Әлеуметтану бойынша глоссарий
Адам – жер бетіндегі тірі организмдердің дамуының ең жоғарғы сатысы, қоғамдық тарихи және мәдени субъект. Адам табиғаты біртұтас биоәлеуметтік жүйе болып табылады.
Азаматтық қоғам – саяси құрылымдарымен, соның ішінде мемлекетпен салыстырғанда қоғамдық өмірдің біртұтастығын сипаттайтын ұғым.
Аккультурация — әртүрлі мәдениеттердің өзара әсерін білдіретін ұғым.
Аксиология – (гректің «axia” «құндылық», «logos” ілім деген сөзінен шыққан) құндылықтар туралы ілім.Құндылықтарды жан – жақты зерттеу мәселесін социологияға Макс Вебер енгізген болатын.
Аномия – қоғамдық тәртіпті ретке келтіріп тұрған ережелердің бұзылуы.
Ассимиляция – сан алуан әлеуметтік топтардың әлеуметтік және мәдени негізде бірімен бірінің сіңісіп кетуі.
Ауыл – қоғамдық еңбек бөлінісінің, яғни қол өнер мен ауыл шаруашылығының бөлінуі нәтижесінде пайда болған қоғамдық өмірдің нақты әлеуметтік кеңістіктік түрі.
Әлеуметтік – (социальное– латынның «socialis» – «бірге», «жолдастық», «қауымдық» деген сөзінен шыққан) – социологияның категориясы ретінде: 1) адамның қоғамдық өмірінің мәнін; 2) адамның жануарлардан айырмашылығын; 3) адамның табиғаттың ажырамас бөлігі екендігін; 4) қоғамдық жүйелер құрылымдарын тиімдірек пайдалану жолдарын көрсету үшін қолданылады.
Әлеуметтік ақпарат – қоғамдық, сондай-ақ, адам, қоғам және табиғат арасындағы қатынастардың өзара әсерін реттеп отыру үшін қолданылатын, қалыптасқан, үнемі жаңарып отыратын білімдердің, мәліметтердің жиынтығы.
Бюрократия – қатаң да дәл ережелер мен үлгілер арқылы реттелетін қызметтер мен биліктің бөлінісіне негізделген қызметтер мен рольдердің иерархиясынан тұратын әлеуметтік құрылым.
Валидтілік – зерттеудің құралдары мен әдістерінің, ұғымдардың және эксперименттердің мақсатының негізділіг мен барабарлығы.
Девиация – көпшілік мойындаған ғадеттік ережелерден ауытқу.
Дезинтеграция – жүйенің ішкі құрылымының ыдырау процесі.
Деноминация – басқа діндердің заң аясындағы қызметін қолдайтын және қоғаммен арақатынасын позитивті принциптерге негіздейтін діни ұғым.
Депривация – адамдар мен топтардың негізгі қажеттіліктерін қанағаттандыру мүмкіндіктерінен айыру немесе оларды шектеу процесі.
Еңбек – адамның іс-қимылының негізгі түрі, оның тіршілік ету тәсілі. Еңбек арқылы көзделген мақсатқа жетуге болады. Еңбек адамның қалыптасуына, оынң қоршаған ортаға бейімделуіне шешуші әсер етеді.
Коммуникация – бір адамның екінші бір адамға мәлімет беруі. Коммуникацмя кез келген әлеуметтік өзара қатынастардың негізі.
Конвергенция ілімі – капиталистік және социалистік қоғамдардың біртіндеп, біте қайнасып, бір біріне сіңісуін уағыздайтын бағыт.
Конформизм – бұқаралық санада қалыптасқан стереотиптерді, салт-дәстүрлерді, бедел мен принциптерді қарсылықсыз қабылдау және сақтау.
Микросоциология – шағын әлеуметтік жүйелерді, әлеуметтік құбылыстар мен процестерді талдайтын социологиялық зерттеулер.
Моногамия – бір күйеу мен бір әйел арасындағы неке.
Монотеизм – бір ғана құдайды мойындайтын дін.
Өркениет – қоғамның сапалық дамуы барысын көрсетеді.
Полигамия — бірнеше адамдардың арасындағы неке.
Респондент – социологиялық зерттеу барысында сауалдарға жауап беруші.
Референтті топ – әлеуметтік топтардың ішіндегі ең артық көрінетін тобы, сол топтың қасиет, сапасы туралы біртұтас түсінік.
Социеталдық – күрделі әлеуметтік жүйедегі әлеуметтік қарым-қатынастар мен процестерді белгілейтін ұғым.
Социометриялық әдіс – социология ғылымы шешуге тиісті көптеген міндеттерді шағын топтарда болып жатқан процестерді зерттеу арқылы орындайтын әдіс.
Сұхбат – (интервью) респонденттен ауызша қойылған сұраққа тікелей жауап алу арқылы жүргізілетін социологиялық зерттеу әдісі.
Этнос – (тайпа, халық дегенді білдіреді) ортақ белгілері мен тұрақты тілі, мәдени және психологиялық ерекшеліктері, салт-дәстүрлері бар белгілі аумақта тарихи қалыптасқан топ.
Элита – (өте жақсы, таңдамалы дегенді білдіреді) әлеуметтік топтардың ішіндегі ерекше жеңілдіктері бар жоғарғы топ.
Достарыңызбен бөлісу: |