Әскери өнердің шыңдалған шыңы – жекпе-жек



Дата09.07.2016
өлшемі66 Kb.
#186143
Әскери өнердің шыңдалған шыңы – жекпе-жек
Ұстағалиев Ернар, ҚазҰУ-дің 4 курс студенті
Ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ халқының әскери өнері оның әскери-тарихи болмысын айқындап берді. Көшпелілердің әскери жүйесінің мұрагері қазақтар өз заманына сай аталған өнерді одан әрі дамыта білген. Әскердің құрылымы, соғыс жүргізу тактикалары мен маневрлік әдіс-айлалары, ұрыстың барысына ықпал еткен батырлар жекпе-жектері, жауынгерлердің рухани және тұлғалық болмысы, қазақ әскери өнерінің өзіндік ерекшелігін көрсетеді.

Жекпе-жекке шығатын кәсіби жауынгерлер соғыс тағдырына тікелей ықпал ететін күш болды. Алайда жекпе-жек әскери жүйеде әлі де өзінің тиісті бағасын ала алмай келеді.

Қазақ әскери өнеріндегі жекпе-жек, негізінен, ауқымы кең, тың тақырып. Демек, өзінің кезегін күтіп тұрған, әлі зерттеуді қажет ететін күн тәртібіндегі мәселе.

Жекпе-жек – ұрыс не майдан алдындағы батырлардың жеке айқастары, оған қатысу батырлардың жауынгерлік борышы саналған. Өз ісіне машықты кәсіби жауынгерлер аз қантөгіспен, жеке айқастарымен соғыс тағдырын шешіп отырған. Жекпе-жекте жау батырын жеңу, батырлардың атағын шығарып, дәрежесін өсірген.


Қазақ әскери өнеріндегі жекпе-жектің орнын мынадай белгілермен көрсетуге болады:

1. Жекпе-жектің әр ұрыстың алдында өткізілуі, яғни соғыс бастамасына тікелей әсері;


2. Тәжірибелі кәсіби батырлардың жеке айқастарының ұрыс тағдырына ықпал етуі;
3. Жекпе-жек айқаста жаудың басты батырларын құрту;
4. Ұрыс алдында жауға күш көрсету, мысын басу;
5. Екі жақ батырларының күш сынасуы.

Майдан алдында атақты жауынгерлердің жекпе-жек айқасын өткізу – өткен ғасырларда, бұрынғы замандарда барлық халықтардың әскери сословиесіне ортақ дәстүр. Еуропа рыцарлары, жапон самурайлары, Үнді кшатрийлері соғыста жекпе-жек өткізуді жиі қолданғанын олардың эпикалық жырларынан, тарихи шежірелерінен көруге болады. Көшпелі халықтарда да айқастар көбіне батырлар жекпе-жегімен басталатын. Көшпелі түркі-монғол халықтарының батырлық эпостары да жекпе-жек айқастарды суреттейтін сюжеттерге толы.

Батырлар жекпе-жегінің мақсаттары – аз қантөгіспен, тәжірибелі кәсіби жауынгерлердің жеке айқастарымен соғыс тағдырын шешу, айқас алдында жауға күш көрсету, жаудың басты батырларын құрту, екі жақтың батырларының күшін сынасу. Бір жақтың батырлары өте басым түскен жағдайда, қарсы жақ кейде соғысты жалғастырмай, кері шегініп кететін де болған.

Жекпе-жекке қатысу – батырлардың жауынгерлік борышы. Жекпе-жекте жау батырын жеңу, батырлардың атағын шығарып, дәрежесін өсіретіндіктен, оған қатысу абырой да саналған. Жеңімпаз батырлар әскердің, елдің ұранына айналып, жекпе-жек айқастарда қаза болғандардың есімдері өзі шейіт болған жерге қойылып, елі үшін жанын пида қылған ерлер есімі кейінге сақталып қалатын [1;208] .

Айқас алдында батырлар жекпе-жегін өткізу қазақтарда XIX ғасырға дейін сақталып келді. Ақтабан шұбырынды кезінде қазақ пен қалмақ батырларының жеке айқастары тарихи жырларда көп айтылады. Кенесарының қырғыздармен соғысында да қазақ-қырғыз батырларының жекпе-жегі өткізіліп отырған. Исатай-Махамбет бастаған халық көтерілісі кезінде Исатай мен Қарауыл қожа әскері кездескенде де батырлар жекпе-жегі өткен. Жекпе-жекте жеңіске жете берген Исатай батырларының сұсынан сескенген Қарауыл қожа әскерін шегіндіріп алып кетеді.

Көшпелі батырлар мен көршілес отырықшы халықтардың әскерлерінің жекпе-жек айқастары ол халықтардың әдеби, тарихи жазбаларында айтылады. Иран мен Тұран батырларының жекпе-жегі “Шахнамеде”, ертедегі Русь богатырлары мен қыпшақ батырларының немесе орыс және Алтын Орда жауынгерлерінің жекпе-жегі орыс жылнамаларында суреттеледі. Бұл жекпе-жек айқастарды олардың бейнелеу өнерінің ескерткіштерінде, миниатюраларында көруге болады. Көшпелі халықтардың петроглифтерінде де батырлардың жеке айқастары бейнеленген.

Қазақ халқының ауыз әдебиетінде, батырлық жырларда, батырлар туралы ертегілерде жекпе-жек айқастар жиі суреттеледі. Ауыз әдебиеті мен бейнелеу өнері материалдары батырлар жекпе-жегін өткізудің қалыптасқан өзіндік жолы болғанын көрсетеді.
Соғыс кезінде әскердің әр түрлі әрекеті дабыл арқылы белгі берілетін болғандықтан, батырлар жекпе-жегін де бастар алдында дабыл қағылып, белгі берілетін.

Майданда дабыл қақтырып,


Ерлердің жолын аштырып…

Жеке айқастардың басталуын әскердің үлкен дабылымен білдірсе, әр айқасты батырлар ердің қасына байлаған өздерінің кішкентай жеке дабылдарын қағып, жау батырын ұрысқа шақырумен бастайтын болған.


Бурыл атты ойнатып,
Алдына дабыл қағады.

“Қызылбас шыққын жеке, ”-деп,


Қасына жетіп барады [2;1т.144] .

Дабылдармен соғыс кезінде әр түрлі дыбыстық сигналдар берілген. Жекпе-жекке шақырғанда дабыл ұрудың батырлардың бәріне түсінікті арнаулы, шартты қағысы болған. Сол арқылы екі жақ бір-бірін сөзсіз түсінген [1;210] .


Жекпе-жекке шыққан батырлар ұрыс бастар алдында бір-бірінің есімін, елін сұрап, өздерін де таныстыратын, өйткені батыр үшін кімді жеңіп, кімнен жеңілгенін білуі өте маңызды. Кейін батырлардың атына мадақ айтылғанда, ол жеңген, өлтірген батырдың да аты аталып отырған. Батыры жеңілген жаққа да бұл кейін өзінің батыры үшін кімнен кек алу керектігін білу үшін қажет. Жекпе-жекке шығу аса батырлықты қажет ететіндіктен, оған қатысқан ерлердің атының аталуы, олардың даңқын өз еліне де, жауына да танытатын.

Сонда Бегіс сөйлейді:


“Тегім еді Ноғайлы,
Арғы атам Қарадөң,
Бергі атам Жұбаныш,
Өзімнің әкем Сүйініш,
Тұқымы едім мен тегіс,
Менің атым Ер Бегіс” [3; 5т.254] .

Елдің атын ер шығаратындықтан, ал айқас тағдыры жекпе-жектегі батырларының жеңісіне көп байланысты болғандықтан, екі жақ та, екі әскердің қолбасшылары да жекеге шығатын батырларды алдын ала таңдап, жақсылап ойластырып отырған. Бас қолбасшы Әбілқайыр хан жекпе-жекке шығатын батырлар жөнінде шешімге келеді: “...Қанжығалы Бөгенбай – жасамыс батыр, бірақ Аллам жаратқан бөлек күш-қуаты бар! Ең айқынырағы сол - Қанжығалы Бөгенбай исі қазаққа танымал, әбден құлақ сіңісті жан!” [4; 5] .


Жекпе-жекке батырлар көбіне өзімен дәрежесі тең адаммен шығады. Хан мен хан, қолбасшыға қолбасшы, атақты батырға тәжірибелі батыр т.с.с. Өзіне тең адам шықпаса, батыр айқастан бас тартуға хақысы болған. Бұл өз абыройын кетірмеудің, намысын түсірмеудің белгісі болғандықтан, ол қорқақтық саналмайды да, оның талабын екі жақ та мойындайды.
Қарсыласыңа психологиялық шабуыл жасау да – айқас әдісінің бірі. Сондықтан ұрыс бастарда, батырлар бір-бірін сөзбен түйреп, намысына тиіп, сес көрсетіп, мысын басу үшін сөзбен қақтығысқанын батырлық жырлардан көруімізге болады.
Қазақ эпостарында, жалпы түркі халықтарының батырлық жырларында жекпе-жек айқастар әр түрлі қарулармен күш сынасуы арқылы өткендігін көреміз. “Шынтасұлы Төрехан” жырында қалмақ пен қазақ батырының жекпе-жегі былай суреттеледі:

Қаһар мен Төре – қос пері


Найзаласа бергені,
Алдырмастай айласы
Бір-бірі күшін бермеді...
Үйіріп алып шоқпарын,
Бірін-бірі ұрады,
Ұрғанға шоқпар шыдамай,
Сағағынан сынады...
Сағақтан шоқпар сынған соң,
Айбалтаға қол салды...
Балта да, шіркін, шыдамай,
Сынып түсті сабынан.
Шегінісіп тұрады,
Қорамсақта жебеге
Екеуі қолын сұғады [2; 2т.304] .

Басқа жырларда да жекпе-жек осылай – найзаласудан, қылыш сермесуден, шоқпар, айбалтамен соғысып, садақ атудан өтеді. Көбіне жекпе-жек айқасы қарудың екі-үш түрімен өтетін болған. Олар алдымен найзаласып, одан қылыштасып, сосын барып шоқпарласатын болған. Егер қарсыласының қаруы сынып, басқа қару алса, екіншісі де сол қаруды алған. Мысалы, найза қылыш пен шоқпардан басым болған, егер бірінің найзасы сынса не түсіп қалса, екіншісі бас салмай, оған басқа қару алуына мүмкіндік берген және қарсыласы қандай қару таңдаса, екіншісі де сол қаруды алған, яғни батырға батырша тіл қату, ол батырлық этикаға, жауынгерлік дәстүрге жататын болған.


Енді халық ауыз әдебиетіндегі атақты батырлардың жекпе-жектеріне, ондағы қару қолдану кезектері мен тәсілдеріне тоқталып өтсек.
“...Енді бір мезгілде Бөгенбай мен Аңырық өзара қайта найза салысты. Мұның алдында қарсыластың болат сүңгісін сондай болат сүңгімен қайтару әдісі белең алса, енді сол қолдарындағы дөңгелек темір қалқандар көбірек жораға жүрді. Қарсыластың найзасына темір қалқанды тосып, екінші қолымен найзаны оның көкірегіне туралай қадайды. Бірақ оның да неше түрлі өрнек әшекейлеген дөңгелек темір жабдығы дап-дайын. ...Бөгенбайдың найзасының сабы шарт сынбасы бар ма? Ол жанынан қошқардың басындай бар қайың шоқпарын жұлып алды. Қалмақ батыры Аңырқай Бөгенбайға көзінің астымен сүзіле бір қарады да, өз найзасын ерінің алдыңғы қасына көлденең қойып, қақ бөліп сындырды. Иә, батырға батырша тіл қатты.
Бөгенбай мен Аңырқай енді өзара шоқпар салысты. Шоқпар сілтескендер ең алдымен өз қарсыласының басын, иығын нысанаға алды” [4; 5-6].
Бөгенбай батыр мен қалмақ батыры Аңырық арасындағы жекпе-жектен көріп отырғанымыздай, қарудың үш түрі – найза, қылыш, шоқпар қолданылады.
Кей жекпе-жектерде батырлар бір-бірін ала алмаған кездері де болғанын төмендегі үзіндіден көре аламыз:
“...Бөгенбай мен Шұно-Дабо аттары үзеңгілесе тақалып кеп қалғанда, қолдарындағы бұзаубас қара шоқпарларын біріне-бірі тағы сілтеді. Бұ жолы шоқпарлардың шойын бастары біріне-бірі дәл тиді, аямай ұрған қос батырдың алып күшіне шыдай алмай, қыл мойындарынан шорт сынып, екі жаққа ұшып түсті.
Аттарының басын қайта бұрып, екі батыр біріне-бірі қарсы ұмтылғанда, бұлардың қолдарында енді сала құлаш көк құрыш алдаспандары жарқ-жұрқ ойнады. Үзеңгілес келіп, екеуі алдаспандарын қатар сермеді... Батырлар аттарының басын бұрып алып қайта шапты. Бұл жолы олар ақ көбік атып, қара терге малынған жүйріктерін бір орнында шыр көбелек ойнатып, ұзақ уақыт қылыштасты... Екі батыр ең алғашқы кездескен беттерінде-ақ садақ тартысып, найза салысқан. Садақтарының жебелері шынжыр сауыттарын бұзып өте алмады. Ал найзаларының сүмбіл ұштары болат қалқандарына шақ-шұқ тиіп, тез-ақ майысып, істен шығып қалды... Тобықтан келетін жұмсақ құмды кешіп жүріп, бірін-бірі жамбасқа да алды, іштен де шалды, көтеріп ап жерге де ұрды. Бірақ бұдан да ештеңе шықпады” [5; 246-247].
“... Екеуіміз аңдыса, арбаса, тегіс жерге шықтық. Ол ұрмақ, мен шаппақпын. Ол ұрса, менің басым торғайдың жұмыртқасындай жарылары анық, мен шапсам, оның үкілі дулығасын айыруым екіталай. Мұны келер сәтте-ақ аңдадым. Қылышым шың етіп тайқып, иыққа тиді. Соққы әлсіз болды ма, бадана сауыт айрықша берік пе, құм қайраққа қанжар жанып алғандай ғана көрінді... Мені тықсыра бастады. Бірақ әзір шоқпар сілтеген жоқ. Бірнеше рет ұра жаздап барып тоқтады. Қимылынан аңдып қалдым. Оңнан сілтеймін деп жүріп, солдан ұрмақ. Әзіргісі құр алдарқату. Ақыры оңтайымды тапқандай көрсе керек, Қара Бура Өкіре ұмтылды. Шоқпарды оң қолымен ойнатып көтере бере, сол қолына оқыс аударды да шыбықша, қиғаштай сілтеді. Менің манадан күткенім де сол еді, лып етіп, оң бүйірге ытып түстім де, ұмтыла шаныштым” [6; 100-101].
Бөлек батыр мен қалмақ батыры Ботхишар айқасы да найзаласудан басталады. Айқас барысында бөлек батыр жауынан өз айласын асырады. Ол – жекпе-жектің басты шарты.
”... Ботхишар Бөлекті найза сілтесуге шақырды. Енді найзалардың болат сүңгілері көкке ойнап, шақ-шұқ етеді. Бір мезет Ботхишардың найзасы ұшып түсті. Ол дереу қылышын суырды. Бөлек те қылышқа қарсы қылышпен барды. Ботхишар қылыш ұстаудың асқан шебері еді, ол сәл басымдық ала бастағанда, ер үстіндегі Бөлек жым-жылас жоғалды. Әрі шабдар жорға да иесінің кезекті айласын дәл түсінгендей, Ботхишардың ту сыртынан ойқастап шыға келді. Сол мезет ат бауырынан көтеріле берген Бөлек Ботхишарды дәл тізеден ұрды” [4; 6].
“...Астындағы қара арғымағын құйындата шауып келе жатқан Қарашың батыр оң қолындағы шоқпарын ыңғайлай үйіріп, жауына таяй беріп, шоқпарын сілтейтін Бұрындықтың қолынан еш қару көре алмай, сәл абыржи қалды. Ананың қолында әдеттегідей не шоқпар, не сойыл жоқ екен. “Бұ қалай?” деді ол ішінен, сөйтті де сол қолындағы ақ алмас алдаспанын көтере берді. Ақ бура қылыш сілтеу жерге таяса болғаны, ирелеңдеген мойынын ұшырып түсірмек! Бірақ бұл ойына жете алмады. Ақ бурасын еңкілдете шауып келе жатқан Бұрындық он қадамдай жерге таянғанда, түйенің тасасында оң қолында ұстаған қыл арқанын сумаң еткізіп Қарашыңға қарай лақтырып жіберді де, сол шапқан бойы тоқтамастан орағыта бұрылып, өз тобына қарай ананы ат-матымен сүйрете жөнелді. Қарашың мойнына түскен қыл арқанды алдаспанмен шауып түсіруге де үлгермей қалды”[5; 140-141].
Бұл жекпе-жектің ерекшелігі – қарулары мен мініс түліктерінің әр түрлілігінде: бурамен шапқан Бұрындық қару орнына арқанды қолдана отырып, жеңіске оңай жетеді. Бұл да – шеберлікті қажет ететін тәсіл.
“... Бұл ойқастаған батыр Шарыш еді. Қазақтың ескі әдебиетінде түр-тұлғасы ең көп суреттелген де осы батыр.

Зор дене, түсі суық шойын қара,


Байқасаң жүз кісілік бардай шама.
Білектей белге ораған айдары бар,
Ұқсайды дулығасы мұнараға.
Күші мен әдіс-айла тең келгендей,
Мың пұттық қара тасты өңгергендей.
Асып тұр мың сан қолдан кесер басы,
Тұтқасы болса жерді иіргендей.

... Әбілқайыр бүктеулі қамшысымен Сабалақты нұсқап, “шық ортаға” деген белгі берді. Міне, сол кезде жас бозбаланың көмекейінен: -Абылай–Абылай! -Абылай! – деп үш мәрте қайталайды.


Сабалақ пен Шарыштың жекпе-жегі алғашқыда найза салысынан басталған... Кенет Шарыштың найзасы майырылды. Ол онысын Сабалаққа көрсете сыртқа лақтырып, қынабынан сала құлаш қылышын суырды. Сөйтіп бұл да тез қаруын алмастырады. Найзасын тастап, оның орнына өзінің ежелгі жан жолдасы – алдаспанын суырды. Бұдан арғы оқиға көз ілеспес шапшаңдықпен дамыды.

Ұмтылды сары бестімен шоқтай болып,


Атылған сары мойнақ оқтай болып.
Желкеден өткір қылыш сарт еткенде,
Шарыштың басы кетті доптай болып”[5; 6].

Осы сияқты жекпе-жектердің тамаша мысалдарын батырлар жырларынан да көруімізге болады.

“... Тайшық хандай ханына,
Алпамыс берен айқасты.
Қарсыласып қалысты,
Тайынбай найза салысты.
Біріне-бірі ила ғып
Екі найза қағысты.
Осыменен екеуі
Біраз жерге барысты.
Найзаларын тастасып,
Қылышпенен салысты.
Ат үстінен жүгіртіп
Бірін-бірі шабысты” [3; 2т.148-149].

Қобыланды мен Алғашыр жекпе-жегі керемет суреттеледі:


“... Өшігіп жүрген батырлар
Бір ауыз сөзге келмей-ақ,
Еңкейісіп шегініп
Еменнен найза салысты.
Қанжарменен қармасты,
Семсерменен серместі,
Шыбын жанды қинасты.
Қанжар қалды қайысып,
Семсер қалды майысып.
Есіктің алды кендір-ді,
Қобландыдай батырың
Найзасын ырғап ендірді.
Алғашырдай дұшпанын
Ат сауырына міндірді” [3; 1т.135-136].

Міне, батырлар жекпе-жегінен көріп отырғанымыздай,ұрыста тек күшінің басымдылығымен ғана емес, ептілігі мен қимылының шапшаңдығы есебінен де айқас тағдырын шешіп отырған.


Жекпе-жекте, соғыс атаулыда батырдың ең жақын серігі – ол аты. Әскери ат (ұрыс аты) басқа аттардан бөлек болды. Ол бейне бір батыр үшін әдейі жаралғандай, оның тағдырымен біте қайнасқандай бірге. Олар бір-бірімен өмір бойына өзара байланысты. Шайқас немесе жекпе-жекте аттар да адамдармен тең соғысатын болған.
Ат – батырдың жекпе-жекте белсенді әдісқой көмекшісі, батыл әрі қаһарлы жауынгер ғана емес, сонымен қатар ол көптеген “әскери айлаларды” да меңгерген.
Халықтық тәжірибеден ұрыс аттары күрделі әдіс-амалдарға үйретілгені және оларды меңгергені белгілі: салт атты ат үстінен құлағанда, ат оның жанына келіп тоқтап тұрады немесе ат үстіндегі кісі жараланған кейіп танытса, ат иесінің ниетін түсініп, оны өз үстінде сүйреген күйі алып жүре береді; жаралы иесінің ерге қайта отыруына оңай болуы үшін оның жанына барып жатады; епті қимыл- әдіспен өз иесін ұрыс ішінен алып шығады; жау қоршауында қалғанда жалған шегініс жасау, т.б. әр түрлі айла жасайды. Әскери ат күтпеген оқыс қимылдар жасауға да үйретілген [7; 209-215].
Батырлар жекпе-жекке тек ашық жер мен қару-жарақтарының тең жағдайында ғана емес, сонымен қатар, отты қарумен де айқасқа түсіп отырған. Осыған байланысты бір мысал келтіре кетейік.
“... Дала үңгірлерінің бірінде қалмақтар орналасқан, үңгір аузында сол кездегі атақты қару – қораммен қаруланған бір мерген отыр (қалмақ бұл қарумен Ертістің арғы бетіндегі сайғақтарды ататын); бірнеше батыл жауынгер оққа ұшқан соң, батырлардың ешқайсысы оған қарсы баруға бата алмайтын. Кенет Сырғалы батыры Елшібек өз жауынгерлерінің арасынан желе жортып қалмаққа қарай бет алады. Барлығы да істің ақырын бағады. Осындай жаяу бүлкекпен Елшібек батыр қалмаққа таяп келеді де, кенет жауға қарсы ұмтылады. Қалмақ мылтығының білтесіне оттық тигізіп еді, онысынан түк шықпады, екінші рет от тигізіп, онысы от алып үлгергенше, Елшібек батыр оны қылышпен шауып түсірді.
Кейін Елшібектен желе жортуының себебін сұрағанда, ол былай деп жауап береді: “Қалмаққа керегі менің атым еді, сондықтан ол менің өзіне жақын келуімді күтті, ал менің өз есебімше, ол мылтығына от қойып, менің жаяу бүлкегіммен оған таянғанымша, мылтықтың білтесі жанып кетеді де, екінші рет от тигізгенше, мен де оған жететін едім” [8; 1т.219].
Жоғарыдағы мысалдарды келтіре отырып, әскери өнерде жекпе-жектің орнын ерекше атауға болатынына көзіміз жетті. Жекпе-жекте батырлар өздерінің шеберлігі мен күш-қуатын паш еткен. Жекпе-жекке шығу абырой болғандықтан, оған батырлардың тәжірибесі мол, шыңдалғандарын шығаратын. Жекпе-жектегі батырлар жеңісі барлық ұрыс тағдырын да шеше алатындықтан, оған жете көңіл бөлінген. Демек, біз жекпе-жекті әскери өнердің құрамдас бөлігі деп қарап, соғыстағы өзінің орны мен маңызын ерекшелеген жүйе деп қарауымыз керек.
Көп ғасырлық тарихы бар қазақ елінің басынан небір қиын кезеңдер өтті. Осындай сәтте елінің тыныштығы мен тағдырын ойлаған батырлар атқа қонып, өздерінің өшпес ерліктерін жасады.
Қалмақтармен шайқастарда қазақ батырларының аты шығып, ел арасына атағы жайылды. Сондай батырлардың көбі өз ерліктерін тікелей жекпе-жек айқастарда жасаған.
Қорытындылай келе, әскери жүйенің құрамдас бөлігі ретінде жекпе-жектің алатын орны ерекше екенін көрдік. Жекпе-жек – әскери өнердегі жауынгерлердің жетістіктерін айқындайтын батырлар айқасының төресі.
Қазіргі таңда жекпе-жектің майталман батырлары жастарымыз үшін зор үлгі бола алады. Ұрпақ бойында ержүректік пен батылдықты қалыптастыруда жекпе-жек батырларының тұлғасы мен ерліктерін насихаттау, олардың моральдық этикасын бүгінгі күнмен байланыстыру – қазіргі жас тарихшылардың еншісі.

Пайдаланған әдебиеттер тiзiмi

1. Қ.С.Ахметжанов. Жараған темiр кигендер. Алматы, 1996.


2. Ақсауыт. Батырлық дастан. 1 том.Алматы,1987.
3. Батырлар жыры. 5 томдық.
4. Ұзақбай Доспанбет. Жекпе-жек.-// Атамекен,2003. 5-мамыр.
5. Iлияс Есенберлин. Көшпендiлер. Алматы, 2001.
6. Мұхтар Мағауин. Аласапыран. Алматы,1985.
7. Р.С.Липец. Образ батыра и его коня в тюрко-монгольском эпосе.Москва,1984.
8. Ш.Ш.Уәлиханов. Шығармалар жинағы.4 томдық.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет