Егемен Қазақстан. – 2014. – №111.– 7 маусым
Тоқсанбай Қ.
Тағылым
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні аясында өткен «Алаш рухына тағзым» атты дәстүрлі жобаның орны бөлек.
Бұлай болуы әбден заңды. Ақиық ақын, жазушы, қоғам және мемлекет қайраткері есіміне ие оқу орнының 12 мың студенті қол қойған үндеу бойынша С.Сейфуллиннің 120 жылдығына орай биылғы жылды Сәкен жылы деп атап өту туралы бастама көтеріліп отыр. Айта кету керек, жоба аясында университет студенттерінің «Ақ желкен» театры қатысуымен ақын Ғазиз Ештанаевтың туындысы негізінде театр және кино актері Қуандық Қыстықбаев сахналаған «Жолайрық» спектаклінің тұсауы кесілді. Қалалық, облыстық және республикалық байқауларда жеңімпаз атанған өнер ұжымы ақынның Омбыдағы қазақ жастарының «Бірлік» қауымын құрған сәтіндегі ішкі жан тебіренісін өте шынайы бейнелеп жеткізді. Сәкен рөлін ветеринария және мал шаруашылығы факультетінің 4-курс студенті Бауыржан Жақсыбаев, Мағжан бейнесін экономика факультетінің 3-курс студенті Әлібек Мырзақұлов нанымды сомдап, Алаш ардақтыларының рухы асқақтатылды. Кешегі зобалаң жылдар жаңғырығы дәл қазақ халқындай жер бетінде азап шеккен басқа бірде-бір ұлт жоқтығын айғақтаса, тарихи шындықтар жаппай қуғын-сүргін ылаңынан елімізде 100 мыңнан астам адамның айдалып, ал 25 мыңнан астамының жазықсыз ату жазасына кесілгенін тайға таңба басқандай нақтылайды. Өкінішке қарай, талай асылдарымыз бен арландарымыз теріс саясаттың құрбанына айналып, 1937-38 жылдары елім деп еңіреген ерлерге «халық жауы» аты таңылғаны өз алдына жарасы бөлек қасірет. Көзі ашық, көкірегі ояу ақын-жазушылар мен билік басындағы азаматтардың қуғын-сүргінге ұшырап, балалары жан-жаққа тоз-тоз болып кеткені турасын айтқанда, ғасырлар тұңғиығынан жас ұрпаққа әлі де көп сыр буылып шыға алмай жатқанын сездіреді. Талай отбасының шаңырағы ортасына түсіп, қасірет жұтқан халықтың көкейіндегі қайғылы мұң толықтай ақ қағаздың бетіне түсіп, тарихтың тағылымды іздері түгенделіп бітті деуге әлі ертерек. Соның ішінде Алаш зиялыларына жастар тарапынан қойылып жатқан рухани ескерткіштің еңсесі өзге әрекеттерге қарағанда әлдеқайда биік һәм тағылымы бөлек үлгі деп түсінеміз. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Темірбек Жүргенов, Ораз Жандосов, жырдың үш бәйтерегі – Сәкен, Ілияс, Бейімбет рухымен жігерленген студент-жастардың үндеуінде: «Отанын сүйетін, оның тарихын дәріптейтін біз сияқты патриот жастарды аға буынның жасампаз ерліктерін мақтан тұтып, мемлекетіміздің берік тұтқасы болуға шақырамыз. Сәкен мұрасын насихаттауға үндеген біздің осы бастамамызды республика бойынша барлық жастар қауымы, жергілікті ұйымдар, білім ордалары азаматтық белсенділікпен қолдап, атсалысады деген үміттеміз» делінген. Кейінгі өскелең ұрпақтың Алаш зиялылары рухына деген сүйіспеншілігі мен белсенділігінен азаттық таңын аңсап өткен сол бабалар арманы бүгінде қырдың қырмызы гүліндей қаулап өскен жастардың жүрегіндегі жалын-отқа айналып бара жатқанын көресіз. Студенттер үні мәреге жетпей мәңгілік сапарға аттанған сәйгүліктер дүбірінің жаңғырықтарын құлағымызға келтірді. Еске алу кешінде Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұлов, Қазақ агротехникалық университетінің бірінші проректоры, профессор Айтжан Әбдіров сөз сөйледі. Ұлт жанашырлары, алаштанушы ғалымдар ойы аруақтар құрметіне жайылған дастарқанда жалғасып, ұлт ұлдарына бағышталып Құран оқылды.
Достарыңызбен бөлісу: |