Егемен Қазақстан.- 2014.- №220.- 11 қараша
Күрішбаев А.С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық
университетінің ректоры.
Жерді алдай алмайсың,
оны түсіне білу керек
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев елімізде астық өндірісінде мол өнімділікке қол жеткізуде жауын-шашынға тәуелді болмай, жаңа ғылыми технология жетістіктеріне сүйену қажеттігін атап көрсетті.
Бұл бағытта біз секілді жерді игерудің қуаңшылық аймақтарында орналасқан дамыған елдердің тәжірибесіне сараптама жасасақ, олар көп жағдайда табиғаттың кері әсерін төмендетуге мүмкіндік беретін нәтижелерге қол жеткізгендерін байқаймыз. Аталған елдер мұндай жетістіктерге қазіргі агротехнология әдістерін, атап айтсақ, жергілікті аймақтың табиғатына бейімделген жоғары өнімді сорттарды пайдалану арқылы және химиялық тыңайтқыштарды тиімді қолдану нәтижесінде қол жеткізген.
Шындығында, осы жыл еліміздің негізгі астықты алқаптары үшін астық дақылдарын өсіруде сынаққа толы болды. Алайда, барлық сәтсіздікті ауа райына жабуға болмайды, егер ұсынылған технологиялар толығымен сақталған болса, астық шығыны мұншалықты көп болмас еді.
Осы орайда көрнекті ғалым, академик Александр Бараевтың «Жерді алдай алмайсың, оны түсіне білу керек»,– деген сөздері есімізге түседі. Оның жетекшілігімен әлемге белгілі егіншіліктің топырақты қорғау жүйесі әзірленген болатын, ол жүйеге сай Қазақстанның солтүстігінде астық дақылдарын өсірудің барлық технологиялары егінді кеш дегенде 20 қыркүйекке дейін жинап алуға бағытталған еді. Себебі, бұл аймақ үшін күздің ерте түсуі – заңдылық. Еліміздің солтүстік аймағында аязсыз мерзім аз болатындықтан, мұнда 30% орташа мерзімінен ерте пісетін сұрыптар және 70% орташа мерзімде пісетін сұрыптар себілуі керек. Кеш пісетін сұрыптарды егу мәселесін бұл жерде айтуға да келмейді. Алайда, өндірісте бұлай емес. Бұл жерде кінә тек ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерде ғана емес. Мәселе – вегетациялық мерзімі қысқа, жоғары өнімді, жергілікті табиғат жағдайына бейімделген дәнді, майлы, бұршақ дақылдары сұрыптарының жеткіліксіздігінде.
Тағы бір назар аударатын мәселе. Қазақстанның солтүстік аймағында егіс жұмыстары 10 маусымға дейін созылады, ал егінді себудің қолайлы мерзімі 25 мамырда аяқталуы тиіс. Дәл осындай егістер осы жылдағыдай құрғақшылықтың, ерте түскен үсік пен жаңбырдың астында қалады.
Бүгінгі күні жиі қозғалып жүрген тағы бір маңызды мәселе – топырақ құнарлылығының апатты жағдайда төмендеуі. Мамандарға жақсы мәлім, топырақ – бұл күрделі биологиялық нысан, оның сапалы көрсеткіштерінің төмендеуін қалпына келтіре алмаймыз. Сондықтан болашақ ұрпаққа қандай жерді қалдыратынымыз қазіргі уақытта ойланатын мәселе.
Ғалымдардың мәліметтері бойынша, 20 жыл ішінде егінді топырақтарда қарашіріктің құрамы 20-30 пайызға, ал кей жағдайда 40 пайызға дейін төмендеді. Әсіресе, суарылатын жерлер қиын жағдайда қалды, олардың алқабы 2,5 миллионнан 1,1 миллион гектарға дейін азайды. Бұл судың тапшылығынан ғана емес, сонымен қатар, екінші рет жердің сортаңдануының нәтижесінен болып тұр. Кез келген басқа елдердегідей азық-түлік қорына кепілдікті қамтамасыз ететін суармалы жерлер – бұл «алтын қорымыз». Ал суармалы жерлердің отандық өсімдік шаруашылығында 35 пайызға дейін өнім берген жылдары болды.
Солтүстік Қазақстан мәселесіне орала отырып, минералды тыңайтқыштардың егіннің өнімділігін ғана емес, сонымен бірге, астықтың сапасын жақсартуға себепші болатынын атап өткім келеді. 80-жылдары Қазақстанда 3,5 миллион тоннаға дейін 1-2 кластағы жоғары протеинді астық өндірілді. Қазіргі уақытта жақсы жылдардың өзінде 10 есе кем аламыз.
Егер біз жеткілікті көлемде фосфорлы тыңайтқыш қолдансақ, аймақта астықтың пісуін шамамен 7 күнге дейін қысқартуға болады.
Бірақ фосфордың қолданыстағы заттегінің 1 гектарға қажетті 60 кг. мөлшерінің орнына бүгінде тек 3 кг. ғана жұмсалады, яғни тыңайтқыш қажетті мөлшерінен 20 есеге аз себіледі. 90-жылдары бұл көрсеткіш гектарына 30 кг.-ны құраған еді. Минералды тыңайтқыштарды пайдалану деңгейіміз алға жылжудың орнына, керісінше, 60-жылдарға кетіп барамыз. Сондықтан ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілердің тыңайтқыш қолдануын қадағалау үшін, мемлекет оларды арзандатуға қажетті мөлшерде субсидия бөліп, ауылшаруашылық мақсаттағы жерлердің тиімді пайдаланылуына тексеріс жүргізіп отыруы керек.
Астық шаруашылығы – агроөндірістік кешеннің табысты дамуын анықтайтын, елімізге экспорттан миллиардтаған кіріс әкеліп отырған басты саласы. Астықтың тұрақты өндірісіне еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі ғана емес, сыртқы нарықта оны сатудағы жылдар бойғы қол жеткізген орнымызды сақтап қалуымызға да байланысты.
Сондықтан мемлекет астық дақылдарын өсіру технологиясының сақталуын қадағалауды нарық еншісіне беріп қоймай, оны өзі ұйымдастырып, диқандарды осы талапты ұстануға ынталандыруы қажет.
Орын алған жағдаяттарды ескере отырып, алдымен астық шаруашылығының қазіргі жағдайы мен мәселелеріне, бұл саланы ғылыми тұрғыдан қамтамасыз етуді реттейтін мемлекеттік кешенді шараларды анықтауға, мемлекеттік мониторинг және бақылау жүргізуге, субсидиялау механизмін жетілдіруге мүмкіндік беретін объективті талдаулар жасалу керек. Осындай шаралар арқылы біз елдегі тұрақты астық нарығын дамытуға қол жеткіземіз.
Достарыңызбен бөлісу: |