Егемен Қазақстан. 2012. №149-151. 13 сәуір



Дата26.06.2016
өлшемі39.5 Kb.
#159017
Егемен Қазақстан. – 2012. - №149-151. – 13 сәуір

Захан С., Жусин Б.


Қауіпсіздік жүйесі – бәсекелестік кепілі

Қазақстанда тамақ өнеркәсібі саласын­дағы нарықтық экономи­ка­ның дамуы тамақ өнімдерін өндірудегі бәсекелестікті арттыра отырып, тұтынушылардың қа­жет­ті­лігін сапалы да қауіпсіз өніммен қамтамасыз ету арқылы жүзеге асырылуы тиіс. Осы мақ­саттың елімізде іс жүзінде орындалуы үшін тамақ өнімдерін өндіруді басқару ісіне жаңаша көзқарас жүйесін енгізу мәселесі қолға алынуда.

Қазіргі кезеңде тамақ өнер­кәсібі саласы шикізат, ингредиенттер мен технологиялық қоспа­лар, өніммен тікелей жанасатын орама, қапшық, буып-түю материалдары және өнімді өңдеу тех­нологиялық әдіс-тәсілдер­дің алуан түрлілігімен ерекшелене­ді. Осын­­дай жағдайда өндіріліп жат­қан тамақ өнімдерінің адам ден­саулығына, соның ішінде, әсіресе балалар мен жүкті әйелдер, сон­дай-ақ науқас адамдардың ден­сау­лы­ғына кері әсер ету, өміріне қатер төндіру фактілері жиі кез­деседі. Сонымен катар адамның  қоршаған ортаға зиянды іс-әре­кеттерінен туындайтын экология­ның ластануы, жеңіл жолмен пай­­да табуды көздеп, рынокқа жалған өнім енгізу фактілері азық-түлік өнімдерінің залалдануына себепкер болуда. Нәтижесінде, тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамта­ма­сыз ету мәселесі барған сайын күрделене түсуде. Мысалы, та­мақтан улану жөніндегі ста­тис­тикалық мәліметтерге жүгінсек, дүниежүзі бойынша минут сайын 5 жасқа дейінгі ба­лалардың бесеуі тамақ өнімдерінен туын­­даған аурулардан көз жұматын көрі­неді. Дүние­жү­зілік денсау­лық сақтау ұйымының  мәліметі бойынша, әр жыл сайын дамыған елдер халқының 30%-дан астамы тамақтан уланады, 2 млн. адам қауіпті тамақ өнім­дерін тұ­тыну салдарынан көз жұмады екен. Біздің елде тек 2010 жыл­дың өзінде тиісті талап­тарға сәй­кес келмейтін дәрі-дәрмек, азық-түлік қатарлы биологиялық текті өнімдерді пайдаланудың әсерінен 3400 адам уланған. Осындай жағ­дай­да елімізде тамақ өнімдері мен мал, жануар­­лар азығының қауіпсіздігін қам­тама­сыз ету үшін халықаралық деңгейде қабыл­данған нор­матив­тік-құқықтық тәжіри­бе­лерді пай­да­ла­нудың тиімділігі жоғары болмақ.

Қазақстан және ТМД елдері­нің азық-түлік өнеркәсібі саласында ұзақ уақыт бойы тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамта­­ма­сыз етудің озық тәсілдері болмады. Ал олардың өндірген өнім­дерінің сапасы мен қауіпсіздігі ескірген стандарттар мен техни­ка­лық шарттарға негізделіп кел­ді. Сондықтан әлемдік рынок кеңі­нен өріс алған қазіргі жағ­дайында халықаралық жоғары деңгейде әзірленген стандарт талаптарын ұлттық стандарт, нор­мативтік-құқықтық актілермен үй­лестіру, халық­аралық стандарттау ұйымының (ISO)  стандарттарын оңтайлы пайдалану­дың маңыз­дылығы аса жоғары болып отыр.

Халықаралық тәжірибеде та­мақ өнімде­рінің сапасы мен қауіп­сіздігін қамтамасыз ету мәселесі бойынша халықаралық стандарт ISO 22000:2005 «Тамақ өнімдері қауіпсіздігінің менеджмент жүйе­сі. Тамақ өнімдерін өндіру және тұтыну тізбегіндегі барлық ұйым­дарға қойылатын талаптар» қолданысқа енгізілген. Қазірде әлемнің көптеген елдерінде, со­ның ішінде Қазақ­стан да осы стан­дартқа негізделген мемле­кет­тік, ұлттық стандарттарды әзір­леп, бекіту, кеңінен қолдану үрдісі өріс алған. ISO 22000:2005 стандарты бірқатар беделді ұйым­дардың қатысумен әзірленді. Оларға «Codex Alimentarius» комиссиясы, Еуро­палық одақтың тамақ өнеркәсібі кәсіп­орын­дары­ның конфедерациясы, Тамақ қауіп­сіздігі бойынша ғаламдық бастама, Тамақ өнімдері қауіпсіздігі жөнінен бүкілдүние­жүзілік ұйым, Қонақ үй, мейрамха­на­лардың халықаралық қауымдастығы, т.б. жатады.

ISO 22000 стандартын әзір­леу­дің негізгі мақсаттарының бірі тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі саласындағы көптеген халық­аралық нормативтік құжаттарды үйлестіру болды. Нәтижесінде тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін басқаруды өнімнің барлық өмір­лік кезеңдерінде, яғни «фермадан шанышқыға дейін» немесе «егіс алаңынан үстелге дейін» үйлес­тіріп, жүзеге асыруға мүмкіндік туындады.

Тамақ өнімдерін өндіру мен тұтыну тізбегіне шикізат, жем-шөп даярлаудан бас­тап, тамақ өнімін өндіру, тасымалдау, сақ­тау, тұтынушыларға өткізу, кәсіп­орын, мекемелері түгелдей қам­тылады. Сонымен бірге тиісті құрал-жабдық, буып-түю материалдарын дайындайтын кәсіп­орын­дар, тағамдық қоспалар мен ингредиенттер, жуу, тазалау құ­ралдарын шығаратын мекемелер мен қызмет көрсету ұйымдары да осы тізбектен орын алады.

Осы халықаралық стандарт­тың негі­зінде 2006 жылы Қазақ­станда ҚР СТ ИСО 22000-2006 «Тамақ өнімдері қауіпсіздігінің менеджмент жүйесі. Тамақ өнім­дерін өн­діру және тұтыну тізбе­гіндегі барлық ұйымдарға қойы­латын талаптар» мемле­кет­тік стан­дарты әзірленіп, бекітілді. Бұл стандарт 2007 жылдың 1 шіл­десінен бастап күшіне енді. Тамақ өнімдерін өндірумен айналысатын кез келген ұйым осы стандартты негіздей отырып, тамақ қауіпсізді­гінің менеджмент жүйесін құрып, енгізе алады.

Сондай-ақ, республика аума­ғы бойынша адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақса­тын­да және тұтынушылардың мүд­десі тұрғысынан 2007 жылы «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы», 2010 жылы «Тұтыну­шы­лар­дың құқығын қорғау туралы» Қазақстан Республикасының заңда­ры қабылданды. Аталмыш заңдарда өнімді өндіру және тұтынушыларға жеткізу (өт­кізу) үрдісіне қатысушылардың жауапкер­шілігін арттыру мақсатында оларға қойы­латын талаптарды мейлінше күшейту, қауіпсіздікті қадағалау, бақылау шараларын жетілдіру көзделген. «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңда көрсе­тілгендей, сапасы тиісті талаптарға сай келмейтін тауарды тұтынушы сатушыға қайтарып беріп, оған төлеген ақшасын қайтарып алуға құқылы. Сондай-ақ, тұ­тынушы тауардың және көрсетілген қыз­мет­тің кемшіліктері салдарынан өміріне, денсаулығына немесе мүлкіне келтірілген зиянды толық көлемде өтетуге құқылы. Мәселен, «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» заңның 31-бабында қатерлерді талдау (бағалау және басқару) міндетті түрде жүргізілуі көрсетілген. Ал қатерлерді (қауіптілікті) талдаудың тиімділігіне ҚР СТ ИСО 22000 стандарты негізінде әзірленген тамақ өнімдері қауіпсіздігінің менеджменті жүйесі шеңберінде қол жеткізуге болатын­дығын тәжірибе айқын көрсетуде.

Елімізде соңғы жылдары тамақ өнеркә­сібі саласының кәсіпорындарына ҚР СТ ИСО 22000 стандарты негізінде тамақ өнімдері қауіпсіздігінің менеджменті жүйе­сін енгізу жұмысына көңіл бөлінуде. 2011 жылы осы жүйені енгізген кәсіпорын саны 65-ке жеткен. Халықаралық табысты кәсіпорындардың тәжірибесі мен біліміне негізделген тамақ өнімдері қауіпсіздігінің менеджменті тамақ өнімдерінің қауіпсіз­дігін қамтамасыз ету мәселесін кешенді түрде шешуге мүмкіндік береді.



ҚР СТ ИСО 22000 стандартының ар­тықшылығы тек өнімнің ғана емес, өндіру мен тұтынудың барлық кезеңдерін қамти­тын қауіпсіздіктің алдын алу, оны бол­дырмауға бағытталған бақылау жүйесін құрайтындығында. Себебі, тамақ өнімдері­нің қауіптілігі оларды өндіру және тұтыну­дың кез келген сатысында пайда болуы мүм­кін. Сондықтан, бақылау іс шаралары тамақ өнімдерін өндіру мен тұтынудың барлық тізбегінде жүргізілуі тиіс. Осылайша тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі оларды өн­діру және тұтынуға қатысушылардың бірлескен күш-жігері мен іс-әрекетінің арқасында ғана то­лықтай жүзеге асырылуы мүмкін.

Тамақ өнімдері қауіпсіздігінің менедж­менті жүйесін енгізу мәселесіне немқұ­райдылық таныту – әлемдік рынок бәсеке­лестігіне қазақстандық кәсіпорындарды қабілетсіз ете отырып, отандық тамақ өнімдерінің халықаралық саудадағы үлесін ұлғайтуға кедергі келтіретіні сөзсіз.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет