Әож 94(32) Қазақ хандығының ҚҰрылуы және керей мен жәнібек сұлтандар



Дата23.02.2016
өлшемі44.13 Kb.
#11235

ӘОЖ 94(32)

ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫ ЖӘНЕ КЕРЕЙ МЕН ЖӘНІБЕК СҰЛТАНДАР

Сманова Ғ.Л.-п.ғ.к

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты,Шымкент қ

Резюме

В данной статье изложены создание Казахского ханства и Керей и Джанибека султана

Summary

This article considers the Creation of the Kazakh Khan and Kerey and Janibek Sultan


Қазақ хандығының құрылуы Қазақстан территориясында XIV- XV ғ. болып өткен әлеуметтік –экономикалық және этникалық – саяси процестердің заңды қорытындысы болды. Тарихи әдебиетте В.В.Вельяминов-Зерновтан бастап , Шығыс-Дешті Қыпшақтың көшпелі тайпаларының бір бөлігін Жошы ұрпағы Керей мен Жәнібектің басшылығымен Шу мен Талас өзендерінің жазығына көшуі Қазақ хандығы құрылуының басталуы болды деген пікір бар. Қазақ хандығының құрылу тарихына байланысты жазылған тарихи зерттеулер мен әдебиеттердің бәрінде хандықтың негізін салушылар – Керей мен Жәнібек хандар деп айтылатыны белгілі. Дерек мәліметтерінде көрсетілгендей, «олардың Әбілқайыр ханнан бөлініп, Жетісудағы Моғолстан атты хандыққа келуімен Қазақ хандығы құрылды» деген пікірді зерттеушілердің бәрі мойындайды.Қазақ хандығының құрылуы қазақ халқының тарихындағы төтенше маңызды оқиға болды. Ол ұлан – байтақ өңірді мекендеген қазақ тайпаларының басын қосып шоғырландыруда, қазақтың этникалық территориясын біріктіруде, қазақтың байырғы заманнан басталған өз алдына жеке ел болып қалыптасуын біржолата аяқтауда аса маңызды және түбегейлі шешуші роль атқарды.Жазба деректер мен тарихи зерттеулерде алғашқы қазақ ханының есімі – Гирей, Герей, Кирай, Керей түрінде кездеседі. Қазақ тілінде жазылған әдебиеттер мен зерттеулерде соңғы есім жиі және тұрақты пайдаланылатындықтан, біз де осы есімді өз зерттеуімізде қолданамыз.
Бұл сөздің түп-төркіні мен мағынасына келсек, В.В.Бартольд ол жөнінде былай деп жазады: «Өзінің деректерін көрсетпей, Ахмед Вефик-паша өз сөздігінде «гирей» – моңғол сөзі, моңғолша «гарай» делініп, «еңбегі сіңген», «лайықты», «құқылы» деген мағынада қолданылады». [3.14-б]Қазіргі кезде Моңғолиядан тарихи Отанына қоныс аударған және көне моңғол тілін жетік білетін бауырлар: «гарай» – көне моңғол сөзі, оның екі мағынасы бар, біріншісі – «биік», «еңселі», «алып» дегенді білдірсе, екіншісі – «ержүрек», «батыл», «еркін», «берік» деген мағынаны білдіретінін хабардар етті. Араб тілінде бұл мағыналардың «хайдар», «ғайдар» деген сөздермен берілетінін ескере келе, моңғол тіліндегі – «керей» сөзі мен араб тіліндегі – «хайдар» сөздерінің мағынасы ортақ, бірдей деген қорытындыға келеміз. Керейдің қай жылы дүниеге келгендігін деректер айтпайды, бірақ оны салыстыру әдісі арқылы болжап, шамамен айтуға болады. Орыс ханның үлкен ұлы Тоқтақия да, кіші ұлы Қойыршақ, олардың жас арасын шамамен 15-20 жыл деуге болады. Тоқтақия ұлы Болат болса, Қойыршақтың ұлы – Барақ. Барақтың 1428 жылы қайтыс болғаны белгілі. Барақтың үш ұлының үлкені – Жәнібек хан. Ал Жәнібек хан мен Болаттың ұлы Керейдің бір тарихи кезеңде өмір сүргені және белгілі. Олардың да арасындағы жас айырмашылықтары 10-20 жыл деп санауға болады. Керейдің есімі ХV ғасырдың 60-шы жылдарының соңынан, ал Жәнібектің есімі ХV ғасырдың 70-ші жылдарының ортасынан бастап жазба дерек мәліметтерінде кездеспейді. Соған қарап оларды 60-70 жыл өмір сүрген деп есептесек, онда олар XV ғасырдың басында дүниеге келген болып шығады.
ХV ғасырдың 50-ші жылдарында, яғни Қазақ хандығының құрылар қарсаңында Орыс ханнан тараған Керей мен Жәнібек секілді шөберелерді санағанымызда, Темір Мәліктің ұрпақтарынсыз олардың саны 20-ға жуықтаған. Олардың ішінде жасы жағынан ең үлкені Керей болған.[2.20-б] Сондай-ақ Орыс ханның үлкен ұлы – Тоқтақия, ал оның үлкен ұлы – Анике Болат, ал оның жалғыз ұлы Керей болғандықтан, ХV ғасыр ортасында Шығыс Дешті Қыпшақтағы Орда Ежен әулетінің, Орыс хан ұрпақтарының арасында ата жолы жағынан Керейдің мәртебесі жоғары болған.

Сол себепті Керей Махмуд бен Уәли айтқандай, Әбілқайыр хандығы бөлініп кеткенде жасы мен жолына қарай хан болып сайланды. Ол оншақты жылдай хан болып, Қазақ хандығының іргетасын қалаған хандардың қатарына жатады. Жазба деректер оның нақты қай жылы қайтыс болғанын айтпаса да, жанама мәліметтер арқылы оны анықтауға болады. Әбілқайыр хан қайтыс болып, оның орнына отырған Шайх Хайдар ханға қарсы күрескен қарсыластарды шайбанилық деректер нақтылай атайды.

Мұндай есімнің Алтын Орда дәуіріне дейінгі араб, парсы тілдеріндегі шығар­маларда кездеспеуіне және де тек қана осы дәуірде ғана Шыңғыс ұрпақтары мен көшпелі қоғамның жоғарғы тобы арасында жиі кездесуіне қарағанда бұл сөздің түп-төркіні моңғолдық, ал мағынасы жоғарыда айтып өткен «ержүрек», «батыл», «алып», «берік» деген мағынаны білдіреді деген пікірлерді толық қолдаймыз.[1.4-б]
Керей ханның шығу тегі, бұған дейін айтылғандай, Жошы ханның үлкен ұлы – Орда Еженнен бастау алады. Орда Ежен, оның ұлы Сасы бұқа, оның ұлы Ерзен, оның ұлы Шымтай және оның ұлы Орыс хан болып жалғасады. Орыс ханнан Керейге дейінгі шежіре ортағасырлық деректерде жақсы сақталған.Керей мен Жәнібек хандарға тағ­дыр жаңа этникалық бірлестік­ке негізделген мемлекетті құру және оны басқару үлесін берді. Бұл үлес кездейсоқ сияқты болып көрінгенімен, заңдылық болатын. Өйткені екі ханның арғы ата-бабалары – Шыңғыс ханнан Керей мен Жәнібек хандарға дейін Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы саяси билікті мұрагерлік жолмен иемденіп, атадан балаға қалдырып отырған. Басқаша айтқанда, Керей мен Жәнібек бірнеше ғасыр бойы уысынан билік кетпеген өте мықты әрі өте беделді әулеттің өкілдері болып табылады.

Бірінші, Қазақ хандарының шығу тегін Жошының кіші ұлы – Тұқай Темірден тарату ХVІ ғасырдың басындағы шайбанилық әулет өкілдерінің қазақ хандарының Шығыс Дешті Қыпшақтағы билігін әлсірету, жою үшін әдейі жасаған идеологиялық күресінің бір көрінісі деп білеміз де, Жошының үлкен ұлы Орда Ежен ұрпақтарының билігі ХІІІ ғасырдың 20-шы жылдарынан Орыс ханға дейін, одан кейінгі Барақ ханға дейін де үзілмеген.


Екінші, Барақ хан қаза тапқаннан кейін Шығыс Дешті Қыпшақта Жошының бесінші ұлы Шайбан ұрпақтарының билігі орнығып, ордаежендік әулет өкілдері биліктен уақытша шеттетіледі. ХV ғасырдың 50-ші жылдарында Керей мен Жәнібек сұлтандар бастаған әулет өкілдері ордаежендік әулеттің билігін қалпына келтіру үшін күрес жүргізеді де, күрес барысында өздеріне қарайтын ру-тайпаларды бастап амалсыздан Моғолстанға көшеді. Көп ұзамай-ақ олар Шығыс Дешті Қыпшақ аумағына жаңа деңгейде қайта оралып, бұрынғы ордаежендік әулеттің билігін қайта қалпына келтіреді және жаңа – Қазақ хандары билігінің негізін қалайды.

Әдебиеттер тізімі:

1.  Аманжолов Қ. Р. Түркі халықтарының тарихы. 1-2 кітаптар, А., 2002.

2. Аспендияров С. Қазақстан тарихының очерктері. А., 1994.



3. Аманжолов Қ. Р. Қазақстан тарихы. Дәрістер курсы. 1-2 кітаптар, А., 2004.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет