ӘОЖ 811.512.122′373.1 Қолжазба құқығында
МАҚҰЛБЕК АЗАМАТ БОЛАТБЕКҰЛЫ
Қазақ топонимдерінің фоносемантикалық сипаты
10.02.02 – қазақ тілі
филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін
алу үшін дайындалған диссертацияның
АВТОРЕФЕРАТЫ
Қазақстан Республикасы
Алматы, 2008
Жұмыс Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында орындалған
Ғылыми жетекшісі: филология ғылымдарының докторы,
профессор К.Ш.Хұсайын
Ресми оппоненттер: филология ғылымдарының докторы,
профессор Авакова Р.А.
филолология ғылымдарының кандидаты
Исмаилова Ж.А.
Жетекші ұйым: Абылай хан атындағы
Қазақ халықаралық қатынастар
және әлем тілдер университеті
Диссертация 2008 жылы « 24 » қазан сағат 14-те ҚР БжҒМ Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы 10.02.06 - түркі тілдері және 10.02.02 - қазақ тілі мамандықтары бойынша филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғайтын Д 53.38.01 диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады (050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29).
Диссертациямен ҚР Білім және ғылым министрлігінің Орталық ғылыми кітапханасында танысуға болады (050010, Алматы қаласы, Шевченко көшесі, 28).
Автореферат 2008 жылы « 24 » қыркүйекте таратылды
Диссертациялық кеңестің
ғалым хатшысы, филология
ғылымдарының докторы, профессор Ж.А.Манкеева
ЖҰМЫСТЫҢ ЖАЛПЫ СИПАТТАМАСЫ
Зерттеу жұмысының өзектілігі. Адам тіліндегі сөздердің дыбыстық тұлғасы мен олардың мағынасы арасындағы байланыс мәселесі лингвистерді өте ерте заманнан бері қызықтырып келе жатқаны белгілі. Көне грек философы Гераклит пен Демокрит дыбысталған сөз бен оның мағынасы арасындағы байланыс жөнінде пікірталас жүргізген. Платон жекелеген дыбыстар мен аталған заттардың сипаттары арасында ассоциация, яғни байланыс бар деп есептеген. Дыбыстық символика құбылысы әлемнің барлық тілдерінде кездеседі, сондықтан да болуы керек осы мәселе көрнекті лингвистер назарында болып келді.
Тіл білімінде ХХ ғасырдың 80 - ші жылдарынан бастап пайда болған фоносемантика бағыты С.В.Ворониннің есімімен байланысты. С.В.Воронин ұсынған фоносемантикалық талдау, сараптау әдісі түрлі тілдер негізінде И.В.Братусь, О.А.Казакевич, Т.Х.Койбаева, А.Ю.Афанасьев, Е.И.Кузнецова, Э.А.Вельди, И.А.Мазанаев, Л.Ф.Лихоманова, К.Ш.Хұсайын және т.б. ғалымдардың зерттеулерінде қолданылды.
Қазақ тіл білімінде дыбыс еліктеуіш сөздер А.И.Ысқақов, Ш.Ш.Сарыбаев, А.Т.Қайдар, Б.Ш.Қатембаева, С.Р.Ибраев еңбектерінде зерттелінді. Осы ғалымдардың зерттеулерінде дыбыс еліктеуіш сөздер лексика-семантикалық, морфологиялық, синтаксистік тұрғыдан сөз тобы ретінде қарастырылды.
Дыбыс бейнелеуіш (дыбыс еліктеуіш) сөздердің зерттелу тарихының екінші кезеңі К.Ш.Хұсайынның зерттеулерінде бүгінгі тіл білімінің жаңа талаптарына сай, озық әдістемелер негізінде жаңа қырынан зерттелінді. Атап айтсақ, қазақ тілінің бейнелеуіш сөздері фоносемантиканың теориялық қағидалары мен әдістемелері негізінде 9500-ден астам бейнелеуіш түбір және негіз дериватив сөздердің, қырықтан астам туыс және туыс емес тілдердің (түркі, тұңғыс-манчжур, үндіеуропалық, семиттік тілдер) негізінде олардың экстралингвистикалық сипаты ескеріле отырып, салыстырмалы-типологиялық түрде зерделенген. Нәтижесінде, тіларалық генетикалық және типологиялық сәйкестіктер айқындалып, дыбыстардың астарлы табиғаты психолингвистика теориясы қағидалары негізінде сарапталған. Жаңа бағыттағы фоносемантика теориясы саласындағы ізденістері шәкірттері С.А.Өткелбаева, А.Ислам, М.Жұбанова, Б. Жонкешов еңбектерінде өз жалғасын тапты.
Қазақ тілінің еліктеуіш сөздері морфологиялық жағынан қарастырылып, фоносемантика ғылымы негізінде жаңаша үрдісте зерделенгенімен, қазақ тілі сөздік қорының көптеген лексика-семантикалық, тақырыптық және категориялық топтары әлі күнге зерттелмеген. Сондай топтардың бірі ретінде қазақ топонимдері мен негізгі сөздік қорындағы географиялық апеллятивтер фоносемантика теориясы тұрғысынан арнайы зерттеу нысаны ретінде қазақ тіл білімінде күні бүгінге дейін қарастырылмаған. Ғ.Ж.Ермекбаевтың диссертациялық еңбегінің шағын тараушасында тек орографиялық апеллятивтер – жер бедері атауларының фоносемантикалық сипаттары ғана зерделенген.
Ал, қазақ тілінің топонимиялық және географиялық терминология қорында өте көне, ежелгі сөздер «сүрленген» түрде сақталғанын ескерсек, олардың фоносемантикалық болмысын және сипаттарын ашу барысында глоттохрония сырларының шет жағасы ашылатыны күмәнсіз. Сонымен бірге дыбыстық символика құбылысының зерттеу нысаны бүгінге дейін тек жалпы есімдерде қарастырылған, ал топоним шеңберінде жүргізілетін фоносемантикалық ізденістердің тың деректер беретіні дау тудырмайды.
Таңдалған тақырыптың өзектілігі топонимдер мен географиялық терминдердің фоносемантикалық талдау нәтижесінде айқындала түсетін жалпы дыбыстық бейнелеуіштік табиғатының жаңа қырларын ашу мүмкіндіктерінен туындайды. Зерттеу жұмысының өзектілігі сонымен бірге жалпы тіл біліміндегі антропоөзектік бағытқа сәйкес дыбыс бейнелеуіштік тіл табиғатын адам болмысымен, оның қимыл-әрекетімен ұштастыра талдаумен айқындалады.
Зерттеу нысаны. Қазақ тіліндегі гидронимдер, оронимдер және орографиялық, гидрографиялық апеллятивтердің фоносемантикалық (дыбыс бейнелеуіш) сипатын зерттеу.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Диссертациялық жұмыстың негізгі мақсаты – қазақ оронимдері мен гидронимдерінің, орографиялық және гидрографиялық терминдері қалыптасуының фоносемантикалық сипатын ашу.
Аталған мақсат мынадай міндеттерді шешуді талап етеді:
-Қазақ топонимиялық жүйесінің қалыптасу мәселесін, зерттеу жұмысын жаңа жүйеде қарап, фоносемантикалық құрылымын анықтау.
-халықтық географиялық терминдерді фоносемантикалық тұрғыдан қарастырудағы глоттогенез мәселесіне назар аудару;
-гидрографиялық апеллятивтердің фоносемантикалық сипаттамасын анықтау;
-жер бедері атауларының (орографиялық апеллятивтер) фоносемантикалық сипатын талдау;
-қазақ тіліндегі дыбыс еліктеуіш топонимдердің фоносемантикалық сипатын айқындау;
-қазақ топонимдер жүйесінің этимологиялық қырларын анықтауды фоносемантикалық зерттеулермен сабақтастыру;
-қазақ тіліндегі дыбыс символикалы гидронимдердің фоносемантикалық этимологиясын ашу;
-қазақ оронимдерінің этимологиялық зерттеулерін фоносемантикалық негізде түсіндіру.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен нәтижелері. Қазақ тіл білімінде арнайы түрде қазақ топонимдері мен географиялық терминдер фоносемантика теориясы тұрғысынан алғаш рет зерттелді.
-фоносемантика ғылымының талаптарына сәйкес, әдістері мен тәсілдері негізіндегі зерттеу нысанына сәйкес қазақ топонимдері мен географиялық терминдердің дыбыс еліктеуіш және дыбыс бейнелеуіш сипаттары анықталды;
-қарастырылған тілдік деректер негізінде тілдің пайда болу дәуіріндегі идеофон мен имитатив табиғатының кейбір қырлары мен сипаты айқындалды;
-зерттеу нысаны негізінде глоттогенез мәселесі фоносемантикалық тұрғыдан қарастырылды;
-дыбыс еліктеуіш пен дыбыс символикалы сөздердің айырым белгілері мен ерекшеліктері көрсетілді;
-зерттеудің барысында фоносемантикалық талдаудың әдіс-тәсілдері нақтыланды;
-кейбір топонимдердің этимологиясын анықтаудың тиімді арналарының бірі ретінде фоносемантикалық реконструкцияның мүмкіншіліктері көрсетілді.
Зерттеу жұмысының дереккөзі. Зерттеу материалдары мен дереккөздері ретінде тақырыпқа қатысты жер - су атаулары, физикалық - географиялық атаулар туралы мәліметтер, түркі және басқа да тілдердің тарихи - этимологиялық сөздіктері, халықтық географиялық терминдер сөздігі, сондай-ақ ономастикалық комиссияның құжаттары мен шешімдері, жалқы және жалпы атауларға қатысты зерттеулердің деректері пайдаланылды.
Зерттеудің теориялық және практикалық мәні. Қазақ тіл біліміндегі фоносемантика теориясының ғылыми негізін айқындау, оның ұстанымдары мен әдіс-тәсілдерін қазақ тіл білімінде нақты пайдалану зерттеудің өз деңгейіндегі теориялық маңыздылығы мен практикалық мәнділігін анықтайды.
Зерттеу барысында қол жеткізген ғылыми нәтижелер мен тұжырымдар фоносемантика, ономастика, психолингвистика, тілдер типологиясы мәселелерін жан-жақты зерделеуге, олардың теориялық қағидаларын қазақ тілі деректері негізінде дәйектеуге көмектеседі.
Зерттеудің нәтижелері мен материалдарын фоносемантика, ономастика, жалпы тіл білімі, топонимика, лингвистикалық типология пәндері мен ғылым салаларын зерттеуде, оқытуда, лексикографиялық тәжірибеде пайдалануға болады.
Зерттеудің әдістері мен тәсілдері. Зерттеу барысында жинақтау, сипаттау, жүйелеу, салыстыру және алты операциядан (тәсілден) тұратын С.В.Воронин ұсынған фоносемантикалық талдау әдісі кеңінен қолданыс тапты. Сонымен бірге индуктивтік, жүйелеу, сипаттама, салыстырмалы, салғастырмалы т.б. әдіс тәсілдер қолданылды.
Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:
-қазақ тілінің географиялық терминологиясы мен топонимиялық сөз қорындағы дыбыс бейнелеуіш сөздер идеофон және имитатив сипаттарына ие;
-тілдің пайда болу дәуіріндегі бір буынды идеофондар мен имитативтер түбір-негіз ретінде лексикаланған, грамматикалық формаларға енген туынды сөздер құрамында сақталған;
-жер бетінен биікте жатқан табиғи нысан атауларының фоносемантикалық сипаты мен имитативтік бейнесі еріндік дыбыстардың символизміне негізделген;
-дыбыс еліктеуіш топонимдер қатарындағы атаулардың түбірі имитативтік сипатта болған, яғни түбір құрамындағы әр идеофон және түбірдің өзі табиғи дыбыстарға, үннің шығуына еліктейді;
-дыбыс символикалы гидронимдердің түбірлер құрамындағы фонемалары (идеофонемалар) өздерінің артикуляциялық ерекшеліктері арқасында синестезия, синестемия негізінде судың өзен ағынының түрлі визуальді, тактильдік, сенсорлық, акустикалық сипаттарын фоносемантикалық деңгейде бейнелейді;
-фоносемантикалық талдау негізінде қазақ оронимдерінің тұлғасындағы түбірлердің имитативтік, дыбыс символикалы сипатын, болмысын айқындауға болады.
Зерттеу жұмысының жарияланымы мен талқылануы. Зерттеу жұмысының теориялық мәселелері мен тұжырымдары ғылыми журнал мен жинақтар беттеріндегі мақалалардан, республикалық, халықаралық конференцияларда жасаған баяндамалардан көрініс тапты: Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 15-жылдығына арналған «Әуезов оқулары -5»: «Қазақстанда гуманитарлық ілімдердің дамуы: ізденістер, даму перспективалары мен бағыттары» атты халықаралық ғылыми - тәжірибелік конференцияның еңбектері. – (Шымкент, 2006); Қазақ тіл білімі мен түркітану мәселелері: І.Кеңесбаев, М.Балақаев, Ғ.Мұсабаевтың 100 жылдығына арналған ғылыми – теориялық конференцияның материалдары, – (Алматы, 2007); «М.Әуезов – жаңа дәуір данышпаны» атты халықаралық ғылыми – тәжірибелік конференция материалдары. – (Шымкент, 2007); «Жаңа ғасырдағы Қазақстанның тілдік кеңістігі және әлемдік лингвистиканың өзекті мәселелері»: Б. Хасанұлының 70 жылдық мерей тойына арналған халықаралық ғылыми – теориялық конференция материалдары. – (Алматы, 2008); «Профессор Н.Оралбай және Тіл білімі мен әдістеме ілімі»: Н.Оралбайдың 80 жылдық мерей тойына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. – (Алматы, 2008); «Қазақстанның білім беру жүйесіндегі тарих пәндерінің өзекті мәселелері»: Шымкент педагогикалық институтының 70 жылдығына арналған II – халықаралық ғылыми – практикалық конференцияның материалдары. – (Шымкент, 2008). Республикалық басылылымдарда төрт ғылыми мақала жарияланды.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Диссертациялық зерттеу кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан және пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.
ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ
Кіріспіде диссертация тақырыбының өзектілігі, жұмыстың мақсаты мен міндеттері, ғылыми жаңалығы, зерттеу әдістері, сарапталуы және қорғауға ұсынылатын тұжырымдар айқындалып көрсетілді.
Бірінші тарау “Қазақ тіліндегі халықтық географиялық терминдердің фоносемантикалық сипаттамасы” деп аталады. Бұл тақырып үш тараушада сараланған.
1.1 Халықтық географиялық терминдерді фоносемантикалық тұрғыдан қалыптастырудағы глоттогенез мәселесінің рөлі. Ғалымдардың пікірінше, алғашқы сөз қорының белгілі бір бөлігін географиялық терминдер құраған. Алғашқы жер - су атаулары тілдің шығу дәуірінде адамзаттың қауымдастық тіршілігі үшін бірінші кезекте үлкен маңызға ие болған. Сол себепті халықтық географиялық терминдерді глоттогенез мәселесімен байланысты қарастыруға болады.
А.М.Газов-Гинзберг өзінің «Был ли язык изобразителен в своих истоках?» (М., 1965) атты монографиясында, сондай-ақ басқа да ғылыми еңбектерінде семит тілдерінің туыс емес төрт тілдік семьяларындағы дыбыс бейнелеуіш түбірлерді салыстыра келе, тілдің пайда болуындағы дыбыс пен мағынаның байланыстылығын көрсеткен. Ал, чуваш ғалымы Г.Е.Корнилов өзінің зерттеулерінде «идеофон және имитативтер символикалық түрде дыбыс бола тұра, жанды немесе жансыз объектілерді бейнелей алады» деген пікірді дәйекті түрде ұсынды [1, 14].
Көне заманнан қазіргі тілтанымға дейін және қазіргі кезеңде фоносемантика бағыты өркендей бастаған жағдайда, сөздегі дыбыс пен мағына байланысы көптеген ғалымдарды толғандырды. Дыбыстағы заттың (аталған нысанның) символикалық немесе еліктеуіш көрінісі кейбір ғалымдар тарапынан тілдің пайда болу мәселесімен байланысты қаралды. Осы тұрғыдан алғанда, қазақ тілінің негізгі сөздік қорында сақталып қалған кейбір географиялық терминдерді еліктеуіш және дыбыс символикалық сөздер ретінде «алғашқы» сөздер қатарына жатқызуымызға болады. Бастапқы немесе «алғашқы» сөздер дыбыс бейнелеуіш сөздер болғаны жайында академик Ә.Қайдар былай жазады: «Бағзы заманда дыбысты елестетудің өте көне ең қарапайым түрі әрбір тілде тек бір ғана дауысты дыбыстың көмегімен жүзеге асса керек және осылай болуы күмәнсіз де. Демек, о баста ата-бабаларымыздың қоршаған ортадағы дыбысты елестету қабілеті өте бір жақты, жалпылама, яғни сөйлеу тіліндегі /а/, /ә/, /о/, /ө/, /е/, /ұ/, /ы/, /і/ секілді дауысты дыбыстар негізінде дүниеге келген. Өте көне географиялық терминдердің құрамында ілкі еліктеуіш түбір сақталғанымен, тілдің эволюция барысында ол түбір – дыбыс бейнелеуіш тұлға дербес қолданудан қалады, себебі «құбылысқа еліктеудің мәні мен мағынасына, табиғатына қарай, дауысты дыбысқа үнемі дауыссыздар үстемеленіп жалғанып отырған» [2, 174]. Еліктеуіш негіздердің құрамдық дамуы бірнеше тарихи сатыдан өтіп, ұзақ кезеңдерді өткізгенін ескерсек, қазақ тіліндегі көне деп саналатын географиялық терминдердің тілдік тұлғасынан ілкі еліктеуіш түбірді тауып алып, оны фонемотип немесе идеофон, имитатив сипатында қарастырып, фоносемантикалық сипаттамасын бере аламыз. Басқаша айтқанда, тілдің пайда болған кезеңінде туындаған «алғашқы» сөздер ретінде географиялық терминдер таза, дербес күйінде күні бүгінге жетпеуі мүмкін, бірақ ілкі бейнелеуіш түбірлі көне терминдер өз морфемдік (морфологиялық) құрамын сақтап қалған.
Қазақ халықтық географиялық терминдерінің құрамында кездесетін өте көне сөздердің тілдің алғашқы шығу дәуірінде пайда болғанын көрсететін дәйекті және жанама сипаттамаларына жататын мына белгілерді атап кетуімізге болады: 1) олар, әдетте, бір буынды ілкі түбірлі сөздер болып келеді; 2)географиялық термин ретінде көптеген тілдердің сөздік қорында кездеседі, тіптен бір-біріне жанаспайтын, туыс емес тілдерде де ондай географиялық апеллятивтер ұшырасып қалады; 3) өте көне, «алғашқы» географиялық түбірлерде (сөздерде) дыбыс бейнелеуіштік қызметін атқаратын имитатив, идеофон (Г.Е.Корниловтың терминологиясы бойынша) немесе фонемотип, фоносемантикалық модель (С.В.Ворониннің терминологиясы бойынша) міндетті түрде болады.
Қазақ халықтық географиялық терминологиясында кездесетін, бірақ мағынасы көмескіленіп қалған және қазіргі кезде дербес қолданылмайтын қара сөзінің (Найзақара, Үшқара т.б. топонимдерде) фономорфологиялық және семантикалық параллельдері трансконтинентальдық ареалдарда ұшырасады. Э.М.Мурзаевтың көрсетуінше, мысалы, осындай семантикалық және морфемдік тұлғалары өте жақын апеллятивтерге орыс тілінде гора, ауған тілінде гар, грузин тілінде гора – «горка, холм», албандарда – gur, армяндарда кар – «камень», авестада gairi – «гора», хиндиде – гар – «замок, крепость», тибетте гархи – «крепость», әзербайжандарда отгар – «гора с хорошими пастбищами», Сахарада гара – «холм с твердыми склонами, скалистый останец, скалистая гора» жатады [3, 109]. Қазақ халықтық географиялық қара термині мағыналық және тұлғалық жағынан Сахарадағы гараға өте ұқсас, жақын: Қара (қара; дәлме - дәл мағынасы - қара; карталарда көбіне - гара) жалаңаш тұстары көбіне кәдімгі қара түсті болып келетін қатты тау жыныстарынан құралған шоқы немесе салыстырмалы түрде ірі болып келетін биіктік. Көкжиектен қарағанда, мұндай биіктіктің сұлбасы алыстан қара болып көрінеді. Осыдан келіп ол қара деген атау алған. Қазіргі таңда қара сөзі термин ретінде қолданылмайды, бірақ өзіндік географиялық атау құрамына жиі енеді: Үшқара, Берікқара, Иманқара, Жетіқара т.б. Моңғолдарда да жалқы есім құрамында Нарынхара, Доланхара деген биіктік атаулары кездеседі.
қа/ка имитативі дыбыстық символикалық кешен ретінде «үлкен, бірақ асуға болатын», яғни шыңына шыға алатын кедергіні, биікті, жартасты, тауды бейнелейді. Ка/қа имитативі дауысты және дауыссыз екі-ақ дыбыспен дыбыстық символика арқылы «тау», «биік» (үлкен), «жартас» ұғымын, бейнесін, сипатын беріп отыр.
қа/ка «тау», «жартас», «биік» имитативінде к және а өлі (консервіленген) рудименттер кезінде дербес дыбыстық символика сөздер болған деп жорамалдауымызға болады. Б.Сағындықұлының зерттеуі бойынша, ішкі флексия болмаған кезде, яғни дауысты дыбыстар лексика-семантикалық, стилистикалық т.б. қызмет атқармаған уақытта «әр түсінік үшін бір дауысты жеткілікті болған» [4, 101].
В.В.Левицкий 28 тілдің деректерін келтіріп, «үлкен-кіші» ұғымдарын талдап, «үлкен» ұғымын артқы, ұяң, шұғыл, діріл (әсіресе, [о], [а], [r], [d], [z]) дыбыстар білдіреді деп жазады: «Понятие «большой» символизируется задними и нижними гласными, звонкими, смычными, дрожащими» [5, 58]. Осы деректерге сүйенсек, *кар архетипінде р(r) а дауысты дыбыспен қоса «үлкен», яғни «биік» деген ұғымды символикалық түрде көрсетіп тұр. Ал, Т.В.Быстрова, В.В.Левицкий, О.Ф.Шевченко фонемалар тіркеуінің символикалық қызметі жайында жазған мақаласында qr (яғни к (а) r) «үлкен» ұғымын береді деп пайымдаған.
Сонымен, ежелгі дәуірде *кар/қар имитативі немесе фоносемантикалық моделі «тау», «жартас», «биік» ұғымдарына байланысты пайда болып, жеке, дербес сөз ретінде пайдаланылған деп болжауымызға болады. Осы имитативтің өзі, жоғарыда көрсеткеніміздей, жеке идеофондардан құралған, мүмкін, кезінде сол жеке идеофондар, атап айтсақ к/қ, а, р дербес сөз ретінде де қолданылған шығар. Сол бастапқы тілдің пайда болуы заманындағы имитативтерді сөз деп айтуға болмайды, себебі ол дәуірде сөйлеу тілінің сапалық күйі басқаша болатын.
Имитатив - тілдің алғашқы пайда болған кезіндегі адамның бастапқы сөйлеу тілінің материалдық көрінісі. Тілдің (тілдердің) пайда болуы, шығу дәуірі тілдің (тілдердің) имитативтер түріндегі күйімен байланысты болған. Сол себепті, имитативтік табиғаты бар өте көне, бір-біріне тіптен ұқсамайтын, ешқандай туысқандығы жоқ тілдерде консервіленген түрде сақталған географиялық терминдер бір-біріне ұқсас немесе бір болып келеді. Тілші ғалымдар ондай ұқсастықты тілдер арасындағы туыстықпен, алмасу процестерімен түсіндіреді, бірақ осы көне, «алғашқы» географиялық сөздер арасындағы түпкі, түбегейлі ұқсастықтар олардың имитативтік табиғатында жатқан көрінеді. Басқаша айтқанда, қазіргі дәуірде әр түрлі алуан тілдерде белгілі болып отырған бір-біріне жақын, мағынасы өте ұқсас және құрылымы жақын географиялық терминдер бәріне ортақ бір имитативтен (имитативтік түбірден) өрбіген болуы керек деген тұжырым жасаймыз.
1.2Физика-географиялық апеллятивтердің фоносемантикалық сипаттамасы. Кез келген тілдің топонимиясында сол елдің жерінің физика-географиялық құрылымын сипаттайтын апеллятивтер құрап жер-суға қатысты жалқы есімдердің негізі, семантикалық тірегі болып келеді. Сол себепті көптеген топонимдердің мағынасын оның құрамындағы географиялық апеллятивтер анықтайды.
Зерттеу барысында қазақ тіліндегі жалпы географиялық есімдердің (географиялық апеллятивтер, халықтық географиялық терминдер) және топонимдердің құрамындағы дыбыс бейнелеуіштік сөздерді табу және сипаттау үшін С.В.Ворониннің фоносемантикалық талдау тәсілін қолдандық. Соның негізінде фоносемантикалық (имитативтік) сипаттама жасалатын сөздегі белгілі бір дыбыстың немесе дыбыс тіркесінің (сг, гс, сгс т.б. ежелгі түбірлер) белгілі бір түсінікпен (мағынамен) немесе түсініктер (мағыналар) кешенімен байланысы жөнінде жорамал, болжам ұсынылады. Дәлел, дерек ретінде фонетикалық және семантикалық белгілері ұқсас, жақын немесе дәл келетін лексемалар туыстас бір тілден келтірілді, ал көп жағдайда бірнеше тілдер (ностратикалық, тілдер семьясы, туыстас тілдер) ауқымында қарастырылды.
Атап айтқанда зерттеуде қазақ тіліндегі қыр, шоқы, көл географиялық апеллятивтер фоносемантикалық негізде басқа туыс немесе туыс емес ностратикалық деңгейде кездесетін бірнеше географиялық термин апеллятивтермен салыстырылып, талданды. Сондай – ақ гидрографиялық, яғни су нысандарының физикалық сипаттары орографиялық, яғни жер бедері нысандарынан мүлдем бөлек болатыны белгілі. Сол, Денотаттық құрылымдарда айырма ерекшеліктерге тән сипаттар дыбыстық деңгейде қалай символданып, белгіленетіні де фоносемантикалық талдау барысында анықталады.
Қазақ топонимдер (гидронимдер) құрамында жиі кездесетін гидрографиялық халықтық апеллятив – су: (Ақсу, Қарасу, Қасқасу, Қызылсу т.б.) Түркі тілдерінде бұл географиялық терминдер «бұлақ», «су», «өзен» (кішігірім), көл (кішкентай) деген ұғымдарды береді. VІІІ ғасырға жататын көне түркі ескерткіштерінде suв формасы «су» мағынасын береді. Өзбек, кұмық, ноғай тілдерінде де бұл термин сув; хакас және тува тілінде суг түрінде кездессе, Сібір түркі тілдерінде төмендегідей формаларда тіркелген: су, чул, шул, ю, суг (варианттары зуг, сунг, зу).
Түркі тілдеріндегі «сумен» байланысты формалардың моңғол тілдерінде де параллельдері бар: монғ. суваг «канава», «ров», «траншея», «канал», «теснина»; моңғол жазба тілінде subaz, сойон тілінде sulak «ручей, приток».
Su түбірі бар usun «вода», «река» барлық моңғол тілдерінде кездеседі: жазба моңғол тілінде usun, моңғол тілінде ус(ан), бурят тілінде уһа(н), калмақ тілінде usn болып келеді.
Түркі және моңғол тілдері арасындағы лексикалық бірліктердің ауысу процестері - көнеден келе жатқан тілдік құбылыс. Бұл проблема ғылыми ортада кеңінен таныс. Талай ғасыр көршілес отырған халықтардың арасында тілдік, этнологиялық т.б. деңгейлерде ауысулар байқалатыны заңды құбылыс.
Ал енді тибеттің, қытайдың шу-ын алсақ, эвенк тіліндегі ў-ды моңғолдың u-sun-нымен және удмұрт тіліндегі ву-мен салыстырсақ, параллельдер көбеюі, ностратикалық деңгейді көрсетеді.
Фоносемантикалық (имитативтік) сөздердің басты белгілерінің бірі – олардың ностратикалық деңгейде таралуы. Ностратикалық параллельдер фоносемантикалық атаудың имитативтік табиғатын, сипатын көрсетумен қатар оның өте көнелігін, тілдің шығу дәуірінде пайда болғандығын білдіреді. Сол ежелгі, бастапқы замандарда қалыптасқан фоносемантикалық сөздің барлық тілдерде өлі түбір, рудимент немесе туынды сөздердің құрамында сақталып қалуы заңды құбылыс, себебі барлық тілдер өз басынан алғашқы имитативтік дәуірді өткерген.
Сонымен, дыбыс арқылы денонатты бейнелейтін сөздер ататегінен фоносемантикалық (имитативтік) сипатқа ие. Демек, пайда болған, туындаған кезінде барлық тілдер бірдей өте ұқсас дыбыстық тұлғаны және семантикалық ортақтықты иемденген. Әдетте, олар бір дыбыс немесе бір буынды дыбыстар тіркесі (гс, ег, гес, сгс, сгсс) болып келген. Академик Ә.Қайдардың пікірінше: «...қайсыбір тілдегі есту, көру, акустикалық, қимылдық қабылдаулардың өте ежелгі дыбыстық символдары ретінде Г және сГ моносилабтары: *а, *ә, *е, *о, *ө, *ұ, *у, *ы, *і, сондай-ақ *ты, *ды, *пы, *шы, *сы тағы басқа да дыбыс тіркестері танылды» [2, 17].
Біздің болжамымыз бойынша, түркі және басқа тілдердің ататілінде (праязык) у дауысты идеофон (имитатив), фонемотип (С.В.Воронин) «су» деген кешенді мағынаны білдірген. «У» - судың кешенді түстік, дыбыстық, тактильдік, сенсорлық, қимылдық т.б. сипаттарының бір ғана дауысты дыбыс (моносиллаб) арқылы берілген бейнесі. Ал, кейінірек у-ға анлаутты қосылған с дыбысы судың жылжитын, ағатын, сылдырайтын, сырғанайтын, сорғалайтын, жылтылдайтын, жалтылдайтын т.б. сипаттарын осы идеофон арқылы бейнелеген. Түркі тілдерінің географиялық терминологиясында у//су –дан туындаған, өрбіген географиялық (гидрографиялық) апеллятивтер тізімін және мағынасын атақты географ, топонимист Э.М.Мурзаев келтірген: «Түркі тілдеріндегі: (“су” - М.А.) бірқатар туынды терминдерді қалыптастырады: суат - құдық түбінде, өзеннің, көлдің жағасында мал суғаратын орын, мұның өзі түрік тілінің suwat “водопой” сөзіне сәйкес келеді; болгар тіліндегі суват-“жазғы тау жайылымы”, “суат”; саат - “көл бойындағы суат орны”, суат - “алды бөгелген су айдыны”, қырым - татар тіліндегі учансу - “сарқырама”, өзбек тіліндегі учарсув - “сарқырама”, сөзбе - сөз аударғанда “ұшатын су”, субойи - “жағалау”, “су бойы”,субаши - “көл басталуы”, “ағыстың басы, суғаруға арналған суды бөлетін лауазым”, суак - “суландыратын, су жүретін ор”, “арық” әзірбайжанша субасма - “тасқын су”, “сел”, суайрычи - “суайрық”, сулу - “су (басқай)”, сузус - “сусыз”, суамбар - “су айдыны”, “су қоймасы”. Жалпы түркілік карасу, хакастық - харасуг - “қайнар көз”, “бұлақ”, “бастау”; алтай тіліндегі талайсу - “теңіз” (моңғол тілінде далай - “көз жетпес”, “орасан зор”); хакас тіліндегі суглыг - “сулы”; агынсу - “ағын су” т.б.
Еуропа мен Азияның ұлан байтақ даласында су терминімен келетін гидронимдердің саны шексіз (оның нақты көріністері басым мөлшерде сөздің екінші бөлігінде келеді): Қарасу, Сарысу, Ақсу, Қызылсу, Тугтусу, Қашқасу, Көксу, Ұлысу, Қайсу, Адылсу. Енисей мен Абақан бассейнінде көптеген гидронимдер суг терминімен келеді: Қазынсуг, Сарысуг, Уньсуг, Ызаксуг, Демирсуг; Алтайда - Суг, Сугат, Қарасук [6, 528-529].
Біздің пікірімізше, бастапқы немесе ілкі имитативтердің тілдердің алғашқы шығу, пайда болу дәуірінде фонетикалық (фоносемантикалық) варианттары болған. Ол варианттар артикуляциялық жағынан жақын, бір – біріне ыңғайлас келетін идеофондардың, яғни дыбыстардың болуынан пайда болған. Осы тұрғыдан алғанда, п, у идеофондардың фоносемантикалық варианттары ретінде олардың артикуляциялық сыңарлары деп, уа, в, б, иу (ю), й, дж, ж, ч, с, ш идеофондарды атауға болады. Осы идеофондар (фоносемантикалық варианттар) имитативтер құрамына енген соң, имитативтер деңгейінде имитативтердің фоносемантикалық варианттары құрамында жаңа имитативтер пайда болған. Осы жаңа имитативтер қорын көбейте түсе, жаңа нысандарды немесе аталған нысанның жаңа (әлі дыбыстық формада) белгіленбеген, сипатталмаған ерекшеліктерін атау үшін (дыбыс символика түрінде) қолданылған.
Осындай жолмен (алгоритіммен) пайда болған (и, у (ю) идеофондар негізінде) имитативтер қатарына йыл, ол, уол, йол, ул, іл(ил), жыл, жил, уль, ыль, иле, иль, эл, джал, (құрамында л идеофоны бар); немесе юг (юк), юга, йогы, югон, ұйық, юкмес, йоки, ёкка (құрамында г (к) идеофоны бар) имитативтерді жатқызуға болады. Палеотопонимика мәселесін зерттеген А.М. Малолетконың пікірінше, түркі тілдеріндегі ол / ул (хол / хул) “мокрый, сырой, влажный” мағыналарында басқа тілдерде өзінің фонетикалық, семантикалық паралельдері (сыңарлары) ретінде кездеседі. [7, 74]
Достарыңызбен бөлісу: |