ӘОҚ 371:78.01:943.42
ДОМБЫРАМЕН СҮЙЕМЕЛДЕУДЕГІ ДӘСТҮРЛІ ӘН АЙТУ АРҚЫЛЫ ЖАС ҰРПАҚТЫҢ ДҮНИЕТАНЫМЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ
М.К. Жантаева, С.Ә.Жантаев
Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, Тараз қ.
Өткен ғасырдың аса құндылы ән-күйлері, термесі, жыры, қисса мен халықтың музыкалық шығармашылығының негізінде жас ұрпақты адамгершілік рухта, музыкалы-эстетикалық нәзік сезімге тәрбиелеуде үлкен рөл атқарып отыр.
«Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй...»,
«Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойныңа кірер денең...», - деген жолдарында, ұлы Абай әннің өмірдегі орнын нақ суреттегендей, қазақ халқы ән-күйді жанындай жақсы көріп, рухани жан-дүниесін ән арқылы шебер бейнелей білген.
Ән - поэзиялық шығарма мен музыкалық әуеннен туған вокалды музыкалық шығарманың сазы. Ерте заманнан бері халық арасына кең таралып, халықтың өмірін, қуанышын, мұңын, табиғат құбылысы мен махаббатты жырлайтын ерекше жанр.
Әншілік өнер мен музыкалық өнері, әр ұлттың ертеден келе жатқан мәдени талғамының бір арнаға құйылып, асқақты күйімен дамып отыратын көптеген ғасырлар үнінің жемісі.
Әншілік – жалпы өмірдің бүкіл дүниенің қимыл іс-әрекетін, образды бейнелейтін диалектикалық құбылыстарды адам сезімімен қабыстырып, өмір қайшылықтарының, әсерлі дыбыстарының, әуендерінің жиынтығы.
Әннің қоғамдық әлеуметтік сипаты, тәрбиелік мәні елдің санасының бір сәт тысқары қалмаған. Кең далада желдей есіп, ауыздан-ауызға тарап, толассыз кезіп жүретін ән мен күйді халық жан дүниесінің ең асыл мұраттарын дәріптеп, таратып отырған. Халықтың рухани байлығы, ғасырлық мәдениетіміздің көркем формасының бірі, заманымыздың тарихи шежіресі.
Әнді, негізінде, шығарушы да, шырқатып салушы да – халық. Әннің қасиетін қазақ халқы қадірлей біліп:
«Жігітке өнер де өнер, өлең де өнер»,
«Ақылың болса жыр тыңда...» - деген сөздер арқылы жақсы айтқан.
Ұрпақ тәрбиесіне айрықша мән берген ата-баба сұлу ән, асыл сөздің кестесімен сәби жүрегін тербеп, ой санасын игі адамгершілікке жетеледі. Сондықтан кең байтақ ата жұртта буыннан-буынға жалғасып, ұят-аят, әдет көрген, мейірім-шарапат салтанат құрды. Ең кереметі сол, ән қанатында халық ойының тереңдігі, шексіз қиялы, кестелі, орамды шешен тіл берік сақталып заманның алдын орап, кейінге тарады. Мұның өзі отбасынан отантұтастығына дейін тамырын үзбеген дәстүрге айналды.
Академик Б.Асафьев айтқандай екі өнер саласы ән мен өлеңнің бірлестігінің арасында ән табиғаты өмірде кең тараған өнердің біріне айналып отыр. Ән айтпайтын, құлақ қойып тыңдамайтын адам болмайды. Ән тыңдап, дауыстап айту адамға біткен табиғи керектілік. Ол адамның дүниеге келген кезеңінен бастап, сөйлей білуден бұрын үлкендердің көмегімен санадан орын алатын табиғи құбылыс. Анасы нәрестесін бесігіне бөлеп: «Әлди, әлди ақ бөпем, ақ бесікте жат бөпем» - деп бесік жырын айтқан. Анасының сазды әуені баланың денесін балқытып, ұйқыға келтірген. Бала талпына келе оның бойына ана тілі арқылы ғана дүниені, өмірді танып, біле бастайды. Оның буыны бекіп, санасы қалыптаса бастағанда-ақ күнделікті күйкі тіршілікпен қатар, халықтың тамаша әуен-сазы оған игілікті әсерін тигізіп, өзінің көркемдігі мен маңыздылығымен баланың жанын баурап, ақыл-ой, сана-сезімінің кеңейіп, жақсы мінез-құлықтарының біртіндеп қалыптасуына әсерін тигізіп, рухын байыта түседі.
Сондықтан, дәстүрлі айтыстар, «Тойбастар», «Беташар», той-думандардағы қыз-жігіттердің ән-күй сайысы, лирикалық, тұрмыс-салт жырлары, аспаппен сүйемелдеп айтылатын аңыз-ертегілер - халықтың ежелгі мәдениетінің осынау баға жетпес мұрасы - жас ұрпақтың дүниетанымын қалыптастыру үшін таптырмайтын құнды материал деуге болады. Кеңес өкіметі жылдарында бұл қазынаны барша қауым жинастырылып, осы заманғы дыбыс техникасының барлық түріне салды. Осының арқасында сонау тұңғиық заманында жарық көрген ән, өлең мен жыр қазақ халқының күнде көріп, қалауынша естіп, рухани ляззат алып отыратын асыл қорына айналды.
Сонау Сыр бойынан Алтайға дейін, Алатаудан Жайыққа дейінгі ұшан-теңіз даланы жайлаған қалың халық ғасырлар бойы жасаған музыка мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып, байыта берді, олардың мәдениеті алдағы елдердегідей нотаға жазылып, дыбыс құралына түспей-ақ халықтың ауыз әдебиеті сияқты біреуден онға, оннан мыңға тарап, өлмес-өшпес халық хазынасына қосылып жатты.
Қазіргі таңда жас ұрпаққа халқымыздың рухани мұралары арқылы әлемнің тынысын байқау, баланың сана-сезіміне әсер етіп, оларды білгірлікке, тапқырлыққа, өнерге деген сүйіспеншілігін одан ары тереңдетіп, адамгершілік тұрғыдан тәрбиелеп, өмір шындығын сезінуге, елін, жерін, отанды сүю сезіміне баулу мәселесі бүкілхалықтық іс болып отырғаны баршамызға мәлім. Сондықтан, жас ұрпақтың дүниетанымын қалыптастыруды, іс жүзінде асыруда домбырамен дәстүрлі ән айтудың үлкен маңызы бар. Ән айтудың ерекшелігі - балалардың санасына ғана емес, сезіміне де, ой-өрісіне де әсерін тигізетіні анық. Ән үйренер кезде өлеңнің мазмұнын түсінуге, тәрбиелік мәнін саналы түрде меңгеруіне мүмкіндік беріледі. Қазақ халқының ән айту мектебі бүгінгі күні де жалғасын тауып келеді.
Халқымыздың дәстүрі бойынша әнді домбыраның сүйемелімен және сүйемелсіз жеке де немесе бірнеше кісі қосылып та орындаған. Әсіресе домбырамен жеке ән салу дәстүрі мол тарап, ғасырдан-ғасырға, атадан-балаға жалғасып тауып, дамып келеді.
Домбыра – ертеден келе жатқан қазақ халқының музыкалық аспабы, қазақтың қасиетті дүниесі. Өскелең ұрпақтың жан-жақты білімді болуы, эстетикалық талғамының жоғары болуына, жалпы адамгершілік, имандылық қасиетінің дамуына бұл аспаптың тигізетін әсері мен рөлі өте зор. Оны тарта алмаса да, қадірлей білу керек. Себебі, баланың бойына халықтың рухани байлығын, дүниетанымын сіңіру домбырадан басталады.
«Домбыраның сырлы сазына ауызданбаған бала, уызына жарымаған көтерем қозыдай болады» - деген қазақта сөз бар.
«Домбыраны қастерлей білмеген қазақтың баласы туған халқының жанын білмейді. Ал халықтың жанын түсінбеу деген тамыры шабылған ағашпен тең. Ондай ағаш жапырақ жайып сая да болмайды, жеміс те бермейді», - деген Бауыржан Момышұлы сөзінің мәні тереңде жатқанын ұғуға болады. Балалардың жалпы музыканы қабылдау ерекшелігі, өмірге деген көзқарасы, мінез-құлқы, білімі, жалпы мәдениеті, музыкалық қабілеті, ой-өрісі бірдей болып келе бермейді. Тәй-тәй басқан баланың жүрісін біртіндеп тұзеу, былдырлап сөйлеген сөздерін қалыпқа келтіру, жаман әдеттерін сол кішкентай сәби кезінен қадағалау - ананың парызы болса, ал шәкірттің дұрыс отыруын және оң қол, сол қол саусақтарының қойылуын, алғаш домбыра ұстаған сәттен бастап үнемі ескертіп отыру, қадағалау - домбырашы-ұстаздың парызы.
