Утверждаю _________
Зам.директора по УМР
_________Ф.Э.Медеова «_____»_________2016 г.
|
|
ЭКЗАМЕНАЦИОННЫЕ БИЛЕТЫ
Предмет _________________________________________________
Специальность _________________________________________________
Курс _________________________________________________
Группа _________________________________________________
Преподаватель _________________________________________________
рассмотрен на заседании ПЦК
«__Предметно-цикловая комиссия социальных и общеобразовательных дисциплин»
«____»______________2016 г. Протокол №____
Председатель ПЦК Мудуарова Л.М. ___________
Сырымбет
Шоқан дегенде, Шоқан туған, өскен мекені дегенде, ең алдымен ойға оралатын өңір – Сырымбет.
Сырымбет атауында, Сырымбет ұғымында бейне бір сиқырлы күш бардай... Төңірегіндегі тұлғасы биік таудың, айдыны шалқар көлдің, жауырыны жазық жазираның бәріне ортақ атау – Сырымбет.
Шоқан есімі аталғанда қасиетті Сырымбет даласы ойымызды өз төңірегінен әрі асырмай, тау Сырымбеттен көл Сырымбетке, Сырымбет көлінен Сырымбет еліне, яғни Шоқанның Сырымбетінен Ақанның «Сырымбетіне» жетелей жөнеледі.
Осы өңірдің жауырыны жазық даласы, қарағай-қайыны қайысқан орман-тоғайы, көлі мен шөлі, тауы мен тастары Шоқанның бала кезден ел қыдырыстап, ағайын-туыс аралаған, сұңқар салып, құмай жүгіртіп, саят құрған бейқұт мекені, өз елі – өлең төсегі.
Шоқан Қосмұрын – Сырымбет кезеңінде араб, шағатай тілдерін жақсы үйреніп, шығыс әдебиеті нұсқаларымен мейлінше мол танысып үлгерген.
Шоқанның шығыс поэзиясын аса сүйетіндігін түркі тілдес халықтарды зерттеу ісіне елеулі үлес қосқан, Шоқанның жақын таныстарының бірі Н.М. Ядринцев: «Шоқан шығысқа тән ұшқыр қиялды әрі ақын жанды адам еді. Ол араб өлеңдерін қатты ұнататын және ол ұстазы Костылецкиймен бірге сол өлеңдерге рахаттанып, тамсанып отыратын»,-деп әңгімелейді Шоқан жайлы естелігінде.
(С.Мұхтарұлы, 131 сөз)
Тапсырма:
1. 1 сөйлемді алып, синтаксистік талдау жасаңыз.
2. 1 сөзге лексика-грамматикалық талдау жасаңыз.
3. 1 сөйлемге морфологиялық талдау жасаңыз.
Өнер мұраты
Әбілхан Қастеев атындағы өнер мұражайына барсаңыз, Хакімжан қолынан туған жұмыстар алдыңыздан шығады. Күй атасы Құрманғазы, ақын Абай, батыр Амангелдіден бастап, бүгінгі замандастарымыз бір топ Еңбек Ерлерінің ақ мәрмәр тастан қашалып істелген бюстері Хакімжанның жай ғана маман мүсінші емес, адам жанына үңіле білетін үлкен суреткер екенін танытады.
Абай даңғылының Алатау бөктеріне барып тірелер басындағы айналасы гүлге малынған әсем алаңда, биік тұғырлы жартас басында, қолына кітабын ұстап, маң-маң басып дана Абай келеді. Ұлы Абай Алматыны аралап арамызда жүргендей көрінеді. Естіген, көрген жұрт таңданады да, таңырқайды да:
- Кім жасаған екен?-деп сұрайды. Сонда қазақтың тұңғыш мүсіншісі Хакімжан Наурызбаев есімі аталады. Мұндағы Абай тұлғасы жадыңызда мәңгілік сақталып қалады. Жамбыл мүсінін басқаларда жасады, Хакімжан Жамбылында өзгеше қасиет бар. Көп суреттерден қартайған шал Жамбылды ғана көретін едік, Хакімжан Жамбылынан шын бақытқа кенелген жасы кәрі болғанымен, жаны жас Жамбылды көрдік. Мүсінші Шоқан Уалиханов бейнесін Шота Уалихановпен бірлесіп жасаған.
(С.Байжанов, 145 сөз)
Тапсырма:
1. 1 сөйлемді алып, синтаксистік талдау жасаңыз.
2. 1 сөзге лексика-грамматикалық талдау жасаңыз.
3. 1 сөйлемге морфологиялық талдау жасаңыз.
Аққулар
Таң бозарды. Көл айдыны жарқырап, бір шеті көкпен тірескендей боп тұр. Көл беті толған құс. Топ-топ, шоғыр-шоғыр, лек-лек. Аққулар тобының өзі әлденеше.
Аққудың бір тобы судан қоқиып көтеріле берді де, табанымен су бетінде тұрып алып, қанатын салды да, сілкіне бастады. Қанаттары судырлап, дауысы алысқа кетті. Бұл олардың үстіндегі суын сілкіп ұшуға әзірленгені еді. Тағы да бірнеше рет осылайша қағынып-сілкініп, су бетінде жорғалапта көрді. Әлден уақытта ішіндегі ата аққу қанатын екі-үш рет сілкіп алды да, ауыр ұшақтың аэродромнан көтерілгені сияқты су бетін бауырымен сызып көтеріле жөнелді. «Сендер де мен істегенді істеңдер»,-дегендей қаңқылдап қойды. Қалғандары да көтеріле бастады. Қаңқ-қаңқ еткен аққулар тізбегі көл бетінен көтеріліп, оңтүстікке қарай бет алды.
(С.Бақбергенов, 120 сөз).
Тапсырма:
1. 3 сөзге фонтикалық талдау жасаңыз.
2. 2 сөйлемге синтаксистік талдау жасаңыз.
Қарлығаш би
Алдынан Шайхан Тәуір көрінді. Шайхан Тәуір тасасынан күмбезі істіктеу, биіктігі он бес-он алты метрдей мазар асқақтайды. Ол әйгілі Төле бидің күмбезі екенін Рысқұлов біледі. Өзінің арғы бабасы екенін де біледі. Баяғы Тәуке ханның тұсында қазақтың үш жүзінің басын қосқан, берекелі, бәтуалы ел болуына аянбай қызмет еткен аса ірі қайраткер екенін біледі. Жоңғар сиякты жауға қарсы тұрарға қазақ, қырғыз, өзбек, қарақалпақтарды біріктіруді, бір ел етуді Төле би Рысқұловтан екі жүз жыл бұрын армандаған әрекет қылған...Ташкентте он екі жыл билік құрып, ақырғы талқаны тоқсан үш жасында таусылып, осы Шайхан Тәуірге қойылып еді ғой.
Рысқұлов Төле бидің күмбезін сонау он бесінші жылы Ташкентке оқу іздеп әдейі барып көріп еді. Күмбездің майдайшасындағы арабша «Қарлығаш би» дегенді оқып, таңқалған. Сөйтсе, Төле биді мұндағы ел «Қарлығаш би»,-деп атайды екен. Демек, онда Қарлығаш құстың қасиеті болғаны да. Өр шалған халқына қарлығаш сияқты қанатымен су себелеп, шырылдап өткен бір сабаз.
(Ш.Мұртаза,146 сөз).
Тапсырма:
1. 3 сөзге фонтикалық талдау жасаңыз.
2. 2 сөйлемге синтаксистік талдау жасаңыз.
Құсмұрын
Қазақ халқының ұлы ғалымы Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың кіндік қаны тамған Құсмұрын бекінісінің ескі жұрты – қазіргі Қостанай облысынан үш-төрт шақырым жерде.
Шоқан туған жылы Аманқарағай дуанының осында ауысуына орай, жаңа дуан да Құсмұрын аталып кеткен. Шоқанның әкесі, майор дәрежесіндегі Шыңғыс Уәлиханов, сол кездері Құсмұрын дуанының аға сұлтаны болған.
Мұхамедханафия, яғни Шоқан Құсмұрын бекінісінің аға сұлтаны үшін арнайы салынған ағаш үйде өмірге келген.
Шоқанның туған жері неліктен Құсмұрын деп аталатындығын жазушы Сәбит Мұқанов «Аққан жұлдыз» романының бірінші кітабында: «Бекіністің сырт желкесіндегі қырқаның тұмсығы сағымды күндері алыстан қараған адамға қонғалы келе жатқан алып құстың тұмсығына ұқсауына қарай» - деп түсіндіреді.
Шоқан Омбы кадет корпусында оқып жүрген кездері практикалық жұмысы ретінде көптеген карта, схемамен қатар пейзаж жасаған. Сол еңбектердің бірнешеуінде Құсмұрын маңы бейнеленген.
Қасиетті орынды көрмекке Құсмұрынға ат басын арнайы тіреген кісі бір кездері сырты қарағаймен шегенделіп, іші топырақпен шептелген бекініс дуалының бедерін ғана байқай алады.
(С.Мұқтарұлы, 141 сөз).
Тапсырма:
1. 1 сөйлемді алып, синтаксистік талдау жасаңыз.
2. 1 сөзге лексика-грамматикалық талдау жасаңыз.
3. 1 сөйлемге морфологиялық талдау жасаңыз.
Мұхтармен кездесулерім
Мұхтар Омарханұлы Әуезовпен менің алғаш таныстығым 1932 жылдан басталды. Мен ол тұста он үш жасар бала едім. «Қазақ әдебиеті» газетінен Әуезовтің «Көксерек» повесін оқыдым.
Мен енді жазушымен қайта табысудың әрбір сәтін іздейтін болдым, оның қаламынан шыққанның бәрін жатқа білдім.
Тап осы жылдың күзінде Павлодардың клубы сахнасынан Әуезовтің өзін көрдім. Әуесқойлар театры оның "Еңлік-Кебек" пьесасын қойды.
Жылдар өтті. Соғыс кезінде үйім маған «Абай» романының бірінші кітабын жіберіпті. Алғашқы бетін қолым дірілдеп, демігіп тұрып аштым. Өз ана тілімнің хош иісі аңқыды. Ұзақ түнде көз ілмей оқып, сәуле кіре тәмамдадым. Жан-жүйкемді кітаптың әсері билеп, астаң-кестең көңіл-күйден бір жұма бойы арыла алмадым.
Абай! Ауылда өзіміз әнін шырқап, өлеңін жаттаған Абай. Мен өзім жазған Абай... Бұл ғана ма? Менің көз алдымда Абай – азамат, Абай – ақын, Абай – ойшыл тұрды, оның ұлылығы мен даналығын терең түсіне танып біле түстім.
Енді, міне, «Абайдың» төрт кітабы алдымда жатыр. Мен оларға анықтамаға жүгінгендей жүгінем, өйткені Әуезов шығармалары тек көркем роман емес, қазақ өмірі мен тілінің энциклопедиясы.
(З.Шашкин, 165 сөз).
Тапсырма:
1. 1 сөйлемді алып, синтаксистік талдау жасаңыз.
2. 1 сөзге лексика-грамматикалық талдау жасаңыз.
3. 1 сөйлемге морфологиялық талдау жасаңыз.
Достарыңызбен бөлісу: |