УДК 621.311.24
ЕЛІМІЗДІҢ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ПРОБЛЕМАЛАРЫ
Д.Бұхарбаева А.К.Ершина
Қазақ мемелекеттік қыздар педагогикалық институты, Алматы қ.
Экологияның күрт нашарлап кетуі адамдардың табиғатқа антропогендек әсерін болып отыр. Атмосферадағы көмірқышқыл газдардың концентрациясының артуына байланысты климат өзгеріп, температураның жоғарлауына әкеліп соғады.
Энергия көзі ретінде көмір, мұнай, табиғи газды пайдалану нәтижесінде және машиналардың көбейіп индустриялық революциясының өркендеуіне байланысты бұл процесс тезірек жүреді.
Жер планетасындағы атмосфераның температурасы артатын болса, планетаның көптеген бөліктерінде құрғақшылық болады, басқа жерлерде жаңбыр көп жауып, жерді топан су қаптайды. Полюстегі мәңгі мұздар еріп аралдар мен жағалауларды, мұхиттар мен теңіз сулары басып кетеді. Ауыл шаруашылығының өнімі нашарлап, халықтар мекенін тастап, күн көрістің қамымен басқа жерлерге көшеді.
Табиғатты қорғау мәселесі бүкіл дүниежүзілік проблемаға айналуда. Экологиялық проблема дегенде ең алдымен Арал, Балқаш, Каспий, Семей қасіреттері еске түседі.
Арал теңізі - Қазақстанның інжу-маржаны. Арал теңізі ірі экологиялық апатқа ұшырыағанға дейінгі көлемі - 1066 км2, тереңдігі - 30-60 м, тұздылығы - 10-12% болған. Қойнауы кәсіптік бағалы балықтарға бай, жағасы қоға мен қамысты теңіз еді. Сол кездерде жылына 50-150 мың балық ауланса, теңіз жағасынан едәуір мөлшерде бұлғын терісі игерілген.
1966 жылдардан бастап Арал өңірін игеру қолға алынды. Осы аймақтағы игерілетін жер көлемі бұрынғыдан Өзбекстан мен Тәжікстан 1,5, Түрікменстанда 2,4, Қазақстанда 1,7 есеге өсті. Ал Амудария мен Сырдария бойындағы халықтың саны 1960-1987 жылдар аралығында 2,2 есеге артты. Халық санының өсуіне орай суға деген қажеттілік те артты. Осыған орай 1970-1980 жылдар аралығында аралға құйылатын су мөлшері азайды. Оның негізгі себептері - антропогендік факторлар еді. Екі өзен бойындағы суды мол қажет ететін күріш пен мақта өсіру ісі қарқында дамыды (Шардара).
Оның үстіне ауылшаруашылығының басқа да салалары барынша дамыды. Өзен бойлары игеріліп, суды ысырапсыз пайдалану жүзеге асты. Мәселен, Аралға 1960-1965 жылдар арасында 44 мың м3, ал 1990 жылдары екі есеге қысқарды. Нәтижесінде, Арал теңізінің деңгейі 23 м-ге дейін төмендеп, оның су айдыны 30-200 км-ге дейін қусырылды. Судың тұздылығы 40 %-ға дейін артты. Оның үстіне екі өзен бойындағы шаруашылықтарда тыңайтқыштар мен химиялық препараттарды қолдану бұрын-соңды болмаған көрсеткішке жетті. Тыңайтқыштарды қолдану 10-15 есеге өсен. Осындай антропогендік факторлар Арал өңірін экологиялық апатқа ұшыратты. Құрғап қалған теңіз түбінен жыл сайын айналаға зияндылығы өте жоғары 2 млн. тонна тұзды шаңдар көтеріліп, желмен тарай бастады. Сонымен, Арал апатына себеп болған факторларға:
-
жергілікті жердің тарихи-табиғи ерекшеліктерін ескермеу;
-
ауылшаруашылығын дұрыс жоспарламау, судың қорын есепке алмау;
-
суды өте көп қажает ететін күріш, мақта дақылдарын барныша көбейтіп жіберу;
-
жерді игерудің агротехникалық шараларын сақтамау және суды үнемді пайдалнбау;
-
табиғат ресурстарын пайдаланудағы жіберілген қателіктер мен оны меңгерудің ғылыми тұрғыдан негізделмеуі болып табылады.
Осы аталған факторлар Арал теңізі экожүйесіндегі тіршілік атаулының экологиялық дағдарысқа әкелді. Бұл жағдайлар адам баласының қолдан істеген қателігі ретінде дүниежүзіне белгілі болды.
Арал өңірінде туындап отырған қазіргі экологиялық апаттар нышаны жыл өткен сайын теңіз суын таратуда. Оның фаунасы мен флорасы жойылып бітуге жақын. Топырақтың тұздануы өте жылдам жүруде. Арал теңізінде балық өсіру шаруашылығы тоқталып, соңғы 1-2 жылда ғана қайта қолға алынды. Ондағы тұрғындардың әлеуметтік жағдайы төмендеп кетті. Теңіз түбінен көтерілген улы тұздардың мөлшері жылына 13-20 млн. тонна деп есептеледі. Тіптен, тұзды шаңдар әсері сонау Орта Азия республикалары аумағына жетіп, ауылшаруашылығына зардабын тигізуде. Арал өңіріндегі климаттың өзгеріуі шөл белдеменің табиғи ландшафтарын бірте-бірте күрделі әрі қайтымсыз атропогендік экожүйелерге қарай ығыстыруда.
Арал өңіріндегі антропогендік факторлар ондағы тұрғындардың салт-дәстүрлеріне, экономикалық-әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етуде. Жұмыссыз қалған балықшылар әлеуметтік жағынан қорғаусыз қалып, басқа аймақтарға еріксіз қоныс аударуда.
Қазіргі Арал өңірінде адамдардың денсаулығы күрт төмендеп кетті. Бұл өңірде соңғы мәліметтер бойынша туберкулез, бүйрекке тас байлану, сары су, өкпе-тыныс жолдарының қабынуы, жұқпалы ауралар республиканың басқа өңірімен салыстырғанда жоғары көрсеткішті беріп отыр.
Арал теңізінің болашағы дүниежүзі халықтарының толғандыруда. Оның біржола жойылып кетуі Орта Азия мен Қазақстанды ғана емес көптеген Шығыс елдерінің тыныс-тіршілігіне өзгерістер әкелмек. Ал ауытқушылықтар антропогендік экожүйелердің тұрақсыздығын тудырады. Арал мәселесі соңғы 10 шақты жылда географ және эколог ғалымдар арасында жиі-жиі пікір таластар туғызады. Арал мәселесі туралы халықаралық конференциялар ұйымдастырылды. Өркениетті елдер қаржылай көмек көрсетуде. Олар негізінен Орта Азия республикалар, Ресей, АҚШ, Жапония, т.б. мемлекеттер.
Арал теңізін құтқару жөнінде бірнеше ғылыми болжамдар мен жобалар бар. Олар:
-
Сібір өзендерін Қазақстанға бұру.
-
Амудария мен Сырдария өзендерінің суын реттеу арқылы суды молайту.
-
Арал теңізін жартылай сақтап қалу.
-
Каспий теңізінің суын жасанды канал арқылы әкелу.
-
Жер асты суларын пайдалану.
-
Арал теңізінің өздігінен табиғи реттелуін немесе толысуын күту.
Әрине, бұл жобалар болашақтың ісі болғанымен, уақыт талабы оны күттірмейді. Бәріде қаражатқа тірелуі мүмкін. Ал оның іске асуы адамзат қауымының білімі мен біліктілігіне байланысты екені анық.
Қазіргі кезде Аралды құтқару бағытында батыл да жоспарлы түрде ғылыми негізде жұмыстар жасалуда. "Арал тағдыры - адам тағдыры" болғандықтан оны сақтап қалу аға ұрпақтың болашақ алдындағы борышы.
Балқаш көлі - Қазақстандағы ең ірі экожүйелердің бірі. Көл Балқаш - Алакөл ойысында орналасқан. Көлемі - 501мың км2, ұзындығы - 605 км, ені - 9-74 км аралығында. Ал ең терең жері - 26 м. Бұл көлдің 1970 жылдарындағы сипаты болса, қазір мүлдем басқаша. Жетісу өзендерінің ішінде Іле, Қаратал, Ақсу және Лепсі өзендерін Балқашқа құяды.
Балқаш көлі шөлейт және шөл табиғат белдемдерінде орналасқандықтан, оның климаты шұғыл континентті болып келеді. Су айдынының булануы өте жоғары. Осыған байланысты судың деңгейі тез өзгеріп отырады.
Ұзақ жылдар тіршілігі тұрақты болып келген су айдынының қалыпты жағдайы өзгере бастады. Балқаш көлінің экологиялық жағдайының нашарлауц себебі Қаратал, Лепсі, Ақсу өзендерінің мол суының Балқаш көліне жетпей суармалы егістерге жұмсалуынан. Оның үстіне бұрынғы кездерде Аягөз, Биен, Сарханд және Басқан өзендері Балқашқа құйып, оның табиғи су деңгейін сақтап отырған.
Аталған антропогендік жағдайлар Балқаш көлінің жағдайын шиеленістіріп жіберді. Балқаш экожүйесінің одан әрі нашарлауына Іле өзені бойына салынған Қапшағай суқоймасы да әсер етеді. 1970 жылы Қапшағай суқоймасындағы Іле өзенінің суын бөгейтін Қапшағай бөгеті салынды. Оған қосымша Іле өзенін қоректендіріп отырған Шелек өзені Бартоғай бөгетімен бөгеліп, онда көлемі 300 мың м3 су жинақталды. Осылайша Үлкен Алматы каналы (БАК) салынды. Каналдың салынуына байланысты Шелек өзені Ілеге құюын тоқтатты.
Іле – Балқаш алабының ауыл шаруашылығында барынша пайдалануымен 1965-1990 жылдар аралығында Балқашқа құятын судың көлемі 25 %-ға азайды. Іленің орта ағысы мен төменгі сағасында Шарын күріш, Шеңгелді көкөніс, Ақдала күріш алқаптары пайда болды. Осының бәрі Іле – Балқаш су алабының табиғи жүйесінде қалыптасқан тепе-теңдік заңын бұзды.
Балқаш экожүйесінің бұзылуының зардаптары. Іле – Балқаш экожүйесіндегі өзгерістер (әсіресе Қапшағайдан төменгі бөлігі) өте сирек кездесетін Іле тоғайын, өзен жағасындағы шұрайлы жайылымдар мен оның сағасындағы қамыс-қоғаның жойылуына себепші болды. Көлдің жағалаулары кеуіп, тұзды шаң жиі көтерілді. Ауа райы өзгеріп, қуаңшылық пен аңызақ желдер үдеді.
Балқаш көлі соңғы жылдары 2 метрге жуық төмендеп отыр. Сонымен көл жағалаулары батпақтанып, сорланып, тақырлар мен шөлдерге айналуда.
Іле – Балқаш экожүйесінің фаунасы мен флорасы зардап шегуде. Балық аулау соңғы жылдары 5 есе төмендесе, уылдырық шашу (Қапшағай су қоймасы) тіпті азайды. Сонымен қатар балықтардың Іле бойындағы егіс, көкөніс алқаптарына пайдаланылған пестицидтер, тербицидтер және минералды тыңайтқыштар қалдықтарымен улануы жиі байқалуда.
Іле – Балқаш алабы ит тұмсығы батпайтын тоғайлар, кішігірім көлдер, аралдар, аңдар мен құстар мекені болатын. Әсіресе 1960 жылдары жылына 1,5 млн-ға жуық бұлғын терісі дайындалатын болса, қазір бұл шаруашылық жойылған.
Іле бойында және көл жағасындағы тіршілік ететін құстардың түрлері де азайып кеткен. «Қызыл кітапқа» енген аққу, бірқазан, көкқұтан, т.б. құстар қазір өте сирек кездеседі.
Іле – Балқаш алабы Қазақстандағы тарихи-табиғи ескерткіштерге бай өлке. Бұл өңірде Шарын тау өзені мен оның бойындағы Шарын тауларындағы тастағы таңбалар мен тас мүсіндер және көне қорғандар жүйесі, Әнші құм атты табиғат туындысы, Алтынемел ұлттық саябағы, Кербұлақ сияқты қорыққорлар бар. Жетісу деп аталатын бұл аймақта 3 млн. астам халық тұрады. Ең ірі қалалары – Алматы, Талдықорған, Жаркент.
Бұл өңірдегі экологиялық ірі мәселелер қатарына Балқаш көлі бойындағы Балқашмыс комбинаты, Приозер, Ақсүйек кен рудаларын байыту кешендері, Сарышаған полигоны және Текелі қорғасын-мырыш комбинаттары осы аймақта тұратын тұрғындарға өз зардабын тигізіп отыр. 1999 жылы «Балқаш көлін құтқару, оның бүгінгісі мен болашағы» атты халықаралық деңгейде экологиялық форум өтті. Онда Балқаш көлін құтқару мәселелері қаралып, нақты шешімдер қабылданды. Оның негізгілері:
1. Іле өзені бойындағы өндіріс орындарында суды тиімді пайдалануды реттеу. 2. Қапшағай суқоймасынан Балқашқа жіберілетін судың үлесін тұрақтандыру. 3. Ақдала және Шарын массивтеріндегі күріш алқаптарын азайту. 4. Жер асты суларын пайдалануды жүзеге асыру. 5. Суармалы жерлердің көлемін шектеу.
Балқаш көлін құтқару бүгінгі күннің талабы. Арал мен Балқаш сияқты су экожүйелерінен айырылу Қазақстанды ғана емес Еуразияны да бұрын-соңды болмаған экологиялық анаттың ошағына айналдыруы мүмкін. Сондықтан әрбір табиғи экожүйені көздің қарашығындай сақтау мен қорғау адамзат баласының парызы.
Каспий теңізі – жер шарындағы бірден-бір тұйық су айдыны. Оның көлемі – 380 мың км 2. Каспий теңізі солтүстіктен оңтүстікке дейін 1030 км, батыстан шығысқа дейін 196-435 км аралықты қамтиды. Солтүстік-шығыс бөлігінің климаты континенталды, ал оңтүстік-батысты субтропикалық климатты құрайды. Каспийдің солтүстік жағалауы таяз, көбіне қайраңдардан тұрады.
Каспий теңізі Еуропа және Азия континенттерінің түйіскен жерінде орналасқан. Каспий қайраңы өте ерекше табиғат туындысы әрі өсімдіктер мен жануарлардың қолайлы ортасы. Мұнда «Қызыл кітапқа» енген өсімдіктер мен жануарлар көптеп кездеседі. Тұйық су айдыны болғандықтан мұндағы организмдердің басымы эндемиктер. Теңіздің құнды байлықтарының бірі – бекіре тұқымдас балықтар. Олардың 5 түрі тіршілік етеді. Бекіре тұқымдастардың дүниежүзілік қорының 70 %-ы осы теңіздің үлесіне тиетінін мақтанышпен айтуға болады. Каспий ойпаты өзінің табиғат ескерткіштерімен, фаунасы және флорасының көптүрлігімен ерекшеленеді. Мұнда өсімдіктердің 945, балдырлардың 64, фитопланктондардың 414, зоопланктондардың 100-ден астам түрі тіршілік етеді.
Каспий теңізі кәсіптік балықтарға да бай. Теңізде балықтың 76 түрі кездеседі. Каспий теңізі жыл құстарының да сүйікті мекені. Теңіз жағалауларында 3-3,5 млн. құстар қыстан қалса, ал жыл құстарының саны 10-12 млн-ға жетеді.
Қазіргі кезде бізді қоршаған ортаның ластаушы көздерін төмендегідей топқа бөлеміз:
1. Физикалық ластану – радиактивті заттар, электрмагнитті толқындар, жылу, шулар және тербелістер.
2. Химиялық ластану – көміртегі өнімдері, күкірт, көмірсулар, шайынды сулар, пестицидтер, гербицидтер, фторлы қосылыстар, ауыр металдар, аэрозолдар.
3. Биологиялық ластану – ауру қоздырғыш бактериялар мен вирустар, құрттар, қарапайымдылар, шектен тыс көбейіп зиян келтіретін жәндіктер.
4. Эстетикалық зиян – табиғаттың қайталанбас сұлу ландшафтарының бүлінуі, орман-тоғайлардың жойылуы, т.б.
Осындай апаттарды болдырмас үшін 1992 жылдың маусымында БҰҰ-ның Рио-де Жанейродағы болған айналаны қоршаған орта жөніндегі конференциясы климаттың өзгеруі туралы рамкалық Конвенция қабылдап, оған 150-ден астам ел қол қойды. 1999 жылдың 19 наурызында БҰҰ-ның штаб квартирасында Қазақстанның өкілетті өкілі Ақмарал Арыстанбекова да рамкалық Конвенцияға қол қойды.
1997 жылы 24 шілдеде АҚШ президенті Клинтон атақты ғалымдарды жинап (оның ішінде 3 Нобель сыйлығының лауреаты бар) «парниктік эффекті» тудыратын газдарды азайтуға бағытталған заңды қабылдап, глобальдық жылынуға қарсы күресетін ұлттық компанияны құрып, бұл мәселені радикалды түрде шешуге жұмылдырды. 1997 жылы 29 шілдеде «Вашингтон папкасы» қабылданды.
«Қызу әсерінің» салдарынан болатын климаттың өзгеруі жалпы әлемдік көлемдегі проблема болып табылады және қоршаған ортаның жан-күйіне барынша ықтимал қатер төндіреді.
Қазақстан 1995 жылы Климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ Үлгілік конвенциясын бекітті, ал 1999 жылы осы Конвенцияда Киото хаттамасына қол қойды.
Аталған хаттаманы бекіткен және ол күшіне енген жағдайда Қазақстан қызған газдардың шығарындыларын қысқарту жөніндегі сандық міндеттемелерді өзіне жүктей отырып, І қосымшаның Тараны болады.
Қазақстанның Киото хаттамасын бекітудің мақсатқа лайықтығын айқындау үшін 2004 жыл барысында қызған газдардың шығарындыларын қысқарту жөніндегі сандық міндеттемелердіңң Қазақстанның экономикасына әсері туралы зерттеулер жүргізу қажет.
Талассыз экологиялық тиімділігінен басқа, Киото хаттамасын бекіту біздің ел үшін халықаралық инвестицияларды тарту, басқа елдердің экономикасына активтерді орналастыру мүмкіндігімен инвестор рөліндегі бірлескен жүзеге асыру жобаларына және «таза даму» процестеріне қатысу, өндірістік энерготиімділігін арттыру үшін жаңа технологияларды қолдану, сыртқы энергетикалық рынокта елдің экономикалық мүдделерін қорғау үшін көміртегі кредиттерін шоғырландыру, қызған газдардың шығарындыларына квоталар жөніндегі перспективалары ашады.
Киото хаттамасын біткеннен кейін нақты жобалар мен іс-шараларды іске асыруды көздейтін Қазақстан Республикасында қызған газдардың шығарындыларын азайту жөніндегі 2015 жылға дейінгі бағдарлама әзірленетін болады.
Табиғатпен тіл табысу үшін, біріншіден, өндірісті экологиязациялау мақсатына сай келетін бірқатар шараларды іске асыру қажет. Табиғатты қорғау үшін барлық елдердің күш қуатын біріктіргенде ғана экологиялық шаралар тиісті нәтиже бере алады.
Адам мен табиғаттың қарым-қатынасын жақсарту бағытталған тағы бір шара – табиғат байлықтарын тұтынуды ақылға сиымды мөлшерде өзіне – өзі шек қою. Халықтың экологиялық санасын қалыптастыру міндетті экологиялық білім мен тәрбие берудің бірқатар комплексті мәселелерінен тұрады. Олар – экологиялық ғылыми сананы қалыптастыру, экологиялық этиканы, экологиялық психологияны және экологиялық құқықтық сананы қалыптастыру қажет.
Әрбір экономикалық табысымыз үшін табиғат бізден кек алады. Сондықтан біз табиғатты аялай білейік!
Достарыңызбен бөлісу: |