Келешекте домбыра үйренуге арналған жаттығулардың түрлерінің ішіндегі әр шәкірттің қабылдау мүмкіншілігіне қарай, дене бітіміне лайықтап, таңдап беру. Саусақтардың қойылымын, дұрыс, түзу, жарасымды отырысын, көрнекті құралдар қолдану, айнаға қарап орындау арқылы байқалған кемшіліктері жойып отыру. Ал енді ән айтуға, ең тиімді және оқушының аспапты оңай игеріп кететін жаттығулар тізбегі келешекте оқу-әдістемелік құрал ретінде дайындау қажет сияқты.
Соңғы кезеңде еліміздің көптеген жалпы орта білім беретін мектептерде фонограммамен ән айту дәстүрі орын алып кеткендерін байқауға болады. «Әнші балалап», «Айналайын», «Бозторғай», «Мектеп жұлдыздары», «Қыз сыны», «Жігіт сұлтаны» т.б. және көптеген мерекелік концерттер мен байқаулар жиі өтуде. Осындай техникалық жеңіл өнерге әдет алған бала келешекте нота сауатын үйренуге, кез-келген музыкалық аспапты сауатты ойнауға еңбекқорлығы, шыдамдылығы жетпей, ұлтымыздың музыкалық өнерін оның ішінде домбырамен дәстүрлі ән айтуды қастерлеп өсуі екіталай.
Халқымыздың әншілік мәнері жеңіл де, әдемі, қоңыр да шырқау әуезімен, жарқын да шалқымалы ашық сазды үнімен айрықшаланады. Әдетте әншілер әнді бір-бірінен ауызекі түрде үйреніп қабылдайтын. Жиырмасыншы әсіресе отызыншы жылдары, қазақтың байырғы унисондық бір дауысты, жеке айтылатын ән дәстүріне жаңалықтар еңгізіліп, Қазақстанда халықтың ән шығармашылығы жедел өркендей бастады. Бұл кездерде қазақ ән өмірінің дамуына халық композиторларының сіңірген еңбектері зор болды. Олардың бір ерекшелігі – ежелгі ұлттық дәстүр бойынша ән әуенінің авторы ғана болып қоймай, соған лайық өлеңді де өздері шығарды. Сонымен қатар әндердің орындаушылары да өздері болды. Мұның өзі қазақтың халықтық ән музыкасының даму тарихында айрықша өзгешіліктердің бірі болып табылады.
Қазақстанның жаңарған өмірін жырлайтын көптеген әсем әндер туды. Осы тұста қаншама дүлдүл әнші-композиторлардың есімдері елген белгілі болды.
Дәстүрлі әншілік өнер өзінің айтылу және айтылу құрылымдылық ерекшеліктеріне байланысты түрлі мектептерге бөліне бастады:
-
Қазақстанның орталық және солтүстік өңіріне тән әншілік мектеп;
-
Оңтүстік және Жетісу өңіріндегі әншілік мектеп;
-
Батыс өңірлердегі әншілік мектеп;
-
Шығыс өңірлердегі әншілік мектеп;
-
Сыр бойындағы әншілік-термешілік мектеп.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында дәстүрлі ән өнеріне зор үлес қосқан әнші-композиторлар қатарында Біржан салды, Мұхитты, Ақан серінің, Жаяу Мұсаны, Абайды, Үкілі Ыбырайды, Әсетті, Естайды, Ғазизді, Шәкәрімді, Мәдиді, Нартайды, Майраны т.б. ұрпақтан-ұрпаққа асқақ әншілік эстафетасын жеткізушілер музыкалық мазмұнды түсіндіріп, оны мазмұндық жағынан байыта түскен өнер шеберлердің қосқан үлестерін ерекше атап кетуге болады.
Қазақстан жерінде дарынды танып баулитын, халықты түрлі аспаптарда ойнауға, ән айтуға, жалпы өнерге бейімдейтін бірден-бір оқу орны және арнаулы мектеп болған жоқ. Мысалы, халқымыздың ән-күйлерін жинақтап, өнер қазынасының ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші дарынды өнер иелері, халқымыздың өз ішінен табылып отырды. Ел мұңы ән-күй арқылы түрлі музыка аспаптарының сазымен елден-елге, жұрттан-жұртқа жайылып, өнердің қайсы бір түрі болмасын, қолдан-қолға, жүректен-жүрекке таралып, ел арасына сіңіп жатты.
Дәстүрлі халық әндерінің ел арасынан жинап, нотаға түсіріп, жүйеленуіне және оларды қарапайым халық арасында насихаттануына А.В.Затаевич, Б.Г.Ерзакович, А.Қ.Жұбанов, А.Темірбекова, және т.б. музыка зерттеуші ғалымдар, этнографтар зор үлестерін қосты.
Халық әндерінің елге кең тарап, ұрпақтар ұрпаққа жетіп отыруында әнші-композиторлармен бірге жекелеген әнші орындаушылардың да еңбегі аз емес. Тамырын үзбеген дәстүрлі әніміз бүгінгі күнге Манарбек Ержанов, Құрманбек Жандарбеков, Кенен Әзірбаев, Әміре Қашаубаев, Ғарифолла Құрманғалиев, Жүсіпбек Елебеков, Иса Байзаков, Дәнеш Рақышев, сияқты аса дарынды әншілер арқылы жетті.
Ұстаздың шәкіртке ауызекі берілетін халықтық ән айту дәстүрі арқылы ән үйренудің жүйеленген үрдіс қалыптасты. Өнерлі ортада өскен жас талапкер ұстаз жанында айлап-жылдап жүріп, шеберлігімен бірге, оның білім-танымын, тәжірибесі мен орындау тәсілін үйренетін болды. Елге есімі тарап, түрлі айтыс-тартысқа қатысып үлгірген өнерпаз әнші осылайша жеке өнер жолын айқындады.
Еліміздің түпкір-түпкірінен әнші-жыршылар шығып кешегінің ізбасарлары, бүгінгінің гүл ашарлары болған, әншілік дәстүрді жалғастырушы әншілерді: Қ.Байбосынов, Қ.Құлышева, Е.Қосбармақов, С.Жампейісова, А.Қосанова т.б. атап кетуге болады.
Қорыта келгенде, әннің, музыканың өскелең ұрпаққа беретіні көп-ақ. Тек сол көркемдік, эстетикалық азықты үнемі, дер кезінде үнемдеп, педагогикалы қағидалармен жастарды баули білгеніміз жөн.
Құлақты жауыр қылған батыс музыкаларына еліктеген, көшедегі әнді сахнаға шығарған заманда, жеңіл музыкаға әуестеніп кеткен жастарымызды, кәсіпқойлық - ұлттық дәстүрлі музыкалық өнерімізге, рухани, бай құндылықтарымызға ынталандырып, қызықтырып, эстетикалық талғамын, дүниетанамын қалыптастыру қажет.
Сондықтан домбыраны сауаттылықпен ойнап көзін ашқан бала әлде қайда еңбекқорлыққа, адамгершілікке, ұжымдылыққа, кішіпейілділікке, эстетикалық талғамы жоғары болып өседі. «Ұяда нені көрсең ұшқанда соны ілерсің» - деген қанатты сөз осының айғағы іспеттес. Теңіздің түбінде жатқан інжү-маржандай бай өнерімізді келешек ұрпақтың бойларына сіңіріп, тәрбиелеу, олардың дүниетанымын қалыптастыру - әр қазақ отбасының және кез келген музыка маманының міндеті екендігін ұмытпағанымыз жөн.
ТІРКЕУ ФОРМАСЫ
-
Аты-жөні: Жантаева Маржан Күмісбекқызы
-
Ғылыми дәреже:
-
Мекеме: Тараз мемлекеттік педагогикалық институты
«Музыкалық білім» кафедрасы, аға оқытушы
-
Тараз қаласы, Жамбыл даңғылы, 16 а, педагогика факультеті
-
Байланыс тел: /+7 3262/2-40-19, 42-63-95,
-
E-mail : gylym_targpi@ mail. ru
-
Факс (+7 3262) 43-58-06
-
Тақырып: «Домбырамен сүйемелдеудегі дәстүрлі ән айту арқылы жас ұрпақтың дүниетанамын қалыптастыру»
9. Секция 3
Мен
Пленарлық мәжілісте баяндама жасаймын;
Секция отырыстында баяндама жасаймын;
Конференцияға тыңдаушы ретінде қатысамын;
Достарыңызбен бөлісу: |