Қасым Аманжолов атындағы жалпы орта білім беретін мектеп
Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы және
Ұлы Жеңістің 66 жылдығына орай ұйымдастырылған
«Саптық шеру байқауы» іс-шарасының жоспары
Мақсаты:
-
Келешек ұрпақты отансүйгіштікке, қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу;
-
Оқушы бойына ұлттық рух, намыс, жігер сияқты асыл қасиеттерді терең сіңіру;
-
Тура жолдан таймай әрқашан әділдікті, шындықты, адалдықты жанына серік ететін жас буын ортасын қалыптастыру;
-
Ерлік атты теңдесі жоқ абыройлы әрекетті қадір тұта білуге баулу.
Маңызы:
Тәуелсiз Қазақстанның қол жеткен жетістіктері мен бейбіт өмірдің мызғымастығы, өсiп-өркендеуі, нығаюы үшiн ел бiрлiгiнің қажеттігін дәріптеу; -
Әлемді тажал отынан арашалап, тіршілік нұрын сыйлаған ұлы жеңісімізді ұлықтау;
-
Майдан даласында қан төгіп, жан қиған қайсар баба рухына тағы бір мәрте бас иіп, тағзым ету;
БАРЫСЫ:
Мерекелік шара 30 сәуір күні мектеп ғимаратының алдында ұйымдастырылады.
Жүргізуші:
- Армысыздар құрметті ардагерлер, қонақтар және бүгінгі шараға қатысушылар!
Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен Ұлы Жеңістің 66 жылдығына орай ұйымдастырылған «Саптық шеру байқауына» қош келдіңіздер!
Жасампаздық пен бейбітшіліктің 20 жылдығы аясында бірлік пен төзімділік ұранымен тойланатын мамыр айындағы Ұлы Жеңіс мерекесі туралы Н.Ә.Назарбаев: «Бұл күн – сол бір қанды қырғыннан қайтпай қалған қыршын боздақтардың асқақ рухтарының аспандайтын күні.
Бұл күн - әділеттің әділетсіздікті жеңген күні.
Бұл күн – бүгінгі ұрпақтың соғыс ардагерлері сыйлаған бейбіт даму жолын одан әрі жалғастырып жатқан күн»- деген болатын.
Тәуелсiздiктiң кезектi жылдығын атап өту бiзге ең алдымен той тойлау үшiн емес, ой ойлау үшiн керек. Тәуелсiздiктiң тайғақ кешулi жолында алдымыздан шығатын асу-асу белдер де болады. Ұлттың ұлан асуында ұйытқи соғатын желдер де болады. Сол асу-асу белдерде белiмiздi талдырмауымыз керек. Сол ұйытқи соғатын желдерде ұлы мұраттарымызды ұмыт қалдырмауымыз керек. Нағыз Тәуелсiздiкке қиын iсте тәуекелге бара алатындардың ғана қолы жетедi.
Тәуелсiздiктiң бiздiң бәрiмiзге артар мiндетi мол. Ендi еңселi ел болудың жолына шыңдап түсуiмiз керек. Әулетiмiздiң асуы да, дәулетiмiздiң тасуы да өз қолымызда.
АӘД ұйымдастырушысының командасы:
Жүргізуші:
-
Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы және Ұлы Жеңістің 66 жылдығына арналған саптық шеруде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеру құрметі мектебіміздің үздік оқушылары Абу Әділет пен Исенғали Айшаға беріледі.
Ту көтеріп жатқанда:
Елтаңбасы елімнің,
Ортасында шаңырақ.
Мемлекеттік туымнан,
Күн шығып тұр жарқырап.
Әнұраны елімнің
Шарықтасын көгінде.
Береке, бірлік, ынтымақ
Сақталып мәңгі елімде.
(Әнұран орындалады)
Жүргізуші:
- Егеменді елдің тыныштығын, бейбітшілігін қорғау әр азаматтың қасиетті борышы. Осы қасиетті борышты абыроймен атқарып, жанталаса жүріп алып келген бабалар жеңісіне биыл 66 жыл толып отыр. Бұл халықтар бірлігінің жеңісі, бұл қайталанбас ерлік пен батырлықтың жеңісі, бұл тылда қалған аналар мен балалардың жеңісі болды. Ұлы Жеңіс күні елі мен жері үшін жанын пида еткен, туған-туысқандарына, жақын-жарандарына, туған жеріне, ауылына оралмай қалған қаһарман ерлерді бүкіл елі болып еске түсіреді.
Ұлы Отан соғысындағы ұлы Жеңіс достық пен бірлікті жырлаған, ер намысы боп атылған, ел дауысы боп шақырған жеңіс. Арын жалау етіп, жанын алау етіп жауға аттанған ел ұландары жерін қорғады, халқының өмірін қорғады, өзі туған өңірін қорғады, ақ сүт берген анасын қорғады, ақ самал ескен даласын қорғады.
Жер жаһанды жан түршігерлік қисапсыз қанға бояп, сансыз ошақтың отын өшіріп, үмітін үзген алапат соғысқа тегеурінді тепкі беріп әлемді аман алып қалған жігерлі жауынгерлердің даңқы асқақтай берсін.
Ардагер аталардың абыройлы ерлігі ұрпақтар жадында мәңгі сақталады.
«Саптық шеру байқауын» ашық деп жариялаймыз.
Осы салтанатты жиынымызға арнайы шақырылған ардагерлерімізбен құрметті қонақтарымызды таныстырып өтейін:
- Ұлы Отан соғысының ардагері: __________________________________
- Ұлы Отан соғысының ардагері: __________________________________
-Аудандық қорғаныс істер жөніндегі бөлімі: _________________________
-Аудандық «Ауыл тынысы» газетінің тілшісі: ______________________
-Аудандық әкімшілік қызметкері: __________________________________
АӘД ұйымдастырушысының командасы:
- Топ жетекшілері саптық жиынның дайындығы жөнінде мәлімет беруге дайындал!
Топ командирлерінің мәліметі:
АӘД ұйымдастырушысы Аға лейтенант.
5 сынып оқушылары Жеңістің 66 жылдығына
орай ұйымдастырылған саптық жиынға дайын.
Мәлімет беруші: ______________________
АӘД ұйымдастырушысы:
- Мәлімет қабылданды! Орныңа бар!
АӘД ұйымдастырушысы:
- Қасым Аманжолов атындағы ЖОББМ-ң азаматтық қорғаныс басшысы. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы және Ұлы Жеңістің 66 жылдығына арналған саптық шеру байқауына мектеп оқушылары дайын.
Мәлімет беруші: АӘД ұйымдастырушысы аға лейтенант Дакешев
Азаматтық қорғаныс басшысы:
- Мәлімет қабылданды. Еркін тұрыңыз!
АӘД ұйымдастырушысы:
- Еркін тұрыңыз!
Мектеп директоры: Сәлеметсіздерме!
Оқушылар: Саулығыңызды тілейміз мектеп басшысы!
Мектеп директоры: Құрметті жиынға қатысушылар! Сіздерді ұлы жеңістің 66 жылдығымен құттықтаймын!
Оқушылар: Ура! Ура! Ура!
Мектеп директорының құттықтау сөзі.
АӘД ұйымдастырушысының командасы:
- Сап түзел! Тік тұр!
(Оқушылардың саптық жүрісі, әні.)
Марапаттау
Жүргізуші:
Қамықпаған қиындықтың үрейінен,
Өздеріңе сыйлап қырдың гүлінен.
Бүгінгі ұрпақ- бақытты ұрпақ атанып,
Құттықтаймыз Ұлы Жеңіс күнімен! (пауза)
Құрметті оқушылар! Тәуелсiздiк туын тiгуге қаншалықты қажыр-қайрат керек болса, оны құлатпай сақтап қалуға соншалықты қажыр-қайрат керек.
Дүниеде тәуелсiз Қазақ елi бар;
Әлемде егемен Қазақстан бар;
Оның көпұлтты, тату, ынтымақшыл халқы бар;
Қуатты экономикасы, сенiмдi саяси жүйесi бар;
Ең бастысы – бүгiннен нұрлы, бүгiннен кемел болашағы бар;
Сол күнге берiк сенiмi бар!
Осымен Тәуелсіз Қазақстанның 20 жылдығы және Ұлы Жеңістің
66 жылдығына арналған «Саптық шеру» байқауын жабық деп жариялаймыз. Еліміз тыныш, әлеуметіміз аман болсын, ағайын!!!
Достарыңызбен бөлісу: |