«Егемен Қазақстан» Республикалық газеті. ҚР мсм дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкиннің«Қазақстан үлкен сыннан абыроймен өтті» атты сұхбаты



Дата13.06.2016
өлшемі81.06 Kb.
#133849
«Егемен Қазақстан» Республикалық газеті. ҚР МСМ Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкиннің«Қазақстан үлкен сыннан абыроймен өтті» атты сұхбаты

Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин біздің тілшімізге сұхбат берді. Сұхбат барысында ағымдағы жылдың 10 наурызында Женевадағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Еуропа бөлімінде өткен БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңестің 28-отырысында БҰҰ дін немесе сенім бостандығы жөніндегі Арнайы баяндамашысының Қазақстандағы дін және сенім бостандығының қалыптасқан жағдайы туралы баяндаған есебінің қорытындысы туралы әңгімеледі.

– Ғалым Нұрмағамбетұлы, БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңес қандай ұйым және БҰҰ дін немесе сенім еркіндігі жөніндегі Арнайы баяндамашының мандаты қандай?

– Біріншіден, БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңестің 2006 жылдың ­ 15 наурызында БҰҰ Бас Ассамблеясымен құрылғанын атап өткен жөн. Бас Ассамблея әр 3 жыл сайын БҰҰ қатарындағы 189 мүше-мемлекеттің ішінен 47 мемлекетті Кеңес құрамына сайлайды.

БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңес – адам құқықтарын қорғау саласындағы жетекші халықаралық орган ретінде БҰҰ Бас Ассамблеясының аса маңызды құрамдас бөлігі. Қазақстан Адам құқықтары жөніндегі кеңестің 2013-2015 жылдар аралығындағы мүшелігіне алғаш рет 2012 жылғы 12 қарашада Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 67-отырысында қабыл­данды.

Бұл біздің еліміздің адамның әмбебап құқықтары мен бостандықтарын бірізді қорғау мәселесіндегі қол жеткізген жетістіктерінің БҰҰ тарапынан мойын­далғанын білдіреді. 2009 жылдан бастап адам құқығының әртүрлі салалары бойынша БҰҰ Арнайы баяндамашыларын елімізге шақырту шаралары басталды. Осы орайда, Арнайы баян­дамашыларды шақыру немесе шақырмау біздің еліміздің өзіне тиесілі құқы екенін және бұл шараның еліміз үшін міндетті еместігін айта кеткен жөн.

Дегенмен, Қазақстан өзінің изгі ниетін білдіре отырып, БҰҰ Арнайы баяндамашыларын біздің азаматтарымыздың құқықтарының хал-ахуалына қатысты барлық салалар бойынша танысуға шақырды. Екіншіден, БҰҰ Арнайы баяндамашысының мандаты қандай да бір мүше мемлекеттің шақыртуымен сол елге бара алу және адамның белгілі бір салалардағы құқықтарының жағдайын тәжірибелік тұрғыда тікелей көріп, таныса алу құқының бар екенін білдіреді. Осы орайда, Арнайы баяндамашы белгілі бір елдегі жағдайды бағамдауда ешкімнен, оның ішінде БҰҰ басшылығы мен оның бөлімдерінің пікір­лерінен тәуелсіз екенін айта кету қажет. Адам құқықтарының белгілі бір салалары бойынша дайындаған сарапшылардың баяндамалары – іс жүзінде БҰҰ-ның басқа мүшелерінің сол мемлекетке беретін мінездемесі.

– Енді БҰҰ дін немесе сенім еркіндігі жөніндегі Арнайы баяндамашысының елімізге жасаған іссапары туралы айта отырсаңыз. Осы аралықта мемлекеттік органдар тарапынан қандай іс-шаралар жүргізілді?

– Бұл біздің еліміз үшін жауапкершілікке толы үдеріс болды. БҰҰ Арнайы баян­дамашысының еліміздің дін саласын­дағы адам құқықтарын қорғау бойынша халықаралық міндеттемелерін жүзеге асыру барысымен танысу мақсатында Қазақстанға жасаған іссапары 2014 жылдың 26 наурызы мен 4 сәуір аралығында өтті.Іссапар алдында сол кездегі Қазақстан Республикасының Дін істері агенттігі еліміздің Сыртқы істер министрлігімен бірлесе отырып, Қазақстандағы діни сенім бостандығының жағдайы туралы елімізде аккредиттеуден өткен дипломатиялық корпус пен халықаралық ұйымдарға арналған брифинг өткізді.

Сол брифингте тұңғыш рет Дін істері агенттігімен дайындалған Қазақстан Республикасындағы діни сенім бостандығының жағдайы туралы баяндама көпшілік назарына ұсынылды. Онда Қазақстандағы діни сенім бостандығы жағдайы біздің ұстанымымыз тұрғысынан көрініс тауып, оның негізгі халықаралық өлшемдерге сәйкес келетіндігі дәйектелді.Қазақстан Үкіметі тарапынан Арнайы баяндамашының Қазақстан Республикасындағы дін және сенім бостандығы жағдайын объективті және жан-жақты зерттеуіне қажетті барлық жағдайлар жасалды.

Іссапар барысында БҰҰ Арнайы баяндамашысы, профессор Хайнер Билефельдт өз сұрауы бойынша Парламент депутаттарымен, адам құқығы жөніндегі уәкілмен, Дін істері агенттігі, Конституциялық Кеңес, Жоғарғы Сот, Қазақстан Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия, Сыртқы істер, Ішкі істер, Әділет, Қорғаныс, Мәдениет, Білім және ғылым министрліктері басшылығымен кездесу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар, оның зерттеу ұйымдарының басшылығымен және орта мектепке арналған «Дінтану негіздері» оқулығының авторларымен кездесуі ұйымдастырылды. Арнайы баяндамашы Алматы қаласы мен Қарағанды облысын да аралап, аймақ басшыларымен кездесіп, оқу орындарында болып қайтты.

Жалпы, БҰҰ Арнайы баяндамашысы еліміздегі ағымдағы діни ахуалмен, Қазақстандағы дін және сенім бостандығы жағдайымен, дін саласын реттейтін заңнамалармен және азаматтардың дін ұстану бостандығы құқығын қамтамасыз ету мақсатында қабылданып отырған шаралармен, мемлекеттік-конфессиялық және конфессияаралық қарым-қатынастарды реттеу тетіктерімен кеңінен таныса алды.

– БҰҰ Арнайы баяндамашысының Қазақстандағы дін және сенім бостандығы туралы жаса­ған қорытынды есебін дайындау жұмыстары қалай өтті? Қазақстан және БҰҰ тарапынан осы бағытта қандай жұмыстар атқарылды?

– Бұл бағыттағы жұмыстар Арнайы баяндамашы тарапынан қосымша ақпараттарды жинақтауды және Қазақстанның бастапқы есепте көрініс тапқан ұсыныстарды іске асыру мақсатында қолға алған шараларын талдауды қажет еткендіктен бір жыл бойы жүрді.

Арнайы баяндамашының қорытынды есебі әзірленіп жатқан кезде біздің тарапымыздан оның мандатында көзделген тетіктер арқылы осыған дейін берілген барлық ұсыныс пен ескерту бойынша Қазақстанның дәйектелген ұстанымы жазбаша түрде жолданып отырды. Біздің тарапымыздан жан-жақты сұрыпталған пікірлер ұсынылып, дін және сенім бостандығын қамтамасыз ету саласындағы Қазақстанның қол жеткізген айтарлықтай табыстарын қорытынды баяндамаға енгізуге ұсыныс жасадық.

– БҰҰ Арнайы баяндамашысы Қазақстанның Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу бастамасын қалай бағалайды?

 – Мен бұл сұраққа жауап беруді Женевада қорытынды есептің алдында біздің Арнайы баяндамашы мен оның сарапшыларымен екіжақты кездесу өткізгенімізден бастағым келеді. Мен өз тарапымнан бастапқы есепте көрініс тапқан ұсыныстарды жүзеге асыру бойынша бір жыл ішінде атқарған жұмысымызда қол жеткізген жетістіктеріміз мен нәтижелеріміз туралы айтып беріп, Қазақстанның осы бағыттағы жоспарлары туралы өз ойыммен бөлістім.

Осы ретте, Арнайы баяндамашының кездесу барысында Қазақстанға «конфессияаралық және ұлтаралық келісім үлгісі» ретінде баға бергенін және Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың бастамасымен дүниеге келген Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі Қазақстанның жаһандық деңгейдегі әртүрлі конфессиялардың өзара сенімге негізделген ықпалдастығын нығайту үдерісіне қосқан маңызды үлесі болып саналады деп пікір білдіргенін ерекше айта кету керек.

 – БҰҰ Арнайы баяндамашысы, профессор Хайнер Билефельдттің БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңес отырысында жасаған «Қазақстан Республикасындағы дін және сенім бостандығының жағдайы туралы» есебі қалай өтті? Есептің негізгі тұжырымдары қандай?

– Еліміздің халықаралық қауымдастықтағы атақ-беделі үшін айтарлықтай маңызға ие «Қазақстан Республикасындағы дін және сенім бостандығы жағдайы туралы» баяндама биылғы жылғы 10 наурызда Женевадағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Еуропа бөлімінде өткен БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңестің 28-отырысында тыңдалды. Яғни, Біріккен Ұлттар Ұйымының 189 мүше-мемлекеті, халықаралық ұйымдар, ҮЕҰ, БАҚ өкілдеріне Қазақстан Республикасындағы дін және сенім бостандығы жағдайы туралы салмақты әрі ауқымды шолу ұсынылды. БҰҰ Арнайы баяндамашысының Қазақстан бойынша жасаған баяндамасына баға берер болсақ, онда діни сенім бостандығын қамтамасыз ету саласындағы Қазақстанның қол жеткізген жетістіктеріне баса назар аударылғанын атап өту керек. Мәселен, Арнайы Баяндамашы «Қазақстанның көпконфессиялық қоғамы діни плюрализммен ерекшеленеді» дей отырып, «Қазақстан Республикасының Үкіметі орталық, өңірлік және жергілікті деңгейде дінаралық сұхбаттасуды ұйымдастыру арқылы елде орныққан конфессияаралық бейбіт қатар өмір сүруді қолдау және қорғау мақсатында бірізді саясат жүргізіп отыр» деп атап көрсетті. Осы ретте, Арнайы баяндамашының БҰҰ Кеңесі отырысында айтқан жалғыз ескертуі қазақстандық заңнамадағы діни бірлестіктерді тіркеудің міндетті шарты бойынша қолданыстағы заңнаманы одан әрі жетілдіру қажеттілігімен байланысты болғанын айта кету қажет. Мен Арнайы Баяндамашының ескертуіне қатысты өзімнің жауап сөзімде Қазақстанның жан-жақты пысықталған дәйекті ұстанымын білдіріп, БҰҰ Кеңесін Қазақстанда діни сенім бостандығын дамыту бағытында, оның ішінде діни топтарды қорғау және барлық діни бірлестіктердің бостан­дықтарының теңдігін қамтамасыз ету бойынша іске асырылып отырған шаралар туралы ­хабардар еттім.

 – БҰҰ Арнайы баяндамашысының ұсыныс­тарын жүзеге асыру бойынша Қазақстан тарапынан бүгінде қандай нақ­ты іс-шаралар атқарылды? Бұл жұмыста неге баса назар аударылып отыр?

– Біріншіден, біздің тарапымыздан өткен жылы мемлекеттік қызметкерлердің, оның ішінде құқық қорғау органдары қызметкерлерінің мемлекеттік-конфессиялық қатынастар мәселелері бойынша біліктілігін көтеру жұмыстары жолға қойылды. Екіншіден, біз мемлекет пен діни бірлестіктердің өзара әрекеттесуінің қосымша тетіктерін қалыптастырдық. Атап айтар болсақ, еліміздің барлық өңірінде және елордамызда Діни бірлестіктер өкілдері жиналыстарының тұрақты жұмыс жасауын ұйымдастырдық және қамтамасыз еттік. Бұл, өз кезегінде, діни бірлестіктердің бір-бірімен өзара әрекеттестігін жақсартып, бірлескен іс-шаралар ұйымдастырулары, қоғамдағы өздерінің қызметіне қатысты орын алған теріс түсініктерді жоюлары және қоғамдағы әлеуметтік мәселелердің шешімін табуына оң үлес қосуы үшін қажет. Үшіншіден, дін саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру шараларын талқылау ұйымдастырылуда. Біз осы мақсатта діни бірлестіктер басшыларының, тәуелсіз сарапшылар мен ҮЕҰ жетекшілерінің қатысуымен Консультативтік жұмыс тобын жасақтадық. Төртіншіден, мемлекеттік органдардың дін саласындағы заңдарды жүзеге асыруға бағытталған құқық қолдану тәжірибесі жетілдірілуде. Бесіншіден, біздің елімізде бүгінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының мемлекеттік мектептерде дін және сенімді оқыту жөніндегі Толедолық басшылыққа алу қағидаттарына сәйкес, дін саласындағы білім беруге ерекше назар аударылуда. Өзіңізге мәлім, біздің елімізде білім беру мен бала тәрбиелеу жүйесі, діни білім беру ұйымдарын есептемегенде, діннен бөлінген және зайырлы сипатқа ие. Елімізде 2009 жылдан бас­тап оқушылардың дін туралы ғылыми көзқарасын қалыптастыру, жастарды бейбітшілік, мәдени әралуандылық және өзге діндерге құрметпен қарау қағидатында тәрбиелеу бағытында «Дінтану негіздері» оқу пәні енгізілді.Қазіргі таңда біздің тарапымыздан мектеп оқушыларын оқыту бойынша жаңа бағдарлама әзірленді, ал «Дінтану негіздері» пәні бойынша жаңа оқулық, оқу құралы және хрестоматия дайындалу үстінде. 2016 жылдан бастап аталған курс «Зайырлылық және дінтану негіздері» деп аталатын болады. Оның аясында зайырлылық және діни экстермизмнің алдын алу мәселелеріне арналған тақырыптар күшейтілетін болады. Алтыншыдан, тұрғындардың әртүрлі топтары арасында кең ауқымдағы ақпараттық-ағартушылық жұмыстар жолға қойылды.

– Сіз атқарылған жұмыстарға қандай баға берер едіңіз? БҰҰ Арнайы баяндамашысы есебінің Қазақстан үшін нәтижесі қандай?

– Қазақстан БҰҰ жоғары инспекциясымен ұйымдастырылған жауапкершілігі үлкен сыннан абыроймен өтті. Біз, шын мәнінде, Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің оң бағасына ие болдық. Бұл оқиға әлемдік қоғамдастық алдында адам, оның өмірі, құқы мен бостандығы ең жоғары құндылық болып саналатын Қазақстанның зайырлы, демократиялық және құқықтық мемлекет ретіндегі беделінің одан әрі арта түсуіне оңды ықпалын тигізері сөзсіз. Бүгінгі таңда БҰҰ Арнайы баяндамашысының қорытынды ұсыныстарын бірізді және жүйелі түрде іске асыру бойынша жұмыстарды ілгерілету қолға алынды.



 – Әңгімеңіз үшін рахмет.

Теги:  Дін, Ғ.Шойкин, Қазақстан, Дін істері Комитеті, сенім бостандығы, БҰҰ Арнайы баян­дамашысы, Хайнер Билефельдт

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет