Сыбайлас жемқорлықтың негізгі ұғымдары мен белгілерін түсіндіретін жадынама



бет1/5
Дата23.02.2016
өлшемі299 Kb.
#3124
  1   2   3   4   5
Сыбайлас жемқорлықтың негізгі ұғымдары мен белгілерін түсіндіретін ЖАДЫНАМА

Сыбайлас жемқорлықтың негізгі ұғымдары мен белгілері

Мемлекеттiк мiндеттердi атқаратын адамдардың, сондай-ақ соларға теңестiрiлген адамдардың лауазымдық өкiлеттiгiн және соған байланысты мүмкiндiктерiн пайдалана отырып не мүлiктiк пайда алу үшiн олардың өз өкiлеттiктерiн өзгеше пайдалануы, жеке өзi немесе делдалдар арқылы заңда көзделмеген мүлiктiк игiлiктер мен артықшылықтар алуы, сол сияқты бұл адамдарға жеке және заңды тұлғалардың аталған игiлiктер мен артықшылықтарды құқыққа қарсы беруi арқылы оларды сатып алуы сыбайлас жемқорлық деп ұғынылады («Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңының 2-бабы 1-тармағы).

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңында, сондай-ақ өзге заңдарда көзделген, заңдарда белгiленген тәртiптiк, әкiмшiлiк және қылмыстық жауапкершiлiкке әкеп соқтыратын сыбайлас жемқорлықпен жымдасқан немесе сыбайлас жемқорлық үшiн жағдай туғызатын әрекеттер сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтар (сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар) болып табылады.

Тәртіптік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар («Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң бойынша)

12-бап. Сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық               бұзушылықтар және олар үшiн жауапкершiлiк

1. Мемлекеттiк мiндеттердi атқаруға уәкiлеттiк берiлген адамдардың немесе соларға теңестiрiлген адамдардың мынадай:

1) басқа мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың қызметiне заңсыз араласу;

2) аталған адамдардың не олардың жақын туыстары мен жекжаттарының материалдық мүдделерiн қанағаттандыруға байланысты мәселелердi шешу кезiнде өздерiнiң қызметтiк өкiлеттiгiн пайдалану;

3) мемлекеттік қызметке және мемлекеттік ұйымдарға және жарғылық капиталындағы мемлекеттің үлесі елу пайыздан көп болатын ұйымдарға, оның ішінде акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтерге, ұлттық холдингтерге, ұлттық компанияларға, ұлттық даму институттарына, олардың дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайызынан астамы өздеріне тиесілі еншілес ұйымдарына, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайызынан астамы көрсетілген еншілес ұйымдарға тиесілі заңды тұлғаларға қызметке тұратын және қызметін жоғарылататын кезде заңда көзделмеген артықшылықтар беру (тамыр-таныстық, отбасылық жақындық).

4) шешiмдер әзiрлеу мен қабылдау кезiнде заңды және жеке тұлғаларға заңсыз артықшылық көрсету;

5) кiмге болса да табыс алуға байланысты кәсiпкерлiк және өзге де қызметтi жүзеге асыруда заңдарда көзделмеген кез келген жәрдем көрсету;

6) мемлекеттiк мiндеттерiн атқару кезiнде алынған ақпаратты, егер ол ресми жариялауға жатпайтын болса, жеке немесе топтық мүдделерге пайдалану;

7) берiлуi заңдарда көзделген ақпаратты жеке және заңды тұлғаларға беруден негiзсiз бас тарту, оны кешiктiру, бұрыс немесе толық емес ақпарат беру;

8) жеке немесе заңды тұлғалардың табыс етуi заңдарда көзделмеген ақпаратты бұл тұлғалардан талап ету;

9) мемлекеттiк қаржы ресурстары мен материалдық ресурстарды жекелеген кандидаттардың сайлау қорына беру;

10) жеке және заңды тұлғалардың арыз-өтiнiштерiн қараудың және өз құзыретiне кiретiн өзге де мәселелердi шешудiң заңда белгiленген тәртiбiн әлденеше рет бұзу;

11) жоғары тұрған ресми адамдардың лауазымдық өкілеттіктерін пайдалана отырып мүліктік пайда, игіліктер не артықшылықтар алу үшін аталған адамдарға сыйлықтар тарту және қызметтен тыс қызмет көрсету;

12) жеке немесе заңды тұлғаларға олардың құқықтары мен заңды мүдделерiн iске асыруда көрiнеу кедергi жасау;

13) кәсiпкерлiк қызметтi мемлекеттiк реттеу, сондай-ақ оған бақылау жасау және қадағалау өкiлеттiгiн сондай қызметтi жүзеге асырушы жеке немесе заңды тұлғаларға беру;

13-1) мемлекеттік бақылау мен қадағалау міндеттерін мемлекеттік орган мәртебесі жоқ ұйымдарға беру;

14) қызметi немесе жұмысы жөнiнен жоғары немесе төмен тұрған не өздерiмен өзге де түрде тәуелдi лауазымды адамдармен ақша немесе өзге де мүлiк салынатын сипаттағы құмар ойындар ойнауға қатысу әрекеттерi сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылықтар болып табылады.

 2. Мемлекеттiк мiндеттердi атқаруға уәкiлеттiк берiлген адамдардың немесе оларға теңестiрiлген адамдардың осы баптың 1-тармағының 1), 6), 7), 8), 10), 11), 12), 14) тармақшаларында аталған қандай да болсын құқық бұзушылықтарды жасауы, егер онда қылмыстық жазаланатын әрекеттiң белгiлерi болмаса, қызметiнен төмендетуге, ал төмен тұрған бос лауазым болмаған жағдайда – заңда белгiленген тәртiппен қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түрiнде тәртiптiк жаза қолдануға әкеп соғады.

 Алғашқы құқық бұзушылық үшiн тәртiптiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жылдың iшiнде аталған құқық бұзушылықтардың кез келгенiн қайталап жасау заңда белгiленген тәртiппен қызметiнен босатуға немесе мемлекеттiк мiндеттердi атқарудан өзгедей түрде босатуға әкеп соғады.

Мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттi адамдардың немесе оларға теңестiрiлген адамдардың осы баптың 1-тармағының 2), 3), 4), 5), 9), 13), 13-1) тармақшаларында аталған қандай да бiр құқық бұзушылықтарды жасауы, егер онда қылмыстық жазаланатын әрекет белгiлерi болмаса, заңда белгiленген тәртiппен қызметiнен босатуға немесе мемлекеттiк функцияларды орындауын тоқтатуға әкеп соғады.

3. Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутаттары немесе «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңның 3-бабы 3-тармағының 2) тармақшасында аталған адамдар осы баптың 1-тармағында аталған құқық бұзушылықтардың қандайын болса да жасаған жағдайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргiзушi органдар бұл жөнiнде тиiстi сайлау комиссиясына хабарлайды, ол бұларды материалдар келiп түскен күннен бастап бес күннiң iшiнде Парламенттiң назарына жеткiзуге мiндеттi.

13-бап. Игiлiктер мен артықшылықтарды заңсыз алуға байланысты сыбайлас жемқорлықпен құқық бұзушылықтар

 1. Мемлекеттiк мiндеттердi атқаруға уәкiлеттiк берiлген адамдардың немесе оларға теңестiрiлген адамдардың мынадай әрекеттерi игiлiктер мен артықшылықтарды заңсыз алуға байланысты сыбайлас жемқорлықпен құқық бұзушылықтар болып табылады:

1) өздерiнiң мемлекеттiк немесе оған теңестiрiлген мiндеттерiн атқарғаны үшiн, егер заңдарда өзгедей көзделмесе, өзi тиiстi мiндеттердi атқармайтын ұйымдардан, сондай-ақ жеке тұлғалардан ақша, көрсетiлетiн қызмет және өзге де нысандар түрiнде кез келген сыйақы қабылдау.

Мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берiлген адамның немесе оған теңестiрiлген адамның шотына көрсетілген адам хабардар етілмей келiп түскен ақша, сондай-ақ оның осы тармақшаның бiрiншi абзацын бұза отырып, тиісті функцияларды орындауына байланысты алған қаражаты олар анықталғаннан кейiн екi аптадан аспайтын мерзiм iшiнде тиiстi мемлекеттік кіріс органына мұндай қаражаттың түсуiнiң мән-жайы туралы түсiнiктеме табыс етiле отырып, республикалық бюджетке аударылуға жатады;

2) өзiнiң мемлекеттiк немесе оған теңестiрiлген мiндеттерiн атқаруына байланысты не қызметi бойынша өздерiне тәуелдi адамдардан жалпы қамқоршылығы немесе қызметінде бетімен жібергені үшін сыйлықтар алу немесе қызметiн қабылдау.

Аталған адам бiлмей келiп түскен сыйлықтар, сондай-ақ оның осы тармақшаның бiрiншi абзацын бұза отырып тиiстi мiндеттердi атқаруына байланысты алған сыйлықтары жетi күн мерзiм iшiнде арнаулы мемлекеттiк қорға тегiн өткiзiлуге тиiс, ал адамға нақ сондай жағдайлар кезiнде көрсетiлген қызмет үшiн республикалық бюджетке ақша қаражатын аудару арқылы ақы төлеуге тиiс. Өзiне сыйлықтар келiп түскен адам жоғары тұрған лауазымды адамның келiсiмiмен оларды аталған қордан тиiстi жерде қолданылып жүрген нарықтық бөлшек сауда бағасы бойынша сатып алуға хақылы. Сыйлықтарды сатудан түскен ақша қаражатын арнаулы мемлекеттiк қор республикалық бюджетке аударады;

3) жұбайының (зайыбының), туыстарының шақыруы бойынша олардың есебiнен;

егер қарым-қатынасы шақырылатындардың қызметтiк iс-әрекетiнiң мәселелерiн қозғамаса, өзге де жеке тұлғалардың шақыруы бойынша (жоғары тұрған лауазымды адамның немесе органның келiсiмiмен);

Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына немесе Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары мен шет мемлекеттердiң мемлекеттiк органдарының арасындағы өзара уағдаластыққа сәйкес тиiстi мемлекеттiк органдардың және (немесе) халықаралық ұйымдардың қаражаты есебiнен жүзеге асырылатын;

жоғары тұрған лауазымды адамның не органның келiсiмiмен, ұйымдардың қаражаты есебiнен ғылыми, спорттық, шығармашылық, кәсiби, гуманитарлық шараларға қатысу үшiн жүзеге асырылатын, оның iшiнде осындай қоғамдық бiрлестiктердiң (қорлардың) жарғылық қызметi шеңберiнде жүзеге асырылатын сапарларды қоспағанда, шетел, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларының есебiнен мемлекетішiлiк және шетелдiк туристiк, емдеу-сауықтыру және өзге де сапарларға шақыруды қабылдау;

4) несиелер, қарыздар алуда, бағалы қағаздар, жылжымайтын және өзге де мүлiктер сатып алуда заңдарда көзделмеген артықшылықтарды пайдалану.

2. Мемлекеттiк мiндеттердi атқаруға уәкiлеттiк берiлген адамның немесе оған теңестiрiлген адамның отбасы мүшелерiнiң аталған адам қызметi бойынша байланысты шетел, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларының есебiнен сыйлықтар мен қызмет, туристiк, емдеу-сауықтыру және өзге де сапарларға шақыруды қабылдауға құқығы жоқ. Мемлекеттiк мiндеттердi атқаруға уәкiлеттiк берiлген адам немесе оған теңестiрiлген адам жетi күн мерзiм iшiнде өзiнiң отбасы мүшелерi заңсыз алған сыйлықтарды арнаулы мемлекеттiк қорға тегiн өткiзуге және республикалық бюджетке ақша қаражатын аудару арқылы өз отбасы мүшелерi заңсыз пайдаланған қызмет құнын өтеуге мiндеттi.

3. Мемлекеттiк мiндеттердi атқаруға уәкiлеттiк берiлген адамның немесе оған теңестiрiлген адамның осы баптың 1 және 2-тармақтарында аталған сыбайлас жемқорлықпен құқық бұзушылықтардың қандайын болса да жасауы, егер онда қылмыстық жазаланатын әрекет белгiлерi болмаса, қызметiнен босатуға немесе мемлекеттiк функцияларды орындауын тоқтатуға әкеп соғады.

4. Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутаттары немесе «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңның 3-бабы 3-тармағының 2) тармақшасында көрсетiлген адамдар осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетiлген құқық бұзушылықтардың қандайын болса да жасаған жағдайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргiзушi органдар бұл жөнiнде тиiстi сайлау комиссиясына хабарлайды, ол материалдар келiп түскен күннен бастап бес күннiң iшiнде оларды Парламенттiң назарына жеткiзуге мiндеттi.



Әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар (2014 жылғы 5 шілдедегі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы ҚР Кодексі бойынша)

676-бап - Жеке тұлғалардың заңсыз материалдық сыйақы беруi

Жеке тұлғалардың мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген тұлғаларға немесе оларға теңестiрiлген тұлғаларға заңсыз материалдық сыйақы, сыйлықтар, жеңiлдiктер беруi не қызметтер көрсетуі, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi болмаса, –  екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.



677-бап - Мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген тұлғаның не оған теңестiрiлген тұлғаның заңсыз материалдық сыйақы алуы

Мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген тұлғаның не оған теңестiрiлген тұлғаның жеке өзi немесе делдал арқылы заңсыз материалдық сыйақыны, сыйлықтарды, жеңiлдiктерді не көрсетілетін қызметтерді ұсынған тұлғалардың пайдасына әрекеттерi (әрекетсiздiгi) үшiн осыларды алуы, егер мұндай әрекеттер (әрекетсiздiк) мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген тұлғаның не оған теңестiрiлген тұлғаның қызметтiк өкiлеттiктерiне кiретiн болса, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлері болмаса, – алты жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.



678-бап - Заңды тұлғалардың заңсыз материалдық сыйақы беруi

1. Заңды тұлғалардың мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген тұлғаларға немесе оларға теңестiрiлген тұлғаларға заңсыз материалдық сыйақы, сыйлықтар, жеңiлдiктер беруi не қызметтер көрсетуі, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi болмаса, –      жеті жүз елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер – бір мың бес жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

679-бап - Мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының заңсыз кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруы және заңсыз кiрiстер алуы

Мемлекеттiк органдардың, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының өздерiне заңнамада жүктелген функциялардан тыс кәсiпкерлiк қызметпен айналысуы не белгiленген қаржыландыру көздерiнен басқа материалдық игiлiктер мен артықшылықтар қабылдауы – осы ұйымдардың басшыларына алты жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.



680-бап - Мемлекеттiк органдар басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнiнде шаралар қолданбауы

Мемлекеттік органдар, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, Қазақстан Республикасының басқа да әскерлері мен әскери құралымдары басшыларының не жауапты хатшыларының немесе Қазақстан Республикасының Президентi айқындайтын өзге де лауазымды адамдарының сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға кiнәлi, өздерiне бағынысты адамдарға қатысты өз өкiлеттiктерi шегiнде шаралар қолданбауы не көрсетілген шараларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнаманы бұза отырып қолдануы не кiнәлi тұлғалардың тұрғылықты жерi бойынша салық органдарына тиiстi ақпаратты ұсынбауы – бір жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.



681-бап. Бұрын сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдарды жұмысқа қабылдау

 Мемлекеттiк органдар, мекемелер мен кәсiпорындар басшысының не ұлттық компаниялар, ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық даму институттары, сондай-ақ олардың еншiлес ұйымдары басшысының бұрын сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдарды жұмысқа қабылдауы – бір жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.



Сыбайлас жемқорлық қылмыстар (ҚР Қылмыстық кодексі бойынша)

189-бап. 3-бөлігінің 2-тармағы - Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу, яғни жымқыру мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттік берілген адам не оған теңестiрiлген адам не лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаса, егер осы әрекеттер өзiнiң қызмет бабын пайдалануымен ұштасса,

– мүлкi тәркiленiп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.



190-бап. 3-бөлігінің 2-тармағы - Алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену - мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адам не оған теңестiрiлген адам не лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаған егер ол өзінің қызмет бабын пайдалануымен ұштасса -

– мүлкi тәркiленiп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, үш жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.



215-бап. 2-бөлігінің 3-тармағы - Жалған кәсiпкерлiк, яғни кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыру ниетiнсiз, кредиттерді заңсыз алу немесе салықтан босату немесе тыйым салынған қызметті жасыру немесе өзге де мүліктік пайда алу мақсатында немесе осындай әрекеттердің жасалуына жәрдемдесу мақсатында жеке кәсiпкерлiк субъектiсiн құру не басқа заңды тұлғалардың олардың шешiмдерiн айқындау құқығын беретiн акцияларын (қатысу үлестерiн, пайларын) иемдену, сол сияқты оларға басшылық ету, егер бұл іс-әрекеттер азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке iрi залал келтiрсе, –мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адам не оған теңестiрiлген адам не лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаған дәл сол іс-әрекеттер, егер олар өзінің қызмет бабын пайдалануымен ұштасса - мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, үш мыңнан жеті мың айлық есептiк көрсеткiшке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзету жұмыстарына не үш жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

216-бап. 2-бөлігінің 4-тармағы - Іс жүзінде жұмыстар орындалмай, қызметтер көрсетілмей, тауарлар тиеп-жөнелтілмей шот-фактура жазу бойынша әрекеттер жасау.

Мүліктік пайда алу мақсатында жеке кәсіпкерлік субъектісінің іс жүзінде жұмыстар орындалмай, қызметтер көрсетілмей, тауарлар тиеп-жөнелтілмей шот-фактура жазу бойынша әрекеттерді азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі залал келтіріп жасауы – мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам не оған теңестірілген адам не лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаған іс-әрекет, егер ол өзінің қызмет бабын пайдалануымен ұштасса - мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, үш мыңнан жеті мың айлық есептiк көрсеткiшке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

 

217-бап. 3-бөлігінің 3-тармағы - Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету

Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру, яғни тартылған қаражатты қабылданған мiндеттемелердi қамтамасыз ететiн кәсiпкерлiк қызметке пайдаланбай, жеке және (немесе) заңды тұлғалардың ақшасын немесе өзге мүлкiн не оған құқығын қайта бөлу және бiр қатысушыларды басқалардың жарналары есебiнен байыту арқылы осы активтердi тартудан табыс алу (мүлiктiк пайда табу) жөнiндегi қызметті ұйымдастыру, сол сияқты қаржылық (инвестициялық) пирамидаға немесе оның құрылымдық бөлімшесіне басшылық ету - мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адам не оған теңестiрiлген адам не лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаған іс-әрекеттер, егер олар өзінің қызмет бабын пайдалануымен ұштасса, – мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан жеті жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, бес жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

 218-бап. 3-бөлігінің 1-тармағы - Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату)

Қылмыстық және (немесе) әкімшілік құқық бұзушылықтардан түскен табыстар болып табылатын мүлікті конверсиялау немесе аудару түрінде мәмілелер жасасу арқылы қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңды айналымға тарту, егер мұндай мүлік қылмыстық және (немесе) әкімшілік құқық бұзушылықтардан түскен табыстар болып табылатыны белгілі болса, оның шынайы сипатын, көзін, орналасқан жерін, оған билік ету, оны ауыстыру тәсілін, мүлікке құқықтарды немесе оның тиесілігін жасыру немесе жасырып қалу, сол сияқты осы мүлікті иелену және пайдалану немесе қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыруға делдалдық ету, егер бұл іс-әрекеттер айтарлықтай мөлшерде жасалса, – мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адам не оған теңестiрiлген адам не лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаған іс-әрекеттер, егер олар өзінің қызмет бабын пайдалануымен ұштасса - мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.



234-бап. 3-бөлігінің 1-тармағы - Экономикалық контрабанда

Кедендік бақылаудан тыс немесе одан жасырын не құжаттарды немесе кедендiк сәйкестендiру құралдарын алдап пайдалану арқылы жасалған не декларациялаусыз немесе анық емес декларациялаумен ұштасқан, iрi мөлшерде тауарларды немесе өзге де заттарды, оның ішінде осы Кодекстiң 286-бабында көрсетiлгендерiн қоспағанда, кедендiк шекара арқылы өткiзуге тыйым салынған немесе өткiзу шектелген, кедендiк шекара арқылы өткiзудiң арнайы қағидалары белгiленген тауарларды, заттар мен құндылықтарды Кеден одағының кедендiк шекарасы арқылы өткiзу – мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адам не оған теңестiрiлген адам не лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаған іс-әрекеттер, егер олар өзінің қызмет бабын пайдалануымен ұштасса - мүлкi тәркiленiп, белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, үш жылдан сегiз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.



249-бап. 3-бөлігінің 2-тармағы - Рейдерлiк

Жоғары органның шешiм қабылдауы кезiнде жиналыстың, отырыстың хаттамаларына, олардан үзiндi көшірмелерге дауыс берушiлердiң саны, кворум немесе дауыс беру нәтижелерi туралы көрiнеу анық емес мәлiметтердi енгiзу не дауыстар санауды немесе дауыс беруге арналған бюллетеньдердiң есебiн көрiнеу дұрыс емес жүргiзу, акционердiң, қатысушының, басқару органы мүшесiнiң немесе атқарушы орган мүшесiнiң дауыс беруге нақты қолжетiмдiлiгiн бұғаттау немесе шектеу, жиналыстың, отырыстың өтуi туралы мәлiметтердi хабарламау не жиналыстың, отырыстың өтетiн уақыты мен орны туралы анық емес мәлiметтердi хабарлау, көрiнеу жалған сенiмхатпен акционердiң, қатысушының немесе басқару органы мүшесiнiң атынан дауыс беру жолымен, дауыс беру нәтижелерiн қасақана бұрмалау не құқықты еркiн iске асыруға кедергi келтiру нәтижесiнде, бағалы қағаздарды артықшылықпен сатып алу құқығын бұзу, шектеу немесе оған қысым жасау, сол сияқты бағалы қағаздарды артықшылықпен сатып алу құқығын iске асыру кезiнде қасақана кедергiлер келтіру жолымен заңды тұлғадағы қатысу үлесiне меншiк құқығын, сол сияқты заңды тұлғаның мүлкi мен бағалы қағаздарын заңсыз иемдену немесе заңды тұлғаның үстiнен бақылау орнату не азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтарына немесе заңмен қорғалатын мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерiне елеулi зиян келтіруге әкеп соққан өзге де заңсыз тәсiлдер – мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берiлген адам не оған теңестiрiлген адам не лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаған іс-әрекеттер, егер олар өзінің қызмет бабын пайдалануымен ұштасса, – мүлкi тәркiленiп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, жетi жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.



307-бап. 3-бөлігінің 3-тармағы - Заңсыз ойын бизнесiн ұйымдастыру

Ойын мекемесiн заңсыз ашу не ұстау немесе ойын бизнесi саласындағы қызметтi заңсыз ұйымдастыру, сол сияқты заңсыз ойын бизнесі үшін үй-жайлар беру не Қазақстан Республикасының ойын бизнесі туралы заңнамасында белгіленген орындардан тыс құмар ойындарын ұйымдастыру және өткізу не ойын бизнесі саласындағы қызметі лицензиясыз жүзеге асыру – мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берiлген адам не оған теңестiрiлген адам не лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам өзi немесе сенiм білдірген адам арқылы заңда белгiленген тыйым салуға қарамастан жасаған іс-әрекеттер, егер бұл іс-әрекеттер мұндай қызметте жеңiлдiктер мен артықшылықтар берумен немесе өзге нысандағы жақтаушылығымен байланысты болса, – мүлкi тәркiленiп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, төрт жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.



361-бап. Лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану

1. Мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамның не оған теңестірілген адамның өздерінің қызметтiк өкiлеттiктерiн өзi немесе басқа адамдар немесе ұйымдар үшін пайда мен артықшылықтар алу не басқа адамдарға немесе ұйымдарға зиян келтiру мақсатында қызмет мүдделерiне қайшы пайдалануы, eгep бұл азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерiне не қоғамның немесе мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүдделерiне елеулі зиян келтіруге әкеп соқса, –

мүлкі тәркіленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

2. Лауазымды адам жасаған дәл сол іс-әрекет –

мүлкі тәркіленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, төрт мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, жауапты мемлекеттiк лауазымды атқаратын адам жасаған іс-әрекет –

мүлкі тәркіленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, алты мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

4. Осы баптың бірінші, екінші немесе үшінші бөліктерінде көзделген, ауыр зардаптарға әкеп соққан не қылмыстық топтың мүддесіне орай жасалған іс-әрекеттер –

мүлкі тәркіленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, төрт жылдан сегіз жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет