Есенғабылова Айман Қасенханқызы



Дата13.06.2016
өлшемі161.85 Kb.
#132279
Есенғабылова Айман Қасенханқызы
ЕМДІК-САУЫҚТЫРУ ТУРИЗМІНІҢ ДАМУ ТЕНДЕНЦИЯЛАРЫ: МӘСЕЛЕЛЕРІ МЕН БОЛАШАҒЫ
Емдік-сауықтыру туризмі бүгінгі таңда туризм индустриясының болашағы зор салаларының бірі болып табылады. Тән және рух саулығына деген сән ХХІ ғасырда емдік-сауықтыру туризмінің аса үлкен қарқынмен дамуына негіз болды. Әлемнің көптеген елдерінде емдік-сауықтыру туризмі жалпы ішкі өнімді қалыптастыруда, халықты жұмыспен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады, сонымен қатар көлік және байланыс, құрылыс, ауыл шаруашылығы, тұрмыстық тауарлар өндірісі сияқты экономиканың негізгі салаларына орасан зор әсер етеді және әлеуметтік-экономикалық дамудың өзіндік факторы болып есептеледі.

А.М. Ветитневтің анықтамасы бойынша емдік-сауықтыру туризміне арнайы сауықтыру бағдарламаларының негізінде денсаулықты нығайту және аурудың алдын алуға бағытталған туризм түрі жатады [1]. Сонымен қатар емдік-сауықтыру туризміне физикалық және психологиялық денсаулықты қалпына келтіру мен демалу мақсатындағы туризмді жатқызуға болады. А.В.Бабкин бойынша емдік-сауықтыру туризмі резиденттер мен резидент емес тұлғалардың мемлекет аумағында немесе шет елдерде 24 сағаттан кем емес және 6 айдан аспайтын уақыт аралығында емдік-сауықтыру мақсатында орын ауыстыруын қарастырады және курортологияға негізделеді [2]. Курортология – бұл табиғи емдік факторлар және олардың адам ағзасына әсері мен емдік-сауықтыру мақсатында пайдаланылу әдістері туралы ғылым.

Ерте кезеңдердің өзінде адам ағзасына әр түрлі табиғи, климаттық, гидроминералды және ландшафттық факторлардың әсер ететіндігі байқалған болатын, ал ХVI-XVIII ғасырларда климатпен және сумен емдеудің ғылыми алғышарттары қалыптасты, алғашқы курорттар пайда болды, курортология ғылым ретінде медициналық тәжірибеге енді.

Бальнеология (лат. balneum – монша, суға түсу) – минералды сулардың пайда болуы мен физико-химиялық қасиеттерін және емдік-сауықтыру мақсатында қолданылу әдістерін зерттейтін ғылым. Бальнеологияның алғышарттары б.з.д. V ғасырда ғалым Геродот минералды суларды пайдалану әдістері мен жағдайларын ұсынған кезде пайда болған, ал Гиппократ (б.з.д. V-IV ғғ.) өз еңбектерінде өзен, көл және теңіз суының емдік қасиеттерін атап өткен. Ғылыми бальнеологияның негізі XVII-XVIII ғасырларда неміс ғалымы Ф. Гофман минералды сулардың химиялық құрамын анықтаған кезде қалыптасты.



Емдік сулар химиялық құрамына және шипалы қасиеттеріне қарай көмір қышқыл газдыкүкірт сутекті, құрамында теміркүшәламарганецмысалюминий, органикалық заттар болатын сулар, бромдыйодтырадонды және кремнийлі сулар болып бірнеше топқа бөлінеді. Минералды сулармен емдеумен қатар, емдік-сауықтыру туризмі саласында балшықпен емдеу де кең тараған.

Балшықпен емдеу, пелоидотерапия (грекше plos — саз, балшық және therapeіa — емдеу), құрамында тұздар, өсімдік шірінділері, сондай-ақ, оларды қорек ететін ұсақ организмдері бар балшықты және балшық тектес (парафинозокерит) заттарды емге пайдалануды білдіреді. Шипалы балшықтар химиялық құрамы, шығу тегі және пайда болу жағдайларына байланысты әр түрлі болады. Олар кейбір физикалық және химиялық қасиеттеріне (тұтқырлығы, су сіңіргіштігі, жылу сыйымдылығы, жылу сақтағыштығы, т.б.) қарай топтарға жіктелінеді. Арнайы қыздырылған шипалы балшықтар өздерінің бойында қызуды ұзақ сақтаумен қатар, терідегі рецепторларға, дәнекер тіндерге, ішкі секреция бездеріне әсер етіп, организмдегі зат алмасурегенерация процесінің жүруін реттейді, ауырсынуды басады. Балшықпен емдеу, негізінен, сүйек-буын, жүйкеас қорытужыныс мүшелерінің ауруларына қолданылады [3].

Қазіргі кезде дамыған елдерде емдік-сауықтыру туризмі екі бағытта қалыптасады:



  • науқастардың арнайы мекемелерде туристік бағдарламалармен қоса ем қабылдауы;

  • дені сау адамдардың арнайы мекемелерде белгілі бір қызметтер алу арқылы физикалық және психологиялық жағдайын қалпына келтіріп, жақсарту мақсатында өзге елдерге саяхат жасауы.

Емдік-сауықтыру туризмінің негізгі даму аймағы – Еуропа, нақтырақ айтсақ, Орталық және Шығыс Еуропа болып табылады. Бұл мемлекеттерде емдік табиғи-климаттық ресурстар кең тараған, сонымен қатар науқастарды емдеудің, қалпына келтірудің және аурудың алдын алудың қазіргі заманғы тиімді әдістері пайдаланылады.

Еуропа елдерінің ішінде шипажайлы-курорттық емделуге келушілердің саны жөнінен Чехия алдыңғы орынды алады. Мұндағы ең үлкен және әйгілі здравница – Карловы Вары болып табылады. Чехияның ұлттық туристік әкімшілігінің деректері бойынша жыл сайын оған емделуге әлемнің 70 елінен 50 мың адам және 2 млн. экскурсант келеді. Соңғы кезде елде чех здравницаларын еуропалық емдік-сауықтыру туризмі нарығында белсендірек жылжыту шаралары жүргізіліп жатыр. Курорттарда театр сахналары, галереялар, көрме залдары, би алаңдары, ойын мекемелері, түнгі клубтар ашылуда. Сонымен қатар гольф, теннис, суда жүзу, яхтинг, каратэ, жаяу, атпен және велосипедпен серуендеуге жағдай жасай отырып, белсенді демалысқа мүмкіндіктерді кеңейтуде. Емдік-сауықтыру бағдарламалары мәдени, ойын-сауық және танымдық шаралармен жақсы үйлесім табады. Чех курорттары музыкалық фестивальдер, ән байқауларын, курорттық балдар, аэробика-марафондар, көрме-сатылымдар, фольклорлық фестивальдер ұйымдастырады. Карловы-Вары курортында дәстүрге айналған Халықаралық толықметражды фильмдер фестивалі өткізіледі. Бұл шаралар туристерді көбірек тартуға және олардың контингентін кеңейтуге бағытталған.

Еуропаның емдік-сауықтыру туризмі нарығында Чехияның басты бәсекелесі – Венгрия болып табылады. Оны термалды моншалар зонасы деп атайды. Тәулігіне 500000 м³ жуық термалды су табиғи бұлақтардан ағып шығады, оның жартысы медицинада пайдаланылады. ХІХ ғасырда Венгрия Еуропаның сумен емдеу орталығы, ал Будапешт емдік сулар қаласы атағына ие болған. Бүгінгі таңда Венгрияның 22 қаласы мен 62 ауылында ресми түрде бекітілген емдік су көздері бар. Туристік ағындар көбіне Будапештке және Балатон көліне келеді. Будапешттегі әйгілі түрік моншалары XVI-XVII ғасырлардан бері сақталған және бүгінде қызмет етуде. Балатон – Еуропаның ең үлкен және жылы көлдерінің бірі, балық аулау, жүзу, желкенді спорт және су шаңғысымен айналысуға қолайлы орын. Жыл сайын көлге әр елден 100 мыңға жуық турист келеді. Венгрия курорттарында емделу мен демалу Германия, АҚШ, Австрия азаматтары және жергілікті халық арасында сұранысқа ие. Барлық келушілердің жартысынан көбі осы төрт елдің үлесіне тиеді.

