Экологиялық апат табиғат пен қоғам арасындағы тепе-теңдіктің күйреуі



Дата03.07.2022
өлшемі16.62 Kb.
#459595
Дидактикалық материал


Экологиялық апат — табиғат пен қоғам арасындағы тепе-теңдіктің күйреуі. Экологиялық апат кезінде төтенше жағдайлар туып, табиғи экожүйелер мен әлеуметтік жағдайлар күрт өзгереді, жалпы тіршілікке, соның ішінде адамның қалыпты өмір сүруіне қауіпті жағдай төнеді. Экологиялық апатқа ұшыраған аумақтардағы табиғат өзгерістерін бастапқы қалпына келтіру мүмкін болмайды. Сондықтан Экологиялық апат қайтымсыз құбылыс болып саналады. Экологиялық апаттың таралу деңгейіне қарай: ғаламдық, аймақтық және аумақтық (жергілікті) деп бөлінеді.
Ғаламдық Экологиялық апат бүкіл биосферадағы табиғи процестерге әсер етіп, барлық адамзатқа қауіп төндіреді. Мысалы, климаттың ғаламдық жылынуы, Әлемдік мұхиттардың ластануы, озон қабатының (озонсфера) жұқаруы, қышқылды жаңбырдың жаууы, т.б. Экологиялық апаттың пайда болуына әсер ететін жағдайларға байланысты табиғи және антропогендік (техногендік) болып бөлінеді. Экологиялық апаттар көбіне кенеттен болатын табиғи жағдайлардың әсерлерінен (жерсілкіну, жанартау атқылау, құйынды борандар, су тасқындары, т.б.) және ұзақ уақытқа созылған экология дағдарыс зардаптарынан пайда болады. Соңғы кезде адамның іс-әрекеттерінің тікелей немесе жанама әсер етуі де себепші болуда. Табиғи Экологиялық апаттардың ертедегі геология замандарда да оқтын-оқтын болып тұрғаны – ертеде теңіздерде тіршілік еткен жануарлардың қаңқа қалдықтарының көптеп табылуы дәлел болады. Мысалы, палеозойдың ордовик кезеңінің соңында екі рет жойқын Экологиялық апат болған. Оған Әлемдік мұхиттар деңгейінің алғаш күрт төмендеуі және екінші рет оның күрт көтерілуі әсер етіп, бұрынғы тіршілік еткен теңіз жануарларының көптеген түрлері толықтай жойылып кеткені дәлел. Кейде ғылым-технология прогрестің қарқынды дамуының өзі Экологиялық апаттарға әкелетіні белгілі. Мысалы, 1945 жылы атом бомбасының қолданылуы, 1986 жылы Чернобыль АЭС-сындағы техногендік апат, т.б. 20 ғасырда адам қолымен жасалған Экологиялық апатқа Арал теңізінің тартылып қалуы жатады; қ. Арал апаты
Экологиялық дағдарыс – қоғам мен табиғат арасындағы қатынастарда қарама-қайшылықтың күрт шиеленісуі. Қоршаған ортаны қорғау және дамыту жөніндегі халықаралық конференциялар (Стокгольм, 1972, Рио-де-Женайро, 1992) Экологиялық дағдарысты қазіргі заманның ғалами мәселелерінің бірі деп ресми түрде таныған. Экологиялық дағдарыс 20 ғасырдың 2-жартысынан бастап күшейе түскен шектен тыс антропогендік ықпалдың салдарынан жаратылыста табиғи үдерістердің бұзылуынан (ғылыми-технология революцияның болжап білуге болмайтын зардаптары, энергияны тұтынудың көбейе түсуі, қазба отынды жағу, демографиялық дүмпу, қарулы қақтығыстар) пайда болды.
Экологиялық дағдарыстан экология апатты ажырата білу керек: дағдарыс адамның белсенді әрекетінен болатын қайтымды күй, апат – қайтымсыз құбылыс, адам мәжбүрлі түрде енжар, зардап шегуші тарап (мысалы, ұзаққа созылған қуаңшылық, малдың жаппай қырылуы). Қоршаған ортаның ластануы адамның, әсіресе өндірістің әсері нәтижесінде түрлі нысандарда көрініс табады. Олар: контоматация (ортаның инертті материалдарға қанығуы), уыттану (хим. активті субстанциялармен қанығу, радиациямен ластану, ұзақ жасайтын радионуклидтермен ластану), электро-магниттік детериорация, деструкция (табиғи құрылымдардың бұзылуы), пейоризация (ландшафт әсемдігінің бұзылуы), т.б. Бұл нысандар көбінесе кешенді түрде әрекет етіп, табиғи үдерістерді қатерлі түрде бұзады, сөйтіп, сайып келгенде, биосфераның түгел азып, өркениеттің опат болуына апарып соқтырады. Қазіргі жағдайда ғалами қауіпті үш үрдіс байқалып отыр. Олар: атмосфера құрамының өзгеруі; осының салдарынан “парникті әсердің” күшеюі және климаттың жыли бастауы, мұның өзі мұздың еріп, мұхит деңгейінің апатты түрде көтерілуіне апарып соқтыруы мүмкін; жер төңірегінің ғарыштық аппараттардың қалдықтарымен ластануы. Бұдан басқа қосалқы ғалами ауқымдағы төрт үрдіс те қатерлі. Олар: әлемдік мұхиттың мұнай қабыршағымен ластануы, мұның өзі гидросфера мен атмосфера арасындағы энергия алмасу мен масса алмасуды бұзады; жануарлар дүниесі мен өсімдіктер дүниесінің түрлік құрамының және олардың зәузаттық қорының қысқаруы; Жер бетіндегі тіршілікті Күннің қатал ультракүлгін сәулесінен қорғайтын озон қабаттың қысқаруы; оттектің басты “фабрикасы” орманды шабу, кесу (дамушы трофикалық елдерде) салдарынан да, қышқыл қалдықтарынан зақымдануы салдарынан да оның азып-тозуы. Кейбір аймақтарда Экологиялық дағдарыс экология қасірет деңгейіне жетті (Арал өңірі, Семей полигоны аймағы, Чернобыль, Гималай аймағы, Амазония, көптеген индустриялық агломерациялар). Қазіргі кезде Экологиялық дағдарыстың жай-күйі ұғынылды, тиісті ғылыми орталықтар, әлемдік ауқымдағы институттық, ұлттық деңгейдегі органдар – министрліктер дәрежесіндегі органдар құрылды. Тиімді экология саясаттың ғылыми негіздері тұжырымдалды, Экологиялық дағдарысты шиеленістіретін бірқатар әрекеттерге жол бермеу (қазба отынды тұтыну көлемін қысқарту, энергияның экология қауіпсіз көздерін пайдалануға көшу, озон қабатын бұзатын заттардың шығарылуын қысқарту, кит тәрізді жануарлар мен басқа да жануарлардың түрлерін аулау кәсіпшілігіне тыйым салу, т.б.) жөніндегі халықаралық уағдаластыққа қол жеткізілді. Табиғатты қорғау жолындағы, қауіпті технологияларға қарсы халықаралық қоғамдық қозғалыстар кең ауқымды сипат алды. Экологиялық дағдарысты еңсеру шараларының жүйесіне елеулі нышан ретінде халыққа экология тәрбие беру енгізілді.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет