Егемен Қазақстан



Дата13.06.2016
өлшемі37.5 Kb.
#131589
Егемен Қазақстан.- 2014.- №190.- 30 қырқүйек

Күрішбаев, А. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры, профессор.
Басты генератор

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Қазақ­стан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында 2050 жылға дейін Қазақстанды әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына енгізу туралы стратегиялық мақсат қойды. Алдағы белестерді бағындырып, бірінші кезекте республиканың индустриялық бағытын жаңартып, қолға алынған жобаларға тың серпін беру үшін бізге бірнеше бағытта инновациялық жаңашылдықты енгізу қажеттігі алға тартылды.

Бұл ретте біз бүгін отандық жоғары білім беру жүйесі толығымен реформа­лауды қажет ететінін айтуға тиіспіз. Қазақ­стан экономикасы 20 жылдан аса уақыт нарық талаптарына сай қызмет етуіне қарамастан, жоғары білім беру жүйесі орталықтандырылған және жоспарлы-әкімшілік әдіспен басқарылуда. Ал әлемнің дамыған елдері университеттерінде ғылыми-зерттеулердің тиімділігі мен білім беру үдерісінің сапасын қамтамасыз ететін автономды басқару моделі қалып­тасқан. Сол себепті отандық жоғары білім беру жүйесін жаңа сатыға көтеру үшін біз де мұндай ауқымды әлемдік үрдіс­терден қалыс қала алмаймыз. Қазақстан өз кезегінде әлемдік ғылым-білім қауымдастығының бір мүшесі бола отырып, уақытты оздырмай тың тәжірибелерді үйренуге, сондай-ақ, ел экономикасын жаңа бағытта дамытуға барынша мүдделі.

Университеттердің ғылым, білім сала­сындағы жеткен жетістіктерінің нақты мысалын алыстан іздеудің қажеті жоқ, олардың халықаралық рейтин­гісіне көз тастасақ, осының өзі көп жайт­ты аңғартады. Қазіргі уақытта әлем бой­ынша ең үздік жоғары оқу орында­рының көшбасшысы болып АҚШ универ­ситеттері топ бастауда. Бұл орайда ескерер жайт, АҚШ-тың оқу орындары жоғары сатыдағы жай ғана білім беру мекемесі емес, олар Құрама Штаттардың басты «ми орталығы», жаңашылдықтың, кешенді инновацияның қозғаушы күші болып табылады. Олар мемлекеттің интеллектуалды дамуына жауап береді. Сараптай қарасақ, АҚШ-тың экономикалық және технологиялық бағытта ұлы державаға айналу тарихы оқу орындарының инновациялық жаңалықтарынан басталады. АҚШ университеттерінің мұндай жетістігі кездейсоқтық емес, мақсатқа бағытталған мемлекеттік саясаттың нәтижесі болып табылады. Мұнда университеттердің басым бөлігі коммерциялық ұйым емес, сондықтан олар салық төлеуден босатылған. Түскен пайда ішкі қажет­тілік­терді өтеуге, мәселен, білім беру қыз­меті сапасын көтеруге, ғылыми-зерттеу мен инфрақұрылымды жетілдіруге бағыт­

талады. Сонымен қатар, университет­терге инвестиция тартушы бизнес үшін мем­­лекеттің қолдауымен арнайы салық­тық жеңілдіктер қарастырылған, бұл – ЖОО үшін қосымша қаржыландыру тетігі.

Тағы бір ерекшелік, Америка Құрама Штаттарының жоғары оқу орындарына академиялық еркіндік берілген, яғни олар бірегей, өзіндік оқу-бағдарламаларын қа­лыптастыруға, енгізуге, жаңа білім беру әдістерін қолдануға толық құқылы. Бұл ерекшелік оларға білім беру қызметтері сұраныстарына сай өзгерістерді уақы­тында енгізуге, жаңа ғылыми бағыт­­­тардың тууына, сонымен қатар, оқыту­шы­лардың кәсіби және ғылыми мамандандырылуын еңбек нарығындағы талаптарға сәйкес жүргізуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, АҚШ университеттері басқару жүйесі мен қаржыландыру сая­сатын да автономды түрде жүргізеді. Бұл жүйеде университеттердің беделі төмендемейді, керісінше, қаржы саласын­дағы шығындарды бақылау күшейтіледі. Біріншіден, университеттерде тиімді қаржы менеджменті енгізілген, нақтырақ айтсақ, бюджетті басқару стратегиялық даму жоспарына сай қатаң жүргізіледі. Екіншіден, ішкі және сыртқы қаржылық тексеріс тәжірибесі қатал талап деңгейінде бір жолға қойылған.

Әлемдегі дамыған елдердің табысты тәжірибесін сараптай келе, біз Қазақ­стандағы жоғары білім беру жүйесін осыған ұқсас қағидалармен жаңартуымыз керек. Өйткені, бұл – уақыт талабымен, озық адами капиталды дамыту қажет­тілі­гі­нен пайда болған сұраныс. Тек осындай шешім қабылдау арқылы ғана біз отан­дық жоғары білім берудің сапасы мен тиім­ділігін жоғары деңгейге көтере аламыз. Егер мемлекеттік жоғары білім беру саласын­да қазіргі жүйе сақталатын болса, қаржы­ны қан­ша жерден ұлғайтсақ та, бір шең­бер ішінде, тұйықталған кеңістікте қала береміз.

Егер біз алға қарай қадам басқымыз келсе, Қазақстандағы жоғары білім беру жүйесін әлемдік стандартқа сәйкес бейім­деуіміз қажет. Ол үшін әлемдік тәжіри­бедегі жоғары білім-ғылым жүйе­сін­­дегі реформаларды пайдаланып қана­ қоймай, жетекші ғылыми-зерттеу уни­верситеттерімен барлық бағытта әріп­тес­тік орнатып, білім беру мен ғылыми зерт­теу жүргізуде тәжірибе алмасу маңызды.

Ал ауыл шаруашылығы саласы туралы айтар болсақ, қазіргі таңда жаңа, озық технологияны толық меңгерген және оны өндіріске енгізе алатын талантты да қабілетті жас мамандар қажет. Бұл үшін жаңа ғылыми мектептер мен сұранысқа сай білім беруді қамтамасыз ететін бағдар­ламалар керек, себебі, біз қазір дамыған мем­лекеттерден әлдеқайда артта қалып отырмыз.

Біз үнемі фермерлерді ғылымға тарту қажеттігін айтамыз, оларға «біздің озық әдістерімізді меңгеру қажет» деп талап қоямыз, бірақ сөзден іске көшкен сәтті әлі де күтудеміз. Егер ғалымдар ауылшаруашылық саласын дамыту туралы жүйелі шешімдерін ұсына алса, фермерлер өздері-ақ ғылымға көңіл бөліп, қаржыландыру мәселесін де шешер еді.

Айта кетерлігі, ағымдағы жылдың маусым айында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті мен Дэвистегі Калифорния университетінің арасында оқу орнымызды «Назарбаев Университет» үлгісіндегі аграрлық-зерттеу университетіне айналдыру туралы әріптестік келісімге қол қойылды. Осы орайда баса айтып өтерім, Дэвистегі Калифорния университеті әлемдегі аграр­лық саладағы жетекші оқу орны болып табылады, оның тәжірибесін озық университеттер үлгі тұтады, оның жетістіктері көптеген елдерде ауыл­шаруашылық саласы мамандарын дайындаудағы негізгі темірқазық болып отыр. Біз аграрлық және техникалық ғылымдарды меңгерген әлемнің озық профессорларын әріптестік тәжірибе алмасуға тарта отырып, білім беру жұмысын ұйымдастыруды жаңа жолға қойып, жаңа бағытта дамытуға қол жет­кіземіз. Дэвистегі Калифорния университетінің білім беру жүйесін толық енгізе алсақ, біз үшін тиімді, жаңа­ша даму жолы болары сөзсіз. Себебі, бұл уни­верситеттің ғалымдары жас мамандар үшін қажетті білім беру мен тағылымдамадан өткізудің барлық тетігін айқындаған. Дәл осы тәжірибе негізінде Қазақстанда аграрлық жоғары оқу орындарындағы білім беру жүйесін реттесек, білім, ғылым, инновациялық кеңістіктегі артта қалушылықты жоюға қол жеткізер едік.



Бүгінде Қазақстанның алдында ауқымды инновациялық даму стратегиясын іске асыру мақсаты тұр, ал бұған қол жеткізу үшін, бірінші кезекте, жоғары оқу орындарына реформа жасауымыз қажет. Бұл бағытта біздің университеттеріміз әлемдік білім-ғылымға, тәжірибелерге есігін айқара ашып, халықаралық ғылым-білім қауымдастығына толыққанды мүше болуы керек.

Ол үшін біз әлемдік қолданыстағы жаңа ережелерді қабылдағанымыз абзал, яғни университеттің дербестігі қағи­дасынан бастап, ғылыми этиканы мүл­тік­сіз сақтау қағидаттарына дейін. Болон процесіне мүше болу арқылы Қазақ­стан бүгінгі таңда бұл бағыттағы ауқым­ды жұмыстарды бастап та кетті және алдағы бағындырар белестеріміз де көп.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет