Егемен Қазақстан. – 2014. – №111.– 7 маусым Тоқсанбай Қ. Тағылым



Дата03.03.2016
өлшемі26.81 Kb.
#35778
Егемен Қазақстан. – 2014. – №111.– 7 маусым

Тоқсанбай Қ.

Тағылым

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні аясында өткен «Алаш рухына тағзым» атты дәстүрлі жобаның орны бөлек.

Бұлай болуы әбден заңды. Ақиық ақын, жазушы, қоғам және мемлекет қайраткері есіміне ие оқу орнының 12 мың студенті қол қойған үндеу бойынша С.Сейфуллиннің 120 жылдығына орай биылғы жылды Сәкен жылы деп атап өту туралы бастама көтеріліп отыр. Айта кету керек, жоба аясында университет студент­тері­нің «Ақ желкен» театры қатысуымен ақын Ғазиз Еш­танаевтың туындысы негі­зінде театр және кино акте­рі Қуандық Қыстықбаев сах­налаған «Жолайрық» спек­таклінің тұсауы кесілді. Қала­лық, облыстық және рес­пуб­ликалық байқауларда жеңімпаз атанған өнер ұжымы ақынның Омбыдағы қазақ жастарының «Бірлік» қауымын құрған сәтіндегі ішкі жан тебіренісін өте шынайы бейнелеп жеткізді. Сәкен рөлін ветеринария және мал шаруашылығы фа­культетінің 4-курс студенті Бауыржан Жақсыбаев, Мағ­жан бейнесін экономика факуль­тетінің 3-курс студенті Әлібек Мырзақұлов нанымды сомдап, Алаш ардақтыларының рухы асқақтатылды. Кешегі зобалаң жылдар жаң­ғырығы дәл қазақ хал­қын­дай жер бетінде азап шеккен басқа бірде-бір ұлт жоқтығын айғақтаса, тарихи шындықтар жаппай қуғын-сүргін ыла­ңы­нан елімізде 100 мыңнан астам адамның айдалып, ал 25 мыңнан астамының жазықсыз ату жазасына кесілгенін тай­ға таңба басқандай нақты­лай­ды. Өкінішке қарай, талай асылдарымыз бен арланда­ры­мыз теріс саясаттың құр­ба­ны­на айналып, 1937-38 жыл­дары елім деп еңіреген ер­лерге «халық жауы» аты та­ңылғаны өз алдына жарасы бөлек қасірет. Көзі ашық, кө­кірегі ояу ақын-жазушылар мен билік басындағы азамат­тар­дың қуғын-сүргінге ұшы­рап, балалары жан-жақ­қа тоз-тоз болып кеткені тура­сын айтқанда, ғасырлар тұң­ғиығынан жас ұрпаққа әлі де көп сыр буылып шыға алмай жатқанын сездіреді. Талай отбасының шаңырағы ортасына түсіп, қасірет жұтқан халықтың көкейіндегі қайғылы мұң толықтай ақ қағаздың бетіне түсіп, тарихтың тағылымды іздері түгенделіп бітті деуге әлі ертерек. Соның ішінде Алаш зиялыларына жастар тарапынан қойылып жатқан рухани ескерткіштің еңсесі өзге әрекеттерге қа­рағанда әлдеқайда биік һәм тағылымы бөлек үлгі деп түсінеміз. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Темірбек Жүргенов, Ораз Жандосов, жырдың үш бәйтерегі – Сәкен, Ілияс, Бейімбет рухымен жігерленген студент-жастардың үндеуінде: «Отанын сүйетін, оның тари­хын дәріптейтін біз сияқты патриот жастарды аға буын­ның жасампаз ерліктерін мақ­тан тұтып, мемлекетіміздің берік тұтқасы болуға шақы­рамыз. Сәкен мұрасын наси­хат­тауға үндеген біздің осы бастамамызды республика бойынша барлық жастар қауымы, жергілікті ұйымдар, білім ордалары азаматтық белсенділікпен қолдап, атса­лысады деген үміттеміз» делінген. Кейінгі өскелең ұрпақтың Алаш зиялылары рухына деген сүйіспеншілігі мен белсенділігінен азаттық таңын аңсап өткен сол бабалар арманы бүгінде қырдың қырмызы гүліндей қаулап өскен жастардың жүрегіндегі жалын-отқа айналып бара жатқанын көресіз. Студенттер үні мәреге жетпей мәңгілік сапарға аттанған сәйгүліктер дүбірінің жаңғырықтарын құлағымызға келтірді. Еске алу кешінде Парламент Мәжілісінің депу­таты Бақытбек Смағұлов, Қа­зақ агротехникалық уни­верситетінің бірінші про­ректоры, профессор Айтжан Әбдіров сөз сөйледі. Ұлт жанашырлары, алаштанушы ғалымдар ойы аруақтар құр­метіне жайылған дастарқанда жалғасып, ұлт ұлдарына ба­ғышталып Құран оқылды.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет