тасқа басылған бір жапырақ стандарт бланк, оған тек автордың
есімі мен шығармасының аты жазыла салған. Мартин əрбір жіберген
қолжазбасына осындай он шақты жауап алды, небары жүз қаралы хат келіп
түсті. Егер ол əдейі өзіне арнап, кісінің қолымен жазылған бір жол жанды
жазу көрсе,— өзін бақыттымын деп санар еді. Амал нешік, əлі күнге
редакторды ешқайсысы тірлік белгісін білдірген емес. Сондықтан,
Мартинге дүниеде тірі редактор деген атымен жоқ, оның қызметін
шылқыта майлаған, зыңқыл қаққан автомат орындап тұр деген ой келді.
Мартин туысынан жүректі, көнтерілі күрескер, оның көп жылдар бойы
жансыз, мейірімсіз, мылқау машинаның көмейін толтыруға қауметі жетеді.
Бірақ, Мартин де қалжырай бастаулы, кім жеңерін жылдар емес, күндер
шешетін күйге жеткендей. Жеті сайын төлеуге тиесілі борышы құртпай,
тегі, қояр емес, ал почта шығыны жығылған үстіне жұдырық. Кітап сатып
алудан да қазір қала бастаған. Қалт-құлт етіп, күн елтемін деп ұсақ-
түйектен де үнемдемек болған еді; бірақ үнемдеу қолынан келмеді, апасы
Мэриенге көйлек ал деп бес доллар ақша сыйлап, өзінің тамтығы
таусылатын мерзімін өзі жақындата түсті.
Көтермеші-қолдаушысы, жан ашыры жоқ Мартин саңлаусыз қараңғыда
жалғыз күресті: не көрінгеннің бəрі бір соның жігерін құм қылуға
уəделесіп қойғандай. Тіпті, Гертруда екеш Гертруда да қабақ шытатын
болған. Алғашында ол баланың ісі шала ғой деп Мартиннің қылықтарына
мəн бермей жүруші еді. Кейін жүдеп-жадап кеткеніне жаны ашып,
балалығы жындылыққа айналып бара жатқан жоқ па деген күдік туды.
Апасының соңғы кезде жазғыра бастағанын байқап, Мартин де қатты
қынжылатын. Мұның қасында мистер Хиггинботамның жосықсыз сайқы
мазағы ойыншық екен. Мартин өзіне-өзі сенгенімен, жалғыз қалыпты.
Тіпті, Руфь те мұратын мақұл көрген жоқ. Ол қыз Мартиннің өздігінен оқи
бергенін тəуір көрді де тұрды, əдебиетке талабын ашық айып етпегенімен,
ешуақытта қолдаған емес.
Мартин жазғандарын Руфьке əлі көрсеткен жоқ-ты. Ерекше шетіндік
жасап, бата алмай жүр, əрі оның университетте оқитынын ескеріп, уақытын
алғысы келмеді. Бірақ, емтихандарын тапсырып болғаннан кейін, Руфьтің
өзі шығармаңыздың бір-екеуін оқып көрейінші деп ықылас білдірген.
Мартин бұған əрі қуанды, əрі жүрексінді. Руфь нағыз сыншы ғой. Өзі
көркемөнер бакалавры. Əдебиетті профессорлардан оқыған адам. Бəлки,
редакторлар да тəжірибелі төреші болар. Бірақ, Руфь Мартиннің
шығармасына ерекше қарауға тиіс. Ол тасқа басқан бланк жібермейді,
əңгімелеріңіз жалпы əжептəуір сияқты, алайда журналымыздың бұл
санына басуға лайығы келмей отыр деп көлгірсіп, өкініш білдіргенсімес.
Ол ауызба-ауыз адамшылық əділ сөзін айтатын шығар жəне ең маңыздысы,
нағыз Мартин Иденнің кім екенін осы ретте бір танып қалады ғой.
Шығармаларын оқығасын жазған адамның жаны мен жүрегін сезбеуші ме
еді, аз да болса, титтей де болса, аңсаған арманы мен қабілетін аңғарар деп
үміттенді.
