ӘОЖ 379.852(436)
АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНДАҒЫ ӘЙТЕКЕ БИ АУДАНЫНЫҢ ТУРИСТІК МҮМКІНДІКТЕРІ
Снасапина Альбина Сергалиевна,
aktobe-kaz@rambler.ru
Қазақ-Орыс Халықаралық Университетінің география магистрі
Қасымханқызы Әйгерім
Қазақ-Орыс Халықаралық Университетінің "туризм" мамандығының 2-курс студенті,
Ақтөбе қ.
Қазақстан туристік-рекреациялық ресурстарға бай. Қазақстандағы туризмді дамытуға елбасымыздың "Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2020 тұжырымдамасының" маңызы зор. Осы тұжырымдаманың мәні - Қазақстандағы туризмнің даму деңгейін жоғарлату, туризмді табыс көзіне айналдыру, халықаралық туризммен қоса ішкі туризмді дамыту. Халықаралық туризмнің индикаторы болып ішкі туризм саналады. Сондықтан да Қазақстанның облыстарында ішкі туризмді дамыту керек. Ақтөбе облысында ішкі туризм бойынша обьектілері өте көп. Ақтөбе облысында 12 аудан бар. Әрбір аудан өзінің табиғатымен, ерекшелігімен, табиғат байлықтарымен ерекшеленеді.
Ақтөбе облысының аудандары ішінде ерекше аудан ретінде Әйтеке би ауданын да қарастыруға болады. Ауыл шаруашылығы дамыған, өндіріс орындары аз болғанымен бұл ауданда туризмді дамыту мүмкіндіктері зор. 1966 жылы 31 қаңтарда Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің жарлығымен Қарабұтақ ауданынан Комсомол ауданы бөлініп құрылды. 1997 жылы Комсомол, Қарабұтақ ауданы бірігіп Әйтеке би ауданы болып аталды. Әйтеке би ауданы Ақтөбе облысының солтүстік-шығыс шетінде орналасқан. Солтүстік-шығысы Ресеймен, Қостанайдың Алтынсарин ауданымен, оңтүстік-шығысында Ырғызбен, оңтүстігінде Шалқармен, оңтүстік – батысында Мұғалжармен, солтүстігінде Хромтау ауданымен шекаралас орналасқан. Жер көлемі 35,9 шаршы шақырым. Ақтөбе қаласы мен Әйтеке би ауданының ара қашықтығы 320 шақырым. Қарабұтақ–Ырғыз, Қарабұтақ-Комсомол бағытындағы тас жолдар кесіп өтеді және Хромтау – Алтынсарин теміржолы өтеді. Халықтың дана перзенті Әйтеке бидің атын аудан 1993 жылы иеленді [1].
Ауданда көптеген тарихи-мәдени, табиғи туристік обьектілер көп. Әйтеке би ауданына 2 немесе 3 күндік саяхатқа шығуға болады. Аудан бойынша төмендегідей "Данышпаным-бәйтерегім Әйтеке би" маршруты ұсынылады (1-кесте).
Кесте 1 "Данышпаным-бәйтерегім Әйтеке би" маршруты
Ел, Республика,
Облыс, аудан
|
Қазақстан Республикасы, Ақтөбе қаласы, Әйтеке би ауданы
|
Турдың атауы
|
Данышпаным-бәйтерегім Әйтеке би аудан
|
Болу күні
|
2
|
Маршрут бағыты
|
Ақтөбе - Белқопа - Қарабұтақ - Ақкөл - Ұлғайсын - Қарабұтақ - Әйтеке би -Басқұдық - Қарашатау - Аққұм - Толыбай - Әйке
|
Өткізілетін күні
|
маусым-қыркүйек
|
Қызмет ету деңгейі
|
Оқытушылар, студенттер, туристтер, ғылыми қызметкерлер
|
Маршрутқа мінездеме
|
Маршрут
түрі
|
Арақашықтығы
|
Турдың ұзақтығы
|
Қозғалыс түрі
|
Қиындық
деңгейі
|
Нұсқаушы саны
|
Мәдени-танымдық
|
700 км
|
2 күн
|
автокөлік
|
-
|
1
|
Қауіпсіздік ережелері
|
Маршрут бойынша экскурсовод қауіпсіздік ережелерін таныстыру
|
Жеке керекті құрал-жабдықтар
|
Жол дорбасы немесе рюкзак, сағат, бинокль, фотоаппарат, видеокамера, күннен қорғайтын көзілдірік, паспорт, шыбын-шіркейден қорғайтын құралдар, өзіне керекті ақша.
Киімдер: аяқ киім, бас киім, жылы және жеңіл аяқ киім.
|
Маршруттағы азық-түліктің мінездемесі
|
Турға қатысушылар тамақтарын өздері қамтамасыз етеді.
|
Туристердің жалпы саны
|
Топта 15-20 адам
|
Тур құнына кіретіндер
|
Тура шығындар, транспорт, экскурсовод қызметі, инвентарь.
|
Қосымша ақыға
|
Тамақтану, орналастыру, қосымша қызметтер.
|
Турдың негізгі құны
|
3500 теңге
|
Маршруттағы Әйтеке би ауданының обьектілері:
1. Белқопадағы Құлтас Баба мешіті (Белқопа)
Әйтеке би ауданы Белқопа ауылында осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын Құлтас мешіті болғаны тарихтан мәлім. Бірақ қазір мешіт орнында құлаған кірпіштің үйінділері ғана сақталған. Өткен жылы осы мекенде 100 адамға арналған жаңа мешіт бой көтерді. Мұнаралы мешіт 1908-1910 жылдары Орынбордағы Торғай облысының әскери губернаторының рұқсатымен Құлтас руы азаматтарының қаржысына салынған. Мешіт араға тура бір ғасыр салып, Құлтас руы азаматтарының қаржысына қайтадан 2008 жылы салынып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Мешіттің қазіргі Белқопа ауылынан 7 шақырым жерде кезінде Куйбышев атындағы артель болған мекенде орны сақталған. Мешіт жанындағы таспен өрілген суы таза құдық әлі күнге дейін сол қалпында [2].
2. Т.Г.Шевченконың ескерткіші
Т.Г. Шевченко ескерткіші - Қарабұтақ селосында орналасқан. Кезінде патша пәрменімен украин ақыны және суретшісі Тарас Григорьевич Шевченко жер аударылған елді мекен. Ауыл тұрғындары украин ақынын құрметтейді. Ауылда Т. Г. Шевченконың ескерткіші орнатылған орта мектепке ақынның есімі берілген.
3. Ескі Қарабұтақ форты (Қарабұтақ). Қарабұтақ селосынан 5 шақырым жерде орналасқан. Бұл үлкен мәдени мұра болып саналады. Тарихы тереңде жатқан, құпияға толы ескі қаланың көрінісі туристер үшін ғажайып мекен. Теңіз деңгейінен биіктігі 300 м. Онда украин ақыны Т.Г. Шевченко өз іздерін қалдырған.
4. Әйтеке би ескерткіші (Қарабұтақ). Қара қылды қақ жарған қазақтың ұлыларының бірі Әйтеке би есімін ұлықтау үшін 2005 жылы Қарабұтақ селосында ескерткіш орнатылды. Ол ескерткіш қазіргі таңда жергілікті жерге көрік беріп тұрған ерекше обьект.
5. Сары Ишан Үмбетұлы Қожахмет (Қарабұтақ)
Бұрынғы Қарабұтақ ауданының қазіргі округінің орталығы қасындағы үлкен қорымда Сары Ишан -Үмбетұлы Қожахмет (1856-1934) жерленген. Ол кісі Қара шоқы деген жерде қайтыс болғанда Шаңғытбай қажы жатқан жерге жерлеуін тапсырған екен. Сыпайы ақ сары кісі екен, ел қойғандай жазылып, атын тікелей атамауда құрметтің бір түрі, сондықтан елге Сары ишан болып аты жайылған. Ишанның тамының көлемі үлкен өзімен бірге отбасының мүшелері де жерленген. 1928 жылы мешіт құлатылады, Сары ишан бой тасаланып Нұраға, одан әрі Нөкіс қаласында тұрады. 1933 жылы Қарабұтақ жеріне қайтып келіп, 1934 жылы қайтыс болады [3].
6. Кілемжайған (Аққөл)
Кілемжайған - Қарабұтақ жеріндегі көл. Кілемжайған - ол кезде ат түзетіп, Кенесарының қалың қосындарының аттары су ішкенде лайланбайтын, айналасындағы Ақкөл, Қандысор, Бопай, Шилісор, Құмқұдық, Соналы, Қыналы сияқты көк майсалы құрақты көлдері бар тендесі жоқ сұлу жер болыпты. Кенесары Хан ордасын тігуге Ырғыз өзеннің бойында өзге жерді де тандамай осы - Кілемжайғанды қолайлаған. Кенесары қолы (Кілемжайғаннан) Қарабұтақ жерінен Орынбор Губерниясына өтіп, Ор бекінісне басқа да бекеттерге жүйелі түрде шабуыл жасап, көптеген қаруларды қолға түсіріп, опасыз сұлтан төрелердің мекен-жайын ойрандап, ауылдарын жазалап, патша отрядтарына қарсы сәтті де батыл жорықтар жасап отырған [3, 14 б.].
7. Үңгіртас (Ұлғайсын).
Әйтеке би ауданындағы Ұлғайсын ауылынан 9 шақырым жерде орналасқан таулы Үңгіртас бар. Таудың биіктігі шамамен 100 метр. Үңгіртас өзен деңгейінен 2,5-3 метр жоғары, кіретін аузы солтүстік-батысқа бағытталған. Таудың қырқа басынан қарағанда өзеннің арғы бетіндегі биік жарқабақтағы үңгірдің есігі бірден көрінеді. Оны өзен табанынан үш бөлек жалпақ тас бөліп тұр. Тастардың жиегі тап-таза ақ қайыр құм жапқан кішкене арал сияқты. Үңгірдің ішіне он шақты кісі сияды. Ауыл адамдарының айтуынша, бұл үңгірдің іші ертеде үлкен болыпты. Бүйіріндегі терезеден шығыс жақ жағалау тегіс көрінеді, таудың үстіне шығатын есік тауға шығуға ыңғайлы. Сырт жағынан келу қауіпті. Екпіндеп келген адам терең құзды байқамай, тік жарлы терең сайға құлап түсіп кетуі ықтимал. Ал бер жағынан қарағанда үңгірдің есігін бірден айыра қою қиын. Ертеден қалған әңгімелерге сүйенсек, Кенесары Қасымұлы 60 сарбазымен осы үңгірдің ішіне қарауыл құрған деседі. Талай жапа шеккен жандарға да пана болған деген қилы-қилы әңгімелер бар. Қазіргі таңда Үңгіртастың іші шағындалып қалған. Осы Үңгіртастың жоғарғы жағында Сандықтас деген жер бар. Бұл да бір өзіндік тарихы бар зерттелмей жатқан жер. Осы секілді тарихынан мол мәлімет беретін үңгірлерді жүйелі зерттеу қажет [4].
8. Аудан мұражайы (Әйтеке би ауданы).
Әйтеке би ауданында 1989 жылы 16-шы желтоқсанда аудан тұрғындары, тың игеру ардагерлерінің, жергілікті өлкетанушылардың бастамасымен қоғамдық мұражай ашылды. Сол кездері ауданда көп ұлтты өкілдердің тұруына байланысты мұражай «Халықтар достығы» деп аталды. 2002 жылы аудан әкімі Е.Қ.Есенбаев мұражайға тұрақты мекен—жай берді. Облыс әкімі Е.Сағындықовтың №35 қаулысымен 2005 жылдың 15 ақпанында Әйтеке би аудандық «Халықтар достығы» мұражайы ММ болып құрылып, Әйтеке би атындағы Қарабұтақ ауылдық мұражайы аудан мұражайының филиалы болып бекітілді. Аудандық мұражайға 2007 жылдың маусым айынан қыркүйек айына дейін Ақтөбе қаласынан дизайнерлер келіп көркемдеу жұмыстарын жүргізді. Қазіргі таңда мұражай залдары 283,6 шаршы метрді алып жатқан 5 залға орналасқан. Мұражай қорында 2436 — жәдігерлер мен фотоқұжаттар бар.
9. Шыбын мазары (Басқұдық)
Шыбын мазары Басқұдық елді мекенінен оңтүстік-батысқа қарай 40 шақырым жерде орналасқан. Қосбетті – күмбезді мазардың кіре берісі 1,5 м қалыңдығы сағат тілі тәрізді ойық болып шикі кірпіштен өрілген. Қазір күмбезі құлап түскен сақталған бөлігінің биіктігі – 4 метр. Салынған мерзімі ХІХ ғасырдың аяғы – ХХ ғасырдың басы.
10. Қарашатау (Қарашатау)
Қарашатау-аудан орталығынан 70 шақырым қашықтықтағы Құмқұдықтың батыс жағында орналасқан. Әйтеке би ауданы аумағының біраз жері Мұғалжар тау үстіртінің жазықтық солтүстік-шығыс бөлігін алып жатқандықтан жол бойы әр түрлі тастар тобы жиі кездеседі. Теңіз деңгейінен 239 метр биіктікте жатқан Қарашатау алыстан едәуір биік болып көрінеді. Тау бетінде әр түрлі ұсақ тастарды арнайы тесіп тастағандай, аяғына шаң жұқпайды. Әр жерде тастардың неше түрлі шоғыры топ-топ болып жатыр. Бұл тастар бейне жер астынан қайнап шығып, қата қалғандай әсер етеді. Тау үстіндегі ақшыл тастарға жабысып өскен көкшіл тау қынасы тастарды қоңыр түске бояп тұр. Таң атқан немесе күн батқан мезгілдерде, тастардың көлеңкесі ұзарып, қошқылданып тұрады, араларына түскен күн сәулесінен тау қарала-қарала болып көрінеді. "Қара" сөзіне "ша" жұрнағы жалғануы арқылы шағын, қоңыр тау, деген ұғымды беріп тұр. Қарашатау атауы осындан шықса керек. Зерттеушілер бұдан 600 жылдай уақыт бұрын бұл таудың биіктігі 400 метрден астам болғанын еріген қардың ағын суы мен нөсердің әсерінен жоғары қабаттары жылжып, етегіне түсіп, аласарғанын айтады. Қарашатаудың үш жағын орап жатқан қалың қамысты Шалқар көлі де бұдан әлдеқайда айдындырақ болған. 1980 жылдардың өзінде бұл көлдің көлемі 80 шақырым болған. Қыркүйек айының майда шуақты күнінде көл бетінде қайтқан құстың қалың тобы жапырлай қонады [2, 334-335 б.].
11. Хан моласы (Толыбай-Аққұм)
Әбілқайыр Мұхамбед Ғази Бахадүр хан (1693-1748ж.ж.) Кіші жүздің ханы, қолбасшысы, Шыңғыс ханның баласы Жошының 13-ші ұлы – Өсекеден тараған ұрпағы Қажы сұлтанның баласы. Хан моласы аталған үлкен қорымда 1000-ның үстінде қорым бар. Солардың арасында Әбілқайыр хан бір топ нөкерлерімен қаза тапқан бойда жерленген екен. Болжамға келеді деген үш қабір қазылып, денелерін зерттеу үшін Алматыға жіберілді. Түрлі генетикалық - биологиялық ДНК арқылы тексеру нәтижесінде №92 қорымдағы мүрденің антропологиялық қалпына келтіру қортындысы Әбілқайыр ханға 99,7 пайыз ұқсас деп табылды. Ханның бұрынғы табылған суретімен сүйектің кескіні арқылы салынған портрет өте ұқсас болып шықты. Мүрделер алынған қабірлер іші қызыл кірпішпен өріліп, лактап дайындалып қойды. Кіші жүз ханының осында жерленгенін білдіретін тас тұғырға орнатылды [5].
12. Аққұмдағы жуғы (Аққұм)
Аққұм аумағы үлкен дөнгелек ең бір шұрайлы жер. Бір шеті Торғай мен Нұра және Мамытпен шектеседі. Аққұм - ерте заманнан халықтың сүйікті мекені болған, әсіресе XVIII-XIX ғасырда бұл жерге иелік ету екінің бірінің қолына түспеген. Аққұм аталуы оның құмның ақтығынан емес, ерекше жағымды табиғаттың қасиетінен сүйкімдігіне берген екен. Бұл жер «Марал ишанның жуғысы» мен Раманқұл әулиенің жерленген жері. Халық көбіне бір сөзбен бұл аймақты Жуғы деп атайды [2, 310 б.].
13. Әйке көлі (Әйке).
Әйке – Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Әйке ауылының батысында орналасқан тұйық көл. Торғай үстіртінің солтүстіндегі, Сыпсыңағаш қолатында орналасқан. Аумағы 31,0 км², теңіз деңгейінен 244,1 м биіктікте жатыр. Су жиналатын алабы 2010 км². Ұзындығы 18,0 км, енді жері 2,3 км. Қуаңшылық жылдары құрғап қалады. Көлге 5 маусымдық ағын сулар құяды. Алабы мал жайылымы, шабындық ретінде пайдаланылады. Қарашаның аяғында суы қатып, сәуірдің аяғында мұзы ериді [6].
Әйтеке би ауданында жоғарыда айтылған маршрут бойынша саяхатқа шығуға болады. Ауданда бұл туристік обьектілерден басқа әлі де зерттелмеген ерекше тартымды жерлер көп. Әйтеке би ауданында 2013 жылдың мамыр айында ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілді. Ауданның жаңа тарихи беттері ашылды.
Әйтеке би ауданында туризмнің дамуына көптеген ерекше әдемі обьектілер бар. Болашақта аудан дамуына осы туризмнің үлесі зор болмақ. Ауданда туризмді дамыту үшін мына мәселелердің шешімін табу қажет:
- Ауданның инфрақұрылымын дамыту;
- Халық арасында туризмді үгіттеп, оны кәсіп ете білу;
- Табиғат аясын тиімді қолдану;
- Аудан бойынша әр түрлі топтағы адамдарға арнап маршруттар дайындау;
- Ішкі туризмді насихаттау үшін мектеп бағдарламасына өлкетану пәнін енгізіп, оқушылармен аудан бойынша маршрут құрып, саяхатқа шығу;
- Құнды туристік жобалар жарысы өткізіліп, ең үздік жоба мемлекет тарапынан қаржыландырылу керек;
- Ішкі туризм саласындағы кәсіпкерлерді қолдау.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Әйтекеби ауданының аумағын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған аймақтық даму бағдарламасы, Комсомол селосы, 2011.
2. Мұсаев А.М. Әйтеке би аймағының этномәдени мұрасы - Ақтөбе 2006., 353 бет.
3. Ақтөбе облысының топонимикалық кеңістігі. Ақтөбе 2007.
4. www.aitekebi.aktobe.gov.kz
5. Құлтастар шежіресі, Ақтөбе 2008.
6. Бабамнан қалған байтағым: Қарабұтақ туралы толғаныс/ Әліби Қойлыбаев. Ақтөбе, ЖК С.Т. Жанәділов баспаханасы: 2012., 328бет.
Достарыңызбен бөлісу: |