Тақырыбы: «Ерлердің ерлігі елеусіз қалмасын!»
Мақсаты:
Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 26 жыл толған айтулы күнді атап өту.
Ауған ардагерлерімен кездесу арқылы ауған соғысы жайында кеңінен мәлімет беру.
Оқушыларды ерлікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеу, патриоттық тәрбие беру.
І жүргізуші:
Отан үшін өз өмірлерін құрбан етіп, ерліктің үлгісін көрсеткен барлық кезеңдегі қаһарман жауынгерлер есімі ұмытылған емес. Солардың ішінде ауған – жауынгерлерінің ерліктерін ұмытпау - өскелең ұрпақтың қасиетті міндеті.
ІІ жүргізуші:
Құрметті қонақтар, ұстаздар және оқушылар!
1989 жылы ақпан айының 15 жұлдызында талай аналарды перзентінен айырған, мыңдаған жерлес – бауырларымыз қаза тапқан қасіретті де қайғылы Ауған соғысы аяқталды.Жылдар өткенімен интернационалист – жауынгерлеріміздің өшпес ерлігі ел есінде сақталуда. Біз еліміздің сол соғысқа қатысқан ұлдарын Отан алдындағы борыштарын адал ақтаған азаматтар деп құрмет тұтамыз.
І жүргізуші:
Бүгінгі біздің кездесудің мақсаты Ауған соғысы жайлы тереңірек біліп- тану, мәлімет алу.Ержүрек ағаларымыздың ерліктерін болашақ ұрпаққа үлгі ету.
ІІ жүргізуші: Кеңесі әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 26 жыл толған айтулы күнді атап өту мақсатында «Ерлердің ерлігі елеусіз қалмасын!» атты кездесуіміздің қадірлі қонақтары және ауған соғысының ардагерлері Зейінов Амангелді Таңатұлы және Зейінов Дидар Таңатұлыортамызға келіп отыр.Бүгінгі салтанатты кездесу кешімізге қош келдіңіздер!
І жүргізуші:
Ауған соғысының ардагерлерін құттықтау үшін алғашқы сөз оқу ісінің орынбасары Уразбаева Дилара Қадырғалиқызына беріледі.
Ауған соғысының аяқталғанына 2015 жылғы ақпанның 15-ші жұлдызында 26 жыл толады. Ауған жеріндегі шайқас ешқашан ұмытылмақ емес. Осы соғысқа қатысқан барша ержүрек жауынгерлердің көзсіз батырлығы ұрпақ санасында.
II жүргізуші: Достардың майдандағы сыры үндес, бірі білсе, ерлігін бірі білмес,- дей келе назарларынызға ведиоролик ұсынамыз
II жүргізуші: Құрметті қонақтар! Ауған соғысы ардагерлерінің ерліктерін мақтанышпен жырлайтын шәкіттерімізді ортаға шақырамыз. ( 6-класс оқушылары.)
1 –ші оқушы
Армысыңдар, ағалар, от кешкендер!
Ақ тәндерін боршалап оқ тескендер.
Армысыңдар, ағалар, ардагерлер!
Ар сыналған жылдарда от кескендер.
Сендер бізге қашанда үлгісіңдер,
Тым алысты көрсетер дүрбісіңдер.
Адамзатқа жақсылық әкелуде
Жапырақты саялы бүрлісіңдер.
2 –ші оқушы
Тұлғаларың әрқашан биік тұрар,
Батыр деген бір сөзге сыйып тұрар.
Ізгіліктің, ерліктің, қайсарлықтың
Өсиетін шүмектеп құйып тұрар.
Кеуделерің біздерге кең сарайдай,
Мейірменен қарайды бір тараймай.
Сендер жайлы толғансам оралардай
Ойы отты жол, ұшқынды сөз алаудай.
3 –ші оқушы
Тұрғанын байқамаймыз күн жаңарып,
Ұлыста ұл өседі тұлғаланып.
26 жыл өткенін жазды кеше,
Елге де жетті тез – ақ бұл жаңалық.
Биіксің талай – талай кеуделерден,
Мен сіздерді көп сыналар жерде көргем.
Халықтың ұлы болып туғандарға,
Табиғат жүрек берген, өң де берген.
4 –ші оқушы
Табиғат сымбат берген сүйікті ұлға,
Биік боп тұрсын деген биік тұлға.
Биігі бар ғой, шіркін, биіктің де
Тұнығы бар ғой, шіркін, тұнықтың да.
Асықпай жылдар енді тура тұрсын,
Асқақтап ән айтылсын, жыр оқылсын
Бейбітшілік орнасын бар әлемде,
«Соғыс»деген мәңгілікке жойылсын!
5–ші оқушы
Соғыспаймыз.Соғысқа қарсылармыз,
Тыныштыққа жаралған жаршылармыз.
Бір кезде сел боп аққан қызыл қаннан
Өмір үшін қалған бір тамшылармыз...
6 –ші оқушы
Ардагер - ағаларым,
Ақылшы, даналарым!
Азаматтық борышты адал ақтап өттіңіздер,
Мойынға артқан әр істі абыроймен шештіңіздер.
Енді биік еңсеңіз, қадірлейді Еліңіз,
Арамызда аман боп, қамсыз жасай беріңіз!
І жүргізуші: Ауған соғысы – Кеңес Одағы тұсындағы тарихтың ең қайғылы беттерінің бірі.1979 жылдың 25 – ші желтоқсанынан 1989 жылдың 15 ақпаны, яғни 9- жылдан аса уақыт бойы Кеңес әскерлерінің шектеулі құрамы Ауған жерінде ұрыс жүргізді.Бұл күні бұрынғы Кеңес Одағына кіретін барлық туысқан республикалардан әскер қатарына шақырылған жауынгерлер мен офицерлер – Ауғанстан соғысының ардагерлері жыл сайын атап өтеді.
II жүргізуші: Ортаға«Қазақстанн» әнімен10 «а» сынып оқушысы Белисанов Бердібектішақырамыз
ІІ жүргізуші:
Ауған соғысына қатысқандардың өздері келтірген статистикалық мәліметке жүгінсек, бұл соғысқа Қазақстаннан 22.269 жауынгер болды.Олардың 924 –і сұрапыл шайқастарда ерлікпен қаза тапты, 21 адам хабар – ошарсыз кетті, мыңдаған жігіттер елге мүгедек болып оралды.
І жүргізуші:
Жалғасқандай зұлмат заман мұрасы,
Ауған жері – жанды соғыс күәсі
Осы жерде біздің талай боздақтың
Жазықсыздан қаны тамған, расы.
Көрген олар қиындықтар қандай бір,
Ана біткен арқалаған таудай мұң.
Қанша айтқанмен өкінішті бұл жағдай,
Ол боздақтар өз бағасын алмай жүр...
II жүргізуші: Құрметті қонақтар! Сіздердің алдарыңызда «9»сынып оқушысы Сапарғали Ақбота монолог
Музыка әуенімен оқиды.
Соғыс бітті. Зарлы соғыс аяқталды,
Аналар қуанғаннан жылап алды.
Сұм соғыс жалмап кетті көп өмірді,
Сұм соғыс үзіп өтті көп үмітті.
Оралмай сан боздақтар кетті қанша,
Қалды - ау талай ғұмыр тау мен таста.
Ауған жері, ауған елін қорғаймын деп,
Жастары жетпеген бар жиырмаға да...
Міне өтті қас – қағымда 26 жыл,
Еске алып ұрпақтарың жазады жыр.
Ерлерді ешқашанда ұмытпаймыз,
Отанымен жаны да бір, қаны да бір.
Ағаларым, жаралған ерлік рухтан,
Оққа ұшып, отқа күйіп ел қорғаған,
Отан үшін қан майданда жерді құшып,
Бізге күнді, көк аспанды сыйға тартқан.
Біз солардың жалғасымыз, әніміз
Біз оларға өтей алмас қарызбыз.
Сондықтан олардың армандарын
Аялауға,құрметтеуге дайынбыз!
ІІ жүргізуші: Қазір Ауған жеріндегі соғысқа қатысты түрлі әңгімелер айтылып жатыр. Алайда бір шындығы – әскерлеріміз интернационалдық борыштарын өтеп, ауған халқына көмектесті.Ауған халқының айтуларына қарағанда, Кеңес Одағынан барған интернационалист – жауынгерлер қарапайым халыққа соңғы нанына дейін бөліп берген.
Бүгінгі күні Ауған соғысына қатысқан жауынгерлерге сый – сияпат, лайықты құрмет көрсетіп, атақ – абыройын асқақтату – елдігіміздің бір белгісі.Еліміз бойынша осы соғыста шейіт болған жастарымыздың атында 30- дан астам мектеп, 170- ке жуық көше бар көрінеді. Кеңес Одағы ыдырап, еліміз Тәуелсіз алған кездерден бастап Ауған соғысына қатысқан біздің елдің жауынгерлері жайлы деректер мен олардың ерліктері топтастырылған еңбектер жарық көре бастады. Фильмдер түсірілуде.Тарих үшін, келешек ұрпақ үшін мұндай дүниелердің маңызы айрықша.
