Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Шығыстану факультеті
Түркітану және үндітану кафедрасы
Ассистент, гуманитарлық ғылымдарының магистрі Ешметова Б.Б.
Алматы, Қазақстан
zhan_bal@mail.ru
ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫ: КӨНЕ РУ ТАҢБАЛАРЫНЫҢ МӘДЕНИЕТТЕГІ ІЗІ
Аңдатпа Жазу мен қоғам тығыз байланыста болғандықтан, бұрын жазуды пайдаланған қоғамның өмір сүрген жері мен тарихына көз жүгірте отырып, көне ру таңбаларының сыры тереңде екендігін ұғына түсетіндігіміз айқын. Алғашқы әріп жазуының бір тармағы – руникалық көне түркі алфавиті арқылы берілген фразеологизмдердің қолданысындағы тілдік ерекшеліктер.
Түйін сөздер: көне ру таңба, ру-тайпа, жазба дәстүрі
«Мәдениеттің астары қалың, ондағы әрбір қимылды қаз қалпында қабылдасаң, өнерді түсінбегенің. . . » деген (О. Сүлейменов «АЗиЯ») ақын сөзінің астарында шындық жатқаны айғақ.
Қазақ даласына Ұлы Жібек жолы арқылы келген мәдениеттің халқымыздың қалыптасуындағы алар орны ерекше болып табылады. Қазақтың кеңдігін, түркі халықтары мәдениетінің тұтастығы жайлы ақпаратты беруші де, әлемге танытушы болып табылатын Ұлы Жібек жолының халық көзқарасын қалыптастырды.
Жазудың тарихы өте ерте замандардан басталады. Көне жазу мен қазіргі жазуды зерттеп білудің әрі теориялық, әрі практикалық мәні зор.
Жазу мен қоғам тығыз байланыста болғандықтан, бұрын жазуды пайдаланған қоғамның өмір сүрген жері мен тарихына көз жүгірте отырып, көне ру таңбаларының сыры тереңде екендігін ұғына түсетіндігіміз айқын.
Жазу теориясының ең басты сұрағы – жазу мәнінің, яғни, оның қалыптасуы, қолданылатын элементтері, тілге және ойлауға қарым-қатынасын айтамыз.
Дыбыстық тіл қажетті материалдық қабықшаны құрайды, ойлаудың дамуы мен оның негізгі адамдардың қарым-қатынасындағы құралы болып табылады.
Жазу – дыбыстық тілдегі қарым-қатынастың қосымша құралы, «жаңғыртудың», «бекітудің» амалы болып табылады.
Алфавиттік жазудың пайда болу тарихы, шығу тегі өте күрделі, шешілмеген жұмбақтарға толы. Өйткені алфавиттік жазу – дүниежүзі мәдениетінің қол жеткен орасан зор такбысы болса, бұл мәдени мұраға біздің ата-бабаларымыз да өзіндік үлес қосып, келер ұрпаққа мирас еткен. Алғашқы әріп жазуының бір тармағы – руникалық көне түркі алфавиті болып табылады.
Арғы замандағы жазудың тегі суреттен басталғанын білеміз. Пиктографикалық жазудың біртіндеп даму барысында идеографиялық жазу пайда болды. Идеографиялық таңба (идеограмма) ие жеке сөзді немесе оның атауыш бөлшегін белгілейді.
Кестелі, кейіннен символдық бейнелерді, ақырында түгел шартты белгілерді қолдану – жазу тәсілін графикалық өнер тәсілінен ажыратудың ең маңызды ерекшелігі болып табылады. Жазудың дамуына байланысты бұл ерекшелік күшейе түседі, жазу таңбалық сипатқа ие болып, бірте-бірте бейнелеу өнерінен алшақтайды (қолдану тәсіліне қарай). Қазіргі (дыбыстық – әріптік жазуды) жазу белгісі – әріп-суреттік сипаты мүлде жойылған дыбыстың немесе фонеманың шартты белгісі болып табылады.
Бастапқы жазу фразеографикалық болған, яғни жеке сөздерге бөлінбеген тұтас бір хабарды берген. Қолдану аясына қарай фразеограммаларды 2 санатқа бөлеміз: бейнелеу пиктограммалар және шартты белгілер.
Жеке қолданылған көне шартты белгілер:
-
рулық және тайпалық таңбалар, сонымен қатар тотемдік;
-
рулық, тайпалық немесе жеке меншікті көрсететін белгі (таңба), жануарларға салатын таңба;
-
шеберлер өздері жасаған бұйымдарына салатын белгі;
-
әскер басылардың мөрлері, теңгелер, елтаңба, т.б.;
-
сиқыршылық және діни белгілер, зұлымдықтан сақтау (тыйым салу белгісі);
-
шартты оқшауланған таңбалар.
Ауыз әдебиетінде сақталып келген өлең-жырларда, археологиялық
қазыналарда, ескі кітаптардың мұқабалары, тарауларында және бөлім аралықтарында кездесетін өрнектер мен суреттер, жұлдызшалар мен айшықтар, батырлардың қару-жарақтарында кездесетін кейбір жеке белгілер, таңбалар, әшекей әріптер де халықтық тарихи этнографиялық мұралар. Олардың құрамында әр түрлі ен-таңбалардың, ру таңбаларының элементтері жиі ұшырайды.
Ал, жалпы ою-өрнек атаулары мағынасына қарай бірнеше топ құрайды:
-
ай, күн, жұлдыздарға – көк әлеміне байланысты өрнектер;
-
малға, денесіне, ізіне байланысты өрнектер;
-
аңға, денесіне, ізіне байланысты өрнектер;
-
құрт-құмырсқаларға байланысты өрнектер;
-
құстарға байланысты өрнектер;
-
жер, су, өсімдік, гүл, жапырақ, бұтақ бейнелі өрнектер;
-
қару-құралдарға байланысты өрнектер;
-
геометриялық фигуралар тектес өрнектер [1, 39-42б.].
Сонымен қазақ өрнектері молшылық, көші-қон, жорықшылық заманындағы тұрмысты, айналасындағы табиғатты, аңшылықты, геометриялық түсініктердің сырт тұрпатын байқаудан туған ұғым негізінде дамығаны байқалады. Мысалы: «Баған өрнек» (бақан деп те айтады) тіреу діңгек деген ұғымды тұспалдайды. «Балға», «балта» өрнектері өздері аттас және соған ұқсас өрнектердің де жасалуы мүмкін. Өйткені қайсыбір шеберлер өз ісінің маркасы есебінде, осы өз руының таңбасын бейнелеген болуы керек деген жорамалдар да бар. «Бес дөңгелек», кейде төрт бұрыш түрінде келетін өрнектер бір кездердегі ру таңбаларымен төрт түлік малға басылатын таңбаларды еске түсіреді. «Құмырсқа», «Шөміш», «Қос дөңгелек» өрнектері төрт түлік малдың ендері мен таңбаларынан шыққан [1, 28-29б.].
Ертедегі ою-өрнектің семантикалық элементтері идеографикалық жазуға айналып отырған еді, мәселен, дөңгелек (шеңбер) – күннің символы (күнтаңба), ирек сызықтар – су символы, крест – дүниенің төрт бұрышы, т.б.
Алғашқы жазу мен ертедегі ою-өрнектің бір-біріне қатыстылығы – маңызды мәселенің бірі.
Қазақтың ру тайпалары мен ен-таңбаларын идеограмма (идеографикалық жазу нұсқасы) деп түсінсек, мұндағы заттық бейне мен ұғымның, таңба мен оның аталуында байланыс бар екендігін аңғару қиын емес. Өйткені бейнелік идеограммалардың тегінде заттық кескіннің өрнектелетіні белгілі. Демек, арғынның «көз таңбасы», қоңыраттың «босаға таңбасы» сияқты айғақтық белгілер мен ертедегі ру таңбаларының қорын жасайтын мезгіл жетті. Өйткені, оларды жинап, зерттеудің мәні сол: ен-таңбалар мен белгілердің тиісті заманда атқарған қызметін айқындап, әлеуметтік орнын белгілеудің халқымыздың этногенезін шешуде ерекше орны бар [2, 65б.].
Қазақстан жерінде тасқа түсірген мыңдаған көне ен-таңбалар, түрлі ою-өрнектер (қошқар мүйіз, түйетабан) т.б. кездеседі. Ен мен таңбаның сурет үлгісінің де, олардың атауларының да, осы атаулар қатысып жасалған тұрақты тіркестердің де тіл тарихы үшін, халық тарихы үшін берер дерегі өте мол. «Таңбасыз тай, енсіз қой» деген сөз тіркесінде ен мен таңба салуға дейінгі дәуір «мал-мүлік ру тайпаның ортақ меншігі болған дәуір» деген ұғым бар. Ол дәуірді суреттегенде қазақтар «Алаш алаш болғанда, ала тай ат болғанда, таңбасыз тай, енсіз қой болғанда» деп бастайтын.
Қазіргі ғылымға белгілі таңбалар болмысына қарасақ, алғаш ірі тайпалардың таңбасы белгіленіп, кейін тайпа құрамындағы жекелеген ру өз тайпасының таңбасы негізінде өздеріне жеке рулық таңбаларды жасап алғанын көреміз. Ғалымдардың (Н.А. Аристов, В.В. Бартольд, А.И. Левшин, М. Тынышпаев, С. Аманжолов) тұжырымдауынша негізгі ұйытқы тайпаның өзіндік белгілі бір таңбасы болады. Ал сол тайпадан кейін бөлініп шыққан, не сырттан келіп қосылып, кірігіп кеткен рулар әлгі тайпадағы ортақ таңбаға қосымша бір белгі салу арқылы өзінің жаңа таңбасын жасайды [3, 299б.].
Н. Аристов таңбалардың ұқсастығына қарап, ертедегі ру тайпалардың туыстық жақындығын айыруға болады дейді [4, 283б.]. Оның айтқан пікірін қолдай отырып, С. Аманжолов қазақтың ру тайпаларының таңба белгілерін салыстырып тиісінше қорытынды жасайды, қазақтың ең негізгі және маңызды рулары мен тайпаларын атап шығады. Қаңлы ( таңбасы «І», көсеу таңбасы»), дулат ( таңбасы «О», «дөңгелек тостаған»), жалайыр (таңбасы «ІІІ», «тарақ»), арғын (таңбасы «ОО», «көз таңбасы»), қоңырат (таңбасы «ІІ», «босаға»), қыпшақ (таңбасы «ІІ», «қос әліп»), найман (таңбасы «V»), шанышқылы (таңбасы «↓↑», «қолтаңба»), жаппас ( таңбасы «Z», «түйемойын») т.б.
Қыпшақ – негізгі тайпа, салыстырып қарасақ, алшын мен найман таңбалары ұқсас, себебі таңбалардың орналасуы ешқандай мәнге ие емес, оның төңкеріліп те, жантайып та, қисайып та түсе беретіні белгілі. Бірақ, бұл әлі де болса зерттеуді қажет етеді.
Алшын – негізгі тайпа. Алшынға таздар мен жаппас рулар кіреді. Таңбалары Z (зет) әрпіне ұқсас болғанымен, үшінші бір сызық қосу арқылы негізгі алшын (А) таңбасында жатыр. Алшын құрамында әлімнің таңбасы екі алшын таңбасының қосылуынан М әрпіне ұқсас [5, 14-15б.] .
Ә. Марғұланның көрсетуі бойынша [7, 145б.] орта ғасырдағы үйсін тайпасының таңбасы «үш әліп» түрінде кездеседі, ал «Қазақтың көне тарихы» деген кітаптағы деректе қазіргі қазақ ішіндегі үйсіндер тайпасының таңбасы «ту» және «ағын су» формасында делінген [9, 62б.].
Сіргелі тайпасының таңбасы:
Біріншісі «қурай» – далада өсетін өсімдік атауы.
Екіншісі – керейдің таңбасына ұқсас.
Үшіншісі – бұрынғы ноғайлы тайпасының руы үш таңбалының таңбасына ұқсас [10, 91б.].
Керей – негізгі тайпа. Таңбасы + (ашамай). Бұл таңба басқа рулардікіне ұқсамайды.
Табын таңбалары әр түрлі. Ортақ таңбасы – «О» (тостаған), «І» (әліп).
Дулат таңбасына О «дөңгелек», таңбаның варианттары:
«О» (шөміш) – шөмішті табын таңбасы,
«Ш» (тарақ) тарақты табын таңбасы, жалайыр руының таңбасына ұқсас.
«І» (әліп) қаңлы таңбасымен бірдей. Бұрын табындықтар Дулаттардан бөлінгендіктен кіші жүзде негізгі болып есептеледі де, ал басқа руларды одан таратады. Таңбаларының ұқсастығын басқаша түсіндіруге келмейтін сияқты.
Сыйқым руының таңбасы «♀IL» (Гродеков, Аманжолов, Тынышпаев деректері). Біріншісі дулаттың «О» «дөңгелек таңбасы» негізінде десек, екіншісі «көсеу» қаңлы мен ысты таңбасына ұқсас. Үшіншісі «тік бұрышты таңба» басқа еш жүзде жоқ [10, 98-102 б.].
С. Аманжоловтың айтуы бойынша: көптеген тайпалар мен рулар үш ордада да кездеседі. Көптеген тайпалар мен руларды үш жүзге де бірдей жатқызуға болады. Осы мәліметтерге сүйене отырып, мынадай қорытынды жасауға болады: жүзге (ордаға) бөлу тайпалардың туыстық белгілеріне қарап емес, оларды аймақ бойынша орналасуына байланысты бөлу, яғни жеке ру мен тайпалардың экономикалық мүддесі жағынан бірігуіне байланысты [5, 35-36б.].
Тайпалардың табиғи өсуіне байланысты олардың жайлауы мен көшіп-қонатын жерін кеңейту болды. Күшті тайпалар әлсіз тайпаларға мезгіл-мезгіл шапқыншылық жасауы оларды тайпалық одаққа бірігуге мәжбүр етті. Алғашқы қоғамдық топтар біресе бөлініп (дифференция), біресе бірігіп (интеграция) отыруының нәтижесінде бір-бірімен біртіндеп қосылып, сан жағынан кеміп отырды, оның есесіне тайпа одағы іріленіп, саны ұлғая түсті.
Тайпалар мен руларды атап шығу, олардың таңба белгілерін салыстыру арқылы ежелде өз алдына жеке өмір сүрген этнонимдердің қайсысынан қазақ халқы тарағандығын анықтауға болады.
Демек, Н.А.Аристов, В.В.Бартольд, А.И.Левшин, Гродеков, М.Тынышпаев, С.Аманжолов, Ә.Марғұлан, т.б. ғалымдарымыздың еңбектері негізінде қазақ ру-тайпаларын бүкіл түркі тілдес халықтар таңбасымен салыстыра зерттеу қажет.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:
-
Қасиманов С. Қазақ халқының кол өнері. А., «Қазақстан », 1969.
-
Аманжолов А. Түркі филологиясы және жазу тарихы. А., «Санат», 1996.
-
Салғарин Қ. Қазақтың қилы тарихы. А., 1992.
-
Аристов. Заметки об этническом составе тюркских племен и народностей и сведения об их численности. «Живая старина», вып. 3-4, сп. 5, 1896 г.
-
Аманжолов С. Вопросы диалектологии и истории казахского языка. А., 1959.
-
Марғұлан Ә. Тамғалы тас жазуы. «Жұлдыз», 1984, 1-қаңтар.
-
Марғұлан Ә. Найман, керей, оңгіттердің жазулары. «Ақиқат», 1993, № 7, 70-76 б.
-
Қазақтың көне тарихы. А., 1993 (Шыңжаң халық баспасы, 1987).
-
Тынышпаев М. Материалы к истории киргиз-казахского народа. Ташкент, 1925. (А., 1990 қайта басылған).
-
Востров В.В., Мұқанов М.С. Родоплеменной состав и расселение казахов. А., 1968.
Резюме
В этой статье рассматривается роль древних тамгов в идеографии и письменности.
Resume
In this article the role of ancient patrimonial signs in ideography and writing is considered.
Key words: ancient tribal lettering, tribes-sort. phrase, phraseological unit.
Достарыңызбен бөлісу: |