Джек Лондон. Мартин Иден Бірінші тарау



Pdf көрінісі
бет3/47
Дата23.08.2024
өлшемі1.82 Mb.
#503209
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   47
Martin Iden Dzhek London

Үшінші тарау
Баспалдақтан түсе бере Мартин Иден қалтасынан сарғыш түсті бір
жапырақ күріш қағазы мен бір шөкім мексикан темекісін алып, шылым
орады. Құмарын тарқата, сіміре бір сорды да түтінін ақырын сыздықтатып
шығарды.
— Апырай!— деді ол дауыстап, бұл үнінде əрі таң қалушылық, əрі зор
сүйініш бар еді.— Апырай-ай,— деді ол тағы да, сəл кідіріп:—Апырай, ə!
—деді бір кезде. Сөйтті де көйлегінің жағасын ағытып алып, қалтасына
салды. Салқын жауын сіркіреп тұр екен. Мартин жалаң бас, пенжагінің
түймесі ағытулы, ештемені елең қылмай келе жатыр. Жаңбыр жауып
тұрғанын еміс-еміс сезеді. Есеңгіреп қалған екен, өңінде түс көрген
адамдай жаңа ғана басынан кешкен оқиғаны қиялында тағы көрді.
Мартиннің əйел туралы қиялдану əдетінде болмағанымен, оқтын-оқтын
есіне алып, түбінде бір кездесерсің-ау деп жүретұғын. Сол əйел затын
ұшыратқанын білді. Онымен стол басында бірге отырды да, қолын қысты,
көзіне көзі түсті, жанарынан сұлу көздеріне сай сұлу жан дүниесін көрді,
сол сұлулықтың мекені іспетті сұңғақты сұлу бойына көз тоқтатты. Бірақ
Мартинге қыздың тəні пəс ой түсірген жоқ — бұрынғысына қарағанда бұл
да бір жаңалық. Себебі, бұған дейін əйелдің көзге оттай басылатын тəні
десе қилы-қилы қиял-сезім пайда болатын ғой. Бірақ Руфь ерекше
жаралған, оның тəні де өзгеше. Ол ауру-сырқау дегенді білмейтін асыл
тұлға, жан тұрағы, жан пейіші, періштедей арудыц ауадай үлбіреген
кіршіксіз таза бейнесі. Періштеге ұсатқанына таңырқады. Қиял
бұлдырынан айығып, анық нəрсеге ой жүгіртті. Бұрын дінге, дін сөзіне,
періште, хор қызы дегендерге сенбейтұғын. Қалпе-сопылардың адам жаны
өлмейді деген сөздеріне күлуші еді. Оның ойынша о дүниеде өмір бар деу
бекер; өмір, тіршілік осы дүниеде, онан арғысы — мəңгі қараңғылық. Бірақ
жаңағы қыздың көзінен елес берген бір керемет жан екені рас жəне ол
өлуге тиіс емес, мəңгі жасамақ. Бұрын-соңды бірде-бір еркек, ешбір əйел
мəңгілік туралы ой түсіріп көрген жоқ еді. Мына қыз ой салды! Бір
қарағанда-ақ терең сырды үнсіз ұғындырды. Оның сабырлы да жұқа өңі,
сүйкімді де ақылды ақ дидары көз алдында əлі құбылып тұр, ол періштеше


төңірегіне аяныш мейірін төгіп, елжірей күледі, көркінен бұрын көрмеген
ғажайып нұр төгіледі. Оның мөлдірі адамның есін кетіргендей. Өмірде
қайырымдылық та, зұлымдық та кездесе береді, ал тіршіліктің тазалық
деген тағы бір қасиеті барын Мартин білмеуші еді. Кəзір ол осы тазалықты,
мейірбандық пен күнəсіздікті көріп отыр. Мəңгілік деген осы да.
Осы өшпес өмірге мен де аралассам деген Мартинге пендешілік ой
келді. Бірақ ол Руфь сияқты қыздың босағасында жүруге де жарамайтынын
жақсы біледі. Бір кеш қасына отырып, дидарласуы əлдеқалай сəті түскен,
күтпеген тамаша оқиға да. Əрине, солай. Бұған өз еңбегі сіңген жоқ. Бұл
бақыт маңдайына сыймайды. Оны осы тұста əлдебір діни сезім биледі.
Дүниеден баз кешкен, мүсəпір, бишара, пəс адамға айналды. Күнəсі көп
адам осындай халге жеткенде тəңірісіне тəубе келтірешек. Ол күнаға
баттым деп ойлады. Бірақ əрбір күнəкар адамның ағат кеткен ісіне аһ
ұрғанымен, ақыры қайырын берер деп болашаққа үміт артатыны сықылды,
бұл да қыздан күдер үзбеді. Сондағы дəмететіні не? Осындайда есіне
келетін жайттерге мүлде ұсамайтын бір бұлдыр. Намысы мен арманы
қиялына қанат бітіргендей ол қызбен бірге əлемнің биігіне қалықтап
шықты, шырқау шеңберде қызбенен сұхбаттасты, дүниенің барша игі
рахаты мен қызығын көрді. Бұл əдепсіз нас пиғылдан пəк рух мейірі-ді,
риясыз адал жан достығы, ақыл-ой жетпес керемет еді. Мартин ешнəрсе
ойлаған да жоқ. Ақылын сезім биледі, бұрын байқалмаған күшті эмоция
жеңді, тебіренген тəтті сезім мұхиттай толқыды, болмыстың шеңберінен
шығып шығандап кетті. Ол мас адамдай теңселіп, былдырлап келеді.
— Апыра-ай! Апырай-ə!
Бұрышта тұрған полисмен күдіктене, сұғын қарады, балпаң жүрісінен
матрос екенін таныды.
— Жүгіңді ауыс тиеп алып, қайдан келесің?— деді полисмен.
Мартин Иден əуеден жерге түсті. Жаратылысында жағдайға тез үйлесе
кететін іштей икемді жігіт полисменнің дауысын естісімен-ақ есін жиып
алды.
— Бəрекелді!—деді күліп.— Өзімнің дауыстап сөйлеп келе
жатқанымды абайласамшы!
— Көп ұзамай, мүмкін, жырлап та жіберерсің,— деді полисмен сен


неменің сылайыңды сезіп тұрмын дегендей.
— Жоқ, жырламаймын... Оттығыңыз бар ма, кəзір трамвайға отырып,
тұп-тура үйіме қайтам.
Ол темекісін тұтатып алып, полисменге: «Қайырлы түн»,— деді де
жөніне жүріп кетті.
— Мұны қалай көресіз,— деді ол өзіне өзі.— Мына алаңғасар мені мас
деп қалыпты ғой!—деді де ішінен күліп: «Мен осы шынында да мас
шығармын, арудың дидарын көріп, мас болам деп ойласамшы»,— деді.
Телеграф-авенюде ол Берклиге кетіп бара жатқан трамвайға қарғып
мінді. Вагон толы өңкей жас жігіт студенттердің өлеңін айтып шуылдап
келеді. Мартин оларға сынай қарады. Байқаса, бəрі де университет
студенттері екен. Бұлар да қыз баратын лекцияға, қыз араласатын қауымға
қатынасатын жігіттер, əлбетте, қызбен таныс болуы ғажап емес, күнде
көрем десе де ерік өздерінде. Бірақ бұлар олай етпеген, ұзақты кеш
əлдеқайда самтырап жүрген ғой. Онан да кешкі уақытын сол қызбен бірге
өткізіп, əңгімелесіп, əзілдесіп, наз сұлумен қабақ шаратысып отырмас па.
Студенттердің арасынан сығыр көз, салпы ерін жас жігітке көзі түсіп кетті
де, мынау жастайынан бұзылған неме ғой өзі, деді ішінен. Кемеде қызмет
етсең нағыз қорқақтың, сөз таситын сүмелектің өзі болар едің. Тап осы
жасықтан он есе артықпын ғой, əйтеуір, деген ой келді, бұған іштей
қуанды. Өйткені ғашығына бір адым жақындағандай болды. Өзін өзге
студенттермен де салыстырды. Əлуетті, шымыр денесі есіне түсіп, күш
сынассақ, ешқайсысы маңыма келе алмас еді деп ойлады. Бірақ бұлардың
басы толған білім, сондықтан қызбен тез түсінісіп, еркін сөйлесе алады.
Оның еңсесін көтертпейтін осы бір ой. Бірақ бұларда бар ми менде жоқ па,
олардың ақылы жеткен нəрсеге менің ақылым жетпей ме деп өзеуреді ол.
Иə, олар өмірді кітаптан зерттеген, бұл болса үнемі өмір тақсіретін
тартумен келеді. Мұның басы да білімге толы, бірақ оның білетіні өзге
дүние. Осылардың қайсысы, мəселен, желкен керіп, руль басқарып, вахтаға
тұра алар еді? Оның қауіп-қатерге, ерлікке, жоқшылық пен еңбекке толы
өмірі көз алдында елестеді. Өмір мектебінен өткенде басынан кешкендері
есіне түсті. Иə, ол өмірден ұтылмапты. Күндердің күні бұлар да сол
өмірмен бетпе-бет кездеседі, мұның көргенін бұлар да көреді. Өте жақсы.
Бұлар бір кезде Мартинге көптен таныс дүниені білемін деп жүргенде, бұл
да өмірдің олар білетін екінші жағын зерттейді.


