Егемен Қазақстан. – 2014. - №209. – 25 қазан
Егемен-ақпарат
Ақын қолымен жазылған өлең
«Сәкеннің қоштасуы» деп аталатын бұл қолжазба жыр сұңқары есімін иеленген оқу ордасында тұруға лайықты деп есептелуде
Кеше С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде ақиық ақын, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері С.Сейфуллиннің 120 жылдығына арналған «Сейфуллин оқулары-10: Мемлекеттің индустриялық-инновациялық саясатын құрудағы бәсекеге қабілетті кадрларды дайындау келешегі мен ғылымның рөлі» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өз жұмысын бастады.
Осы алқалы жиын барысында елдің аграрлық-өнеркәсіптік кешенін дамытудың индустриялық-инновациялық жолдары, ғылым мен білім саласындағы зерттеу университеттерін құру туралы алыс және таяу шетелден арнайы келген ғалымдар пікірі тыңдалып, нақты мәселелер төңірегінде қызу пікірталастар өрбімек. «Зерттеу университетіне трансформациялаудағы алғашқы қадамдар» атты баяндамасында университет ректоры, профессор Ақылбек Күрішбаев білім ордасының болашақтағы даму бағытына кеңінен тоқталып өтті. «Еуразия кеңістігінде өзінің ғылыми жаңалықтарымен танылған оқу орны биыл В.И.Блинников атындағы Алтын медальді иеленді және көп тілді білім беру үрдісі жан-жақты қолға алынды. Сонымен қатар, университетіміздің профессорлық-оқытушылар құрамының да біліктілігін көтеру бағытында кешенді жұмыстар атқарылуда. «Болашақ» бағдарламасымен 45 ұстазымыз біліктілігін көтеріп, әлемге танымал ғылыми-зерттеу институттарымен және орталықтарымен берік ынтымақтастық әріптестік байланыс орнатылды», деді өз сөзінде ректор.
Парламент Мәжілісінің депутаты, университет түлегі Жамбыл Ахметбеков: «С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ еліміздегі жоғары оқу орындарының ішіндегі шоқтығы биік жоғары оқу орны болып табылады. Ол тек аграрлық сала мамандарын даярлайтын жетекші оқу орны ғана емес, сонымен қатар бүгінгі таңда техникалық сала бойынша да заманауи, әмбебап мамандарды даярлайтын зерттеу орталығына айналып үлгерді», деп атап өтті.
Сондай-ақ, Назарбаев Университетінің провосты Сайман Джонстың ғылымды әлемдік деңгейге шығарудың мүмкіндіктері туралы сараптамасы тыңдалып, «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ-тың корпоративтік даму жөніндегі басқарушы директоры Б.Айтілеу индустриялық-инновациялық дамудағы инновациялық саясат жайлы баяндады, ал Ауыл шаруашылығы вице-министрі Е.Нысанбаев Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың келешегі туралы әңгімеледі. Еуразия Ұлттық университетінің ректоры Е.Сыдықов С.Сейфуллиннің 120 жылдығына орай танымал сәкентанушылардың зерттеу жұмыстарына тоқтала келе, қазір Қазақ агротехникалық университеті қарышты дамуда деді. Сәкен атын иеленген университет ұжымы қашанда биіктерден көріне берсін деп сөзін түйіндей келіп, университетке жаңадан табылған Сәкен қолжазбасының түпнұсқасын тарту етті. «Сәкеннің қоштасуы» атты бұл өлең ақынның өз қолымен жазылып, бүгінгі күнге дін аман жетіп отыр. Конференцияда Германия, Польша, Италия, Эстониядан келген танымал жандар мен отандық ғалымдардың да соны, сүбелі баяндамалары тыңдалмақ. Екі күнге созылатын «С.Сейфуллин оқулары-10» халықаралық конференциясының алғашқы күні осындай құнды олжаның құтты орнына оралуымен есте қалып отыр.
Достарыңызбен бөлісу: |