ӘОЖ 94(547.1): 911.37(18/19) (043) Қолжазба құқығында
ЕРМАҒАМБЕТОВА ӘНИЯ ҮРЖІМБАЙҚЫЗЫ
Батыс Қазақстан қалаларының даму тарихы
(ХІХ ғ аяғы - ХХ ғ басы.)
07.00.02 – Отан тарихы
(Қазақстан Республикасының тарихы)
Тарих ғылымдарының кандидаты
ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның
АВТОРЕФЕРАТЫ
Қазақстан Республикасы
Орал, 2010
Жұмыс Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік
университетінің Қазақстан тарихы кафедрасында орындалды
Ғылыми жетекші: тарих ғылымдарының докторы, профессор Х.Б. Табылдиев
Ресми оппоненттер: тарих ғылымдарының докторы,
профессор С.Н. Әлібек
тарих ғылымдарының кандидаты
Ж.А. Шаукенов
Жетекші ұйым: Абай атындағы Қазақ Ұлттық
педагогикалық университеті
Диссертация 2010-жылы 28 қырқүйек күні сағат 10.00-де М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті жанындағы БД 14.61.26 Біріккен Диссертациялық Кеңестің мәжілісінде қорғалады.
Мекен-жайы: 090000, Орал қаласы, Достық даңғылы, 162
Диссертациямен М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ғылыми кітапханасында танысуға болады. Мекен-жайы: 090000, Орал қаласы, Достық даңғылы, 162 (магистраннтар мен аспиранттарға арналған оқу залы )
Автореферат 2010-жылы 28 тамызда таратылды.
Диссертациялық Кеңестің
Ғалым хатшысы,
тарих ғылымдарының докторы Ә.С. Тасмағамбетов
КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Зерттеу жұмысында ХІХ ғ. аяғы–ХХ ғ. басындағы Батыс Қазақстан қалаларының тарихы сарапталып, деректік негізде қарастырылады. Патша өкіметінің отарлық саясаты кезеңіндегі аймақ қалаларындағы саяси-экономикалық, әлеуметтік-демографиялық, мәдени дамуға сипаттама беріледі.
Зерттеу жұмысы тақырыбының өзектілігі қоғамда өткен тарихымыз туралы нақты көзқарас қалыптастыру қажеттілігімен байланысты. Осы міндетті шешуде жергілікті тарихты - өлке, облыс және қалалар тарихын кешенді түрде зерттеу маңызды роль атқарады. Сондықтан да «қалатану» тарих ғылымының негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Әртүрлі көзқарастар мен ғылыми ұстанымдарға қарамастан қазіргі зерттеушілердің көпшілігінің пікірінше, ХХІ ғасыр – қалалық өркениеттер ғасыры, осыған орай қазіргі таңда қалалар тарихын зерттеу ең өзекті мәселе болып отыр. Бұл өз кезегінде қалалар қоғамның тарихи, экономикалық және әлеуметтік-мәдени дамуына тікелей жауапты деген тұжырым жасауға негіз бола алады.
Тарихшы ғалымдар қаланың пайда болуын қоғамдық ұйымдардың күрделі формаларының қалыптасуымен, дамудың жаңа деңгейімен байланыстыра отырып, өркениет пен урбанизацияны бір-бірімен тікелей байланысты тарихи процесс ретінде қарастырады. Адамзат қоғамының дамуындағы осы тарихи үдерісті зерттемейінше қалалардың пайда болуымен байланысты өркениеттің алғашқы кезеңдерін қарастыру мүмкін емес. Осыны ескере отырып, ғылымның барлық саласындағы ғалымдар қаланы зерттеу объектісі ретінде қарастырады. Тарихшылар үшін әртүрлі тарихи кезеңдерде пайда болған қалалардың әрбір халықтың экономикалық, саяси және рухани өмірінің дамуындағы қайнар көзі және серпіліс беруші ретіндегі ролі маңызды болып табылады.
Қазіргі таңдағы экономика мен басқарудағы орын алып отырған бағыттар алдыңғы қатарлы үрдістердің пайда болуына : қалаларды басқарудағы қайта құрылымдар мен қалалардағы әлеуметтік-экономикалық және мәдени инфраструктуралардың сапалы өзгерістеріне әкелді. Бұл үдерісті әрі қарай тереңдете жетілдіру және қазіргі уақыттағы экономикалық, әлеуметтік-демографиялық және мәдени мәселелерді шешу үшін қалалардың дамуындағы ғылыми-негізделген, әсіресе қалалық тұрғындардың сандық, әлеуметтік, ұлттық құрылымдарындағы өзгерістерге баға беру сияқты тарихи тәжірибелерді пайдалануымыз аса қажет.
Зерттеудің өзектілігі Қазақстан Республикасының модернизациялануын жеделдетуге жағдай туғызатын индустриалды-инновациялық орталық ретінде Қазақстан қалаларының дамуындағы жаңа кезеңнің басталуымен де тығыз байланысты. Қазақстан экономикасындағы индустриалдық өзгерістер - ең алдымен қалаларға тиесілі. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев 2010 жылғы Жолдауында былай деп көрсетеді: «Индустриалдық даму – бұл біздің жаңа он жылдықтағы мүмкіншілігіміз, ел дамуы үшін жаңа мүмкіндіктер. Қазақстан табысты индустриалды держава болады – мен бұған әбден сенімдімін» [1].
Бүгінде ғалымдар жекелеген объектілерді зерттеуден гөрі, аймақтардағы қалалар жүйесі мен халық тығыз қоныстанған аудандарды зерттеуге үлкен мән беруде, бұл өз кезегінде біз қарастырып отырған мәселенің маңыздылығын арттыра түседі. Қазақстан Республикасындағы қалалар тарихын зерттеудің өзектілігі бұл мәселенің толық қарастырылмағанында ғана емес, қазіргі күннің талабына сәйкес қалалық, әлеуметтік-экономикалық және мәдени кеңістіктің ғылыми негізін қалыптастыру, яғни жеделдетілген жаңа енгізілулер жағдайында Қазақстан қоғамының дамуы үшін ғылыми-теориялық және қолданбалы-тәжірибелік міндеттер құру қажеттілігінде болып отыр.
Зерттеу жұмысының аймақтық аспектісі де маңызды. Бүгінде Батыс Қазақстан қалаларында еліміздің индустриалды-инновациялық дамуының жетекші салалары мұнай және газ кешендерінің қалыптасуы Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық саясатының негізі болып отыр және Қазақстан қоғамының дамуы мен болашағы да осы салаға байланысты.
Жалпы, қалалар тарихы материалдарының негізінде елдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени, этнодемографиялық және саяси дамуының ерекшелігі мен маңызды кезеңдерін анық байқай аламыз. Бұдан басқа, Отан тарихындағы күрделі мәселелерді шешу үшін, басым бөлігі патша өкіметінің Қазақ даласын отарлау кезеңінде сыртқы және ішкі факторлардың нәтижесінде бекініс ретінде қалыптасқан Қазақстан қалаларының тарихы туралы жан жақты зерттеулер қажет. Бұл жағдай Батыс Қазақстан қалаларының тарихына да қатысты. Аймақтағы қалалардың дамуында Ресейдің европалық бөлігінде орналасқан қалаларымен салыстырғанда жалпы ұқсастықтар мен қатар айырмашылықтар да болғандығы белгілі. Батыс Қазақстан қалалары ұзақ уақыт бойы әкімшілік қызмет атқарып келді, тек қана ХІХ ғасырдың 90-жылдарында аймақта транссібірлік темір жол магистралі жүргізілгеннен кейін, сауда мен өнеркәсіп қарқынды түрде дамып, қалалық елді мекендердің мәдени келбеті өзгереді.
ХІХ ғ. аяғы– ХХ ғ. басындағы Батыс Қазақстан қалаларының тарихын зерттеу нәтижесінде, қала өміріндегі өзгерістерді, оған әсер еткен фактілерді және оның тұрғын халық үшін маңызын анықтай аламыз. Сондай -ақ, аталған аймақта уездік қалалардың дамуындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтарды айқындап алудың маңызы зор. Бұл қалалар тарихын жіктеп көрсетуге және жан - жақты қорытындылауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар бұл мәселенің тәжірибелік тұсы да жоқ емес. Қазіргі таңда қалалық басқару жүйесінің, сауда мен өндірістің, әлеуметтік-мәдени саланың дамуының, салық саясатын жүргізудің тарихи тәжірибесін пайдалану жергілікті ұйымдар үшін қажеттілік болып отыр. Бұның барлығы мақсат етіп отырған зерттеу жұмысының өзектілігі мен ғылыми маңыздылығын айғақтайды.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Мәселенің тарихнамасына келетін болсақ, Қазақстан қалаларының әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуы туралы зерттеулер төңкеріске дейінгі кезеңде басталғанын айта кетуіміз қажет. Н.А. Абрамов өзінің еңбектерінде негізінен өлкені отарлау нәтижесінде қалыптасқан Қазақстан қалаларына тоқталады, ал А.А. Тилло Торғай облысының тұрғындарын, соның ішінде қала халқын қарастырады [2]. Л. Баллюзек, И.И. Крафт, А.И. Добросмыслов, И.Хохловтың [3] зерттеулерінде Торғай облысы мен Қазақстанның басқа да Далалық облыстарындағы әкімшілік құрылымдар мен басқару туралы мәліметтер келтіріледі. Зерттеліп отырған мәселелермен байланысты Н.В. Турчанинов, А.Н. Седельников, Г.Н. Потанин [4] және басқа да авторлардың еңбектерінде Далалық өлкедегі қалалар мен тұрғындар, қалалардың қалыптасуы және ондағы сауда мен экономиканың дамуына орыс отарлау саясатының әсері туралы деректер беріледі. Г.Н. Потанин Батыс Қазақстандағы қалаларды атқарушы қызметіне қарай: әкімшілік қызмет атқарушы (шенеуніктік) және буржуазиялық қалалар деп екі топқа бөледі. Төңкеріске дейінгі кезеңде батыс өлкеде және жалпы Қазақстанда өндіріс өте баяу дамыды, қала өміріне қолайсыздау экономиканың егін және мал шаруашылығы сияқты салалары кең түрде дамиды. Аймақ қалаларындағы егін шаруашылығы, мал шаруашылығы, сауданың дамуы туралы мәліметтерді төңкеріске дейінгі авторлар Т. Сейдалин, С. Рыбаков, А. Добросмыслов [5] еңбектерінен көре аламыз. Патшалық Ресейдің отарлық саясаты кезеңінде қалалардың қалыптасуы мен дамуындағы қоныс аудару қозғалысының маңызды ролі Ф. Лобысевич, Н. Аристов, П. Хворостанский еңбектерінде көрініс табады [6].
Гурьев (Атырау) қаласының ХІХ ғ. 60-жылдарындағы шаруашылығы мен мәдени дамуын баяндайтын В.Е. Фосстың «Очерки Гурьева городка» деп аталатын еңбегінің біздің зерттеуімізге қатысты тұстарының бар екендігін айта кету қажет [7].
Төңкерістен кейінгі, әсіресе 20-30-жылдардағы қалалар тарихы туралы зерттеулер қарастырып отырған мәселеге байланысты айтарлықтай өзгеріс енгізе қойған жоқ және кеңестік тарихнамада бұл мәселелер «ақтаңдақтар» болып қала берді. Бұл кезеңдегі қалалар тарихына арналған зерттеулердің ішінде А.Рязановтың [8] Қызылорда қаласының төңкеріске дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы еңбегін айтуға болады.
Сонымен қатар, мәселенің аз зерттелуіне байланысты Қазақстан тарихы туралы жалпылама еңбектердің өзінде Далалық өлкедегі қалалардың ХІХ ғасырдың аяғы – ХХ ғасырдың басындағы әлеуметтік–экономикалық дамуына қатысты мәліметтер өте аз немесе тіптен болмады десек қателеспейміз. Осы мәселелерге қосымша жекелеген еңбектерде сауданың дамуы, тұрғындардың әлеуметтік және этнодемографиялық құрамы, қала халқының қалыптасуындағы қоныстандырудың ролі туралы мәліметтер кездеседі.
1940 жылдардың аяғы мен 50-жылдардың басында тарихшылардың басты назарды қалалардың маңызы мен олардың Қазақстанның әлеуметік-саяси құрылымындағы маңызын зерттеуге аудара бастағанын байқаймыз. Аталған кезеңдегі зерттеулердің ішінде P.M. Кабоның «Города Западной Сибири» және Н.Г. Аполлованың «Особенности возникновения и развития городов Оренбургского края» [9] еңбектерін айта кету қажет. Бұл кітаптарда, зерттеліп отырған мәселеге байланысты сұрақтарға әдістемелік және ғылыми тұрғыдан жауап береді.
Е. Б. Бекмахановтың [10] зерттеулерінде қарастырып отырған кезеңдегі Қазақстанның саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуына талдау жасала отырып, өлкедегі қалалардың қалыптасуына қатысты жекелеген мәселелер көтеріледі.
50-60-жылдары Верный, Жамбыл, Семей, Орал, Теміртау [10] қалаларының тарихы кандидаттық зерттеулерде көрініс табады. Солардың ішінде әсіресе, Э.И. Герасимованың төңкеріске дейінгі Орал қаласының тарихына арналған еңбегін ерекше айта кету қажет [11].
70-80-жылдары Қазақстан қалаларындағы халық саны, тұрғындар құрамының өзгерісі мәселелерін зерттеуге үлкен үлес қосқан И.П. Орлянский, Н.В. Алексеенко, Я.К. Духин [12] және басқа авторлар болды. Осы кезеңде В.Н.Дариенко мен Э.И. Герасимова Гурьев пен Орал тарихына байланысты зерттеулерін жалғастырған болатын [13].
М.Х. Асылбеков ХХ ғасырдың 70-жылдары Қазақстандағы темір жол құрылысының тарихын зерттей отырып, оның өлкедегі қалалардың экономикасына тигізген ықпалының маңыздылығына тоқталады. 70-80-жылдары қалалар тарихына байланысты зерттеулер жаңа бір сатыға көтерілгенін байқаймыз. Мысалы, «Проблемы социально-экономического и этнодемографического развития городов Казахстана» деп аталатын ғылыми жинақта зерттеліп отырған мәселе әдістемелік тұрғыдан қарастырылады. Осы уақытта сондай-ақ, Д.И. Дулатова, А.С. Елагин, Ж.Қ. Қасымбаев сияқты ғалымдар Қазақстан қалалары мен қала халқының тарихнамасы туралы зерттеулер жүргізді [14].
ХХ ғасырдың 70-80-жылдары Семей, Қарағанды, Гурьев қалаларының әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелер Ж.Қ. Қасымбаев, Ш.Р. Кушумбаева, Х.А.Мухаметов, Г.А. Алпысбаевалардың диссертациялық зерттеулерінде қарастырылды [15].
Қазақстан Республикасының егемендік алған кезеңінен бастап Қазақстан қалаларының тарихын зерттеуге деген қызығушылықтың арта түскенін байқаймыз. Қазіргі таңда қазақстандық тарихшылар, мысалы, В.Н. Алексеенко ХІХ ғ. аяғындағы Далалық өлкедегі қала халқының құрамын сипаттаса, А.А. Айтмухамбетов ХІХ ғ. аяғы – ХХ ғ. басындағы Солтүстік Қазақстанда халыққа білім беру мен қазақ зиялыларының қалыптасу тарихына байланысты мәселелерді қарастырады, З.В. Галиев төңкеріске дейінгі Қазақстанда кітапхана ісінің дамуын өлкедегі қалаларға қатысты қарастырады [16].
Тарихшы-ғалым Т.З. Рысбеков [17] аймақтағы қалалардың тарихын зерделеген кезде олардың қалыптасуын орта ғасыр кезеңімен байланыстыра талдайды.
ХХІ ғасырдың басында қазақстандық тарихнама төңкеріске дейінгі кезеңдегі қала халқының әлеуметтік-экономикалық, демографиялық және мәдени дамуын сипаттайтын диссертациялық зерттеулермен толықты. Олардың қатарында О.О. Қырықбаев, М.З. Утегенов, Р.М. Джаниевалардың еңбектері бар [18].
Демограф-ғалым М.С. Сдыковтың Батыс Қазақстан тұрғындарының ұлттық және әлеуметтік құрамының өзгерісіне байланысты және Л. Урдабаеваның отарлық кезеңдегі Ақтөбе қаласының тарихына қатысты зерттеулері қарастырылып отырған мәселеге тікелей қатысты еңбектер болып табылады [19].
Соңғы жылдары аймақтағы қала халқының 1897-1945 және 1926-1989 жылдардағы қалыптасуы мен дамуына байланысты А.Т. Мәден мен А.М. Балықова [20] зерттеу жүргізгендігін айта кету қажет.
Сонымен бірге, зерттеу жұмыстарының белсенді түрде жүргізілуіне қарамастан, зерттеліп отырған тақырыпқа байланысты кейбір маңызды мәселелер өз дәрежесінде қарастырылмай отыр. Әсіресе, ХІХ ғ. аяғы мен ХХ ғ. басындағы Батыс Қазақстан қалаларындағы өнеркәсіп, мәдениет, білім беру салаларының дамуы әлі де болса ізденістерді қажет етеді. Аймақ қалаларындағы демографиялық процестер мен мәдениеттің дамуы туралы еңбектер жеткіліксіз, қалалық басқару органдары туралы мәселелер аз зерттелген. Қарастырылып отырған тақырыпқа байланысты кешенді зерттеулердің жүргізілмеуі, кейбір маңызды аспектілерге қатысты еңбектердің тапшылығы – ХІХ ғ аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы Батыс Қазақстан қалаларының әлеуметтік–экономикалық және мәдени даму тарихын одан әрі зерттеуді қажет ететінін көрсетеді.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Зерттеу жұмысының мақсаты саяси-экономикалық жаңару кезеңіндегі Батыс Қазақстан қалаларының әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуындағы өзгерістерді анықтау. Осы мақсаттарға сәйкес, төмендегідей міндеттерді шешу көзделді:
- Батыс Қазақстанда қалалардың қалыптасуының тарихи шарттары мен
негізгі кезеңдерін қайта саралау, даму заңдылықтарын айқындау;
- қалалардың қалыптасуына негіз болған әскери-саяси және экономикалық факторларды және олардың өзара байланысын көрсету;
- аймақтағы сауда мен қатынас жолдарының даму дәрежесін анықтау және олардағы өндіріс пен кәсіби салаларға сипаттама беру;
- аймақтағы қала халқының қалыптасуының негізгі көзі болған
қоныстандыру қозғалысының жүру барысын, кезеңдерін, бағыттарын айқындап, оның халықтың ұлттық құрамының өзгерісіне ықпалын көрсету;
- төңкеріске дейінгі қалалардағы халық санының динамикасын,
этнодемографиялық даму бағытын талдау және оларға көші-қон үдерістерінің ықпалын анықтау;
- қалалардағы мәдени-білім беру, денсаулық сақтау мен халыққа
тұрмыстық қызмет көрсету салаларының дамуындағы негізгі бағыттарды ашып көрсету.
Зерттеудің хронологиялық шеңбері ХІХ ғ. аяғы мен ХХ ғ. басын қамтиды. Дегенмен, батыс аймақтағы қалалардың қалыптасуы мен даму заңдылықтарын айқындау мақсатында ХІХ ғ басына дейінгі уақытқа біршама шегіністер жасалды. Осы мәселелердің шындығына жету қалалардың дамуын объективті тұрғыда зерделеуге мүмкіндік береді.
Зерттеудің территориялық шегі. Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарынан құралған қазіргі Батыс Қазақстан аймағын қамтиды. Алайда, аймақтағы қала халқының кеңестік дәуірге дейінгі демографиялық дамуын зерттеуде Торғай өңірі кіретін қазіргі Қостанай облысының территориясы, Ресей Федерациясының көршілес Орынбор облысының Батыс Қазақстанмен шекаралас аумақтары қамтылды.
Зерттеудің нысаны XIX ғ. аяғы – XX ғ. басындағы Батыс Қазақстан қалалары.
Зерттеудің теориялық және методологиялық негізі. Зерттеу барысында Қазақстан тарихы ғылымында қалыптасқан қағидалар–тарихилық, ғылымилық, нақтылық, жан-жақтылық негіздеріне сүйене отырып, біржүйелілік, мәселелік-хронологиялық, тарихи–салыстырмалық, статистикалық талдау әдістерін қолдану басшылыққа алынды.
Зерттеудің деректемелік базасы. Зерттеу жұмысының алдына қойған мақсатына жету үшін кең көлемде жарыққа шыққан тарихи әдебиеттер мен деректерге сүйенеді. Еңбекте пайдаланылған деректерді төмендегідей топтастырамыз:
-
Заң актілері мен нормативтік құжаттар;
-
Іс құжаттары;
-
Анықтамалық және статистикалық басылымдар;
-
Мерзімді басылым деректері;
Зерттеу барысында заң актілері мен нормалық құжаттар: 1892 ж Қалалық Ережені, 1891 ж Далалық Ережені және Дала генерал-губернаторының қаулылары пайдаланылды. 1892 ж Қалалық Ережеден қалалық өзін-өзі басқару құрылымының принциптері, қалалық сайлау өткізудің тәртібі туралы мәліметтерді, 1891 ж Дала Ережесінен патшалық әкімшілік пен жергілікті органдардың арақатынасы жөніндегі деректерді, Дала генерал-губернаторының қаулыларынан қалалардағы сауда мен өндіріс, білім мен мәдениет орындарының жұмысын реттейтін нормалық актілері дерек көзі ретінде пайдаланылды. 1892 ж Қала Ережесі мен 1891 ж Дала Ережесі Ресей империясының ресми басылымдарында және бөлек басылымдарда жарыққа шыққан.
Деректердің екінші тобына іс-құжаттық материалдар жинақталған. Әсіресе, Далалық өлкедегі отарлық әкімшілік-басқару мекемелерінің іс-құжаттары кеңінен пайдаланылды. ХІХ ғ. аяғы -ХХ ғ. басындағы Батыс Қазақстан қалаларының әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қатысты құжаттардың басым көпшілігі Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік мұрағатының «Торғай облыстық басқармасы» деп аталатын 25-қоры мен «Орал облыстық басқармасы» деп аталатын 370 - қорларында жинақталған.
Әсіресе, 25 - қордағы маңызды құжат - Облыстық Басқарманың 1869 - 1916 жылдардағы мәжілістер журналы. Зерттеу барысында осы қордағы қоныстандыруға байланысты Торғай-Орал қоныс аудару басқармасы мен жер үлестіруші партиялардың есептері, қоныс аударушылардың қозғалыстары туралы ведомостар мен диаграммалар, қазақ аулдары мен қоныстанушы деревнялардың қарым-қатынасы, түтін және жер салығы, қала тұрғындарының кәсібі, сайлау өткізу, орыс-қазақ мектептері туралы деректер сараланып, зерттеуде кеңінен қолданысқа ие болды.. Қорда сондай-ақ, облыстық әскери губернатордың есептері мен рапорттары, болыстық басқарма мен патша өкіметінің шенеуніктері арасындағы жазысқан хаттары, аймақтағы патшаның отарлық саясатын айғақтайтын заңдар жинағы, бұйрықтар, манифестер мен циркулярлар жаңа қырынан сарапталып ғылыми айналымға енгізілді.
Сонымен қатар, ҚР ОММ-ның 25 қорында аймақтың қоғамдық-экономикалық және мәдени өмірінде маңызды рөл атқарған Ы. Алтынсариннің, Абубәкір және Ғабдул-Ғали Балғымбаевтардың, Д. Беркімбаевтың, М, Каратаевтың, Б. Карпыковтың, Т. Сейдалин және т.б. қызметтік құжаттары сақталған.
Біздің зерттеуімізге қажетті кейбір маңызды материалдар «Торғай облыстық статистикалық комитетінің» деп аталатын 318 қорда жинақталған уезд басшыларының Торғай әскери губернаторына берген есептері мен Торғай әскери губернаторының жылдық есептерін талдау өлкедегі қалалардың қалыптасу заңдылықтарын, қала тұрғындарының төңкеріске дейінгі демогафиялық дамуын, оған ықпал болған факторларды бағамдауға мүмкіндік береді.
Ресей Федерациясының Орынбор облыстық Мемелекттік мұрағатының (РФ ОрОММ) 6-қоры (Орынбор генерал губернаторлығының кеңсесі) мен 12-қорында (Торғай облыстық комитеті) сауда айналымы, жәрмеңкелерді ұйымдастыру, айырбас сарайлары туралы жинақталған деректерді негізге ала отырып, аймақтағы әлеуметтік-экономикалық ахуалдың қалыптасуына байланысты тұжырымдар жасалды.
Деректердің үшінші тобын Орал және Торғай облыстарының, басқа да әкімшілік-ведомстволық мекемелердің статистикалық комитеттерінің жанынан шығарылып отырған анықтамалық-статистикалық басылымдар құрайды. Бұл басылымдарда ХІХ ғ. аяғы- ХХ ғ. басындағы Батыс Қазақстан қалаларының тұрғын халқы, олардың әлеуметтік-діни белгілеріне, жәрмеңке мен сауда қатынастарына қатысты және мәдени-білім-ағарту жағдайы туралы нақты материалдар жарияланған. Бұл топтағы деректер аймақтағы қалалардың шаруашылығы мен демографиялық процестерді зерттеуде маңызды болып табылады.Сондай-ақ нақты-тарихи материал ретінде «Орал облысының шолуы», «Торғай облысының шолуы» және «Справочная книжка и адрес-календарь Тургайской области» деректеріндегі зерттеу тақырыбына қатысты маңызды мәліметтер алынып отыр.
Деректердің төртінші тобын мерзімді басылымдар құрайды. Зерттеу барысында «Актюбинский городской вестник», «Степная правда» және басқа да газеттердің материалдары пайдаланылды.
Ғылыми жаңалылығы. Диссертация ХІХ ғ. – аяғы ХХ ғ. басындағы Батыс Қазақстан қалаларының әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму тарихына арналған кешенді зерттеу болып табылады. Осыған орай, зерттеу жұмысында төмендегідей ғылыми жаңалықтарға қол жеткізілді:
- Батыс Қазақстанда қалалардың қалыптасуына негіз болған саяси-экономикалық факторларға талдау жасалды;
- зерттеліп отырған кезеңде қалалардағы басқару мен қала статусын тағайындау тәртібі талқыланды;
- қалалардағы сауда ісі мен өндірістің дамуына, нәтижесінде аймақтың экономикалық бейнесінің өзгеруіне негіз болған саяси факторлар анықталды;
- қала халқының қалыптасу көздері (әскери-казактік отарлау, шаруаларды қоныстандыру кезеңіндегі көші-қон, отырықшы қоныстарды славян тектес халықтармен толтыру, т.б.) талданды;
- жаңа дерек көздері арқылы қоныстандыру және көші-қон саясатының жүзеге асырылуы және оның қала халқының қалыптасуына ықпалын зерттелді;
- қала халқының 1897-1917 жылдардағы сандық, ұлттық құрамындағы өзгерістер және оған әсер еткен факторлар айқындалды;
- Батыс Қазақстан қалаларындағы демографиялық процестер туралы мәліметтер нақтыланып, бұл мәселелерге қатысты тың мұрағат деректері ғылыми айналымға енгізілді;
- бұрын ғылыми айналымға қосылмаған деректердің негізінде қалалардағы мәдениет пен білімнің, тұрмыстық салалардың дамуына жаңа сипаттамалар берілді..
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:
- Ресейдің орталық қалаларына қарағанда, Батыс Қазақстан территориясына капиталистік қатынастардың кешірек енуіне байланысты, елдің шығыс аймағы әлеуметтік-экономикалық даму жағынан артта қалды, нәтижесінде жаңару үдерісі біркелкі сипат алмады;
- Батыс Қазақстан қалалары патшалық Ресейдің отарлау саясаты тұсында пайда болды және атқарған қызметтері бойынша қалалық елді мекендер статусына сәйкес болмады.
- Аймақтағы қалалар өміріне нарықтық қатынастардың енгізілуі, олардағы әлеуметтік–экономикалық құрылымдардың өзгеруіне, тұрғындар арасында кәсіпорындармен, жәрмеңкелермен, банктермен тұрақты байланысы бар әлеуметтік жіктердің пайда болуына негіз болды;
- Батыс Қазақстаннның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы ерекше белгілерге байланысты аймақ үшін сауда басты рөл атқарды, алайда ХІХ ғ. аяғы –ХХ ғ. басында оның формалары өзгерді. ХХ ғ. басында тұрақты сауданың дамуына сәйкес, жәрмеңкелер бірте-бірте ығыстырыла бастады;
- ХІХ ғ. аяғы – ХХ ғ. басында Батыс Қазақстанда өндіріс саудаға қарағанда баяу дамыды, көбіне мал өнімдерін қайта дайындау бағытындағы шағын мануфактуралық кәсіпорындар болды. Уездік қалалар үшін темір жол транспортының іске қосылуы маңызды рөл атқарды;
- ХІХ ғ. аяғы – ХХ ғ. басында Қазақстан қалаларындағы демографиялық жағдай өзгерді, сауда мен өндірісі дамыған елді мекендерде халық саны өсе бастаса, керісінше, сауда-өндірістік қатынастар дамымаған жерлерден халық кете бастады. Қалалардағы тұрғындардың ұлттық құрамы өзгеріске ұшырайды, яғни орыстардың, әсіресе казактардың саны артты. Әлеуметтік құрылымы да өзгерді, атап айтқанда, шаруалар мен мещандардың үлесі артты;
- Батыс Қазақстан қалаларында өндіріс орындарының пайда болуы мен қала тұрғындарының Ресейдің экономикасына кіріптарлығы кәсіби маманданған жұмысшылардың қажеттілігін туғызды. Осыған байланысты
қалалардағы мектептер мен училищелер жанынан кәсіптік білім беру ұйымдастырылды.
Достарыңызбен бөлісу: |