Ғылыми педагогикалық зерттеу әдіснамасы және әдістері
Сұрақтар
Зерттеудің әдістерін таңдау.
Зерттеу әдістемесінің дайындығы ғылыми ізденіс логикасына орай жүргізіледі. Бұл әдістеме өте күрделі де сан қилы қызметтермен байланысты нысан болған білімдену процесін аса жоғары шынайлылықпен зерттеуге мүмкіндік беретін теориялық және эмпирикалық әдістер тобынан құралады. Әдістердің тұтастай бір бөлігін қолдануда назарға алынған проблема жан – жақты айқындалады, оның біршама қырлары мен шектері түгелдей зерттеуден өтеді. Педагогикалық зерттеу әдістерінің әдіснамадан өзгешелігі – бұл педагогикалық құбылыстарды зерттеу, олар жөніндегі ғылыми ақпараттарды жинақтап, заңдылықты байланыстар, қатынастарды анықтау, оның нәтижесінде ғылыми теория қалыптастыру мақсатымен жүргізілетін іс — әрекет жолдары мен тәсілдерінің өзі. Әдістер көп түрлі де сан қилы, бірақ жүйелестіре келгенде, бұлардың бәрі үш топқа ажыралады: 1) педагогикалық тә»жірибені зерттеу әдістері; 2) теориялық зерттеу әдістері, 3) математикалық әдістері.
Педагогикалық тәжірибені зерттеу әдістері – білім беру процесін ұйымдастырудың көз алдымызда қалыптасқан тәжірибесін зерттеудің жолдары. Зерттеуге озат тәжірибе, яғни танымал мұғалімдер мен қатардағы тәлімгерлер қызметтері бірдей алынады. Олардың жұмыстарында кезігетін қиындықтар педагогикалық процесс қайшылықтарымен, пайда болған не енді туындауы мүмкін проблемалармен байланысты келеді. Педагогикалық тәжірибені зерттеу барысында келесідей әдістер қолданылады: бақылау, әңгімелесу, интервью, анкеттеу, оқушылардың жазба, графикалық және шығарма жұмыстарын көзден өткеру, педагогикалық құжаттармен танысу.
2.Ғылыми-педагогикалық зерттеудің әдіснамалық негіздері.
Бақылау – зерттеу барысында дерек материал жинақтау мақсатымен қандай да педагогикалық құбылыстың назарға алынуы. Бақыланған құбылыстар міндетті түрде хатталады. Бақылау нақты нысанмен жете танысуға орай алдын ала белгіленген жоспар бойынша жүргізіледі. Бақылау жұмысы келесі кезеңдерге бөлінеді:міндеттері мен мақсаттарын айқындау;
1) бақыланатын объект, оның элементтерін және ситуацияларын тандастыру;
2) бақылау және оның барысында ақпарат топтастыруға оңтайлы әрі тиімді тәсілдерді іріктеу;
3) байқалғандарды хатқа түсіру формасын ойластыру;
4) жинақталған ақпараттарды өңдеу және дәйектеу.
Бақылау түрлері: араласа бақылау – ізденуші зерттеу жүргізіп жатқан топтың мүшесі ретінде қатысады; сырттай бақылау – зерттеуші ізденіс жұмыстарына тікелей араласпайды; ашық және жасырын бақылау; тұтастай және таңдамала ыбақылау.
Бақылау – орындалуы тұрғысынан ең оңай әдіс, бірақ өзіндік кемшілігі де жоқ емес: көп жағдайларда бақылау барысындағы не соңғы нәтижеге зерттеушінің тұлғалық — әлеуметтік жеке – дара бітістері (көзқарасы, мүддесі, жан толғанысы) ықпал жасап, оның қандай да шынайлылықтан ауытқуына себепші болуы мүмкін.
Сұхбат әдісі – қажетті ақпаратты алу немесе бақылау барысында түсініксіздеу болған құбылыстың мәнін аша түсу мақсатымен дербес не қосымша қолданылатын зерттеу тәсілі. Сұхбат айқындалуы тиіс нақты сұрақтар бойынша күні ілгері түзілген жоспармен орындалады. Әңгімелесу еркін жүргізіліп, сұхбаттас кісінің жауаптары хатталмайды. Сұхбаттасудың екінші бір түрі педагогикаға әлеуметтану саласынан – интервью алу. Бұл әдісте сұрақтар алдын ала түзіліп, бірізділікпен қойылып барады. Интервью жауаптары анық жазылып, хатталады.
Анкеттеу – ауқымды материал жинақтау үшін қолданылады. Сұрақ жауаптары жазба күйінде қабылданады. Сұхбаттасу мен интервью алу бетпе – бет әңгімелесумен жүргізіледі, ал анкеттеу – сырттай орындалады. Аталған әдістердің нәтижелі болуы қойылатын сұрақтардың мазмұны мен құрылымына тәуелді. Сауалнама түзуде ескерілетін жәйттер: 1) алынатын ақпараттың сипатын анықтап алған жөн; 2) қойылатын сұрақтың бірнеше баламалы өрнегі болғаны қажет; 3) сауалнаманың бірнеше жоспары түзіліп, ол алғашқы тексеруден өткізілуі тиіс; 4) сауалнама кемшіліктері түзетіліп, пайдалануға ақырға редакциясының ұсынылуы тиіс.
Құнды материал оқушылардың шығармашылық туындыларын зерттеу әдісімен де алынады. Олар: шәкірттер орындаған жазба, графикалық, шығармашылық және бақылау жұмыстары; балалардың суреттері, сызылмалары, жасалған қосалқы бөлшектер, кейбір пән дәптерлері. Мұндай жұмыстар оқушылардың даралық қабілеттерінен дерек береді, олардың қандай да бір саладағы ептілік және дағды жетістіктерінің деңгейін көрсетеді. Мектеп құжаттарымен танысу әдісін қолдана отырып, оқушының жеке ісі, дәрігерлік карта, күнделік, жиналыс не отырыс хаттамалары және сол секілді мектеп хат – қағаздарымен танысу арқылы зерттеуші оқу – тәрбие, білім игеру процесін ұйымдастыру практикасында нақты қалыптасқан объектив жағдайлар ақпараттармен қаруланады.
Достарыңызбен бөлісу: |