Ғалым Б. Уахатовтың 75-жылдығына орай



Дата09.06.2016
өлшемі107.3 Kb.
#125962
Бекеңнің қысқа да мазмұнды ғұмыры мен асыл мұрасы

(Ғалым Б.Уахатовтың 75-жылдығына орай)


Ежелгі Кереку өңірі, оның ішінде Қарағайлы елі қасиетті де, киелі адамдардың атамекені десек артық болмас. Бұны қазір де Ертістің-Қарағайлы өлкесінің үлкен-кішілі, жас жеткіншектері шежіреге толы өлке екенін зерттеуші журналист Уәлихан Түкісовтың «Киелі жандар және ұрпақтары» деген танымдық зерттеуі әрі естелік кітабынан танып-білуде. Авторға Ертіс-Қарағайлы елінің тарихын алғашқы боп жүйелегеніне алғысымыз зор.

Өлкеміздің дала академигі Мәшекең былай дейді: «Арқада Темірғали мырза бар деп айтады. Ірбіт, Мәскеу, Қоқан барған». «Туысың Бұхар барған Ғабдылуахит сонымен Сарыарқаға дін ашқан». Бұл жерде елдің асыл ағалары ІІ Мемлекеттік Думаның депутаты болған Темірғали Түйтеұлы Нүрекенов және дін уағыздаушы аруақты Уахит хазірет жөнінде сөз етеді. Сондай-ақ, Қарағайлы елінің қос арысының осы тарихи зерттеудің тың деректерді алдымызға жайса, балалайкасымен «Екі жирен» әнімен бүкіл Алтай өлкесін тамсандырған ХІХ ғасырдағы жезтаңдай әнші Тоқбай өнері халқымызға қайта оралды.

Тек қана ауыл аймаққа белгілі болған ерекше қиссашыл, ақын, өнерпаз қос тарлан жырау Қорт Боранбай мен майқарағайлық Рақымжан Мәкішев, аруақты сынықшы, емші Мерғалым, емші Ақлиманы халқымыздың біртуар асылдары деп егемендік алғаннан кейін ғана танып, бағалаудамыз.

Сонымен, Ертістің-Қарағайлы өңірі республикаға кең танымал ғалымдарды да берді. Атап айтқанда, ұзын саны жиырмаға жақын жерлес ғалымдар шықты. Олар ғылымның әр саласынан кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғап, еліне елеулі ғылыми еңбек етуде. Ғылым мен жоғары білім беру биігінен көрінген асқаралы да, тәжірибелі ғалымдар, қоғам қайраткерлері: Т.С.Садықов – Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры, тарих ғылымдарының докторы, ҰҒА-ның академигі, Ғ.Есім – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің факультет деканы, философия ғылымдарының докторы, ҰҒА-ның академигі. Сондай-ақ, медицина докторлары Қ.А.Шаймарданов, Қ.Н.Мұқанов, Қ.Н.Шаймарданов, түрлі саладағы профессорлар Т.М.Жәуітіков, Е.Б.Баденов, Ғ.М.Мұқанов, Қ.К.Қайырқанов, С.Т.Тілеукенов, Ш.Қ.Биболов, кеше ғана марқұм болып кеткен Ш.Қасенұлы. Ұстаздығымен ұлағатты болған, аса көрнекті педагог, Қорт (қазіргі Мерғалым) аулының тумасы Р.А. Молдабекованы атап өтпей болмайды.

Демек, Қарағайлы елінің қасиетті топырағы киелі десек те болады. Құдайға шүкір, ғалымдардың жолын жалғастырушылар бар. Бұлар – педагогика ғылымдарының докторы К.Н.Бұлатбаева, ауылшаруашылық ғылымдарының кандидаты М.М.Мергенбаев, география ғылымдарының кандидаты Қ.Т.Сапаров. Міне осы киелі жерде Ұлы Мұхтар Әуезовтың соңғы талантты шәкірті, фольклорист-ғалым, сыншы Бекмұрат Уахатұлы Уахатов та туып, қасиетті топырағынан нәр алған болатын.

Қиын да, қызықты да, мазмұнды да, мағыналы бірақ бақытты қысқа өмірінде, ғылымның қиясына өрмелеп шығып, оның көкжиегінен жан-жағына көз салып, барлай бастағанда мезгілсіз өмірден кеткен, ірі фольклоршы, сыншы, зерделі зерттеуші, үлкен қаламгер – филология ғылымдарының докторы, профессор Бекмұрат Уахатұлы Уахатов туралы сөз етпекшіміз. Жерлесіміз Бекеңнің қысқа болса да, баянды өмірінен, зерттеушілік зертханасынан Кереку-Баян өңіріне, облыстық, қалалық әкімшілдігіне, Лебяжі аудандық әкімшілігіне, жоғары оқу орындарының ғалымдарына, зиялы қауымына парасатты ғалымның 75 жылдығына орай, салиқалы ой, құнды пікірлер айтып, тағы да ой бөліспекшіміз. Бекеңнің шығармашылығы мен өмір жолына бұрын да тоқталған едік (қараңыз: С.Боранбайұлы. Ғалым еңбегімен еленген / «Сарыарқа самалы» газеті, № 60 (13157), 23.05.2000; С.Н.Сүтжанов, Е.К.Рахимов. Мұхтар мектебінің мақтанышы (фольклорист-ғалым Бекмұрат Уахатовтың 70 жылдығына орай) / «Сарыарқа самалы» газеті, № 87 (13428), 01.11.2002).

Бекмұрат Уахатов 1932 жылы 29 қараша күнінде қазіргі Павлодар облысы Лебяжі ауданындағы Қорт деген киелі жерде (қазіргі Мерғалым ауылында) Уахат деген адамның ауқатты отбасында дүниеге келген еді. Бекеңнің әкесі 1941 жылы Ұлы Отан соғысына шақырылып, 1944 жылы 16 қазанда Балтық өңірінде ерлікпен қаза тапты. Ағасы Шаймардан да Ұлы Отан соғысының ардагері, 2005 жылы Ұлы Жеңістің 60-жылдық мерейтойында Астанада өткен шеруге қатысып, Елбасының қолынан «Айбын» орденін алған. Ұзақ жылдар бойы Қауіпсіздік Комитетінде қызмет етіп, полковник шенімен отставкаға шықты.

Бекмұрат Уахатов білім бастауын Жаңа ауыл жеті жылдық мектебінде (қазіргі Б.Уахатов атындағы орта мектеп), кейіннен Қызыл әскер орта мектебінде (С.Сатыбалдин атындағы) жалғастырып, қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін 1954 жылы тәмамдаған болатын. Университетте оқығанда-ақ студенттердің ғылыми-зерттеу жұмысына белсене араласады. Мысалы, «Университеттің құрылғанына 20 жыл» деген тақырыпта студенттердің ғылыми-теориялық конферециясында баяндама жасайды.

1954-1957 жылдары осы аталған университеттің аспиранты болса, 1957-1958 жылдары Республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің әдеби қызметкері болып еңбек етті. Жас ізденуші, 1960 жылы Мәскеу қаласында өткізілген Шығыстану ғалымдарының Халықаралық XXV Конгресіне қатысқан. Сонымен біржола ғылыми жұмысқа бет бұрады.

Бекең Ұлы Мұхтардың сүйікті шәкіртіне айналып, құрметіне бөленген талантты ізденуші, бақытты жан еді. Сөйтіп, 1961 жылы жоғарыда өзі тәлім-тәрбие алған университетте Қазақ КСР Ғылым Академиясының академигі, Лениндік сыйлықтың лауреаты М.О.Әуезовтың жетекшілігімен «Қазақ совет прозасындағы характер жасау шеберлігі» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған болатын. Бұл ғылыми зертеудің қорғалуы жайында Ә.Ыдырысов «Әуезовке іңкәрлік» деген естелік-эссесінде өте тамаша жазған. Міне, болашақ зерттеушінің ғылымдағы баспалдағы осылай өрлей береді.

Б.Уахатов өзінің кандидаттық диссертациясында сол кездегі тың мәселелерді қозғап, тереңдеп зерттеді. Атап айтқанда, М.Әуезовтың, С.Мұқановтың, Ғ.Мүсіреповтің, Ғ.Мұстафиннің роман туындыларындағы көркемдік, шеберлік сияқты қырларына ерекше назар аударып, «Абай жолы» романының көркемдік ерекшеліктері» деген кең тынысты ғылыми мақала жазады. Осыдан кейін, «Көркем әдебиеттің сюжеті мен өмір шындығының байланысы» ғылыми-зерттеу мақалалары «Қазақ КСР Ғылым Академиясының Хабаршысында» жарық көрген. Бекең көтерген, түйіндеген теориялық тұжырымдар күні бүгінге дейін өз мәнін жойған жоқ.

Б.Уахатов «Абай жолы – шеберлік жолы» деген сыни мақаласында былай деп жазады: «М.О.Әуезовтың Абай туралы жазған 4 томдық романы қазақ әдебиетінің теңдесі жоқ шығармасы. Эпопея – шын мәніндегі нағыз реалистік шығарма. Мұнда қазақ халқының жарты ғасырлық өмірі қамтылған, ғажайып дәуір шындығы бар».

Міне, сонда не бары 28 жастағы Бекең ұстазының ұлы шығармасына осындай тың сыншылық баға берген болатын. Демек, Б.Уахатов әдебиет саласындағы белсенді араласқан сыншылар легіне қосылды. Осы қыруар еңбектің нәтижесінде «Таланттар, туындылар» (1969 ж.), «Қазақ фольклористикасы» (1972 ж.), «Қазақтың тұрмыс-салт жырларының типологиясы» (1974 ж.), «Көркемдік ізденістер» (әдеби сын мақалалар жинағы, 1991 ж.), «Алтын бастау» (мектепке арналған әдістемелік құрал, 1993 ж.) дүниеге келеді.

Бекең өмірінің соңына дейін (19.12.1984) Ұлттық Ғылым академиясының фольклортану бөлімінде халқымыздың асыл қазыналарын інжудей теріп, парасатты еңбектер жазып келген еді.

Бірде, ірі фольклоршы-ғалым, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин халқымыздың халық поэзиясын зерттеуге Бекеңе құнды ақыл-кеңес береді. Бұл тақырыпты алғашқы болып М.О.Әуезов көзі тірісінде сілтеген еді. Міне, ыждаһаттылықпен ұзақ салыстыра зерттеудің нәтижесінде. «Қазақтың халық өлеңдері» (1975 ж.) деген тақырыпта еңбек жазып, 43 жасында докторлық диссертация қорғаған болатын.

Бұл еңбек жайында Т.Нұртазин «Сөз-өлең жайында», С.Садырбаев «Көкірек кеңістігінде», Т.Жұртбаев «Халық өлеңдері қалай зерттелген», Н. Төреқұлов «Асыл қазынамызды аралатқан» деген сипатта орталық мерзімді басылымдарда құнды-құнды пікірлер айтып, жоғары баға берілген-ді.

Демек, Отандық ғылымның бастауында тұрып, аз ғана ғұмырында Б.Уахатовтың әттең бір роман не повесть жазуға уақыты жетпеген тәрізді. Сөйтсе де, «Күнге сапар» әңгімесін, профессор Әбілфайыз Ыдырысов шағын повестін жүгін көтеріп тұр деп бағалайды.

Бұл әңгімеде соғыс кезінде ересектер жүгін көтерген балалар өмірі, балалар еңбегі суреттелген. Атын борбайлап ылғи шабуылдап жүретін Бекболат бригадир бейнесі – дойыр, ұрыншақ жанның бейнесі. Ал, сол шығармада адуынды сөйлетін Қазиза келіншек болса, шынында, жаны нәзік, ақ жүрек ана. Қанша қатыгез болғысы келгенмен, ол мына әкесіз жетімектерді жемге-жемге келгенде дөрекі бригадирдің тәлкегіне бермейді. Оған қимайды. Бесінші класс оқушылары Қажымұрат пен Асығат бірі ертең нені болса да, қайыспай көтеретін шаруа иесі болғалы тұрған кейіпкер де, екіншісі, бүгінгі ісін бабымен істейтін жан. Екеуі де жағымды бейне, - дейді зерттеуші.

Міне бұлар, сол бұрынғы Қорт ауылының кейіпкерлері. Қазизаның жолдасы Қаратай Серғазин Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапты. Мектеп меңгерушісі болған, өлеңдері көптомдық «Қазақ әдебиеті тарихының» «Ұлы Отан соғысы деген бөлімінде» жарық көрді. Әнуарбек Серғазин көп жылдар бойы қазіргі Бекмұрат Уахатов атындағы мектепте директор болып, зейнеткерлікке шықты. Марқұм Әнуарбек Серғазинның мұрындық болуымен және сол кездегі аудан әкімі Қадыр Әжімұратовтың қамқорлығының арқасында қазіргі Мерғалым ауылында қазақ орта мектебі салынған болатын. Бұрынғы Жаңа ауыл мектебіне ғалым есімі берілді. Ал, ағасы Асығат көп жылдар бойы шаруашылықта жүргізуші болды. Қазір зейнеткер, Екібастұзда тұрады. «Ұлын ұяға, қызын қияға» қондырған бақытты жан. Анасы Қазиза балаларының қызығын көріп кетті. Ал, Калиев Қажымұрат болса, өмірінің аяғына дейін партия-кеңес жұмысында, хатшылық, төрағалық қызмет атқарды. Тағы да сол жоғарыда аталған шығарма туралы зерттеуші былай дейді: «Тіпті Бекмұрат Уахатовтың кейіпкерлері мен оқиға желісі Шыңғыс Айтматовтың «Даниярдың мектебі» повесіндегі суреттелген бейнелер мен көріністердегі еске түсіреді», – деп тұжырым жасайды, профессор Ә.Ыдырысов.

Сондай-ақ, Бекең драма жанрында да еңбек еткен. Қаламгердің 1955-1967 жылдары әр-түрлі газеттер мен журналдар беттерінде пьесалары жарық көрген еді («Мырза жігіт», «Қош бол», «Түтін», «Мақтаншақ», «Желіккен жеңгей», «Тыңайтқыш», «Шолжың», «Ашынған жандар»). Алайда, қазір бұлар ұмыт қалып отыр.

Сөйтсе тұра, бірден ден қойып зерттегені – фольклор, халық ауыз әдебиеті. «Қазақ фольклористикасы», «Қазақтың халық өлеңдері», М.Әуезовтың 80 жылдығына, Баламер Сахариевтің 50 жылдығына, академик М.Қаратаевтың 70 жылдығына және Захареддин Мухаммед Бабыр, В.В.Радлов туралы зерттеушілік, сүбелі ғылымы еңбектері кезінде баспасөзде жарық көрген болатын.

Жоғарыдағы ойымызды жүйелеп, «тарих-тағылым үшін, тұлға-тағзым үшін қажет», - дейміз. Ендеше, есімі кеңестік заманында ғылыми ортаға мәшһүр болған, ал қазір Кереку өңіріне Бекмұрат Уахатовтың есімі әлі де болса өз жерлестері, зиялы қауым, ғалымдар арасында тиісті дәрежеде лайықты орнын тауып тұрмаған тәрізді. Бұған дәлел, «Кереку-Баян тұлғалары» атты портреттер сериясында және «Рухнама» зерттеу еңбектерінде жерлес фольклорист ғалым есімінің көрінбеуі Ертіс-Қарағайлы өңіріне үлкен реніш туғызады.

Әрине, ірі фольклорист, сыншы, зерделі әдебиетші, драматург Бекмұрат Уахатовтың 70 жылдығына арналып, С.Торайғыров атындағы мемлекеттік университетте, ректор Е.Арынның басшылығымен, сол кездегі проректор А.Нухұлы, кафедра меңгерушісі А.Ф.Зейнуллина, доцент С.Н.Сүтжанов және магистрант Е.К.Рахимовтың ұйымдастыруымен ғылыми-теориялық конференция өткізілген-ді. Мұнда, ғалымның өмірлік және ғылыми жолы еске түсірілді, бірақ өкініштісі, конференция тақырыбы ғалымның ізденістеріне сай келмеді. Өйткені, бұл шара орыс тілді аудиторияда қазақ тілін оқыту мәселесін қарастырып, талдау мақсатымен ұйымдастырылған болатын.

Өз елінде, бұрынғы Қорт ауылында, Лебяжі ауданының әкімдігі және Б.Уахатов атындағы мектеп ұжымы (директор Е:Қ.Дүйсенов) және Мерғалым ауылының тұрғындарының көмегімен 2002 жылдың қыркүйек айында үлкен «ас» беріліп, ғалым мерейтойы өткізілген еді. Орай келгенде айтып кету орынды Ержан Құсманұлы Дүйсенов – Б.Уахатов атындағы мектептің директоры, орыс тілі маманы. Ол өз қаражатымен арнайы Алматыға барып, ғалымның зайыбы Дыбыс Нұрғалиевнамен кездесіп, қаламгердің архивінен мол материал әкелген, ауыл мектебінде ғалымның мұражайын ашқан болатын. Бұл жайлы облыстық теледидардан арнайы хабар да жүргізілген-ді. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» демекші, Мерғалым аулында осындай іс-шара ұйымдастырылғанына ауданнан, облыстан келген қонақтар дән риза болып еді.

Біздің айтайын деп отырғанымыз, көрнекті ғалым сый-құрмет, марапаттан құр алақан емес-ті.

«Сүйсінерлік ұлың болса, сүй оны дегендей», ҚР ҰҒА-ның М.О.Әуезов атындағы әдебиет институты, жора-жолдастары, зерттеуші ғалымдар Бекеңнің қазақ әдебиетіндегі, тарихындағы орнын нақты бағалап берген де болатын.

Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты, профессор Ә.Ыдырысов: «Әуезовке іңкәрлік» атты естелік эссе кітабымның үш тарауындағы жазабаларымды Бекмұрат Уахатов өмірімен байланыстырдым», - дейді.

«Әрине, кітапта Бекмұратпен достығымды көрсетуді алғы кезекке қойған жоқпын. Бірақ, оны «Ұлы Ұстаздың жақсы шәкірті» болғанын көрсетуге тырыстым. Алғы кезекте Мұхтар аға тұлғасы тұрды. Досым соның төңірегінде жүр. Бұл да Уахатовтың осал еместігін көрсетсе керек», - дейді Ә.Ыдырысов.

Міне осы эссенің 101-141 беттері түгелдей Бекеңе арналған. Және де, сол автордың шығаруымен «Дос жайлы азалы сыр», «Таңшолпан» деген үлкен еңбетерінде Б.Уахатовтың ғалымдық, адами келбеті, қасиеті көрінген.

Бекеңнің сүйікті зайыбы Дыбыс Нұрғалиқызы Қазыбекова көп жыл бойы Ұлттық Ғылым академиясының сирек қолжазбалар қорында қызмет еткен. Ол ғалымның бақидан мәңгілікке аттанғанан соң, «Көркемдік ізденістер», «Алтын бастау» деген ғылыми еңбектерін, «Бекмұрат Уахатұлы Уахатов» биобиблиографиялық көрсеткішті баспаға әзірлеп, жарыққа шығарған еді.

Бекең көзі тірісінде көп томдық «Қазақ әдебиеті тарихы» және М.О.Әуезовтың таңдамалы шығармалар жинағын баспаға шығаруға белсене қатысқан еді. «Қазақ әдебиет тарихының» 50 томдық жинағының жобасын жасап кеткен-ді. Ендеше, Бекмұрат Уахатовтың ғылыми еңбектері және оның тікелей редакциясымен шыққан ғылыми еңбектер мен аудармалардың жалпы саны 200-ге жуық. Ал, ғалымның жетекшілігімен 2 докторлық (Н.М.Маллаев. Алишер Навои и народное творчество. Ташкент, 1981 ж.); Р.З.Қыдырбаева. Киргизский героический эпос «Манас»: Генезис. Поэтика. Сказительство. Ташкент, 1982 ж.) және 5 кандидаттық диссертация қорғалған.

Міне, осындай талант иесін кемеліне келіп, бергенінен берері көп шағында мейірімсіз ажал небары 52 жасында халқымыздың арасынан алып кетті. Егер де қазір тірі болса, егеменді еліміздің алқалы әдебиет пен өнер айтыстарында, ғылыми жиындарда «академик» дәрежінде отырар еді.

«Алланың жазуына шара бар ма?». Өкінеміз де, осыған шүкіршілік етеміз. Әттең, кейде өзіміз де қате жібереміз. Мысалға, облыс орталығындағы Бұхар жырау атындағы әдебиет және өнер мұражайында Бекеңнің дүниеден өткен жылы 1984 жылдың орнына, 1987 жыл деп қате көрсетілген. Әрине, бұл мән берілмегендіктен болып тұр.

Аталған мұражай қорында ғалымның «Көркемдік ізденістер» деген еңбегі ғана бар болып шықты. Біз, өз жағымыздан, мұражай қорына ғалымның кітаптарымен ҚР ҰҒА шығарған биобиблиографиялық көрсеткішті сыйладық. Келешектің ісі – мұражайда жерлес-ғалымға арнап бір мүйіс ашу. Алматының қақ төрінде, академик М.О.Әуезовтың мұражай-үйінде оның талантты шәкіртін еске түсіретін мүйіс 70-жылдығына арнап ашылған еді. Сонда, біз, ғалымның туған жерінде бір естелік бұрыш ашуға қолымыз жетпей тұрғаны ма?!..

Ендігі тілегіміз, зерттеуші қаламгердің барлық шығармаларын «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жинастырып, Бекеңнің еңбектері жинақ ретінде баспадан шығарса, нұр үстіне нұр болар еді?!

Бұған әрине Павлодар облыстық Мәдениет департаменті, ғалымдар, зиялы орта ат салысады деген үмітіміз бар. Тіпті, Б.Уахатовтың ғылыми жолы мен шығармашылығы магистерлік, немесе кандидаттық ізденіс тақырыбына әбден лайық. Екіншіден, С.Торайғыров атындағы ПМУ немесе Педагогикалық институт фольклортану мәселелеріне арналған аймақтық, не республикалық ғылыми конференция ұйымдастырса және ғылыми шараны Бекеңнің 75-жылдығына арнаса игі іс болар еді.

Сондай-ақ, өзінің туған ауылы, Мерғалым ауылында, атақты жерлесімізге арнап «ас» берілсе екен. Бұны Лебяжі ауданының әкімшілігі ұйымдастыра алады деп сенеміз. «Ас» ғылыми конференцияның жалғасы деп келтіруге де болар. Ең бастысы – дарынды ғалым, өткір сыншы, ел ағасы Бекеңнің аты ұмытылмаса екен.
Сағынбай Боранбаев

Лингвистикалық гимназияның ұстазы, педагог-филолог

Павлодар қаласы, Кенжекөл кенті

Ернұр Рахимов

С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің аға оқытушысы, тарихшы



Павлодар қаласы

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет