ӘОЖ 930.23
«Түркістан жинағы» ХІХ ғасырдың ІІ жартысы ХХ ғасырдың бас кезіндегі Қазақстан тарихын зерттеуде құнды дерек
Орынбаева Г.Қ.,А.Ясауи атындағы ХҚТУ , Түркістан қ.
ХІХ ғасырдың ІІ жартысы- ХХ ғасырдың бірінші ширегіндегі Қазақстан тарихы жайлы жазба деректер арасында 594 томдық «Жалпы Орта Азия,әсіресе Түркістан өлкесіне қатысты мақалалар мен шығармалардың Түркістан жинағы» ерекше орын алады. «Түркістан жинағы» - Орта Азия,оның ішінде Қазақстанның патшалық Ресей жаулап алғанға дейінгі және одан кейінгі тарихы туралы жан-жақты орыс және шет ел баспасөз: кітап, журнал, газет беттерінде жарияланған материалдар жиынтығы.
Оңтүстік және Оңтүстік-шығыс Қазақстанның, сонымен бірге Орта Азия аймақтарының патшалық Ресейдің құрамына қосылғаннан кейін 1867 жылдың маусымында орталығы Ташкент қаласы, құрамында Сырдария және Жетісу облыстары бар Түркістан генерал-губернаторлығы құрылады. Түркістан генерал- губернаторлығы ресми түрде Түркістан өлкесі (бейресми «Орыс Түркістаны») аталады (1).
Түркістан генерал- губернаторлығының бірінші генерал-губернаторы К.П. Кауфман (1818-1882) 1867 жылы Түркістан өлкесі және онымен шектес елдер жайлы барлық баспасөз материалдарын жинауға және оларды жүйелендіруге жарлық береді. Бұл жарлықтың шығуына патша өкіметінің Қазақстан мен Орта Азияны жаулап алғаннан кейінгі өлкенің отарланып игерілуі, мақсатында Ресейдің отар билеушілері мен іскер топтары Түркістан өлкесі мен онымен шектес елдер жайлы әртүрлі ақпараттарға мұқтаж болуы түрткі болады. Бірінші кезекте оларды отар елдің экономикалық мүмкіншілігі және табиғи байлығы қызықтырады. Сонымен бірге, орыс зиялы қауымы Түркістанның тарихи және рухани өмірін танып білуге ұмтылады.
Түркістан өлкесі Ресейдің мәдени орталығы – Петербордан тоқсан күндік қашықтықта орналасқан, көпшілікті өте көп қызықтырғанмен, аз зерттелген аймақ еді. Ал өлке туралы баспа материалдары мүлде жүйеленбеген болатын (2).
К.П. Кауфман жоғарыдағы жарлығын орындауды библиограф В.И. Межовқа (1831-1894 жж.) тапсырады. ІХ ғасырда өмір сүрген белгілі орыс библиографы В.И. Межов жан-жақты білімді, өз ісінің білікті маманы еді. Ол Санкт-Петерборда орналасқан Императорлық көпшілік кітапханасында жұмыс істейді.«Литература русской географии, статистикии и этнографии» (1866) және «Библиографический указатель русской археологической литературы»(1868) және т.б. 100-ден астам еңбектердің авторы. Осы себепті оған отар Түркістанның әкімшілігі осы өлке мен оған шектес елдерге қатысты барлық газет, журнал басылымдарын, сонымен қатар осы тақырыптағы орыс және шет ел зерттеушілерінің ғылыми еңбектерін қамтыған «Жинақты» құрастыруға өтініш білдіреді.
«Жинақты» құрастыру үлкен қажырлы еңбекті қажет ететін. Бар өмірін библиографияға арнаған В.И. Межов өлкенің тарихын, географиясын, этнографиясын, статистикасы мен экономикасын, саяси өмірін, т.б. зерттеудегі «Жинақтың» маңыздылығын түсініп, өзіне тапсырылған іске 1868 жылы құлшына кіріседі. Осы жылдан бастап бірегей көп томдық еңбек - «Жалпы Орта Азия, әсіресе Түркістан өлкесіне қатысты мақалалар мен шығармалардың Түркістан жинағы» (қысқаша «Түркістан жинағы») құрастырыла бастайды.