Мартин бірнеше əңгімесін таңдап алды да, біраз қобалжып отырып,
ақыры оған «Теңіз толғауларын» қосты. Шілденің бір қайнаған ыссы күні
Руфь екеуі бой жазуға велосипедпен қала шетіне шығып, өздері ұнатқан
төбешіктерге барған. Бұл екеуінің оңаша екінші серуені-ді. Күндізгі
қапырықтан кейін теңіз жақтан ескен жібектей жұмсақ самалға кеуделерін
төсеп, жолмен зырлатып келе жатқанда Мартин өмірдің өте қызық екенін,
бұл дүниеде өмір сүру де, ғашық болу да зор бақыт екенін жан-тəнімен
сезді. Бұлар велосипедтерін жол жиегіне қалдырды да, өздері қоңыр
төбенің басына шықты, бұл арада күнге күйіп, қураған шөп иісі жаңа орған
жасыл балаусаның хош иісіндей аңқып тұр екен.
— Шөптер міндетін орындаған,— деді Мартин курткасын төсеп əуелі
Руфьті отырғызып, өзі жылы жерге жайғасып жатқаннан кейін.
Еліттірген тəтті иісті сіміре жұтқан Мартин дағдылы əдеті бойынша
тағы ойға шомды, жеке ұғымдардан негізгі, жалпы мəселелерге қарай
ойысты.
— Бұлар өмірдегі міндетін орындапты,— деді ол қураған шөпті
мəпелеп, алақанымен сипап,— қысқы нөсердің ылғалынан бұлар нəр алды,
көктемдегі алғашқы дауыл желмен жағаласып, шешек атты, құлпырды, гүл-
гүл жайнап, мен мұндалап, насекомдар мен бал арасын ду-думанға
шақырды, ұрығын шашты, енді өмір алдындағы борышын өтеп...
— Сіздің осы не нəрсеге болса да тұрпайы, жалаң тəжірибе тұрғысынан
қарайтыныңыз қалай?— деп Руфь сөзін бөлді оның.
— Менің эволюция теориясын оқып жүргендігімнен болар. Шынын
айтсам, мен əр нəрсенің мəні барын енді ғана аңғара бастадым.
— Меніңше, сіз əр нəрсенің нақты мəн-мəнісіне үнемі үңіле берер
болсаңыз, сұлулықтың не екенін түсінбей кетуіңіз мүмкін. Сіз көбелектің
зары тоты қанатындай құлпырған тозаңын түсіріп, түбіне жететін бала
сияқты сұлулықтың сыры мен сынын кетіресіз.
Мартин басын шайқады.
— Сұлулықтың да мəні бар, мағынасы бар, мұны мен бұған дейін сезген
жоқпын. Сұлу болса сұлулығынан шығар деп қана ойлайтынмын, бар
білетінім осы-ды. Ал оның мəн-мəнісін ұқпадым. Қазір түсінемін, немесе,
дұрысырақ айтсам, енді ғана ұға бастағандаймын. Қазір маған шөп атаулы
анағұрлым əсем көрінеді, өйткені, оның көз тартатын себебін білем, мына
шөптің осы төбенің басында өсіп-өнуі үшін күн мен жаңбырдың, жер
сөлінің алуан қилы əсер еткенін білемін. Бір талшық шөптің тарихында да
романтика бар. Өмірінде ол өз қадерінше талай сыннан өтті. Осы бір ойдың
өзі ғана менің рухымды көтереді. Қуат пен материяның құбылысын, ұшан-
теңіз, ұлан-ғайыр өмір күресін ойлағанда мен мына шөп туралы бүтін бір
поэма, біреу емес, бірнеше поэма жазар едім деймін.
— Сіз қандай жақсы сөйлейтін болғансыз,— деді Руфь құлықсыздау,
бірақ Мартин оның əлденеге сынай қарағанын сезді.
Ол өз-өзінен ұялып, сасқалақтап, екі беті нарттай болып қызара қалды.
— Ой шіркін-ай, шынымен-ақ жақсы сөйлей алсам-ау,— деді ол
тұтығып.— Ой деген шым-шытырық, соның бəрін лекітіп, еркін сөйлеп
бергім келеді. Бірақ ой көп те, оның өзіне лайық баламасы жоқ — сөз жоқ.
Кей-кейде бүкіл дүние, күллі жан-жануар маған: біз үшін сен сөйле деп
жалынғандай болады. Мен сеземін — қалайша түсіндірсем екен мұны?—
Мен əмменің тегін емес екенін, ұлы екенін сеземін; бірақ асыл ой ауыздан
шықса, баланың былдырлағаны болып кетеді. Өзіңнің ой-сезіміңді сөзбен
дəлме-дəл, нақпа-нақ бейнелей білу, сол сөздеріңді тыңдаушы мен оқушы
түсінетін етіп жазу немесе айтып беру, ақыры олардың санасында да
қайтадан дəл өзіңдікіндей ой-сезім оята білу — бұл зор міндет. Ешбір
теңдесі жоқ міндет. Міне қараңыз, мен қазір бетімді көміп жіберіп, шөп
иіскедім, шөптің хош иісі қиялымда мыңдаған ой мен образ тудырады.
Себебі, мен əлем иісін иіскедім ғой. Менің құлағыма өлең мен күлкі
естіледі, көз алдымда бақыт пен қасірет, күрес пен өлім елестейді. Миымда
сансыз көп сурет туады, соларды мен сізге, бүкіл əлемге мəшһүр етсем
деймін! Сонда қалайша етуім керек? Тілім күрмеулі. Міне, жаңа ғана шөп
иіскегенде не сезгенімнің бəрін сізге баяндағым келген. Онымнан түк
шыққан жоқ. Аузымнан сөз емес, өңшең бір рабайсыз, шалажансар сүлде
ғана шықты. Арасында еш байланыс жоқ сылдыр сөз... Ал менің шешіліп
еркін сөйлегім келеді, ішімдегімнің бəрін ақтарғым келеді. О...— ол күйініп
қолын майыстырды,— бұл мүмкін емес! Ойыңдағыны айтып беру мүмкін
емес! Айтып жеткізу мүмкін емес!
– Жоқ, сіз өте жақсы сөйледіңіз,— деді Руфь,— аз уақыттың ішінде
мұнша төселіп кетуіңіз таң қаларлық. Мистер Бэтлер — ел таныған шешен
кісі. Сайлау науқаны кезінде штат комитеті ылғи оған сөз сөйлетеді. Ал
əнеукүні ас үстінде сіз онан кем түскен жоқсыз. Рас, ол ұстамдырақ екен.
Сіз қызбалаусыз; бірақ бара-бара басыласыз ғой. Түбінде жезтаңдай шешен
болып кетуіңіз де ғажап емес. Жəне алысқа шабасыз-ау деймін... егер
қаласаңыз. Сіздің бойыңызда бір қуат бар. Кісіні соңыңызға тез ертіп,
бастап əкету қолыңыздан келеді, бұған кəміл сенемін. Грамматиканы
меңгергеніңіз сияқты сіз жеңбейтін қиындық жоқ-ақ шығар. Атақты
адвокат, немесе саяси қайраткер болуыңыз мүмкін. Əйтеуір мистер Бэтлер
сынды дəрежеге жету үшін сізге ешқандай бөгет жоқ. Ал катар ауруы ол
кісінің өзімен кетсін,— деді күлімсіреп.
Əңгіме қыза түсті. Руфь, əдеті бойынша, оқу керек деген пікірін сыпайы
түрде мақта білтелеп айта береді, латын тілі білімнің қай саласының
болмасын ірге тасы деп қоймайды. Қыз өзі арман ететін адамының
бейнесін де суреттеді, бірақ онысы тек мистер Бэтлердің кейбір болар-
болмас белгілерін қосқаны демесеңіз, өзінің əкесінен айнымайды екен.
Мартин қыз сөзін тыңдап, оның оймақтай аузының əрбір қимылынан лəззəт
алып, жерде шалқасынан жатыр. Бірақ, айтқандары көкейіне қонған жоқ.
Ол суреттеген өзінің болашағы да қызықтыра алмады. Осылайша əлденеге
көңілі жабығып, əрі ғашығының зары өтіп жата берді. Қыз Мартиннің
əдеби еңбегі жөнінде əлі бір ауыз сөз айтқан жоқ, ала келген қолжазбалары
тастаған жерде ұмыт жатыр.
Ақыры, сөз арасы үзілген бір сəтте, Мартин уақыт білгісі келгендей күн
көзіне, көкжиегіне қарады да, əдейі қыздың назарын аудармақ үшін
қолжазбаларын жинай бастады.
— Ah, ұмытып барады екем ғой,— деді Руфь жұлып алғандай.—
Əңгімеңізді тыңдағым келіп отыр! Оқыңыз.
Мартин ең жақсы деген туындысының біреуін оқыды. Ол «Өмір
шарабы» деген əңгімесі еді. Əңгімені жазғанда өзін мас қылған тəтті шарап
енді оқыған кезде екі шекесін дуылдатып, тағы да басына шыға келді. Бұл
шығармасының бұрын айтылмаған соны пікірі əсерлі-ді. Оның үстіне
Мартин, бейнелі, мəнерлі сөздер мен сөз тіркестерін тауып, көркемдей
түскен. Жазған уақытта көкейінде оттай лаулаған шабыты тағы жеңіп,
Мартин оқығанда өзін-өзі ұмытты, əңгіменің кемшілігін де абайламады.
Бірақ, оқығаны Руфьке онша əсер еткен жоқ. Қыздың сақ құлағы қолына
жаңа ғана қалам ұстаған жастарға тəн əңгіменің əлсіз жерлерінің бəрін:
тым əсірелеген, орынсыз көтермелеген жерлерін, сөз құрылысының
ырғағын жиі-жиі бұзып кететін кедір-бұдырын аңдап отырды. Руфь
əңгіменің тұтас, жалпы сөз ырғағын аңғара алған жоқ, бірақ ара-тұра əдейі,
шешенсіп, орынсыз тақпақтап кететінін ұнатпай, мұны дилетантизмнің
нашар түрі ғой деп түйді. «Дилетантизм»— міне, ақтыққы үкімі осы. Бірақ
оны ашып айтқан жоқ. Қайта бірнеше болмашы ескерту жасады да, жалпы
əңгімеңіз маған ұнайды дей салды.
Мартиннің бұған көңілі толған жоқ. Рас, Руфьтің сыны əділ, оның бəрін
сөзсіз мойындайды, бірақ шығармасын мектептегі баланың жазуындай
түзетсін деп оқыған жоқ еді ғой. Іс ұсақ-түйекте ме екен. Оларды түзетуге
болар да. Ерте ме, кеш пе — əйтеуір, бір кезде ұсақ кемшіліктерін өзі де
аңғарар еді, түзер еді, тіпті, болдырмас еді. Бірақ, ол əңгімесін үлкен,
тынысы кең, тірі өмірдің бір кесегіне арнаған. Қызға сөз арасын нүктемен,
кері үтірмен бөліп-бөліп тастаған сөйлемдердің тізбегін емес, өмірдің бір
қырын көрсетпек болған-ды. Ол көзімен көріп, ақылымен ұғып, жүрегімен
сезіп, өз қолымен қағазға түсірген үлкен, маңызды мəселелерді қыз да
аңдар ма екен деп еді. Бұл үмітім ақталмаған сияқты, деп ойлады ол.
Мүмкін, тіпті редакторлардың айтып жүргені рас болар. Өзі үлкен,
маңызды жайларды көре білгенімен, бəлки, айта білмейтін шығар.
Жабырқау көңілін жаба тоқыған Мартиннің осы арада қыздың сынын оп-
оңай мойындай кеткені сонша, Руфь оның ішіндегі аласұрғап қарсылығын
сезбей қалды.
— Мына бір дүниені «Құмыра» деп атадым,— деді ол тағы бір
қолжазбасының бетін ашып.— Мұны төрт пе, бес пе журнал жарамайды
деп қайтарып жіберген. Бірақ, əңгіме өзіме ұнайды. Əлбетте, өзіңе өзің
төрелік айту қиын, дегенмен ішінде нəр жоқ емес сияқты. Мүмкін, əңгіме
маған еткен əсеріндей сізге күшті əсер ете қоймас, бірақ көлемі ықшам,
небəрі екі-ақ мың сөз.
— Неткен сұмдық!— деді қыз Мартин əңгімені оқып болғаннан кейін.
— Жаным түршігіп кетті ғой!
Мартин құты қашқан, көзі алақтаған, қолы қалтыраған қызға қарап,
іштей разы болды. Мақсатына жетіпті. Өз басынан кешірген ой-сезім мен
образды бере алыпты. Əңгіме ұнады ма, жоқ па – ол өз алдына, бірақ əсер
етуі хақ, елти тыңдап, кемшілігін елемей де қалғаны рас.
– Неге, бұл нағыз өмірдің өзі ғой,— деді ол,— өмір деген үнемі қызық
бола бермейді. Əлде, менің жаратылысым өзгеше болғаны ма, əйтеуір,
маған көркем сияқты көрінеді. Тіпті, осы күйінде он есе бағалы сияқты...
– Жоқ, əлгі сорлы əйел неге бұлай етпеген...— деп Мартиннің сөзін
бөлді де, өз пікірін де аяқтай алмай ашуланып дауыстап жіберді қыз.— О!
Бұл неткен сұмпайы! Неткен жиіркенішті! Неткен нас өмір еді!
Мартиннің жүрегі тас төбесінен шықты. Нас дей ме! Ешуақытта
ескермеген, ойына келмеген сөз екен. Əлде əңгіменің отты əріптері жарқ-
жұрқ етіп, көзін тұндырған соң кірін көрмей қалғаны ма. Жоқ, жүрегі тағы
да дүрсілдеп соға жөнелді. Көңілі сабасына қайта түсті.
– Мұнан гөрі дұрысырақ сюжет неге алмадыңыз?— деді қыз. Дүниеде
былапыт, былғаныш деген көп екенін білеміз, бірақ солай екен деп...
Наразы үнмен əлдене айтып жатқан Руфьтің сөзін Мартин тыңдаған
жоқ, есіл-дерті, екі көзі қыздың күнəдан таза ай жүзінде, қыздан тараған
сол тазалық жүрегінің түкпір-түкпірін аралап, жұлдыздың жарығындай
қалтыраған салқын, бірақ, мейірлі сəулесімен көкірегін жуып, шайқап,
тазартып жатқандай көреді. «Дүниеде былапыт, былғаныш деген көп екенін
білеміз». Пəлі, не «біледі» екен-ау сонда деп ойлады да, Руфьтің сөзін əзіл
көріп, ыржақтап, қуана күлді. О шеті мен бұ шетін талай аралаған тұрмыс
мұхитының шексіз-шетсіз лайсаң атырауы кенет жарқ етіп елес берді. Соны
көргенде барып, Мартин қыздың əңгімеге түсінбегеніне іштей кешірім етті.
Себебі, түсінбеуіне ол кінəлі емес. Қайта, дүние сұмдығын көрмегеніне
құдайға шүкір. Мартин болса — өмірді жақсы біледі. Оның сорлылығын
да, ұлылығын да көрген, қаншама пəс болғанымен, нас болғанымен өмір
деген тамаша ғой, оның қызығын күндердің күнінде Мартин күллі əлемге
паш етешек. Аспандағы əулиелердің күнəдан пəк болуы таң қаларлық іс
емес. Таза болу үшін олар еңбек еткен жоқ. Əулие аспанда жүрсе,
пайғамбар лайсаңда жүреді; əділдік үшін, адам үшін арпалысады. Былапыт
дүниені белшесінен кешіп жүрген адам-пайғамбар шын кереметтің өзі!
Япыр-ау, осы бір керемет үшін-ақ өмір сүруге болмай ма! Əділетсіздіктің,
зұлымдықтың былғанышынан биік тұрған адамдық парыз, асыл мұрат бар;
сен де биікке құлаш сермеп, көтерілсең, өмірдің көзіңе құйылған батпағын
саусағыңмен тырналап аршып, сұлулықтың сəулесін тұңғыш рет таңырқап,
тамашаласаң; дəрменсіз, шерменде, сорақы, бишара, бейбақ өмірден қай
уақытта, қалайша алып күш, абзал рух пен əділдік туатынын өз көзіңмен
көрсең мұнан артық не бақыт бар?!
Бір кезде Руфьтің күңгірлеген дауысы Мартиннің құлағына талып
естілді:
— Əңгімеңіз жалпы сүреңсіз, күйкі жайлары көп. Жазғыңыз келсе,
асыл, ардақты дүние аз ба: «In Memoriam-ды» (Еске түсіру, еске алу (дат.).)
алып қараңызшы.
Мартиннің қызға «Локсли Холл ше?» дегісі келді, қиялы жетелеп
кетпегенде, айтатын да еді. Қызға қарап, жерде жатқанда оған бір ой
келген: əйел заты жүз мың ғасырлар бойы өмір баспалдағымен өрмелей
жүріп, қаншама тар жол, тайғақ кешуден өтіп, ақыры қалайша мынау
бойына періште сынды қасиет, тəңірі сынды құдірет дарыған Руфь
бейнесіндегі асыл ару болып шықты екен, ол, əйел заты, Руфь арқылы
Мартин Иденнің ғашықтық сезімін оятып, оны да тазалыққа талпынтып,
қалайша тəңірінің қуатынан дəмелендірді десеңізші, иə, ақыры Мартин де
соның арқасында тағылық тұрмыстың шыңырауынан əрбір жасампаз
жаратушы адамның мəңгі серігі — сансыз көп сəтсіздік пен қателіктің
шырмауынан өтіп, əлдеқалай қалықтап көтерілген жоқ па. Романтика да,
сұлулық та, керемет дегеніміз де осы! Міне, осы туралы жазу лазым.
Илаһи, аузыма лайықты сөз түскей, деп ойлады ол. Аспандағы əулиелер тек
əулие ғана болса — бұл адам!
— Сіздің бойыңызда күш-жігер мол, бірақ ол жүгенсіз, ноқай күш,—
деген Руфьтің сөзін естіді.
— Шыны ыдыс сататын дүкенге кіріп кеткен бегемот секілді екенмін
ғой,— деп əзілдеген еді, қыз күліп жіберді.
— Кез-келген нəрсені талғамсыз жаза беруге болмайды. Өзіңізге лайық
талғам, əсемдік, стиліңіз болуы шарт.
— Мен дандайсып кеткен болармын, тегі,— деді ол дəбдірлеп.
Руфь оның көңілін жыққысы келмегендей езу тартып күлді де, тағы бір
əңгімесін тыңдауға ыңғай білдірді.
— Сізге қалай ұнайтынын қайдан білейін,— деді Мартин кінəлі адамша
жүні жығылып.— Əйтеуір, мынау бір ағаттау əңгіме! Асыра сілтеп
жіберуім мүмкін. Бірақ ниетім дұрыс. Ұсақ-түйегіне назар аудармай-ақ
қойыңыз. Негізгі пікірін аңғарсаңыз болғаны. Пікірім əрі орынды, əрі
маңызды болса керек еді, түсінікті етіп баяндай алдым ба, жоқ па — оны
білмеймін.
Мартин əңгімесін оқи бастады; оқып отырып, оқта-текте Руфьке қарап
қояды. Бір кезде əңгімесі оған да ұнағандай көрінді. Өзі жасаған образдар
қызды əбден ауаландырып əкеткендей, ол демін ішіне тартып,
қимылдамастан, кірпік қақпастан қадалып қарапты да қалыпты. Əңгіменің
аты «Оқиға»-ды. Өзі де оқиғаның ғажабы болатын. Кітап хикаясы емес еді
ол, кəдімгі бас əріппен жазылуға тиісті нағыз өмір оқиғасы-ды, оқиға да
емес, айбарлы əмірші десе болғандай, азаптаса да, ардақтаса да еркі бар,
машақаты мен алапаты мол, бірде құлдыққа, біресе бейнетке душар ететін,
бірде көз ұялтқан күн нұрына бөлесе, бірде өзегіңді өртеген шөлге,
аштыққа қамайтын, ауыр, шалғай жол азабына кіріптар ететін немесе
өлімдей жабысқақ безгегін жіберетін, сөйтіп тер төккізіп, қан жосыттырып,
улы шаққыштары қыбырлаған тескен таудан өткізіп, алуан қилы ұсақ,
жексұрын жəбір шеккізіп, уһ-аһ, өлдім-талдым дегенде барып арманыңа
əрең жеткізетін шытырман оқиғаның апофеозы еді.
Осының бəрін, толып жатқан тағы басқа ғажаптарын Мартин
əңгімесінде баяндаған. Тыңдағанда қыздың көздері жайнаңдап кеткендей
болған; екі беті алмадай қызарып, тіпті, талықсып кетер ме екен деп еді.
Жалпы елегізіп отыруы рас-ты. Бірақ оған əсер еткен əңгіме емес,
Мартиннің өзі. Əңгіме дəнекер ғана. Мартиннің бойында бұрыннан таныс
бір күш бар, оның қызуы бүкіл денесіне тарап, тағы да бойын билеп
əкеткен. Бір ғажабы əңгімеден соның лебі, лебізі естіледі, əлде құлақтан
кіріп, бой алған сол ма? Əйтеуір, қандай да бір күштің əсері бары анық,
бірақ соның қызу лебі өзіне қалайша беріліп тұрғанын білмейді. Əуелі өзі
де əңгімеге қызыққандай болған, дұрысында көңіліне қобалжу түсірген ол
емес, өзге нəрсе. Ол əлдеқалай есіне түсе кеткен, ырықсыз еліктіріп əкеткен
ала-бөтен үрейлі ой еді. Қызға əлденеге күйеу құшу туралы ой келді, қайта-
қайта көңілін толқытқан осы бір ойдан сескенгендей де. Бұл əдепсіздік.
Мүлде жат, жаман қылық. Руфьті бұған дейін жаңа оянып келе жатқан
əйелдік нəсілі жанын азаптап көрген емес еді. Теннисонның əсем поэзиясы
əлдилеген қыз бала тəтті ұйқыда жатып, əдемі түс көрумен келген. Ал
серілер мен əйел патшаның арасындағы оқиғаларды жыр еткен сыпайы
ақынның өте сыпайы сөздерін ол ешуақытта түсінген емес. Осылай
маужырап ұйқыда жатқанда, бір күні өмір оның тарсылдатып есігін қақты.
Шошып оянған қыз құты қашып, жалма-жан есігін бекітпек болған, бірақ
жаңа оянып келе жатқан инстинкті: қой, олай етпе, қайта қылығы ерекше,
қызығы тəтті қонағыңа есігіңді аша бер, деді.
Өз-өзінен риза болған Мартин əңгіме туралы қыз не айтар екен деп
күткен. Оның үкімі бесенеден белгілі сияқты. Бірақ Руфь:
— Əп-əсем,— деп бір-ақ ауыз сөз тастағанда, Мартин аңырып қалды.
Бітегенеден кейін қызараңдап қыз тағы да:
— Өте əсем екен!— деді.
Əлбетте, əсем екені рас; бірақ əңгімеде онан да гөрі мəндірек мағына
бар еді ғой, сұлулық соның көркі, көмекшісі ғана емес пе еді. Ұзыннан
түсіп, жерде жатқан Мартинге күдіктің қара түнегі төне түсті... Міне, тағы
бір сəтсіздікке ұшырадым... Тілге шорқақ, сөзге олақ екенмін. Дүниенің не
кереметін көре білгеніммен айта білмейді екенмін ғой, деп ойлады.
— Əлгі не туралы... идея туралы пікіріңіз қалай?—деді Мартин
күмілжіп, жаңа сөзді тосыннан айта салуға именгендей.
— Ол ойдағыдай анық емес,— деді қыз,— əңгімеден алған жалпы
əсерім осы. Мен негізгі сюжет желісін де аңғаруға тырысып бақтым, бірақ
аңғару қиын. Сөз көп, тым мыжымалау. Қайдағы-жайдағыны тергіштеп,
араластырып, қимыл-əрекетті көлеңкелеп жібергенсіз.
— Соның бəрі негізгі идеяға бағынышты ғой,— деді Мартин сəл
асығыңқырап.— Орталық идеяның — космостық, дүние жүзілік мəні бар.
Ол бүкіл əңгіменің өзегі, ал əңгіме соның сырт көрінісі, қабыршағы ғана
болса керек еді. Əттеген-ай, бағыты дұрыс-ақ, бірақ ойымдағыны орындай
алмаған екем ғой. Бəлкім, бара-бара үйреніп кетермін.
Руфьтің ой-өрісіне ілесе алмағаны рас еді. Өнер бакалавры болса да,
өресі жетпеген. Бірақ өзінің түсінбеуін Мартиннің сөзге долаңдығынан деп
білді.
— Тым көп сөйлеп кетеді екенсіз,— деді Руфь тағы да,— бірақ əредікте
əдемі жері де жоқ емес.
Қыздың бұл сөзі Мартиннің құлағына алыстан əрең жеткен дыбыстай
естілді, өйткені осы кезде ол «Теңіз толғауларын» бұған оқып берсем бе
екен, жоқ оқымай-ақ қойсам ба екен,— деп дел-дал болып жатыр еді.
Осылайша ол өз-өзінен түңіліп, қайғы жұтып жатқанда қыз оған қарап
отырды, бағанағы көңіліндегі күйеуге шығу ниеті қайта-қайта қобалжытып,
есінен кетпей қойды.
— Атақты адам болғыңыз келе ме?—деді бір мезетте қыз Мартинге.
– Иə, мүмкін,— деді ол,— бірақ, көксегенім ол емес. Мені қызықтырып
жүрген даңқтың өзі емес, соған апаратын асулар. Əлбетте, даңқтың да
маған бір жəрдемі тисе керек еді. Шынымды айтсам, атақты адам болғым
келеді де, оның бір себебі бар...
«Себебі сіз» – дегісі келген, бəлкім, қыз əңгімесін қызу құптағанда,
айтса айтып та салар еді.
Бұл сəтте Руфьтің ойы Мартинге лайық кішігірім мансап іздеумен
болып кетті де, оның «себебін» сұрамады. Ал Мартиннің жазушы бола
алмайтынына көзі жеткен. Дилетанттық шикі шығармасымен жаңа ғана
осыны өзі дəлелдеп берген жоқ па. Əжептəуір сөйлеп үйренгені рас та,
бірақ əдеби тілден əлі хабары жоқ. Мартинді ол Теннисон, Браунинг іспетті
өзінің аса ұнататын жазушы-прозаиктерімен салыстырды. Бұл сыннан
Мартин өте алмады. Бірақ қыз ойындағысын оған айтқан жоқ. Жігітке есі-
дертін аудара беретін ішкі сезім қаталдыққа жібермеді. Тіпті, осы жігіттің
жазуға құштарлығы басылып кететін жай желік болар деп ойлады ол.
Желігі басылғасын өмірдің өзге саласынан өзінің орнын тауып, адам болып
кетеді ғой. Руфь бұған сенеді. Жігерлі жігіт — көздеген мақсатына жетпей
қоймас... тек тезірек жазуын ғана қойса екен.
— Жазғаныңыздың бəрін мұнан былай маған оқып тұратын болыңыз,
мистер Иден,— деді ол.
Мартиннің қуанғаннан екі құлағы қызарып кетті. Назары маған түскен
екен, бұл анық, деп ойлады. Нашар екен, жарамайды деген жоқ қой,
əйтеуір. Тіпті, кей жері тамаша деп те елден бұрын көңілін жұбатқан өзі
емес пе.
– Жарайды, жақсы,— деді ол елбеңдеп.— Мен жақсы жазушы боламын,
мисс Морз, сізге берер сертім осы. Мен тым алыстан келе жатқан адаммын,
алдымда əлі ұзақ сапар жатыр. Еңбектесем де ерінбей мұратыма жетемін.—
Ол машинаға басылған бір десте қағаз ұсынды қызға:—Міне, мынау «Теңіз
толғаулары». Осыны сізге берейін. Үйіңізге алып кетіп, уақытыңыз болса
оқыңыз. Бірақ, кейін маған шын пікіріңізді айтарсыз. Адал сын өте керек
маған! Өтінемін, бар шыныңызды бүкпей айтыңыз!
– Ештеңе де бүкпеймін,— деп Руфь уəдесін берді, бірақ бүгін шынын
айтпағаны есіне түсіп, түбінде турасын айтуға дəті төзер-төзбесін біле
алмады.
|