Окленд пен Берклидің арасында əлі үй салмаған бос жатқан жер көп.
Трамвай сол арамен келе жатқан. Мартин Иден маңдайшасында
«Хиггинботамның бөлшек саудасы» деген тыраш жазуы бар, өзіне көз
таныс, екі этажды үйге қашан жетемін деп келеді. Жеткен кезде трамвайдан
секіріп түсе қалып, үйдің маңдайшасындағы жазуға біраз қарап тұрды.
Оған жазудың өзінен гөрі өзге жəйттер жақсы мəлім. Жазудың əрбір
əрпінен ұсақшылдық, менменшілдік, бишаралык, сезіліп тұрар еді. Бернард
Хиггинботам Мартиннің жездесі, Мартин оның ар жақ-бер жағын жақсы
біледі. Есікті өзінің кілтімен ашып кірді де, баспалдақпен екінші этажға
көтерілді. Жездесі осы үсте тұрады, дүкені аста, дегенмен шіріген овощтың
исі мұнда да сезіліп тұр. Қараңғы ауыз үйде қармалап жүріп, толып жатқан
жиендерінің біреуі қалдырып кеткен ойыншық арбаға сүрініп кетті де,
есікке барып соғылды. «Сараң неме-ай,— деп ойлады ол,— бipey-мipey
қараңғыда көзін шығарып алмасын деп, газ жағып та қоймаған, соған екі
цент ақшасын қимайды».
Сипалап жүріп, есіктің тұтқасын əрең тауып, үйге кірсе, жарық бөлмеде
апасы мен Бернард Хиггинботам отыр екен. Апасы ерінің шалбарын
жамап, жездесі екі аяғын сыйдитып, стулге салып қойып, газет оқып отыр,
аяғында жамау-жамау ескі киіз кебісі. Мартин бөлмеге кіріп келген сəтте
жездесі зымиян көздерімен қадала қарады. Мартин Иден Бернардтан іштей
жиіркенетұғын. Апасына осының қай қылығы ұнады екен деп ойлайтын.
Оны сұр жыландай көріп, көрген жерде өкшесімен езіп кеткісі келуші еді.
Бірақ «жарайды, тұмсығыңды бір бұзармын»,— деп өзін-өзі жұбатып жүре
беретін-ді. Міне, кəзір де ол Мартинді оқты көздерімен атып барады.
— Немене, не боп қалды?—деді Мартин.
— Осы есікті өткен жұмада ғана сырлаттық қой,— деді мистер
Хиггинботам, оның үні жалынышты екенін, жоқ ашулы екенін айыру қиын
еді,— бояушылар одағы ақысына əкесінің құнын сұрайтынын білесің.
Ептеп жүрмейсің бе?
Мартин жауап берейін деп тұрды да, пайдасыз екенін түсініп, есіл сөзін
қор қылғысы келмеді. Іштегі жиіркенішін басайын дегендей қабырғада
ілулі тұрған хромолитографияға қарап еді. Қайран қалды. Бұрын оған сурет
əрдайым ұнаушы еді, кəзір бірінші рет көргендей болып тұр. Мынау лас
лашықтың ішіндегі өзге дүние сықылды бұл да арзан қол, үшінші сорт
нəрсе-ді. Кенет көз алдына жаңа ғана өзі болған үй келді, əуелі оның


қабырғасындағы суреттері, онан кейін қоштасарда жылы жүзбен жымиып,
қолын қысқан қыздың өзі елестеді. Жігіт қайда тұрғанын, бұ дүниеде
Бернард Хиггинботам деген біреудің бар-жоғын да ұмытты. Бірақ сол
джентльмен:
— Немене-əй, жыныңды көріп тұрсың ба?—деген кезде барып, есі
кірді.
Мартин есін жиып, жездесінің оқтай атқан кішкене теспір көздерін
көргенде күндіз дүкенінде келімді-кетімді кісілеріне зат ұсынып жатқанда
тап сол көздерінің қандай болатыны есіне түсіп кетті. Жылт-жылт етіп
жылтырап, жəдігөйленіп, жалбарынып, жағынып, құлдық ұрып, құдай атып
қалмаушы ма еді.
— Иə, деді Мартин,— елес көргенім рас. Жайлы жатып, жақсы
тұрыңыз! Жайлы жатып, жақсы тұр, Гертруда!
Ол бөлмесіне қарай кетіп бара жатқанда тозаң-тозаң кілемнің
қыртысына тағы да сүрініп, құлап қала жаздады.
— Есікті қатты жабушы болма,— деді мистер Хиггинботам
қытымырланып.
Мартиннің қаны қайнап-ақ кетіп еді, бірақ өзін-өзі тоқтатты, есікті
ақырын жапты.
Мистер Хиггинботамның құдайы берді де қалды, ол əйеліне қарап,
масайрап:
— Mac,— деді сыбырлап,— кересін ішіп келеді деп едім ғой саған!
Айтқаным келді ме?!
Жұбайы жүні жығылып, басын изеді.
— Көзі жайнаңқырап кетіпті,— деді ол,— жағасын да жоғалтқан ғой,
кетерде бар еді. Бірақ соншама көп ішпеген секілді.
— Аяғынан əрең басып тұр,— деді ері өзінікін дұрыстап,— байқадым
ғой. Сүрініп-қабынып əрең жүр, ауыз үйде əлгінде ғана құлай жаздағанын
естіген жоқ па едің?


— Рас, Алисаның арбасына сүрініп қалды, қараңғыда көрмеген ғой.
Бағанадан жарыла жаздап отырған мистер Хиггинботам дүрсе қоя берді.
Ұзақты күн əлдекімнің алдында бүгежектеп, əбден бойтаса болып, кеш
қашан болар екен, үй-жандарыма ие болып, өзіме-өзім қашан келер екенмін
деп асығып күткен еді ол.
— Сенің абзал інішегің мас дедім ғой мен саған!
Ол əрбір сөзін тасқа басқандай нақпадақтап, қатуланып, зəрленіп айтты.
Əйелі күрсініп, күмілжіп қалды. Бұл бір толық денелі, борпас, киімін үнемі
салақ киетін, ерінің қисық, шодыр мінезіне əрең төзіп жүрген, əбден
қажыған əйел еді.
— Бұл тұқым қуған нағыз бəле, əлгі əкесі де осындай маскүнем емес пе
еді?—деді ол сөзін прокурорша саптап,— бұл да шарбақ түбінде өледі.
Айтпады деме!
Əйелі басын бір шұлғып, тағы бір күрсініп, үңіліп, ісін тіге берді. Екеуі
де Мартин арақ ішіп, үйге мас боп келді деп ұйғарды. Екеуі асқақ ой, əсем
сезім дегенді білмейтін, көкірегі керең жандар ғой, əйтпесе, Мартиннің көзі
нұрланып, жүзі жайнап келуінен жас жігіттің бірінші рет қызға ғашық
болғанын аңғарар еді ғой.
— Балаларға көрсеткен өнегеңе болайын!—деп əйелінің үндемей
қалғанына ашуланған мистер Хиггинботам бір кезде айғайлап кетті. Кей-
кейде əйелінің қасарыса бергенін де тілейтін əдеті бар.— Бүйте беретін
болса — атамнан аулақ кетсін! Түсіндің бе? Маскүнем малығұнды күнде
көрген күнəсіз бала да азғындар болар!— Мистер Хиггинботамның
газеттен оқыған кейбір сөздерін қыстыра қоятын əдеті еді.— Иə, азғындар
болар. Басқа не айтайын,— деді ол тағы да мəндімсіп.
Əйелі бəз-баяғы күрсінумен, басын шайқап, ісін тігумен болды. Мистер
Хиггинботам тағы да газетіне шүйілді.
— Өткен аптаның пəтер ақысын төлеп пе еді?—деді ол бір кезде газет
арқылы алая қарап.
Əйелі басын изеді.
— Əлі ақшасы бар көрінеді ғой.


— Қашан жүреді екен өзі?
— Ақшасын түгескесін жүретін шығар,— деді əйелі.— Қолайлы кеме
кездесер ме екен деп, кеше Сан-Францискоға барып келген. Ақшасы бар
тұрғанда ол, əрине, кез келген кемеге жалдана қоймас. Тым таңдағыш қой
өзі.
— Жетіспей жүргені сол еді! Палубаның сыпырғышына күй таңдаған не
сəн!— Мистер Хиггинботам миығынан күлді.— Таңдағышын қара өзінің!
Пішту!
— Ол осында бір желкеме қазина қоймасын іздемекке алыс сапарға
шығады екен деп жүрген. Тегі, ақшасы жетсе, соны күтпек білем.
— Осында орналасам десе, мен өзіме көлікші етіп-ақ алар едім оны,—
деді ері, бірақ жаны ашығаннан айтып отырмағаны сезіліп тұр.— Том кетіп
қалды ғой бізден.
Əйелі елең етіп, сұраулы кескінмен қарай қалды.
— Бүгін ол есеп айырысып, шығып кетті жұмыстан. Каррузерстерге
баратын болған білем. Жалақысы көбірек көрінеді. Менің шамам жетер
емес оған.
— Міне, көрдің бе?—деді əйелі дауыстап.— Істеген еңбегіне қарағанда,
ақысын аз төлеп жүрсің деп едім ғой.
— Есіңде болсын, кемпір,— деді мистер Хиггинботам шамданып.—
Мен саған еркектің ісіне араласпа деп мың рет айттым ғой. Қайта-қайта
айта бермеймін, білдің бе?
— Маған бəрібір,— деп əйелі күңк етті.— Бірақ Том түзік адам еді.
Байының бетінен қабуын қарашы дегендей Бернард əйеліне оқты көзін
қадап:
— Інішегің жалқау неме болмаса, көлік айдауына болар еді ғой,— деді.
— Пəтері мен тамағына бересісін кідіртпей төлеп келеді,— деді əйелі.
— Ол əрі менің інім, саған түк борышы жоқ, енді босқа неге байланыса


бересің. Мен де адам емеспін бе, өзіңмен отасқаныма, міне, аттай жеті жыл
болды.
— Айтпақшы, түнде ұзақ отырып, кітап оқитын болса, газға ақша
төлеуге тиіс, осыны ескерттің бе?
Миссис Хиггинботам бұл сүраққа жауап берген жоқ. Ашуы басылып,
жігері жасып, шөгіп кеткен жан ғой. Бернардекец əбден масайрады. Пысын
бастым деп ойлады. Қаптесердің көзіндей жылтыңдаған көздерінде кекті
қуаныш белгісі пайда болды. Əйелін осылай жуасытып тастаған сайын
айызы қанып қалушы еді оның. Расын айтсақ, бұл онша қиынға түсіп те
жүрген жоқ, екеуі жаңа қосылған кезде, жыл сайын бала тауып, бір
жағынан, жолдасы титығына жетіп, жігері құм болмай тұрған шағында
бұлай емес еді.
— Ендеше ертең айт,— деді ол.— Иə, ұмытпай тұрып есіңе салып
қояйыншы. Ертемен Мэриенге біреуді жұмса, балаларға көз болсын. Том
кетіп қалды, енді менің өзім товар əкелуім керек, сен менің орныма дүкенде
сауда жасарсың.
— Ертең кір жуайын деп едім,— деді əйелі күмілжіп.
— Ертерек тұр олай болса... Сағат онсыз мен оралмаспын.
Ол кейістік білдірген кісідей газеттің бетін кенет аударып жіберіп,
шұқшиып оқи бастады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   47




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет