Әбдіқадырова Ж. Б., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ



Дата27.02.2016
өлшемі58.5 Kb.
#28784
Әбдіқадырова Ж.Б.,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ


МЫСЫР АРАБ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ДІНИ ЖӘНЕ МӘДЕНИ-ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ ӘЛЕУЕТІ
Мысыр Араб Республикасы (МАР) халқының басым көпшілігі – 90 % аса халқы ислам дінін (барлығы дерлік сунниттік бағытын), ал қалғандары христиан дінінің әртүрлі бағыттарын ұстанады. Елде исламмен де, христиандықпен де байланысы бар діни орталықтар мен аруақ қонған жерлер орналасқан. Осы себептен Мысыр мұсылман әлемі орталықтарының бірі болса, сонымен бір уақытта христиан әлемінің де ерекше назарында.

Мысырдың араб әлемі мәдениеті мен өркениетіндегі үлесі зор екені дау туғызбайды. Өз мамандары мен ұйымдарының көмегімен араб тілі мен ислами ғылымдарды оқытуға бағытталған МАР-дың мұсылман елдеріндегі әрекеттері белсенді. Діни салада мысырлық әл-Әзһар діни университетінің рөлі айрықша. 1983 жылдың өзінде-ақ бұл әйгілі жоғары оқу орнының студенттер саны 120 мың адамды құрады [1]. Әл-Әзһар көп ғасырлар бойы бүкіл мұсылман әлемі үшін маңыздылығын жоғалтпады және күні бүгін де Таяу Шығыстағы заң және діни пәндер мен араб филологиясының діңгегі болып саналады. Әл-Әзһар түлегінің дипломы күллі ислам әлемінде аса жоғары бағаланады.

Мысырда бүкіл Араб Шығысындағы ең ірі христиан копт қауымы тұрады. Бұл қауым халықтың оннан бір бөлігін, яғни шамамен 8 млн. адамды құрайды. Копт шіркеуінің рухани орталығы МАР жерінде орналасқан, сондықтан Каир сыртқы саясатта, мәселен, Бағдад күрттерге қатысты, Хартум мен Нуакшот негр тұрғындарына немесе Ливан өзінің христиан қауымына қатысты мәселелер сияқты проблемаларға тап болған емес.

Копт шіркеуі өкіметтің сыртқы саяси бағытын қолдап келді. Мәселен, таяу шығыстық жанжалды реттеу мәселесінде патриарх Шенуда III Иерусалимге қажылыққа баруға тыйым салып, копттар ол жаққа «израильдік басқыншылықтан азат етілген кезде ғана барлық мысырлық және араб ағайындыларымен бірге барады», - деп баса айтқан [2].

Мысыр копттары Шіркеулердің Таяу Шығыстық Кеңесі деп аталатын Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы 28 христиандық конфессияны біріктіретін және 15 млн. христианның мүддесін білдіретін аймақтық ұйымға кіреді. Бұл ұйым өз қызметінде Таяу Шығыста қалыптасқан шиеленіскен жағдайға байланысты әрекет етеді. Мысалы, 2003 жылдың наурыз айында АҚШ Ирақта соғыс қимылдарын жүргізіп жатқан кезде Шіркеулердің Таяу Шығыстық Кеңесінің бас хатшысы Рияд Джерджур бүкіл әлемдегі христиан арабтарына Пасханы кең ауқымды тойлаудан бас тартуға шақырды. «Ирақ халқы қаза тапқандарын жерлеп жатқанда біз Пасханы қалай тойлаймыз?» - делінген Джерджурдың үндеуінде.

Әртүрлі этностар мен конфессиялардың бейбіт қатар өмір сүруі негіз болатын азаматтық қоғам қалыптастыруда Мысыр өкіметі біршама жетістіктерге қол жеткізгеніне қарамастан, Мысырдағы жағдайды ұшықтыру мақсатында діни мәселені пайдалануға күш аямайтын сыртқы күштер де жоқ емес. Атап айтқанда, АҚШ-тағы кейбір бұқаралық ақпарат құралдары Мысырда копт христиандарға қысым жасалды деген мәселені көтеруде [3].

2009 жылдың 27 ақпанында АҚШ Мемлекеттік департаментінің адам құқықтарын сақтау жайлы жыл сайынғы мәлімдемесінде келтірілген қорытындыға қарсы шыға, МАР сыртқы істер министрлігінің өкілі Хоссам Заки «басқа елдің мысыр халқының құқықтарының қорғаушысы рөлін ойнап, елдегі адам құқықтарының сақталуына баға беретініне Мысыр жол бермейді», - деп хабарлады [4].

АҚШ Конгрессі болса, Мысырдың христиан азаматтарына қысым жасағаны үшін жыл сайынғы америкалық көмектің мөлшерін азайтуды талап етті. Осылайша, 2009 жылы Мысырға көмек ретінде жобаланған 415 млн. доллардың 200 млн. ғана бөлінді [5]. Мысыр мен АҚШ арасындағы тығыз қарым-қатынастарға қарамастан, «Мысыр өкіметі америкалық мақсатқа сай емес саясат жүргізе қалған жағдайда Вашингтон Каирге қысым жасайтын қосымша тетікті иеленуге құштар сияқты», - деген пікірде Таяу Шығыс Институтының маманы П.Н. Мамед-заде [6].

Сонымен қатар Мысыр халқы мәдениетінің жоғары деңгейімен ерекшеленеді. «Көршіңе жақсылық тілесең, өз үйіңде жақсылық көресің», «Жақсы көрші ағаңнан жақын» деген мысырлық мақал-мәтелдер жайдары болуға, көршіңмен өзара түсінушілікке қол жеткізуге, оның кемшіліктеріне шыдаммен қарауға үйретеді. Мысырлық еш уақытта көршісін жамандамайды, бұл ерлі-зайыптының елге бір-бірін жамандаумен, болмаса ата-ананың өз балаларын жамандаумен тең келер әдепсіздік. Бұл сөздердің жаны бар, себебі мысырлықтар араб елдері арасында бірінші болып Израильмен ортақ тіл табысып, отыз жылдан артық уақытта өзара тиімді ынтымақтастықтың игілігін көруде [7].

Мысыр аймақтың мәдени «локомотиві» рөліне ие. Мысыр астанасында жыл сайын өткізілетін Каир халықаралық кітап жәрмеңкесі тек баспа өнімдерінің кең ауқымды сатылымы ғана емес, Мысыр мен бүкіл Таяу Шығыстағы маңызды мәдени оқиғалардың бірі болып саналады. Бұл жәрмеңке Каирдың мыңжылдық мерейтойы тойланған 1969 жылдан бастап жыл сайын өткізіліп тұрады, франкфурттік, лондондық және токиолық жәрмеңкелермен тең келер әлемнің ірі жәрмеңкелерінің бірі болып есептеледі. 1979 жылғы Мысыр мен Израиль арасындағы бейбіт келісімнен кейін жәрмеңкеге израильдік баспалар да қатыса бастады. Ауқымы мен көлемі жағынан Каир кітап жәрмеңкесі Араб Шығысындағы ең ірі жәрмеңке екенін атап өткен жөн [8].

Бүгінде Мысыр араб ақпараттық кеңістігіндегі теледидар, кино және ғаламтордың басты орталығы болып табылады. Өз жұмысын 1993 жылдың 1 қаңтарынан бастаған «Euronews» тележаңалықтарының көпұлтты ғарыш қызметін жасауға қатысқаны Мысырдың спутниктік телехабар таратуды дамыту бойынша халықаралық ынтымақтастықтағы рөлін сипаттайды. 1998 жылы сәуірде Мысыр Франциямен ынтымақтасып, қашықтықтағы орбитаға (36 мың км) өзінің алғашқы «NileSat-2» коммуникациялық жер серігін ұшырды [9]. Мысырды тіпті ғаламторлық серпіліс болатын ел ретінде жиі жариялайды [10].