Емдік-сауықтыру туризмі нарығында Польшаның бальнеологиялық және климаттық курорттары кең тараған. Негізгі бальнеологиялық және бальнеобалшықтық Свиноуйсьце, Камень-Поморски, Колобжег курорттары Балтық теңізінің жағалауында орналасқан. Олар Чехия және Венгрия курорттарына қарағанда онша әйгілі емес және бәсекелестікке түсе алмайды. Жарнаманың жоқтығы, медициналық қызмет деңгейінің төмендігі және теңіз суының суықтығы сияқты факторлар Польша курорттарының мүмкіндігін шектейді. Польшадағы емдік-сауықтыру туризмінің дамуына Эстония, Латвия, Литвадағы сияқты теңіз жағалауындағы қолайсыз экологиялық жағдай теріс әсерін тигізеді. Теңіз жағалаулары өндіріс қалдықтарымен және қоқыстармен ластанған. Көптеген өнеркәсіп орындары техникалық жағынан ескірген және қоршаған ортаны қорғау талаптарына сәйкес қайта жабдықталуы тиіс. Зиянды заттардың негізгі бөлігі шығыс және оңтүстік-шығыс жағалауда орналасқан өндіріс нысандарынан келеді. Өте жоғары деңгейде бактериалды ластануды салдарынан кейбір Балтық жағалаулары жабылып, адамдарға суға түсуге тыйым салынады. Мұндай жылдары Польшаның теңіз жағалауларына келетін туристік ағын кемиді. Таулы аудандарда орналасқан климаттық курорттардың ісі жандана түседі. Олардың саны көп, сондықтан тау-климаттық туризмді Польшаның емдік-сауықтыру туризмінің мамандандырылған саласы ретінде қарастыруға болады.

Чехия, Венгрия, Польшадан басқа емдік-сауықтыру туризмі Болгария, Румыния, Сербия, Черногорияда дамыған. Бұл елдер жылы теңіздерге шыға алады және негізінен теңіз жағалауындағы климаттық курорттарда сауықтыру бағдарламаларын ұсынады. Сонымен қатар, Хорватияда медицинада пайдаланылатын мұнай түрі – нафталанның Еуропадағы жалғыз шығу көзі ашылған. Оның негізінде құрылған Иванич-Град курорты тері және тірек-қозғалыс аппаратының аурулары бар науқастарды қабылдайды. Словакия термалды здравницаларын қазіргі заманғы технологиялармен жабдықтау арқылы жақын арада Чехияға баратын туристік ағынды өзіне тартып, емдік-сауықтыру туризмі нарығында басты орынға ие болуы мүмкін.

Батыс Еуропа мемлекеттері курорттық істің терең дәсүрлерімен ерекшеленеді. Мұнда әлемдік маңызға ие Германиядағы Баден-Баден және Висбаден, Франциядағы Виши, Ұлыбританиядағы Бат, Бельгиядағы Спа және басқа да ірі курорттар орналасқан. Олар ХІХ ғ. 2 ж. тек қана емдік емес, демалыс орны ретінде де дамыған. Аралас архитектуралық стильдер, павильондардан шыққан әр түрлі әуендер, концерттер, сахналық көріністер және балдар, сән үлгілерінің және алғашқы автокөліктердің көрінісі, ойын бизесі, сауық кештері бұл курорттарға ерекше қайталанбас сипат берген. Батыста курорттық істі ұйымастырудың ХІХ ғасырда қалыптасқан қағидалары бүгінгі таңда өзгеріске ұшырай қойған жоқ. Курортқа келген адамдарға қатаң күн тәртібі белгіленбейді, олар ем алу уақытын өздері таңдайды және дәрігердің кеңесімен жүруге міндетті емес. Батыс Еуропа курорттарының көпшілігі Германия, Австрия және Швейцарияда орналасқан. Олар негізінен бальнеологиялық және климаттық болып келеді.

Германияда жоғарыда аталған Баден-Баден және Висбаденнан өзге Шварцвальд тау жүйесінің етегінде жатқан Баденвейлер, Вильдбад және Байерсбронн, Франкфурт-на-Майне қаласына жақын орналасқан Бад-Хомбург және Бад-Наухайм, елдің батысындағы Ахен сияқты атақты бальнеологиялық курорттар бар. Климаттық курорттардың арасында тау және орман курорттары басым (Кведлинбург, Оберхоф, Фюссен), сонымен қатар теңіз жағалауындағы (Вангероге, Даме, Травемюнде, Хайлигенхафен, Фленсбург) курорттар да кең тараған. Жыл сайын неміс курорттары 1 млн. астам адам қабылдайды. Германияның климаттық және бальнеологиялық орталықтары ұсынатын аурудың алдын алу және қалпына келтіру бағдарламалары Франция, Бельгия, Люксембург, АҚШ және Канада тұрғындарының арасында сұранысқа ие.

Австрияның көптеген курорттарының ішінде ең әйгілісі – Бадгастайн бальнеологиялық курорты Зальцбург провинциясының оңтүстігінде, Гастайн өзенінің алабында орналасқан. Ол ыстық радон бұлақтарының негізінде құрылған. Бальнеологиялық және климаттық курорттармен қатар Австрияда көл жағалауындағы емдік-сауықтыру туризмі дамыған. Жыл сайын Аттерзе, Мондзе және Топлицзе көлдеріне 1 млн. жуық турист келеді. Жалпы, елге келетін туристердің 20%-ы емдік мақсатты көздейді.

Швейцариядағы курорттар саны Германия және Австрияға қарағанда аз болғанымен, емдік-сауықтыру туризмінің әйгілі бағыттарының бірі болып табылады. Алайда бағасының өте жоғары болуына байланысты бұл елдегі курорттық қызмет тек бай адамдар үшін қолжетімді болып келеді. Баден, Бад-Рагац бальнеологиялық здравницалары және Ароза, Давос, Санкт-Мориц, Церматт тау-климаттық курорттары жергілікті тұрғындармен қатар шетелдік қонақтар арасында үлкен сұранысқа ие. Швейцария алғаш болып шөппен емдеуді тәжірибеге енгізді. Мұнда ірі фитотерапевттік Кран-Монтана орталығы орналасқан. Орталықта дерматоз, зат алмасу жүйесінің бұзылуы, диабет, жүйке жүйесі ауруларын емдейді.

Оңтүстік Еуропада емдік-сауықтыру туризмі негізінен Италияда дамыған. Оның бальнеологиялық курорттары елдің солтүстік-шығысында, термалды суларға және емдік балшықтарға бай Эмилья-Романья аймағында және Искья аралында орналасқан.

Испания, Португалия, Греция туристерді климаттық теңіз жағалауындағы курорттарымен қызықтырады, олар көбіне демалыс және ойын-сауық орталықтары ретінде танымал. Бұл елдерде мамандандырылған емдік курорттар аз және жалпы курорттар санының тек бірнеше пайызын ғана құрайды.

Солтүстік Еуропада емдік-сауықтыру туризмінің даму деңгейі төмен. Дания мен Нидерландының теңіз жағалауындағы климаттық курорттары және Норвегия, Финляндия, Швецияның көл жағалауындағы курорттарын атап өтуге болады, бірақ олар тек жергілікті маңызға ие.

Американдық континентте емдік-сауықтыру туризмінің көшбасшысы АҚШ болып табылады. Мұнда медициналық қызметтер ең жоғарғы деңгейде дамыған, осыған орай қымбат болғандықтан, жергілікті халық денсаулықтарына, аурудың алдын алуға көп көңіл бөледі және курорттарға баруды жөн көреді. Солтүстік Америка курорттарының көбісі бальнеологиялық болып табылады. Минералды суларымен атақты Маммот-Спрингс, Хибер-Спрингс, Хот-Спрингс курорттары АҚШ-тың орталық бөлігіндегі Арканзас штатында орналасқан. Теңіз жағалауындағы Лонг-Бич (Нью-Йорк), Хаттерас (Солтүстік Каролина штаты), Майами-Бич (Флорида), Сан-Диего және Санта-Круз (Калифорния) сияқты климаттық курорттар да үлкен сұранысқа ие. Көл жағалауындағы курорттар да әйгілі, алайда американдықтар көбіне Орталық Америка, Куба, Багам аралдарындағы курорттарда демалып, емделуді жөн көреді.

Таяу Шығыста туристік ағындар емдік-сауықтыру мақсатында Өлі теңізге барады. Тұздар мен минералды заттарға бай оның суы ешбір ағзаның өмір сүруіне жарамсыз болып келеді. Мұндағы Эйн-Бокек, Эйн-Букек, Эйн-Геди, Неве-Зохар сияқты Израиль курорттарына келетін туристердің жоғары дәрежелі емдік-сауықтыру қызметін алатындарына кепілдік беріледі.

Оңтүстік Азия, Шығыс және Оңтүстік-шығыс Азияда емдік-сауықтыру туризмі өзге деңгейде дамыған. Мұнда дәстүрлі емес медицина, фитотерапия және инемен емдеу кең тараған.

Ресейдегі емдік-сауықтыру туризмінің ең ірі орталығы – Кавказ минералды сулары болып табылады. Бұл курорттық-рекреациялық аймақта жыл сайын 15 млн. астам адам емделе алады.

Австралия емдік-сауықтыру туризміне қажет барлық табиғи ресурстарға ие. Ірі бальнеологиялық Дейлсфорд, Морк, Спрингвуд курорттары материктің оңтүстік-шығысында орналасқан. Алтын Жағалау, Дэйдрим-Айленд, Кэрнс сияқты теңіз жағалауындағы климаттық курорттар демалыс пен емделу үшін ең қолайлы жер болып табылады. Алайда, Австралияның басқа материктерден алшақ орналасуы кіру туризмінің дамуына кері әсерін тигізеді, сондықтан мұнда көбіне ішкі туризм дамыған.

Африкада емдік-сауықтыру туризмі қарқынды дамып келеді. Тунис курорттарының беделі артуда. 1996 жылы мұнда сумен және балшықпен емдейтін Орталық ашылып, кейін әлемдегі ең ірі орталықтардың біріне айналған болатын. Ол қазіргі заманғы технологиямен жабдықталған және біліктілігі жоғары кадрлармен қамтамасыз етілген. Орталықта теңіз суын және балшығын пайдалана отырып әр түрлі массаж арқылы емдейді. Африканың солтүстігінде теңіз жағалауындағы климаттық курорттар орналасқан. Египеттегі Хургада – Қызыл теңіздегі ірі туристік орталық, сонымен қатар халықаралық дәрежедегі Шарм-Эль-Шейх, Дахаб және Нувейба курорттарын, Мароккодағы Агадир, Мохаммедия, Танжер, Эль-Хосейма курорттарын атап өтуге болады. Үнді мұхитының жағалауында Кенияның Момбаса, Кипини, Малинди, Ламу, Килифи курорттары және ОАР-да бірнеше курорт бар. Емдік-сауықтыру туризмін дамыту үшін ресурстар жеткіліксіз болып табылады [4].

Біздің елімізде «емдік-сауықтыру туризмі» ұғымы 1990-шы жылдардың ортасынан бастап қалыптасты. Бүгінгі таңда отандық турбизнестің тұрақты дамушы және болашағы зор саласы ретінде туризмнің бұл түрін дамытуға аса үлкен көңіл бөлінуде.

Құрамында тұздар ерітіндісі аз болатын минералды сулар асқазан ауруларын емдеуге, ішуге СарыағашАяққалқанҚорам, т.б. минералды сулары, ал тұз ерітіндісі көп сулар сүйекбуынжүйке жүйесі мен қан тамырлары сырқаттарын емдеуге АлмаарасанАрасанқапал, Жаркентарасан, т.б. минералды сулары пайдаланылады. Қазақстанның минералды сулары емдік қасиеттері бойынша дүние жүзіндегі атақты НарзанБоржоми,Есентуки, т.б. шипалы сулардан кем түспейді.

Балшықпен емдеу Қазақстанда 13 ғасырдан белгілі. Мұндағы шипалы балшықтар туралы алғашқы деректер 18—19 ғасырларда Ресейде жарияланды. 20 ғасырдың ортасынан Қазақстанның шипалы балшықтары кешенді зерттеле бастады. Геология ғылымдары институты мен Өлкелік патология ғылыми-зерттеу институты шипалы балшықтардың химиялық құрамын, емдік қасиеттерін анықтады және оларды қолдану әдістерін ұсынды. 1977 жылдан бұл мәселемен Кардиология ғылыми-зерттеу институтының курортология бөлімі шұғылданды. Қазақстанда шипалы балшықты орындар көп. Олардың ірілері: Тұзкөл (Алматы облысы), Сегізқыз, ӘлжанАралсор (Батыс Қазақстан облысы), ЖасыбайАламерген (Павлодар облысы), Борсықты, Соркөл, Ақсуатсор, Ащыкөл (Қостанай облысы), Қарасор (Қарағанды облысы), Қарабұлақкөл (Шығыс Қазақстан облысы), т.б. шипажайларда балшықпен емдеу кеңінен қолданылады [5].

Қазір Қазақстанда емдік балшығы бар 80-ге жуық көл мен минералды, термалды, емдік сулардың 500 қайнар көзі және 100-ге жуық шипажайлар мен аурудың алдын алу мекемелері (профилакторийлар) бар.

Емдік-сауықтыру туризмі маңыздылығының артуына халықтың ерте қартаю үрдісінің жалғасуы және егде жастағы адамдар, жасөспірімдер мен балалар арасындағы науқастар санының артуы негіз болып табылады. Санаторлы-курортты емделудің нәтижесінде елдегі азаматтардың денсаулығы 1,7 есе жақсаратындығы, ауру салдарынан жұмыстан айырылу үрдісінің деңгейі 2-4 есе төмендейтіндігі оның тиімділігін дәлелдейді. Табиғи-санаторлы кешендердің емдік факторларының негізінде қазіргі заманғы аз шығынды медициналық технологияларды пайдалану адамдардың сауықтырылуы мен қалпына келтірілуінің тиімділігін 25-30%-ға арттырады және ауруханалар мен стационарларда емделуге кететін шығындарды 10-15%-ға төмендетеді.

Осыған қарамастан, емдік қызметтер ең қымбаттардың қатарына жатқызылады, себебі күрделі бальнеотехникалық шаруашылық пен медициналық техника арқылы іске асырылатын құнды табиғи емдік ресурстарды пайдалануға негізделеді. Курортта тұрудың, емдік процедуралардың, дәрігер қызметінің және жоғары деңгейдегі ыңғайлылықтың құны емдік-сауықтыру туризмін аса қымбат етеді. Бұл туризм түрі көбіне стандартты медициналық қызметтер жинағын емес, жеке емдеу бағдарламаларын талап ететін материалдық жағдайы жақсы туристерге бағытталған. Емдік-сауықтыру қызметтері бағасының артуы санаторлы-курортты кешендерді мемлекет тарапынан қаржыландыру деңгейінің төмендігіне байланысты болып келеді. Бұл тұрғыдан алғанда, қосымша туристерді тарту мақсатында шипажай басшылары көрсетілетін ақылы қызметтер ассортиментін кеңейтуге тиіс болып табылады. Кейбір шипажайлар көрсететін қызметтерінің деңгейіне сәйкес емдік-сауықтыру мекемесі беделін жоғалтып, wellness және SPA сияқты сауықтыру мекемелеріне айналуда.

Санаторлы-курорттық және жалпы туристік салалардың дамуын тежейтін факторларға ескірген материалды-техникалық база мен инфрақұрылымды, емдік-сауықтыру аймақтарындағы жоспарсыз құрылысты және қазіргі заманға сай мәдени және ойын-сауық мекемелері жүйесінің жоқтығын жатқызуға болады. Көптеген минералды су мен балшық көздерінің жекеменшік кәсіпкерлерге берілуі аса қымбат табиғи ресурстардың мақсатына сай емес пайдаланылуына және санаторлы-курортты мекемелер үшін бағасының артуына алып келді. Сонымен қатар, емдік-сауықтыру туризмінің дамуына кедергі келтіретін мәселелер қатарына:



  • қоршаған ортаның ластануы;

  • табиғи ландшафттардың деградациясы;

  • емдік минералды-бальнеологиялық ресурстардың дұрыс емес пайдаланылуы;

  • материалды-техникалық базаның жоғары моралды және физикалық тозуы;

  • қызмет көрсету сапасы мен деңгейінің төмендігі;

  • табиғи емдік ресурстарды барлау және пайдалану, қазіргі заманғы технологиялық жабдықтарды құру және енгізу саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының аздығы;

  • санаторлы-курортты кешен үшін мамандарды даярлау және қайта даярлау жүйесінің жетілмегендігі;

  • курортты-санаторлы қызметтер бағасын есептеудің бірыңғай жүйесінің жоқтығы, т.б. жатады.

Осы аталған мәселелерді шешудің және Қазақстан аймақтарында емдік-сауықтыру туризмін дамыту шараларын жүзеге асырудың басым бағыттары:

  • бірегей табиғи-ресурстық кешенді сақтау;

  • шаруашылық және табиғи кешендерді құқықтық бақылау жүйесін қамтамасыз ету;

  • табиғи-ресурстық әлеуетті сақтау және қоршаған ортаның экологиялық жағдайын жақсарту (емдік минералды ресурстарды сақтау, өндіріс және тұрмыс қалдықтары мәселесін шешу, атмосфералық ауаны қорғау, су нысандарын ластауды тоқтату, аймақтық орман шаруашылығын қолдау);

  • бірыңғай экологиялық мониторинг кешенін ұйымдастыру;

  • табиғатты пайдалануды ұйымдастырудың экономикалық механизмдерін енгізу;

  • ұлттық туристік-рекреациялық сауықтыру кешендерін жылжытуға бағытталған мемлекеттік маркетингтік бағдарламаларды жүзеге асыру;

  • шипажайлы-курортты кешеннің материалды-техникалық базасын жаңартуды және курортология саласында ғылыми зерттеулер жүргізуді мемлекет бюджетінен қаржыландыру;

  • шипажайлы-курортты кешеннің түрлі сауықтыру мекемелеріндегі орналастыру орындарының инфрақұрылымына салынатын инвестицияларға салықтық жеңілдіктер жүйесін енгізу;

  • халықаралық нарыққа шығу шараларын дамыту, т.б.

Еліміздің ұлттық мүдделеріне сәйкес емдік-сауықтыру туризмін дамытатын аймақтарда халық шаруашылығының өзге де салаларын, сауда-көлік-логистика кешенін, жеңіл және тамақ өнеркәсіптерін, ауыл шаруашылығын дамыту қажет. Әсіресе, қазіргі таңда экологиялық таза тамақ өнімдерін өндірудің инновациялық технологияларын меңгеру мәселесі өзекті, себебі емдік тамақтандыру емдеу үрдісінің маңызды бөлігі болып табылады. Осы аталған салаларды отандық және шетелдік инвестицияларды белсенді тарту арқылы дамытуға мүмкіндік туады.

Әлемдік деңгейде алып қарастыратын болсақ, емдік-сауықтыру туризмі – туризмнің аса қарқынды дамушы саласы болып табылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша 2022 жылға қарай туризм және оның емдік-сауықтыру саласы әлемдегі басты салаларға айналады.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:


  1. Ветитнев А.М., Кусков А.С. Лечебный туризм. М.: Форум, 2010.

  2. Бабкин А.В. Специальные виды туризма. Ростов н/Д: Феникс, 2008.

  3. Энциклопедический словарь Ф.А. Брокгауза и И.А. Ефрона. СПб.: Брокгауз-Ефрон, 1890-1907. URL www.vehi.net /brokgauz/

  4. Ефименко Н.В., Глухов А.Н. Лечебно-оздоровительный туризм в России и за рубежом с позиций курортной науки // курортная медицина. - № 3, 2012.

  5. Балшықпен емдеу. – Электронды ресурс. - http://kk.wikipedia.org/wiki

РЕЗЮМЕ


В статье рассматриваются вопросы современного состояния развития лечебно-оздоровительного туризма в Казахстане и за рубежом, его распространенность, географические закономерности, влияние на социально- экономическое развитие государств, здоровье граждан и перспективы развития. Приводятся данные об особенностях лечебно-оздоровительного туризма в странах Европы, Ближнего Востока, США, Южной Азии, Африки и Австралии. Рассматриваются вопросы развития лечебно-оздоровительного туризма в современном Казахстане, приводятся сведения об особенностях лечебно-оздоровительного туризма, связанных с функционированием санаторно-курортных учреждений и соблюдением основных принципов курортного лечения.

Ключевые слова: лечебно-оздоровительный туризм, бальнеология, природно-рекреационный ресурс.



SUMMARY

The present state of medical tourism in Kazakhstan and abroad, and its popularity, geographic patterns, the impact on the socio-economic development, people's health and prospects are discussed in article. The data about the features of medical tourism in Europe, Middle East, USA, South Asia, Africa and Australia is given. The problems of medical tourism in modern Kazakhstan, information about the features of medical tourism, the operation of spa facilities and the basic principles of spa treatment is considered.



Keywords: medical and health improving tourism, balneology, natural resource.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет