ӘӨЖ 821.0
АБАЙТАНУ ТАРИХЫНА ҚЫСҚАША ШОЛУ
Өнербаева А.А.
«Сырдария» университетінің магистранты
Абенова Л.У.
«Сырдария» университеті, «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидиаты
Резюме: В этой статье рассмотрена одна отрасль наука Абайтану – введениe в историю Абайтану, историческая роль оснавателей Абайтану.
Summary: One branch of the science of Abaitanu – introduction to the history of Abaitanu, the historical role of the founders of Abaitanu are examined in this article.
Абайтану - қазақ әдебиеттану ғылымының саласы. Абайтану Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылық өнері, философиясы, қоғамдық, эстететикалық көзқарастары, қазақ поэзиясындағы өлең жүйесін, ақындық тілді дамытудағы үлесі, музыкалық мұрасы жайлы сан-салалы зерттеу еңбектерін қамтиды. Абайдың өмірі мен шығармашылық мұрасын зерттеу шын мәнінде Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы мақалаларынан басталды деуге болады.
Ахмет Байтұрсынұлы 1913ж. «Қазақ» газетінде басылған «Абай - қазақтың бас ақыны» атты мақаласында «Одан асқан бұрыңғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ»[1], - деп Абайды аса жоғары бағалады.
Абай шығармаларын жинап, қағазға түсіріп, реттеп баспаға дайындау ісі ақын қайтыс болған соң ұзамай-ақ қолға алынғанын дәлелдейтін нақтылы деректер жетерлік. Жарық көруінен бірнеше жыл бұрын құрастырылып, 1909 ж. Санкт-Петербургте басылған Абай өлеңдерінің жинағында ақынның жүз қырықтай өлеңі (аударма өлеңдерін қосып санағанда) мен «Ескендір», «Масғұт» поэмалары басылғаны, яғни осы күнгі белгілі поэзиялық шығармаларының көрнектілері түгелге жуык қамтылды.
Бүл түңғыш жинақты дайындаған, бастырып шығарған Кәкітай Ысқақұлы мен Абайдың баласы Тұрағұл болатын. Абайтанудың бастамасы, алғашқы деректік арнасы ретінде осы 1909ж. жарық көрген Абай шығармаларының тұңғыш жинағын, оған кірген Кәкітай жазған ақынның тұңғыш өмірбаянын айтуға болады. Абайдың көзі тірісінде жарық көрген шығармалары бірлі-екілі ғана екенін және ақынның өз қолжазбалары сақталмай, шығармалары түгелдей дерлік Мүрсейіт Бікеүлының қолжазбалары арқылы жеткені ескерілсе, бұл тұңғыш жинақтың мәні зор екені анық. Басқа жекелеген қолжазбалардың көлемі шағын, оларда Мүрсейіт қолжазбасында жоқ өлеңдердің орны көп толыға қоймаған. Сондықтан олар қосымша деректер ретінде бағалануы орынды.
Ал кейінгі жинақтарды айтқанда, бір топ бұрын жарық көрмеген жаңа өлеңдері 1916 ж. Орынборда Самат Әбішүлы бастырған «Абай термесі» атты кітапта жарияланды. 1922 ж. Ташкентте, Қазанда басылған жинақтар бұрын жарияланған шығармаларды қамтиды. Ташкентте шыққан жинаққа сын, пікір ретінде Ілияс Жансүгіров 1923ж. «Тілші» газетінде «Абай кітабы» атты мақала жазып, бір алуан қате басылған сөздерді қалай дұрыстап оқу керек екендігін нанымды дәлелдеді.
Ақынның көзі тірісінде 1903 ж. Санкт-Петербургте Бөкейханов берген мағлұматтар бойынша басылған «Ресей. Біздің Отанымыздың географиялық баяны» атты көптомдық жинақтың 18-кітабында А.Сиделышков жазған мақалада: «Абай - қазақ әдебиетіндегі жаңа бағыттың өкілі»[2]. деген баға берілгенін көреміз. Абай шығармалары жеке кітап болып басылғанға дейін-ақ халық арасына қолжазба түрінде және ауызша тараған. Байтұрсынов ақын өлеңдерімен 1903ж. қолжазба арқылы танысқанын айтады. 1914 ж. Мәскеуде жарық көрген «Восточный сборник» атты кітапта Абайдың өмірі мен шығармалары туралы мағлұмат келтіріліп, бірнеше өлеңінің мазмұны орыс тілінде қара сөзбен берілген. 1914ж. Санкт-Петербургте шыққан «По киргизской степи» деген кітабында Дмитрий Львович «Татьяна хаты» ел ішінде әнге салып айтылып жүргенін ескертеді.
Абай өлеңдері төңірегінде 20-жылдарда, одан кейінгі кездерде айтыс-тартыс көп болды. Осыған орай Байтұрсыновтың «Қазақтың бас ақыны» атты 1913ж. жарияланған мақаласындағы Абайға берген бағасы, ұлы ақынның қазақ әдебиеті тарихындағы алатын орнын анықтауы, өнерпаздық өзгешелігін, асқан шеберлігін танытуы шынайы ғүлама ғалымға тән айрықша көрегендіктің, білгірліктің, өлең-сөздің қадірін терең бағалай алатын ақындық сезімталдықтың, талғампаздықтың үлгісі деуге лайық. Бөкейханов, Байтұрсынов, Дулатовқа ілесе Абай шығармашылығы жайында үлкенді-кішілі мақала жазып, ақын өлеңдерін жүртшылыққа танытуға Н. Рамазанов, Ғ. Сағди, Ы. Мұстамбайұлы және Н. Н. Белослюдов, т.б. ат салысты.
Абай шығармашылығына қайтадан жүйелі, дәйекті түрде дұрыс көзқарастың қалыптаса бастағанын 1933 ж. М.О. Әуезов бастырған жинақтан (мұнда Әуезов жазған ақынның өмірбаяны берілген) және 1934 ж. жарық көрген Ілияс Жансүгіров, Ахмет Жұбанов секілді белгілі әдебиет, ғылым қайраткерлерінің мақалаларынан байқауға болады.
Әуезов Абайтануды дербес ғылым саласы дәрежесіне көтерді. Ол «Абай жолы» эпопеясымен ұлы ақын, ағартушының алып тұлғасын дүниежүзі оқырмандарына танымал әдеби бейне қатарына жеткізсе, ғылымда да сондай күрделі еңбек атқарды. Оның Абай жөніндегі зерттеулері осы ғылымның мызғымас негізі болып табылады. 1933-1957 жылдар аралығында ақын шығармаларын жариялауда, олардың ғылыми басылымын жасауда орасан зор еңбек етті. Бұл басылымдар ақынның 1909 жылғы жинағы мен Мүрсейіт қолжазбалары негізінде жүзеге асырылды. Әсіресе, 1957ж. «Ғылым» баспасынан жарық көрген, Әуезовтің басшылығымен және тікелей қатысуымен дайындалған Абай шығармаларының екі томдық толық жинағының Абайтану ғылымындағы елеулі табыс болғанын атау қажет. Әуезов ұзақ жылдар бойы ізденіп, саналуан деректерді зерттеп, жүйеге түсіріп, Абайдын ғылыми өмірбаянын жазып шықты.
20-ғасырдың 40-60-жылдарында Абай өмірі мен шығармашылығын зерттеу ісі кең көлемде жүргізіліп, жаңа белеске көтерілді. Абайдың қоғамдық, эстетикалық, философиялық көзқарасын, психологиялық және педагогикалық пікірлерін, ақындық тілін, композиторлық өнерін, аудармаларын тереңдеп тексерген еңбектер жарық көрді. Солардың ішінде С. Мұқанов, Қ. Жұмалиев, Б. Кенжебаев, М.С. Сильченко, Қ. Мұқамедханов, Ы.Дүйсенбаев, Т.Тәжібаев, Б.Г.Ерзакович, X.Сүйіншәлиев сынды ғалымдардың еңбектері бар.
1970 ж. Абайдың туғанына 125 жыл толуына орай шығармаларының жинағын шет тілдерде кітап етіп бастыру ісі жандана түсті. Орыс тілінде Абай шығармалары 1940 жылдан бастап он бес рет жеке кітап болып басылды. 1945-60 жылдардың басында Абай шығармалары жеке жинақ болып өзбек (Ташкент), татар (Қазан), түрікмен (Ашғабад), қырғыз (Бішкек), моңғол (Улан-Батор), қытай (Пекин), чех (Прага) тілдерінде басылып шықты.
1970 ж. украин (Киев), армян (Ереван), белорус (Минск), молдаван (Кишинев) және латыш (Рига) тілдерінде жарық көрді. Сол жылы Мәскеуде «Прогресс» баспасында араб, ағылшын тілдерінде шығармаларының жинағы басылды.
Абайдың өмірі мен шығармалары туралы жазылған зерттеу еңбектерді, монографияларды, диссертацияларды түгелдей алғанда, Абайтану саналуан маңызды мәселелерді қамтитын, көпсалалы ғылым болып қалыптасқанын көреміз. Басты мәселелер қатарына, алдымен, Абайдың өмір жолын зерттеу, оның шығармашылық жолының халықтық негіздерін, ұлттық сипатын айқындау, лирикалық шығармаларының, дастандары мен қарасөздерінің тақырыптық, идеялық, жанрлық, тілдік ерекшеліктерін, ақындық тұлғасын, суреткерлік әдісін, көркемдік шеберлігін тереңдеп ашып көрсетуге қатысты мәселелерді, сондай-ақ, ұлы ойшыл ақынның дүниетанымын, қоғамдық, философиялық, эстетикалық көзқарастарын зерттеу мәселесі жатады. Бұларға қоса Абайдың шығыс, орыс, еуропа әдебиетімен шығармашылық байланысы, ақын шәкірттері, өнерпаздық дәстүрлерінің қазақ әдебиетінде жалғасуы секілді мәселелерге де үнемі назар аударылып келеді.
Кейінгі жылдарда Абай шығармаларын Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов секілді терең зерттеле бастаған әдебиетіміздің ірі өкілдерінің өнерпаздық жолымен жалғастыра қарастыруға мүмкіндік туды. Бұл ақынның 150 жылдық мерекесі қарсаңында жарық көрген еңбектерден анық байқалды. Осы мереке тұсында басылып шыққан ондаған іргелі зерттеулер Абайтанудың ғылыми-теориялық деңгейі бұрынғыдан да биіктей түскенін айқын танытты.
1995 ж. жарық көрген «Абай» энциклопедиясында ұлы ақынның өмірі мен шығармашылық жолына қатысты қыруар деректер, құнды ой-пікірлер жинақталып, жүйелі түрге түсірілген. Абай шығармаларының ғылыми толық жинағы басылып шықты. Р.Сыздықова, Т.Әлімқүлов, А.Нұрқатов, М.Мырзахметов, Ж.Ысмағұлов, З.Ахметов, З.Қабдолов, Ғ.Есім, Т.Қожакеев, Ғ.Мұқанов және басқа да ғалымдардың зерттеулері Абайтану ғылымына елеулі үлес болып қосылды. Абай шығармаларын жариялау, зерттеу ісіне шет елдерде айрықша мән берілді. Қытай профессоры Қабайдың «Абай және Абай шығармашылығы» атты еңбегі (Пекин, 1987), кейін Су Чжоусюннің зерттеу еңбегі мен Абайдың қарасөздерінің аудармасы жарияланды. Чех ғалымы П.Гржебичек Абайдың ақындық жолын арнайы зерттеді. 1995 ж. ұлы ақынның 150 жылдық мерейтойы барысында шет елдердің көптеген әдебиетшілері, қоғам қайраткерлері Абай шығармалары жайлы мақалалар, баяндамалар жасады. Парижде, Түркия қалаларында, Мәскеуде, Санк-Петербургте, Киевте, Минскіде, Вильнюсте, Ташкентте, Бішкекте, Қазанда ұлы ақынға арналған салтанатты мәжілістер мен ғылыми конференциялар өткізілді. Абай шығармалары Түркияда, Пәкстанда, Иранда, Қытайда басылды, француз, ағылшын, неміс және басңа тілдерге аударылды.
Абайтану тарихы 1889 жылы басталып, қазақ әдебиетінде 50-жылдары өріс алды. Бүл мәселені тұңғыш рет сөз етіп, өз алдына арнайы түрде зерттеу қажеттілігі, ең алдымен, Мұхтар Әуезовтің, сонымен бірге Сәбит Мұқанов, Қажым Жұмалиев, Есмағамбет Ысмайылов, Митрофан Сильченко, Әбіш Жиреншин еңбектерінде көрініс тапты.
Академик Қ. Жұмалиевтің жетекшілігімен осы тақырыпқа «Абай Құнанбаевтың әдеби мүрасының зерттелу жайы» деп аталатын кандидаттық диссертация қорғалып, ақын мұрасы туралы жазылған еңбектердің тұңғыш библиографиялық көрсеткіші «Абай Құнанбаев»[3] деген атпен жарық көрді (1965).
Осы еңбектер негізінде М. Мырзахметұлының «Абайтану тарихы»[4] деген тақырыпта монографиялық ғылыми-зерттеу жұмысы жарияланды (1994). Ендігі жерде абайтанудың негізін салушы Әуезов дәуірін аяқтап, 1965-1995 жылдар аралығындағы Абайтану тарихын жазу міндеті алға шықты. Абайтану саласындағы ақтаңдақтар қатпары жазылып, бұрын назардан тыс қалған мақалалар мен зерттеулер арнайы топтастырылған жинақ «Абайды оқы, таңырқа» деген атпен оқырман қолына тиді (1993). Абай тарихы жоғары оқу орындарында 1966 жылдан бастап арнайы курс ретінде оқытыла басталды.
Абайтану тарихы - бүгінде үдере дамып, өсу, өркендеу жолында қызу түрдегі пікірталас үстінде қалыптасқан Абайтанудың іргелі саласының біріне айналды. Абайтану жөніндегі ой-пікірлер арнайы түрде зерттеу нысанасына алынбаса да зерттеушілер тарапынан Абай мұрасының бір саласын зерттеу үстінде жанама түрде айтылса, екіншілері, оған арнайы тоқталып пікір айтса, үшіншілері, Абайтану саласының жалпы қалыптасу жолына орай қарастырса, соңғылары Абай мұрасының жариялану тарихына орай пікір қозғады. Ал Абайтанудың негізін салушы Әуезов болса Абайтану жөніндегі ой-пікірін елуінші жылдар ішінде Абайтанудан оқыған дәрістерінде сөз ете бастаған еді.
Абайтану тарихында хронологияльқ, тақырыптық жүйедегі дербес библиотекалық көрсеткіштерді құрастыру айрықша мәнге ие болуы себепті де 1946 ж. Н.Сәбитовтің тақырыптық жүйеге негізделген «Абай», 1965 ж. хронологиялық жүйедегі Мырзахметов, тағы басқалардың «Абай Құнанбаев», 1998 ж. тақырыптық жүйеде жасалған «Абайтану», 1995 жылы «Абай Қүнанбаев» деген атпен төрт рет дербес толық библиографиялық көрсеткіштер жарияланды.
Осыларға негізделе отырып, Абайтанудың тақырыптық, кезеңдік мезгілдері анықталды:
- Абайды танудың алғашқы кезеңінде Абай мұрасының Қазан төңкерісіне дейінгі жариялану, танылу, таралу жолдарын қамтумен бірге алғаш рет ақын мұрасын танып насихаттаушылар мен ол мұраның орыс тілінде танылу мәселесі қарастырылған;
- Абай мұрасының жаңа заманда зерттелуі, яғни 1918-1926 және 1926-1940 жылдар аралығында зерттеліп тану жолы негізінен таптық, партиялық принцип тұрғысынан қаралып, тұрпайы социологиялық дүниетанымның үстемдік етуі бүл кезеңде басым жатты;
- Абайдың 100 жылдық мерекесіне орай 1940-1945 жылдар аралығында жазылған зерттеу еңбектері мен насихаттық түрғыдан Әуезовтің «Абай» романы мен Абай оқу орындарында Абайтанудың арнайы курсы мен семинар сабақтарын өткізу жөне өзге де зерттеушілердің монографиялық еңбектері айғақтай түседі.
Абайтанудың Әуезовтен кейінгі дәуірдегі даму жолы 1995 жылғы Абайдың 150 жылдық мерейтойы мен Әуезовтің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында жарияланған ғылыми монографиялық зерттеулер мен әртүрлі тақырыптарға жазылған кітаптарда өз көрінісін толық берді. Жүз жылдан астам Абайтану тарихы ғылыми-зерттеу жұмыстарының нысанасына алынып, қорытындылану үстінде. Қазіргі таңда Абайтану таңдау пәні ретінде жоғары оқу орындарының барлық мамандықтарында және жалпы орта мектептің 8,9,10-сыныптарында оқытылады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1.Байтұрсынов А. Шығармалары. – Алматы: «Жазушы», 1989
2. «Қазақ» газеті. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1998
3.Әуезов М. Абай Құнанабаев. – Алматы, «Санат», 1995
4.Мырзахметов м. Абайтану тарихы. – Алматы, «Жазушы», 1994
Достарыңызбен бөлісу: |