І жүргізуші: Бұл күндері ауған соғысының ардагерлері бейбітшілік өмірде қандай жұмыста болсын «Біздің мақтанышымыз» деп дәріптеуге болады. Олардың өмірі, еңбегі - көпке үлгі өнеге.
Тақырыпқа сай слайдты таныстыру үшін ортаға 8-класс оқушысы Сабыр Зерені шақырамыз .
ІІ жүргізуші: Отанды сүю отбасынан басталады.Отбасын сүйген әрбір жас өркен мына үлкен Отанымызды қастерлейді, сақтай алады.Оған біз сенеміз. Елім, жерім деп еміренген өршіл ақын Мағжан:
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты.
Қырандай күшті қанаты,
Мен жастарға сенемін! – деп болашаққа жастарға сенім артқан. Ендігі кезекте болашақ жастарымыз, бүгінгі мектеп оқушыларына сөз кезегін береміз. Бүгінгі мәселе бойынша өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, келген қонақтармен пікіралмасып, өз ойларын айтып бөліссек дейді.
-
Сіз Ауған соғысы туралы фильмдерді көргенде шындыққа жанасатындары бар ма?
-
(Туған елге, үйге қайтып келген күніңіз есіңізде ме?Сізді қалай қарсы алды?)
-
Сіз жұбайыңызбен соғыстан кейін таныстыңыз ба, әлде ол сізді әскерге шығарып салып, күтті ме?
-
Қазіргі жігіттер мен қыздардың бойында қандай қасиетті ең бірінші кезекте бағалайсыздар?
-
Ауған халқы «қазақ» деген ұлты бар екенін біле ме екен?
-
Ауғанстанда тұратын қазақтар жайлы білеміз. Соғыс кезінде қандастарымызды кездестірдіңіз бе?
-
Ауған соғысы Сіздердің өмірге деген көзқарастарыңызды өзгертті ме?
-
Біздің Орал қаласында ауған соғысына қатысқан жауынгерлердің атына берілген неше мектеп, көше бар?
-
Ауған соғысы қаһармандарына қандай әлеуметтік жеңілдіктер жасалуда?
ІІ жүргізуші: Соғыстың қайсыбірі болсын болсын – ол үлкен қайғы, үлкен қасірет. Ананы жалғыз ұлынан, отбасын - тірегінен айыратын, әйелді жесір қалдырып,баланы жетім атандыратын – осы зұлым соғыс. Ауған жерінде 1979 -1989 жылдары тәуекелге бел буған жалынды жастарымыз қандай құрметке де лайық.
Бүгін осы іс – шараға келіп, оқушыларымызды толғандырған сұрақтарға жауап беріп, бүгінгі күні өздеріңіздің әр істеріңізбен болашақ ұрпаққа тәрбие беріп, адамдық пен адалдықтың үлгісі болып жүрген ардагер ағаларымызға алғысымыз шексіз.
І жүргізуші:
Ерлік – елдің туы. Ер қуаты қару болса, ел қуаты батырлары, сақадай сарбаздары мен сардарлары. Халық қашанда қаһарман ұлдарын пана тұтқан.
Отан үшін күрес, ерге тиген үлес. Халықтың осы даналығы қайда жүрсек те санамызда сақтап, Отанымызды қорғау азаматтық парызымыз екенін ұмытпайық. Ауған қаһармандарын қадірлеп, құрметтеп,Сіздерді Отан алдында борышын адал атқарған абзал азамат, өз елінің патриот жауынгері ретінде жоғары бағалаймыз. Сіздерге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға бақыт тілейміз.
ІІ жүргізуші:
Қасіретін көзбен көрген жалғанның,
Көкірегінде мәңгілікке қалған мұң.
Алдарыңда бас иеміз тағзым қып.
Соғысында қан кешкендер Ауғанның
І жүргізуші:
Қан кешкен 10 жыл,
Ерлікпен өткен «тозақтан».
Баласы елдің құтқарар әр кез азаптан,
Еліміз тыныш, батырларымыз аман боп,
Бірлік жасасын, атпасын енді азап таң!- деген сөздермен бүгінгі кездесу кешімізді аяқтаймыз.Қош сау болыңыздар!
Достарыңызбен бөлісу: |