В.И. Межов «Жинақтың» құрастырылу тарихы жайлы «1867 жылы К.П. Кауфман С.И. Идаров арқылы маған Орта Азия, оның ішінде Түркістан өлкесіне қатысты кітаптар мен мақалалардың библиографиялық көрсеткішін жасауға өтініш білдірді. Онымен жеке кездесуімізде мен оған астанадан қашықтағы Ташкент үшін жалаң тізімнің практикалық маңызы жоқтығын, оның орнына сол кітаптар мен мақалалар енетін «Түркістан жинағын» құрастыруды ұсындым. Ол келісімін берді. Бірінші кезекте Ташкентке тәжірибе ретінде 10 томдықты салып жібердім. Ол үшін 1000 рубль сый ақы алдым. Осындай жомарттылық мені еңбекті арттыруға итермеледі. Келесі жылы осы төлем ақыға 20-дан 30-ға дейінгі томдықтарды салып жібердім. Осылайша К.П. Кауфманның Түркістан өлкесін басқарған кезеңінде жыл сайын жалпы саны 40-50 томдарды жеткізіп отырдым», деп жазады (3).
Межов «Жинақты» құрастыруға 20 жылдан астам уақыт жұмыс жасайды. Оның Санкт-Петербургта тұрақты тұруы Ресейдің барлық басылымдарында жарияланған кітаптар мен газет және журналдарды қадағалауға мүмкіндік береді. Түркістан генерал-губернаторлығынан бөлінген қаражатқа Түркістан өлкесі жайлы жазылғандардың барлығын тауып жинайды. Межов іргелі еңбектерді ғана емес, сонымен қатар көлемі шағын мақалаларды да жинайды.
Жиналған газет мақалалары қиып алынып, ақ қағазға, ал журнал және кітаптар түптері сөгіліп, жекеленген беттері қағазды рамаларға жапсырылған. Әбір томдықты оқиға желісімен және хронологиялық бір ізділікпен жүйелендірген.
1867-1880 жылдар аралығында В.И. Межов 250 томдықтарды, 1881-1887 жылдары 166 томдықтарды құрастырады. Жылына орта есеппен 21 томнан құрастырған. «Межовтық» немесе «Жинақтың» бірінші бөлімі аталған 416 томдықтарда 4713 атаулар қамтылған (4).
Шығыстанушы Н.Вакулов «В.И.Межов құрастыруындағы Түркістан жинағы» мақаласында «Белгілі біздің библиограф В.И. Межовтың Түркістан генерал-губернаторлығы үшін құрастырған «Түркістан жинағы» таяуда бізге қосылған өлкенің тарихына және оның мүддесіне арналған үлкен басылым», деп өз бағасын береді (5).
Түркістан өлкесін зерттеуші Д.И. Логофет «Түркістан жинағы және оның маңызы» атты мақаласында «В.И. Межовтың орасан жұмысы оған тек даңқтылық қана әкелген жоқ, сонымен қатар өз зерттеулеріне пайдаланатын зерттеушілер оған зор ризалықтарын білдіреді. Орта Азияға қатысты мәселелерді зерттейтіндер алдыменен Межовтың «Түркістан жинағымен» танысады», - деп еңбектің маңыздылығын жазады (6).
В.И. Межов «Жинақтың» 416 томдықтарына «Орыс және шет ел тілдеріндегі мақалалар мен шығармалардың әріптік және жүйелілік көрсеткіштерін» құрастырады. Әріптік көрсеткіштер үш бөлімге: библиографияда кездесетін авторлар көрсеткіші; жер-су аттары көрсеткіші; шет ел авторларының көрсеткіші болып бөлінеді. Көрсеткіштерде материал жарияланған басылымдарға сілтеме беріледі.
Барлық материалдар жүйелілік көрсеткіште былайша топтастырылған: І. Жалпы Орта Азия: 1) Тарихи, географиялық және саяси мазмұндағы шығармалар; 2) Орта Азия елдеріне саяхат және әр түрлі ғылыми экспедициялар;
ІІ. Орта Азия ерекшеліктері: 1) Орыстардың ОртаАзияда иелік етуі; а. География, статистика және этнография; б. Тарих; в. Саяси-экономикалық және құқықтық ғылымдар; г. Ауыл шаруашылығы және өнеркәсібі; д. Технология; е. Жаратылыстану және математика ғылымдары; ж. Медицина; з.Библиография, тіл білімі; 2) Ресейге бағынышты емес Орта Азия иеліктері.
Төңкеріске дейінгі Түркістан тарихының білгірі, академик В.Р. Розен «Түркістан жинағының көрсеткіштері Орта Азияның өткені мен бүгінгісін зерттейтіндердің қолдан түсірмейтін кітабы болуы керек» – деп өз ойын айтады (7).
1884 жылы Түркістан генерал губернаторы И.О. Розенбах Межов құрастырған «Жинақтың» құндылығы мен толықтылығына күмәнданып, ең бастысы бұл жұмысқа бөлінетін қаражат мәселесін тексеруге тоқталады. Шығыстанушы ғалым И.П. Остроумов пен библиограф Н.В. Дмитровскийге «Жинақпен» танысып, оны құрастыруды жалғастырудың қаншалықты пайдалы екендігіне қорытынды жасауды тапсырады. Екі ғалымның бірігіп жазған “Записки члена комисий о составлений Туркестанского сборника” қорытынды мәлімдемелерінде Межов еңбегінің кемшіліктеріне тоқталады. Осы мәлімдемеге сүйенген генерал-губернатор И.О. Розенбахқа жыл сайын 660 рубль бөлу тым көп шығын болып көрініп,«Жинақты» құрастыру 1888 жылы тоқтатылады.
Осылайша, өлкеге қатысты кітап және баспасөз материалдары жиырма жыл уақыт бойы жиналмады.
1907 жылы отаршыл Түркістан әкімшілігі өлке жайлы деректерді жинастырудың пайдалылығын ойластырып, «Түркістан жинағын» құрастыру жұмысын қайта қолға алады. Құрастыруға библиограф ғалым Н.В. Дмитровский, белгілі этнограф А.А. Диваев, Түркістан көпшілік кітапханасының меңгерушісі И.П. Зыков, шығыстанушы ғалымдар Ю.Ф. Бонч-Осмоловский, А.А.Семенов, И.И. Гейер,т.б.қатынасады. В. Дмиторовскийдің басшылығымен 1907-1909 жылдар аралығында Ташкентте «Жинақтың» 127 томдығы шығарылады. Ол «1867-1887 жылдардағы Межов құрастырған «Түркістан жинағына» енбеген Орта Азия жайлы материалдардың көрсеткішін» құрастырады.
Осылайша, «Түркістан жинағы» тарихында «Петерборлық» немесе «Межовтық» кезеңін ендігі жерде «Ташкенттік» кезеңі алмастырады. «Жинақты» құрастырудың барлық жұмыстары Түркістан көпшілік кітапханасында жүргізіледі. Ғылыми материалдарды табу үшін құрастырушылар жан-жақтағы Ресей баспасөз редакцияларына, статистикалық комитеттеріне және ғылыми мекемелерге сұрау салады.
Ташкенттік кезеңі «Жинақтың» аты «Орыс және шет ел газеттеріндегі хабарлама мен мақалалардың Түркістан жинағы. Жинақ генерал-губернатордың тапсыруы бойынша құрастырылды» - деп өзгертіледі. Шығарылған жері – Ташкент деп жазылады. Ташкенттік кезеңдегі «Жинақтың» 127 томдықтарындағы материалдар жүйелендірілмеді және хронологиялық бір ізділік сақталмады. Көптеген томдықтардың мазмұны берілмеді. Бұл мақалалардың алғашқы дерегін табуға қиындық туғызады.
1907-1909 жж. 127 том шықса, сонда орта есеппен жылына 42 том шығарылған. (Ал, Межов жылына 21 томнан шығарған.) Құрастыру жұмысының санының осынша артуы оның сапасының төмендеуіне әсер етті.
1910 жыл «Жинақты» құрастыруға бөлінетін қаражат жағынан қиындық туып, бір жылға жұмыс тоқтатылады. 1911–1916 жж. аралығында көрнекті шығыстанушы А.А.Семеновтың басшылығымен «Жинақтың» 48 томдығы шығарылады. Ол алдыңғы құрастырушылардың әдістерін қайта қарап, газет үзінділерін жинауды тоқтатады. Оған себеп болған ХХ ғасырдың басында газет шығару ісі кең өріс алады. Бір қаланың өзінде үш-төрт газет шығарылды. Олардың бәрін қадағалау мүмкін емес еді. Сонымен қатар ірі ғылыми шығармалар журнал беттерінде және жеке кітап болып басылып жатты.
А.А. Семенов «Жинақтың» әрбір томын арнаулы тақырыптарға арнады. Мысалы: үш томы – археология, жеті томы – география, бес томы – этнография, төрт томы – геология т.б. мәселелеріне арналып құрастырылды.
Атақты этнограф, фольклорист ғалым А.А. Диваев құрастырған 566, 567, 568, 569 томдықтар қазақ тарихына, этнографиясы мен фольклорына арналды.
А.А. Семенов құрастырған «Жинаққа» авторлардың өздері әкеліп тапсырған еңбектері енгізілді. Отыз жеті томдыққа оның өзі мазмұндама жазды. Осылайша деректердің жүйелігімен және іріктелу негізінде алдыңғыларға қарағанда «Жинақ» жоғары деңгейде құрастырылды. 1916 жылы А.А. Семеновтың Ташкенттен басқа жаққа көшуіне байланысты «Түркістан жинағын» құрастыру жұмысы тоқтатылады.
Заман өзгеріп, мемлекет басына Кеңес үкіметі келді. Кеңес дәуірінде кітапхана ісі, онымен тығыз байланыстағы библиография ғылымы да тез дамыды. Баспасөз және басылым өнімдері үлкен көлемде шығарылды. Бұл «Түркістан жинағын» құрастыру жұмысына қиындық туғызды.
1939 жылы Өзбекстанның көрнекті библиограф-өлкетанушысы Е.К. Бетгердың редакциялауымен «Түркістан жинағының» соңғы үш 592, 593, 594 томдықтары шығарылды. Бұл томдықтарда Қазан төңкерісіне дейін баспадан шыққан М.А. Терентьевтің «История завоевания Средней Азий с картами и планами» үш томдық еңбегі енгізілді. Осыдан кейін «Жинақты» құрастыру тоқтатылады.
«Түркістан жинағының» 594 томдықтары түгелдей Өзбекстан Республикасы Әлішер Науаи атындағы Мемлекеттік кітапханасының сирек қолжазбалар бөлімінде сақтаулы.
«Жинақтың» Ташкенттік кезеңінің 175 томдықтарына (417-591 томдықтарына) 1940 жылы библиограф -өлкетанушы О.В. Маслов «Түркістан жинағының 417-591 томдықтарының жүйелілік көрсеткішін» құрастырды. Көрсеткіште «Жинаққа» енген тек Түркістанға қатысты материалдар енді. О.В. Маслов көрсеткішінің алғы сөзінде Межов әдісінің бірнеше ерекшелігін жазады: біріншіден, тек Түркістанға қатысты материалдар енді; екіншіден, топтастырудың жаңа жүйесі қолданылды; үшіншіден, материалдарды орналастыруда талдап тексеру жүргізілд (8).
1948 жылы Е.К. Бетгер «Түркістан жинағында қамтылған Түркістан өлкесі және онымен шектес елдерге қатысты материалдарға көрсеткіш» құрастырды.
Өкінішке орай О.В.Маслов және Е.К.Бетгер көрсеткіштері баспадан шығарылмады. Көршілес Өзбек елінің жоғарыда аталған кітапханасында бір дана күйінде сақтаулы.
«Түркістан жинағының» мазмұны өте бай және әр-алуан. «Жинақта» Қазақстанның Ресейге қосылғанға дейінгі және кейінгі өмірінің әр-қилы қырларын сипаттайтын құнды, аса бағалы материалдар бар. Онда патша әскерлерінің Қазақстанның Оңтүстігін және Оңтүстік Шығысын жаулап алуын патшалық отаршыл әкімшілік жүйесінің құрылымын, атап айтқанда, патша үкіметінің отарлау саясатын бейнелейтін, осы саясатқа қарсы шыққан халық өкілдері жайлы деректер топтастырылған.
Осы Түркістан жинағы беттеріндегі деректерге тоқталсақ. Мысалы: Венюков М.И. Опыт военного обозрения русских границ в Азий. – СПб., 1873. ч. 2 / Түркістан жинағы (бұдан былай Т.Ж.) – 1873 56 т. 321 – 487 б; Костенко Л.Ф. Средняя Азия и водворения в ней русской гражданственности. – СПб., 1870 / Т. Ж. 29 т. 358 б. Макшеев А.И. Исторический обзор Туркестана и наступательного движения в него русских // Русский инвалид, 1890 N 74 / Т.Ж. 1907, 426 т. 70-72 б; Зайцев В.Н. История четвертого Туркестанского линейного батальона за период с 1771 по 1882 год, как материал к описанию движений русских в Средней Азий. – СПб., 1882 / Т. Ж. 1882. 274 т. 1-212 б.
«Жинақта» «Военный сборник», «Русский мир», «Русский инвалид», «Вестник Европы», «Голос», «Русские ведомости» т.б. әртүрлі журнал – газеттердің Қазақстанға қатысты іріктеліп алынған мақалалары кең көлемде қамтылған. Мысалы: Отаршылдыққа қарсы шыққан Сыздық сұлтан туралы мақалалар; О нападений Садыка Кенесарына на отряд Оренбургских казаков // Русские ведомости, 1867. N 86 / Т. Ж. 2 т; О Сыздыке Кенесарыне // Голос 1867. N 169 / Т. Ж. 2 т.
Зерттеуші «Жинақтан» Қазақстанда ғылыми зерттеулер жүргізген орыс ғалымдарының еңбектерімен таныса алады. М.А. Северцовтың «Путешествия по Туркестанскому краю и исследования горной страны Тянь-Шаня, соверменные по поручению императорского русского географического общество» – СПб., 1873. 1 т. / Т. Ж. 1873 49 т. 1-461 б; А.П. Федченконың «Первый отчет Туркестансой ученой экспедиций г. А.П. Федченко» // Современная летопись, 1869. N 20, 42./ Т. Ж. 1870 26 т. 139-141 б; И.В. Мушкетовтың «Туркестан. Геологическое и орографическое описание по данным собранным во время путешествий с 1874 г. по 1880 г.» Петроград 1915 т 1 / Т. Ж. 1915. 588. т. 1-588 б.
Сонымен қатар «Жинақта» Қазақстанның табиғаты, кен – байлықтары, шаруашылығы, экономикасы, этнографиясы, рухани-мәдени және діни өміріне қатысты деректер де қамтылған.
Кейбір зерттеушілер «Түркістан жинағын» құрастырушылар сол уақыттағы өлке жайлы басылғандарды толықтай жинай алмаған деп есептейді (9).
Дегенмен, бұған қарамастан «Түркістан жинағы» - Орта Азия оның ішінде Қазақстан жайлы өте құнды өлкелік – библиографиялық еңбек болып табылады. «Түркістан жинағы» Орта Азия және Қазақстан халықтарының өткен тарихын жан-жақты зерттеуде маңызды дерек, көзі болып табылатындығы ақиқат.
Пайдаланған әдебиеттер
-
Қазақстан “Түркістан жинағы” беттерінде. Библиографиялық көрсеткіш. – Алматы, 2003. 7 б
-
Бенедиктова Н. “Түркістан жинағы” Орта Азия тарихын зерттеудегі дерекнама. Лит. Ташкент / Альманах. – Ташкент, 1945. 188 б
-
Касымова А.Г. Туркестанский сборник. – Ташкент, 1985. 71 б
-
Бенедиктова Н. Көрсетілген еңбегі, 19-б.
-
Вакулов Н. В.И. Межов құрастыруындағы “Түркістан жинағы” – СПб ведомости, N 157. 1874 / Т. Ж. 73 т. 228 б.
-
Логофет Д.И. “Түркістан жинағы” және оның маңызы // Турк. Ведомости, 1908. / Т. Ж. 495 т. 186 б.
-
Лунин Б.В. Научные общества Туркестана и их прогрессивная деятельность. – Ташкент, 1962. 18 б.
-
Маслов О.В. “Түркістан жинағының” жүйелік көрсеткіші. - Ташкент 1945. 3 б.
-
Бетгер Е.К. “Түркістан жинағы” туралы жаңа материалдар / Известия АН УЗ ССР – Ташкент, 1953. N 3. 221 б.
В статье рассмотрены значимость уникального 594 томного издании «Туркестанского сборника» занимающии особое место среди письменных источников о истории Казахстана в второй половины ХІХ-начала ХХ вв.
The article deals with the importance 594 volume of “The collection of Turkistan” in XIX th centry of the second part and the beginning of XX th written facts about the history of Kazakhstan.
Достарыңызбен бөлісу: |