Ең ірі ислам ғалымдары Комитетінің жарылыстар мен қопарушы іс-әрекеттер туралы шығарған шешімі



Дата23.02.2016
өлшемі278.72 Kb.
#10823
ИМАМДАРДЫҢ МҰСЫЛМАН ЖӘНЕ МҰСЫЛМАН ЕМЕС МЕМЛЕКЕТТЕРІНДЕГІ ЖАРЫЛЫСТАР МЕН ҚОПАРУШЫ ІС-ӘРЕКЕТТЕР ТУРАЛЫ МӘСЕЛЕГЕ БАЙЛАНЫСТЫ ШЕШІМГЕ ҚАТЫСТЫ БЕРГЕН ЖАУАПТАРЫ

Ең ірі ислам ғалымдары Комитетінің

жарылыстар мен қопарушы іс-әрекеттер туралы шығарған шешімі

Әлемдердің Раббысы – Аллаһқа мадақ! Тақуаларды ең соңында игілік күтеді, ал жауласуды тек қана залымдарға қатысты көрсету керек және Қиямет күніне дейін Аллаһтың игілігі мен сәлемі Оның жаратылыстарының ішіндегі ең абзалы - Пайғамбарымыз Мухаммадқа, оның отбасына, барлық сахабаларына және оның ең дұрыс басшылығының арқасында тура жолға түскендердің барлығына болсын.

Хижра жыл санауы бойынша 1409 жылы, мухаррам айының 12-нен 18-не дейін (1988 жылдың 24-тамызынан 30-тамызына дейін) әт-Таиф қаласында өткен Ең ірі ислам ғалымдарының Комитеті Кеңесінің 32-сессия мәжілісі террористік актілердің орын алғандығы жөніндегі анықталған фактілері бойынша өткізілді. Бұл терактілердің салдарынан көп мұсылман және мұсылман емес мемлекеттерінде көптеген жазықсыз адамдар құрбан болды және қоғамдық мүлік пен қоғамдық мекемелердің жойылуы орын алды. Бұл келеңсіз уақиғаларға имандары пәс немесе тіпті иманнан жұрдай, нәпсілерін дерт және жеккөрушілік жаулап алған адамдар жауапты.

Үйлерді жару, қоғамдық мүлікті өрттеу, көпірлер мен туннельдерді жару, сондай-ақ ұшақтарды жару немесе басып алу қопарушылықтың осындай іс-әрекеттерінің мысалы бола алады. Бірнеше алыс және жақын елдерде осындай қылмыстар жиі қайталанатындықтан және Сауд Арабиясы да басқа да елдер сияқты осындай қопарушылық іс-әрекеттерінің нысанасы болғандықтан, Ең ірі ислам ғалымдарының Кеңесі, ол іс-әрекеттер зиян тигізу немесе қоғамдық тыныштықты бұзу мақсатымен қоғамдық және үкіметтік мекемелерге немесе басқа бір нәрселерге қарсы бағытталғанына қарамастан, қопарушылық іс-әрекетімен айналысатын адамдарға ұстамды бастау бола алатын жазаны орнату мәселесін қарастыруды міндетті деп тапты.

Кеңес шариғат қағидалары жалпы алғанда бес міндетті нәрсені: нақты атап айтқанда - дінді, өмірді, ар-намысты, ақыл-есті және мал-мүлікті - сақтап-қорғау міндетіне қатысты екендігі туралы ғалымдардың нұсқауларымен танысты. Кеңес мұсылмандардың өміріне, ар-намысына және мал-мүлкіне қол сұғу алапат қауіптермен қаншалықты қатерлі екендігіне, сондай-ақ қопарушылық іс-әрекет қоғамдық тыныштықтың бұзылуына, анархияға, бүлікке, мұсылмандарды үрейлендіруге және олардың мал-мүлкіне қауіп төнуіне әкелетіндігіне өзіне толық есеп береді.

Аллаһ Тағала, Оған мадақтар болсын, жазаларды қолдануды, олар арқылы қоғамдық және жеке қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін, заңдастырып, адамдардың дінін, тәндерін, өмірлерін, ар-намысын, ақыл-есін және мал-мүліктерін қорғады. Аллаһтың мына сөздері осының түсіндірмесі болады: «Соның салдарынан Исраил ұрпақтарына: «Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық қылмаған1 біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен; және кім оны тірілтсе2, барлық адамды тірілткенмен тең», - деп жаздық» (әл-Мәида сүресі, 32-аят).

Аллаһ Тағала былай деп айтты: «Аллаһпен және Елшісімен соғысқандардың және жер жүзінде бұзақылық жасап жүргендердің жазасы - өлтірілулері, не асылулары, яки қол-аяқтарының қиғашталып кесілулері3, немесе елден айдалулары. Бұл - олардың дүниедегі жазасы. Және олар үшін Ақыретте ірі азап бар» (әл-Мәида сүресі, 33-аят).

Осы аяттарда аталған жазаларды қолдану қауіпсіздік пен тыныштықты қамтамасыз етуге және мұсылмандардың өмірі мен мал-мүлкіне қол сұғуға нәпсісі итермелеген кез келген адамды жүгендеуге кепілдеме береді. Негізінде ғалымдар қалалардың ішінде соғыс әрекеттерін жүргізудің басқа жерлерде соғыс әрекеттерін жүргізуден ешбір айырмашылығы жоқ дейді, өйткені Аллаһ Тағала: «...және жер жүзінде бұзақылық жасап жүргендердің …», - деді.

Аллаһ Тағала сондай-ақ: «Адамдардан кейбіреуінің дүние тіршілігіндегі сөзі өзіңді таңырқатады да, (ол) Аллаһты жүрегіндегісіне айғақ қылады. Ол - өте сотқар қаскүнем. Қашан беті бұрылса, жер жүзінде сотқарлық істеуге, сондай-ақ егінді, малды жоқ етуге тырысады, ал Аллаһ жауыздықты жақсы көрмейді» (әл-Бақара сүресі, 204-205-аяттар), - деді .

Аллаһ Тағала сондай-ақ: «Жер жүзі түзетілгеннен кейін4 бүлікшілік қылмаңдар» (әл-Ағраф сүресі, 56-аят), - деп бұйырды.

Ибн Касир, Аллаһ оны рахымына бөлесін: «Аллаһ Тағала жер бетінде бұзақылық (жасауға) және ол (жер) түзетілгеннен кейін оған зиян тигізетін нәрселерді таратуға тыйым салады, өйткені егер алғашында істер дұрыс бағытта жүрген болса, ал кейіннен барлығы бұзылған болса, бұл Аллаһтың құлдары үшін ең зиянды болып табылады, сөйтіп Аллаһ Тағала бұған тыйым салды», - деді.

Әл-Қуртуби5: «Аллаһ Тағала, Оған мадақтар болсын, түзетуден кейін қандай болса да кез келген бұзақылық жасауға тыйым салды және бұл (үкім) барлық (адамдарға) қатысты», - деді.

Жоғарыда баяндалғандарға негізделіп және жоғарыда аталған іс-әрекеттер материалдық немесе өзге де мүдделер үшін соғысып жүрген жақтардың іс-әрекеттерімен салыстырғанда анағұрлым қауіптірек екендігіне сүйене отырып, өйткені қопарушылық іс-әрекетпен айналысып жүрген адамдар қоғамдық қауіпсіздікті бұзуға, мұсылман үмметін қиратуға, оның сенім жүйесін жоюға және оны Раббымыз көрсеткен жолдан тайдыруға ұмтылып жатқандықтары себепті, Кеңес төмендегідей шешім шығарды:


  1. Егер адамның қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіргені: үйлерді, мешіттерді, мектептерді, ауруханаларды, көпірлерді, қару қоймаларын, сумен қамтамасыз ету көздерін және мұнай құбырларын немесе ұшақтарды жару яки басып алу және соған ұқсас іс-әрекеттер арқылы өзге адамдардың өміріне және жеке немесе қоғамдық мүлікке қарсы қастандық жасау жолымен қопарушылық іс-әрекетімен айналысып жүргені немесе жер бетінде бұзақылықты таратып жүргені шариғатқа сәйкес анықталса, күнәлі адам өлім жазасына лайықты.

Бұған осындай әрекеттерді істеп жүргені үшін күнәлі адам өлім жазасына лайықты болады деген жоғарыда келтірілген Құранның аяттары және қопарушылық іс-әрекетпен айналысып жүрген адамдар үлкен қауіп төндіретіндігі және қарақшылардан да көп зиян әкелетіндігі нұсқау бола алады.

Жеке адамды ғана өлтіру немесе тонау арқылы оған қастандық жасаған қарақшыға Аллаһ осындай жазаны бекіткен болса, онда көптеген жазықсыз адамдарға қайғы-қасірет тигізетін лаңкестер (терроршылар) оған тіпті лайық.



  1. Бірінші тармақта айтылған жазаны қолданудан бұрын шариғат соттары тергеу органдары мен Жоғарғы сот тарапынан іске асатын дәлелдерді жинақтау жұмыстарын жүргізуі қажет. Бұл өз парызымызды толық өтеу үшін, абай болудың қажетті іс-шараларын орындау үшін және бұл мемлекет қылмыстарды тергеуге және оларға жаза белгілеуге байланысты шариғат бекіткен барлық рәсімдерді ауытқымай ұстанатынын көрсету үшін қажет.

  2. Кеңес мұндай жазаның бекітілгендігі туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жариялануы қажет деп есептейді.

Аллаһтың игілігі мен сәлемі Оның құлы және елшісі - пайғамбарымыз Мухаммадқа, оның отбасына және сахабаларына болсын.

Ең ірі ислам ғалымдары Комитетінің Кеңесі6

Ең ірі ислам ғалымдары Комитетінің Әр-Рияд қаласында орын алған жарылыс туралы шешімі

Әлемдердің Раббысы Аллаһқа мадақ! Өзінен соң басқа пайғамбарлар келмейтін Мухаммадқа, оның отбасына және оның сахабаларына салауаттар мен сәлем болсын.

Комитет: «Бұл қастандық - күнә, жиіркенішті қылмыс, қиянаттың көрінісі, сатқындық және адамдардың өмірі мен мал-мүлкіне қол сұғылмаушылыққа қатысты, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қатысты діни тыйымдарды бұзу болып табылады», - деп шешті.

Мұндай қылмысты бойын өшпенділік, қиянатшылық, көралмаушылық, әділетсіздік, дұшпандық және өмір мен игілікке деген жиіркеніш баулап алған пасық қана істей алады. Мұсылмандар бұл қылмыстың тыйым салынғандығы, жиіркеніштілігі және өте үлкен күнә екендігі жөнінде бірауызды пікірді ұстанады, ал осы және осы сияқты қылмыстарға тыйым салынғандығына нұсқайтын Құранның аяттары мен хадистер өте көп және көпшілікке аян.

Осыдан шыға келе, Комитет бұл қылмысқа тыйым салынатындығы жөнінде шешім шығарады, жаман ағымдарға, бұзақы идеялық көзқарастарға және опатқа соқтыртатын бағыт-бағдарларға ілесуден сақтану керектігін ескертеді, өйткені егер адам жамандыққа үндейтін өз нәпсісіне ерік берсе, ол оны опатқа жетектейді. Тұла бойын жеккөрушілік баулап алған адамдар осы әрекеттерде өздері үгіттеп жүрген жақсаруға шақыру түріндегі өздерінің мақсаттары мен қалауларын іске асыруға мүмкіндік табады. Ал осы қопарғыш элементтер туралы бір нәрсе болса да білген әрбір адам олар туралы құзырлы органдарға хабарлауы керек.

Құранда Аллаһ адамдарды жамандыққа шақыратындардан және жер бетінде бұзақылық пен пасықтық жасап-таратушылардан сақтануды ескертті. Аллаһ Тағала былай деп айтты: «Аллаһпен және Елшісімен соғысқандардың және жер жүзінде бұзақылық жасап жүргендердің жазасы - өлтірілулері, не асылулары, яки қол-аяқтарының қиғашталып кесілулері немесе елден айдалулары. Бұл - олардың дүниедегі жазасы. Және олар үшін Ақыретте ірі азап бар» (әл-Мәида сүресі, 33-аят).

Аллаһ Тағала сондай-ақ: «Адамдардан кейбіреуінің дүние тіршілігіндегі сөзі өзіңді таңырқатады да, (ол) Аллаһты жүрегіндегісіне айғақ қылады. Ол - өте сотқар қаскүнем. Қашан беті бұрылса, жер жүзінде сотқарлық істеуге, сондай-ақ егінді, малды жоқ етуге тырысады, ал Аллаһ жауыздықты жақсы көрмейді. Ал қашан оған: «Аллаһтан қорық!», - делінсе, оның паңдығы ұстап, өзін күнәкар етеді. Оған Тозақ жетеді7, (ол) нендей жаман орын» (әл-Бақара сүресі, 204-206-аяттар), - деді.

Біз Оған ғана мадақтар айтатын және Одан ғана дұға тілейтін Аллаһ Тағаладан бейтбіт тұрғындарға қастандық қылатындарды әшкерелеуін, бізден және барша мұсылмандардан зұлымдықтың бетін кері бұруын, осы және өзге де мұсылман елдерін барша жаман және айыпты нәрселерден қорғауын және біздің мұсылман әмірлерімізге, сондай-ақ барлық мұсылман мемлекеттерінің әмірлеріне адамдар мен мемлекеттерге пайда беретін амалдар жасауға көмектесуін жалбарынып сұраймыз. Пайғамбарымыз Мухаммадқа, оның отбасына және сахабаларына Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын.



Ең ірі ислам ғалымдары Комитетінің Кеңесі

Ең ірі ислам ғалымдары Комитетінің Әл-Хубар қаласында орын алған жарылысқа байланысты шешімі

Әлемдердің Раббысы Аллаһқа мадақ! Өзінен соң басқа пайғамбарлар келмейтін Мухаммадқа, оның отбасына және оның сахабаларына Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын.

Ең ірі ислам ғалымдары Комитетінің Кеңесі 13.02.1417 х.ж. (29.06.1996 ж.) сенбі күні әт-Таиф қаласында өткен өзінің төтенше 10-отырысында Шығыс ауданында орналасқан Әл-Хубар қаласында хижра бойынша 09.02.1417 ж. (25.06.1996 ж.) сейсенбіде орын алған және қирауларға, көптеген мұсылмандар мен мұсылман емес адамдардың опат болуына, жарақат алуына және қорқып-үрейленуіне әкеп соқтырған жарылыс туралы мәселені қарады.

Аталған мәселені қарап және зерттеп, Кеңес бірауызды төмендегі шешімді қабылдады:

1. Аталған жарылыс - қылмыстық акция деген пікірге мұсылмандар бірауызды келіседі, бұған төмендегі жағдайдайлар нұсқайды:

а) Аталған жарылыс баршаға аян болуға тиіс болған Ислам тыйымдарын бұзу болып табылады. Мұндай әрекеттерді жеке тұлғаның қол сұғылмаушылығына қастандық, қоғамдық қауіпсіздікті бұзу, сондай-ақ бейбіт тұрғындардың өміріне қарсы және адамдар оларсыз амалдай алмайтын қоғамдық қызметтерге қарсы жасалған қастандық болып табылады. Аллаһтың тыйымдарын бұзуға қорықпай бет алған, Оның құлдарына қатысты зұлымдыққа жол берген және мұсылмандар мен олардың арасында өмір сүретін басқа тұрғындарды қорқытып-үрейлендіруге талпынған кімсенің қылмысы нендей жиіркенішті және ауыр болып табылады! Оған қасірет, тағы да қасірет болсын, өйткені оны Аллаһтың жазасы, кек алуы және Оның лағынеті күтіп тұр, ал біз Аллаһтан қылмыскерді әшкерелеуін және оны қорлауын тілейміз.

б) Шариғатқа сәйкес әрбір мұсылман және де мұсылмандармен бейбіт өмір сүріп жатқандардың барлығы қол сұғылмаушылық құқығына ие; бұл жөнінде Аллаһ Тағала былай деген: «Кім бір мүмінді қасақана өлтірсе, оның жазасы ішінде мүлде қалатын Тозақ болады. Сондай-ақ оған Аллаһтың ашуы, қарғысы болып және зор қинау әзірлеп қойылған!» (ән-Ниса сүресі, 93-аят).

Мұсылмандардың қорғауындағы адамды8 білместікпен өлтіру туралы айтар болсақ, бұл жөнінде Аллаһ Тағала былай деді: «Ал егер ол (өлтірілген адам) сендермен олардың арасында келісім болған бір елден болса, өлгеннің иесіне құн тапсырып, әрі бір мүмін құлды азат етуі керек» (ән-Ниса сүресі, 92-аят).

Ал егер қорғаныштың астында болған адамды білместікпен өлтіргені үшін құн төлеп, айыпты өтеу амалдарын жасау қажет болса, онда мұндай адамды қасақана өлтіру туралы не айтуға болады? Мұндай адамды өлтіру едәуір ауыр қылмыс және едәуір салмақты күнә болып табылады, ал сахих хадистердің бірінде Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Муахадты9 өлтірген (адам) аңқыған иісі (одан) қырық жылдық жол қашықтықтан сезілетін Жәннаттың иісін де сезбейді» (әл-Бухари «Сахих», №3166 хадис), - деп айтқаны туралы.

Сонымен, қорғаныштың астындағы адамды өлтіріп, өте ауыр және жиіркенішті қылмыс жасау түгілі оны ренжітуге де болмайды. Муахадты өлтірген адамға өте қорқынышты ескертулер жолданған, өйткені мұндай күнә өте ауыр күнәларға жатады және оны жасаған адамға Жәннатқа кірмейтіндігі туралы қорқытылып айтылады, ал біз Аллаһтан пана іздейміз және Ол бізді қолдаусыз қалдырмауын тілейміз!

в) Мұндай қылмыс Ислам тыйым салған бірқатар амалдардың жасалуымен байланысты. Олардың қатарына қиянат, сатқындық, зұлымдық пен өшпенділіктің көрініс беруі, мұсылмандарды қорқыту т.б. жатады. Бұл амалдардың барлығы Аллаһ, Оның Елшісі және муминдер тәрк ететін және жек көретін, айыпталатын өте жиіркенішті істер болып табылады.

2. Кеңес мұндай қылмыстық әрекеттер шариғатпен тыйым салынғандығына анық нұсқайды және әлемге төмендегіні жариялайды:

Исламның, сол сияқты Аллаһ пен Қиямет күніне иман келтірген кез келген мұсылманның да мұндай іс-әрекеттермен ортақ еш нәрсесі жоқ. Мұндай амалдарды тек бұрмаланған көзқарастар мен бұзылған сенімге ие адам ғана жасай алады. Ол өзінің күнәсына және өзінің қылмысына жауапкершілік тартады және оның әрекеттерін Исламмен де, іс жүзінде Исламның бекіткен ережелерін басшылыққа алып, Құран мен Сүннеттің нұсқауларын ұстанатын мұсылмандармен де байланыстыруға болмайды.

Мұндай іс-әрекеттер - нағыз пасықтық пен қылмыс және шариғатпен де, адамның табиғатының өзімен де тәрк етіледі. Дәл сол үшін де Құран мен Сүннет мұндай әрекеттерге үзілді-кесілді тыйым салады және оларды жасап жүргендермен байланыста болудан сақтану керектігі туралы қатаң ескертеді. Өйткені Аллаһ Тағала: «Адамдардан кейбіреуінің дүние тіршілігіндегі сөзі өзіңді таңырқатады да, (ол) Аллаһты жүрегіндегісіне айғақ қылады. Ол - өте сотқар қаскүнем. Қашан беті бұрылса, жер жүзінде сотқарлық істеуге, сондай-ақ егінді, малды жоқ етуге тырысады, ал Аллаһ жауыздықты жақсы көрмейді. Ал қашан оған: «Аллаһтан қорық!», - делінсе, оның паңдығы ұстап, өзін күнәкар етеді. Оған Тозақ жетеді, (ол) нендей жаман орын» (әл-Бақара сүресі, 204-206-аяттар), - деді.

Аллаһ Тағала сондай-ақ былай деді: «Аллаһпен және Елшісімен соғысқандардың және жер жүзінде бұзақылық жасап жүргендердің жазасы - өлтірілулері, не асылулары, яки қол-аяқтарының қиғашталып кесілулері немесе елден айдалулары. Бұл - олардың дүниедегі жазасы. Және олар үшін Ақыретте ірі азап бар» (әл-Мәида сүресі, 33-аят).

Аллаһ Тағаладан осындай істермен айналысып жүрген адамдарды шариғат бойынша соттау үшін әшкерелеп, ұстап алуға көмектесуін жалбарынып сұраймыз. Сондай-ақ біз Одан бұл елден де, басқа мұсылман елдерінен де қайғы-қасіреттің бетін аулақ етуін, екі Қасиетті мешіттердің қызметшісі болған король Фахд бин Абд әл-Азизге, оның үкіметіне барлық мұсылман әмірлеріне мемлекеттер мен Аллаһтың құлдарына пайда әкелетін істерді атқаруға, бұзақылық пен бұзақыларды басып тастауға көмектесуін, осы әмірлер арқылы Оның дініне көмектесуін, Оның сөзін ұлықтап-биіктетуін және барша мұсылмандардың істерін ретке келтіруін тілейміз, өйткені бұл Оған ғана тәуелді және Ол мұны істей алады.

Пайғамбарымыз Мухаммадқа, оның отбасына және оның сахабаларына Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын.

Ең ірі ислам ғалымдары Комитетінің Кеңесі10

Шейх Абд әл-Азиз бин Абдуллаһ Ибн Баздың

(Аллаһ оны рақымына бөлесін)

мәртебелі Мекке қаласында 1989 жылы (х. 1409 ж.) орын алған жарылысқа байланысты қойылған сұрақтарға берген жауаптары

Ислам әлемі мәртебелі Меккеде 10.07.1989 ж. (х. 07.12.1409 ж.) дүйсенбі күні кешкісін орын алған жарылысқа байланысты болған келеңсіз уақиғаны қатаң айыптады. Барша мұсылмандар мұны аса ауыр және жиіркенішті қылмыс деп санайды, өйткені ол Аллаһтың қасиетті Үйіне келген қажыларға үрей салу әрекеті, қоғамдық қауіпсіздікті бұзу, қасиетті аймақтарда жүріп-тұру ережелеріне қатысты тыйымдарды бұзу және Аллаһтың құлдарына қатысты зұлымдықтың көрінісі болды. Аллаһ Тағала Меккені Қиямет күніне дейін Қасиетті аймақ деп жариялады және мұсылмандардың өміріне, ар-намысына және мүлкіне қол сұғуға Қиямет күніне дейін тыйым салды. Ол бұл тыйымдардың бұзылуын өте үлкен қылмыс және аса үлкен күнә деп жариялады да, Меккеде осыған ұқсас нәрсе жасауға ниет еткен адамға қорлаушы азап тартқызатындығы туралы қорқытып айтты.

Мысалы, Аллаһ Тағала былай деді: «...және кім бұл Мешітте зұлымдықпен жолдан шығуды қаласа11, оған жан түршігерлік азаптың дәмін таттырамыз» (әл-Хаж сүресі, 25-аят).

Ал қасиетті аймақта жаман (оғаш) бір нәрсе істеуді қалаған әрбір адамға қорлаушы азап уәде етілген болса, мұны іс жүзінде істеген адам туралы не айтуға болады? Мұндай қылмыстың одан да ауырлау болатындығы және қорлаушы азапқа лайықтырақ екендігі анық. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өз үмметінің мүшелеріне зұлымдық танытудан сақтануды қатаң ескерткен, бұл жөнінде көптеген хадистерде баяндалады.

Аллаһтың Елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, өзінің қоштасу қажылығында мұсылмандарға берген түсіндірмесі осындай ескертудің бірі болып табылады. Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны жеткізіледі: «Ақиқатында, сендердің өмірлерің, мал-мүліктерің және ар-намыстарың тура осы айдағы, тура осы қаладағы, тура осы күндей қасиетті (болуы керек). Мен (осыны сендерге) жеткіздім бе?»

Бұған сахабалар былай деп жауап берді: «Сен жеткіздің және (өзіңе жүктелгенді) орындадың, және (үмметіңе) игі насихат бердің деп куәлік береміз».

Содан соң Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Уа, Аллаһ, куә бол, Уа, Аллаһ, куә бол!» - деп қайта-қайта айтып, саусағымен бірде аспанға, бірде жерге көрсете берді. әл-Бухари «Сахих», №1741 хадис; Муслим «Сахих», №1679 хадис.

Жарылғыш заттарды қолданып Аллаһтың қасиетті Үйінің қасында жасалған бұл жиіркенішті қылмыс аса ауыр қылмыстар мен аса үлкен күнәлар қатарына жатады. Бұған Аллаһқа және Ақыретке иман келтірген адам бара алмас еді, ал мұндай қылмысты Исламды, мұсылмандарды және Аллаһтың Қасиетті Үйіне қарай бет алған қажыларды жек көретін кімсе ғана жасай алады. Ол қандай ұлы зиянға ұшырады және қандай ауыр қылмыс жасады!

Біз Аллаһтан бұл қылмыскердің жаман пиғылды амалдарын өзіне қарсы бұруын, оны өз руластары арасында масқара қылуын және Екі Қасиетті Мешіттердің Қызметкерінің үкіметіне айыптыны табуға және Оны Аллаһ белгілеп қойған жазаға тартуға көмектесуін жалбарынып сұраймыз, өйткені бұл Аллаһқа тәуелді және Ол мұны істей алады.

Пайғамбарымыз Мухаммадқа, оның отбасына және оның сахабаларына Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын.



Абд әл-Азиз бин Абдуллаһ Ибн Баз,

Ислам әлемі Лигасының Бас Хатшысы,

Сауд Арабиясы Корольдігінің ғылыми зерттеулер,

пәтуалар, Ислам шақыруы мен бағдарлауы

бойынша Басқармаларының Бас директоры12

Шейх Абд әл-Азиз бин Абдуллаһ әл әш-Шейхтың (Аллаһ оған есендік берсін) АҚШ-тағы Дүниежүзілік сауда Орталығының ғимаратына

жасалған әуе шабуылына байланысты жасаған

жолдауы

Әлемдердің Раббысы - Аллаһқа мадақ, пайғамбарлар мен елшілердің ең ардақтысына, оның отбасына және барлық сахабаларына игілік пен сәлем болсын.

Бізге 11-қыркүйекте АҚШ-та орын алған уақиғаларға қатысты өте көп сұрақтар келіп түсуде. Адамдар: «Шариғат бұған қалай қарайды?, -және, - Осы сияқты істерді Ислам діні мақұлдайды ма?», - деп сұрайды.

Мен Аллаһтан көмек сұрап, мынаны айтамын: адамдарға Исламды сыйлаған Аллаһ бізге рахым етті. Ол бұл діннің іске асуы ретінде кез келген орын мен кез келген уақытқа жарамды, жеке адамдармен қауымдардың жағдайларын жақсылыққа қарай өзгерте алатын, ізгілікке, әділеттілікке және қайырымдылыққа шақыратын, көпқұдайшылдықтан, жамандықтан, зұлымдықтан және қиянатшылдықтан бас тартуға үндейтін кемел шариғатты бекітті.

Аллаһ бізді осы дінге қарай бағыттағаны және оның ұстанушылары мен жақтаушылары еткені Оның ұлы нығметтерінің бірі болды, өйткені шариғаттың үкімдеріне бағынатын, Аллаһтың Елшісінің Сүннетіне ілесетін және ешбір нәрседе бұл діннен ауытқымайтын мұсылман екі дүниеде де ешбір зиян шекпейді.

Мыңдаған адамдардың өліміне әкеп соқтырған АҚШ-тағы қайғылы уақиға, күмәнсіз, шариғат құптамайтын амалдардың қатарына жатады, Исламға ешқандай қатысы жоқ және оның шариғатының негіздерімен үйлеспейді. Бұл төменде келтірілген нұсқаулармен расталады:

1. Аллаһ Тағала әділеттен таймауға бұйырды, өйткені әділеттіліктің үстінде жер мен көктер сүйеніп тұр және адамдарға жіберілген елшілер мен көктен түскен Кітаптар оларды әділеттілікке шақырып отырды.

Аллаһ Тағала былай деп айтты: «Негізінде Аллаһ әділетті, игілікті және ағайынға қарайласуды бұйырады. Және де арсыздықтан, қарсылықтан және зорлық-зомбылықтан тыяды. Сендерге насихат береді. Әрине, түсінерсіңдер» (ән-Нахль сүресі, 90-аят).

Аллаһ Тағала сондай-ақ былай деді: «Расында, елшілерімізді ашық мүғжизаларымызбен13 жібердік. Және елшілермен бірге адам баласының әділ тұруы үшін Кітапты, Таразыны (әр нәрсенің өлшеуін) жібердік» (әл-Хадид сүресі, 25-аят).

Сондай-ақ әділеттілігі Мінсіз, Кемел Аллаһ ешкімге өзгенің күнәсін жүктеуге болмайтындығы туралы үкім етті: «Ешкім басқаның (күнәсының) жүгін көтермейді» (ән-Нәжм сүресі, 38-аят).

2. Аллаһ, Оған мадақтар болсын, зұлымдықты Өзіне Өзі харам етті және оны құлдарының өзара қатынасында да харам деп жариялады. Бұл жөнінде сахих хадистердің бірінде Аллаһтың былай дегені жеткізілген: «Әй, Менің құлдарым, ақиқатында, Мен зұлымдықты Өзіме харам еттім және Оны сендердің араларыңда харам еттім; ендеше, біріңе бірің жәбір жасамаңдар!» Муслим «Сахих», №6572 хадис.

Бұл Оның барлық құлдарына, олардың мұсылман, мұсылман еместігіне қарамастан, қатысты айтылған, сондықтан да олардың ешбіріне басқа біреуіне қатысты зұлымдық жасауға рұқсат етілмейді және де ешкім бұған дұшпандықтың немесе өшпенділіктің әсерімен де жол бермеуі керек.

Аллаһ Тағала былай деді: «Әй, мүміндер! Аллаһ үшін куәлікте туралық үстінде мықты тұрыңдар. Және бір елдің өшпенділігі сендерді әділетсіздікке тартпасын. Әділдік істеңдер. Сол тақуалыққа жақынырақ» (әл-Мәидә сүресі, 8-аят).

Сөйтіп, дұшпандық пен өшпенділік сезімдері зорлық пен зұлымдыққа заңды негіз бола алмайды.

Жоғарыда баяндалғандарды ескеріп, барлық елдер мен халықтар, олар Исламды ұстанатынына немесе ұстанбайтынына қарамастан, мыналарды білуге тиіс:


  1. АҚШ-та орын алған, сондай-ақ осыған ұқсас басқа да: ұшақтарды басып алып қашу, бейбіт тұрғындарға үрей салу немесе жазықсыз адамдарды өлтіру сияқты - іс-әрекеттер зұлымдық пен езгінің бір түрі болып табылады. Мұндай әрекеттерді шариғат құптамақ түгілі, оларға тыйым салады және ең ауыр күнәлар қатарына жатқызады.

2. Өз дінінің қағидаларымен таныс және іс жүзінде Құран мен өзінің пайғамбарының Сүннетінің нұсқауларын ұстанатын мұсылман мұндай әрекеттерге қатысудан қашады, өйткені олар адамға Аллаһтың қаһарын төктіреді және зиян келтіреді.

3. Мұсылман үмметінің ғалымдары мұндай оқиғалардың шынайы мәнін көрсетуге міндетті, бүкіл әлемге шариғаттың ұстанымын және Ислам діні мұндай әрекеттерді еш құптамайтынын түсіндіруі керек.

4. Бүлік тарату, Исламды және мұсылмандарды қаралау және адамдардың жүрегінде дұшпандық сезімдерді лаулату мақсатымен мұсылмандарға қарсы айып тағып, бұл ақиқат дінді қаралап, Исламға қатысты болмаған нәрсені оған таңыған ақпарат құралдарының артында тұрғандар ақылға тоқтап, өз дінінің ереже-қағидаттарымен таныс кез келген әділетті және ақылды адам туралы былай айтуға жол берілмейтіндігін, сол сияқты оған қарсы мұндай айып тағуға болмайтындығын түсінуге тиісті. Өйткені Исламды ұстанатын халықтар ғасырлар бойы үнемі адамдардың құқықтарын құрметтейтін және зұлымдық пен зорлық көрсетуден сақтанатын.

Айтылғандардың барлығы ақиқатты түсіндіреді және түсінбеушіліктерді жояды. Аллаһтан бізге ақыл-парасат беруін, бізді бейбітшілік жолдарымен жүргізуін, Өзінің дінін нығайтуын және Өзінің Сөзін ұлықтауын тілеймін. Пайғамбарымыз Мұхаммадқа, оның отбасына және оның сахабаларына Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын.



Абд әл-Азиз бин Абдуллаһ бин Мухаммад Әл әш-Шейх,

Сауд Арабиясы Корольдігінің Бас мүфтиі,

Ең ірі ислам ғалымдары Комитетінің және

Ғылыми зерттеулер мен пәтуа бойынша

Басқарманың басшысы

Шейх Салих бин Мухаммад әл-Люхайданның (Аллаһ оған есендік берсін) АҚШ-тағы Дүниежүзілік сауда Орталығының ғимаратына

жасалған әуе шабуылына байланысты айтқан сөзі14

Құрметті телекөрермендер, сіздерге Аллаһтың сәлемі, игілігі және берекесі болсын.

Не орын алса да - Аллаһқа мадақ, Оның рахметімен игілік жасалып жатқан Аллаһқа мадақ, бүкіл нәрсенің тағдырын белгілеп және бекітіп қойған Аллаһқа мадақ!

Адамдар орын алған жайтқа қатысты пікірлердің ұштаспауына не әкеп соққаны туралы және АҚШ-тың басына келген опат туралы бізге және бір-біріне сұрақтар қойып, осындай оқиғалар шариғат тұрғысынан қандай бағаланатынын білгісі келеді.

Ислам шариғаты кез келген уақиғаларға қолданыла алатын, құрамында кез келген мәселелердің шешімі бар және кез келген апаттармен - соның ішінде жақын күндерде орын алғандары да бар - олардың көлемі туралы үкім шығаруға мүмкіндік беретін, бүкіл нәрсені қамтитын діни заң екендігіне күмән жоқ. Көбіне адамдар «Шариғаттың осындай оқиғаларға қатынасы қандай?», «Шариғат осыны рұқсат етеді ме?», «Мұсылман ғалымдары осындай іс-әрекеттерді құптайды ма?» деген сұрақтарды жиі қояды.

Исламның мұндай оқиғаларға қатынасы қандай екендігі туралы не айту керек? Мұсылман ғалымдары барлық орын алып жатқан жағдайлар туралы айтуы керек және мұсылмандар мен мұсылман еместердің басына түсіп жатқан сәтсіздіктерге шариғаттың қатынасын түсіндіруі керек.

Барлық нәрсе Аллаһтың тағдыры мен үкімі бойынша орын алып жатқанына және шариғат кез келген оқиғаларға қолдануға жарамды екеніне еш күмән жоқ. Аллаһ – даналардың Ең Данасы, рахымдылардың Ең Рахымдысы және Ол Әділетті Би болып табылады. Ол әділетсіздікті (зұлымдықты) Өзіне харам етті және оны Өз құлдарының арасындағы қарым-қатынаста да харам етті, бұл жөнінде құдси хадистердің бірінде Аллаһ былай деп айтады: «Әй, Менің құлдарым, ақиқатында, Мен зұлымдықты Өзіме харам еттім және Оны сендердің араларыңда харам еттім; ендеше, біріңе бірің жәбір көрсетпеңдер!» Муслим «Сахих», №6572 хадис.

Жазықсыз адам зорлыққа ұшырап жатса және ешбір қылмыс жасамаған адам өлтіріліп жатса, бұл зұлымдықтың көрінісі болып табылады. Тек адамдарға ғана емес, жындарға да рахымшылдықтың, мейірімділіктің және жанашыршылықтың пайғамбары етіп жіберілген Мухаммад пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) адамдарға барлық қажетті нұсқауларды түгел етіп берді. Ол әскери жорықтарға және соғыс әрекеттеріне қатысты, ал қолды жорыққа дайындау кезінде сарбаздарға: «Сендер баланы да, әйелді де, әлсіз қартты да, өзінің кельясында ғибадат етушіні де15 өлтірмеуге міндеттісіңдер», - деп бұйыратын. Муслим «Сахих», №4522 хадис.

Бұл дегеніміз: Ислам басқаларды өлтіретін, соғысатын және мұсылмандарға шабуыл жасайтындарды ғана өлтіруге рұқсат береді.

Осыған орай, емізулі нәрестелер мен әйелдер, қарт шалдар мен кемпірлер, ауру мен сау адамдар құрбан болып жатқан осындай қылмыстар, мал-мүлікке және оның иелеріне зиян тигізіп жатқан қылмыстар аса үлы қылмыс және қауіпті күнә болып табылады. Шариғат оларды Ислам тыйым салған жер бетінде бұзақылық таратуға, егіндер мен мал түлігін жоюға теңестіреді, өйткені мұндай амалдарға Аллаһ және Оның Елшісі тыйым салған. Бір әскери жорық барысында өлтірілген әйелді көрген Аллаһтың Елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: «Онымен соғыспау керек еді», - деген. Абу Дауд «Сунан», №2669 хадис. Ал бұл – оны (әйелді) өлтіру – мүлде тыйым салынған іс екендігін көрсетеді.

Мен теледидардан бұл ғимараттарға қалайша соққы берілгенін және олардың қирауының дәл қарсаңында адамдарды Қиямет күні басталғандай қорқыныш баулағанын көрдім, бұл сасқандарынан қай жаққа қашуын білмей жан-жаққа ұрынғандардың жүздерінен көрінді.

Міне, сондықтан осыны жасаған адамдар және осындай қылмыстарды жасаушылардың барлығы да Ислам тұрғысынан өте қауіпті қылмыскерлер болып табылады және олар ең жаман амалдар жасап жатыр. Ал кімде-кім: «Шариғаттың, Құран мен Пайғамбардың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, Сүннетінің мақсатын білетін мұсылман діндарларының әйтеуір біреуі осындай әрекеттерді кұптайды», - десе, ол олар туралы жаман ойда болғаны.

Мұсылман адам дұшпанынының қайғы-қасіретіне де, егер оған зұлымдық жасалған болса, қуанбайды, өйткені зұлымдыққа мүлдем рұқсат жоқ, ал жазаға лайықты емес адамға қарсы өшпенділік әрекеттер жасау харам және жиіркенішті. Ал куәгерлердің көз алдында жасалған, ол туралы хабар кең тараған және оны көзімен көрген адамдарға үрей салған қылмыс туралы не айтуға болады, әрі мұсылмандар осындай әрекеттерді құптайды деп қалайша айтуға болады?!

Орын алған оқиғаны ақтап, дәлелдеу үшін не ойланып табылса да, бұндай негіздемелер (дәлелдер) орынсыз болып табылады, ал мұндай әрекеттер, оларды Ислам критерийлерінің негізінде бағаласақ, ақтала алмайды. Аллаһ Тағала қасиетті Құранда мұсылмандарға былай дейді: «...және бір елдің өшпенділігі сендерді әділетсіздікке тартпасын. Әділдік істеңдер. Сол тақуалыққа жақынырақ....» (әл-Мәидә сүресі, 8-аят).

Әділетке жер мен көктер сүйеніп тұр, ал жаппай жазалауға келер болсақ, бұл әділеттілікпен еш ұштаспайды және ол - әділетсіздіктің көрінісі, сондай-ақ зорлық-зомбырлық пен жиіркенішті амал болып жазылады. Өйткені бір ғана жазықсыз адамды өлтірудің өзі - ұлы қылмыс, ал енді арасында сәбилер мен жас балалар және Қиямет күні келген сияқты қорыққанынан түсік тастаған болуы мүмкін жүкті әйелдер бар көптеген адамдарды өлтіру қаншалықты ауыр болмақ!

Мұсылманның ақыл-санасы бұл қылмыстың жасалу салдарынан адамдар куә болған жан түршігерлік көріністерді мақұлдай алмайды, сондай-ақ оны жасаған адамдардың ақталуы да қабылданбайды, тіпті олар мұсылман ортасында және мұсылман елінде өскен болса да; ал маңыздысы - бұл ғалымдардың айтып жатқан сөздері және шариғаттың мұндай әрекеттерді қауіпті қылмыстардың санатына жатқызатындығы.

Ұшақтарды алғашқы алып қашулар туралы хабарлар Сауд Арабиясы Корольдігінде мәлім болғанда, ол ұшақтардың арасында сол кезде бірде-бір Саудиялық ұшақ жоқ болатын және бұл елдің ғалымдары мұндай әрекеттерге, ұшақтағы жолаушылар мұсылман немесе мұсылман емес болуына қарамастан, тыйым салынғандығы туралы шешім шығарған еді. Ғалымдар мұндай зұлымдық – харам (тыйым салынған), ал негізсіз зорлық-зомбырлық және адамдарға үрей салуға оқшалану ең ұлы жамандықтардың қатарына жатады және бұзақылықтың (пасықтықтың) көрінісі болып саналады деп тапты.

Ислам мемлекеті болып табылатын және шариғат нұсқауларына ілесетін Сауд Арабиясы Корольдігінің мұндай әрекеттерді және оларды жасаушыларды өз тарапынан ашық айыптауы таңданарлық жайт емес, өйткені бұл мемлекет қандай бастамаса жаса да, оның бұл жолдағы қадамдары Исламға қайшы келмеуі керек.

Бұл дегеніміз, мұндай әреккетерді айыптай отырып, мемлекет діннің қағидаларын басшылыққа алады және Ислам ұстанымы атынан сойлейді, өйткені оның аймағында екі мұсылмандық Қасиетті орындар бар және бұл жерден Исламның жолдауы жан жаққа тарала бастады, сондықтан-да оның мұндай жексұрындықты кұптамайтындығына, оны жасаушылардың қылмыстарына сөгіс жасайтынына және қылмыскерлерге пана беріп оларды жасыратындардың және олардың әрекеттерін құптайтындардың әрбірін айыптайтынына таңданудың қажеті жоқ. Исламды ұстанатын, шариғаттың мақсаттарынан хабары бар және шариғаттың Аллаһтың құлдарына қаншалықты мейірімді және аяушы екендігін білетін мұндай әрекеттерді өте жеккөрінішті және адамдарға ең көп зиян әкелетін амалдар деп санайды.

Мен теледидарға шығуымнан алдын маған көптеген сұрақтар қойылды. Олардың көптігін және адамдардың Сауд Арабиясы Корольдігі әділет органдарының ұстанымын түсіну үшін сот мекемесі басшысының сөздерін естуді қалауын ескере отырып, мен шығып сөйлеуді және мыналарды айтуды жөн көрдім: мұндай әрекеттер айыптауға лайықты, алайда Пайғамбардың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: «Жасалған қылмысқа оны жасаған қылмыскердің өзі ғана айыпты», - деген сөзін ұмытпау керек. Әт-Тирмизи «Сунан», №2159 хадис; Ибн Мажжаһ «Сунан», №3659 хадис.

Бұл дегеніміз: егер біреу қылмыс жасаса немесе белгілі қағидалар мен ережелерді бұзса, ол үшін жауапкершілікті оның өзі ғана көтереді және жауапкершіліктерді өзгелерге жүктемеу керек. Осы камераның алдына шығып сөйлеуден бірнеше сәт бұрын, мен бір газеттің сұрақтарына жауап беріп, бұл жан түршігерлік акцияның ақтауы жоқ екендігін және ол тек өшпенділіктің көрініс беруіне және мұндай әрекеттерді кұптамаған да, мақтамаған да мұсылмандарға қарсы бағытталған өш алу актілеріне әкеп соғатынын түсіндірген болатынмын. Алайда әділеттілік пен ақыл әркім тек өзінің күнәсі үшін жауап беруін және жеке біреулерден де, адамдардың топтарынан да өзге біреулердің күнәлары үшін есеп талап етілмеуін талап етеді. Бұл жөнінде Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: «Жасалған қылмысқа оны жасаған қылмыскердің өзі ғана айыпты, - деп айтқанындай. Ал Құранда былай деп айтылған: «Ешкім басқаның (күнәсінің) жүгін көтермейді» (Нәжм сүресі, 38-аят).

Бұл дегеніміз: жазықсыз адамға жамандық жасаған адамның күнәсінің айыбын жүктемеу керек, ал өзгелерге зиян тигізбейтін біреуді қылмыскердің жасаған қылмысы үшін жазаламау керек.

Кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында Америка халқына қатысты сұрақтар және американдықтар енді сол елде өмір сүріп жатқан мұсылмандарға немесе ол елге баратын арабтарға немесе өзге ұлт өкілдеріне белгілі бір теріс ұстаныммен қарайтын болады деген мәселелер көтерілген болатын. Адамдарды «Осы ақылға қонымды ма?» деген сұрақтар қызықтырады.

Мен алдында да айтушы едім, қазір де мынаны қайталаймын: өздерін демократияның көрнекті қорғаушылары және әділеттің жақтаушылары деп атайтын американдықтардан олар өз азаматтарына және еліне келуші арабтарға немесе өзге мұсылмандарға немесе мұсылман емес арабтарға мұндай қарым-қатынас жасайтынын күту екіталай. Табандылығымен, ақыл-пайымымен және көптеген басқа да жақсы сипаттарымен ерекшеленетін американдықтар еш жамандық жасамаған адамдарға залымдар ретінде қарайды деу мүмкін емес, өйткені қылмыскер мен жазықсыз тең емес, ал бейбіт адамға зорлық акцияларын жасап жатқан адамның айыбын тағуға болмайды.

Мен тағы да бір рет қайталаймын: Ислам мұндай әрекеттерді мүлдем орынсыз деп санайды. Алдында мен соғыс кезінде әскери қимылдың қатысушылары әдетте бейбіт тұрғындарға тиетін зиян туралы да, олардың опат болуы туралы да ойланбайтынын айтқан болатынмын. Алайда Ислам балаларды, соғысқа қатыспайтын әйелдерді, қарт кісілерді және өз кельяларында ғибадат істерімен айналысатын монахтарды өлтіруге тыйым салған сияқты, соғыс қимылдарында қатыспайтындарды да өлтіруге тыйым салады. Осындай көзқарастарды ұстанған, Елшісі түрлі халықтарға және жеке адамдарға жіберілген діннің ұстанушылары мұндай аса зымиян залым амалдарды құптай алмайды. Бұл әрекеттер өте үлкен және бұрын орын алмаған қауіп болып табылады, ал оларға қатысу немесе болысу барлық жағдайда қылмысқа теңестірілуі керек. Бұдан тыс, мұндай әрекеттерді болдырмауға қажетті мамандарға белгілі болған барлық шараларды қолдану керек.

Шариғат өз құрамында дененің ғана емес, әлеуметтік науқастардың да алдын алу құралдарына ие екендігіне және ауырудың алдын алу оны емдеуден жақсы екендігіне еш күмән жоқ, өйткені қауіп-қатерді болдырмау шариғаттың мақсаттарына және ақыл санасы дұрыс адамдардың талабына жатады.

Сөзді көбейтпей-ақ, мұсылман үмметінің атынан оның ғалымдары мен саяси басшылығы мұндай әрекеттерді кұптай алмайтынын ерекше қадап айтамын. Сондай-ақ, мен Америка қоғамы да, жалпы батыс қоғамы да азаматтары оның қалауынсыз қылмыс жасап жатқан мемлекетке келіспеушік талаптарын қоя алмайды және мұндай мемлекетке қарсы, мұндай әрекеттер жасауға ешбір рұқсат алмай және мемлекетін хабардар етпей, осындай әрекет жасаушылардың амалдары үшін, дұшпандық қадамдар жасай алмайды деп нық сенемін, өйткені осы жиіркенішті қылмысты жасаушылардың біреуі де өз ниеттері туралы өз мемлекетінің ресми өкілдерін хабардар етті деп ойламаймын. Ресми тұлғалар кез келген жерде өз отандастары туралы дұрыс және біржақты ғана болмаған пікірде болуы керек, әсіресе ол елдерде тұрақты немесе уақытша тұратын көптеген мұсылмандар оларға қарсы айыптаулар тағылған елдерден шыққандығын ескерген түрде. Ал Исламға қатысты айтар болсақ, ол мұсылмандарды түсі немесе тілі бойынша алаламайды.

Тағы да бір рет қайталаймын, АҚШ зардап тартқан іс-әрекеттер жабайы айуандардың іс-әрекеттерінен де, біз әдетте көріп үйренген лаңкестер (терроршылар) мен қылмыскерлердің іс-әрекетінен де жан түршігерлік сипатта. Орын алғанның барлығы ерекше қауіпті және жиіркенішті болып табылады.

Аллаһ Тағаладан бізді бұл дүниеде кез келген жамандықтан сақтауын, әрбір адасқанға тура жол сілтеуін, ақиқатқа және оны жақтаушыларға көмектесуін, жалғанды және оны жақтаушыларды көмексіз қалдыруын, біздің барлық істеріміз Оған ұнамды болуын және бізге рахымын төгуін тілейміз, өйткені Аллаһ Өзінің рахымына бөлемегендерге ешкім көмектесе алмайды.

Аллаһтың Елшісіне, оның бауырлары болған өзге пайғамбарлар мен елшілерге және шынайы ықыласпен ақиқатты ұстанатындарға Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын. Әлемдердің Раббысы болған Аллаһқа мадақ, Ұлы, Жоғары Аллаһтан өзге ешкімде күш те, қуат та жоқ.



Шейх Салих бин Фаузан әл-Фаузанның (Аллаһ оған есендік берсін) қопарушылық іс-әрекеттерге байланысты сұрақтарға берген жауаптары

Сұрақ: «Аллаһ Сізді рахымына бөлесін. Мұсылман емес мемлекеттерде адамдарды өлтіру және үкіметтік мекемелерді жару сияқты әрекеттер қажеттілік болып табылады ма, әрі осыны жихад деп атауға болады ма?16»

Жауап: «Адам өлтіру мен жарылыстарға тыйым салынған, өйткені олар мұсылмандарға қайғы-қасірет шақырады және олардың өлтірілуіне, сондай-ақ қудалануына әкеледі. Ал Аллаһтың жолындағы жихадқа қатысты айтар болсақ, онда тек ашық шайқас және тек белгілі шарттарға сәйкес амалдар болуы тиіс. Бұл істе Пайғамбардың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, өнегесіне ілесу міндетті болып табылады. Ол, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, Мәдинаға көшуге дейін Меккеде кәпірлердің арасында болған кезде мына аяттар түсті: «Сондай оларға: «Қолдарыңды тыйындар, намазды орындап, зекет беріңдер!» - делінгендерді көрмедің бе?» (ән-Ниса сүресі, 77-аят).

Сөйтіп оған кәпірлермен соғысудан бас тарту бұйырылған еді, өйткені олардың біреу болса да өлтірілсе, кәпірлер барлық мұсылмандарды опат қылар еді. Мұсылмандар өмір сүріп жатқан елдердегі адам өлтірулер мұсылмандардың өлтірулеріне әкеп соғады, ал бұл қазір де орын алып жатыр. Мұның Ислам шақыруына (дағуатына) ешбір қатысы жоқ және де ол Аллаһтың жолындағы жихад болып табылмайды. Мұсылмандарды қайғы-қасіреттің қойнауына тастап жатқан жарылыстар туралы да осыны айтуға болады».

Сұрақ: «Аллаһтың Елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, және оның сахабалары Меккеде өмір сүрген кездерінде осы сияқты әрекеттер жасады ма?»

Жауап: «Жоқ! Ешқашан, өйткені оларға бұл тыйым салынған еді».

Сұрақ: «Ол Меккеде өмір сүрген кезінде кәпірлердің мал-мүлкін жойды ма?»

Жауап: «Ешқашан, өйткені бұған тыйым салынған еді, ал оған тек Исламға шақырумен айналысу және адамдарға Аллаһтың Жолдауын жеткізу бұйырылған еді».



1 Не көпқұдайшылық, не қарақшылық, зорлық, қирату және сол сияқты қылмыстар айтылып тұр.

2 Яғни оның өмірін сақтап қалады.

3 Оң қолы мен сол аяғы айтылып тұр.

4 Яғни адамдарға Аллаһтың елшілері жіберілгеннен кейін.

5 Ибн Касир және Әл-Қуртуби – Құранның көпке әйгілі және көрнекті тәпсіршілері.

6 Ислам фиқхы қоғамының журналы, № 2, 181-бет. ,№ 148 - Шешім, 32-ші сессиясында қабылданған 24.08.1988 ж. (х. 12.01.1409 ж.)


7 Яғни оған, осы жасағаны үшін, Тозақ жеткілікті жаза болады.

8 Қорғау астында болғандардың қатарына Кітап иелері, яғни яхуди мен христиандар жатады.

9 «Муахад» - Исламды қабылдамаған, бірақ мұсылман территориясында келісім бойынша өмір сүріп, жизья (жеке басына төленетін салық) төлеп тұратын адам.

10 «Әд-Дағуа» журналы, №1548 18.06.1997 ж. (х. 12.02.1418 ж.).

11 Тәпсірлердің біріне сәйкес бұл жерде Қасиетті Мешіт аймағында кез келген күнәнің жасалуы айтылып тұр.

12 Шейх Абд әл-Азиз Ибн Баздың, Аллаһ оны рахым етсін, пәтуалары мен мақалаларының жинағы.

13 Аллаһтың елшілері көрсеткен мұғжизалары және олар өзімен алып келген заңдары айтылып тұр.

14 Бұл жерде шейхтың Сауд Арабиясы Корольдігінің теледидарына шығып сөйлеген сөзінің мәтіні келтірілген.

15 Яғни монахтың.

16 Жихад (тілдік мағынасы - күшті барынша жұмылдыру) – мазмұны өте сыйымды ислам термині. Жалпы қолданыста дін үшін күресті білдіреді, оған жүректің жихады да (өз нәпсісінің жаман жақтарымен күресу), тілдің жихады да (жақсылыққа шақырып жамандықтан қайтару), қылыштың жихады да (дінді қарумен қорғау) т.б.кіреді.

Еуропалық қоғамдық санада жихад туралы тек «қылыш жихады» деген түсінік қалыптасып қалған, алайда Құран мен Сүннетке сәйкес бұл ұғым көп мағыналы болып табылады.




Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет