Әбу Насыр Әл-Фарабидің педагогикалық ой-пікірлері
Педагогика мен әдістеме ғылымында «нені оқыту керек?», «қалай оқыту керек?», «қандай әдіс-тәсілдерге жүгіну керек?» деген мәселелер қашанда өзекті. Бұл сауалдарға әр кезеңде әр ғалым түрліше жауап беріп, әртүрлі қырынан қарастырғаны белгілі. Өйткені, қоғамдық өзгерістерге сай мұғалімге қойылатын талап та, оқытуға қойылатын міндет те өзгереді. Уақыт өткен сайын оқыту технологиясы да, ұстаз шеберлігі де шыңдалып отыруы шарт.
Ұстаз шеберлігі дегеніміз – тек мұғалімнің жан-жақты және әдістемелік сауаттылығы ғана емес, ол әр сөзді бойға сіңіруі. Ұстаздық әдеп жайын сөз еткенде біз шығыс ойшылдарының гумандық ой пікірлеріне назар аударамыз. Әсіресе, екінші ұстаз, ғұлама ғалым, ұлы ойшыл Әл-Фарабидің еңбектеріндегі педагогикалық көзқарастар қанша ғасыр өтсе де өз құндылығын жоғалтқан жоқ. Әл-Фарабидің айтуы бойынша нағыз ұстаз ғана айтқанын екі еткізбейтін, ешкім шағым жасауға батылы бармайтын, білімі телегей - теңіздей, ақыл-ой парасаты да, ерік- жігеріне де ешкім тең келе алмайтын адам. Осындай қасиеттері бар ұстаз ғана шәкіртке үлгі-өнеге көрсетеді, ол халықты соңына ертіп, оның мұң-мұқтажын, талап- тілегін орындай алады.
Сөз еткелі отырған Әл-Фараби ілімі Шығыс халықтарының педагогикалық ой-пікірінің пайда болуына, дамуына жэне қалыптасуына революциялық төңкеріс жасады. Педагогикалық тәлім-тәрбиенің дамуында сапа жағынан жаңа кезең ашқан-халықтық педагогиканың негізін қалады. «Ежелгі грек ғылымы мен араб ғылымының арасын қосқан Әл-Фараби дүниетанымы екі әлемнің — көшпелілер мен отырықшылар өркениетінің және Шығыс пен Грек-Рим мәдениетінің өзара байланыстарының нәтижесі» (1,70). Әл-Фараби заманының әлеуметтік-саяси көзқарастарын, тіл мәдениетін, философиялық-гуманистік (философия, логика, этика, эстететика, саясат, социология, лингвистика, поэзия, шешендік, музыка) және жаратылыстану (астрономия, астрология, физика, химия, география, космология, математика, медицина) ғылымдары салаларын терең меңгеріп, осы бағыттарда өзі де құнды ғылыми жаңалықтар ашты.
Әл-Фараби түсінігінде, ұстаз да қала басшысы сияқты ел жетекші, халық қадірлісі. Медресе балаларды оқытып, тәрбиелесе, қала бастығы олардың ата-анасына өнеге көрсетеді, халықты ізгі қасиеттерге баулиды. Олай болса мұның екеуі де "сегіз қырлы, бір сырлы" қай жағынан да болса барша халықтан қош ілгері тұрған кісілер. Сондықтан бұл екеуіне де мынадай 12 түрлі қасиет сәтті қабысып келсе нұр үстіне нұр болған болар еді:
1. Тән ерекше жетілген түрлі іс-әрекетті нәтижелі етіп орындауға ыңғайлы бейім болуы;
2. Нені болса да жақсы айырып, тез тұжырымға келе алатын;
3. Өзінің түсініп, сезгенін көріп, білгенін есіне жақсы сақтай алатын;
4. Көреген ойлы, талғампаз, ақылды адам болуы;
5. Ойын анық, дәл бере алатын, көркем сөйлей алатын шешен;
6. Ілім-білімді, оқу-ғылымды жан тәнімен, ұңғыл-шұңғылын ақыл-ой жұмысының үлкен бейнетін тек ләззат санайтын адам;
7. Қайда жүрсе де өте ұстамды;
8. Өтірік-өсекті, мылжыңдықты жек көріп, шындықты, әділдікті бар ынтасымен сүйе білу;
9. Өр кеуделі, жан мен арын бірдей кіршіксіз ұстайтын адам;
10.Мал-мүліккке, дүние-жиһазға, мәнсіз ұсақ тіршілікке қызықпау;
11 .Табиғатынан әділ, шынайы, шыншыл;
12.Басқаға дау, өзіне де қиянат қыңыр-қиқар болмай, әркез шешімге келе алатын байсалдығы мен батылдығы қатар жүре алатын, қорқыныш пен үрейге жол бермейтін адам; [2,45].
Осылайша ойшыл Әл-Фараби өнегелі ұстаз бен әділ билеушіге ортақ 12 қасиетке мән берумен қатар, ұстаз бен шәкірт арасындағы ара- қатынастарды олардың моральдық қатынастың қандай болу керектігін де ескерген. Ұстаз өз шәкірттерінен адалдық, сыпайылық, ізгілік, әділдік сияқты қасиеттерді көргісі келсе, онда оның өзінде де осы қасиеттер болу қажет. "Мұғалімдік" (ұстаздық) еткен адамның өлшеуі тым өкпелі болмасын және тым асыра босаңсытқан төмендікпен де болмасын. Егер тым қатты үнемі ызғармен болса, онда оқушылар мұғалімді жек көретін хәлге жетеді. Егер тым босатып жіберген кішіпейілдік болса, онда оқушылар жағынан мүғалімдерді кем санау, оның ғылымына жалқау қарау қаупі тұрады» [4,32] деп жазды өзінің "Философияны үйрену үшін алдын-ала не қажет" деген еңбегінде.
Ешбір жанға бағынбайтын басшы – адам, міне, осындай. Ол - иман, ол– қайырымды қаланың бірінші басшысы, ол – халықтың басшысы және жер жүзін мекендейтін елдің басшысы. Өз бойында туа біткен он екі қасиетті ұштастырған адам ғана осындай бола алады. «Жаратылысынан өзіне айтылғанын бәрін жете түсінетін, айтылған сөзінің сөйлеушінің ойындағысындай және істің мән-жағдайына сәйкес ұғып алатын болуы керек; өзі түсінген, көрген, есіткен және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, бұлардан ешнәрсені ұмытпайтын болуы керек; әйтеуір бір заттың кішкене ғана белгісін байқаған заматта сол белгінің ишаратын іліп әкетерліктей алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі болуы шарт; өткір сөз иесі және ойына түйгенін айдан - анық айтып бере алатын тілмар болуы шарт; өнер - білімге құштар болу, оқып-үйренуден шаршап шалдықпай, осыған жұмсалатын еңбектен қиналып азаптанбай бұған оңай жететін болуы керек; шындықпен шыншыл адамдарды сүйіп, өтірік, жалған мен суайттарды жек көру керек; жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын болуы шарт; оның жаны жаратылыстан пасық істердің бәрінен жоғары болып, жаратылысынан игі істерге ынтызар болуы тиіс; әділ болу керек, бірақ қыңыр болмауы керек, әділеттілік алдында ойыс мінез көрсетіп қасарыспау керек, бірақ әділетсіздікпен пасықтық атаулыға мүлдем рақымсыз болуы шарт; өзі қажет деп тапқан істі жүзеге асырғанда шешімпаздық көрсетіп, бұл ретте қорқынышпен жасқану дегенді білмейтін батыл, ер жүрек болуы керек... [3,25].
Әбу Насыр Әл-Фараби ең әуелі ұстаз, ағартушы, оның бүкіл философиялық ізденістері мен пайымдаулары адамды барынша кемелдендіру, дамыту мақсатына арналған. Ол-адамдарды шынайы бақытқа жеткізу жолдарын табуды мұрат тұтады. Ұстаздың айтуы бойынша адам ғылым, философия, тәрбие арқылы кемелдікке жетеді. Ол шартты түрде адамды нағыз бақытқа, мұратқа бастайтын негізгі кредосы - адамдар бақыт жолында өзара көмек, достық, бейбітшілік қатынаста өмір сүруі ләзім. Фарабидің пайымдауы бойынша оқу — философия негіздерін, теориялық білімдерді игеру, ал тәрбие — ол мұғалімнің, тәлімгердің, адамға белгілі бір адамгершілік, кұлық қалыптарын және практикалық өнерді игеру дағдыларын қалыптастыру бағытындағы іс-әрекеті, ол шәкірттерге белгілі бір оң қасиетті, сапаны дарыту үшін қалай болса солай емес, белгілі бір мақсатты көздеген, саналы тәрбие жұмысына басты мән береді. Ғұлама тәрбие кезінде тәрбиеленушінің ерекшелігін ескеріп, әрбіріне жеке әдіспен дара қатынас жасауды талап етеді.
Бала тәрбиесі қоғам мен халықтың балаларды оқыту жөніндегі қамқорлығы, жастарды халық өміріне байланысты білімдермен қаруландыру, балаға оның жеке және жас ерекшеліктерін ескеріп шын жүректен қамқорлықты қарым-қатынас мұның бәрі ұлы ұстаздың педагогикалық жүйесінің құрамдас бөлігі. Халықтан алып пайдаланылған көптеген ережелер оның ілімінің демократикалық, гуманистік өзегін құрады және оның педагогикасының озық бағыттылығын күшейтеді [5,28].
Әл-Фарабидің «Қайырымды қаланың тұрғындарының көзқарастарымен», «Философияның дінді қажетсінбеуі» т.б. философиялық трактаттарында шеңбер-қала болмысы жер шарындағы он сегіз мыңда бір Ғаламдағы тіршіліктің шағын моделі түрінде алынып, адамзат баласын несібелі бақытқа кенелтетін ізгілік пен әділет етіп көрсетеді. Игілік, байлық атаулы -өткінші дүниенің, пәнидің ғана өлшемі, ал ізгілік бақыт ұғымдары - мәңгіліктің бақилықтың жолы. Ізгілік-имандылықтың сәулесі. Жүрегінен иманы тайған, нәпсісін ынсабын тыймаған жан адамзат баласына жазмыш ілім-білімді, тағлым тәжірибиені ізгілік жолына емес, кесірлі кесапатқа, теріс пиғылға пайдалануы мүмкін, жүрегін таза ұстап, иманына кіршік түсірмей, рухани кемелдікке талпынған тұлғалар ұлы жаратушы деңгейіне жақын сатыға көтеріліп, жер бетіндегі тіршілік сырын бағамдай алады. [6,133].
Ұстаздың пікірінше, оқу, білім алу, ғылым адамы болу, адамгершілік және тәрбие мәселелерімен тығыз байланысты. Мәселен, "Философияны үйрену ушін алдын-ала не қажет" деген еңбегінде бірінші алғышарт ретінде жан тазалығын, ар тазалығын қойған. Адам өмірі үшін, әсіресе ұстаздарға бұл құралдың қажеттігі түсінікті. Ұстаздың негізгі мақсаты – өз шәкіртіне білім беріп, ізгілікті мінез-кұлыққа тәрбиелеу деп білсек, сол тиянақты білім, ізгілік ұстаздың өз бойында болуы шарт. Егер де өзінің бойында кездеспейтін болса, онда логика саласында надан деп есептелініп, қайсыбір мәселеде кімдікі жөн екенін, оның қалайша жөн екенін ажырата алмайды. Бұл жағдай ұстаз бойында кездесетін болса, сөзсіз оның беделін түсіріп, өз шәкірттерінің мінез-құлық, іс-әрекеттеріне дұрыс баға бере алмағандықтан, олардың арасында түсінбеушілік, кейде бір-біріне деген дөрекілік, жүрген жерде әрине, логика, парасаттылық туралы дұрыс түсінік болуы мүмкін емес. Сол себепті шәкірттің ой-талағамын жетілдіру, оның іс-әрекет жасауына көмектесу – ұстаз парызы.
Этиканы ол, ең алдымен, жақсылық пен жамандықты ажыратуға мүмкіндік беретін ғылым деп қарады. Сондықтан оның этика жөнінде тұжырымдамаларында жақсылық, мейірбандық категориясы басты орын алады. Ғұламаның этикалық ойларынан терең гуманизмнің лебі еседі, ол адам баласын жаратылыстың, бүкіл жан иесі атаулының биік шоқтығы, сондықтан да оны құрметтеу, қастерлеу керек деп түсінеді. Әл-Фараби жасаған қорытындының басты түйіні – білім, мейірбандық, сұлулық үшеуінің бірлігінде.
Әл-Фарабидің гуманистік идеялары әлемге тез тарады. Ол ақыл-ой мен білімнің биік мәнін дәріптеді. Әл-Фараби көркемдік, сұлулық хақында былай дейді: ол – өмір шандығының өзіне тән қасиетті, болмыстың, нақты құбылыстардың әлеуметтік өмірдің көкейдегі елесі. Көркемдік тән мен жан қасиеттерінің сұлулығын көрсететін белгі деп санайды. Әл-Фараби тәрбиеге гумандылық бағыт берді,ол барша адам баласын достыққа, адамгершілікке шақыра отырып, адамзат баласын мұрат - мақсатына жеткізуді көздеді.Фараби ағартушылық пен парасаттылықты жақтаған үлкен гуманист. Ол халықтарды бейбіт өмір сүруге шақыра отырып, адам баласын білім мен парасатты ойын терең бағалаған кемеңгер.
Әл-Фараби тәрбиенің, оның ішінде еңбек тәрбиесінің теориясы ғылымға негізделуі қажет деп санады. Ол ғылымды тарихи үрдіс деп түсініп, ғылым жүйелі түрде құрылған білімнің жоғарғы формасы деген анықтама берген. Фараби өмір сүрген дәуірде педагогика ұғымы болмағаны белгілі. Алайда ол оқу-ағарту мен тәрбие туралы, еңбек мәдениеті туралы ілім жасады. «Еңбектің өзі – өнер. Ал еңбек тәрбиесі сол өнерден туындайды, әрбір адамды еңбекке баулиды, еңбек шеберлігіне үйретеді. Олардың еңбек ету дағдысьн қалыптастырады», – деген болатын Фараби. Ол еңбек өмір сүрудің негізі, адамзат тіршілігінің мәңгілік, табиғи шарты деп қарастырды. Педагогикалық тұрғыда қарастырсақ, бұл тұжырым – «оқушыларға саналы тәртіп, сапалы білім беру, пайдалы қоғамдық еңбекке баулу» деген сөз. Фараби еңбек тәрбиесінің теориясын жасауда еркін еңбектің адамның жан-жақты дамуы үшін маңызы зор екенін атап көрсетеді.
Фараби «еңбек ету, сапалы болу, адамгершілік, ақылдылық табиғаттан туындауы қажет» [7,2] – деген ғылыми тұжырым жасады. Фараби адамды табиғат, адам, жер бетіндегі тірі организмдер дамуының ең жоғары сатысына көтерілген, еңбек құралдарын жасап, оларды өз қажетіне жарата білген, түсінікті сөз сөйлей білетін саналы ортаның мүшесі дейді. Адам туралы материалистік бағытты ұсынған Фараби адам еңбек ету нәтижесінде жоғары сатыға көтерілетінін алға тартады.
Педагогиканың мақсаты, мұраты туралы Фараби ұсынған гуманистік идеялар мен қорытындылар адам өмірінің қазіргі кезеңінде де ағартушылықтың маңызды тіректерінің бірі болып отыр. "Біздің міндетіміз — бақытты адам тәрбиелеу. Бақыт материалдық жөне рухани игіліктерді өзімшілдік мақсатта тұтынуда адамзат мұраттары мен кұштарлықтарынан тыс та оқшау өзіне ғана тән жан рахатын беретін кішкене дүние жасауда емес. Азаматтың бақыты — асқақ та биік мақсат — жаңа өмір жолында жасампаз рухани күштердің гүлденуін терең сезінуде.
Кемеңгер ұлы ғалым ұстаз туралы былай деген екен: "Ұстаз жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны жақындарына да жай адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақындық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек" [7,2]. Расында да, жасампаздыққа жаны құмар, өнер мен білімге құштар, болып жатқан құбылыстарға саналы түрде әділ баға бере алатын педагог – бүгінгі қоғамның мұқтажы, сұранысы, қажеттілігі.
Достарыңызбен бөлісу: |