Семей полигоны тарихтың қасіретті беттері



Дата30.05.2023
өлшемі30.76 Kb.
#474513
Семей полигоны


Семей полигоны – тарихтың қасіретті беттері
Мақсаты:
1. Оқытып үйрету: Оқушыларға Семей өңірінде жүргізілген ядролық сынақ және оның зардаптары туралы мәліметтер беру. Қоршаған ортаның ластануы тіршілік иелеріне өте зиян келтіретінін айтып, келешекке табиғат тағдыры өз қолдарында екені туралы толық түсініктер беру. Семей полигонын жабуға күш салған Н. Ә. Назарбаев, О. Сүлейменов, К. Бозтаев, Х. Матаев, Н. Сабильянов, М. Аймақов сынды қоғам қайраткерлерімен таныстыру, олардың өнегелі өмірлерін үлгі ету.
2. Тәрбиелік: Өз ата-мекенін сүюге тәрбиелеу. Өз еліне, өз туған жеріне сүйіспеншілігін сақтай отырып оның табиғатын, табиғат байлықтарын қорғауға ұмтылдыру. Мәнерлеп оқуға, сахналық өнерге баулу.
3. Дамыта оқыту: Жер бетіндегі тіршілік атаулының қайнар көзі - күн, су, ауа жайлы және олардың денсаулыққа пайдасын, пайдалану жолдары туралы түсініктерін кеңейту. Оқушылардың жоғары деңгейде қабылдауын, логикалық ой қорытуын дамыту.
Сабақтың көрнекілігі:
1. Интерактивті тақта материалдары
2. Эмблема: Экология және балалар
3. Ядролық жарылыстар - видео фильмдер, ядролық жарылыстан зардап шеккен адамдардың суреттері - слайдтар.
4. Н. Ә. Назарбаев, О. Сүлейменов, К. Бозтаев т. б. суреттері мен кітаптары.
5. Ұлы адамдар сөзінен цитаталар.

БАРЫСЫ:
1 - жүргізуші: Армысыздар ардақты қонақтар, ұстаздар, аяулы оқушылар. Бүгінгі «Семей полигоны - тарихтың қасіретті беттері»атты экологиялық кешімізге хош келдіңіздер!
(Интерактивті тақтадан «Детство»күйі ойнап жатады. Әсем күйдің ырғағымен интерактивті тақтадан қазақ елінің көркем табиғаты көрсетіліп жатады)
1 - оқушы:
Шықшы тауға, қарашы кең далаға,
Мәз боласың, ұқсайсың жас балаға,
Ол шеті мен бұл шетіне жүгірсең,
Шаршайсың ба, құмарың бір қана ма?
Уа, дариға, алтын бесік - туған жер,
Қадіріңді келсем білмей, кеше гөр!
Жата алмас ем топырағыңда тебіренбей,
Ақын болмай, тасың болсам мен егер.
Неткен байтақ, неткен ұлы жер едің,
Нендей күйге жүрегімді бөледің!

2 - оқушы:
Сенде тудым, сенде өстім, сенде өлсем,
Арманым жоқ бұл дүниеде дер едім!
Мен де өзіңдей байтақ едім, кең едім,
Қызығыңды көріп еркін келемін.
Сен де аямай бердің маған барыңды.
Мен де аямай барым саған беремін
Болдым ғашық, туған дала мен саған
Алыс жүрсем, арманым сен аңсаған
Жақын жүрсем, мен төрінде рахаттың,
Алтын діңгек - өзім туған босағам!
Ортаға ЖЕР - АНА шығады:
- Уа адамзат перзентім, мен ЖЕР - АНАМЫН. Бар байлығым сендер үшін, бал татыған суыммен, түгінен майы шыққан топырағым да сендердің игіліктеріңе арналған. Табиғатым тірі жанның дертіне шипа, көңіліне шаттық сыйлайды. Қараңдаршы айналаға қандай тамаша! Күннің шуағы да жер бетіне бар мейірімін төгеді.(Кенет қабағын түйіп)
Бірақ, бірақ менің төл перзенттерім мұның барлығын бағаламай, маған да, өздерінің болашақтарына да қауіп төндіруде. (Жер - Ана кетіп қалады)
Осы кезде қатты дауылдың дауысы естіледі. Интерактивті тақтадан ядролық сынақ туралы видео көрсетіледі.
Ендігі сөз кезегі Ядролық жарылыстар мен оның зардаптары туралы болмақ.

1 - жүргізуші:
Кең пейілді, дархан жүректі, қонақжай елімнің байтақ жерінен басқа жер таппағандай Абай, Шәкәрім сынды ғұламалар туған жерді атом бомбасының сынақ алаңына айналдырғандар талай жанның көз жасына қалғаны хақ.
«Елім - ай»әнінің әуені ойнап тұрады. Ортаға оқушылар шығады. Қабақтары қатулы.

1 - оқушы:
1947 жылы 21 тамызда КСРО Үкіметінің арнайы қаулысымен «Семей - 21» деген шартты атаумен жаңа жасырын қала пайда болды. Қала әскери - өнеркәсіптік кешеннің мүлде жаңа құрылымына яғни ядролық сынақ полигонына толық қызмет етуге тиіс болды. Алға қойылған міндеттерін бұрын соңды көз көріп құлақ естімеген құрамы ескеріле отырып, ядролық сынақ полигонына жақын орналасқан жайылымдар, шабындықтар, таулы қыраттар есебінен 18 мың шаршы км - дей жер бөлініп берді. Осынау полигонның кемел инфрақұрылымы: Курчатов қаласын, реакторлар кешенін, «Балапан», «Г»(Дегелеңдегі сейсмокешен), «Ш»сынақ алаңдарын, толып жатқан басқа да ұсақ тәжірибелік алаңдарды қамтиды.

2 - оқушы:
Семей ядролық полигонындағы сынақтардың жалпы саны 456 ядролық және термоядролық жарылысты (жылына 14 - 18 сынақ) құрады. Олардың 116 - сы ашық болды, жер бетінде, әуе кеңістігінде жасалды. Сынақтан өткізілген ядролық зарядтардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп болды.

3 - оқушы:
1949 жылы 29 тамызда тұп - тура таңғы сағат 7 - де Семей ядролық сынақ полигонында тұңғыш рет КСРО мемлекетінің ядролық қаруы сыналып, қуаты 20 килотонналық РДС - 1 плутоний заряды жер бетінде жарылды. Көз ілеспес жылдамдықпен ұлғайып бара жатқан отты доп кенеттен Жер денесіне қадалып, оны шарпып өтіп аспанға көтерілген. Таяу жердегі сирек ауылдарда тұратын адамдар дір ете түскен жер мен жарты аспанды алып кеткен от - жалынға таңырқап қарап тұрған. Жалғыз түп шөп қалмаған түтігіп қарайып кеткен даланың тұл жамылғысы. Жан - тәсілім алдында жанталасқан тышқан, қарсақ, кесірткелердің өлі денесі табылған.

4 - оқушы:
Бұл КСРО - да тұңғыш атом бомбасының жарылуы еді. Полигонда жаңа танталды жұлдыздың тууын Лаврентий Берия, Сергей Курчатов, әскери бастықтар мен атақты ғалымдар, Кеңестік атом бомбасының толып жатқан идеологиялық, идеялық және техникалық аталары тасадан бақылап тұрды. 1949 жылғы алғашқы жер бетіндегі жарылыстан бастап Семей және Павлодар облыстарының радиациялық сәулелену ықпалына ұшыраған басқа аумақтардың тұрғындарының арасында сырқат санының ұдайы өсіп келе жатқаны байқалды. Бұлар өкпе мен сүт бездерінің рагы, лимфогемобластоз және басқа да қатерлі ісікті патологиялар. Жалпы алғанда қатерлі ісік аурулары сынақтар басталғалы бері 3 есе өсті. Семей полигонына жақын аудандарда жетілуінде, тәндік және есту кемшіліктері әрқилы сәбилер дүниеге көп келді. Біздің Аягөз ауданы облыс бойынша сүт безі рагы ауруы жағынан 1 орында тұрмыз, асқазан, өкпе, жатыр мойыны ісігі де одан кейінгі орындарда. Сүт безі обырынан осы жылдың 9 айының аралығында 2 әйел қайтыс болды. Мамандардың айтуынша соның бәрі нақ қысқа мерзімді және қалдықты радиацияның кесірінен болатын генетикалық мутациямен байланысты.

5 - оқушы:
«Заман - ай»- Қазақстандағы Семей полигонының қасіретіне арналып шығарылған ән. Бұл әннің өлеңін жазған қазақтың көрнекті ақыны Ұлықбек Есдәулетов, әнін жазған қазақ халқының сазгері Төлеген Мұхамеджанов сынды ағаларымыз елінің қасіретін барша әлемге жеткізді.
Р. Рымбаеваның орындауында «Заман - ай» әні тыңдалады. Тақтадан Семей полигонынан зардап шеккен адамдар мен балалардың суреттері шығып тұрады.

6 - оқушы:
Өз жерінде мылтықсыз майданның құрбанына айналған халықтың денсаулығына іс жүзінде ешбір жәрдем көрсетілмеді. Оны айтасыз дәрігерлерге радиация әсерінен болған аурулардың дұрыс диагнозын қоюға тыйым салынды. Менің ата-мекенімнің маңдайына осындай қасірет таңбасы басылыпты. Тек 60 - сыншы жылдардан бері ғана бір ауылдан 500 - ден астам адам ядролық сынақтың кесірінен қыршынынан қиылса, 150 - ден астамы онкологиялық емханада жатып жарық дүниемен хош айтысты. Ал қаншама адам өз - өзіне қол жұмсау қасіретіне ұшырады.

7 - оқушы:
Қазақ жеріндегі осындай адам төзгісіз алапатты тоқтатып, тажалды тізгіндеуде аянбай еңбек еткен тұлғалар бар. 1991 жылдың 29 тамызында Президент Н. Ә. Назарбаев Семей полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл - Тәуелсіздік ала сала қазақ елі қабылдаған алғашқы маңызды шешімдердің бірі болды. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Кешірім Бозтаев. Семей ядролық сынағына қарсы алғаш бастама көтерген тұлға, К. Бозтаевтың «Семей полигоны», «Қайнар қасіреті» кітабында полигон қасіреті баяндалған.
Елімізде ядролық сынақтарға қарсы «Невада - Семей» халықаралық қозғалысы көрнекті ақын, белгілі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтың бастамасымен 1989 жылдың ақпан айында құрылды.

8 - оқушы:
Біз, Қазақстан елінің жасөспірімдері, бүлдіршіндері еліміздің өз еркімен ядролық қарудан бас тартқан игі қадамы үшін Елбасымызға, «Невада - Семей»қозғалысының басында болған О. Сүлейменов сынды, сонау қылышынан қан тамған заманда Семей ядролық сынақ полигон жайында КСРО Қорғаныс министріне сұрау салған Нұртай Сабильянов ағамызға, ел басқару ісінде болған К. Бозтаев, Хафиз Матаев сияқты ағаларымызға, аталарымызға ризамыз және барлық елдердің балалары ядролық қарудың құбыжық кейпін көрмеуін, дүмпуін естімеуін қалаймыз.
9 - оқушы:
Уа, адамзат осыншама ессіз бе ең?
Жер емес пе, бар байлығың, несібең?
Ғаламшарды от - жалынмен орайсың,
Шықпап па едің туып - өсіп төсінен,
Атом деген сәнге айналып ел - елде,
Полигондар қаптап кетті жер - жерде,
Хиросима, Нагасаки, Семейдің,
Жапа шеккен қасіретін көрмей ме?
Қайбір елдер мақсаттарын бүркейді
Қорғанысқа ең оңтайлы қару деп,
Қайбір елдер жар салуда мақтанып,
Мақсатымыз - атом жасап жару деп.
Соғысқұмар алпауыттар өршітіп,
Жол беруде ғаламшарлық апатқа.
Қазақстан бас тартқан бұл қарудан,
Өзге елдер неге үлгі алмасқа?
Жаралы әлі тау - тасы мен даласы,
Жаралы әлі топырақ, суы, ауасы.
Талай ұрпақ қасірет кешіп басынан
Жапа шегер адамзаттың баласы
Жаралы жер сыздауда әлі жарасы
Жараланған тау - тасы, суы, ауасы,
«Неведа - Семей» қозғалысы басталып
Болып шықты жарылыстың дауасы
Полигонды жаппай тыным таппаған
Олжастай ер - елдің жоғын жоқтаған
Адамзатқа ажал сепкен отты алаң
Елбасының бұйрығымен тоқтаған
Қарт Шыңғысхан көрген қилы заманды
Түнек кетіп көрді күнді арайлы
Адамзаттың баласы мен даласы
Болашаққа үмітпенен қарайды
Салмақты ойлы халықпыз ғой жалпы біз
Салауатты бейбіт күн боп салтымыз
Елбасы бар Нұрсұлтандай көреген
Ақ тілеулі Қазақстан халқымыз.
10 - оқушы:
Бүлдіршіндер тілейді бұл кез әлемде
Тек тыныштық болсын деп бар елде
Біздер үшін қам жеп жүрген жасқанбай
Ағаларға озық ойлы сәлем де
Олжас бастап ұйым құрған Невада
Оған кірді үлкен менен бала да
Полигонды жабу керек аластап
Басқа сөзді тыңдама да, қарама
11 - оқушы:
Вашингтонда 2010 жылдың 14 сәуірінде өткен «Ядролық лаңкестік қатерін азайту және ядролық материалдың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі ұлттық шаралар» саммитінде АҚШ Президенті Барак Обама Қазақстанды ядролық қарусыздану жөніндегі әлемдегі көшбасшы ел деп танитынын мәлімдеді.
12 - оқушы:
Бүгінде Семей ядролық полигонының ресми жабылғанына 21 жыл толып отыр. Тәуелсіздігіміздің 21 жылдық мерекесімен тұспа - тұс келіп отырған осы айтулы оқиғаны әрбір жас білуі керек. 2001 жылдың 29 тамызында Семей қаласындағы «Полковничий» аралында Семей ядролық полигон құрбандарына арналған үлкен ескерткіш қойылды. «Өлімнен де күшті» мемориал жобасының авторы - Шота Уәлиханов.
(Ортаға ақ киінген бастарына қызыл жолақ байлаған жастар шығады. Қолдарында «Біз ядролық қаруды қаламаймыз», «Ядролық қаруға жол жоқ» сынды жазулар жазылған плакаттар)
13 - оқушы:
Табиғатқа,
Тартпай қоймас - Адамдар,
Суда балық,
Көк жүзінде қыран бар.
Жеңе алмайды, тірліктегі - бірлікті
Ашылса да алты алауыз - арандар!
Жер - қайыспас,
Өзі өндірген салмақтан,
Қашпайды ешкім,
Ажал - деген қармақтан.
Өзі жасап,
Жұмақ жердің үстінде
Құтыла алмай келе жатыр - Тозақтан!
Баласымыз,
Ғаламшардың - Жер деген,
Ғасыр бар ма?
Көрегесін көрмеген.
Қиян - кескі,
Ғажайыптар болса да
Адам бірге жасасады - Жерменен!
14 - оқушы:
«Қазақстан - 2030» Бағдарламасында Елбасы Н. Ә. Назарбаев «2030 жылы Қазақстан мөлдір сулы, жасыл желекті, ауасы таза аймаққа айналады. Өндіріс қалдықтары мен радиация бұдан былай біздің үйіміз бен бақтарымызға енбейтін болады. Біздің балалар кінаратсыз толыққанды өмір сүретін болады»,- деп атап көрсеткен еді. Қазіргі таңда экология өзекті мәселеге айналып отыр. Сондықтан қоршаған ортаны қорғау - әрбір адамның төл міндеті.
Ән «Атамекен» әні орындалады.
15 - оқушы:
Қазіргі ғылыми прогрестің шарықтап, дамыған тұсында ауаның шектен тыс ластануы - жер бетіне көптеген аурулар мен дерттерді қоса ала келеді. Осының салдарынан адам өмірі мен бүкіл тіршілік атаулыға қауіп төнді, адам өлімі жылдан - жылға көбейе түсуде. Климат өзгеріп, ауа - райы бұзыла бастады. Бүгінде табиғатта болып жатқан дағдарыс біздің республикамызға да қауіп төндіріп тұрғаны баршамызға аян. Қазақстан жерінің бүлінбеген бір бұрышы, бұзылмаған бір ұясы қалмағаны анықталып, кеш те болса, әлемге жар салынып, зерттелуде, алдын алу іс - шаралары қарастырылуда.

1 - жүргізуші:
«Тәрбие - тал бесіктен басталады» дегендей, экологиялық сауаттылық, экологиялық мәдениет отбасы, ошақ қасынан басталғаны дұрыс. Қоршаған ортаны қорғау - әрбір адамның міндеті. Ендеше, табиғатты аялай білетін, адамгершілігі мол, ізгілікті, экологиялық білімі мен мәдениеті жоғары тұлға болуларыңа тілектеспін.
«Жаса, Қазақстан» оқушылардың орындауында.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет