Егемен Қазақстан



Дата12.06.2016
өлшемі57.46 Kb.
#130463
Егемен Қазақстан. – 2015. - №62. - 7 сәуір

Күрішбаев А.Қ., С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры, профессор
Келешек көкжиегі
Қазақстанда өткізілетін маң­ыз­ды бес институттық реформалар қатарын индустрияландыру жә­не экономикалық өсу құрайды. Жә­не аса жауапты тапсырмалар аг­рарлық секторға жүктеледі.

Қазақстан Республикасы әлемге, ең алдымен, мұнай мен металды экспорттаушы мемлекет ретінде танымал. Аталған салада біз өзімізді маңызды ойыншы ретінде көрсете білдік, бұл бағытта әлемдік экономикада ойып тұрып өз орнымызды алдық. Алайда, бұл ресурстар қайта қалпына келтірілмейді, яғни күндердің-күнінде оларды тиімді өңдеу мүмкіндігі де сарқылады. Ол күн алыс та емес. Қазақстанның одан кейінгі экономикалық дамуы қандай болмақ?

Әлем халқы санының күн санап өсуімен қатар ауыл шаруа­шы­лығын қарқынды дамыту мүм­кіндіктерінің азаюы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мә­селесін өзекті етіп отыр. БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл­шаруашылық ұйымының мәліметі бойынша, 2050 жылға қарай Жер шарындағы тұрғындар саны 9 млрд.-тан асып, көптеген азық-түлік түрінің жетіспеушілігі екі есеге артады. Осы орайда, ішкі азық-түлік қажеттілігін қазірдің өзінде әрең қанағаттандырып отырған көптеген мемлекеттер ауылшаруашылық өнімдерін экспорттауға қауқарлы елдерге назар аударуда. Табиғи және әлеуметтік-экономикалық факторларға байланысты Еуразия континентінде өнімді экспорттауға қауқарлы елдер қатарында тек екі ел бар, олар – Қазақстан мен Ресей.

Біздің есебіміз бойынша, бүгінде Қазақстанда егістік жерлердің биоклиматтық әлеуетінің тек үштен бірі ғана пайдаланылуда. Одан өзге тыңайтылған жерлер, пайдаланылмаған жайылымдықтар мен шабындықтар бар, олардың көлемі 100 млн. гектарды құрайды. Әлемде мұндай ресурсқа ие елдер саны көп емес, сондықтан да жер қорымыздың байлығы бізге болашақта азық-түлік өндірісін арттыруға мол мүмкіндік береді.

Болашақты дәл болжай білген еліміздің басшылығы қазірдің өзінде экономикалық саясатта агроөнеркәсіптік кешенді дамы­туға басымдық беріп отыр. Бү­гінде біз Қазақстанның ауыл шаруа­шылығын дамытуға қаржы құйып, өндірілген өнімді импорттауға шетелдік инвесторлар тарапынан қызығушылықтың артқанын байқаймыз. Бірақ инвестиция тарту үшін ауыл шаруашылығының тиімділігін жоғарылату маңызды. Халықаралық ауылшаруашылық өнімі нарығынан тұрақты орын алу үшін, бірінші кезекте, адами капиталдың жоғары сапасы және озық инновациялық жобаларды дамытуға, қолдауға күш салуымыз қажет.

Осы бағытта ауыл шаруа­шы­лығы саласында әлемде көш бас­тап тұрған елдер қатарына кіру үшін, жүйелі, кешенді, әлем­дік тәжірибеден үлгі ала отырып көп шаруа тындыру керек. Елімізде аграрлық ғылым дамуына ерекше назар аудару әлемдік нарықта көшбасшылар қатарына шығу мақсатымен ұштасады. Мемлекет басшысының маңызды бастамаларының бірі – Назарбаев Университеті үлгісінде ауыл шаруашылығы саласында халықаралық деңгейдегі зерттеу университетін құру, бұл – С.Сейфуллин атындағы Қазақ аг­ро­техникалық университетіне тіке­лей қатысты әрі біздің ұжым үшін болашақ міндет-мақсаттарымызды айқындаған маңызды бастама.

Қазіргі қоғамда зерттеу уни­верситеттерін дамыту аграрлық ғылымның маңызды парадигмасы болып табылады. Австралия, Нидерланд сияқты технологиялық көшбасшы мемлекеттер бү­гінде аграрлық ғылымның ұлт­тық жүйесін аграрлық зерттеу университеттері базасында қалыптастыруда. Дәстүрлі аграр­лық ғылым салалық ғылыми инсти­туттар арқылы дамыған басқа да елдер осы жолды таң­дауда. Мәселен, аграрлық сала­дағы әлемнің көшбасшысы – АҚШ дүниежүзі бойынша ең ірі ауылшаруашылық зерттеу қыз­метіне ие бола тұра, соңғы бес жыл бойы аграрлық зерттеу уни­вер­ситеттерінің ғылымын мемлекет тарапынан қаржыландыру көлемін 3 есеге арттырды. Еуропада ең үздік аграрлық ғылым жүйесін қалыптастырған Францияның Ұлттық ауылшаруашылық зерттеу институты 2009 жылдан бері жоғары ауылшаруашылық мек­тептерді жетекші ғылыми-зерт­теулерге тарту саясатын жүргізуде.

Әлемдік аграрлық ғылымдағы мұндай өзгерістер себебі айқын: тек университеттер ғана ғылыми зерттеуді білім беру үдерісімен байланыстырып және озық инновацияларды игеруде барынша жылдамдыққа қол жеткізіп, білімді жетілдіру мен таратудың үйле­сімділігін қамтамасыз ете алады. Сонымен қатар, тек универ­­ситеттер ғана ғылым саласын жаңа идеялармен, жас талант­тар – зерттеудің заманауи әдістерін меңгерген жаңа формация ғалымдарымен тұрақты түрде қамтамасыз ете алады.

Біз болсақ, кеңестік кезеңде қалыптасқан аграрлық ғылымды ұйымдастыру жүйесінен шыға алмай, ғылыми мектептердің заманауи технологиялық даму динамикасына бейімдемей, ғылыми зерттеулерді салалық институттар еншісіне көшіре салдық.

Осыдан 20 жыл бұрын Нидер­ландта да осындай жағдай орын алған. Дегенмен, соңынан бар­лық салалық институттар Ваге­нин­ген университетінің құрамына берілді. Нәтижесі де көп күттір­ген жоқ: аталған зерттеу универ­ситеті аграрлық саланың зерттеу орталықтары рейтингінде көшбасшылық орынды тұрақты иеленіп, өз елінің әлемдік жетекші ауылшаруашылық державалары қатарындағы мәртебесін алуға үлес қосып отыр.

Қазақстан Республикасының 2011-2020 жылдарға арналған білім беруді дамыту мемлекеттік бағдарламасында осыған ұқсас реформа қарастырылған. Бұл бағытта елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен әлемдік жетекші зерттеу университеттері үлгісі негізінде құрылған Назарбаев Университеті табысты жұмыс істеуде. Оның қызметі негізіне қаланған автономдық қағидасы жоғары білім беру жүйесіндегі жетекші реформаның негізгі элементі болып саналады. Осы сызба бойынша бүгінде Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университеті рефор­малануда, С.Сейфуллин атын­дағы Қазақ агротехникалық универ­ситеті үшін де осы үлгі таңдалған.

Бірақ жалғыздан-жалғыз ха­лық­аралық деңгейдегі зерттеу уни­­верситетін құруға, әлем­де қа­­зірдің өзінде кеңінен таны­­­­лып, қолданылып жүр­ген жаңа­шылдықты қайта жасап шығаруға көп уақыт пен мол қар­жы кететіні баршамызға бел­гілі. Әлемде қалыптасқан үздіктің бә­рін алып, біздің жағдайы­мызға бейімдеу және енгізу – қазір­гі күннің көкейкесті міндеті. Сон­дықтан да біз үшін маңызды міндет әлемдегі табысты, бел­гілі серіктестерді іздестіру болып табылады. Әлемдегі жетек­ші ғалымдардың көмегімен, біз аг­рарлық саладағы №1 зерттеу университеті болып санала­тын Дэвистегі Калифорния универ­ситетімен (АҚШ) байланыс орнаттық. Көптеген елдер ұлттық аграрлық білім мен ғылым жүйесін аталған университеттің ұсынысы негізінде қалыптастырған болатын, әрі олардың бізбен ынтымақтасуға әзірлігі одан әрі реформалану үшін маңызды қадам болды. Бүгінде біз өзара ынтымақтастық туралы келісімшарт жасасып, магис­тратура үшін ортақ жаңа білім бағдарламасын әзірлеуге кірістік.

Бүгінгі таңда шетелдік зерттеу университеттері бағдарын сараптай отырып университеттің 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасы жасалды, ол барлық қажетті реформаларды жинақтап, болашақ дамуымыздың тұтас векторын қалыптастырды. Бағдарлама құзырлы мемлекеттік органдардың қарастыруына берілді, бірақ, өкінішке қарай, оны қаржыландыру туралы мәселе бүгінгі күнге дейін шешілген жоқ. Сөйте тұра, өз ресурстарымызға сүйеніп, біз бағдарламаны іске асыруға кірісіп кеттік. Оның ішінде тәжірибелік дайындықты күшейту мақсатында тәжірибе ұзақтығы 3 айдан 7 айға дейін ұзартылды, бірқатар мамандықтарға дуалды оқыту үлгісі енгізілуде. Ақмола облысы Целиноград ауданының аумағында шетелдік инвесторлардың қолдауымен заманауи эксперименталды кампус құрылуда.

Қазақстанның басқа универ­си­тет­терімен, ғылыми орталық­тарымен бәсекелестік күресінде ғылыми-зерттеуді әртараптандыру аясында ғалымдарымызбен жобаларды гранттық қаржыландыру көлемі 2,5 есеге арттырылды. Қосымша үш халықаралық ғылы­ми-техникалық бағдарлама ұлттық ғылыми кеңеспен мақұлданып, жоғары ғылыми-техникалық комиссияның қарарына енгізілді.

Әрине, бір жарым жыл ішін­де атқарылған жұмыстар – С.Сейфуллин атындағы Қазақ агро­техникалық университетін зама­науи, халықаралық деңгей­дегі қарқынды дамушы зерттеу университеті ретінде қалып­тас­тыру жолының алғашқы сатысы ғана. Бұл жол – біздің нақты анық­таған және күн сайынғы еңбекпен жаңа белестерін бағындырып келе жатқан жолымыз. Біздің оқу орнымыздың бұл талпынысы Мемлекет басшысының қара­пайым адамдар жүрегінен орын тапқан тек бір ғана бастамасы мыңдаған адамнан тұратын ұжым мәдениетін өзгертуге және оны елі­мізге қажетті нәтиже мен жетіс­тіктерге жетелеуге қаншалықты әсер еткенін байқатады. Бүгінгі таңда экономиканы түбегейлі жетілдіру саясатын толықтай қолдай келе, біз бола­шаққа сеніммен қараймыз. Білімді қаржыландыру, жастардың кәсіби дағдылары мен шығармашыл әлеуетін дамытуға жағдай жасау арқылы қазақстандықтар әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру мақсатын толықтай орындай алады және ауылшаруашылық саласында әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті ел ретінде танылатынына нық сенімдіміз.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет