Электронды темекінің зияны
сынып сағаты
Мақсаты: Зиянды әдеттер туралы, олардың қаншалықты жиіркенішті, зиянды екендіктерін түсіндіру. Проблеманы дәстүрлі емес жолдармен шешу арқылы ойлау, көру, есте сақтау қабілеттерін дамыту. Оқушылардың танымдық белсенділігін арттыру.
«Ұрпақ саулығы – ұлт саулығы» дейміз. Алайда жылдар жылжыған сайын жас ұрпақтың денсаулығына жауығатын қатерлі заттардың қатары көбейіп барады. Абыройдан айыратын алкоголь мен естен тандыратын есірткіден арыла алмай жүргенде ұрпақ санасын улайтын тағы бір тұйыққа тап болдық. Мерейімізді өсіре ме деп жүрген мектеп оқушыларының ендігі ермегі – электронды шылым.
Бұлай деп білім ошақтарының басшылары да, қоғам белсенділері де, дәрігерлер қауымы да дабыл қағып жатыр. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартатыны» рас екен. Жаһан жұрты «жаман тұмаумен» жанталасып жатқанда жас ұрпақ жағымсыз әдетке әуестеніп, әлеуметті әлекке салды. «Қараусыз қалған мал – қасқырдың олжасы» демекші, ел ертеңін қатерлі дерттен қорғаймыз деп жүргенде бар бәленің бастауы саналатын «Дайрабайдың көк сиырынан» көз жазып қалған екенбіз. «Қой терісін жамылған қасқырдай» кейіп танытып, шылымның вейп дейтін электронды түрі пайда болды. «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» дегеніңіз осы. Әсілінде, көк сиыр да, көк түтін де емес, құрамында түрлі химиялық қоспасы бар будың уын жұтып жатыр жастарымыз. «Есесіне, құрамында никотин жоқ» деп ақталады у ұрттап жатқандарын ұмытып. Расымен, солай ма? Мәселен, былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске қол қойған болатын.
«Кодекстің 110-бабында 248-тармақ бар. Онда «Темекі бұйымдары – шегу, сору, шайнау, иіскеу немесе тұтынудың өзге де тәсілдері үшін, оның ішінде темекіні қыздыруға арналған жүйенің немесе кез келген өзге де аспаптың көмегімен пайдаланатындай етіп дайындалған шикізат ретінде темекі жапырағынан және (немесе) темекі өсімдігінің басқа да бөліктерінен толық немесе ішінара жасалған өнімдер», деп айқын жазылған. Вейп дегеніңіз – «кез келген өзге аспап». Ендеше, вейп те қоғамдық орындарда ашықтан-ашық ұсынылмауға, пайдаланылмауға және сатылмауға тиіс. Анығында олай болмай тұр. Жасөспірімдер арасында вейп эпидемиясы белең алып барады», деп ашынады Nur Otan партиясының қоғамдық кеңесінде сөз сөйлеген «Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін» ұлттық қозғалысының жетекшісі Жәмилә Садықова.
Оның айтуынша, аталған Кодекстің 261-тармағында тұтынудың электронды жүйелері ретінде құрамында никотин бар немесе жоқ сұйықтықты құрылғылар айқындалған. Себебі вейпке никотинді қалауыңыз бойынша қостырып алуыңызға болады. Мәселен, бала вейп сатушыға келіп, «маған 10 миллилитр никотин құйып беріңізші», дейді. Сатушы сұрағанын құйып береді. Ұлттық қозғалыстың жетекшісі осы мәселені барынша назарға алу керегін айтып, дабыл қағып отыр.
«Балалар вейп сатылатын дүкендерге келіп, шылымның бұл түрін, оның сұйықтығын емін-еркін сатып алып жатыр. Оны түрлі пабликтерден көріп жүрміз. Вейпті әдетте «флешка», «фломастер» деп атап жатады. Оның негізгі құрамы – пропиленгликоль. Бұл заттың құрамында никотин бар. Тиісінше, мұны біз темекі өнімі деп ашық айта аламыз. Бүгінде осы өнімнің отаны саналатын Сан-Франциско округінің өзі (АҚШ) мұндай сұйықтықтардан бас тартып отыр. Керісінше, қазақстандық жасөспірімдердің, әсіресе мектеп оқушыларының арасында бұл өнім кең тарап барады. Оларды вейптің түрлі хошиістендіргіштері, шайырдың, маракуйя, манго сынды жемістердің дәмі қызықтырады. Бір сөзбен айтқанда, вейп шегу сәнге айналды», дейді қоғам белсендісі, кәсіпкер Қайрат Құдайберген.
Өкініштісі, өнімнің осы түрін онлайн саудалаушылар көп. Дүкенде ашық сатылып жатқан соң, онлайн сауданың өрісі тіпті кеңейді. Қызылды-жасылды жарнамасы көзді арбайды. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» жоқ. Мәселен, Instagram әлеуметтік желісінде вейп сатумен айналысатындардың (Elf bar мен Elf shop) көптеп кездесетініне көзіміз жетті. «Бақсақ бақа екен» демекші, онлайн сауда Қазақстанның кез келген қаласында бар деуге де болады. Құны 2 200 теңгеден басталады. Тапсырыс берушіге тегін жеткізу қызметі де қарастырылған. Яғни үйден аттап шықпай-ақ құмарыңызды қандырып, көңіл хошыңызды келтіре аласыз. Көптің көзіне түскісі келе бермейтін жасөспірімдерге де керегі осы емес пе?
Оқушыларға орынсыз айып тағып жатқан жоқпыз. Бірқатар білім ошағындағы мектеп басшыларымен де сөйлестік. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласындағы №90 гимназияның директоры Аятжан Ахметжан жаман әдетке ұлдар да, қыздар үйір екенін айтады. Ал баланың әуестігі байқалған кезде мектеп басшылығы мен ұстаздар қауымы оқушының ата-анасын шақырып, түсіндіру жұмыстарын қолға алады. «Денсаулыққа зиян келтіретін заттар туралы түсіндіру іс-шаралары үздіксіз ұйымдастырылады. Әрине, вейпті зиянсыз деп айтатындар да бар. Өз басым бұған сенбеймін. Зиянсыз шылым болушы ма еді? Сондықтан бұл бұйымдарды оқушыларға сатуға қарсымын. Қандай да бір шектеу деген болу керек», дейді гимназия директоры.
Сонымен, өскелең ұрпақ неліктен санаға салмақ түсіруге құмар? Бұл сұрақтың жауабын іздеп психолог мамандардың пікіріне құлақ түріп көрдік. «Ересектерге еліктеп шылым шеккен жасөспірімдер бұрын да болған, қазір де бар. Бұл үрдіс әсіресе 14-16 жас аралығындағы өтпелі кезеңде көптеп кездеседі. Алайда вейп сынды әртүрлі электронды шылымдар балалардың қызығушылығын екі есе арттырды. Әлеуметтік желідегі жарнамаларды, вейпке қатысты қызықты оқиғаларды көрген сайын, жаман әдет жас ұрпақтың санасына сыналап ене бастады. Ақыр соңында балалар «мың рет естігенше, бір рет көр» деп вейптің дәмін татып көруге асығады. Жасөспірімдердің өсу, қалыптасу кезеңінде олар үшін ата-ананың, ұстаздың айтқан ақылынан гөрі, айналасындағы құрбы-құрдастарының пікірі маңызды. Бұл жастағы балалардың психологиялық ерекшелігі де осы. Олар ең алдымен көптен қалмауға, топтан бөлінбеуге тырысады. Психологияда бұл үрдіс конформизм деп аталады. Жас бала үшін құрдастарынан алшақтап, «ала қарға» атанудан жаманы жоқ. Бір сөзбен айтқанда, бұл – топтық сананың ықпалы», дейді Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ғылыми қызметкері, PhD докторы, психолог Балабек Сақтағанов. Оның айтуынша, балалар ең алдымен ересек адам ретінде көрінгісі келеді. Оларға неғұрлым «шекпе, жолама» деген сайын, соғұрлым қызығушылығы арта түседі. Алайда бұған қарап шылым шеккен барлық бала ғұмыр бойы соның соңында кетеді деуге тағы болмайды. Ес кірген кезде еліктеу де сап тыйылады. Десе де «баланы жастан» деп, жаман әдеттің алдын алған дұрыс.
Ал psyhelp.kz онлайн порталының маманы, ғылым магистрі, психолог Индира Әшімхан электронды шылым қазіргі заманның сәні екенін айтады. «Жастар еліктеу мен солықтауға бейім келеді. Өзін «дәлелдеуге», «ерекшелеуге» асығатын жасөспірім осындай ең жеңіл жолды таңдап, іштей бір жетістікке жетеді. Сән, тренд деген бар. Ол – түрлі жарнамалар арқылы бейсаналы түрде жүріп жататын процестер. Оның артында үлкен бизнес жатыр. Өкінішке қарай, жастар мұны түсінбейді», дейді психолог маман. Оның айтуынша, ата-ана баласымен жай ғана әңгімелесу арқылы шылымның барлық зиянды жақтарын түсіндіру қажет. Өзін үлгі етіп, баламен сенімділік қарым-қатынас орнатқаны жөн.
Жастардың электронды шылымға еліктеу себебін түсінген секілдіміз. Енді оның салдары, зияны қандай? «Электронды шылым ең алдымен ауыз қуысына әсер етеді. Соның кесірінен патогенді флора, түрлі саңырауқұлақтар өсіп шығады. Бұдан соң бу адам ағзасындағы тыныс алу жолдарын зақымдайды. Шырышты қабаттар қабынып, жедел респираторлы аурулар пайда болады. Әрине, ауру белгілері бірден байқала қоймайды. Белгілі мерзім өткеннен кейін көктем, күз маусымдарында шылымға әуес адамдарда бронхит асқынады. Оған шылымның құрамындағы түрлі химиялық заттың әсерінен бронх демікпесі, аллергия сынды түрлі ауру қосылады. Себебі никотин мөлшері аз болғанымен, оның орнын хошиістендіргіштер, майлар толтырып тұрғанын ескеру қажет», дейді резидент-пульмонолог Жарқын Нұрышев.
Жастар мұның барлығын жақсы біледі. Біле тұра ағат қадам жасайды. Әрине, еліміздегі алкогольден, шылымнан бас тартқан тұтас ауылдар туралы естиміз. Ауылдың аясында қалып қоймай, осы үрдісті ұлт болып, мемлекет болып қостап әкететін кез келген секілді. Алайда оның «ауылы әлі алыста». Мәселен, FinReview.info сарапшылары Қазақстанда отандық бюджеттің қоржынын қампайтып отырған шетелдік 30 ірі компания барын айтады. Былтыр ел бюджеті 6,4 трлн теңгегеден аса сомаға толыққан болса, салықтық түсімдердің үштен бірі осы 30 шетелдік компанияға тиесілі. Мұны неге айтып отырмыз? Төлемдердің көш басында 1,6 трлн теңге салық төлеген мұнай-газ секторы тұрған болса, одан кейінгі орынға темекі өндірісі жайғасқан. «Джей Ти Ай Қазақстан», «Филип Моррис Қазақстан» және «Бритиш Американ Тобакко Қазақстан Трейдинг» сынды үш компания бюджетке азды-көпті 240,2 млрд теңге салық төледі. Темекі өнімдерінен түсетін салықтың көптігі сонша, тіпті металлургия саласын басып озды. Металлургтер бюджетке небәрі 161,5 млрд теңге салық аударған екен.
Шылымның ел экономикасына тигізер пайдасы мен оны шегетін адамдардың шығынын осыдан-ақ аңғара беріңіз. Соған қарамастан салымыз суға кетпейтін секілді. Нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарда мақұлдау сәтіне дейін оларды талқылау алаңы ретінде құрылған «Ашық НҚА» порталында «Құрамында никотин бар өнімге қойылатын талаптардың» техникалық регламенті талқыланып жатыр. Бұл құжатта ең алдымен ашық үлгідегі электронды тұтыну жүйелерін, ашық үлгідегі никотинді, сондай-ақ никотинсіз сұйықтықтарды жеткізудің электронды жүйелеріне құюға арналған ауыспалы контейнерлер мен ыдыстарды Қазақстан нарығына шығаруға жол бермеуге қатысты бастама көтерілді. Сондай-ақ аталған техникалық регламентте бір рет пайдаланылатын электрондық тұтыну жүйелерін (бір рет пайдаланылатын электрондық шылымдарды) Қазақстанның нарығына шығаруға жол бермеу мәселесі де көтерілуде. Құжат биылғы 15 қазанға дейін талқыланады.
Бұл қадам ең алдымен оқушыларды, жасөспірімдерді жаман әдеттен арылту мақсатында жасалып отырғаны анық. Бүгінде әлемдегі 25 мемлекетте вейпті сатуға заңмен тыйым салынған. Қазақстан бұл қатарға қайтсе де қосылуы керек.
Достарыңызбен бөлісу: |