2003 жылдың қаңтар айында әл-Әзһар басшылығы Біріккен Араб Әмірліктерінің қорғаныс министрі және Дубай әмірлігінің мұрагер шаһзадасы шейх Мұхамет әл-Мактумның қомақты қаржылай көмегімен «әл-Әзһар онлайн» жобасын іске қосты. Бұл жоба 1897 жылы құрылған әл-Әзһар кітапханасындағы ежелгі қолжазбалардан бастап қазіргі кезде басылып шыққан еңбектерге дейін сандық форматқа көшіруді көздеді. Жобаны іске асыру нәтижесінде 9 мың қолжазбасы әлемде жалғыз данадан келетін 42 мыңнан аса қолжазбаны электронды нұсқаға аудару ұйғарылды. Он ғасырлық тарихы бар әл-Әзһардың манускрипт, қолжазбалар мен ислам туралы қолға түспейтін кітаптардан тұратын мұрағаты ғаламтордың бір сайтында орналаспақ. Жоба мақсаты – күллі дүниенің мұсылмандарына әлемнің көне университеті мен діни институтының мұрасымен танысуына мүмкіндік беру және ислам құндылықтарын насихаттауға себепші болу. Оған қоса ғаламторды қолдану арқылы әл-Әзһардың дінтанушы ғалымдары бүкіл әлемнің адресаттарымен хат алысуға мүмкіндік алып, діни тақырыпта көкейтесті сауалдарға жауап бере алады. Және бұл жоба көлемі мен ауқымы жағынан әлемде АҚШ Конгрессі мен Ватикан кітапханалары жобаларынан кейінгі үшінші орынды алады [11].

Жетекші әлемдік компаниялар Таяу Щығыс аймағында ақпараттық технологияларды ілгерілету ісінде Мысырдың орасан әлеуетін баса айтып келеді. XXI ғасыр басында Мысыр араб елдері ішінде ғаламторды пайдаланушылар саны бойынша үшінші орынға шықты [12].

XX ғасырдың аяғында Мысыр жоғары технологиялы «ауылдарды» салуға кірісті. 2003 жылы Каир маңындағы Гизаның жанында салына бастаған «Ақылды ауыл» жобасы – осындай әрекеттердің айқын күәсі. 2003 жылдың 21 қыркүйегінде жобаның алғашқы кезегі іске қосылған кезде Мысыр президенті Хосни Мүбарак «Майкрософт» компаниясының басшысы Билл Гейтстен Мысырдың Таяу Шығыстағы жаңа ақпараттық технологияларды ілгерілету ісіндегі зор үлесін баса айтқан құттықтау жеделхатын алған болатын.

Қорытындылай келе, Мысыр жеріндегі ислам мен христиандықтың бай тарихи мұрасы, діни қауымдастықтардың көп жылдар бойы бейбіт қатар өмір сүруі, халқының мәдениеті мен білімінің жоғары деңгейі Мысыр Араб Республикасына Араб Шығысының рухани және мәдени орталығы ретінде дамуына жол ашты.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
1. Борисов А.Б. Роль ислама во внутренней и внешней политике Египта (ХХ век). – М.: Наука. Главная редакция восточной литературы, 1991. – С. 159.

2. Әл-Ахрам ад-Даулий. – 1987. – 17 ақпан.

3. Куделев В.В. Госдеп США о ситуации с правами человека в Египте в 2007 году // http://www.iimes.ru/rus/frame_stat.html

4. Куделев В.В. Ситуация в Египте: февраль 2009г. // http://www.iimes.ru/rus/frame_stat.html

5. Мамед-заде П.Н. О поездке Гамаля Мубарака в США // http://www.iimes.ru/rus/frame_stat.html

6. Мамед-заде П.Н. Религиозный фактор и международный имидж Египта // http://www.iimes.ru/rus/frame_stat.html

7. Зеленев Е.И. Египет. – СПб.: Изд-во «Союз»; Изд-во С.-Петерб. ун-та, 2004. – C. 128.

8. Мамед-заде П.Н. Ближний Восток перед лицом проблемы неграмотности // http://www.iimes.ru/rus/frame_stat.html

9. Приложение. О деятельности арабских стран в космической сфере // Об изменениях в военно-политической обстановке на Ближнем Востоке и в Северной Африке (23 - 29 июля 2007 года) // http://www.iimes.ru/rus/frame_stat.html

10. Бузмаков Р. Современные виды телекоммуникаций Северной Африки // Ближний Восток и современность. Сборник статей (выпуск двадцатый) / Отв. ред. А.О. Филоник. – М.: ИИИБВ, 2003. – С. 337.

11. Мамед-заде П.Н. Египет. К вершинам информационных технологий // http://www.iimes.ru/rus/frame_stat.html

12. Мамед-заде П.Н. Новое правительство Египта: «старая гвардия» и «молодые реформаторы» // http://www.iimes.ru/rus/frame_stat.html

Мақалада Мысыр Араб Республикасының діни және мәдени-идеологиялық әлеуетіне талдау жасалынады.

В статье анализируется религиозный и культурно-идеологический потенциал Арабской Республики Египет.



This article gives an analysis of religious, cultural and ideological potential of the Arab Republic of Egypt.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет